ДомойМедиасынСаяси апта, президент сайлауы, майнинг: 10-16 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Саяси апта, президент сайлауы, майнинг: 10-16 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Саяси апта, президент сайлауы, майнинг: 10-16 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Өткен аптада Астанада үш бірдей үлкен халықаралық жиын өтті: Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті, ТМД елдері басшыларының кеңесі және  «Орталық Азия – Ресей» саммиті. Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы осы аталған жиындар туралы болды. Бұдан бөлек, Түркия басшысы, Катар әмірінің елімізге ресми сапары, ҚР президентіне үміткерлер туралы көлемді сюжеттер көрермен назарына ұсынылды.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасының негізгі тақырыбы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға ресми сапарына арналды. Сюжетте екі ел басшыларының кездесуі, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық, Ердоғанның әлеуемттік желідегі «ата топырақтамыз» деген жазбасы, екі президенттерінің теннис ойнауы талқыланды.

«Хабар» апталығы Азия елдерінің өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің VI самитіне де маңыз беріпті. Ұзақ сюжетте Кувейттің кеңес қатарына қосылуы, Әзірбайжан, Түркия, Ресей, Қырғызстан басшыларының жиын барысында жасаған мәлімдемелеріне тоқталып, сөздерінен үзінді берілді, маңызды ұсыныстарды қамтуға тырысты. Жиында қабылданған құжаттар туралы ақпарат берді.

Қатар әмірінің Қазақстанға сапары жайлы кадр сыртындағы мәтін мен синхрон форматында ақпарат беріліп, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовтың елімізге келгені туралы да қысқаша айтылды.

Келесі сюжетте ТМД басшыларының кездесуі мен «Орталық Азия – Ресей» саммиті туралы баяндалды. «Жеті күн» жүргізушісі бұл басқосуды ұйымдастыруға Ресей бастамашыл болғанын атап өтті. Сюжет жиында көтерілген маңызды мәселелерді тегіс қамтуға тырысты. Ресейдің Орта Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға талпысы туралы сарапшы пікір айтты. Бұл орайда Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың бүгіні мен болашағы жайлы шетелдік сарапшылардың пікірін беру артық болмас еді.

Соңғы әрі көлемді сюжет қымбатшылық тақырыбына арналды. Журналист ауқымды тақырып қозғап, еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларының тиімсіз жұмысы, шаруалардың астықты арзанға сатуға мәжбүр болуы, тұқым қорының болмауы, қант өндіретін шикізаттың шетелден әкелінуі, азық-түлік бағасының қымбаттауы «екінші Қаңтар» оқиғасына себеп болуы мүмкін екенін тілге тиек етеді. Алайда, бірді айтып, бірге көшкен тілші өзекті мәселені тиянақты талдай алмады.

Sarap-Times, Astana TV

Sarap times бағдарламасы да Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапарынан басталды. Көлемді сюжетте екі ел арасындағы ынтымақтастықтың болашағы туралы айтылып, бірнеше сарапшы сөйледі: барлығы да түрік елінің мүмкіндігі зор, әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Қазақстанға Қатар әмірінің келгені туралы қысқа айтылып, президент сөзінен цитата келтірілді.

Астанада өткен Азия елдерінің өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің VI саммитінде БҰҰ хатшысы Антонио Гуттериш онлайн баяндама жасады. Sarap times оның сөзінен ұзақ цитата келтірді.

Sarap times Астанада өткен маңызды жиындар туралы ақпараттан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР президентіне кандидат ретінде тіркелгенін тілге тиек етті. Жүргізуші Дастан Сейілханұлы тіркеле алмаған үміткерлерді атап өтті. Осы орайда тіркеуден өткен өзге де кандидаттардың есімін атап өту дұрыс еді. Өйткені президент болуға бір ғана кандидат – Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндік алғандай әсер қалды.

Саят Жөкенұлына сұхбат берген саясаттанушы Қазбек Майгелдинов биылғы президент сайлауының ерекшелігіне тоқталды.

Дастан Сейілханұлы студияда тұрып ел арасына іріткі салатындар, ұлтараздықты қоздыратындар, тіпті «Менің президентім Тоқаев емес, Путин» деп келеке қылатындар өріп жүргенін айтып, «Қит етсе жалған ақпарат тараттың деп қос қолыңа кісен таққыш заң өкілдері осындайда көлеңкесін де көрсетпейді» деп атын атап, түсін түстеместен әлденені меңзей сөйледі. Студияда үлкен монитор тұр, әңгіме әлеуметтік желідегі арандатушылар туралы болды. Олай болса, мысал келтірген видео не мәтінді мониторда көрсетіп, нақты мысалмен сөйлеуге не кедергі болды?

Бір қызығы, соңғы кезде әлеуметтік желіде жиілеп кеткен арандату видеолары туралы сюжетте арандатушыларға қандай жаза қолданылатыны, қанша іс қозғалғаны туралы мәлімет бар. Олай болса, жүргізушінің  «көлеңкесін көрсетпейтін заң өкілдері» дегені жалған боп тұрғаны ма?  Алғысөзде көрерменді қызықтыру үшін өтімді сөз айту керек те шығар. Десек те, батыра айтамын деп жалған сөйлеу журналистика стандартына қайшы. Бағдарлама басында Түркия – Қазақстан арасындағы қарым-қатынас туралы сөйлеген халықаралық сарапшы Риззат Елубаев осы сюжетке де пікір білдірді. Бір сарапшының бір бағдарламада бірнеше тақырыпқа пікір білдіргені қисынсыз. Сарапшылардың көбі арандатушылардың жазадан құтылып кеткенін алға тартқан сюжеттің өзі ел арасына іріткі саларлық әсер қалдырды.

Sarap times осы сюжетті «Орталық Азия-Ресей» саммиті барысында Тоқаевтың «ойланбай айтылған сөз әсіресе жастар арасында өшпенділік туғызуы мүмкін» деген сөзіне орайластырды. Бұл жиыннан сюжет берілмеді, тек Тоқаев сөзінен цитата келтірілді.

Бағдарламаның соңғы сюжеті ойын-сауық, тамақтану орындарында ұлттық музыка, күй және дәстүрлі әндер неге қойылмайды деген мәселе көтерді. Тілші дәстүрлі әнші, ақын, мәдениеттанушыдан пікір сұрап, бұл Мәдениет министрлігі шешуі тиіс мәселе деген ұйғарымға келеді. Алайда журналистің айтуынша аталмыш ведомство бұл мәселеге жауап бермей,  ат-тонын ала қашқан. Осы жағдайда қатысты бизнес құрылым өкілдерінің пікірі берілмеді.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасы «Тереземіз тең» сюжетіне астанада апта бойы өткен халықаралық жиындарды топтастырды. Онда Қазақстанның, оның ішінде қазіргі президенттің халықаралық қатынастардағы бейтараптық позициясына сарапшы сөзімен жоғары баға берді. Өзге сараптамалық бағдарламалардағы осы тақырыптағы сюжеттен ерекшеленді, қабылдауға жеңіл, ұзақ синхронсыз жасалған. «Айна» Түрікменстан президентімен өткен екі-жақты келіссөздер туралы да айтып өтті. Осы сюжеттерден кейін Республика күні қарсаңында «Тәуелсіздік тарихынан бір сыр» атауымен Қуаныш Айтаханұлынан сұхбат алыпты. 1990 жылы Тәуелсіздік Декларациясын қабылдау барысында Жоғарғы Кеңестің мүшесі болған мемлекет қайраткері, сол күндерден естелік айтты.

Қазанның екінші жексенбісі мүгедектігі бар адамдар күні. Бүл күнді  сараптамалық бағдарламалар арасында «Айна» ғана атап айтты. «eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы енді aleumet.egov.kz порталы арқылы мүгедектігі бар адамдар арнайы комиссиядан өтпей-ақ, өзінің мүгедектігін дәлелдей алатынын, мүгедектерге мемлекет тарапынан берілетін көмектер жайлы сөз қозғады.  Бұдан бұрын «Айна» студиясына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келіп, осы мәселелер туралы сұхбат берген еді. Бұл санында сол сұхбаттан үзінділер берілді. Сонымен қатар мүгедектігі бар шағын бизнес иелері туралы сюжет ұсынылды.

«Айна» апталық болғанымен, бір жұма ішінде болған оқиғаларды қорытындылаудан гөрі журналистік зерттеу әзірлеуге ден қойып жүр. Алайда көрерменге өтімді тақырып іздеуде журналистік этиканы сақтамай жататыны бар. Бұл жолы оңтүстік өңірде тұратын халық емшісінің жылан, таспақа, кірпі сорпасын қайнатып, елді емдейтіні туралы сюжет ұсынылды. Құрылымына қарап жарнама материал деп топшыладық. Өйткені осы емдеу әдісінің пайдасы, яки зияны туралы бірде-бір сарапшы, дәрігер, ғалымның пікірі жоқ.

Ақбөпе Тәңірберген «жеңіл жүрісті» жігіттер жайлы сюжет әзірлеген. Оларды арнайы сайттан тауып, бір-екеуіне қоңырау шалып, тіпті біреуімен кездесіп,  жыныстық индустрия өкілін де сөзге тартыпты. Журналист орынсыз сұрақ қойып, «Апалармен классика ғана» деген секілді этикаға жат сөз айтады. Журналистің мақсаты сенсация жасау болса керек, алайда осы кәсіп түрін жарнамалау секілді көрінді. Психолог пікір білдірді.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN 

Apta Астанаға 11 мемлекеттің басшылары келіп, үш бірдей үлкен жиын өткенінен басталды. Алғысөзде Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның сапарына көбірек тоқталды. Сюжет Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катар әмірі және Түркия президентімен кездесуіне арналды. Тақырыпты сарапшылар комментарийі толықтырды. Олар Түркиямен серіктестіктің Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға маңызын айтты.

Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің алтыншы саммиті өтті. Бұл туралы сюжеттің құндылығы – саммитте Украинадағы соғыс тақырыбын «Түркия президентінен басқа неге ешкім айтпағанына» жауап іздеді. Түрлі сарапшылар жауап берді. Елдер арасындағы шешілмеген даулы мәселелерді қамтыған үлкен әрі қызық материал.

Ресей апта басында Украина аумағын бір күнде 80-нен астам қанатты зымыранмен атқылады. Украинадағы соғыс туралы шолуда жағдайды егжей-тегжейлі баяндап, Зеленскийдің, Путиннің және Еуропалық Одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеф Боррельдің сөздерімен толықтырды.

Apta тілшілері Тоқаевтың Катар, Әзірбайжан, Түрікменстан басшыларымен жеке кездесуіне және Ресейді айналып өтетін мұнай-газ және жүк тасымалы бойынша балама жолды қалыптастыру мүмкіндігі туралы үлкен сюжет дайындады. Апталық қорытынды ақпараттық-сараптамалық бағдарламаға лайық материал. Өйткені мәселенің мән-жайын жан-жақты талқылап, талдап, мол мағлұмат беріп, депутаттар, министрлер мен экономистерді сөйлетті.

Саясатқа тағы ораламыз. Астанада «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтті. Бұған сюжет болмады, студиядағы жүргізуші сөзі мен Тоқаевтың айтқандарынан үзінді ғана берілді.

«Орталық Азия – Ресей» саммитінде ең көп талқыланған тақырып – Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның РФ президенті Владимир Путинге қарата айтқан сөзі болды. Рахмон: «Владимир Владимирович, сізге өтінішіміз бар – Орталық Азия елдеріне қатысты бұрынғы Кеңес одағы сияқты саясат болмағанын қалаймыз. Таразы басын тең ұстап, әр республикамен бөлек жұмыс істеу керек», – деді. Мұның барлығын жүргізуші студиядан баяндап, ТМД елдері басшыларының отырысы өткенін де айтты.

Тақырыпты «Apta қонағы» айдарында жалғастырып, саясаттанушы Шыңғыс Ергөбекпен сұхбат құрып, Қазақстанда қатарынан өткен үлкен жиындар не беретіні, Азия кеңесінің трансформациясы қандай өзгерістер әкелетіні жөнінде әңгімелесті.

Халықаралық жиындар, саммит, кеңес отырысына 38 минут арнап, ақыры Қазақстан қоғамындағы басты тақырып – президент сайлауына кезек жетті. Жүргізуші Альбина Әшім алғысөзін: «Президент сайлауына қатысатын үміткерлер күн сайын сиреп барады. Әу баста ұсынылған он екі адамның сегізі қалды» деп бастады. Олардың үшеуінде 5 жылдық мемлекеттік қызмет өтілі жоқ екен. Сюжетте «мемлекеттік қызмет өтілі неге қажет?» деген сауалға (саясаттанушы Индира Рыстинаның айтуынша, бұл кандидаттар мемлекеттік аппаратты түсіну үшін маңызды екен) және «кейбір азаматтардың осы немесе өзге де талапқа сай келмейтінін өзі біле тұра құжат тапсыруында қандай сыр болуы мүмкін?» деген сұраққа (саясаттанушы Мақсат Жақаудың сөзінше, кейбірі саяси ұпай мен пиар жинау үшін құжат тапсыруы мүмкін) жауап беруге тырысты. Көшедегі адамдардан жаңа үміткерлерді танып-танымайтынын да сұрады (танымайды екен). Сондай-ақ, Тоқаевтан басқасын халық танымайтыны жұртшылықтың сайлауға белсенді қатысуына қаншалықты әсер ететінін де болжады. Саясаттанушы Дәурен Пірімбетов «бізде сайлаушылармен жұмыс істейтін, оларға жақсы мотивация беретін политехнологтар аз» деп, «көп нәрсе үміткердің халықты сендіре алуына байланысты екенін» айтты. Apta редакциясы осы сарапшыларды ғана сөйлетпей, басқа да тәуелсіз саясаттанушылар пікіріне эфирден уақыт берсе жөн. Әйтпесе, біржақты пікір айтылған жай сюжетке айналады.

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы» заң мен 4 ілеспе заң жобасын мақұлдады. Бұл Қазақстадағы майнинг және криптовалюта туралы сюжетке арқау болыпты. Түсіндірмелі толымды материал екен.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды. 

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР