ДомойМедиасын2022 жылғы саяси оқиғалар, сәтсіз жобалар: 19-25 желтоқсандағы апталық телебағдарламаларға шолу

2022 жылғы саяси оқиғалар, сәтсіз жобалар: 19-25 желтоқсандағы апталық телебағдарламаларға шолу

2022 жылғы саяси оқиғалар, сәтсіз жобалар: 19-25 желтоқсандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапары, екі арасындағы келісімдер туралы болды. Сондай-ақ, қорытынды бағдарламалар Алматыдағы Қаңтар оқиғасына арналған «Тағзым» мемориалының ашылуы туралы сюжеттер ұсынды. 2022 жылғы саяси оқиғалар, сәтсіз жобалар, Тоқаев реформалары да тілшілер назарынан тыс қалмады.

«Жеті күн», «Хабар»

Өзбекстан мен Қазақстан арасында шекараны делимитациялау жөнінде келісім жасалды. Өткен аптада Қ.Тоқаев Ташкентке барды. Шекараны шегендеудің маңызы туралы ұзақ алғысөзден кейін кезек берілген хаттама сюжетте Өзбекстан билігі Тоқаевты қалай күтіп алғанына мән берген, тіпті тұрғындардың пікірі бар. Сюжет соңында президенттер қол қойған екі маңызды құжат туралы айтып, Тоқаевтың сөзінен үзінді берді.

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, міндетті түрде күн болады…» Риат Шони Алматыдағы Қаңтар оқиғасына арналған «Тағзым» мемориалының идеясын суреттеуге Сұлтанмахмұт ақынның өлең жолдарын қолданды. Сюжетте мемориал авторларының, қоғам қайраткерлерінің пікірі бар, президенттің сөйлеген сөзінен үзінді берілді.

Ұлттық қор қаражатының азайып бара жатқаны туралы сюжет ұсынылды. Президент назарындағы бұл проблема ешкімге жаңалық емес екені рас. Сарапшылар, экономистер, Ұлттық банк өкілі сөйлеген сюжетте түрлі пікір бар. Журналистер Сингапур мен Норвегияның Ұлттық қорына қатысты дерек келтіргенде ескермейтін бір нәрсе бар. Бұл қатені «Жеті күн» авторлары да қайталады. Ұлттық банк Ұлттық қорды басқарушы ретінде оның портфелі, яғни қаражат қайда, қандай құнды қағаздарға салынғаны туралы ақпаратты саралап бермейді. Журналистер Норвегия Ұлттық қорының сайтын ашып, дәл сол секілді елімізде ақпарат беріле ме, сол жағына мән бергенде нақты дәлелмен, ашық деректермен көрсетілген толыққанды сюжет болар еді.

ArtSport бағдарламасының сәтсіздігі туралы сюжетте аталмыш орталықтарға қойылатын талаптар, жалған құжат жасап ақша жеген жемқорлар, үйірмелердің ауылды жерлерге жетпегені, өйткені шалғайда интернет сапасының нашар екені айтылды. Көпке таныс проблема болғандықтан, елең еткізер жаңалығы болмады.

«Жеті күн» соңғы Астанада өткен Орта Азия медиафорумынан әзірленген репортажбен аяқталды.

Sarap Times, Astana TV

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапары туралы сюжет әзірленді. Негізінен сапар барысында жасалған келісімдер мен екі ел басшылары қатысқан шараларға басымдық берген. Президенттер сөздерінен үзінді бар. Қазақстандық сарапшыны сөйлетті. Қысқа, әсірелеуі аз, нақтылығы мол сюжет.

«Тағзым» мемориалының ашылуы кадр сыртындағы мәтінмен баяндалды, президент сөздерінен үзінді берді. Бұдан кейін Дастан Сейілханұлы «Қаңтар» оқиғасынан кейін сең бұзылып, Тоқаевтың реформалары іске асып жатқанына біршама тоқталды.

Sarap Times Қостанай облысында үлескердің қаржысына салынып, аяқсыз қалған тұрғын үйдің проблемасын көтеру арқылы жалпы мемлекеттік бағдарламамен салынатын баспаналардың сапасы сын көтермейтіні туралы сюжет ұсынды. Бірнеше тарапты сөйлеткен. Құрылысшылар мемлекеттен қаражат аз бөлінетінін айтыпты.  Өзекті мәселе көтерген сюжет.

Батыс Қазақстан облысындағы мектептердің проблемасын көтерген сюжет тиянақты әзірленіпті. Оған БҚО әкімінің мердігерлерге қатысты қатаң сөгісі әсер етсе керек. Сюжеттен өңірдегі жағдайдан біршама мол мағлұмат алуға болады.

Ақылы жолдарға қатысты жүргіншілердің уәжі бар. Ақысы қымбат, ал жол сапасы нашарлап барады. Тілші көлік жүргізушілердің пікірін сұрап, құзырлы мекеме өкілдерінен де түсіндірме беріпті. Ендігі жерде жүргізушілерге абонеттік төлем енгізілмек.

Түркістан облысындағы газ тартылып, бірақ әлі берілмеген және ауыз сусыз отырған ауылдар жайлы сюжет те тиянақты әзірленген. Тараптардың талабы мен уәжі бірге берілген. Sarap Times осылайша ел ішіндегі қарапайым тұрғындардың проблемасына баса назар аударуға ден қойыпты.

Тұқым қуалайтын аурулар дер кезінде анықталмайтыны туралы уәжден басталған сюжет балаларда сирек кездесетін аурулар мен оларға мемлекет тарапынан берілетін көмек туралы есепке ұласты. Ауқымы кеңейген сайын, нақты проблеманы ашуға мән берілмейді. Бұл сюжет те солай. Елімізде тұқым қуалайтын ауруларды анықтайтын маман жоқ па, препарат жоқ па, әлде қаржы жетіспей ме? Дер кезінде анықталмаған мұндай сырқаттардың қаупі қандай? Бұл сауалдарға тұщымды жауап болмады.

Астана маңындағы Қабанбай батыр кесенесінің маңында Ұлттық пантеон ашылған болатын. Қазір онда кімдер жерленген, кімдер жерленуі тиіс? Ұлттық пантеонның болуы қаншалықты қисынды? Соңғы сюжетте осы сауалдарға жауап бар. Бір сарапшының және қарапайым тұрғынның сөзімен өрілген сюжет біржақты болды. Үкімет мүшелері әлде заң шығарушы орган өкілдері ме, сарапшы көтерген мәселеге қатысты өз уәжін білдіруі керек еді.

SarapTimes бағдарламасында әдеттегідей сұхбат берілмеді.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

Алғашқы сюжетте тілші жаңа жылдық дастарханның мәзіріне кететін шығынды есептеп көрген. Көп тұрғынның азық-түлік қымбат деген уәжінен кейін, сюжет аспаз жалдап, тамақ әзірлейтін келіншектің оқиғасына ұласты. Жекелеген аспаздың PR сюжетіндей әсер қалдырды. Әрине, соңынан инфляция туралы сарапшы пікірі берілді. Дегенмен, инстаформат пен сюжеттің бұлай үйлесуі қисынсыз.

Жеке тұрғын үйлердегі пештердің қауіпсіздігін қадағалау мақсатында құтқару қызметі рейдке шығып, отбасыларға түтін шықса белгі беретін арнайы датчиктер қойып беріпті. Ақбөпе Тәңірберген жауапты мекеме өкілдерімен бірге үй-үйді аралапты. Көрермен тартуға, қарапайым тілмен маңызды ақпаратты жеткізуге тырысқан сюжет.

«eGov куәгері» айдары жыл қорытындысын жасап, алдағы жылы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі артатынына қатысты ақпарат берді.

Алматыда «Тағзым» мемориалының орнатылғанына байланысты кадр сыртындағы мәтін мен синхрон форматында ақпарат берілді. Сонымен қатар, «Айна» бағдарламасы 2022 жылдың қорытындысын жасады. Биылғы жылу желілеріндегі апат, жаздағы алапат өрт, референдум, жаңа облыстардың құрылуы мен президенттің бай-бағландармен кездесуі қорытынды сюжетке арқау болды.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN 

Apta бағдарламасы Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапарынан басталды. Үлкен сюжет сапар барысындағы көптеген тақырыпты қамтыды. Екі ел арасында Одақтастық қатынастар туралы шартқа және Қазақстан Өзбекстан мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылғанына баса назар аударып, сарапшылар және шенеуніктер комментарийімен толықтырды.

Астанада Орталық Азия медиафорумы өтті. Ұзақ шолу сюжет форумға қандай танымал есімдер қатысып, олар не айтқанын баяндады. Сюжеттен белгілі болғаны — осы медиафорумды тұрақты платформаға айналдырмақ екен. Түсініксіз бір тұсы — медиафорумда Орталық Азия елдеріндегі БАҚ-қа қысым немесе ресейлік Роскомнадзордың Орталық Азиядағы жергілікті медиадан кейбір контент түрлерін өшіруді талап етіп жатқаны сияқты маңызды мәелелер айтылды ма, жоқ па? Сюжетте бұл туралы ләм-мим демеді.

Apta редакциясы Украинадағы жағдайды «қарулы қақтығыс» деп атайды. Шолу сюжетке алғысөзден цитата келтірейік: «Осы аптада да Украинада қарулы қақтығыс жалғасып, Ресей Херсонға соққы берді». Сюжет Зеленский соғыс басталғалы алғаш рет шетелге шығып, Вашингтонға барып қайтқанынан бастап РФ президенті В.Путин Украинадағы жағдайды алғаш рет «соғыс» деп атағанына дейін қамтыды.

Қазақстанда жаңа партиялар тіркеліп жатқаны туралы шағын материалда сұхбат берген «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай қазақстандықтарды «аполитичный» деп атады («Қазақстандықтар көбі аполитичный. Саясатпен айналысқысы келмейді халық» — синхроннан үзінді). Алайда, оның дәл осы сөзі телеарнаның сайтындағы мәтінде жоқ. Сол тұсын өшіріп тастады ма әлде қоспады ма екен?

Биылғы негізгі саяси оқиғаларға шолу «Қасіретті қаңтардан» емес, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қасіретті қаңтардан кейін, 2022 жылғы 16 қаңтарда Қазақстан халқына жасаған жолдауынан басталды. «2022: саяси оқиғалар» деген тақырыбы бар шолуда нейтрал кадрлар көрсетіп, оқиғаларды айтты. Тоқаевтың реформаларын тізіп, 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қ.Тоқаев 82% дауыс жинап, президент болғанына жетіп, бір-ақ тоқтады.

Саяси реформаларды түгендеген соң саясаттанушы Мақсат Жақаудан сұхбат алыпты. Ол сайланбалы биліктің маңызы туралы сөйледі.

Қарызға батқан қазақстандықтардың саны жылдан жылға көбейіп барады. Тұтынушылық несие ресімдейді, тіпті азық-түлікті бөліп төлеу арқылы сатып алады. Ұлттық банк мәліметіне сәйкес, қазақстандық банктер алдындағы несиелердің жалпы сомасы 20 трлн теңгеден асқан. Қайтпек керек? «Нәпақасының басым бөлігін азық-түлікке ғана жеткізіп отырған халық не істейді? Несиелерін қалай жабады? Үкімет ондай азаматтарға өзін-өзі банкрот деп жариялауды ұсынып отыр» екен. Осы мәселенің мән-жайын зерттеген сюжетте кейіпкер хикаясы да, сарапшылар, депутаттар мен министрдің де комментарийі бар.

Әйткенмен, әлеуметтанушы Салтанат Оразбекованың сөзінше, өзін-өзі банкрот деп тануға өтініш бергендердің бәрін банкрот деп жариялау да дұрыс емес екен. Ол мұның себебін түсіндірді. Алдыңғы сюжетке қажет толықтыру.

Apta редакциясы халықтың несие алу тақырыбына әбден тереңдеген екен. Бельгия мен Түркиядағы тілшілеріне байланысып, сол жақтағы несие беру саясатының жай-жапсарын сұрады. Бельгиядағы тілшінің сөзінше, еркіндікті қалайтын еуропалықтар банктердің несие қақпанына түсіп қалудан қорқады. Дегенмен, соңғы екі жылда энергетикалық дағдарыс пен инфляциядан қиналған Еуропалық Одақ елдерінде тұтынушы несиесінің көлемі 20 пайызға көбейген. Ал Түркияда қарызын қайтара алмайтын борышкерлер қатары көбейген.

Алматыда қаңтар қасіретіне арналған «Тағзым» мемориалы ашылды. Осы туралы сюжет қаңтар оқиғасы кезінде бизнесіне зиян келген (5 млн теңгені тауарын ұрлаған) кәсіпкердің оқиғасынан басталды. Оның оқиғасы мемориалға қандай қатысы бар-жоғы түсініксіз. Кәсіпкер оқиғасын айтып, сосын мемориалға оралып, Тоқаевтың сөзін беріп, сәулетші мен қаңтар оқиғасы кезінде жұмыс істеген фельдшерден пікір алды. Бәлкім, Apta редакциясы азапталғандар мен азаптаудан көз жұмғандар (арнайы прокурордың дерегінше, қаңтар оқиғасы кезінде тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану салдарынан 6 адам көз жұмған) туралы да айтқаны жөн-ақ еді. Бірақ бұл туралы ләм-мим демеді. Есесіне рақымшылық туралы айтып өте шықты.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолу әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР