ДомойМедиасын«Кел, татуласайық» ток-шоуы, II бөлім: «Абайлаңыз, балаларға қауіпті!»

«Кел, татуласайық» ток-шоуы, II бөлім: «Абайлаңыз, балаларға қауіпті!»

«Кел, татуласайық» ток-шоуы, II бөлім: «Абайлаңыз, балаларға қауіпті!»

«31 арна» эфирінде бір жылдан бері көрсетіліп келе жатқан «Кел, татуласайық» ток-шоуы бұған дейін де медиасын назарына ілінді. Жыныстық зорлық-зомбылық құрбаны болған 18 жасар Қызғалдақ деген қызды өзін зорлаған адаммен татуластыруға тырысатын шығарылымы қоғамда резонанс тудырды. Оқырмандар наразылық білдірсе, телеарна басшылығы бағдарламаның миссиясын дұрыс түсінбегенін мәлімдеді.

«Жаңа репортер» медиасыншысы әрі осы ток-шоу туралы бірінші мақаланы жазған журналист Назира Дәрімбет жоба авторлары мен жүргізушінің рейтинг қууға балаларды пайдалануы қаншалық этикаға сай екенін талдады.

Бағдарлама кейіпкерлерінің бірі — 41 жастағы Баршынай Сұлтанова жаңбырлы күні телеарна табалдырығын аттып, шарасыз халін баяндайды. Ол редакторға күйеуі өзін «жүргіш әйел» деп атап, үйден қуып жібергенін айтады. Әңгіме арасындағы шағын сюжет көрсетті. Сюжетте кейіпкердің ұлы мен қызының қатқан нан жеп, жылап, көз жасын қайта-қайта сүртетін кадрлары бар. Балалардың бетіп жабуға не бұлыңғыр етуге тырыспағанын айту тіпті артық болар.

Жүргізуші тағдыр тәлкегіне түскен кейіпкерді сансыз сауалдың астына алып, «мұндай жағдайға қалай жеткенін» білу үшін сұрақты жарты сағаттай қарша боратады. Жүргізушінің сұрақтары кейіпкердің көз жасын көл етеді. Сол сәтте студияға балаларын шақырды. Балалардың бетіп жаппай, керісінше бет-жүзін ірі планмен жиі көрсетті.

Жүргізуші мен 8 жасар баланың арасындағы ауыр диалогтан бала жылайды.

— Басқа киімің бар ма?
— Жоқ.
— Үйің қайда, қай жерде тұрасың?
— Таразда, қазір үйіміз жоқ.
— Өз үйіңде тұрғың келе ме?
— Иә.
— Бірақ сендерді қуып жіберді ғой, ол үйде ешкім күтіп отырған жоқ. Әкеңді, ағаңды сағындың ба? Оларды жақсы көресің бе?
— Иә…

Бала жылап, өксіп, жөтел қысса да «экзекуция» жалғаса береді.

— Әкеңе бірдеңе айтасың ба…, оған не дегің келеді… үйге қайтып бару үшін бірдеңе айту керек қой, мүмкін ол енді сенің үйің де емес шығар…

Баланың жанын жараламау керек деген этика студияда ұмыт қалды. Бәлкім, бірнеше жылдан кейін бала өмірінің осы бір кезеңін мүлдем ұмытып, санасынан сызып тастағысы келетін болар. Жоба авторлары мұны ойламаған сияқты. Кейіпкерді балаларымен бірге студияға шақырып, жылатып, жанын жаралайтын сұрақтар қойып, қарапайым этиканы бұзғаны көрініп тұр. Авторлар бағдарлама миссиясына сай «игі ниеттен» көмектескісі келген болар. Әйткенмен «көмектесем» деп зиян тигізбеуді де ұмытпаған жөн. Өйткені бірнеше жылдан кейін не болатыны белгісіз, балалар қазірден ауыр күйзелісті бастан өткерді, оларды дереу психологқа апарған жөн болар.

Айтпақшы, жүргізуші кейіпкерге: «Егер күйеуіңіз қаламаса, бұларды туып не керек, бірінші баладан кейін мұндай күйеуден кетіп қалу керек» деп айтады. Бұл — жәбірленушіні жәбірленгені үшін кінәлау, яғни виктимблейминг.

Ал тағы бір эпизод кейіпкері Жазира күйеуі қайтыс болғаннан кейін кәмелетке толмаған екі қызымен далада қалап, қала шетінде түнеп жүр.

