«Ең алғашқы…» сұхбат бағдарламасы «Еуразия бірінші арнасында» былтыр күзден бастап көрерменге жол тартты. Бір жылға жуық уақыт әр сенбі кешкісін эфирден көрсетіліп, теларнаның ресми YouTube-арнасында және бағдарлама авторы Аман Тасығанның Aman Tasygan Live каналында жарияланады. Автордың каналында шығарылымның тақырыбы өзгертіледі. Бағдарламаның бірнеше санын көріп, студияға әнші, актер, продюсер, спортшылар мен саясаттанушылар көбірек шақырылғанын аңғардық.
Телеарна сайтында жоба сипаттамасына: «Ең алғашқы…» бағдарламасының өзге жобалардан ерекшелігі — саясат, өнер, спорт, тағы басқа салаларда жүрген тұлғалардың өткеніне саяхат жасап, жетістіктері мен әттеген-ай деген сәттері көрсетіледі. Белгілі журналист Аман Тасыған кейіпкерлердің жылдар бойы жасырып келген құпияларын ашпақ» деп жазылған екен.
Ал Aman Tasygan Live Youtube-арнасында басқаша жазылған:
«Елімізге еңбегі сіңген танымал адамдардың алғашқы қадамдарын қамтитын „Ең алғашқы…“ жобасы. Бағдарлама барысында:
— Студияда кейіпкерге бейнематериал жасырылған беймәлім ұяшықтар таңдауға ұсынылады. Таңдалған тақырыпқа қатысты кейіпкер өз өміріне қатысты оқиғаларымен бөліседі;
— Репортер кейіпкердің ең алғашқы үйі, мектебі, махаббаты, жұмысы, жетістігі мен жеңілісі және т. б қадамдарына қатысты бейнематериал дайындайды. Сол арқылы кейіпкердің тіпті өзі ұмытып қалған сәттерін еске түсіреміз;
— Кейіпкердің өмірінде маңызы бар қонақ студияға келеді. Бірақ ол жайлы кейіпкер білмейді;
— Бағдарлама соңында кейіпкер алғаш рет бір әрекет жасайды және өмірден түйгенімен көпшілікпен бөліседі;»
Жоба «Ең алғашқы…» деп аталып, мазмұны да кейіпкердің алғаш жасаған істерімен байланысты болады. Кейіпкер көбіне-көп бала күндері мен жастық шағынан сыр шертеді. Өміріндегі мұңлы, әсерлі сәттерін баяндайды.
Бағдарлама басталғанда кейіпкерге бес түсті ұяшық ұсынылады. Әр ұяшық ашылғанда кейіпкердің де бір құпиясын ашу жоспарланған. Әйткенмен кейіпкер қай түсті таңдаса да ең бірінші балалық шақтағы оқиғаларын еске түсіру басталады.
Мысалы, Әміржан Қосанов ең әуелі «көк», Бақтияр Артаев «жасыл», Гүлзира Айдарбекова «сары» түсті ұяшықты таңдаса да әңгіме бала күндердің оқиғасына арналды.
Әрбір ұяшыққа бір сұрақ немесе сөз тіркесі жасырынған. Бұл кейіпкерді ойландырып, өткен оқиғаларды еске түсіру үшін жасалған қадам іспетті. Әйтсе де бұл қадам үнемі сәтті бола бермейді.
Тележүргізуші, сенатор Дана Нұржігіт қатысқан шығарылымда жұмбақ сөздің бірі «Кім таңдады?» деген сұрақ болды. Дана Нұржігіт бұл сауалға жеке өмірімен байланысты жауап береді. Ал Аман Тасыған осы сауалдың астарында Дана Нұржігіттің сенатор болып тағайындалуы меңзелгенін айтты.
Дана Нұржігітте ешкім де сенатор етіп таңдамады, оны Президент тағайындады. Саяси мәселеде көрерменді адастырмау үшін «таңдау» мен «тағайындауды» шатастырмаған жөн.
Ақын Жүрсін Ерман қатысқан шығарылымда «Бақ пен сор» деген жұмбақ жасырылған сөз беріліп, айтыста жүлдеге тігілген көліктер жайында әңгіме өрбиді. Бұл — Жүрсін ақынның «бағы ма әлде соры ма»? Бағдарлама сценаристері нені меңзегісі келді?
Тағы бір жұмбақ сөз — «Қарызды қайтар». Сюжетте сұхбат берген ақындар Жүрсін Ерман мен оған қарызын бермеген адам туралы қызық оқиға айтып, одан әрі сюжет Жүрсін Ерман жөнінде басқа да оқиғаларға ауысады. «Бірді айтып бірге кеткендей» әсер қалды.
Продюсер Гүлзира Айдрбековамен болған сұхбаттағы жұмбақтың бірі — «Бекерге қырылдым» (дұрысы — «бекер қырылдым» болуы керек — авт.) деген сөйлем. Жүргізуші Аман Тасыған ұяшықта жасырылған сөз тіркестері кейіпкердің ұлы Қайрат Нұртастың репертуарындағы әндерінен алынғанын айтып қалды. Эфирде тым оспадар сөз қолданылды. Бір жағынан кейіпкер өміріндегі жағымсыз жайттарды артық қазбалау болып кетті. Сюжетте Гүлзира Айдарбекованың ет комбинатында жұмыс істеп жүріп ет ұрлап ұсталғаны, айыппұл төлегені айтылады. Гүлзира Айдарбекова жастық шағындағы осы оқиғаны еске алып, ақтала жауап бергендей көрінеді.
Аман Тасыған сұхбат барысын Гүлзира Айдарбекованың жоғары білімі жөнінде сұрақтарға бұрып, «Яғни, Гүлзира ханымның жоғары білімі жоқ?» деп нақтылай түседі. Осылайша, кімнің «Бекерге қырылғанын» көрермен ұмытып та кетеді. Мұның орнына авторлар кейіпкердің осал жерін тауып, соны жарияға жар сала айтып, көрерменге «тосын сый» ұсынуға ден қояды.
Айгүл Қосанова қатысқан шығарылымда 5 ұяшықтың бәрі ашылып, «сұхбат ақталды-ау» деген сәтте, Аман Тасыған әнші өміріндегі тағы бір қайғылы оқиғаны еске алады. Тағы бір дейтініміз, бұған дейін Айгұл Қосановаға марқұм әкесі жайлы сұрақтар қойылып, әнші қайтыс болған әкесін есіне алып, жылап алды. Бағдарлама сценаристері кейіпкер өміріндегі қайғылы сәттерге көрерменді эмоциялық манипуляцияда ұстау мүмкіндігі деп қарайтындай. Әншінің тұңғышы өмірден өткені туралы арнайы сюжет әзірленіп, әншінің күйеуі бұл туралы егжей-тегжейлі баяндайды. Ал студияда жүргізуші Айгүл Қосановадан осы оқиға жөнінде тағы тәпіштеп сұрайды. Әнші көзіне жас алып, егіле жауап берді. Эмоциялық үзілістер, кейіпкердің жасын сүртуі сияқты детальдар мейлінше көп қолданылған.
Бағдарламада кейбір кейіпкерлердің «ең алғашқы» махаббаты жайлы да сөз айтылды. 17 жасында үйленген Жүрсін Ерманның 4-5 сыныптағы балаң сезімі жайлы айту көрерменге қызық болмаса керек.
Ал Гүлзира Айдарбекованың алғашқы махаббатын еске алуы хабардың деңгейін түсіргені болмаса, қызықты етпеді. Жүргізішу Аман Тасыған актер Берік Тұрсынбековке «алғаш қанша жасыңызда ғашық болдыңыз» деген сұрақ қойып, «3-4-5 жаста ма екен» деп жауап алды.
Хабардың тартымды тұсы — кейіпкер өмірінде орны бар, көптен бері көріспеген адамның студияға келуі.
Әміржан Қосанов, Дана Нұржігіт қатысқан хабарларда студияға келген қонақ сұхбатты қызықты ете түсті. Әйтсе де бағдарламаның барлық шығарылыманы қонақ келе бермейді. Жалпы осы аталған екі шығарылымы және Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев қатысқан шығарылымда кейіпкер өмірін артық қазбаламады. Сондықтан да болар жып-жылы сұхбат, тартымды хабар шыққан.
Әр кейіпкердің өмірі туралы ізденіп, бір адамның өмірінен бес түрлі сюжет әзірлеу және студияда дәл сол кейіпкермен бір сағаттай сұхбаттасу да оңай емес. Шығармашылық ұжымның еңбегін атап өтуге болады.
Кейіпкер өмірінен сыр шерткенде кейбір ұсақ-түйек детальдарды қуалап, қазбалау — арзан әрі жөнсіз хайпқа ұмтылыс сияқты көрінеді. Сұхбатта көрерменіне пайдасы аз маңызсыз деректер жиі айтылып, аудиторияны экран алдында ұстауға арналған қандай эмоционалды тетіктерді көп пайдалану да сұхбат салмағын азайтып, мағынасын сұйылтады. Сондықтан да есімі елге белгілі әрі көпке сыйлы кейіпкерлерді шақырғанда пендешілігі мен азаматтығынан бөлек, елдегі ахуал, өзекті мәселелер жөнінде пікірін сұрап, айтқыза білсе, бағдарлама мазмұнды да салиқалы сипат алар еді. Көпшілікке арналған контент дайындағанда «бұл көрерменге не береді» деген сауалдың жауабын бағамдап, соған бағыт алған дұрыс-ақ.