Газет сататын орындардан бейсенбі сайын сол жақ қапталында нәзік қызғылт реңді тік бағаны бар жұқа басылымды көруге болады. Бұл – Қазақстанда қазақ және орыс тілдерінде шығатын жалғыз оппозициялық апталық. Біз «DAT | общественная позиция» республикалық қоғамдық-саяси газетінің ерекшеліктерін түсіну үшін мазмұнына шолу-сипаттама жасадық.
Редакцияның мәліметінше, 2022 жылы жазылушылар саны 7-10 мыңға жетпесе, газет жабылып қалуы мүмкін. 2021 жылдың аяғында мерзімді басылымға жазылғандар саны редакция көздегеннен екі есе аз болған. Бір жылға жазылу бағасы азаматтардың тұрғылықты елдімекеніне қарай 4 460 – 4 666 теңге аралығында. Басылымның тиражы – 12 мың дана.
2021 жылғы 25 қарашадан 2022 жылғы 27 қаңтарға дейінгі уақыт аралығында газеттің жеті саны шықты. Бұл 2 ай мерзім – Қаңтар оқиғасына дейінгі және одан кейінгі кезең. Әр нөмірінде қазақ-орыс тілдерінде шамамен 20-ға жуық материал (кейде 20-дан астам) жарияланады. Басқа ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден алынған хабарламалар редакция ұстанымына қарай интерпретацияланады. Ішкі саясат пен оппозицияға қатысты нақты бір тақырыпқа құрылатын тұрақты «Датворд» бірегей сөзжұмбағы бар.
Назарбаевсыздандыру – о бастан негізгі идея
Қаңтар көтерілісінен кейін Қазақстандағы медиада Нұрсұлтан Назарбаев құрған саяси жүйені өзгерту мәселесі жаппай айтыла бастады. DAT үшін қоғамдық-саяси реформалар мен азаматтық белсенділік – бұрыннан негізгі тақырып. Авторлардың тәуелсіздікті, адам құқығы мен сөз бостандығын қорғау, билікке ғана қолайлы заңдарға қарсы шығып, авторитар жүйені күйрету, халыққа мемлекеттік-әлеуметтік игілікті тең бөлу туралы материалдары – баспасөздегі бірегей контент.
2021 жылы 1 желтоқсанда басылымда «Елбасыны» кетірмей, ештеңе өзгермейді!» деген мақала жарияланды. Бұл – қарашаның аяғында Алматыда өткен Халық құрылтайында қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы жасаған «Назарбаевтық жүйені күресінге лақтырайық!» деп аталған баяндаманың ықшам нұсқасы. Автор азаматтарды ел президенті мен биліктің басқа да өкілдеріне бірнеше талап қоюға үндейді. Олар – Конституцияны және демократия принциптеріне сай келмейтін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу туралы», «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – елбасы туралы» деп аталатын заңдарды өзгерту, үкіметті таратып, оның орнына халық сенім білдірген мемлекеттік қызметшілерді әкелу. Осының ішінде баяндамашы тұңғыш президентке айрықша саяси-құқықтық мәртебе беретін заңды, ондағы «Қазақстан халқының бірлігін, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен елбасы» деген анықтаманы қатаң сынайды.
«Конституцияны қорғағаны сол ма – жеке басының, отбасының мүддесі, алжып кетсе де, мәнсаптан айырылмаудың қамы үшін оған қырық жамау салғызды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткені соншалықты – сөз бостандығы мәселесі жөнінде Қазақстан диктаторлық Солтүстік Корея, Қытай, Түрікмения сияқты елдердің қатарына қосылған. Ал саяси қарсыластарына қастандық жасатып, өмірлерін қиғаны, қудалау, соттау арқылы шетел асырғаны, бас бостандықтарынан айырғаны, жазықсыз жазалағаны – қорған болғандығының кейпі ме? Жаңаөзен мен Шетпедегі бейбіт адамдарды атқызып, 17 адамның қаза тапқаны (ресми дерек – ред.), жүздеген адамның жарақаттанып, мүгедек болғаны, лайықты жалақысын талап етушілерді осылайша жазалау да «адамның құқығын қорғағандық» бола ма?» – деп жазған автор («Елбасыны» кетірмей, ештеңе өзгермейді!», 1 желтоқсан, 2021 жыл).
Мақалада Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрын істеген қатесін түзеуіне және парламент пен үкіметті таратып, жаңа жүйе жасауына мүмкіндік беру керек пе, әлде жүйені президентімен қосып түгел құлату керек пе – қоғам соны шешіп алуы керек екені айтылған.
Газет Халық құрылтайының түйінін: «Бірінші кезекте Конституцияны бастапқы қалпына келтіруді, заңдарды оңдауды талап етеміз. Көнбесе, обалдары өздеріне, жүздеген мың адамның бейбіт митингісі дегеніне жетеді!» – деп хабарлаған («Халық құрылтайының халыққа үндеуі», 1 желтоқсан, 2021 жыл).
Назарбаев қалыптастырған режиммен ымырасыз күрес идеясының газет материалдарының қай-қайсына да я тікелей, я жанама қатысы бар. Ол түсінікті, басылым авторларының тұжырымынша, Қазақстан қоғамын алаңдататын негізгі проблемалардың төркіні өзгермей келе жатқан саяси биліктің демократияға қайшы ұстанымдарына, жемқорлыққа не экономикалық непотизмге тіреледі.
Редакцияның «әдеттегі» мазмұнының фонында «Что означает атака на Назарбаева в канун юбилея независимости?» (9 желтоқсан, 2021 жыл) деген материалға бөлек тоқталуға болады. Бұл содан бірер күн бұрын Lenta.ru жариялаған «Эти люди знают, чего хотят». Какими богатствами владеет семья Нурсултана Назарбаева?» деген мақалаға қатысты. DAT материалында саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың пікірі берілген, ол Ресейдің ресми билік ырқындағы ақпарат құралдары бұрын-соңды Назарбаевтардың дәулеті мен бұл әулет төңірегіндегі жанжалдар туралы жазбағанын, мұндай мақала тегіннен тегін жарияланбайтынын айтқан. Бұған автор Ермұрат Бапи «Бұл – Путин идеологтарының сүйікті әрі үйреншікті тактикасы» деген ойын қосып, кезінде Ресей телеарналарының шабуылынан кейін өз халқынан сірә да қолдау таппайтын Беларусь президенті Мәскеумен одақтастық шартқа қол қоюға мәжбүр болғанын еске салады. Газеттегі тағы бір материалдың авторы бұл жөнінде «Lenta.ru Қазақстан билігі өкілдерінің қазынадан ұрлаған капиталына 20 жыл кешігіп көңіл бөлді» деп әжуалады («Секрет полишинеля или Проблема выбора», 9 желтоқсан, 2021 жыл).
Қаңтар оқиғасынан кейін шыққан нөмірлерде халықтың жаппай ашынуына себепкер болған Назарбаевты жауапқа тарту және Тоқаевтан бейбіт адамдардың қазасын әділ тергеуді талап ету туралы айтылған («Он должен дожить до суда!», 20 қаңтар, 2022 жыл, «Балташ Тұрсымбаев: Әділет орнау үшін Назарбаевтың байлығы халыққа қайтуы керек», 20 қаңтар, 2022 жыл, «Біз Тоқаевқа сенбейміз!», 20 қаңтар, 2022 жыл, «Сайлау Лепесов, желтоқсаншы: Алаңда атылған оқтан көз алдымда екі жігіт өлді…», 20 қаңтар, 2022 жыл, «Казбек Бейсебаев: Токаев выводит из-под удара назарбаевские кадры», 20 қаңтар, 2022 жыл).
Қытай мен Ресей стратегиясына қарсы риторика
Газетте Ресейдің Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу бастамасына және Қазақстан үкіметі мен «Сбербанк России» арасындағы мемлекеттік басқаруды цифрландыру туралы келісімге қарсы бірнеше мақала жарияланған. Авторлар үкіметтің бұл екі қадамын да «тәуелсіздіктен бас тарту және наразылық отымен ойнау», әсіресе, ядро энергетикасы нысанын салу қоршаған орта мен халық денсаулығын ойлаудың орнына «Ресейдің көңілінен шығуға тырысатын құлдық психология» деп есептейді («Власти переходят красную линию», 25 қараша, 2021 жыл, «Рысбек Сәрсенбайұлы: Шаршаған, шашыраған қоғам есін жимаса, етегіне шалынып құлайды», 25 қараша, 2021 жыл, «Ресей бізге дос емес!», 1 желтоқсан, 2021 жыл, «АЭС салу – ажалға бару!», 23 желтоқсан, 2021 жыл).
Жалпы, Ресеймен және Қытаймен арадағы қазіргі қарым-қатынасымыз – DAT-тағы екінші іргелі тақырып. Қаржыгер Нұртаза Қадырниязов Қазақстанға Қытай мен Ресейдің ықпалы, олардың экономикадағы экспансиясының салдары, ауыл шаруашылығы мен қаржы-банк саласының құлдырауы және демографиядағы тоқырау қауіп төндіріп отырғанын айтқан («Елге төнген 5 қатер – одан құтылу үшін не істеу керек?», 1 желтоқсан, 2021 жыл). Жазушы, публицист Марат Тоқашбаев Ресей президентінің саясаты Қазақстан қоғамының дамуына едәуір кері әсер етіп отырғанын жазды («Ресей экспансиясы – елеулі қатер», 1 желтоқсан, 2021 жыл). Саясаткер Уәлихан Қайсаров ел экономикасының негізгі секторларында Қытай компанияларының көбеюіне алаңдайды («Как нам быть с Китаем?», 1 желтоқсан, 2021 жыл). Тағы бір материалда Халық құрылтайында Қытаймен арада жасалған келісімшарттарды жариялау, оларды тәуелсіз сарапшылардың талдауынан өткізу, тиімсіз әрі қоршаған ортаға зияны бар шарттарды қайта қарау талап етілгені жазылған («Қытайдан қайтсек құтыламыз?», 1 желтоқсан, 2021 жыл).
Редакция Қытай мен Ресей саясаты және қазақ тілінің жайы туралы айтып жүрген Қазақстан азаматтарының бір тобы қудаланғанына наразылық білдірген материал да жариялаған («Тәуелсіздіктің жақтастары түрмеде отыр», 15 желтоқсан, 2021 жыл). Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесіне қарсы шыққаны үшін жауапқа тартылған белсенді Марғұлан Боранбай газет ұжымы өткізген сауалнама бойынша «Жыл тұтқыны» атанған. Қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуші блогер, қылмыстық қудалаудан қауіптеніп, елден кеткен Қуат Ахметов – «Жыл жанашыры», «Ресеймен шекаралас өңірлерге оңтүстік қазақтарын көшіруге атсалысқаны үшін» белсенді Бурахан Дақанов – «Жыл көшбасшысы», «Қытай озбырлығына ұшыраған қазақтар мәселесін көтерген» Серікжан Біләш «Жыл қайсары» деп танылған. DAT оқырманы «Жыл адамы» атағына Арман Шораев лайық деп есептеген, ол газет тілшісімен сұхбатында Ресеймен ортақ цифр платформасын жасау туралы мәмілеге келген сол кездегі премьер-министр Асқар Мамин мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді «Отанына опасыздық жасағандар» деп атады («Арман Шораев: Прежде всего я журналист, который имеет право излагать свои мысли», 23 желтоқсан, 2021 жыл).
Еркін сөз, өткір тіл және… өшпенділік
DAT журналистиканың негізгі принципі – сөз болып отырған көзқарасқа кереғар жауап іздеуден әлдеқашан әдейі бас тартқан. Басылымның бас редакторының айтуынша, соттан, басқа да қысымнан аман қалған жалғыз оппозициялық газеттің пікір жариялағанда биліктің себеп-уәжіне назар аудармауы орынды. Бұл – үкіметке наразы қоғам мүшелерінің еркін сөйлеуіне жағдай жасайтын баспасөз, ол мемлекет саясатын қолдамайтын, оны сынайтын кез келген материалға ашық.
Сол себепті DAT оқырманы авторлардың президентке, парламентке, үкіметке не нақты бір шенеунікке бағытталған ұсыныс-талабы қаншалық рационал, қисынды екенін өзі ажырата алуы қажет болады. Айталық, мақала иелерінің бірі «Қазақстан Конституциясында ислам мемлекеттік дін ретінде көрсетілуі керек» екенін талап еткен («Дін туралы толыққанды заң қажет!», 25 қараша, 2021 жыл). Соңғы бетте жазылып тұратын «Авторлар пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді» деген ескерту бұл жолы жай ғана әмбебап дисклеймер емес екенін ұғу керек. Бұл материалдың қасында Софы Сматаевтың билік өкілдеріне бағыттап жазған ренішті хаты оқырманның ақпаратқа талғамына айтарлықтай кері әсер ете қоймайтын сияқты. Жазушы өзіне кезінде Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын, кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Отан» орденін уәде етіп алып, бермей қойғанын ашына жазған («Жылтырақты жыртықтарыңа жамаңдар!», 15 желтоқсан, 2021 жыл).
Цензурасыз мінберден зиян жоқ, бірақ субъективизм басым болып, медиадағы этика белгілейтін нәзік шекараның жойылуы тағы бір проблеманы туғызған – өшпенділік тілі. DAT мазмұнында жеккөрінішті білдіретін, әлденеге жағымсыз сипаттама беретін, агрессияға жетелейтін тіл элементі көп.
Жеккөрініш тілі | Мысал алынған мақаланың атауы мен жарияланған уақыты |
«Себебі – орысқұл билік қазақ халқының санын «өсірмей», оны тұқыртып ұстаудың барлық айла-шарғысын жасайтын сияқты». | «Қазақтың саны неліктен азайып қалды?», 25 қараша, 2021 жыл |
«Қазақтың бір-біріне мынадай кәпірлігін көрмей-ақ, одан да отаршылдар түрмесінде өліп кеткенім дұрыс еді…» | «Хасен Қожа-Ахмет: Одан да отаршылдар түрмесінде өліп кеткенім дұрыс еді…», 9 желтоқсан, 2021 жыл |
«Ана тілімізді мазақ еткендей, соңғы 20 жылда оның «тағдырын шешуді» бастауыш мектепті де бітірмеген «білімі бар» (Шәмші Қалдаяқовтың айтуынша, «человек с двухклассным образованием») «нахалға» тапсырды емес пе?!» | «Хасен Қожа-Ахмет: Одан да отаршылдар түрмесінде өліп кеткенім дұрыс еді…», 9 желтоқсан, 2021 жыл |
«Қазақтың ұлттық намысын қорғап, ресейлік шовинистер мен «мақтабас» мәңгүрттерге әлеуметтік желілер арқылы тойтарыс берген ұлтшыл-патриот Марғұлан Боранбайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, 11 айдан бері Алматы қаласының абақтысында отыр». | «Жыл тұтқыны – Марғұлан Боранбай», 23 желтоқсан, 2021 жыл |
«Раушан Рау отвечает («Фейсбук») на сакральный для ватников вопрос: кто такие ватники?» | «Кто вы – ватники?», 23 желтоқсан, 2021 жыл |
Өшпенділік тілін «паш ету» жағынан ақын, публицист Светқали Нұржанның газеттің екі бетін алатын ой-толғамы дараланды. Пасквиль жанрына келетін материалда автор бастан-аяқ спецификасы бар лексиканы қолданады. Негізгі кейіпкер – Нұрсұлтан Назарбаевты «назарбаев», «НӘН», «ҢӨҢ», «бейбақ», «құзғын», «құл», «құбыжық», «күл-күмірә пенде», «вор-салтан» деген сөздермен және оның жеке басын, тегін, ұрпағын қорлайтын басқа да дисфемизмдермен атап, жиіркеніш туғызатын эпитеттермен сипаттайды. Публицист өзі ойлап тапқан атаудың «халыққа ұнағанын» қайта-қайта еске салып отырады. Кей сөзді түгел бас әріппен, бір топ саясаткердің фамилиясын кіші әріппен жазып шыққан. Мақалада бірінші президент төңірегінде болған адамдар да ғадауаттан құр қалмаған: «нәгүмән «нұротандықтар», «әйлеңкес «ассамблеяшылар», «жұтықы жемтіктестер», «сүтікі сыбайластар», «қазақтанбезген кісәпірлер», «ығайласқан-сыбайласқан құлғаналар», «ақырзамани алаяқтар», «мақұрым мақұлқаттар», «жең ұшынан жалғасқан жанбаққылар», «сайтансақалдар», «арамсідіктер», «дін атын жамылған жаһаннами қанішерлер», «сілімтік салафиттер», «тентіреген телімсектер», «қаңғыған келімсектер», «арамзадалар», «үкібай-сүкібайлар», «ворлар», «құл саналы ұл», «күл-шалалы қыз», тағы сол сияқты («Назарбаев болудағы мақсат не?», 27 қаңтар, 2022 жыл).
Автор қоғам үшін жеккөрінішті тақырыпты қозғаймын, жамандықты келемеждеймін деп, өзі де адам құқығынан, этикадан, заңнан, қарапайым адамдықтан бір-ақ аттаған. Мұндай публицистиканың ізгілікті молайтпай, керісінше, агрессияны, жағымсыз эмоция мен уытты ойды одан әрі өршіткеннен басқа пайдасы жоғын ескермегені өкінішті. Мақаласында Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзін келтірсе де, кейіпкеріне «қазақ жерінде орын жоқ» екенін мәлімдейді.
Жазғанымызды қорытсақ, 1998 жылдан бері шығып келе жатқан DAT газеті өзінің атауына сай дат құқығын пайдаланып отыр. Әкімшілік ресурс пен мемлекеттік тапсырыс сөз бостандығын тұсаулап тұрғанда, қоғамда әлеуметтік-экономикалық қыжыл көбейгенде, оппозицияның, билік ұстанымдарына келіспейтін азаматтардың наразылығына басқа кім құлақ асады?! Дегенмен еркін мінбер кейде оқырманға объективтігі әркелкі ақпарат ұсынады. Журналистика талабына сай екшелмегеннен мәтіндерде өшпенділік тілі де көбейіп кетеді.