Күйеуінің ұлы әкесі өлген соң оларды қуып жіберген. Кейіпкермен бірнеше минут сұхбаттан кейін студияға қыздары келеді.

Жүргізушінің сұрақтарынан үлкен қыз көзіне жас үйіріліп, жылайды. Ал жүргізуші Тахир Сұлтан мұнымен тоқтамай, кіші қызды сұраққа алады.

— Ағаңа не айтар едің?

Жасына сай болмаса да, кішкентай қыз: «Неге бұлай істедің? Біз бауырмыз ғой?» деп жылайды.

— Тағы не дейсің?, — деп жүргізуші баланы тығырыққа тірей түседі.

Бала көз жасына ерік беріп, ересек адамдар сияқты сөйлеп, қарапайым бақыт — баспанасы болғанынын қалайтынын жылап айтады.

Студияға келген тағы бір кейіпкер Әлима Оспанованың баласы церебральды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан. Ол баласының еміне ақша жеткізе алмайтынын, күнкөрісі нашар екенін айтады. Анасы жағдайын айтып отырғанда, үш жасар бала бір жері ауырды ма әлде мазасы қашты ма, үнемі жылай берді. Жылаған баланың жағдайы бағдарламаны жалғастыруға еш кедергі болмады.

Студияға осындай балалармен жұмыс істейтін мамандар шақырылады. Дәрігер баланың қолын ұстағанда, бөгде адамнан қорыққан бала жылауын үдетеді. Содан кейін жекеменшік клиниканың жарнамасы айтылып (ауру баланы неліктен қинағаны мәлім болғандай), дәрігер баланы емдеп, аяққа тұратынына уәде береді.

Осы шығарылымда ауру баланың ғана емес оның 10 жасар ағасының үйдегі тұрмысын да көрсетті. Ол жылап отырып, інісімен бір күні футбол ойнауды армандайтынын айтады.

Жобаның тағы бір қатысушысы Айнұр Жамалбаеваның ұлы менингит болып, салдарынан есту қабілетінен айырылған. Ота жасалып, эфирден имплантацияланған құрылғыны іс жүзінде көрсетеді. Бала өзін жайсыз сезінетіні анық, өйткені алты ай өтсе де не естімеген, не сөйлемеген. Студияға шақырылған мамандардың сөзінше, әзірге бала тек дыбыстарды естиді және соған үйреніп, ажыратуға уақыт керек екен. Бірақ соған қарамастан жүргізуші баланың атын бірнеше рет атап, «мені естисің бе?» деп сұрап, итін шақырған қожайынға ұқсап кетеді.

Алдыңғы шығарылымдарда бала анасымен танысатын видео жобаның YouTube каналында «Ергежейлі қыз: «байсыз бала тудым» деген тақырыппен мен-мұндалап тұр. Жүргізуші әйелді кемсітіп, этикаға жат сұрақтар қояды: «Сіздің бойыңызды айтам, тұқым қуа ма, ол генетикалық ауру ма?», «Сіз негізі бойыңызға байланысты қысылып жүресіз бе?», «Маған сіздің жеке өміріңіз қызық боп тұр, семьяңыз бар ма?»…

Әйелдің ұлы есейгенде видеоны көріп, ток-шоу авторларына да, анасына да алғыс айтуы екіталай… Бұл енді басқа оқиға.

Балалардың еркінен тыс ток-шоу кейіпкері болғанына бірінші кезекте ата-анасын кінәлауға болады. Десе де олар қарапайым адамдар. Қиын жағдайға тап болғанда әрекетінің салдарын, балаларына қандай ауыртпашылық әкелетінін ойламай, не ұмыт қалдыруы мүмкін. Олар журналистік этика, мораль туралы ешқашан естімеген болар. Ал мұның барлығын ең әуелі журналист-әріптестеріміз ойлауы керек.

Назира Даримбет
Назира Даримбет
Назира Даримбет работает в журналистике более 15 лет, в основном в независимых медиа. Была главным редактором газеты «Азат», редактором отдела политики и социума в медиапроекте «Республика», обозревателем Ratel.kz, редактором казахоязычной версии сайта. Специализируется на социально-политических темах. Пишет на русском и казахском языках. Сейчас пишет для Total.kz обзоры казахскоязычных СМИ. Обозреватель портала KZ.MEDIA.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР