ДомойМедиасынУкраинаға гуманитарлық көмек, көктемгі егістік науқаны, трансплантология мәселесі: 7-13 наурыздағы апталық телебағдарламаларға...

Украинаға гуманитарлық көмек, көктемгі егістік науқаны, трансплантология мәселесі: 7-13 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

Украинаға гуманитарлық көмек, көктемгі егістік науқаны, трансплантология мәселесі: 7-13 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада «Жеті күн» бағдарламасы шаруалардың мәселесін көтерді: қуаңшылық, тыңайтқыш мәселесі, экспорт әлеуеті. Сондай-ақ, ағза ауыстыру үшін донор күтіп жүрген бірнеше кейіпкердің оқиғасын баяндады. Марқұм болған жандардың ағзасын алуға қатысты туыстары рұқсат бермейтінін айтып, көпшіліктің пікірін сұраған. Ал «Айна» Ресей-Украина қақтығысын басты тақырып етіп алыпты: Антальядағы екіжақты келіссөздер, екі тараптың арасында жүріп жатқан ақпараттық соғыс туралы айтып, сарапшылардың пікірін ұсынды. Бұдан өзге, бастауыш сынып оқулықтарының сапасы, балабақшадағы тәрбиешілердің біліктілігі туралы мәселе көтерді. Студияда Білім және ғылым министрінен сұхбат алды. Apta бағдарламасы да Украинадағы соғыс тақырыбынан басталды – Мариупольдың ауыр жағдайы, жүздеген компанияның Ресей нарығынан кеткені, тәуелсіз медиа мен әлеуметтік желілердің бұғатталып жатқаны туралы айтты. 

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күннің» басты тақырыбы Украинадан елге жеткізілген қазақстандықтар болды.  Елге оралғандардан әуежайдан сұхбат алынып, Қазақстанның Украинадағы елшілігі қызметкерлеріне мемлекеттік награда тағайындау туралы мемлекет басшысының шешімі туралы хабарлады. 

«Әлем әрі-сәрі күй кешіп отырған тұста Қазақстан үкіметінің дағдарысқа қарсы шараларының тиімділігі туралы» Сәкен Сейітханұлы сюжет әзірлепті.  Осылайша, Дархан Әбдіуахит Үкімет қабылдаған шараларға «тиімді» деп баға беріп тастағандай. «Санкция салқыны» аталатын сюжетте геосаяси жағдайдың шиеленісуінен зардап шеккен кәсіпкерлердің жағдайы, жүк тасымалдауға қатысты елімізде жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғаны, Үкіметтің дағдарыс жағдайында атқарып жатқан шаралары туралы ақпарат жинақталған, сарапшылар пікірі бар. Украин-Ресей қақтығысына байланысты экономикалық қиындық туындағаны, алайда оның ел экономикасы үшін тиімді тұсы да бар екені айтылған сюжет. Жалпы, соңғы кезде «Жеті күн» Үкіметтің жұмысына көбірек назар аударып келеді. 

Осыдан кейін ғана Дархан Әбдіуахит Президенттің «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг»  кәсіпорнын аралап қайтқаны туралы кадрда тұрып  баяндады. Жеке сюжет жасалмапты. Айта кетейік, әдетте «Жеті күн» Президент қатысқан шаралар жайлы сюжетті бағдарламаның басты сюжеті етіп алатын.  Жүргізушісі Президенттің Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтан бастап, апта ішінде жасаған бірқатар қабылдауы жайлы да кадрда тұрып айтып берді. Президенттің әкімдерді халықпен жүйелі кездесіп тұруға міндеттейтін жарлығына қатысты бірнеше сарапшы оң пікір білдіріпті. 

«Халық табысы» атты Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжет халықтың табысын арттыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген бағдарлама жайында. Министр Әлібек Қуантыровтың баяндамасынан үзінділер берілген. Сарапшылар бұл бағдарламаның орынды екенін айтады. Тілші бағдарламаға кеңінен тоқталып, маңызды тұсын баяндайды. Елдің табысын арттыруға арналған Үкімет бағдарламасының әзір екенін айтатын ұзақ сюжет. Автор әл-ауқаты төмен отбасыларға да көмек берілетінін айтқан тұста көрсетілген бүлдіршіндердің  жүзін көлегейлеуді ұмытыпты. 

Үкіметтің жұмысы туралы баяндайтын үшінші сюжет еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы бетпе-бет келіп тұрған қиындықтар туралы. Қорған Қонысбайұлы әзірлеген сюжет ұзақ, дегенмен ақпараты мол, толымды сюжет: үкіметтің көктемгі егіс науқанына дайындығы, шаруаларды алаңдатып отырған проблемалар, қуаңшылық, тыңайтқыштар мәселесі. Экспорт әлеуеті жоғары көкеніс өнімдері мен дақылдарды егу жайлы үкімет есебі туралы ақпарат мол. 

Бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің тәркіленген дүние-мүлкі мен оған тағылған айыптар туралы кадрда тұрып әңгімелеген Дархан Әбдіуахит қаңтар оқиғалары кезінде антына адал болып, қайтыс болған әскерилер  туралы сюжетке кезек берді.  

Рият Шони әзірлеген  ағза ауыстыруға қатысты сюжет өте орынды мәселе көтеріпті. Сюжетте донор күтіп жүрген бірнеше кейіпкердің оқиғасы баяндалады. Марқұм болған жандардың ағзасын алуға қатысты туыстары рұқсат бермейтіні жайлы баяндалып, көпшілік пікірі сұралған. Барлығы дерлік қарсы, уәжі – дін рұқсат бермейді. Тілші бұл жайында Мұсылмандар діни басқармасының пәтуа жариялап, дінде мұндай шектеу қойылмағанын айтады. Ағза ауыстыру ісі цифрландырылғаны, қара нарықта адам мүшелері саудаланбайтыны туралы да арнайы орталық өкілдерінің пікірі бар.  Мәселеге қатысты тиянақты жауап берілген сюжет. 

Бағдарлама соңында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы оқылды. Азамат Әбілқайыр қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген әйелдер жайлы сюжет әзірлепті. Сюжет кейіпкерлері – күштік құрылымдар мен әскери салада қызмет етіп жжүрген әйелдер. 

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Айна» әдеттегідей Ресей-Украина қақтығысын басты тақырып етіп алып, ұзақ сюжет ұсынды. Берік Дүйсенбай Антальядағы екіжақты келіссөздерді негізге ала отырып сюжет әзірлеген. Екі тараптың арасында жүріп жатқан ақпараттық соғысты назарға алып, келісімге келу оңай болмайтынын айтады. Екі ел сарапшыларының пікірі бар. Тиянақты сюжет. 

Сюжеттен кейін Қазақстан үкіметі Украинаға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылданғаны, алайда азаматтық қоғам украин халқына жылу жинауды ертерек бастағанын айтқан Ғалым Кәлмен, Қазақстандағы Украина елшісін, гуманитарлық көмек жинауды ұйымдастырушы еріктіге сөз берді.  Осылайша кадр сыртындағы мәтін синхрон форматында елден жөнелтілген көмек жайлы біршама ақпарат берілді. 

«Қаңтар қасіреті Қазақстанға қымбатқа түсті…» дейді Ғалым Кәлмен. Тілші Ұлан Тәліпбай «Қаңтардан кейінгі қалып» аталатын сюжетте бүлік кезінде зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру жұмысы қалай жүріп жатқаны, әрқайсына қанша қаражат бөлінгеніне шолу жасапты. Алматыдағы Президент резиденциясының жағдайына қатысты мамандар пікір білдіріпті. Түсінгеніміз, күрделі жөндеуге қыруар қаржы кететіндіктен, бұл ғимаратты сүріп тастау туралы шешім қабылданған. Алып ғимаратты бұзудың өзіне жарты жыл уақыт кетеді екен.  

«Айна» бағдарламасы бұл санында бастауыш сынып оқулықтарының сапасына тоқталды. Алғысөзінде математика оқулығындағы қисынсыз есептен мысал келтірген жүргізуші: «үй тапсырмасынан қиналған әке-шеше – есеп білмеген есек…» деп қалды. «Баласының үй тапсырмасына көмектесуде қиналған әке-шеше…» болар деп топшыладық. «Балаға батқан оқулық» аталған сюжеттің авторы – Махамбет Бейбітшілік. Мектепке барып, оқушылармен бірге есеп шығарған тілші Ұлттық сараптама орталығының маманынан пікір алыпты. Сарапшының айтуынша бір оқулықты тексеруге екі жүзге жуық маман жұмылдырылады екен. Орта сыныпта оқылуға тиіс материал бастауыш сыныпта беріліп жүргенін айтқан тілшінің уәжін сала маманы емес, ата-ана растапты.  

Жалпы, «Айна» бұл санында білім саласына бірнеше сюжет арнады. Келесі сюжет балабақшадағы тәрбиешілердің біліктілігіне арналады. Баласы зардап шеккен кейіпкердің жағдайын баяндаған тілші балабақша басшысының да пікірін біліпті. Мұндай жағдай жиілеп кеткенін айтып, әдетте балаға әлімжеттік жасаған тәрбиешілер заң жүзінде қатаң жазаланбайтынын айтады. Сонымен қатар, елімізде балабақша тәрбиешілерін даярлау мәселесіне де көңіл аударыпты. Толымды сюжет. 

Білім саласындағы осы екі маңызды проблеманы көтерген сюжеттен кейін Гүлнәзия Жалғасқызы студияда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен сұхбат алды. Онда балабақшадағы келеңсіздіктердің себебіне үңілуден бастап, тәрбиеші мен мұғалімнің жалақысы, оқулық сапасына қатысты бірқатар маңызды сұрақ талқыланды. 

«Айна» көрермен тартуға шындап кіріскендей. «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары соған дәлел, онда апта ішіндегі желіде қызу талқыланған тақырыптар топтастырған. Шөкеевтің шапанынан басталған дау, Қостанай қаласындағы қабырға тірелген баспалдақ, қара жұмыс жасағанын видеоға түсірген депутат туралы баяндаған сюжетте әр жағдайға қатысты түсіндірме пікірлер бар. 

«Жаныңда жүр жақсы адам» аталатын сюжет Түркістан және Қызылорда облыстарында ауылдың дамуына үлес қосып жүрген меценаттар жайында. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Украинадағы соғыс тақырыбынан басталды. Сюжет болмағанымен басты жаңалықтарды, мәселен: Украина мен Ресей Сыртқы істер министрлерінің Антальяда кездескенін, екі ел делегациясының келіссөздерін, блокадада қалған Мариуполь қаласының ауыр жағдайын (мұны Ленинград блокадасымен салыстырып жатыр), жүздеген компанияның Ресей нарығынан кеткенін, тәуелсіз медиа мен әлеуметтік желілердің бұғатталып жатқанын, Юрий Дудьтің YouTube-арнасындағы бірнеше видеоны Беларусь үкіметі «экстремистік» деп танығанын және Дудьтің Борис Акунинмен сұхбатын айтып шықты. 

Келесі тақырып Ресей экономикасының жай-күйіне арналып, мұнда Ресейдің дефолтқа ұшырау қаупі, валюталық бақылау, Ресейден кеткен компаниялардың мүлкін национализациялау, ресейлік әуе компанияларының халықаралық рейстері толықтай дерлік тоқтағанын, Қазақстан қоғамы ресейліктердің Қазақстанға қоныс аударуына байланысты қаупін, Зеленский мен Путин кездесуі мүмкін екенін, Түркия Ресейге ешқандай санкция салмайтынын жинақтапты. 

Жүргізуші Жайна Сламбек Ақорда жаңалықтарын хабарлай келе, Қазақстан Украинаға 2,7 млн АҚШ доллары болатын гуманитарлық көмек жөнелтіп жатқанын айтып, Қазақстандағы Украина елшісінің синхронын көрсетті. Ол Қазақстан халқына алғыс білдірді. Украинадағы қазақстандықтарды елге жеткізу, Украина жерінде қалып қойған қазақстандық жүк көліктерінің жайы, АҚШ-тың Ресей мұнай-газынан бас тартқаны, елдегі банктер мен ақша айырбастау пункттерінде доллар тапшы екені, голливудтық фильмдер прокаты жөнінде айтты. 

Қазақстанда азық-түлік тапшылығы бола ма, қант жеткілікті ме, басқа елден жеткізілетін тауарларға тәуелді кәсіпкерлер қандай қиындықтарға ұшырады, теңгенің әлсіреуі және үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары қандай? Мінеки, осы сауалдар бағдарламаның бірінші сюжетіне арқау болды. Салалық министрлігі өкілдерінің комментарийі бар. 

Көктемгі егіс жұмысы басталып жатыр. Алайда дихандардың көңілі алаң. Өйткені тұқым тапшы, жанар-жағармай қымбат, ағын судың жетіспеу қаупі бар, тыңайтқыш та тапшы болады деген хабар жеткен. Ал әлемдік нарықта бидай тапшылығы болмақ. Мінеки, осы сауалдар екінші сюжетке себеп болды. Депутаттар, министрлік өкілдері, сарапшылар, диірмен иелері мен дихандарды сөйлетіпті.

Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» тобының депутаттары төменгі палата отырысына күштік құрылым өкілдерін шақырып, Қаңтар оқиғасы бойынша сұрақтарға жауап беруді талап етті. Бұл 14 наурыздағы осы отырысқа аңдатпа екен. Содан кейін Самат Нұрмахановтың әйеліне жазған хаты жөнінде баяндады. Ол абақтыда азап көргенін жазған. Ал Бас прокуратура тексеретінін хабарлаған. Жалпы Apta бағдарламасы азаптау оқиғалары жөнінде құрғақ әрі қысқа ғана айтудан аса алмай келеді. 

Алматыдағы Президент резиденциясын бұзып, орнына саябақ салынбақ. Бұл резиденцияны қаңтар оқиғалары кезінде өртеп жіберген. Үшінші сюжет осы тақырыпқа арналды. Сюжетте резиденция неліктен қайта қалпына келтіруге жарамайтынын түсіндірді. 

ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды тұтқындалғанын қысқа ғана айтып өтті. Бірақ оның кімге қандай туыс екені жөнінде ләм-мим демеді. 

10 наурыз – Халықаралық бүйрек күні. Осы атаулы күн үлкен сюжетке арқау болыпты. Сюжетте бүйрегін алмастыруға мұқтаж, диализбен өмір сүріп жүрген науқас кейіпкерлер бар. Донорлық мәселесін де қозғады: Қазақстанда донор аз, заңдар туыс емес адамның бүйрегін салуға рұқсат етпейді. Сондай-ақ, елде трансплант-үйлестірушілер жоқ. 

Бағдарлама Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік театрындағы «Дон Кихот» қойылымының премьерасымен аяқталды. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР