ДомойМедиасынAMANAT партиясы, Украинадағы соғыс, Ресейге санкциялар, эвакуация: 28 ақпан – 3 наурыздағы...

AMANAT партиясы, Украинадағы соғыс, Ресейге санкциялар, эвакуация: 28 ақпан – 3 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

AMANAT партиясы, Украинадағы соғыс, Ресейге санкциялар, эвакуация: 28 ақпан – 3 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі болды. Партияның атауы ғана емес, құрылымын өзгертуге талпыныс жасалып жатқаны айтылды. Сарапшылар, депутаттар пікір білдірді. Сондай-ақ, аптаны қорытындылайтын бағдарламалар Украина-Ресей арасындағы жағдайға да арнайы сюжет арнапты. «Айна» бағдарламасы Запорожец АЭС-нің айналасындағы қарулы қақтығыс, Харьков қаласының бомбалануы, Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөз барысы туралы екі тараптың ресми өкілдерінің пікірін келтіре отырып, бейтарап баяндады. «Жеті күн» Ресей мен Украина қақтығысының ел экономикасына тигізетін әсері мен оны жеңілдету үшін үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Ал Apta Украинадағы қазақстандықтарды елге жеткізу туралы егжей-тегжейлі көрсетті. 

 «Хабар», «Жеті күн» 

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс сьезі «Жеті күн» ұсынған алғашқы сюжетке арқау болды. «Саяси ребрендинг» аталатын материалды Гүлжан Мархабаева әзірледі. Әдеттегідей ұзақ болды. Президенттің сөйлеген сөзінен үзінділер берілді. Партияның атауы ғана емес, құрылымын өзгертуге талпыныс жасалып жатқаны айтылды. Депутаттардың сұхбат беруден қашатыны, партия құрамына мансап іздегендер емес, елге қызмет ететіндер тартылу керектігі сөз болды. Сарапшылар, депутаттар пікір білдірді. 

Алайда, «AMANAT» партиясы туралы баяндау мұнымен бітпеді. Бұдан әрі «Жеті күн» партияның атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың  Алматыға сапары туралы ұзақ баяндады. Мұнымен қоса, Сәкен Сейітханұлының Асхат Ораловпен эксклюзив сұхбаты берілді. Сұхбат барысында атқарушы хатшы алғашқы сюжетте айтылған мәселелерге қатысты кеңірек ақпарат берді.  Сонымен қатар, Асхат Ораловқа «Жас Отан» жастар қанатының атауы қалай өзгеретіні туралы сұрақ қойды. Осылайша, бағдарламаның 20-минутына дейін мемлекеттік «Хабар» арнасы, билік партиясының меншігіне өткендей күй кештік. 

«Оттың ортасында қалған отандастарымызҚазақстанға орала бастады» деген Дархан Әбдіуахит Украинадан қазақстандықтарды қайтару жұмысы туралы сюжетке кезек берді. Отандастарды қақтығыс аймағынан қайтару ісіндегі елшіліктің еңбегіне кеңінен тоқталған сюжетте сарапшылар пікір білдіріп, жұмыс барысы жайлы елші Дархан Калетаев сұхбат беріпті. 

2 наурызда Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне өткеніне 30 жыл толады. Осыған қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған твитін айтып өткен жүргізуші апта ішінде Президент қатысқан жиындарға шолу жасаған сюжетке кезек берді. 

Ресей-Украина қақтығысының ел экномикасына тигізетін әсері мен оны жеңілдету үшін үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралар «Қолдау мен қорғау» аталатын сюжетте талданды. Көптеген сарапшының пікірімен қоса, вице-премьер Ералы Тоғжановтың сұхбатынан үзінді берілді. Сарапшылар тығырықтан шығудың жолы, үкімет пен Ұлттық банк қабылдап жатқан шаралардың жағдайды жеңілдетуге ықпалы жайында айтты. Ақпараты мол сюжет. 

Қорған Қонысбайұлы әзірлеген келесі материалда қаңтар оқиғасынан кейінгі тергеу барысы туралы Ішкі істер органдарының есебіне қоса, Президентің «ескертусіз оқ ату» бұйрығына қатысты Мәжіліс спикерінің түсіндірмесін, Мемлекеттік хатшы сұхбатынан үзінді берілді. Сондай-ақ, «Хабар» арнасы осы оқиғаға байланысты екі деректі фильм ұсынғанын, тағы бір репортаж дайындалып жатқанын айтып өтті. 

«Жеті күн»  және «Айна» бағдарламасы да қаңтар дүрбелеңі кезінде антына адал болған, қызметтік міндетін адал атқарған әскерилер туралы сюжет әзірлепті. «Жеті күн» әзірлеген сюжет «Антқа адалдық» деп аталады. 

«Stop fake» айдарының екінші шығарылымы Украинадағы жағдайға байланысты елімізде тараған жалған жаңалықтарға арналды.  Талғатбек Әбдіқожа желіде кең тараған бірнеше ақпаратты мысалға алып, оның жалған екенін мәлімдеді. Алайда, factcheck стандартына сәйкес, ақпаратты терістеуге дәлел болатын бір де бір құжат келтірмеді. Талпыныс жақсы, дегенмен,  фактілерді тексерудің қалыптасқан әдістемесі бар екенін ескерсек, тілші соған көбірек назар аударып, дәлел болатын құжаттың скринін, мамандардың пікірін қосуды ескеруі тиіс. 

1 наурыз – «Алғыс айту күніне» орайластырылған сюжетті Ақбөпе Тәңірберген әзірлепті. Сюжет кейіпкерлері – өткен ғасырдың отызыншы жылдарында елімізге күшпен әкелінген ұлт өкілдері мен ұрпақтары.   

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы» 

«Айна» бағдарламасының басты тақырыбы Ресей мен Украина қақтығысы болды. Запорожец АЭС-нің айналасындағы қарулы қақтығыс, Харьков қаласының бомбалануы, Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөз барысы, екі тараптың ресми өкілдерінің пікірін келтіре отырып, бейтарап баяндалыпты. Сюжетті әзірлеген Бейбіт Дүйсенбай. 

«Ең соңғы азаматымыз қақтығыс аймағынан тайып тұрғанша…». Бағдарлама жүргізушісі Ғалым Кәлменнің бұлайша сөз саптауы дөрекілеу естілді. Әңгіме Украина жеріндегі Қазақстан азаматтарын елге қайтару турасында. «Елге апарар жол» аталатын сюжетті Берік Дүйсенбай әзірлеген, қақтығыс аймағынан шығарылған азаматтарды сөзге тартып, олардың  басындағы жағдайды баяндай отырып даярланған тиянақты сюжет. 

«Шалғайдағы қақтығыстың әсері». Махамбет Бейбітшілік әзірлеген сюжетте Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына әсері туралы айтылады. Құрылыс компаниялары жаңа салынып жатқан пәтерлердің бағасын көтеруі мүмкін, себебі құрылыс заттарының көбі – импорт тауарлар. Ресейге салынған санкцияларға байланысты экономика драйвері – мұнайды сату да қиындауы мүмкін.  Теңге әлсіреді, Ұлттық банк миллиондаған долларды интервенциямен ұстап отыр. Сюжетте көтерілген мәселелер – осы. Сарапшылар пікір білдіріпті. 

«Nur Otan» партиясы «AMANAT» болып өзгерді. «Айна» билік партиясының кезектен тыс съезіне сюжет арнап, партияның атауымен қатар құрылымы өзгеретінін, бастауыш партия ұйымдарының жұмысы жанданатынын айтты. Мемлекет басшысының сөзінен  үзінділер берілді. Депутаттар  пікір білдірді. Баяндаудан тұратын сюжетке партияның 23 жылдық жұмысына баға беретін сарапшы пікірі жетіспеді. Оның орнына партияның жұмысына қатысты қарапайым тұрғындардан блиц алыныпты. 

Гүлнәзия Жалғасқызы «eGov куәгері» айдарында атаулы әлеуметтік көмек алудың жаңа ережелерін таныстырып, бала күтіміне берілетін жәрдемақының мерзіміне қатысты шарттар қаралап жатқанын айтыпты. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының орфанды ауырулары бар балалардың еміне қаражат бөлгені жайлы мәлімет бар. 

«Алғыс айтайық»! 1 наурыз – «Алғыс айту» мерекесінің мәнін дұрыс түсінбеді ме, әлде «Қаңтар оқиғасы» туралы айтудың реті осылай деп тапты ма, сюжетте дүрбелең күндері және одан кейінгі қалпына келтіру барысына көмектескен еріктілер туралы айтылды.

«Отанға деген махаббат жынысқа бөлінбейтінін» айтқан Ғалым Кәлмен «Нәзік те ержүрек жандар» аталатын сюжетке кезек берді. Мұнда қаңтар дүрбелеңі кезінде әскерилерге көмек көрсеткен дәрігерлер мен әскери салада қызмет ететін әйелдер жайлы айтылып, бірнеше кейіпкердің оқиғасы баяндалады. Олар қаңтар оқиғасы кезінде бетпе-бет келген қауіп-қатер мен қиын сәтте атқарған істері туралы әңгімеледі.  

«Айна» бұл жолы студияға шақырған қонағы – баласы әскери борышын өтеп жүрген  ана.  Қаңтар дүрбелеңі кезінде баласы стратегиялық нысанды күзетуге атсалысыпты. Сұхбат барысында әскерде жүрген баласы анасына тосын сый жасап, студияға құттықтап келіпті. Тартымды көрініс, тек жауынгер жігіттің студияда бас киіммен отырғаны тосын көрінді. Сұхбаттың өзі ұзақ болмады. 

«Жұртқа қызық болған соң хабарымыздың соңында эстрада жұлдыздары туралы айта салғанды жөн көрдік» деп жалғайды Ғалым Кәлмен. Сараптамалық бағдарламаның мақсаты – көрерменнің көңілін көтеру емес, елдегі оқиғаларға талдау жасау емес пе?! «Хайпқа бұйырмаңыз» аталатын сюжетте Мальдив аралдарында туған күнін атап өткен Қайрат Нұртас, қонақ болған Ерке Есмахан, сахнадан құлап кеткен Серік Ибрагимовтың оқиғаларын айтып,  беташарға екі пресс шөп салған жігіттің әрекетін баяндалып, оған қатысты аты-жөні белгісіз домбыра асынған жігіт пікір білдірді. Сюжет жұлдыздар туралы ма еді? Көрерменге «қызық» болған шығар деп топшыладық.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Украина жаңалығынан емес, Ақорданың баспасөз қызметі таратқан қысқа хабарламадан басталды. Президент Қ.Тоқаев әкімдердің қызметіне қатысты маңызды құжатқа қол қойыпты. 

Содан кейін «Украина мен Ресей арасындағы қазіргі жағдайға» ойысты. Бұл тақырыпқа тағы да сюжет болмады. Жүргізуші Жайна Сламбек «фундаментальді жаңалықтарға» тоқталды. Ол сөз басында «Көрші ел «арнайы әскери операция» дегенімен, несіне күлбелтелейміз соғыс туралы жаңалықтар өткенде де айттық, тағы қайталаймыз – сағат сайын емес, минут сайын түседі» деп атап өтті. Украина мен РФ делегацияларының келіссөздерін, бейбіт адамдарды эвакуациялау, Ресейде Facebook пен Twitter бұғатталып, РФ президенті В.Путин «Ресей әскері туралы жалған ақпарат» таратқаны үшін 15 жылға дейін бостандығынан айыратын заңға қол қойғанын, осыдан кейін Ресейдің және шетелдің көптеген медиасы жұмысын тоқтатқанын және тағы басқа жаңалықтарды айтты. Мұның барлығына 5 минут арнады. 

Әлеуметтік желілерде танкілер тиелген пойыздардың фотосы тарап, оны Украинаға апара жатыр деген әңгіме шыққан. Қорғаныс министрлігі бұл қауесетті жоққа шығарды. Танкілер Батыс Қазақстаннан оңтүстік аймаққа жөндеуге жөнелтіліп жатыр екен. 

Украинадағы қазақстандықтарды елге жеткізу туралы егжей-тегжейлі көрсетті. Сюжетте Украинадан оралған отандастарымыз соғыс аймағында көргенін айтып берді.

Президент Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді. Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына ықпалын талқылады. Ал сюжет Ресей рублінің құлдырауының ұлттық валютамыз – теңге бағамына әсері, ресейлік арзан тауарлардың Қазақстандағы дүкендерге топырлап келуі, шикізат экспортына арналды. 

Елімізде азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар да қайта қымбаттай бастады. Үлкен сюжетте қай тауар қанша теңгеге қымбаттағанын көрсетіп, қымбатшылық себебін сатушылар, экономистер түсіндіріп, құрылыс саласының өкілдері мен әлеуметтанушылар салдарын айтты. 

Мәжіліс депутаттары аймақтарды аралап, жұртшылықпен кездесіп, астанаға оралыпты. Олар журналистерге аймақтағы адамдар қандай проблемамен жүгінгенін, не байқағанын айтып берді. Төрт депутатты сөйлеткен есеп беру мәніндегі сюжет болды. 

Nur Otan партиясының съезі өтіп, партия атауы өзгеріп, «AMANAT» атанды. Партия туралы хаттама мәндес қызықсыз сюжетте президент синхрондары көп. Мәжіліс спикері, депутаты, партияның атқарушы хатшысы, қоғам қайраткері мен ҚСЗИ қызметкерін де қысқа сөйлетті. 

Бағдарлама биыл 100 жылдығы тойланатын бұлбұл әнші Роза Бағланова туралы сюжетпен аяқталды. Материалда Роза Бағланованың көзін көрген мәдениет қайраткерлері, туысы мен әншілердің көптеген естелігі бар. Жан тебірентер сюжет.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР