Домой Блог Страница 12

James Webb. Биылдың басты ғылым жаңалығы қалай тарады?

James Webb телескобы – ғылымның биылғы басты жаңалығы. Hubble телескобының даңқы 30 жылдан асқанын ескерсек, жаңа телескоп тек биылдың емес, осы онжылдықтың басты жаңалығы болуы да мүмкін. Ендеше, әлемдік ғылыми үрдістерден дәмесі анық бар елімізде не жарияланғанын көрейік.

«James Webb телескобы ғарышқа сапар шекті» («Егемен Қазақстан», авторы — Абай Отар). Танымдық форматта жазылған, түсіну оңай, оқырман үшін  анықтамалық мәлімет бере алатын жазба. Алайда кей тұстарындағы нақты техникалық мәліметтерге байланысты ескертпе бар. «Жоспар бойынша заманауи телескоп шамамен 374 мың километрге дейін баруы тиіс. Яғни бұл айға дейінгі қашықтыққа тең». Айдың қашықтығы шын мәнінде 384 400 шақырым болғандықтан, «тең» деген тұжырымнан гөрі, «пара-пар» деген дұрыс. Көбіміздің бір күні емтиханда немесе викторинада келетін сұрақтың жауабын танымдық дүниелерден оқитынымыз рас қой. Сонда он мың шақырымнан аса айырмашылық тіпті тағдырымызда үлкен рөл ойнауы мүмкін.

«NASA ғарышқа James Webb телескобын жөнелтті» («Азаттық Радиосы»). Хабарлама түріндегі бұл жазбада көптеген қазақ тіліндегі де, орыс тіліндегі де басылымның қатесі қайталанған. «Американың NASA ұлттық ғарыш басқармасы James Webb телескобын ғарышқа жіберді» деп бастап, жобаның толыққанды серіктестері – ESA (Еуропа Ғарыш Агенттігі) мен CSA (Канада Ғарыш Агенттігі) ұйымдарын еш жерде атамаған. Соңғы отыз жылдағы ғарыштағы жетістіктер әлдеқашан халықаралық ғылыми-техникалық кооперацияның жемісі ретінде көрсетіліп жүргеніне көз жеткізу қиын емес. Бұл хабарламадағы «Лагранжаның екінші нүктесіне…» деген сөйлем де біртүрлі. Лагранж – қазақ ғылымында есімі әбден бекіген тұлғалардың бірі. Мұны уақ олқылық дегім келген. Бірақ  басында латынмен жазылса да, мәтін ішінде кенет кирилмен жазылған «НАСА» сөзінен хабарлама орыс тілінен жолма-жол аударылған сияқты көрінді. Шынымен солай екен. Түпнұсқаға қарамастан, аббревиатуралар мәтін бойы біркелкі жазылуы шарт және кісі-қала аттарына өте мұқият болу керек (мысалы, «Венецианск фестивалі» сияқты жаңа қаладағы фестиваль атауын шығарып алмай).

«James Webb телескобы планеталардың өткенін де «көре алады» (Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының nauka.kz сайты). Өзін «ұлттық ғылыми портал» дейтін бұл басылымның тап осы жазбасын бір сәт жасанды интеллект жазғандай әсер қалдырады. Мемлекет қаржыландыратын ұйымның домен атауы «ғылым» деп ақырып тұрған сайтындағы жазбада телескоп айнасының бериллийден жасалғаны екі рет жазылған (неге?). Ол айнаны «ұшу кезінде бүктелетін болады» деген, бірақ біз зымыранның айнаны жазып ұшып, сосын бүктелгенін көрген жоқпыз, аэродинамика тұрғысынан олай мүмкін де емес. Ғарышқа шығып ұшып жүргенде ашылатын болса, онда солай, айқын жазу керек. «Сегменттердің алтыбұрышты пішіні бар, өйткені алтыбұрыштардан құралған дөңгелек нысанды құрастыру оңай, сонымен бірге олар бетті бос орындарсыз төсей алады». Грамматикалық құрылымына тіпті тиіспейік, бірақ осы сөйлемнің орыс тіліндегі түпнұсқасы «Сегменты имеют шестиугольную форму, поскольку из шестиугольников легко собрать относительно круглый предмет и вместе с тем ими можно замостить поверхность без зазоров» екені белгілі. Бірақ түпнұсқада неғылған сегмент екені толық жазылған. Ал қазақшасында жаңа түсініктер оқырманға тұтқиылдан саулайды да жатады. Жазбаның редактурасы ғылыми ұйымның сүзгісінен өтті деп сену қиын.

Айтпақшы, James Webb телескобы фотоаппарат емес. Hubble да ешқашан фотоаппарат болмаған. Олар ең алдымен – детекторлар. Сол детекторлар тіркеген сигналдардан барып компьютерлер кескін түзеді. Мән-мазмұндық құйтырқы да осы жерде. Ағылшын тіліндегі photo мен орыс, қазақ тілдеріндегі «фотоның» мазмұны бөлек. Орыс және қазақ тілінде фото – тек шынайы мезеттің бейнесі: не көріп тұрсың – сол бейнені аласың. Сондықтан аударма мақалаларда астрономиядағы басты әдіс – спектр анализі туралы тұтастай түсінік тасада қалып жүр.

«Казахстанская правда» да, ол сілтеме берген РБК да телескопты «түсі қанық фото жіберді» дей отырып, ғарыштағы мықты фотоаппарат туралы оқырманға жаңсақ түсінік қалыптастыратын сияқты (ескерту: бұлай жазу тек осы екі басылымға тән емес). Ағылшын тіліндегі нұсқаны жолма-жол қайталауды мақсат тұтпай, ғылыми ньюанстарды атап өту керек. Әрине, бұл журналиске берілген уақыт пен оның тақырыпқа жеке қарым-қатынасына байланысты. Аударманың жергілікті ғылыми мәдениетке адаптациясын да ойлаған жөн. Біздегі «фотография» мен олардағы спектр визуализациясы тіпті бөлек нәрселер.

 

 

«Назарбаев дәуірінің құлы болдық»: отандық БАҚ қаңтар оқиғасынан кейін Елбасы мен оның әулеті туралы не жазды?

Осыдан бірнеше күн бұрын Нұрсұлтан Назарбаев құрған қорлар желісінің активтері туралы тергеудің тең авторы, интернет-журналдың бас редакторы Вячеслав Абрамов «Гиперборей» YouTube-арнасына берген сұхбатында «Назарбаев қоры» сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығына (OCCRP) мен OpenDemocracy басылымына қарсы АҚШ пен Ұлыбритания соттарына жала жабу туралы неге талап арыз бергенін айтып берді. Ол сондай-ақ мұның қазақстандық журналистермен қандай байланысы бар екеніне де тоқталып өтті.

Қазақстандық басылымдарды әзірге бұл Қор сотқа бермеді. Десек те, қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев отбасына қатысты ақпараттар БАҚ-та еркін жариялана бастады. «Жаңа репортер» қазақстандық басылымдар Назарбаев отбасына қатысты тақырыптарды қалай жазғанына және нақты қай ақпарат құралдары ашық жаза бастағанына шолу жасады.

«Рателдің» шымшымалары

2021 жылдың желтоқсан айының соңына дейінгі жаңалықтарында Ratel.kz Елбасы өмірінен жағымды жаңалықтарды берумен болды. Солардың бірінде оқырмандар Нұрсұлтан Әбішұлының гольф ойнап, тіпті саясаткерлермен және бизнесмендермен халықаралық турнирлерге қатысқаны туралы хабардар болады. Тағы бірінде, Ұлттық Банк Назарбаевтың портреті бар монеталарды шығарғаны туралы хабарлады.

Ал қаңтардан бастап, Назарбаевқа қатысты апараттар барынша бейтарап болуға тырысса да, біршама өзгеріп, басқаша реңк ала бастағаны байқалады. Сондай-ақ, бұрын мұндай «тергеу» айдарымен мақала бермегеніне қарамастан, порталдың талдау қызметі Назарбаев Орталығының шығындарына күтпеген жерден қызығушылық танытты. Елбасының туыстарына келетін болсақ, мысалы, Болат Назарбаев меценат пен рухани адамнан әп-сәтте қасақана салық төлемеуші және көп әйел алушы адамға айналған. Дариға Назарбаеваның есімін қаңтар айындағы оқиғалармен байланыстырылып қана қоймай, сондай-ақ оқырмандар үшін жаңалық емесіне қарамастан, Д.Назарбаеваның  шетелдегі жылжымайтын мүлкі туралы да ақпарат жарияланды.

«Орданың» шабуылы

Бұл тақырып бойынша Orda.kz. белсенді құлшыныспен біршама қалам тартты. Алғашқы жарияланым «тергеулер» айдарында 25 қаңтарда пайда болды; бұрын, егер Сіз мұрағат арқылы қарасаңыз, сайтта Назарбаевтар тақырыбына «қол тигізілмегенін» байқайсыз. Елбасының 20 жыл бұрынғы отбасылық фотосуретімен суреттелген материалда отбасы мүшелері мен достарының жеңілдетілген несиелер алғанын айтады.

Назарбаевтар әулетінің қарашаңырағы мен Болат Назарбаевтың үйі туралы репортаж

Orda News YouTube арнасында Алматыда қаңтар оқиғасына байланысты ТЖ режимі әл бітпеген 18 қаңтарда жарияланды.

Қайрат Сатыбалды ұсталғаннан кейін арада  үш күн өткенде, Нұрсұлтан Назарбаевтың жиенінің активтері туралы материал пайда болды.

Қыркүйек айының басынан бері сайтта Назарбаевтар туралы үш зерттеу материалдары жарияланды, олардың бірі – Елбасының активтері туралы, екіншісі — Әлия Назарбаеваның екі бөлімнен тұратын бизнесі туралы. Тұңғыш Президенттің немересі Нұрәлі Әлиев те назардан тыс қалмады, «зауыттар мен кемелерге» арналған зерттеудің екінші бөлімі ретінде «Лондондағы сарайлар, сәнді яхталар мен оффшорлар-Нұрәлі Әлиевте тағы не бар?»— деген тақырыппен мақала жарық көрді.

Тамыз айының соңында басылым журналистері Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысы бар 2000-шы жылдардың басындағы «Қазақгейт» дау-дамайын еске алады.

Философиялық сұрақтармен жарияланымның алдында: «Саяси, экономикалық, құқықтық тұрғыдан мұндай істерді бағалау мүмкін бе? Мәселе өзектілігін жоғалтты ма? Және бұл бізге не үшін керек? Шамасы, бізде бір нәрсе материалдық пайда үшін емес, әділеттілікке деген шөлді басуды талап етеді. Тыныштық, күш тепе-теңдігі, барлық жаман мен жақсы нәрселер арасындағы тепе-теңдік үшін біз ол әділеттілікті табуға үміттеніп, әлі де күтеміз», — дей келе, Назарбаевты «Қазақ диктаторы»деп тікелей атайды.

Orda сайтының зерттеу материалдарында тұңғыш президенттің бауыры Болат Назарбаевқа қатысты материалдарға ерекше орын беріледі. Б.Назарбаев туралы ондай мақалаға арқау боларлық тақырып та жеткілікті екені сөзсіз.

Жалпы, қаңтар айындағы оқиғалардан кейін басылым сайтында Назарбаевқа, оның отбасы мүшелеріне және оның қоршаған ортасына қатысты мақалалар көптеп пайда болды.

Бірақ кейбір жарияланымдардың сайттан жиі-жиі жоғалып кететіні қызық.  Мысалы, Дариға Назарбаеваның қамқорлығымен құрылған Қайрат Шәріпбаевтың «империясы» туралы материал.

«Baigenews»-тің шабысы

2021 жылдың желтоқсан айында Baigenews.kz интернет-басылымның ақпараттық таспасындағы әрбір жаңалық дерлік Елбасының «игі істері» туралы жаңалықтарға арналған және оның портреттері қазіргі президентке қарағанда жиі жарияланыпты. Бірақ қаңтар айында Назарбаев лентада сирек көріне бастаған немесе ол туралы тек төтенше жағдайлар кезінде немесе жанама түрде президент Тоқаевтың айтқан сөзімен беріле бастайды.

Кейінірек Болат Назарбаевтың және Қайрат Шәріпбаевтың заңсыз әрекеттері туралы жаңалықтар пайда бола бастады. Сондай-ақ Елбасы туыстарының түрлі қызметтерінен кетуі туралы кейбір ақпараттар жарияланды. Кейінірек заңсыз әрекеттеріне байланысты Болат Назарбаев пен Қайрат Сатыбалдының қызметен кеткені туралы ақпарат жарияланды.   Сонымен қатар  Дариға, Әлия Назарбаевалар мен Болат Назарбаевтың ұлы Ербол Назарбаев қызметтерінен кетуі туралы, сондай-ақ Қайрат Сатыбалды ісі туралы ақпарат жарық көрген. Алайда «Зерттеулер» айдарына Н.Назарбаевтың активтері немесе оның отбасы мүшелеріне қатысты елең еткізерлік дүние бұл сайтта жариялана қоймады.

Басылым өзінің бұрынғы бағытынан анау айтқандай ауытқыды деп айта алмаймыз.

UlysMedia-ның  «шындығы»

Қаңтар оқиғаларына дейін Ulusmedia.kz порталы Тұңғыш президент пен оның отбасы мүшелерінің қызметі туралы бұрынғы Елбасының баспасөз қызметі таратқан  жаңалықтарға толып, әрбір ақпаратта әлдекімнің Назарбаевқа айтқан алғысы ерекшеленіп берілетін. Порталда сондай-ақ «Портрет штрихтары» деректі фильмінің кезекті бөлігі туралы аңдатпа жарияланды. Әлия Назарбаеваның «Место силы » кітабының таныстырылымы туралы айтылды, авторды «Қоғам қайраткері» деп атап, Глазгодағы Климаттық саммитте сөйлеген сөзі туралы кеңінен жазды. Бірақ 2022 жылғы сәуірде басылым сайты «ЭКСПО «аумағындағы Әлия Назарбаева мен Динара Құлыбаеваның нысандары орналастырылған, көптеген үй-жайлар Нұрсұлтан Назарбаев қорына «тегін берілді» деген айыптау жазбасы пайда болды, ал келесі бір материалда Әлия Назарбаеваның бизнесін «алаяқтық»деп атады.

Басылым сонымен қатар бұрын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің (НЗМ) жетістіктері туралы жиі жазғанына қарамастан, Назарбаев Университетінің үлкен шығындары туралы жазды. Содан кейін кенеттен Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиевтің LRT туралы іске қатысы барын «еске салып», экс – президенттің үлкен қызы, анасы Дариға Назарбаеваның өмірбаянын жазып,»билік оған үлкен ықпал және сансыз байлық берді» деген қорытынды жасады. «Қазақстан халқы» қорының құрылуына байланысты басылым Назарбаевтың «ашкөз және нигилист» болған басқа да жақын туыстары мен жақындары туралы еске түсірді, басылым кейіпкерлерінің арасында, әрине, Болат Назарбаев «Алматы облысындағы ірі базарлардың иесі және бүкіл облыстың иесі» деп танылып, оған рейдерлік басып алу айыбы тағылған мақала жариялады.

Басылым Тұңғыш президенттің басқа туыстары туралы да әшкерелейтін материалдар жариялады. Назарбаев пен оның отбасы мүшелері БАӘ азаматтығын 1 миллиард долларға алғаны туралы мақаладан басқа, бұл сайттың Назарбаевтың тікелей өзін зерттеу туралы мақала жазуға батылы жетпегенін аңғарасыз.

Adyrna.kz-тің «ақиқаты»

Adyrna.kz  ақпараттық порталы да бірінші президенттің туыстары мен жақындарын ұстау немесе қызметінен босату туралы кезекті жаңалықтардан басқа, жалпы тенденциядан тыс қалмады, тақырып бойынша көптеген басқа мақала жариялады.

Көптеген басқа басылымдар сияқты, мысалы, Болат Назарбаевтың рейдерлік басып алуы туралы айтты. Сәуір айында басылым Нұрсұлтан Назарбаевтың салық базасындағы аты-жөні туралы деректерін өзгерткенін хабарлады. Содан кейін Назарбаевтар отбасының Араб Әмірліктерінің азаматтығын алғаны туралы жаңалық пайда болды. Біраз уақыттан кейін порталда қаңтар оқиғаларынан кейін Назарбаев өзінің мүлкін ұлы Тауман Нұрсұлтанға жаздырды деген мақала жарық көрді. Басылымда Тұңғыш президенттің «үшінші әйелі» Әсел Құрманбаевадан екі ұлы бар екендігі айтылған.

«Уақыт көрсетеді» YouTube-арнасына сілтеме жасай отырып, портал мәжілістің экс-депутаты Серік Әбдірахмановтың «Заманбек ержүрек қолбасы еді, ал Назарбаев тексіз, бейшара екен ғой» атты сұхбатын жариялайды. Басқа уақытта мұндай тақырыппен, әсіресе осы сайтта осындай материал берілуін елестету мүмкін емес, тіпті қорқынышты. Тағы бір материалда дін істері жөніндегі комитетті салафизм идеяларын уағыздаған Назарбаевтың туыстарын жауапкершілікке тартуға шақырған теолог Тұрарбек Құсайыновтың пікірі жарияланды. Мәтінде Қайрат Сатыбалды туралы айтылады. Жақында ғана порталда Әлия Назарбаеваның қалдықты өңдеу бизнесіне қатысты «қоқыс патшайымы»деп аталатын материал жарық көрді.

«Жас Алаш»

2020 жылдан кейін құрылтайшылары мен редакторы ауысып, өзінің оппозициялық бағытын өзгерткен  «Жас Алаш» газеті де күтпеген жерден «оянып», Қазақстандағы атақты бас отбасыны әшкерелеу мақалаларын жариялауға белсене кірісті.

2021 жылдың соңғы айларында газет Nur Otan партиясының отырысынан ақпарат таратып, мысалы, «Елбасы саясатындағы руханиятты жаңғырту» сынды материалдар жариялап келді. Бірақ 2022 жылдың қаңтар айының соңында басылым бетінде заң ғылымдарының кандидаты Айыпқан Мұхамадиев басылымға берген сұхбатында «Елбасы» ұғымы Конституция мен мемлекетке жасаған қиянат» деп атайды. Ал ақпан айының ортасында газет кенеттен Болат Назарбаевтың «Алтын Орда» базарының қожайыны екенін біліп, оның жұмысында орын алған заңсыздық туралы айтады.

Публицист Талғат Айтбайұлымен сұхбатта қаңтар айындағы қанды оқиғалардың артында Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұрғаны айтылады. Келесі материалдың авторы Тұрысбек Сәукетаев: «Біз бәріміз Назарбаев дәуірінің құлы болдық. Біздің «Құдайымыз» қарапайым екі аяқты құбыжық болып шықты», — деп, бұрынғы ұлт көшбасшысын «кітап оқымайтын кітапханашы» деп атайды.

Тағы бір жазбада Алматыдағы базарларға иелік ететін және оған қатысты тексерулер басталған тұңғыш президенттің әпкесі Анипа Назарбаева туралы айтылады. Жарияланымның соңында автор «Назарбаевтардың «базары» қашан тарайды?» деген риторикалық сұрақ қояды.

Оның жалғасы ретінде тамыз айында газет сайтында экс-президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев туралы материал жарияланды, оны автор «темір» Тимур деп атайды, себебі «жаңа Қазақстанның» реформалары оған әлі қатты әсер етпеген секілді. Автордың мәліметінше, Құлыбаев жаңа активтермен өсіп келеді – Маңғыстау облысындағы мұнай кен орындарын сатып алуға да ниетті екен.

Ал көп жылғы қарсыласы, шетелде 20 жылдан астам өмір сүріп келе жатқан экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің Назарбаев туралы сыни мақаласының бұл сайтта бұрын елестету қиын еді.

 «Қазақ Үні»

 2021 жылдың желтоқсан айының басында тұңғыш президент күніне орай газет Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіздігі мен осы уақыт ішіндегі жетістіктері туралы ой-толғайтын ауқымды мақаласын жариялайды. «30 жыл ішінде мен дамыған 40 елдің қатарына кіру үшін елді озық өркениетке шығара алдым…», — делінген бұл мақалада. Бірақ жаңа жылдың қаңтар айының соңында газет сайтында қос билік 2022 жылғы қаңтардағы трагедияға әкелгенін долбарлап айтатын  мақала жарық көрді.  «…Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесінде өмір бойы төрағалық етуі қаңтардағы оқиғаларда тағдыршешті рөл атқарды», — деп жазады автор.

Ал басқа материалда «Қазақ Үні «құрылтайшысы мен редакторы қызметін қоса атқаратын» Ақ жол «партиясынан депутат Қазбек Иса осы соңғы 30 жыл ішінде елімізде болған оқиғалардың бәрін «спектакль» деп атайды.

Егер бұрын басылым Дариға Назарбаева керемет баскетбол ойнайтынын қуана хабарласа, біраз уақыт өткен соң Назарбаевтың екі күйеу баласы қызметтен босатылып, Қайрат Шәріпбаевты Дариға Назарбаеваның күйеуі деп тікелей атап жазады. Газеттің нысанына, әрине, Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиева да ілікті, олар рейдерлік жасады деп айыпталды.

Егер «Елбасы» сөзі бұрын тек оң және пафос мәтінінде «…Тәуелсіздік туралы айтқанда, Елбасының тарихи миссиясы туралы айтпасқа болмайды» деп айтылып келсе, ал қазір  «Жаңа Қазақстан» заманында  «… ол басқа қазақстандықтармен құқығы тең қарапайым адам ғана» деп елбасымен оңайлықпен қоштасады.

Шын мәнінде, мұндай қарапайым һәм түсінікті дүние үшін әріптестерді сынаудан аулақпыз: олар қолдан келген соң, қонышынан басып әлек. Бұрынғы құпияның бүгін сыры ашылғанда журналистерге, әсіресе, зерттеумен айналысып жүргендерге жұмыс істеу қажет. Сайып келгенде, БАҚ бұқараның тілегін тыңдап, сұрауын жазуға тиіс-ті. Бірақ… бір кездері Елбасының мәртебесін асқақтатып (өйтпесе де болар еді), бүгінде сол қарқынмен оны былыққа батырып жатқан (үндемесе қайтер еді) көптеген шенеунік пен сарапшыға (әсіресе, медиада белсенділері) сұрақ көп…

 

Президент сайлауы, БҰҰ сессиясы, мобилизация: 19-25 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» Ресейден Қазақстанға үдере көшкендердің мәселесін басты тақырып етіп алыпты. Шекара бекетіне барып, келушілерден пікір сұраған. Ресейде жарияланған ішінара мобилизация туралы да айтты. Жалпы «Жеті күн» Ресей-Украина қақтығысын жиі қозғай бермейді. Сенат спикерінің мәлімдемесі, тұрғын үй нарығына  қатысты сарапшылар пікірі бар. Сюжеттің мақсаты проблема бар, дегенмен алаңдауға негіз жоқтығын ескерту секілді.

Жігер Сәрсен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сапары туралы ұзақ алғысөз айтты. Президенттің БҰҰ-да сөйлеген: «әлем ядролық соғыс алдында тұр» деген сөзін келтіріп, «кімді меңзегенін өздеріңіз де сезіп тұрсыздар» деп қайырды. Сюжет ұзақ. Президенттің Нью-Йорк сапарын толық қамтуға тырысқан. Мемлекет басшысының шетелде жұмыс істейтін қазақ жастарымен кездесуін де көрсетті. Кездесу кезінде түсірілім болғанымен,  телефон камерасына түсірілген синхрон ұсынды. Сондай-ақ, өткен аптада әлеуметтік желіде кең тараған президент пен Google қызметкерінің диалогын көрсетті. Мемлекет басшысы жиынға келген өзге жастармен диалог құрмаса керек.

«Жеті күн» жүргізушісі сайлау алды науқанға қатысты да біршама ақпарат берді. Алайда сюжет Парламент қарауында жатқан, денсаулық саласына қатысты заң жобасы туралы болды. «Дәрігер қателігінің құны қанша тұрады?» Осы сауал төңірегіндегі сюжетте тілші түрлі тараптың пікірін қамтуға тырысқан. Дәрігер қателігі үшін қолданылатын жаза туралы заң жобасына қатысты қоғамдық пікір әралуан.

«Жеті күн» әзірлеген соңғы ұзақ сюжет еліміздегі қой шаруашылығының бүгіні мен болашағы жайлы болды. Бұл шаруашылықты дамытуда үкімет тарапынан қолдау қажет екені айтылды. Сарапшыларды, сала мамандарын, фермерлерді сөйлеткен.

Sarap-Times, Astana TV

«Sarap times»  сайлау алдындағы науқаннан бастап, Қайрат Сатыбалдының сотына дейін ел ішіндегі жаңалықтарды бір шолып шықты. Саясаттанушылардың пікірінен цитата келтірді.

Сюжетте Президенттің билікке келген үш жыл ішінде елде болғн саяси-экономикалық өзгерістерге шолу  жасалды. Сюжетте сондай-ақ, саяси партиялар, сайлау туралы жаңа заң талаптары туралы айтылды. Саясаттанушылар, сарапшылар сөйледі. «Аманат» партиясына қарасты телеарна осылайша, партияның алдағы саяси науқанда кімді қолдайтынын білдіргісі келгендей.

Сайлау тақырыбын студияда Саят Жөкенұлы Мәжіліс депутаты Айдос Сарыммен талқылады.

«Көршіден көш келуде», Ресейдегі мобилизациядан қашқандар туралы бұл бағдарлама да сюжет әзірлепті. «Жеті күн» әзірлген сюжеттен бір ерекшелігі сарапшылардың бірі елде қолма-қол рубль көбейетінін айтып қалды. Алайда, бұл мәселенің экономикалық салдарын тілші терең қаузамапты.

Қатерлі ісік ауыруына шалдыққандарға берілетін ауруды басатын «Трамадол» препараты еркін саудаланып жатыр екен.  Мұндай дәрінің саудасына полиция тарапынан қатаң бақылау болуы тиіс екен. Келесі сюжетте тілші  осындай сауда орнының біріне барып түсіріпті. Сатып алған колледж студентінің бетін бүркеп, пікірін де сұраған, титрға сәйкес бұл  — Орал қаласы болды.  Сюжет барысында осындай тағы бір орын көрсетілді, титрда Астана деп тұр. Алайда, сюжет барысында бұл орындарға қатысты құзырлы орган өкілдерінің түсініктемесі не пікірі жоқ. Тағы бірде «Трамадол» препаратының атауы ірі әріптермермен жазылған видео көрсетілді.  Ол көрерменге жарнама секілді көрінуі де мүмкін.

Бұл бағдарлама да денсаулық тақырыбына да сюжет арнады.  Қызылорда қаласында жүкті әйел туыт үстінде қайтыс болған. Туыстары мен емдеуші дәрігерден сұхбат алыпты, тілші. Марқұмның туыстары дәрігерлерді кінәлайды. Тілші туыстарының көзінше туыт қабылдаған дәрігерден сұхбат алады.  Дәрігердің мардымсыз жауабынан соң, ана өліміне дәрігер кінәлі деген ой туады. Марқұмның туыстарының алдында дәрігерден сұхбат алу қаншалықты орынды?  Журналист әшкерелеуші орган өкілі емес қой. Қылмыс құрамы болса, ол үшін құқық қорғау органдары бар емес пе?
Сонымен қатар, «Аңсаған сәби» бағдарламасы үшемді дүниеге әкелген келіншек туралы да ақпарат бар. Ол сәбилеріне Қасым, Жомарт, Кемел деп ат қойыпты. Осылайша бұл сюжет қайғылы оқиғаны баяндаудан басталып, сәби өлімі туралы көрсеткішті айтып, жағымды жаңалықпен аяқталыпты.

Бағдарлама ұсынған соңғы сюжет өте ауқымды. «Аналар үйі», «Атамекен» балалар қалашығы, шетелдіктер асырап алған балалар, бала асырап алушыларға арналған мектеп, балалар үйінде өсіп келе жатқан баланың арманы.  Бәрінің ортақ тақырыбы бала болғаны үшін бірнеше проблема осылай топтастырылған ба? Сюжеттің мақсаты не?

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасы Ресейдегі мобилизация  мәелесіне терең үңіліп, Украин-Ресей қақтығысына қатысты да ақпарат беріпті. Мобилизацияға қатысты ресейліктредің наразылық шарасын ұйымдастырғанын, шетелдік ақпарат құралдарының видеосын көрсете баяндайды.  Путиннің ДХР мен ЛХР және өзге басып алған облыстарындағы референдум жайлы мәлімдемесін келтіріп, оған батыс елдерінің жауабын да беріпті.

Ресейден елімізге келіп жатқан көш туралы да «Айна» сюжет әзірлепті. Мұнда негізінен Алматыдағы пәтер бағасы, қонақ үйлердегі орынның тапшылығы көбірек сөз болыпты.  Тілші бір проблеманы тиянақты талдауға ден қойған.

«eGov куәгері» айдарында студияда Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Тамара Дүйсенова сұхбат беріпті.

«Айна» бағдарламасының тілшісі Махамбет Бейбітшілік Астанадағы алып мешіттің мердігерлері сонда қызмет көрсететін компания жұмысшыларының ақысын төлемегені туралы сюжет әзірлепті. Тілші араласып, мердігер компанияның өкілдері ашық сұхбат беріп, мәселенің оң шешілуіне ықпал етіпті.

Жастарды әскер қатарына тартуда ынтаналдыру үшін жаңа жоба дайындалып жатыр. Оған сәйкес, әскери борышын өтеп келгендер сынақсыз ЖОО-ға қабылданады. Бұл мәселе жеке сюжетке арқау болыпты.  Тілші, әскерилер жастарды ынталандыру үшін әскерде тіпті Тик-ток түсіріліп жатқанын баяндайды. Әскери борышын өтеген жанның пікірі бар. Астарлы,  тартымды материал.

Ақбөпе Тәңірберген әзрлеген бойдақтар проблемасын көтерген сюжет әлеуметтік мәселені қозғады дегенмен,  сараптамалық бағдарламаның форматына сай келмейтіндей.  Жалпы, «Айна» бағдарламасы көрерменді ұстап тұру үшін  мәселеге жеңіл қарауға, әзілмен астарлауға тырысады. Кейде сәтті шыққанымен, кейде сәтті бола бермейді.

Елде сәбилер өлімі көбейіп келеді. Бұл туралы «Сәбилер зираты» аталатын сюжет әзірленіпті. Сюжетте қолданылған видеода  балалардың бет әлпеті ашық көрсетілмепті. Құптарлық.

Қызылордадағы ана мен бала өлімі және Денсаулық министрлігінің дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігі туралы талқыға шығарған заң жобасы бір сюжетте талқыланды.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN 

Кезектен тыс президент сайлауына 56 күн қалды. Үміткерлерді тіркеудің үшінші күні өтіп жатыр. Әзірге ешкім тіркелмеді. Apta алдағы сайлау тақырыбынан басталды. Сюжетте үміткерге қойылатын талаптарды айтып, басқа мемлекеттерден мысал келтірді (елімізде Зеленский де, Трамп та шықпайтынын меңзеп, өйткені мемлекеттік не сайланбалы қызметті 5 жыл еңбек өтілі болуы керек). Спикер ретінде қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары Бауыржан Серікбаев пен Елдос Жұмағұлов, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтынан Алуа Жолдыбалина мен Ермек Тоқтаров сөйледі. Серікбаевтың сөзінше,  1 қыркүйектен бері саяси партиялар мен қозғалыстардың сайлауға кімді ұсынатынын талқылауға уақыты болыпты. Тек қазақстандық қоғамдық даму институты (бұрынғы “Рухани жаңғыру” кеңсесі) мен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚР Президенті жанындағы) сарапшыларын ғана емес, еліміздегі тәуелсіз ұйым сарапшыларының да пікірін сұрағанда болар еді. Алайда, Apta оларды елемеуді жөн санапты.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа барып, БҰҰ Бас ассамблеясының 77-сессиясында сөйлегені екінші үлкен сюжетке арқау болды. Бәрін айтып (БҰҰ мінберінде сөйлегені, АҚШ-тағы ірі компанияларда жұмыс істейтін қазақстандықтармен және жергілікті ірі бизнесмендермен кездесуі), барлығын көрсетті.

Владимир Путин Ресейде ішінара мобилизация жариялады. Телеарнаның Мәскеудегі тілшісі осы тақырыпта сюжет дайындапты. Көшедегі адамдардан пікір сұрап (пікірлер әралуан: бірі Путинді қолдаса, ендібірі не үшін өлетінін түсініксіз соғысқа баруды қаламайды), кімдер мобилизацияға жатататынын, кімдер ілінбейтінін айтты. Шап-шағын, бірақ мағлұматы мол, ең бастысы тараптарды сөйлеткен, баланс сақтаған сюжет.

Ресейде ішінара мобилизация жарияланған соң ресейліктердің біразы басқа елдерге көше бастады. Көбі Қазақстанға бағыт алды. Елге үдере көшіп келіп жатқандар қоғамға қалай әсер етеді? Міне, осы туралы үлкен сюжет жасапты. Шекара бекетінде тұрған РФ азаматтарының мен Қазақстандағы РФ азаматтарының пікірін сұрап, эксперттер мен экономисті сөйлетті. Сенат спикері, ҚР ІІМ өкілі мен Krisha.kz компаниясының басшысынан да пікір алыпты. Сюжеттегі назар аударатын бір сәт – мұнда да сарапшы ретінде қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары Бауыржан Серікбаев пен Елдос Жұмағұлов сөйледі. Демек, екеуі де түрлі тақырыпта сөйлей беретін әмбебап сарапшылар болғаны ғой. Apta редакциясы сарапшы спикер таңдауға жете мән берсе екен.

Қостанай халқы бір айға жалғасқан орман өртінен кейін қалай өмір сүріп жатыр? Бұл сауалдың жауабын іздеген сюжетте тұрғындардың жан тебірентер хикаялары, салмақты мәселелері қамтылған. Тілшінің қозғалмалы стендаптары материалды әсерлі ете түсіпті. Ахуалды анық көрсеткен сапалы сюжет.

Осы аптада Қайрат Сатыбалдының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша нюанстар белгілі болды. Сот отырысы туралы айтып, Қайрат Сатыбалды мемлекетке қайтарған миллиардтарға қанша мектеп салуға болатынын да есептеді. Тартымды салыстыру.

Түркістан облысы мақташыларының проблемасы үлкен сюжетке түрткі болған екен. Әкімдік мақтаның 1 тоннасы 374 мың теңгеден сатылсын деп баға белгілегенімен, жекеменшік зауыттар оның құнын тоннасына 200 мың теңгеден асырмай отыр екен. Дихандар шығынға бататынын айтып шырылдап жүр. Шыдамы таусылған жұрт егістігін тастап, облыс әкімдігінің алдына келіп, бағаны көтеруді талап етті. Комментарийі көп, эмоцияға толы, дихандардың проблемасын айқын көрсетер сюжет. Облыс әкімдігінің өкілдері мен Қазақстан мақта қауымдастығының төрағасын да сөйлетіп, “Ауыл” партиясы өкілінің пікірін сұрапты.

Бағдарламаны Димаш Құдайбергеннің Алматыда ғаламат концерті өткені туралы хабар түйіндеді. Әншінің концертіне еліміздің және әлемнің түкпір-түкпірінен 30 мыңнан аса көрермен жиналды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіпапта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Жыныстық тәрбие жабық тақырып па? – БАҚ-қа шолу

Балаға жастайынан жыныстық тәрбие берілуі керек пе, әлде бұл айтудың өзі ұят саналатын жабық тақырып па? Қоғамдағы осы дилемма қазақша БАҚ нысанасына жиі түсіп тұрады. Көп тілшінің материалынан жыныстық сауаттың маңызын білдіретін месседж айқын байқалады. Әйтсе де, бұл мәселеге «ұлттың трагедиясы» деп баға беретіндер де бар. «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр отандық қазақтілді басылымдарда кейінгі бір жылда жыныстық сауат тақырыбы қалай жазылып жүргеніне шолу жасады.

Нuman story

Бұл тақырыпта жазылатын мақалалардың құрылымын бірнеше түрге бөлуге болады: белгілі бір кейіпкердің оқиғасы желісіндегі human story, зерттеу нәтижесіне, статистикаға сүйеніп жазылатын сараптама, пайдалы кеңестер мен танымдық ақпараттар негізінде әзірленетін мақала және дерек пен дәйегі аз, мораль тұрғысынан эмоциясы басым материалдар. Кейде осы аталғанның бәрі бір жерден табылады. Материал өтімді болуы үшін оның форматын дұрыс таба білген дұрыс. Айталық, жыныстық тәрбие туралы жазатын кезде болашақ мақаланың «сұлбасын» сәтті ойластырған тілші ұтады. Жоғарыда атап өткен «хьюман стори» форматын қазақ журналистері жақсы пайдаланатынын байқадық.

arasha.kz сайтынан скриншот

Мысалы, arasha.kz cайтында «Ерте жүктілік: Жыныстық тәрбие беру маңызды» деген материал жарық көрген. Автор Эльвира есімді кейіпкердің оқиғасы арқылы мәселенің шетін шығарады.  «Журналистер этикасының жаһандық хартиясында» көрсетілгендей, кейіпкердің жеке өмірін сыйлап, аты-жөнін өзгертіп берген. Эльвираның басынан өткергенін айта келе, артынша спикерлер сөзімен ерте жастан жыныстық сауат ашудың маңызына тоқталады. Жалпы алғанда материалдың берілу тәсілі жақсы. Тек ішіндегі мына жайттарды назардан тыс қалдыра алмаймыз. Гормонды – «гармон», маңызын дегенді «маңыздылығын» деп жазған. Сондай-ақ, «Ұлы сөзде ұят жоқ» деудің орнына «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» деген. Мұндай мысал бұл материалда ғана емес, қазақша мақалаларда жиі кездеседі. Тіпті көбі жыныстық сауат жайлы жазғанда «жыныстық сауаттылық» деп қолданады.

Деректерді ойнату және датамен жұмыс

Келесі бір формат – сандар арқылы мәселенің ауқымын сезіндіру. Көргенде көз сүрінетін сандарды түсінікті тілде жеткізу заманауи журналистикада жоғары бағаланады. Кейінгі бір жылда бүгінгі тақырып бойынша статистиканы әдемі ойнатып берген мақала көзімізге түспеді.

azattyq-ruhy.kz сайтынан скриншот

Десе де, «Азаттық рухындағы» дерегі мол мына материалды атап өткіміз келіп отыр. Ұнаған тұсы – жыныстық тәрбиенің маңызын әдемі тізбек арқылы жеткізген. Аңдатпасында Қазақстандағы жас қыздардың үлесі жылдан-жылға азайып келе жатқанын жазады. Оқырман мұндайда «неге олай болды екен?» деп қызығып, әрмен қарай оқиды. Мақалада спикерлер тұщымды ой-пікірлер айтады. Кемшілігіне келсек, сан өте көп. Зерттеуші журналистер мен редакторлар қауымдастығы әзірлеген «Журналистикадағы математикалық әдістер» оқулығында бір абзацта 8 саннан артық болмағаны жөн делінеді. Ал төмендегі скриншотқа назар салсақ, 36 сан бар. Спикердің сөзі болса да, дереккөзін анықтап, тиянақты инфографика түрінде ұсынса, ғажап болар еді. Материалда визуал ретінде дайын кестелер қолданылған, дереккөзі көрсетілген.

Танымдық материалдар тартымды болса…

Ақпаратқа сусап, интернетті ашып қалғанда жасөспірімнің алдынан қандай танымдық мақалалар шығады? Halyqline.kz сайтында «Жыныстық тәрбие жабық тақырып болмауы тиіс» деген материал жарық көрген. Мақалада автор баланың жасына сай қандай әңгіме айтылуы керегіне тоқталады. Айталық, 3 пен 6 жас аралығында «Ұл бала қызды құшақтап, ернінен сүюіне болмайды деп үйрету керек» деген кеңес ұсынады, ешқандай дереккөзге сілтеме жоқ. «Ұят емес» сайтынан жыныстық тәрбие туралы көп ақпарат табуға болады. Платформа екі тілде жасалған. Расында, онда жасөспірімдерге арналған түрлі тақырып қозғалады. Ата-аналар мен оқушыларға жақсы нұсқаулық.

Экспрессив сөздер мен эмоция

Okg.kz cайтындағы «Ерте жүктіліктен елге қарайтын бет қалмады…» деген материалдың мысалында талдап көрелік. Журналист мақаласына жаны ашып, ондағы мәселеге азаматтық ұстаным тұрғысынан күйінуі мүмкін. Бірақ ол позиция «мен мұндалап» тұрмауға тиіс. Іші жанып бара жатса да тілші өзекті мәселе мен өткір ойды спикерге айтқызып, өзі бейтарап қалғаны дұрыс. Мәселен, аталған материалдың лидінде әлемде 16 млн жасөспірім жүкті болып қалатынын айтып, Қазақстан көш басында тұр дейді. Біріншіден, 16 млн деген статистика бүгінде ескірген. Ол 2012 жылы жүргізілген. Екіншіден, әлем бойынша Қазақстан көш бастап тұрған жоқ. ТМД елдері ішінде алдыңғы қатарда екені рас. Ерте жүктілік мәселесін сипаттай келе, автор «тұтас адамзат баласының сүйегіне таңба болып басылатын дерт», «ұлттың трагедиясы» деп бағалайды. Одан қала берді «Қайбір жылы халық сенген қалаулыларымыз мінберде тұрып, «оқушыларға тегін мүшеқап тарату керек. Бұл ерте жүктіліктің алдын алады» деп көкіген» дейді. Мұнда журналист депутаттың ұсынысын жақтырмағанын «көкіген» деп берген. Айта берсек, материалда мұндай мысал өте көп.

Бірнеше ай бұрын YouTube платформасындағы «Өsex» ток-шоуының бірінші шығарылымы біраз дау тудырған. Тілшінің заманауи слэнгпен сөйлегенін сынағандар көп болды. Одан бөлек, сол шығарылымға қатысқан қонақ бағдарламаны өшіруді талап етіп, құқық қорғау органдарына арыз түсірді. Қоғамда резонанс тудырған ток-шоудағы тақырып, журналист этикасы, қазақ тіліндегі бейәдеп сөздер жайлы «Азаттық рухы» жазған. Журналист Айнаш Есали «рейтинг пен кликбейт үшін мыңдаған адамның алдында еш қымсынбай бейәдеп сөздерді айқайлата айтып, кәсіби журналист этикасын сақтамауын құптамаймын» дейді. Ал «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Әженова болса, ток-шоуды көріп шыққанын, ол жерден өрескел қате байқамағанын айтады. Qazaqsha jaz қозғалысының негізін қалаушы Жалғас Ертай «жаңа сөз пайда болса, оны құптау керек» деген пікірде. Дінтанушы Асылтай Тасболат та қалыпты жағдай деп баға берген.

Түйін. Қоғамдағы өзекті тақырыптар қозғалуы керек. Бірақ форматты жаңартып, медианың заманауи тәсілдерін қолдануды үйренген жөн. Визуалдау, Excel кестедегі қаптаған сандар арқылы мәселені жаңа қырынан көтеруді қолға алған кезде мақала құлпырып шыға келеді. Ондай кезде артық ауыз сөз бен экспрессия да шетке ысырылады.

 

 

Астана, Рим папасы, ШЫҰ саммиті: 12-18 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың негізгі сюжеттері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі, ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары, Самарқанда өткен ШЫҰ елдері басшыларының саммиті туралы болды. Сондай-ақ, өткен аптада президент Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заңға қол қойды. Нұр-Сұлтан қаласына «Астана» атауы қайтарылды, президент жеті жыл мерзімге бір рет сайланатын болды. Кәсіби боксшылар Геннадий Головкин мен Сауль Алварестің жекпе-жегі де назардан тыс қалмады. Армения мен Әзірбайжан, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қарулы қақтығыстар туралы кей бағдарламалар шетелдік жаңалық сипатында қысқа хабарлады.

«Жеті күн», «Хабар»

«Астанадан сөйлеп тұрмыз!» – «Жеті күн» жүргізушісі Жігер Сәрсен елорда атауын өзгерту туралы президент жарлығы шыққаннын хабарлап, бағдарламаны осылай бастады.

Индира Жылқайдарованың ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары жайлы әзірлеген сюжеті ұзақ болды. Екі ел басшыларының сөзінен үзінді берілді. Қос мемлекеттің сауда айналымы, сауда жолы, экспорт-импортты жайлы кеңінен баяндалды. Бірнеше қазақстандық сарапшының, Қытайдағы халықаралық мәселелер институты директорының пікірі берілді. Сондай-ақ, Қытай басшысының пандемиядан кейінгі алғашқы шетелдік сапары жөнінде Ресей сарапшыларының «тіс жара қоймағанын» атап айтып, Қытай басылымдарының осы сапар жайында таратқан оң пікірлеріне қысқаша шолу жасалды. Батыс ақпарат құралдарына шолу жасау артық болмас еді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі жайлы сюжет те ұзақ болды. Рим Папасының сапарын баяндаудан басталып, съезде көтерілген мәселелерге ойысты. Хаттамалық сюжет.

«Ерназардың 9 ұлындай, бірінен бірі асқан тоғыз ел қай жағынан қарасаңыз да қуатты құрылымның қауқарын нығайтып, абыройын асырып тұр» – жүргізуші Иранның ШЫҰ құрамына қосылғаны туралы ақпаратты осылай хабарлады. Ұйымға мүше мемлекеттердің барлығын бірдей «бірінен бірі асқан» деп бағалау артық. Құрамына кіретін елдер арасында (Тәжікстан мен Қырғызстан) өзара қарулы қақтығыс болып жатқан ұйымды дәл бұлай бағалау артық емес пе? Сюжетте негізінен жиын барысындағы Қазақстан президентінің сөйлеген сөзінен үзінді беріліп, журналист Тоқаевтың ұсыныстарын түсіндірген, сарапшы пікірі жоқ.

Жігер Сәрсенұлы осы сюжеттен кейін ғана Армения мен Әзірбайжан, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қарулы қақтығыстар туралы ақпарат берді.

Осыдан кейін БҰҰ Бас ассамблеясының 77 сессиясы өтетін Нью-Йорктан тілші Қорған Қонысбайұлы тікелей байланысқа шығып, сессияға дайындық барысы туралы айтты.

Содан соң елорданың атауын ауыстыруға байланысты тұрғындардан алынған сауалнама ұсынылды. «Жеті күн» жүргізушісі бағдарламаны астанадан Түркістанға аттанған марафон-бәйге және Канело мен Головкиннің үшінші жекпе-жегі туралы ақпараттармен аяқтады.

Sarap-Times, Astana TV

Бағдарламаның басты тақырыбы Діндер көшбасшыларының VII съезі туралы болды.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің сапары туралы бес минуттық хаттама сюжет құрылымы жағынан «Жеті күн» сюжетіне ұқсас, мұнда да сарапшылар екі ел қарым-қатынасының маңызы туралы пікір білдірді.

Елорданың «Астана» аталуын халық қолдайды дегенді ұқтырғысы келгендей, осы тақырыпқа арналған сюжет сауалнамадан басталды. Президенттік мерзімді бір реттік және 7 жыл етіп бекіту туралы ұсынысты депутаттардың қолдағаны да осы материалда айтылды. Sarap times бұл сюжетке «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың пікірін қосты. Бағдарлама жүргізушісі президентті бір мезгілге және 7 жылға сайлау бірді-екілі мемлекетте қолданылатынын, тағы бірнеше ел 5-6 жылға, бір мезгілге сайлайтынын, Франция 7 жылға сайлау мәселесін қарастырып жатқанын айтып, «Сондықтан мұны әлемдік тенденция деп қабылдау керек» деді. Бірнеше мемлекеттің тәжірибесі әлемдік көрсеткіш бола алмайтынын ескеру керек. Саят Жөкенұлы студияда Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтан президенттік мерзімге қатысты сұхбат алды.

Дастан Сейілханұлының сөзіне сенсек, «Amanat» партиясы Қарағанды облысында ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен 1 млн гектар жерді халыққа қайтарып берді. Осыған дейін «Жер аманаты» комиссиясы 600 мың гектардан астам жерді бай-бағландардан тартып алған еді. Ат шаптырым аумақты қолынан іс келетін шаруаларға таратып берді». Көрерменге партия емес, шаруалардың жоқтаушысы Робин Гуд елестеген болар. Шындығына келсек, партия – жер бөлетін мекеме емес. Astana TV арнасы осы партияға қарайтын ақпарат құралы шығар, дегенмен, жекелеген партия емес, заң үстемдік ететін мемлекетте құқықтық нормалармен жүзеге асуы тиіс шараны бір саяси партияның әрекетіне жатқызу қисынсыз.

Дастан Сейілханұлы бұдан әрі«Небары 3 ай бұрын ғана құрылған «Жер аманаты» комиссиясы осыған дейін құзырлы орындар тісін батыра алмаған адамдардан қалайша жерді оп-оңай тартып ала салды?» деген сауал қояды. Жауабы сюжетте берілуі тиіс еді. Алайда материалда жерді заңсыз алғандар және бергендер кім деген сауалға көбірек мән берілді. Пікір білдірген Мұрат Әбенов: «біріншісі – Байбек, екіншісі – Сағынтаев» деп төтесінен қойды. Спикер Алматыдағы заңсыз берілген жерлер туралы айтуда, ал «Жер аманаты» комиссиясы аймақтағы жерлерді қайтарды емес пе? Сондай-ақ, Мақсат Толықбай белгілі тұлғалардың аты-жөні анықталғанын, бір-екі аптада жария етілетінін айтты. Ал «Жер аманаты» комиссиясы «Қалайша жерді оп-оңай тартып ала салды?» деген сұрақ жауапсыз қалды.

Өткен аптада әлеуметтік желі қолданушылары Ақселеу Сейдімбекке қойылған ескерткішті сынға алып, нәтижесінде ол нысан алып тасталған еді. Sarap times елімізде мұндай жағдай бірнеше рет болғанын еске салып, оның себебіне үңілді. Суретші, мүсінші, жауапты мекеме өкілдері пікір білдірді. Журналист спикерлердің сөзіне сүйеніп, мұндай сапасыз ескерткіштердің орнатылуына түрткі болатын жемқорлық схемасын сипаттаған. Алайда ақпарат нақты фактілермен дәлелденбеді.

Елімізде тұран жолбарысын қайта тірілту жобасы қолға алынуда. Ол үшін Ресейден амур жолбарыстары Балқаш жағалауындағы алғашқы резерваттарға жіберілмек. Қазір дайындық жұмысы жүріп жатыр. Соңғы сюжет осы мәселе жайында болды. Бағдарламаны Түркістанға бағыт алған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі туралы ақпарат тәмамдады.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» Головкин мен Канелоның сайысы қарсаңында екі спортшының дайындығы, әлеуеті мен сыйақысы туралы сюжет әзірлепті. Бұл жолы бағдарламаны Асаубек Айымбетов жүргізді.

«Атыңнан айналайын». Артур Мағзомовтың елорданың атауын ауыстыруға қатысты сюжеті алдынғылардың құрылымынан анағұрлым ерекше болды. Тілші бұдан екі жыл бұрынғы Парламент депутаттарының сөзін, Мәжіліс депутатының уәжін келтіріп, елорда қалалық маслихаты өкілінің түсініктемесін берді. Тағы бір ерекшелігі – сюжетте көрерменді «бұл халықтың қалауы» деген ойға сендіруге талпынбайды.

«Айна» бағдарламасы астананың жылыту маусымына дайындығы туралы сюжет ұсынды. Тұрғындар жылуға төленетін ақының көтерілгенін айтты. Тілші бағаның көтерілу себебін қаладағы үшінші қазандық құрылысының кешігуімен байланыстырды. Қалада салынып жатқан үшінші ЖЭО құрылысының әлі күнге аяқталмай отырғанын айтып, нысанның мердігерінен жауап алу үшін құрылыс басына барды. Құрылыс компаниясы мен құзырлы орган өкілдері де пікір білдірді.

«Айна» жылыту маусымына қатысты тағы бір сюжет әзірлеген. Мұнда жазда қазандықтағы мұржаның бірі құлаған Петропавл қаласының жылыту маусымына дайындығы сөз болды. Ақбөпе Тәңірберген қираған мұржаны қалпына келтіру қай деңгейде, халыққа уәде берген билік «жауырды жаба тоқып отырған жоқ па» деген мәселе көтерді.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының өтемақы мен жәрдемақы төлеудің жаңа тәртібі қандай? Министрлік қандай өзгеріс енгізбек? «eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы осы мәселеге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, Ұлттық қордан балалардың шотына түсетін қаражат пен оны жүзеге асырудың жолдарына қатысты сюжет ұсынылды, депутаттар мен Ұлттық банк өкілінің пікірі бар.

Ақбөпе Тәңірберген осы тақырыпты «Жұмысы жоқтық…» сюжетінде жалғастырды. Жұмыссыздар тұратын орынға барған тілші әртүрлі жағдаймен жұмысқа орналаса алмай жүрген жандарды сөзге тартты. Құзырлы орган өкілінің пікірі бар. Журналистік зерттеу бағытындағы сюжетке жағдайға бейтарап баға беретін үшінші тарап – сарапшының пікірі жетіспеді.

Ақтауда балыққа түрлі-түсті мүсін орнатылды. «Айна» авторларының дерегінше, оның құрылысына жергілікті әкімдік 10 млн теңге жұмсаған. Әкімдік өкілі пікір білдіріпті, алайда бұл іске бөлінген қаражат көлемін ашық айтпады. Ашық бюджет тақырыбын қозғай ма деген материал осылайша қысқа қайырылды. Өкінішті-ақ. Болашақта редакция мұндай тақырыпты терең зерттейді деп сенеміз.

«Досқа құшақ ашар туыспыз». «Айна» өзге сараптамалық бағдарламаларда маңызды тақырыпқа айналған оқиғаларды бір сюжетке сидырыпты. Онда Рим папасының, сондай-ақ, Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары, президенттің Самарқандағы ШЫҰ самитіне қатысқаны туралы қысқаша ақпарат берілді.

Тәжік-қырғыз, әзірбайжан-армян қақтығыстарымен қоса, бірқатар шетел жаңалығына қысқаша шолу берілді. Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа  бұйырмаңыз» айдары тәмамдады.

Apta, QAZAQSTAN

Өткен аптада президент Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заңға қол қойды. Нұр-Сұлтан қаласына «Астана» атауын қайтарды, президент жеті жыл мерзімге бір рет сайланатын болды. Мұны студиядан хабарлап, депутаттардың қолдау комментарийімен толықтырып, Президент әкімшілігі төрағасының орынбасары мен мемлекеттік кеңесшінің түсіндірмесін қосыпты. Бары осы.

Қазақстан астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтті. Сюжет басында съезге Орыс православие шіркеуінің басшысы Патриарх Кирилл келмегеніне назар аударды. Қатысушылардың сөзі мен дінтанушының комментарийін жинақтаған сюжеттің атап өтер тұсы – Рим Папасының сөзін тәржімалаған синхронды аудармашымен сұхбат болды. Жаңа маусымның жаңалығы – Apta студиясына материал авторын шақырып, жүргізуші диалог құра отырып, сюжетке аңдатпа жасайды.

Өткен аптадағы маңызды тақырыптардың бірі – Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары. Мұндай маңызды оқиғаға күткеніміздей-ақ сюжет арнап, Қазақстанның Қытайға экспорт көлемін арттыру мүмкіндіктеріне мән берді. Мағлұматы мол сюжет.

Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тақырыбын саясаттанушы Асхат Қасенғалидің комментарийі жалғастырды. Ол «Қытайға Қазақстаннан не керек?» деген сауалға ой айтты.

Самарқанда ШЫҰ елдері басшыларының саммиті өтті. Оған Қазақстан президенті де қатысты. Сюжет саммитте айтылған көп тақырыпты: аймақтағы қарулы қақтығыстардан бастап ұйым ішіндегі экономикалық ынтымақтастыққа дейін қамтыды.

50 минуттық бағдарламаның 30 минуты өтсе де авторлар Қасым-Жомарт Тоқаев туралы айтып жатты. Оның Нью-Йоркке жоспарланған сапарын хабарлай келе, АҚШ-тағы тілшімен тікелей байланысқа шықты.

Бағдарламаның 33-минутында президенттен басқа тақырыптарға кезек жетті. Бірінші тақырып – АЭС құрылысы. Сюжет авторы Оңғар Алпысбайұлы ақпараты толымды, сараптамасы мол сюжет дайындапты. Энергетика министрін, Ұлттық ядролық орталық өкілін, Қазақстанның инженерлер және энергетиктер одағының бас директоры мен АЭС құрылысына қарсы энергетикті сөйлетті. Материалдың құндылығы – заманауи технологиялардың қауіпсіздігі, АЭС мәселелері, балама энергия көздері мен Париж келісімін орындамаудан туындайтын шектеулерді қарапайым тілді түсіндіруі болды. Жүргізушінің айтуынша, Apta редакциясы АЭС салу тақырыбын әрдайым бақылауда ұстап, ұдайы оралып отырады.

Қазіргі ресми дерек бойынша Қазақстанда 2,5 млн адам баспанасыз. Осы тақырыпты қаузаған сюжетке Қазақстан құрылысшылар одағының мәлімдемесі түрткі болыпты. Одақтың айтуынша, келер жылы тоқтайтын «Баспана хит» пен «7-20-25»  бағдарламаларының орнына Үкімет балама ұсынбаса, 7-8 жылда үйге мұқтаждар саны қайта көбеюі мүмкін екен. Сюжетте Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасына, Мәжіліс депутатына сөз беріп, экономист Андрей Чеботаревті сөйлетті. Көшедегі адамдардан сауалнама алыпты. Қыркүйек басында Андрей Чеботарев жүргізетін Telegram-арна Құрылысшылар одағының мәлімдемесін шантаж деп атап, пост жариялады. Ал сюжетте экономистің пікірі тұрғын үй бағасының қымбаттауына бір себеп – мемлекеттік бағдарламалардың дұрыс жасалмауы деген ойға келіп тірелді.

Бағдарлама кәсіби боксшылар Геннадий Головкин мен Сауль Алварестің жекпе-жегі туралы сюжетпен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіпапта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Маймыл шешегі. Масканы лақтырмаңыз

Медицина ғылымына негізделген ем-дом әдістері туралы ақпарат іздеп, қапылып жатамыз. COVID-19 пандемиясы оны айқын көрсетті. Коронавируспен күрес кезінде бұқараға академиялық емес, «әжем білетін халық емі» жақындау екенін көрдік. Бұл әлемде көрініс тапты. Клиникалық негізі жоқ ем-дом амалдары туралы әңгімелер ақыры мемлекеттік қайраткерлердің де аузынан шықты. Қазақстанда «халық емінің» бұқаралық сипат алғаны сонша, ақыры ресми медицина өкілдері ара-тұра ескертпе жасап отыруға мәжбүр болды.

COVID-19 пандемиясы аяқасты болды, тарихымыздағы прецедент делік. Бірақ сол бізге сабақ болды ма? 23 шілдеде ДДСҰ маймыл шешегінің өршуін әлемдік деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялады. Қазір маймыл шешегі анықталған Қазақстанға ең жақын нүкте – Ресей. Бұл індет кенет елімізде анықталса, не істейміз? БАҚ-та медицина тұрғысынан сараланған ақпарат бар ма? Тағы да фальстарт болып, ғылыми негізі бар мәліметтер орта ғасырлық айла-тәсілдердің көлеңкесінде қалып қоймай ма? Ал ондай ақпарға сұраныс әлден бар.

«Егемен Қазақстан» осы тақырып бойынша әлем жаңалықтары және денсаулық сақтау министрлігінің хабарламаларымен шектелген. Арнайы сұхбат, зерттеу мақала немесе әдістемелік нұсқау жоқ. Ресми басылымға ерекше назар аударып отырғанымыз, кейін билік тағы да «тек ресми ақпаратқа сеніңіздер» деуі мүмкін ғой.

«Азаттық» сайтындағы «Маймыл шешек қандай дерт? Қаншалықты қауіпті? Қалай қорғану керек? Түсіндіреміз» деген тақырып алғашқы амал жасауға ізденген адамды шақырып-ақ тұр. Бірақ мазмұны шолақтау: қорғаныс амалы ретінде оқшаулану мен медициналық көмекке жүгіну керектігі ғана айтылады. Мақаланың мазмұны тақырып атауының уәдесіне сай болуы керек.

Айтпақшы, «маймыл шешегі Қазақстан үшін қауіпті ме?» деген сияқты риторикалық сұрақпен берілген тақырыптар баршылық (орыс тілінде де). Оқырман мақаланы оқымастан бұл сұраққа жауап бере алатын секілді.

COVID-19 тәжірибесі көрсеткендей, індет туралы алғашқы хабардан соң халық дәріханаларға лап қояды. Нақты нұсқаулық болмаса, «мыстан кемпірдің қазанына» жүгінеді, «шүкір», әлем алаяқтардан ешқашан кенде болған емес. Ендеше үйдегі дәрі қобдиында ең алдымен не болуы керек?

Tengrinews.kz сайтындағы мақалада (авторы – Мейирим Смайыл) денсаулық сақтау вице-министрі, бас санитар Айжан Есмағамбетованың, қазір маймыл шешегіне тікелей қатысы бар дәрі-дәрмек жоқ екені туралы сөзі келтірілген. Автор осы мәселеге акцент беріп, болжалды індет жағдайында туындайтын басты сұраққа жауап беріпті. Өкінішке қарай, басқа БАҚ-тан оны байқамаймыз. Көбі бас санитардың індетке байланысты бір-екі ауыз сөзін ғана келтіріп, SEO-шылардың «жазбаны минимум 300 сөзге жеткізу» талабын орындау үшін маймыл шешегі туралы жалпы мағлұмат қоса салған. Бұрын интернет-сайт редакторы болған адам ретінде мұндай жағдайда ең болмаса рерайт жасауды ұсынар едім.

Індеттің тағы бір кереғар көрінісі – қоғамды конспирологиялық теориялардың жайлауы. Бір ғана stopfake.kz сайты маймыл шешегіне байланысты қырық шақты(!) конспирологиялық тұжырымды терістеген.

Мұның әлі вакцинация туралы сөз болмай жатып орын алып отырғанына назар аударайық. Әрі бүкіләлемдік қастандық туралы бұл жолғы теориялар сапалы: көбі коронавирус індеті кезінде орын алған оқиғалармен байланыстырылып берілген. Радикал әрекетке барып үлгерген антиваксерлер тағы бір вакцинация науқаны жариялана қалса, аянып қалмайтыны анық. Кезінде олар тіпті президентті алаңдатып, арнайы зерттеу нысанына айнала жаздағаны белгілі.

Еліміздегі БАҚ-тың дені жылына шамамен 60 млрд теңгеге қаржыландырылады, бәрібір мемлекетке тәуелді екен, ендеше неліктен ең болмаса COVID-19 пандемиясының ащы сабақтарын пысықтап, бірізді медициналық ағарту жұмысын жүргізбеске?

Аймақ медиасында тағы да селқостық. Коронавирус кезіндегідей тек орталық ресми, болмаса ірі порталдардың мақалалары мен хабарламаларын копи-паст жасаумен шектелген (барлық облыстардың кем дегенде екі жергілікті ірі басылымы мен ірі аудан орталықтарының бас басылымдарына шолу жасалды). Дәл сол уақытта жергілікті ахуалды бейнелейтіндей, жергілікті биліктің әлеуетін көрсететіндей журналистік сұрауларға жауап, сұхбаттар маңызды. Әйтпесе коронавирус кезінде елдің індетпен күрес әлеуеті тек орталық пен үлкен қалалардағы жұмыспен өлшеніп, аймақтар қиын жағдайда қалған.

Әлеуметтік желілерде осы күні COVID-19 пандемиясы өршіп, қатаң карантин кезінде молынан сатып алған масканың фотосын қойып, «тастауға қимаймын» деген сарындағы әзілдер жүр. Ендеше, тастамаңыз. Маймыл шешегі өрши қалса, дәрі емес, маска мен бір реттік резеңке қолғап керек болады екен. Ал ем-домды тек дәрігерлер жасайды. Қазір індетке байланысты осы екі амал-әрекет қана белгілі.

Республика күні, орман өрті, бүгіннің батырлары: 5-11 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы президенттің Қостанай облысына сапары, орман өртінен зардап шеккен ауылдардың бүгінгі ахуалы, өрт сөндірушілердің жалақысы мен әлеуметтік жағдайына арналды. Сондай-ақ, Республика күнін күнтізбеге қайтарып, Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тастау жаңалығы, «Қоғамдық саясат» институтының жолдауға қатысты жүргізген зерттеуінің нәтижесі, «Конституциялық сот туралы» заң жобасы және тағы басқа экономикалық, әлеуметтік мәселелер турасында сюжеттер ұсынылды.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күннің» кіріспесінде жүргізуші Жігер Сәрсен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының өтпей қалуына Қостанайдағы өрттің кедергі болғанынан бастап, президенттің өрт сөндіру кезінде қаза болған ТЖД қызметкерін марапаттағанына дейін біраз ақпарат берді.

Алғашқы сюжетте президенттің Қостанай облысына сапары туралы баяндалды. Жергілікті халықтан алынған пікір көп. Зардап шеккен ауылдардың көрінісін, өрт сөндірушілердің жұмысын, эвакуацияланған тұрғындардың жағдайын қамтыған. Әдеттегі хаттамалық сюжеттен ерекшеленді.

Жігер Сәрсенұлы «ел айтады» деп, Әулиекөл ауданында жергілікті бюджеттен орман шаруашылығына мардымды қаражат бөлінбейтінін, оның орнына әкімшілікке баратын жолды жөндеуге қыруар қаржы жұмсалғанын айтты. Мұндай ақпарат нақты құжатқа сүйеніп айтылса, тіпті экраннан құжаттың суреті көрсетілсе, құнды болар еді. «Ел айтады» деген соң, ақпараттың рас-өтірігіне күмән туады.

Сәкен Сейітханұлы еліміздегі орман шаруашылығының материалдық-техникалық қамтылуы, қазіргі жай-күйі, орманшылардың жұмысы туралы көлемді сюжет әзірлепті. Экологтарды, құзырлы мекеме өкілдерін, орманшыны сөйлеткен.

Президент өткен сенбіде ірі кәсіпкерлермен кездесті, осы жиынға қатысты тек Тоқаевтың сөзінен үзінді берілді. Бұдан әрі Жігер Сәрсен «Қоғамдық саясат» институты жүргізген зерттеудің нәтижесін айтты. Бұл мекеме телефон арқылы сауалнама жүргізіп, халықтың президент жолдауына көзқарасын сұраған. Экраннан сауалнама нәтижесі көрсетілді.

Президент жолдауда үкіметке қала құрылысы кодексін әзірлеуді тапсырды. «Жеті күн» осы туралы сюжет ұсынды. Нұр-Сұлтандағы проблемалы құрылыстар, саладағы заңсыздықтар туралы айтты, тұрғындарды, Құрылысшылар одағының басшысын сөзге тартқан. Алайда құрылыс компаниялары өкілдерінің уәжі жоқ. Есесіне қалалық урбанистика басқармасының өкілі осы саладағы бейберекетсіздікті ақтағандай пікір білдірген. Біржақты сюжет.

Келесі сюжет Алматыдағы жатахана жетіспеушілігіне арналды. 13 студентті үйіне тегін паналатқан кейіпкер, хостелде тұрып жатқан студенттер, құзырлы министрлік өкілі және тағы басқа спикерлер пікір білдірген. Саладағы проблеманы жан-жақты баяндады.

Тілші Индира Жылқайдарова 25 қазан – Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданған күн ұлттық мереке ретінде аталып өтетіні, Президент күні бұдан былай атаулы дата болмайтыны туралы заңға енгізілген өзгерістерге сюжет арнады. Тарихшы, саясаткерлер сөйлеген маңызды сюжет. Бұл күнінің маңызы мен оны тойлауға ерекше мән беру керектігі жайлы өзекті пікірлер айтылды. Тек тілші декларацияның мәтіні жарияланған 1990 жылғы «Лениншіл жас» газетін ашып, құжаттан үзінді оқымас бұрын газеттің атауына қатысты: «қазір бұл басылым «Жас қазақ» деп аталады» деді. Қазақ баспасөзінің тарихында маңызды орын алатын бұл газет «Жас алаш» аталатынын білмесе керек.

Соңғы сюжет «Астана Опера» театрының жаңа маусымының ашылуы жайында болды.

Sarap-Times, Astana TV

Бағдарлама Қостанай облысындағы өрттің жайын айтудан басталды. Әулиекөл ауданынан жасалған ауқымды сюжетте жергілікті тұрғындар, жауапты мекеме өкілдері, «Қазгидромет», «Қазақстан ғарыш сапары», Экология министрлігінің басқарма басшысы, экологтар сөйледі. Еліміздің бірнеше жерінде өрт болғаны айтылды, табиғатқа зиян келтіру заңмен қудаланатыны ескертілді, тиянақты сюжет.

Sarap Times өрттен зардап шеккен Әулиекөл тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетілгені, арнайы қор ашылғаны туралы жеке сюжет ұсынды. Бұл материалда Amanat партиясының атқарған жұмысы баяндалды. Дегенмен, қорға қанша қаржы жиналғаны, қор басшылығының жоспары туралы мәлімет берді.

Өрт сөндірушінің жалақысы мен әлеуметтік жағдайы қандай? Осы турасында әзірлеген материалда еліміздегі өрт сөндірушілердің жалақысын алыс-жақын шет елдердегі көрсеткішпен салыстырған. Толымды сюжет.

Президент сайлауы өтетітіні, оған Нұрсұлтан Назарбаев мен Дариға Назарбаеваның қатысуына құқықтық тұрғыда шектеу жоқ екені, президент және парламент сайлауын өткізуге үкімет резервінен бөлінетін қаражат көлемі туралы айтылып, цитаталар берілді. Студияда Саят Жөкен депутат Ерлан Саировпен жолдауда айтылған кезектен тыс президент сайлауы, Ұлттық қордан балалардың есеп-шотына аударылатын қаражат туралы ұсыныстарды талқылады.

«Сатқын судьялар». Келесі сюжет Қызылордада істі болған судья Гүлнұр Құрманбайдың оқиғасы баяндалды. Бала күтімімен үйде отырған судьяның бұрын қараған істері бойынша сот процессі басталып, үкім шыққан. Кейіпкердің өзі «ащы шындықты айтқаным үшін істі болдым» дейді. Бұл іске қатысты қарсы тараптың пікірі жоқ. Сюжет судьялардың «сатқындығы» туралы болғандықтан, үстінен іс қозғалған судьяның оқиғасын баяндау қаншалықты қисынды? Сюжетте әділетсіз жаза арқалап, кінәсіз сотталған қарапайым жанның оқиғасы жоқ. Бұдан әрі сөз алған спикерлер судьялардың әділетсіздігін, мұндай жағдайға тергеушілердің де қатысы болатынын айтты.

Соңғы сюжет Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының сьезіне дайындық барысы жайында болды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

Жүргізуші Ғалым Кәлмен президенттің еліміздегі ірі кәсіпкерлермен кездесуін кадр сыртындағы мәтін және синхрон форматында баяндады. Сондай-ақ, «Қоғамдық саясат» институтының жолдауға қатысты жүргізген сауалнамасына сүйеніп, президенттің 7 жылдық бір мезгілге сайлануын репонденттердің 82,4 пайызы қолдайтынын атап өтті.

«e-Gov куәгері» айдарында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов студияға келіп, білім сапасы төмен аймақтарға үздік педагогтарды тарту бағдарламасы, Қостанайдағы өрттен зардап шеккен ауыл балаларын арнайы лагерлерде демалту, тегін тамақтану, құқықтық сауат мәселесі туралы сауалдарға жауап берді.

«Айна» бағдарламасы Transparency International ұйымының жемқорлыққа қатысты жасаған рейтингін негізге ала отырып, хаттамалық сюжет ұсынды. Махамбет Бейбітшілік әзірлеген материалда үкіметтің жемқорлықпен күрес саясаты, осы бағытта атқарылып жатқан шаралары туралы айтылды.

«Қайтқан малда қайыр бар» аталатын келесі сюжетте мемлекет тәркілеген мүліктер қалай кәдеге жаратылатыны туралы айтылды. Қуандық Бишімбаевтен тәркіленген демалыс үйінің бүгінде мәдениет мекемесіне айналғанын көрсетті.

«Өрттен кейінгі өмір» сюжетінде Қостанай облысындағы барлық үйі жанып кеткен «Аманқарағай» ауылының бүгінгі ахуалы көрсетілді. Тілші Мұхтар Өміртай дайындаған материалда өрттің шығу себебі, мемлекет басшысының уәдесі, президенттің сапары туралы хаттамалық ақпарат жоқ. Өрттен кейінгі жағдай шынайы баяндалған.

«Құтқарушыларға құт қона ма?» сюжеті өрт сөндірушілердің әлеуметтік жағдайын баяндады, нақты мәліметтер мен жауапты мамандардың уәжі бар.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары тәмамдады.

Apta, QAZAQSTAN

Өткен аптада Абай ауданындағы орман өртін сөндіру кезінде өрт сөндіру қызметінің көлік жүргізуші қаза тапты. Алайда Apta бағдарламасы кісі қазасынан емес, орман өртіне қатысы бар, бірақ маңызы жағынан кісі өмірінен төмен түсініксіз ақпараттан басталды. Жүргізуші Альбина Әшім еліміздің бірнеше облысында дала өрті болғанын айтып, студиядағы экраннан «Ескі Қазақстан, өзгерістерге өрт қойма!» деген мәтін жазылған сурет көрсетті. Оның сөзінше, бұл сурет жұрт арасында кең тараған, өйткені «ел ішінде «бұл қасақана әрекет» деген пікір де айтыла бастады».

Абай облысындағы өрт кезінде автоцистерна жарылып, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмысы қызметі №14 өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі Айдос Тоғызбаев көз жұмды. Президент жарлығы шығып, марқұм ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Альбина Әшім бұл туралы екінші алғысөзде айтып, өрт сөндірушілердің аз айлығы, әлемдегі және Қазақстандағы орман үлесі, еліміздің мардымсыз орман қоры мен статистиканы үш минуттай әңгімеледі. Жүргізуші: «Осы төтенше жағдайдан кейін өрт сөндірушілердің жалақысы өсірілмек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандарының еңбекақысымен теңестіріледі» деді. Сонда олардың айлығы қанша болады? Осы тұста өрт сөндірушілердің айлығы қаншаға өсетіні, я болмаса ҰҚК қызметкерлерінің қазіргі айлығы қанша екені айтылмады.

Ал сюжет тосын ақпардан басталды: орман өртінің ауқымы ұлғаймаған екен. Керісінше, қысқарған. Мысалы, «2020 жылы орманда 701 өрт болып, 102 мың гектарды өрт шалған. Ал былтыр 749 өрт 167 мың гектарға жеткен. Биыл соңғы аптадағы оқиғаларды қоспағанның өзінде 690 өрт болып, 37 мың гектар жанған». Сюжетте орманшылардың төмен жалақысын (олардың айлығы 60-90 мың теңге шамасында екен) елеусіз қалдырмады. Алайда олардың жалақысын өсіруге жауапты, яғни мәселені шешуге құзырлы органдардан комментарий болмады.

Жанармай бағасының өсуіне байланысты мәжіліс депутатының комментарийін бермес бұрын, сюжет кіріспесінде: «Қазір кей өңірлерде жағармай бағасы 500 теңгеге дейін жеткен» деді, бірақ қай өңірлер екенін атамады. Мұның орнына Мәжіліс депутаты Ерлан Саировты сөйлетті. Ол дизель отынының қымбаттауын олигархтық қылмыстық топтармен байланыстырды.

Олигархтар тақырыбы келесі материалда да жалғасты: президент Тоқаев өткен аптада еліміздің ірі бизнесмендерімен кездесті. Бұл жиынға үлкен сюжет арнаған екен. Сюжетте президентке көп сөз беріп, арасында заңгер, экономист пен кәсіпкерді сөйлетті.

Кешегі аптада көп талқыланған тақырыптың бірі – Республика күнін күнтізбеге қайтарып, Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тастау. Apta редакциясы бұған тоқталмауды жөн көрген сияқты, өйткені Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың комментарийімен ғана шектелді.

Мәжіліс өткен аптада «ҚР Конституциялық соты туралы» заң жобасын мақұлдады. Конституциялық сот қалай жұмыс істейді? Қандай болуы керек? Оған кімдер мүше бола алады? Көлемді сюжет осы сауалдарға жауап беруге тырысты. Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Ерлан Саировтың, экс-депутат Ирак Елекеевтің, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімовтың, заң ғылымдарының докторы мен Әділет министрінің комментарийі бар. Apta редакциясының спикерлерді қалай таңдайтыны түсініксіз. Аты аталған адамдар былтыр да бағдарлама эфирінен жиі сөйлейтін, биыл да солай. Мәжілісте басқа депутат жоқ па? Мәселен, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде сарапшы көп. Ал Айдос Сарым мен Ерлан Саиров Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне мүше. Демек, Конституциялық сот құруға қатысы шамалы.

Президент өкілетін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ел не дейді? Көшеде сауалнама жүргізген екен, жауап бергендердің бәрі де бір ауыздан қоштапты.

Халықаралық жаңалықтар топтамасы Украина әскерінің сәтті қарымта шабуылынан басталды. Қысқа айтып өтті, сюжет болмады.

Кешегі аптада Еуропа одағының 27 елі Ресей газының бағасын шектеуге келісе алмады. Apta Еуроодақтың осы және басқа да экономикалық шараларына арналған шағын сюжет көрсетті.

Энергетикалық дағдарыс тақырыбы студияда жалғасты. Саясаттанушы Жұмабек Сарабековпен Қазақстанның осы дағдарыстағы жағдайы қандай деген тақырыпта сұхбат өрбіді.

Қазақстандықтардың жаңа автокөлік сатып алуға қалтаса көтере бермейтіні, шетелден ескі көліктер кіргізу мен президенттің шетелдік көліктерді заңдастыру тапсырмасын қамтитын сюжет мәнді әрі әсерлі шықты. Кейіпкерлер хикаясы, жұртшылықтың, мемлекеттік органдардың, автоблогер мен қоғам белсендісінің комментарийі бар.

Бағдарлама астанада AMANAT партиясы ұйымдастырған «Береке – бірлікте!» концерті туралы пропаганда тұнған сюжетпен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіпапта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Қостанайдағы өрт: көшірме көп, эксклюзив аз, сарапшы тапшы

Қостанай облысындағы өрт кейінгі он шақты күн бойы басты тақырыптың бірі болды. Қазақша БАҚ ақпаратты жедел таратуға тырысып бақты. Бірақ көпшілігінде ресми дереккөздің мәлімдемесі мен бір-бірінен көшіріп басқан материалдар екенін байқадық. Оған қоса, сарапшы тапшылығын да атап өту керек. Қай арнаны қоссақ та, қай сайтты ашсақ та бір адамдарды қайталап көре бердік. Қазақтілді БАҚ Қостанайдағы өрт туралы не жазды, қалай көрсетті? «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр шолу әзірледі.

Кешігетін жаңалық, аударма ақпарат

Өрт туралы алғашқы ақпараттар 3 қыркүйек күні шықты. Ал төтенше жағдай одан бір күн бұрын басталып кеткен. Тәулік бойы хабар тарататын «Хабар 24» арнасының 3 қыркүйек күнгі 15:00-дегі шығарылымын мысалға алайық. Тікелей эфирде алдымен депутаттардың бас қала атауын өзгертуге қатысты ұсынысы жайлы сюжет берілді. Одан соң Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінің өртенгені туралы бір минутқа жетер-жетпес айтылды. Кейіннен бүгінгі тақырыпқа ауысып, аз-маз ақпарат берді. Шамамен осы уақытта еліміздегі сайттарда Әулиекөл ауданындағы орман өртіне қатысты ақпараттар шыға бастады. Бастапқыда барлығы бір-бірінен көшіріп басты. Әлбетте, ресми мәлімдемелердің рерайт жасалуы түсінікті. Десе де, осы ретте қазақша медиадағы бір мәселені атап өту керек. Ол – жаңалықты жариялауда кешігу. Мәселен, «Тенгриньюстің» орыс бөлімінде өрт жайлы бірінші жаңалық 13:29-да шыққан. Ал қазақ бөлімінде ондай ақпарат 14:18-де жарияланды. Аударуға уақыт кетті дейін десек, қазақша ақпарат қысқа және орысша нұсқаның аудармасы емес. Бұл жерде журналист жедел ақпарат таратпады ма, әлде оның қолына түскен ақпарат орысша болды ма белгісіз. Бұл проблема қазақ медиасында бұрыннан бар. Тілшілер көбіне ресми мәлімдемелердің мемлекеттік емес, ресми тілде бірінші таралатынын жиі айтып, қозғап келеді.

«Тенгриньюсте» «Қалпына келтіретін ештеңе жоқ: Аманқарағай ауылындағы қазіргі жағдай қандай?» деген фоторепортаж жарық көрген. Лидінде: «Қостанай облысы Аманқарағай ауылында өрт сөндірушілер жұмысын жалғастырып жатыр. Зардап шеккен ауылдың келбеті Tengrinews.kz фототілшісі Тұрар Қазанғаповтың репортажында» делінген, тілшінің атын таппадық. Қазанғапов мәтінді өзі жазған ба? Репортажда әсерлі суреттер, арасында ауылдың ахуалы жайлы шағын сипаттамалар бар. Сайттың орыс бөлімінен фоторепортаждың түпнұсқасын көрдік, уақыт айырмашылығына келсек, 5 қыркүйек күнгі 13:58 және 14:27. Қайсысы екінші шыққаны айтпаса да түсінікті. Жә, бұл аударма делік. Бір қызығы, ертесіне 06:49-да осы фоторепортаждың көлемді нұсқасы жарияланды. Әлгінде таппаған автор белгілі болды. Оқиға орнына бір редакциядан бір журналист қана барған. Қазақ бөлімі аударып берумен шектелген. Бұл – бір ғана мысал. Екі тілде ақпарат тарататын медиаларда жағдай осы шамалас.

Аймақтық БАҚ-тың ахуалы

Қостанай облысындағы жергілікті БАҚ жұмысына қатысты айта кетейік. Qostanai арнасының күнделікті жаңалықтарынан да, апта қорытындысынан да іліп аларлық ештеңе таппадық. Бұл оқиға болып жатқан облыстың бас арнасына үлкен сын.

Аймақта бұдан бөлек бірнеше БАҚ бар. «Қостанайские новости» сайты дронмен түсірілім жасап, шағын видео әзірлеген, бұл еңбегін бағаламай өтуге болмас. Әйтсе де, сайттың қазақша нұсқасы жоқ. Ал «Біздің Қостанай» газетінің ресми сайтында кейінгі мақала 3 қыркүйек күні салынған. Оның өзі өрт туралы емес, өнегелі жанұя жайлы. Instagram парақшасында өрт басталғаны туралы ақпарат шыққан күні мәндес пост салынған. Одан кейін мемлекет басшысының келетіні, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы кейінге шегерілетіні және гуманитарлық көмек жинайтын орындар туралы бір-бір посттан жарияланған. Сайттың орысша нұсқасы әлдеқайда «тірі». Оқиға жайлы жедел ақпарат беруге тырысқан.

Келесі БАҚ – «Алау». Сайты да, телеарнасы да бар. Уеб-сайтты шолып шыққанда байқағанымыз, материалдар орысша салынады. Қазақша нұсқасын таңдағанда жүйе автомат түрде мәтінді қазақшаға аударады. Бастапқыда қазақ тілін таңдағанда «Көз жасынсыз қарау мүмкін емес. Әулиекөл ауданындағы өрттің салдары» деген материалды көріп, калька аударма деп қалдық. Сөйтсек, бұл жүйедегі баптау ғана екен. «Алаудың» Youtube арнасында күнделікті жаңалықтар ғана қазақша салынады. Қалған контент – ресми тілде. Осы ретте мына ескертпені қоса айтқанды жөн көріп отырмыз: эфир жазбасын желіге жүктегенде «Жаналыктар 08.09.22» деген сынды атау қоймау керек. Кемінде «Жаңалықтар» болғаны жөн.

Қайда қарасаң да бір сарапшы…

Қостанайдағы өрт жайлы ақпарат таратқан БАҚ-тардан байқағанымыз – орман, төтенше жағдай жайлы жіліктеп айтып беретін спикер аз. Бұл журналистің ізденісінің аздығынан ба, әлде шынымен маман тапшы ма? Мысалы «Азаттықта» «Күйген дала, өртенген ауыл, бас сауғалаған жұрт. Қостанай облысындағы өрт. Қазірге дейін не белгілі?» деген атаумен көлемді материал жарияланды. Тілшілердің оқиға орнына барған ерлігі, тұрғындармен тілдесуі, тікелей эфирге шығуы, фоторепортаж ұсынуы мақтауға лайық. Тақырып жан-жақты ашылған, мәселенің мән-жайын анықтау үшін сарапшыларға жүгінген. «Экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген экобелсенді Сәкен Ділдахмет Қостанай облысындағы өрт орман шаруашылығын қаржыландыру мәселесін, маман тапшылығын, өрт сөндіру техникаларының ескілігін ашық көрсетіп берді деп санайды» деп проблемаға үңілген. Дәл осы сарапшыны бір апта бойы барлық дерлік БАҚ-тан көрдік. Ол Qazaqstan арнасының «Ашық алаңында», «Хабар 24»-тегі «Анығында» және «Күн тәртібінде» бағдарламасында қонақ болды, бірқатар сайттың материалында да пікірі жүр. Маман ретінде талдау жасаған сарапшыға айтар уәжіміз жоқ. Тек спикерлер тізімін жағдайға қарай жаңартып отыру керек.

Әйтсе де, журналистер жазып, сарапшыларға талдатқаннан кейін импакт байқалғанын атап өту керек. Мардымсыз жалақыға жұмыс істеп жүрген мамандардың айлығы өсетін болды. Төтенше жағдайлар вице-министрі Дмитрий Титов алдағы уақытта бұл мәселе қарастырылатынын айтты.

Қазақша БАҚ-қа көшірмеден эксклюзивке көшкен дұрыс. Өкініштісі, бүгінде басым көпшілігі әріптесінің материалын аударып не өңін сәл өзгертіп берумен шектеліп отыр.

Қостанайдағы өрт, президент сайлауы, жолдау: 29 тамыз – 4 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

1 қыркүйек – жаңа оқу жылымен қатар жаңа телевизиялық маусым басталды. Бұған жаңа саяси кезең қосылды: президент жолдауы, мемлекет басшысының кезектен тыс сайлау өткізу туралы мәлімдемесі және тағы басқа. Отандық телеарналардың апталық-сараптамалық бағдарламалары да жаңа маусымын бастады, сәйкесінше, «Жаңа репортер» айдары да өз жұмысын жалғастырады. Бұл жолғы жаңалығымыз – сараптамалық бағдарламалардың қатарына Astana TV арнасының Sarap-Times жобасы қосылды.

 «Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасының жаңа маусымын Жігер Сәрсен жүргізеді. Бір сағаттық бағдарлама уақыты 40 минутқа қысқарыпты.

Алғашқы сюжет президенттің халыққа жолдауына арналды: Қ.Тоқаевтың президент сайлауы өтетінін жариялағанына мән беріліп, жолдаудың осы тұсынан үзінді берілді. Тілші Гүлжан Мархабаева «Бір рет және 7 жыл. Сарапшылар президенттің бұл шешімінің астарында екі фактордың жатқанын айтады. Бірі – экономикалық жағдай, екіншісі қоғамның сенімі» деді. Сюжетте пікір білдірген сарапшы елімізде Тоқаевқа белсенді бәсекелес жоқтығын, оған деген сенім деңгейі жоғары екенін айта келе, «сондықтан 2024 жылы президент сайлауға алаңдамаса да болады» деп түйді. Президент сайлаудың биыл өтетінін айтты. Ал сарапшының сөзінде (дәлірек айтсақ, орыс тілді сарапшының қазақ тіліне аударылған синхронында) 2024 жыл туралы айтылады. Бұл – сайлау датасына қатысты көрерменге қате, яки түсініксіз ақпарат беру. Сондай-ақ, сарапшының соңғы сөйлемін сюжетке енгізбесе де, спикердің негізгі ойы алғашқы сөзінен-ақ белгілі еді.

Сондай-ақ, президент жолдауында: «Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын сайлаудан кейін Парламенттің қарауына ұсынамын. Парламент оң шешім қабылдаса, Отанымызда жаңа саяси дәуір басталады» деді. Яғни бұл – президенттің шешімі емес, ұсынысы. Содан соң, алдағы кезектен тыс президент сайлауы арқылы Тоқаев бірден 7 жылға сайланады деген де сөз емес. Тілші өз материалында осы фактіні ескермеген.

Сюжет авторы президент жолдауындағы бірнеше маңызды бағытқа тоқталып, үзінді берді. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің ауысқанын да қамтыды. Бес минутқа жуық сюжетте өзге сарапшылардан пікір алынбаған.

Жолдауға тағы бір сюжет арналды. Жолдауда айтылған әлеуметтік мәселелерге арналған «Әлеуметтік әділдік» деп аталатын материал балабақшада балаға қол көтерген тәрбиешінің әрекетін ашық көрсетуден басталды. Президенттің тәрбиешіні аттестациялауды міндеттегенін «ақтайтын» кадрлар болса керек. Президенттің синтетикалық есірткі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселе көтеруіне байланысты осы тәріздес видеодәлелдер көрсетілді.

Сәкен Сейітханұлы жаңа оқу жылының басталуына орай білім саласындағы түйткілді мәселелер, оқу бағдарламасына енгізілген жаңашылдықтар туралы баяндады. Тиянақты сюжет.

«Конституция догма емес». Жігер Сәрсенұлы АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джеферсонның осы ойын айтып, бағдарламаны «Тәуелсіздік алғалы бері Джеферсонның бұл тәмсілін асыра орындап қойған секілдіміз» деп жалғастырды.

Ал Ақбөпе Тәңірберген келесі сюжетте: «Сарапшылардың пікірінше жаңа жолдаудан жаңарған Конституцияның келбетін аңғаруға болады» деді. Мемлекет басшысының әр мәлімдемесінің Конституцияға сай болуы аксиома емес пе? Өйткені «ҚР Президентiнiң мәртебесi» туралы Конституциялық заңның 1-бап, 2-тармағына сәйкес, «Республика Президентi – халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi». Олай болса, сюжеттен мұндай сәйкестік іздеудің өзі шығармашылық топ тарапынан жіберілген саяси қате.

Соңғы сюжет «Хабар» арнасының жаңа маусымына арналды.

Sarap-Times, Astana TV

Sarap-Times бағдарламасының жаңа маусымын Дастан Сейілханұлы жүргізеді. Бағдарлама жүргізушісі жолдауға ұзақ шолу жасады. Сарапшы сөзімен президент сайлауына қатысты бірнеше дерек келтірді, заң бойынша оның бір ұйым атынан түсуі тиіс екенін айтты.

Ал сюжетте «Балалар жылы» аясындағы өзгерістерге мән берген. Президент жолдауындағы бала игілігіне бағытталған ұсыныстарды жүйелі талдаған сюжет болды.

Кадр сыртындағы мәтін және синхрон форматында президенттің зейнет жасына қатысты ұсынысы талданды. Көптің пікірі берілген, құптарлық қадам.

Президент жолдауда көтерген мәселелердің бірі – инженерлік желілердің тозуына қатысты сюжет те көрерменге түсінікті етіп талданған. Материалда Алматыдағы ықшам аудандардың біріндегі мәселе көтерілген. Қаладағы жалпы жағдайға қатысты мәлімет келтіріліп, әкімшіліктің жауабын тілші өзі айтты.

Президент айтқан елдегі жол мәселесі және 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген көліктерді заңдастыру туралы мәлімдемесі келесі сюжетке арқау болды. Жол сапасы,  инженерлік желілердің алдын-ала, жол салынбай тұрып тартылмайтыны талданып, сарапшылар сөйледі.

«Кері байланыс» айдарында Саят Жөкенұлы Amanat партиясының хатшысы Дәулет Кәрібекпен сұхбаттасып, жолдауды талқылады.

«Қаңтар» оқиғасына қатысқан, ауыр қылмыс жасамағандарға рақымшылық, есірткіге тәуелділер санының артуы, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелері бір сюжетке топтастырылды. Әттеген-айы, жалпы шолудан, президент сөзін нақтылаудан аса алмаған. Мәселені зерттеуге, себебін тереңнен іздеуге ұмтылыс жоқ.

Әскердегі өлім-жітімге арналған соңғы сюжет толымды жасалған. Тілші мәселені жан-жақты ашуға тырысады. Бағдарламадағы ең маңызды сюжеті осы болды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасында Ғалым Кәлменұлы президент жолдауын сарапшымен емес, журналист Артур Мағзомовпен талқылады. Ол сайлау тақырыбынан бастап, өзі жасаған сюжетке аңдатпа берді. Сюжетте тілші биыл президент сайлауы өтсе, жаңа президент қанша жылға сайлануы мүмкін деген сауалға жауап іздеген.

Президенттің 1 қыркүйекке дейін елге кірген шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастыру жөніндегі ұсынысы да талданды. Ұсыныстың жақсы жағын айтумен шектелген біржақты сюжет. Президенттің бұл ұсынысы заңға қайшы емес пе, онда неге утилалым дауы шықты, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы талаптар қайда қалды деген сауалдар ашылған жоқ.

«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы жолдауда айтылған әлеуметтік мәселелер туралы бірнеше сюжет әзірледі. Отбасының цифрлық картасы айналымға енгені туралы мағұлмат бар. Бала күтіміне байланысты жәрдемақының 1,5 жасқа дейін берілетіні, Ұлттық қор түсімінен балалардың шотына ақша аудару алгоритмі туралы құзырлы орган өкілдері, депутаттар түсініктеме берген.

«Айна» үкіметтің сенбі күнгі отырысы туралы сюжет ұсынды. Әлихан Смаиловтың сөзінен үзінді беріп, қысқа қайырды.

Махамбет Бейбітшілік әзірлеген «Ұлт ұстазының ұлағаты» сюжеті Ақмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналды. Бұл материалда Ахаңның ғылыми мұраларына толымды талдау жасалған. Президенттің жолдауынан шыға алмаған өзге арналардағы сараптамалық бағдарламалардан осы аптада «Айнаны» ерекшелеп тұрған сюжет болды.

Махамбет Бейбітшіліктің келесі сюжетінде мемлекеттік органдар қолданатын қазақ тілінің орыс тілінен калька аудармаға айналғаны, ұғымдар дұрыс қолданылмайтыны туралы тиянақты зерттеу жүргізілген. Мағұлматы мол сюжет.

Алматыны су басу қаупі бар. Жергілікті әкімдік қауіптің алдын алу үшін екі платина салып жатыр. Жақында қала басшысы Төтенше жағдай министрімен бірге тау бөктеріндегі көлдердің ахуалын барлап қайтқан. Ұлан Тәліпбай осы мәселе туралы сюжет ұсынды.

«Хайпқа бұйырмаңыз» айдары 1 қыркүйек күні әлеуметтік желілерде тараған қызықты оқиғаларға арналды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta Қостанай облысындағы өрттен басталды. Жүргізуші Альбина Әшім оқиға орнында жүрген тілшімен тікелей байланысқа шықты. Тілші жағдайды баяндап, ТЖМ өкілінен сұхбат алды.

Бағдарламының бірінші сюжеті ҚР президентін кезектен тыс сайлау тақырыбына арналды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауда мемлекет басшысын жеті жыл мерзімге бір рет сайлау туралы айтқан ұсынысын да қамтыды. Бұл ұсынысты депутаттар іліп әкеткен еді. Сюжетте депутаттар мен қырғыз сарапшысының комментарийі бар. Бәрінің пікірі «бұл ұсыныс әрі маңызды әрі керек» дегенге келіп саяды.

Содан кейін Альбина Әшім Мәжіліс депутаттарының астанаға «Астана» атауын қайтаруды ұсынғанын айтып өтті.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауындағы тақырыптар екінші сюжетке де арқау болды. Сюжетте экономиканы дамыту, диферсификация, жаңа экономикалық саясат бағытына назар аударды. Экономистер мен саясаттанушылардың комментарийі көп. Тақырыпты толымды ету үшін экономиканы дамытатын адамдар, яғни кәсіпкерлердің де пікірін сұраған жөн еді. Бірақ оларды сөйлетпеді.

Жолдау тақырыбы үшінші сюжетте жалғасты. Бұл жолы әлеуметтік салаға мән беріп, әйелдердің зейнет жасы, әр балаға есепшот ашып, 18 жасқа толғанша Ұлттық қордан ақша аударып отыру жайын талқылады. Сюжетте кейіпкер мен сарапшылар пікірі көп. Көшеде сауалнама жүргізіп, тұрғындардан балаларға есепшот ашып, қаржы салуға қалай қарайтынын сұрады.

Қостанай облысындағы өрт туралы үлкен сюжетте зардап шеккен көп тұрғынды сөйлетіп, оқиғасын баяндады.

Apta Украинадағы ахуалды назардан тыс қалдырмай, апталық бағдарламасында көрсететін жалғыз қорытынды бағдарлама болып отыр. Бұл жолы да дәстүрінен айнымай, эксклюзив сюжет берді. Телеарнаның Киевтегі тілшісі материал дайындапты. Украина әскерінің қарымта шабуылы мен Киев тіршілігін баяндады. Сарапшылар комментарийі мен тұрғындардан сауалнама бар.

АҚШ-тың Украинаға қолдауы мен Ресейге салған санкциялары туралы халықаралық тақырыптар жалғасын тапты. Студиядан Уашингтон мен Мәскеудегі тілшілермен байланысқа шықты. Олар АҚШ қолдауы мен РФ экономикасының жай-күйін айтты.

Оқу жылы басталды. Оқушы саны артып, мектептерде орын жетпей жатыр. Президент бұл мәселені үш жылда шешуді тапсырды. Үлкен талдамалы сюжет мәселенің шешімі қаншалық қиын екенін түсіндірді. Ата-анадан бастап министр мен сарапшыларға дейін сөйлетті.

Бағдарлама Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығымен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Радиофобия мен экономика қыспағындағы АЭС тақырыбы

Семей ядролық полигоны (және басқалары) сияқты бэкграунды бар біздің елде атом электр станциясын салу тақырыбы қызу талқыланбауы мүмкін емес. Бұған, халық жадында әлі жаңғырып тұрған Чернобыльді қосыңыз. Фукушима тағы бар: жапондардың өздері апатқа ұшырағанда, бізге не жорық деушілер көп.

Қазақстанда АЭС құрылысы туралы көптен айтылып келеді. Біз тек «Тоқаев дәуіріндегі» материалдарды қарастырамыз. Себебі, елімізде барлық жұмыс ағымдағы биліктің білгенімен жасалатыны белгілі.

Тоқаевтың, атом электр станциясы мәселесінде «халықтың пікірін назарға аламыз» дегенінен бастап,  басшы ретінде жағымсыз шешім қабылдауға мәжбүр екенін айтқанға дейін екі жарым жылдай уақыт өткен. Халықтың пікірінің нәтижесі ақыры қоғамға жарияланған жоқ, әрі, БАҚ-та жарияланған материалдарда ғылыми талдаудың үлесі сонша мардымсыз.

«Егемен Қазақстанда» жарияланған «Бізге атом электр стансасы қажет пе?»  деген мақала авторы сұрақты алдын ала риторикалық деп шешкен. Әңгімесін «Атом» десе, біздің халық ат тонын ала қашады. Міне, содан бері «Атомнан аулақ!» деп байбалам салған жұрт әлеуметтік желіні өртеп жіберуге шақ қалып тұр» деп бастаған автор мақала бойы жұрттың байбаламына контрдәйек келтірмейді. Ал бір тұста ол кенет ядролық физикадан маман деңгейіндегі мағлұмат келтіреді.

Мақала авторы Ербосын Нұрмұханның «экономист» деп көрсетілгенін ескерсек, мұндай ғылыми мағлұматы барына қуанбасқа болмайды. Әттеген-айы, мақаласын: «…cол үшін «шегірткеден қорыққан егін екпестің» керін келтірмей, атом десе ат тонымызды ала қашпай, елдің ертеңін ойлап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдағанымыз дұрыс! Бізге атом электр стансасы қажет!» деп аяқтап, осы әңгімені неменеге бастағанын білдіріп қояды.

Қоғамды мазалап отырған қауіпсіздік мәселесі болса да, АЭС тақырыбында тек экономикалық мазмұндағы публикациялар басым, оның өзінде былайғы оқырман үшін қайшылық көп. «Сарапшы шағын модульді атом реакторларының келешегі туралы пікір білдірді» деген мақалада сарапшы, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жәнтікин Қазақстанға тиімді деп есептелетін шағын реакторлар туралы айта келіп: «…техника жағынан да, экономика жағынан да келешегі бар екенін көрсетіп отыр» дейді де, іле-шала: «…өйткені дәл қазір нарықта ондай дайын реакторлар жоқ» дейді. Сонымен, шағын реактор деген өмірде бар ма, әлде жоқ па? Бәлкім, мақала түпнұсқа – орыс тілінен дұрыс аударылмады деп топшылауға болады, бірақ оқырман түпкі ойды аршып жеуге міндетті емес екенін де ескеру керек.

АЭС тақырыбын экономикалық тұрғыдан талдау көп болғанымен, неге тиімді екенін есептеу әдістемесі көбіне жұмбақ болып қалады. «Азаттықта» шыққан  сұхбатта KEGOC бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев соңғы аукциондарда күн электр энергиясы 14 теңге тұрды, ал Аккуюде (Түркия) салынып жатқан АЭС беретін электрдің киловатт-сағаты 60 теңге деген мәлімет келтіреді. Локал аукциондағы баға мен нақты салынып жатқан АЭС электр энергиясының бағасын салыстыру қаншалықты орынды? Әрі күн-жел энергиясын өндіруде аккумуляция мәселесі де бар емес пе? Тақырыпта осы мәселенің жұмбақ болып қалғаны – сұхбаттың сұрақ-жауап, «пинг-понг» форматында өткенінде болар.

Sputnik.kz сайтында (Facebook бұл басылымды мемлекетке бағынышты – State control media деп маркерлейді) аталмыш саланың нағыз маманына тұғыр берілген. Ядролық физика институының бөлім меңгерушісі Сергей Кислицын қоғамдағы радиофобияға байланысты пікір білдіріп, «Хиросима мен Нагасаки қазір Жапониядағы денсаулық жөнінен ең озық провинциялар» дейді. Бұл фактінің расталмайтыны өз алдына, осы сөзінің қоғамға басу айту үшін қолданылғаны қаншалықты сәтті мысал екені де даулы. Бір жағынан, сұхбат ішінде әлемдік тәжірибеде әдетте алға тартылатын адами фактор жоқ, технология туралы мәлімет қылаң береді.

АЭС тақырыбындағы публикацияларда қоғамдағы радиофобияны негізі жоқ тежегіш дегеннен басқа дискурс байқау қиын. Медицина ғылымы тұрғысынан мақалалар жоқ, денсаулық мәселесі кейде жанама ғана аталады. Ал Тоқаев «фобияға орын жоқ» деп, халыққа түсіндіру жұмысын жүргізу керек дегеннен кейін мемлекеттік БАҚ-тың ұстанымы ақыры бірізді болған тәрізді. Биыл болса, АЭС тақырыбында журналистік тұрғыдан бейтараптық сақтамай-ақ, біржола «АЭС керек» деген ұстанымда жаза берсеңіз болады. Себебі, президенттің өзі АЭС мәселесінде экономикалық ахуалдан мақұрым популистердің жетегінде кетпеу керегін мәлімдеді. «Мақсат айқын, бағыт анық» болса, о баста қоғамдық талқыға ұмтылудың не қажеті болды екен?

Demoscope былтыр жүргізген сауалнамада, АЭС құрылысын толық қолдайтындар небәрі 10% болған. Ал сол респонденттердің 41% АЭС салу бойынша референдум өтуін қолдаған. 39% респондент Арыстағы әскери қоймалардың жарылғанындай бассыздық бола ма деп үрейленеді. Бірақ, басында халықтың пікірі маңызды болғанымен, ел өміріндегі сондай маңызды шешімді билік тағы да біржақты шешуге бел буғанға ұқсайды.