Домой Блог Страница 14

Елорда мен Елбасының туған күні: БАҚ бұл туралы не жазды?

6 шілде – Астана күні. Сондай-ақ бұл күні – ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Еліміздегі БАҚ аталмыш күндер туралы не жазды? «Жаңа репортер» медиасыншысы Риза Исаева отандық басылымдарға шолу жасап көрді.

Бұл атаулы күнге орай жарияланған ақпараттың дені – мерекелік шаралардың ретін баяндау сипатында болды. Онлайн басылымдардың басым көпшілігі тек Астана күніне орай ақпарат берген. Дегенмен Azattyq радиосының жаңалығында бұл мерекенің «маңызы» ерекше ескеріліпті. Azattyq сайтының «Назарбаев қандай мұра қалдырды?» аталатын материалында сарапшылар биыл 82 жасқа толған тұңғыш президенттің ел тарихында алатын орнына баға берген. «Назарбаевты құттықтау». Астана күнінде экс-президентті сотқа тартуды талап еткен белсенділер ұсталды» – Астана күні Нұрсұлтан Назарбаевтың «30 жылдағы қылмыстары» туралы акция өткізген «Демпартия» өкілдерін полиция ұстап әкеткені туралы ақпарат жариялаған.

Orda.kz басылымы 2021 жылы «Астана күні 6 шілде болғалы қалай тойланып жүр?» деген тақырыпта материал жариялап, онда соңғы 14 жылда Астана күні қалай тойланғанын анықтап көрген еді. Қала күнінің тарихына тоқталып, әр жылдары қалай тойланғаны, қанша қаражат жұмсалғаны туралы мәліметтер топтастырды. Биыл 6 шілдеде «Путин Назарбаевты туған күнімен құттықтады» деген ақпарат жариялап, «Елдеріміз арасында одақтастық қатынастар мен стратегиялық ынтымақтастық орнатуға, сонымен қатар Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестерді ілгерілетуге Сіздің қосқан үлесіңіз зор» делінген Владимир Путиннің жеделхатында» деген үзінді келтіріпті.

kaz.orda.kz сайтынан скриншот

Айта кету керек, ресми онлайн басылымдардан «ҚазАқпарат» тұңғыш президенттің туған күнін еске алды. Ақпарат агенттігі тұңғыш президенттің ресми сайтына сілтеме жасап, «Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Елорда күніне және өзінің туған күніне орай мерекелік хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде» деп жазды. Тұңғыш президенттің суретін де жариялады. Ақпаратта Ресей Президентінің, Қытай Халық Республикасының Төрағасының жеделхатынан үзінді келтірілген. «Жылы лебізін білдіріп жеделхат жолдаған, Нұрсұлтан Назарбаевтың ел президенті қызметіндегі рөліне жоғары баға берген басқа да шетел мемлекеттері мен үкіметтері басшыларының қатарында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин және басқалары бар» деп жазды агенттік. «Түрлі буын өкілдері мен кәсіп иелері Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Президенті кезінде атқарған қызметі үшін алғыс білдірді» деп Тұңғыш Президенттің ресми сайтындағы ақпарат еш өзгеріссіз көшіріліпті.

elbasy.kz сайтынан скриншот

Сондай-ақ «ҚазАқпарат» мереке күніне орай тағы бірнеше ақпарат жариялады. «АҚШ елшісі қазақстандықтарды елорда күнімен құттықтады», «Бүгін елордада өтетін мерекелік шаралар» және «Астана тарихы: 24 жыл хронологиясы».

Мереке күні өзге ақпараттық сайттарда жарияланған материалдар да негізінен осы сипатта. «Turkistan» басылымы «Алтай Көлгіновтің қала күнімен құттықтауын» жариялап, «Астана туралы қызықты деректер» ұсынды.

turkystan.kz сайтынан скриншот

«El.kz» онлайн басылымы қала тарихына, оның «Нұр-Сұлтан» атауын қалай иеленгеніне баса назар аударыпты.

Nege.kz басылымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Нұр-Сұлтан» атауы берілгеніне назар аударып, оның сөзінен үзінді келтіреді: «Біз, қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет».

7kun.kz басылымының шағын ақпаратында қала күніне қатысты өтетін мерекелік шараларға және қала тарихына қысқаша шолу бар.

7kun.kz сайтынан скриншот

«Биыл Нұр-Сұлтанда Астана күніне орай отшашу болмайды. Бірақ қаланың 24 жылдығына орай концерттерден бастап спорттық фестивальдерге дейін ондаған түрлі іс-шаралар өтеді» деп жазды «adyrna.kz».

Жалпы 2020 жылы жарияланған коронавирус пандемиясына дейін Астана күні – еліміздегі ең атаулы мерекелердің бірі болған еді. Бұл мейрамның құрметіне бірнеше күн бойы түрлі шаралар ұйымдастырылып, соңы отшашумен аяқталатын еді. Orda.kz сайтының жоғарыда келтірілген мақаласы да соны меңзеген.

Әсіресе телеарналар үшін бұл күн үлкен ақпарат науқанына айналатын. Алайда биыл «Хабар», Qazaqstan, тіпті Astana арнасынан да мұндай ақпарат науқаны байқалмады. Аталған телеарналарда аптаның ортасы болса да, демалыс ретінде жарияланған бұл күні эфирде жаңалықтар шығарылымы болмаған. Дегенмен Qazaqstan арнасы «Алып шаһар тынысы» аталатын деректі фильм ұсынды, онда қаланың қазіргі ахуалы, оны дамытуға қатысты жоспарлар туралы баяндалады.

Бірақ, «Еуразия» бірінші арнасы қала күніне орай ақпарат таратуды тоқтатпаған. Жаңалықтар шығарылымында екі сюжет арнады. Оның бірі қала күніне орай өтіп жатқан көрмеден жасалды. Гүлнәзия Жалғасқысы көрмені аралап, қаладағы мерекелік көңі-күйді көрсетуге тырысты. Айдана Байтұрсынова әзірлеген материал ел астанасына композиторлар арнаған әндер туралы болды. Тілші Төлеген Мұхамеджановпен бірге ән шырқап, мерекелік концерт өткенінен ақпарат беретін тартымды материал әзірлепті.

Негізгі контенті жаңалықтар таратудан тұратын «24.kz» телеарнасының да қала күніне арналған сюжеті бар. Ол да жоғарыдағы басылымдардың ақпаратымен мазмұндас. Қала күнін атап өту тарихына тоқталған.

«Елрданың туған күнін»  кадр сыртындағы мәтін және синхрон форматында баяндап, бұл күні өткен спорт шараларына басымдық берген «KTK»арнасы да тұңғыш президенттің туған күні туралы айтуды жөн санамапты.

Осылайша, Астана күні, әсіресе тұңғыш президенттің туған күні туралы ақпарат тарату жылдағыдан біршама ерекшеленген. Атап айтқанда, Елбасы – тұңғыш президенттің елге сіңірген еңбегі туралы ода материалдар мен ақпараттар жоққа тән. Сонымен қатар Нұр-сұлтан күнін атап өту туралы ақпараттар легі – пропаганда құралы болудан қалып жатқан секілді.

Феминитив: қазақша БАҚ қалай жазып жүр?

«Төраға» десе көз алдыңызға ер адам ғана келе ме? «Медбике» тек әйелдерді меңзейтін секілді көріне ме? Кейінгі кездері феминитив мәселесі оқтын-оқтын қозғалып, бұрынғыдан басқаша бағытта көрініс тауып келе жатыр. Олай дейтініміз, бұрындары мерзімді баспасөз беттерінде тіл мамандары бұл мәселеге келгенде «гендердің қатысы жоқ, аударма арқылы жаңа сөз ойлап табудың қажеті шамалы» деген ой айтатын. Ал қазір феминистер мұндай оймен келіспей, гендерлік сипаттағы сөздердің көптеп айтылып, қоғамға сіңгені дұрыс дейді. «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр қазақша БАҚ-та феминитив мәселесі қалай көтерілетінін және мақалаларда қалай көрініс тапқанын талдап көрді.

Әлқисса, қазақ тілінде «род» категориясы жоқ. Орыс тілінде «спортсмен» деп жігітті айтса, «спортсменка» деп әйелді атайтыны білініп тұрады. Біздің тілдің ерекшелігіне салсақ, жаңа сөз тудырып, оған жыныстық мән берудің қажеті қанша деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Жеке көзқарас емес, бұған дейін БАҚ беттерінде жазылған мәселелерден үзінді бере кетейік. Филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлының «Ана тілі» газетінің 2014 жылғы № 10 санында « Сөз саптаудағы самарқаулық» атты мақаласы шыққан. Сонда ғалым былай дейді: «Ертеректе «төраға» (жиналыс төрағасы) деген жаңа сөзді ер адамға ғана тән деп түсінген кей білгіштеріміз, қазақ тілінде сөздің «родқа» бөлінбейтініне қарамастан, әйел адамдарға қатысты «төрайым» сөзін енгізген болатын. Осы сөздің «төр»-і түсінікті болғанымен, «айым»-ы «аға» сөзіне балама бола алмайтыны ескерілген жоқ (еркелету мәніндегі «айым», «күнім» сөздері тек әйелге қатысты айтылмайды). Бұл сөз жөнінде кезінде әңгіме болғанымен, көпшілік қолданысқа түсуіне байланысты үйреншікті сөзге айналып, қазірге дейін қолданылып келе жатыр. Сол тұста орыс тіліндегі «секретарь», «секретарша» сөзін аудара келіп, алдыңғы ер адамға қатыстысын «хатшы» деп аудардық, ал екінші әйел адамға қатысты сөзді аудара алмай, ақырында сол «хатшы» сөзін қолданыста қалдырдық».

qaz.ulysmedia.kz сайтынан скриншот

Расында хатшының нақты ер не әйелге қатысты нұсқасы әлі шыққан жоқ. Десе де, жоғарыда атап өткендей, төраға мен төрайым күнделікті қолданысқа сіңіп кетті десек болады. Мысалы, 2021 жылы Adyrna сайтында «Әлия Назарбаева төрайым болды» деген тақырыппен материал шықты. Ulysmedia сайтында былтыр «22 жылда 5 төрайым: Президент жанындағы Әйелдер комиссиясы» деген мақала жарық көрген. Мұндай мысалдарды жүздеп келтіре беруге болады. Бір қызығы, Qazaqstan республикалық телерадиокорпорациясының сайтында басшылық туралы ақпарат беретін бөлімде әйел басшылар төрайым деп көрсетілген. Айталық, қазіргі уақытта басқарманы Ләззат Танысбай басқарады. Ол аз болса, лауазымды «Басқарма Төрайымы» деп бас әріппен беретінін байқадық. Отандық БАҚ-та ел президенті жайлы айтылған жерде дәл солай бас әріппен жазатын тенденция бары еріксіз еске түсіп отыр. Әдетте атақ-лауазым, дәреже, титулды білдіретін сөздер кіші әріппен жазылады. Бас әріпті қолдану мәтіннің ресмилік сипатына тікелей қатысты. «Қазақ газеттері» сайтында қазақ тіліндегі бас әріп орфограммасы туралы материалда автор, Филология ғылымдарының кандидаты Н.Әміржанова: «Президент, премьер-министр тәрізді сөздер ресми мәтінде бас әріппен жазылса (Мысалы, ҚР Президенті), ресми емес мәтінде кіші әріппен жазылады» дейді. Төрайым да титулды білдіреді деп, айрықша құрметтен шыққан болса керек.

rtrk.kz сайтынан скриншот

«Төраға» мен «төрайым» мысалы Ақылбек Шаяхметтің Abai.kz сайтына жарияланған «Дұрыс сөйлеп жүрміз бе?» мақаласында да айтылады. Автор мұны орыс тіліне еліктеу дейді. «Орыс тіліндегі сөйлемдердің өзін жынысқа бөлу дегенді түсіну қиын. Мұндай бөліністі білмейтін қазақ тілінің мүмкіндігі әлдеқайда кең екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, оқытушы қыз-келіншектерді мұғалима, мәжілісті басқарған төрағаны «төрайым» деп атау ара-тұра болса да тілімізде ұшырасады. Кезінде әйел азамат деген сөз «азаматша» деп айтылғанын да білеміз. Бірақ, гражданинді – азамат, гражданканы – азаматша дегеннен де пайда жоқ секілді. Қалай болса да бұлардың бәрі кейін кірген сөздер. Орыс тіліне еліктеуден туған сөздер. Сөздердің түп негізінде ер мен әйелге деген көзқарас жатыр. Ер мен әйел теңдігін насихаттап жүрміз дейтін орыстар іс жүзінде оған қарама-қайшы, әйелді немесе еркекті төмендететін, басқаша айтқанда ерекшелейтін сөз саптауға жүгінсе, нағыз тепе-теңдік біздің ана тілімізде сақталған».

egemen.kz сайтынан скриншот

Бөгенбай Зиялы Іslam.kz сайтына «Азамат» сөзі әйелдерге қатысты қалай қолданылады?» деген мақала жариялаған. Автор заңнамада көрсетілген нұсқаны қолдану керек дейді. «Орыс тілін білетіндер үшін «род» тақырыбы таңсық емес. Ал қазақ тілінде «женский, мужской, средний род» жоқ. «ҚР азаматы деймін бе, азаматшасы деймін бе?» деп қыздар қауымы ойланып қалады. Дұрысы –«азамат» сөзін қолдану. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ тілінде жалпы айтылады. Сол сияқты «төраға – төрайым» сөздерінен «төраға» деген нұсқа дұрыс. ҚР барлық құжатында да, заңнамасында да азамат және төраға сөздері қолданылады. Лауазым білдіру мағынасында «аға оқытушы, аға сержант» т.б. сөздер көп кездеседі. Бұл жерде де ер мен әйелге бірдей «аға» сөзін қолдана береміз».

baq.kz сайтынан скриншот

«Азаматша» сөзін материалда қолдану да жиі кездеседі. Айталық, egemen.kz сайтында 30-ға жуық тұрғынды алдаған азаматша бас бостандығынан айырылғаны туралы жаңалық жарық көрген. «Қызылордада сотталған азаматша анасына алғыс білдірді» деген тақырыппен шыққан baq.kz материалы да сөзімізге дәлел бола алады. Аzattyq ruhy сайты да14 жылдан бері туыстары іздеп жүрген өзбекстандық азаматша Нұр-Сұлтаннан табылғаны жайлы жаңалық берген.

azattyq-ruhy.kz сайтынан скриншот

Байқағанымыздай, мәселе ретінде көтерілген материалдардың денінде аударма тұрғысынан қарастырылған. Ал жалпы қолданыста жүрген феминитивтерді көбіне жаңалықтар лентасынан көруге болады. Жақында ғана factcheck.kz сайтына Думан Терлікбаевтың «Қазақ тілінде феминитивтер бар ма?» мақаласы жарияланған. Гендер тұрғысынан зерттелген материал деуге әбден болады. Өйткені басты фокус ретінде феминитивтердің қолданысы алынған. Автор мысал ретінде ағылшын, француз, орыс тілдерінде феминитив сөздің қалай қалыптасатынын келтіреді. Артынша мамандардың пікірін біледі. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұрсәуле Рсалиева қолдан жасап керек емес десе, редактор әрі тіл маманы Назгүл Қожабек мамандық пен лауазымда жыныс болмайды деп пікір білдірген. Ендеше, феминитив керек дейтіндер кімдер? Мәселен, феминист белсенді Гүлзада Сержан тілдің өзгеріске ұшырап, дамып отыратынын алға тартады. Яғни азаматтар десе, тек ер адам ойға келуі мүмкін дейді. Пікірінен үзінді келтірсек: «Әйел өзін қалай атағаны дұрыс деп санаса, солай атауы қажет. Бұл жерде қысым болмауы керек. Феминистер салғыласып, ұрыс-керіс жасау үшін емес, әйелдердің еңбек саласына келгенін атап өтіп, көрсетіп және бағалау үшін феминитивтер туралы айтады».

Отандық БАҚ-та, соның ішінде қазақша жазатындар арасында феминитивтерге қатысты нақты бір қатып қалған қағида жоқ. Сондықтан әркім қалауына қарай ішкі ереже бойынша жазады. Гендерлік теңдік мәселесін алға тартатын редакцияда «азаматша» сөзіне аса мән беруі мүмкін. Дегенмен тіл мамандарының айтқанымен келісетін ұжым барлығын бірдей «төраға» деп береді. Болмаса, баспасөз баянына рерайт жасаған кезде түпнұсқа қалай ұсынса, солай бере салуы да ғажап емес.

Медиасауат саясатын қалай насихаттауға болады? Финляндия тәжірибесі

«Медиасауат — адамның қоғамдағы мәдени, әлеуметтік және демократиялық процесстерге қатысуына жол ашатын негізгі құзірет. Медиасауат машығы дегеніміз — қауіпсіз өмір, жақсы жұмыс, бақуат тұрмыс және ұлттық қауіпсіздік кепілі». Финляндия Білім министрлігіндегі Аудиовизуал медиа ұлттық институтының медиасауат бойынша аға кеңесшісі, доктор Лаури Пальса ұжымдық медиасауат дамыту тәжірибесі туралы презентациясын осылай бастады. Бұл зерттеу институты Финляндияда медиасауаттылықты таныту-тарату, насихаттауға үлес қосып жүрген ұйымдар мен адамдарды қолдап, медиасауат дамыту жұмысын үйлестіреді. Финляндияның медиасауат дамыту тәжірибесі Еуропада ғана емес, жалпы әлемде озық саналады.

Доктор Лаури Пальса

Финдердің медиабілім беру саясаты сонау ертеден басталады. Мектептерде жүйелі білім беру 1970 жылдары енгізілді. Алғашқы ұлттық медиасауат саясаты 2013 жылы қабылданды. Әрекет ету мерзімі 2016 жылы аяқталды. 2019 жылы Білім және мәдениет министрлігі жаңа медиасауат саясатын жетілдіріп, пысықтауды Аудиовизуал медиа ұлттық институтына тапсырды. Медиабілім берудің фин моделі әлемге әйгілі, халықаралық деңгейде мойындалған. «Еуропадағы медиа және ақпарат сауаты бойынша мемлекеттік саясат» зерттеуде Дания мен Финляндия ең озық елдер ретінде аталған. Зерттеу қорытындысы бойынша екі елде де медиасауат ұлттық саясатпен тығыз бірігіп, белсенді азаматтық ұстаным және адам құқықтары концепциясымен айқын байланысқан. 

Финляндияда әр адам медиасауатын дамытуға жағдай жасалған. «Медиасауат бәріне» деген ұранмен дамып жатыр. Жақсы әрі мәнді өмір сүруге ықпал ететін медиасауат азаматтық біліктіліктің маңызды элементіне жатады. Сапалы, жүйелі және кешенді медиабілім білім беру арқылы медиасауат дамып, тарайды. Финляндиядағы кешенді медиабілім беру дегеніміз — мазмұны, перспективасы, мақсатты топтары мен географиялық қамту ауқымы жағынан жан-жақты медиабілім беруді білдіреді. Сапалы медиабілім дегеніміз — мазмұнды, ешкімді кемсітпейтін, ұдайы дамып отыратын, зерттеулерге сүйеніп бағаланатын білім. Ал жүйелі медиабілім беру дегеніміз — тұрақты және қисынды медиабілім беру. 

Медиабілім беруді қолдану ауқымы кең және әралуан. Медиабілім беруді түрлі деңгейде насихаттауға, зерттеуге, дамытуға және жүзеге асыруға болады. Финляндияда медиабілім беру барлық жерде: ресми, бейресми және информалды білім беру мекемелерінде бар. Мектепке дейінгі білім беру, мектеп, кітапхана, жастар ұйымы, музей, мемлекеттік және қоғамдық ұйым, үкіметтік емес ұйымдар, ұлттық, аймақтық және жергілікті компанияларда медиабілімді оқытады. Білім беру жүйесі медиабілім берудің негізін қалыптастырып, қамтамасыз етеді. Бұл әркімнің білімге теңдей қол жеткізуіне жол ашады. Медиабілім беру түрлі мақсатты топтарды қамтиды. Медиабілім беру мәселесі білім және мәдениет, көлік және байланыс, әлеумет пен денсаулық саласы сияқты ұйымдастырушылық секторды да қамтиды. 

Медиасауат саясатын дайындау барысында ауқымы, мақсаты мен перспективасы өзгеретінін ұмытпаңыз. Мәселен, медиасауат бойынша халықаралық және ұлттық саясат болуы мүмкін. Медиасауат саясаты оқу жоспарының бір бөлігі, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаның да бөлігі бола алады. Медиасауат салаларға да бөлінеді, мәселен, кітапханадағы, білім беру саласындағы медиасауат, жастармен жұмыс істеудегі медиасауат. Аймақтық деңгейдегі медиасауат саясаты да бар. Сондай-ақ, медиасауат муниципалитет деңгейінде де тарап жатыр. Медиасауат саясатын жүзеге асыру кезінде жұртшылықтың түрлі сұранысына назар аударып, сұранысты қанағаттандыратын іс-әрекет таңдалады. Форматы әртүрлі болады: зерттеу, сауалнама, сұхбат, сайт жасау, консультация. 

9-10 маусым күндері Алматыда өткен Медиасауат халықаралық конференциясында доктор Лаури Пальсаның «Цифрлы технологиялар дәуірінде тұрақтылыққа жету жолы: ұжымдық медиасауат саясатын әзірлеу» деген ашық лекциясы болды. Лекцияның видеожазбасы Қазақстандағы Internews өкілдігінің YouTube-арнасында сақтаулы .

Бұл материал АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалды. 

Каспий саммиті, киік ату, бензин бизнесі: 27 маусым – 3 шілдедегі апталық телебағдарламаларға шолу

«Жеті күн» бағдарламасы қоғамда қызу талқыланып жатқан 80 мың киікті ату туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйғарымына орай сюжет әзірлепті. Қазақстандықтардың тұтынушылық несиені, оның ішінде онлайн несиелерді жиі алатынына назар аударған. «Айна» бағдарламасы шомылу маусымындағы қауіпсіздікті негізгі тақырып етіп алып, Ақсу өзенінде жоғалып кеткен үндістандық екі студентті іздеу жұмысы туралы сюжет ұсынды. Сондай-ақ, Қордай бекетіндегі көлеңкелі бензин саудасы жайлы журналистік зерттеу әзірлепті. Ал Apta Ашхабадта өткен VI Каспий саммиті туралы сюжет дайындапты. Сонымен қатар, бағдарлама халықаралық жаңалықтардан ақпарат берді – Қарақалпақстандағы жағдай туралы, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Конституцияның дау тудырған баптарын өзгеріссіз қалдыруды ұсынғанын айтты. Украина билігі Ресей осы уақытқа дейін қанша әскері мен техникасын жоғалтқанын хабарлап, сандарды сөйлетті.

«Айна» бағдарламасы алғашқы маусымын аяқтап, демалысқа шықты. Келесі аптадан бастап біз де апталық телебағдарламаларға шолу жасауды уақытша тоқтатамыз.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы коронавирус инфекциясының өршіп бара жатқаны туралы ақпаратпен басталды. Дархан Әбдіуахит статистикалық деректер мен шектеу шаралары туралы мәлімет берді.

Елімізде рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы рекордтық деңгейде өсті. Депутаттар алаңдаушылық білдіріп, экономистер мұның пайдалы жағы барын ескертуде. Дегенмен, Ресейдің қымбат рублі инфляцияны одан әрі ұлғайтып тұр. Сараптамаға сұранып-ақ тұрған тақырып еді. «Жеті күн» мұны кадр сыртындағы мәтін және синхронмен қысқа қайырды.

«Шетелдік валютаны сатып алмақ түгілі мойнындағы қарызынан қалай құтылсам екен деп сары уайымға салынған қазақстандықтардың саны тым көбейіп кеткен» деп Дархан Әбдіуахит «Қарыз қақпаны» аталатын сюжетке кезек берді. Онда сарапшылар «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы» проблеманы шеше ала ма деген сауалға жауап беріпті.  Сарапшылардың бірі – тұтынушылық несиенің көп екеніне баса назар аударды.

«12 мүшесі сау кейбір пысықтардың жарлы-жақыбайлардың табағына ортақтасып жүргенін талай естігенбіз». Елдегі жұмыспен қамтылғандар, жұмыссыздар және жұмысқа құлықсыздар туралы статистика келтірген Дархан Әбдіуахит бұл сөздерімен кімді және нені меңзеді?

«Еңбек адамы» аталатын сюжетті Ақбота Тәңірберген де әлдекімдерді кінәлаумен бастады. «Жұмыс іздегендер көп әйтеуір. Екі қолға бір күрек таппай, тоздырмаған табалдырығым қалмады деп шағымданады. Ал кәсіпорындарда тракторшы жоқ, қалада құрылысшы кем, фермерлер ақшасына малымды бағып беретін бақташы таппай отырмын дейді».  Солай-ақ болсын. Дегенмен, журналист мұны кейіпкерлерінің сөзімен дәлелдеуі тиіс емес пе? Сюжетте әңгіме NEET жастар туралы екенін автор күлбілтелей білдірді. «Іздеген адамға жұмыс табылатынын» айтып бірнеше кейіпкермен мысал келтірді. Мемлекет ұсынған бағдарламалар туралы айтты. Соңында «Президент Қазақстанда еңбекқор жандар ең сыйлы адам болуға тиіс» деді. Сюжеттің мақсаты Президент сөзін насихаттау секілді. Ортанқол сюжет.

Қазақстан әлемнің көптеген мемлекеті секілді АЭС салуды жоспарлап отыр. Алматы облысы Үлкен ауылында салынады деген шешім қабылданды. «Жеті күн» тілшілері ол ауылға барып қайтқан. Дархан Әбдіуахит ұзын-сонар алғысөз айтып, бірер апта бұрынғы сюжеттегі Үлкен ауылы тұрғындарының пікірін қайталап берді. Бұдан әрі Президенттің Астана халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес отырысын өткізгені туралы айтып, сол жайында сюжетке кезек берілді. Хаттама сюжетке сарапшылардың пікірін қосып, қаржы орталығы қарапайым халық үшін қандай қызмет ұсына алатыны туралы ақпарат беруге тырысқан. Алайда IPO да, құнды қағаздарға қаражат салу тақырыбы да жеке талдауды қажет ететін ауқымды мәселе.

Соңғы аптада қоғамда қызу талқыланған Экология министрлігінің Орал популяциясындағы 80 мың киікті ату туралы шешімі жайында да сюжет әзірленіпті.  Киік атуды қолдайтындар мен оған қарсы тараптың пікірі қатар ескерілген  сюжет. Дегенмен, жергілікті табиғат жанашырлары немесе ғалымдардың киіктердің жайылымына қатысты нақты дерек жоқтың қасы. Жер жағдайын білетін бейтарап сарапшының әділ талдауы болмады.

Ашхабадта өткен VI Каспий саммиті жайлы хаттама сюжет берілді. Жиында талқыланған мәселелер жайлы кеңінен баяндалды.

370 ғалым Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазып жатыр екен. Сюжетте осы еңбекке атсалысып жатқан ғалымдар қазақ елінің тарихын жазуда осыған дейін ескерілмей келген тарихи шындықтар туралы айтты. Мағұлматы мол сюжет.

Бағдарламаны Ұлттық домбыра күніне арналған көлемді сюжет аяқтады.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

 «Айна» бағдарламасы шомылу мауымы басталғалы осы мәселеге бірнеше сюжет арнады. Бұл жолы судағы қауіпсіздікті басты тақырып етіп алыпты. Оған бірнеше сюжет арнаған. Оған себеп шомылу маусымындағы өлім-жітімнің көп болуы. Алғашқы сюжет «Бір айда 71 адам суға кетті» деп аталып, онда маусымда орын алған қайғылы жағдайлар баяндалды. Құтқарушылардың түсініктемесі бар. Шомылу ережесіне бөлек бір материал арналды. Құтқарушылар суға түсер алдында және суда ескерілуі тиіс ережелерді түсіндірді.

Бұл тақырыптағы үшінші сюжет Ақсу шатқалындағы оқыс оқиға жайында. Мұнда бір топ шетелдік студент Ақсу өзеніне барып, екі үндістандық суға ағып кеткен, олардың денелерін іздестіру шарасы бірнеше күнге жалғасуда, нәтижесіз. Сюжетте құтқару шараларының барысы, іздестіру жұмысы қалай жүріп жатыр, қандай мамандар мен техника тартылғаны туралы жан-жақты баяндалған. Мамандар Ақсу өзенінің асау мінезі туралы да айтыпты.

«Қордайдың бензині қырғыз асуда» – шекара арқылы көлеңкелі жолмен бензин тасымалдап, табыс табатын жандардың тірлігі жайында журналистік зерттеу. «Айыр қалпақ ағайындар ресейдегі стройка мен аула сыпыруды былай қойып, бүгінде қазақтың бензинін бизнеске айналдырып алған». Ғадауат тіліне жақын мұндай теңеу сюжет салмағын түсірмесе, арттырмасы анық.  Көлемді сюжетте сарапшы пікірі, көлеңкені бизнесті жоюға қатысты ұсынысы бар. Алайда кеден бекетіндегі тексеру жұмысымен айналысатын құзырлы мекеме өкілдерінің пікірі жоқ.

«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы мұғалімдерге ұсынылатын жеңілдіктер мен Әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер жайлы материал әзірледі.

«Депутаттар демалысқа кетті». Негізінен Мәжіліс депутаттарына басымдық бере әзірленген сюжет. Парламенттің атқарған ісіне шолу, екі айлық демалыстың мезгілсіз екенін айтқан сыни пікір бар. Алайда «Ескі Қазақстанда» сайланып, «Жаңа Қазақстанда» жұмысын жалғастырып жатқан Парламенттің соңғы жарты жылдағы, еліміз үшін маңызды кезеңдегі  жұмысына сарапшы тарапынан бағалау болған жоқ.  Қарапайым тұрғындардан пікірлер алынса артық болмас еді.

«Тендердегі теңсіздік». Махамбет Бейбітшілік әзірлеген материалда мемлекеттік сатып алу саласындағы олқылықтар жайлы жалпылама сараптама жасалған. Сараптамалық бағдарламада  «ашық бюджет» тақырыбы сирек көтерілетіндіктен, «Айна» бұл сюжетін ерекше атап өтуге болады.  Болашақта осы саладағы, әсіресе мемлекеттік сатып алуға қатысты материалдар жиі жасалады деген үміттеміз. Сюжеттің алғысөзінде Шымкенттің мәдени шараларына бөлінген қаржы көлемі туралы айтылған еді. Тақырып жеке зерттеуді қажет етеді. Сюжетте бұл мәселе жайлы айтылмады. Сондықтан, жүргізуші көрерменді сюжетті көруге алдап шақырғандай әсер қалдырды.

«Айна» бағдарламасы алғашқы маусымын аяқтап, демалысқа шығады екен. 2021 жылдың кыркүйек айынан бастап, эфирге шыққан бағдарламаның 10 айға жуық жұмысына шолу жасалыпты.

Бағдарламаны әдеттегідей  «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN

Ашхабадта VI Каспий саммиті өтті. Apta бағдарламасы осы саммиттен басталды, бірақ дәстүрлі хаттама сюжет орнына сарапшылар мен саясаттанушыларды сөйлеткен сегіз минуттық үлкен сюжет дайындапты. Олар Каспийдің тауар тасымалы әлеуетін, Қазақстан мұнайын Ресей аумағынан тыс жер арқылы тасымалдау жолын, Қазақстанның әлемді азық-түлікпен қамту мүмкіндігі туралы айтты.

Бағдарлама Қарақалпақстандағы жағдайға жалғасты. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Конституцияның дау тудырған баптарын өзгеріссіз қалдыруды ұсынды. Бұл баптар жұрт толқуына әкелген еді. Не болғанын, төтенше жағдай режимі енгізілгенін, ҚР СІМ мәлімдемесі мен Қазақстан-Өзбекстандағы бірнеше шекара бекеті уақытша жабылғанын хабарлады.

Халықаралық жаңалықтар бағдарламаның негізгі тақырыптарына айналды. Қарақалпақстандағы наразылықтардан кейін Украинаға ойысты. Украина билігі Ресей осы уақытқа дейін қанша әскері мен техникасын жоғалтқанын хабарлады. Сандарды сөйлетіп, соңғы жаңалықтарды, АҚШ пен Батыс елдерінің жаңа көмегін, Беларусь президентінің мәлімдемесін айтты. Ол «Украина бізге зымыранмен соққы жасамақ болды» деп айыптады. Дәстүрлі шолу сюжет болмады, бәрін студиядан айтып шықты.

Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Олар полиция атынан хабарласып, азаматтардан ақша шығарып алудың амалын тапқан. Сюжет кейіпкері – алматылық зейнеткер алаяқтардың арбауына түсіп, несие алып, үйін сатқан, барлық ақшаны алаяқтар айтқан есепшотқа аударып, 23 млн теңгесінен айырылған. Сан соғып қалған зейнеткер қазір қала маңындағы саяжайда тұрып жатыр. Сюжетте кейіпкер оқиғасынан бөлек, психолог, ІІМ өкілі мен тұрғындар комментарийі бар. Мәселенің мән-жайын тәптіштеп түсіндіретін сюжет.

«Яндекс» сияқты такси-платформалардың отандық баламасын шығару мүмкін бе? Осы сауалды арқау еткен сюжетте қымбат жолақы, жоғары комиссия, баға жасау, отандық қосымша жасаудың қиындығы мен тиімсіздігі мәселесі қамтылды. Отандық такси қызметін ұсынатын компанияларды да айтып, жалпы Қазақстанда такси қызметі саласын мемлекет реттемей отырғанына да тоқталды. Такси жүргізушісі, Яндекс go Қазақстан» өкілінен бастап такси қызметін ұсынатын қосымша жасағандар мен министрге дейін сөйлетті. Қызық дерегі мен комментарийі мол үлкен сюжет.

Емдеу мекемелерінде 14 мыңнан астам медицина қызметкерінің орны бос тұр. Бұл сан жылдан жылға өсіп жатыр. Елімізде медицина мамандары өте тапшы. Бұл мәселе үлкен сюжетке арқау болыпты. Бірнеше облыстағы ахуалды қамтыды. Тұрғындарға, аурухана басшылары мен Денсаулық сақтау министрлігінің өкілінен комментарий алыпты. Тапшылық себебін де атап өтті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

«Көреміз» ток-шоуы: дискриминацияға ұшыраған кейіпкерлер

«Еуразия» бірінші арнасында 9 ай бойы эфирге шығып келген Köremіz ток-шоуы маусым қорытындысын жасады. Аптасына бес рет, дүйсенбі мен жұма аралығында жарыққа шығатын бағдарламаның хронометражы – 50 минут. Кешкі сағат 19:00-де көрерменмен қауышады. Kantar* телевизиялық өлшемдері негізінде International Media Service дайындаған мәлімет бойынша, «Көреміз» 13-19 маусым аралығындағы телевизиялық бағдарламалар ішінде үздік ондыққа кірген. Рейтиңі – 2,31 пайыз**. «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр бағдарламаның қаралымы жоғары екі шығаралымына шолу әзірледі.

Телеарнаның ресми сайтындағы ток-шоу сипаттамасында былай делінген: «Бұл жобада шынайы өмірдегі кейіпкерлердің оқиғалары еш бояусыз, бүкпесіз көрсетіледі. «Köremіz» ток-шоуының студиясында ойдан шығарылмаған оқиғалар мен куәгерлердің өз аузынан баяндалатын түрлі тағдыр талқыланып, кейіпкерлеріміздің сұрақтарына тиісті мамандардан жауап алып, мәселесін шешуге көмектесеміз».

Бағдарлама ұжымы ұсынған қорытынды шығарылымда 180 тағдырға араша түскені айтылды. Басталғалы бері ток-шоу жүргізушісі екі рет ауысқан. Бастапқыда Ғазиза Райымбек жүргізсе, үш айдан кейін эфир тізгінін Руслан Өтепбай алды. Тоғыз ай ішінде түрлі тақырып талқыға түсті. Оның ішінде отбасылық жанжал басым. Ерлі-зайыптының арасына түскен ене, ажырасқан соң баланы бөлісе алмай жүрген жұбайлар, баланың әкесі кім екенін анықтауға асыққандар, күмәншіл һәм күдікшіл күйеуден зардап көрген әйелдер мәселесі жиі көтерілді.

Ток-шоудың YouTube желісінде арнасы бар. 115 мың оқырман жинап алған арнаға күн сайынғы шығарылымдар дереу салынып отырады. Алдын-ала аңдатпасын да шығарып, көрермен құлағын «көтеріп» қояды. 180 бағдарламаның бәрін тізгеннен гөрі қаралымы көп болған әрі өрескел қате байқалған екі шығарылымға шолу жасағанды жөн көрдік. Мысалы, төрт ай бұрын жарыққа шыққан «Махаббат бабы» шығарылымын интернетте 889 мың адам көрген. Сипаттамасында «Балам жазықсыз темір торда отыр». Дәл осылай араша сұрап студиямызға Алматы облысының тұрғыны Ақнұр Мырзаева келді. Айтуынша, ұлы өзінен 11 жас үлкен, 4 баласы бар келіншекпен  көңіл қосқан көрінеді. Екі жас арасындағы махаббат дастаны немен аяқталды?» деп жазылған.

Қысқаша айтқанда, Ақнұр Мырзаеваның ұлы түрмеде отыр. Баласы өзі сүйіп қалған келіншекті соққыға жыққан. Бағдарлама басталған бойда алдымен Мырзаева оқиғаны естігені бойынша баяндап береді. Бауыр еті баласы үшін шырылдаған оны түсінуге әбден болады. Десе де, екінші тарапты тыңдамай жатып, студияға келген сарапшылар бірден келіншекті жапатармағай кінәлай бастайды. Ондағысы – жасының үлкен болғаны, ажырасқаны, төрт баласының болуына байланысты. Мәселен, сарапшы болып келген радиожүргізуші Айдын Жасыбай былай дейді: «21-22 жаста барлығымыз үлкен қыздарға ғашық болдық қой. Бірақ анаң тұрып, бауырларың тұрып, төрт баласы бар қызға баруды білмеймін енді. Сонда ағалары «қой» демеген бе?» дейді. Бұл жерден ғадауат тілін анық көре аламыз. Соның ішінде әлі екінші тараптың сөзін тыңдамай жатып, нақты себебі болмаса да әлгі келіншекті төрт баласы болғаны үшін, бұрын тұрмыста болғаны үшін басқалардан кем көріп, шеттетіп тұр. Яғни дискриминация көрінісі байқалады. Кейін сөз болып отырған әйел студияға келіп, оқиғаны өз аузынан баяндаған кезде Айдын Жасыбай «Қазір Айданаға қарап отырмын. Құдайға шүкір, адам тани аламыз ғой, күйеуінің көзіне шөп салатын қызға ұқсамайды. Таяқтың екі ұшы болады. Жала жаппайық» деп ойын өзгертеді. Бұл ұстаным әу баста болуы керек еді. Одан кейін эйджизм, яғни жасына байланысты кемсітуге де бағдарлама барысында бірнеше мәрте жол берілді.

Жүргізуші Руслан Өтепбай «мені зорлады» деп отырған әйелге «Сені жақсы көретін, алқа сыйлайтын, төрт балаңды қабылдауға дайын жігіт неге сені қызғанады?» деп сұрақ қояды. «Екінші жұмысыңда басқа жігітпен сөз байласқан боларсың?» деп те сұрайды. Сол мезетте кейіпкер өзге адамдар тарапынан  виктимблэймиңге ұшырайды. Атап айтқанда, «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді», «Қатынға жолама, қарасы жұғады» деген сынды кінәлау сипатындағы сөздер айтылады. «Журналистер этикасының жаһандық хартиясында» да, «Қазақстандағы медианың негізгі принциптерінде» де журналистің әлдекімді дәйексіз кінәлауға, жала жабу сынды әрекеттерге жол беруіне болмайтыны жазылған. Осылайша әңгіме ауаны жеңіл-жүрісті қыз екен дегенге ауады. Бұған дейін көп сөйлемей отырған сарапшы Ақмаржан Көшербаева «Тіпті солай болған күннің өзінде ұлыңыз өз еркімен барған. Оны ешкім сүйреп апармаған» деп Айданаға қолдау білдіреді. Бағдарлама барысында ашық қорқыту фактісі де болды. Ақнұр Мырзабаева ұлының кінәсі дәлелденіп, түрмеге отыратын болса, Айдананың үстіне бензин құйып, өртеп жіберетінін айтты. «Үлкен ұлдарым да ініміз сотталса, әлгі әйелді аямаймыз деп отыр» дейді. Сарапшылар бұл кезде бірауыздан бұлай деуге болмайтынын айтып, ескерту жасайды. Соңында тергеу аяқталған соң, ұлы кінәлі болып шықса, шығындарды өтеп беріп, кешірім сұрауы керегі айтылады.

Қаралымы 605 мыңнан асатын келесі бір шығарылым «Екі байдан – бір бала» деп аталады. Мұнда да ажырасқан әйелді кінәлап, тағдырындағы сол оқиғаны сүйекке таңба етіп көрсетеді. Кейіпкер бұрынғы күйеуімен заңды түрде ажыраспаған. Екіге кеткеннен кейін бір жігітпен көңіл қосып, жүкті болып қалады. «Бала осыдан-ау» деп сол жігітке хабарласады, бұл іске туыстары араласып екі жасты қосады. Бала дүниеге келген соң, заңды некеде бұрынғы күйеуімен тұрғандықтан сәби автомат түрде соның тегіне өтіп кетеді. Бұдан бөлек, ауылдағы гу-гу әңгіме арқылы әйелдің жеңіл жүрісті болғанын естіп күйеуі күдіктене бастайды. Бағдарлама соңында генетикалық талдау жасалып, нәтижесінде бала басқа біреуден болып шығады. Маңыздысы бұл емес. Шығарылым кезінде этикаға қайшы бірнеше тұсты байқадық. Сарапшы болып студияға келген журналист Меруерт Әйтенова: «Балаңызға қайтып келген қызға бару ыңғайлы болған. Бір-екі рет барып қайтам, қыз емес қой деген» дейді. Одан соң, «Баламыз біреудің қызын бүлдіргенде намыстанбаймыз. Бірақ «анадай әйел»  (ажырасқан, зорланған – ред.) алып келсе, намыстанамыз. Қазақпыз ғой» деп ғадауат тіліне жол береді. Яғни этникалық топ – қазақтарды көрсете отырып, жалған намысты келеді деп жағымсыз образ қалыптастырып отыр.

Кейіннен кейіпкердің жас кезінде зорланғаны туралы фактінің шеті шығады. Сол кезде сарапшы болып келген қоғам белсендісі Ақмарал Басирова «Ағаң не деген еркек? Ана жерде оны кім істегенін мылтықпен жүріп тауып алуға болады ғой» деген пікір айтады. Зорлықшыны кінәлау дұрыс. Десе де, заңмен шешу керек жерде келесі бір қылмысқа шақыру жөн емес. Артынша зорланған қызға барлығы жабылып, сұрақтың астына алады. Студияға келіншектің екінші күйеуі, яки баласының болжамды әкесі келген соң тіпті анайы сауалар қойылады. Журналист Әйтенова: «Жігітше айтшы, неше рет жаттың? Қара ағаш, сары ағаштың арасына апарып неше рет болдың?» дейді. Бағдарлама аяқталар тұста генетикалық талдау нәтижесі шығады. Әкесі басқа біреу екені анықталғаннан кейін жүргізуші сөзін кейіпкерге бағыттап, былай аяқтайды: «Шынардың  (кейіпкердің қызы – ред.) еш кінәсі жоқ. Ол сіз жүрген жолмен емес, жақсы жолмен жүрсін. Келістік қой?».

Қазақстандағы медианың негізгі принциптерінің ішінде «адам құқына құрмет» бөлімі бар. Ол жерде «Редакция адамның жеке бас құқы маңызды екенін түсінеді және кейіпкерлердің өміріне ақпарат мазмұны белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін екенін ескере отырып, олардың мүдделерін ескеруге тырысады. Адал журналистикада қорлау, жала жабу және жалған айыптау ұғымдары сәйкес келмейді» делінген. Ал біз шолып шыққан екі бағдарламада да тәжірибесіз кейіпкер қоғамның ашуына тиіп, қудалауына ұшыратуы мүмкін сөзді абайсызда айтып, мәлімдеме жасап қойып отыр. Мұндай жағдайда журналист оны материалда пайдаланбағаны дұрыс еді.

«Көремізге» қатысты айтар тағы бірнеше сын бар. Бірінші кезекте, көбіне ғадауат тілін пайдаланатыны қоғамға қауіпті. Кликбейт арқылы көп қаралым жинап, отбасы – ошақ қасының мәселесін 50 минут көру көпшілікке ұнайтынын рейтиңнен-ақ көріп отырмыз. Дегенмен әлеуметтік тақырыптарды көтергенде біреудің басын төмен салбыратпай-ақ, сапалы ұсынуға әбден болады. Бұдан бөлек, балалардың бетін кейде бүркесе, кейде ашықтан ашық көрсете беретіні тағы бар.

Жүргізуші Руслан Өтепбайдың «ң» әрпін айта алмайтыны құлаққа түрпідей тиетінін назардан тыс қалдырып кетуге болмас. Мұны тілдің дефектісі саналатын дислалияға жатқызуға келмейді. «Қазақ тілінің фонетикасы мен фонологиясы» типтік оқу бағдарламасының авторы Съезд Ақымбек alashainasy.kz сайтындағы материалға берген пікірінде былай дейді: «Қазақ тілінде 120 шақты сөздің құрамында «ң» әрпі бар. Олардың ішінде көп қолданылатыны – 30 шақты. «Ң»-ы бар сөздерді мықтап жаттап алатын болса, «ң»-ды айта алмау «синдромынан» құтылады». Тележүргізушілерге осындай сәлем жолдаймыз.

Бізге түсініксіз көрінген тағы бір тұсты айтпай кете алмаймыз. Ол – сарапшыларды таңдау. Байқағанымыз, жиі қонақтайтын сарапшылар бар. Ол адамдар заңгер, психолог сынды мамандар болса, түсінікті. Дегенмен қоғам белсендісі, асаба немесе журналисті үнемі шақыра беріп, бұрын-соңды ондай тақырыптарды зерттеп, жазып жүрмеген болса, студиядан орын берудің мәні неде? Тұшымды ой айтып, сауатты пікір білдіретін мамандар келетін болса, бағдарлама рейтиңі әлсірей қоймас. Есесіне, дискриминация, бейәдеп сөз азаяр еді.

  • Мақала InternationalMediaServicе медиаселлерінің Kantar телевизиялық өлшеміне негізделген сұрыптауына сүйеніп дайындалды.
  • ** Рейтиң — бағдарламаның жалпы халық санына процентпен шаққанда алынған теледидары бар аудитория. Жарнама берушілер үшін маңызы зор.

 

Репортерге шарф пен оқ өткізбейтін кеудеше не үшін қажет? Мария Гордееваның (Reuters) қауіпсіздік ережесі

Reuters агенттігінің журналисі Мария Гордеева Арнайы репортаж мектебінің қатысушыларымен кездесуге оқ өткізбейтін кеудеше (бронежилет) пен фото жабдық салынған жолдорба (рюкзак) әкелді. Екі заттың жалпы салмағы 15 келіден асты. Ол «жұмыс кезінде алып жүруге шамасы жете ме, жоқ па» екенін білуі үшін екі затты да қатысушыларға ұстатты. Мария «Арнайы репортаж түсіру кезіндегі журналист қауіпсіздігі» деген тақырыпта сөйлеп, тележурналист болып жұмыс істей бастаған адамдарға 5 кеңес айтты. 

1. Митинг не іссапарға шықпас бұрын жаныңызда болуы керек заттарды түгендеп алыңыз:

  • Жеке басты куәландыратын құжат;
  • Ұйым/БАҚ құжаты (егер қандай да бір редакцияға арнап түсірсеңіз);
  • Редакция тапсырмасы, хат түрінде (митинг, соғыс, көпшілік алдында сөйлеу)
  • Камера/смартфон/диктофон;
  • Қашықтан түсіретін және кең көлемді объективтер (егер камераға түсірсеңіз);
  • Қосалқы батарейка / power bank;
  • Штатив немесе монопод;
  • Қосалқы жад картасы;
  • Шарф (егер митинг, соғыс не тіпті театрда түсірсеңіз де). Шарф таңғыш материал да болады, шаң-тозаң, газ, күн сәулесінен де қорғайды, өзен суына сүзгі ретінде де пайдаланады, қысқасы, кез келген қажетке жарайды;
  • Бір бөтелке таза су;
  • Қарапайым медициналық жиынтық;
  • Дозиметр (деңгейі көтерілген жердегі радиация деңгейін анықтау үшін)
  • PRESS деген жазуы бар кеудеше / оқ өткізбейтін кеудеше (Егер қақтығыс аймағында түсірілім жасасаңыз. Жалпы қақтығыс аймағына барсаңыз, онда оқ өткізбейтін кеудеше мен каска қажет. 

2. Құжатыңызға абай болыңыз. Құжатыңыз — қорғанышыңыз. Барлық аккредитация мен сақтандыру полисі сол аймаққа жарамды және жарамдылық мерзімі өтпеген болуы керек. Аккредитация мерзімі аяқталуына бір ай қалғанда еске салатын хабарландыру қойған дұрыс, жаңартып үлгересіз. Барлық құжатты су өткізбейтін пакетке орап, киіміңіздің ішкі жағына салыңыз. Көпшілік арасында сөмкеңізді жұлып әкетуі мүмкін. Міне, сондықтан да маңызды құжаттың барлығын киіміңіздің ішкі қалтасына салып қойыңыз. 

3. Не істеп жатқаныңызды түсініп алыңыз. Ұшырасатын жағдайға дайын болу үшін түсірілімге шықпас бұрын жағдайды бағамдап, зерттеңіз. 

4. Тәттілер, тіскебасар ұсынса, алмаңыз. Репортаж түсіруге қауіпті жағдайда кездейсоқ не қасақана улануды болдырмау үшін өзіңіз алып шыққан суды ғана ішіңіз.

5. Газ баллоншасы, басқа да кез келген қару түріне тыйым салынған. Газ баллоншасын қолдануды білсеңіз де төтенше жағдайда желдің бағытын есептеу өте қиын. Өз-өзіңізге зиян келтіріп, екі-үш сағат жұмысқа жарамсыз боп қалуыңыз мүмкін. Журналист қару алып жүруіне болмайды. Журналист қару ұстаса, оқиғаның сырт бақылаушысы болудан қалады.

Қазақстан мен Өзбекстандағы тележурналист болып жұмыс істей бастаған адамдар мен дербес видеомейкерлерге арналған «Арнайы репортаж мектебіне» Алматыда 30 мамыр — 3 маусым аралығында өтті.

Бұл материал АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалды. 

Отандық медиа ғылым мен технологияның шын бейнесін аша ала ма?

Қазақстан әлемді ғылыми және технологиялық жаңалықтармен жиі қуанта бермейді. Бірақ ел ішінде ара-тұра ғылыми және революциялық технология жаңалықтары шығып тұрады. Айталық, республикалық телеарналар арасында perpetuum mobile жобаларын эфирден ұсынады.

Журналист жабдық үшін «токтың да, желдің де, күннің де қажеті жоғынан» секем алмапты. Я болмаса, жабдықтың «қырқыншы прототип» екені де күмән тудырмапты. Сайып келгенде, кәдімгі энергияның сақталу заңы да бұл сюжеттің республикалық эфирге шығуына тосқауыл болуы керек еді.

Декарт: «Айтысар алдында айтатын сөзімізге анықтама беріп алайық» дейді екен. Сол сияқты, «ойлап тапты» мен «өз нұсқасын жасап шығардының» айырмашылығы үлкен. «Ойлап табылған» нәрсе ғылым немесе технология саласында соны жаңалық болуы тиіс. Мысалы, Ньютон тартылыс заңын ойлап тапты: ал Эдиссон электр шамының нұсқасын жасап шығарды. Ойлап тапқан – Яблочков.

Терминологиялық шытырман журналистерге отандық ғалымдардың аузымен жиі жаңалық аштырады. «Айқын» басылымының сайтында отандық ғалым «бағасы арзан, салмағы жеңіл ұялы телефон батареясын ойлап тапты» деген мақала бар. Ғалымның сөзінше, ол отандық шикізат негізінде графен-марганец жұбының көмегімен аккумулятор жасап шығарды. Ғылым әлемінде мұндай зерттеулер көп екенін ескерсек, журналист ғалымды өз нұсқасын ұсынған адам ретінде көрсетуі тиіс. Баспасөзде осындай жаңсақ тұжырымдар көп. Өте көп. Мұндай тұжырымдар қоғамда, әдетте консерватив келетін ғылымды оңай іс деген сенім тудырады. «Ойлап таптының» орнына «жасап шығарды» немесе «өз инженерлік шешімін ұсынды» деу жеткілікті еді.

aikyn.kz сайтынан скриншот

Медиада барлығын ғылым немесе технология «жаңалығы» ретінде беру дәстүрі 2010 жылы елімізде «Қазақстанды үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту» бағдарламасы қабылданған тұста қарқын алды. Тақырып еліміздегі дәстүр бойынша – мемлекеттік сатып алу тақырыбына айналды. Оны мәтіндердің сөз басында мемлекет басшыларының сөзін арқау қылудан да, олардың тұлғасына деген пиететтерден де байқауға болады.

Ғылыми мәтіндердің немесе тұжырымдардың арнайы редактурасы болмауы коронавирус індеті кезінде кері әсерін берді. Мысалы, екпе науқаны кезінде конспирологтарға тіпті ресмиетте тұғыр берілді. Балғынбек Имаш – инфльюенсер, бірақ ғалым емес. Тақырыбы кликбейт мұндай посттарда өкінішке қарай тараптардың көзқарасын беру мақсаты жоқ. Және бұл көзқарастың адам өміріне тікелей әсері туралы ескертпе де жоқ. Вакцинация науқанының сәтсіз өтуінің бір себебі осы деп топшылауға болады.

Ең болмаса фактчек деңгейінде алғашқы ғылыми экспертизаның болмауы, журналистердің тақырыпқа арнайы машықтанбауы, сала мамандарының көзқарасын білмеу кейде үлкен тотал фейлге ұшыратады. 2009 жылы жылқының алғаш рет Қазақстан жерінде үйретілгені туралы хабарлар шыққан болатын. Айта кету керек, бұл мәселеде ғалымдар «жылқы алғаш рет Қазақстан жерінде үйретілді» деген тұжырым жасамаған, тек табылған артефакттердің жасын мәлімдеген. Оны мәлімдеген тұста одан көне артефакт болмаған. Бірақ бұл жаңалық медиада тұспалдан тұжырымға айналып шыға келді. Бұл тұжырым тіпті мемлекеттік деңгейдегі идеологиялық құралға айналды, оны мектептегі ашық сабақ тақырыптарынан бастап, публицистикаға дейін байқауға болады.

azattyq.org сайтынан скриншот

Ал былтыр «Nature» журналы жаңа дерек жариялады. Жаңа деректер бойынша, Еділ мен Дон арасындағы далалықта табылған артефакттер ескілеу болып шықты. Айта кету керек, ғалымдар бұл жолы да «алғаш рет» деп тұрған жоқ. Археология ғылымында мұндай нақты тұжырым болуы да мүмкін емес.

Бұған қоса, IT жаңалықтарында, АЭС тақырыбындағы жарияланымдарда ғылыми, фактографиялық қателер көп. Бұл жалпылама шолу іспетті беріліп отыр. Ғылыми тұжырымды журналист білігінің тұрғысынан растау немесе терістеу қиын болғандықтан, зерттеу туралы жазу үшін де зерттеу қажет. Бірақ бүгінгі қазақстандық медиа оған уақыт та, қаржы да бермейтіні айқындалды.

Digital-зерттеуді неден бастайды? Жәмила Маричеваның нұсқаулығы

17-20 мамыр күндері Алматыда Зерттеу журналистикасы мектебі өтті. Офлайн-тренингке Орталық Азия елдерінен 20 журналист қатысты. Тренерлердің бірі — журналист, ProTenge.kz жобасының негізін қалаған Жәмила Маричева. Халықаралық медиатренерлер журналистік зерттеу жүргізудің әлемдік тәжірибесін таныстырса, Жәмила мұның барлығы Қазақстанда қалай жүзеге асатынын айтып берді. ProTenge.kz тәжірибесінен көптеген мысал келтірді. «Жаңа репортер» сайты Жәмила Маричеваның  Қазақстанда digital-зерттеу жүргізу нұсқаулығынан үш түрлі кеңес жазып алды. 

Жәмила Маричева

№1. Нені қайдан іздеуді қалай білеміз?

Біз әдетте не іздейміз? Ақша, мүлік пен байланыстарды іздейміз. Жәмила зерттеуші-журналистің жұмысын алтын қазушымен салыстырады. Алтын табу үшін өте көп құм жуу керек. Ең маңыздысы — алтынға пара-пар ақпарат табылатын құмды қайдан тауып, жууға болатынын білу. Мысалы, мұндай ақпаратты президент пен үкімет шығындарынан іздеп табуға болады. 

Цифрлы деректермен жұмыс істеудің бір артықшылығы — ақшаның ізі қалады, иә, неғұрлым көп сома болса, соғұрлым ізі де айқын. Бір қиыны — ақпаратты іздеу мен маңыздысын «сүзіп алуға» бірнеше сағат не бірнеше күн кетеді. Жәмиланың айтуынша, ол әріптестерінен сұрауға, кеңес алуға еш қысылмайды екен. Біреу кеңес сұраса, оларға да көмектеседі.

№2. Іздегенімізді қалай анықтауға болады?

Республикалық бюджеттің 50%-дан астамы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы өтеді. Әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмыс мемлекеттік сатып алу саласында жасалады. Келісімшарттардың 80%-ы конкурстан тыс болады. Цифрлы ізбен жұмыс істеудің ең кемшін тұсы — табылған деректер «неге, не үшін, неліктен» деген сұрақтарға жауап бере алмайды. Басты артықшылығы — сізге бермей қойған цифрларды алуға болады. 

№3. Дерек жиналды, енді не істеу керек?

Енді «Мұның қоғам мүддесіне қандай пайдасы бар?» деген сауалға жауап беру керек. Бірнеше жауабы болады: 

  • бюджет қаражатын тиімді жұмсау мәселесі;
  • қызмет бабын асыра пайдалану;
  • сыбайлас жемқорлық қылмыс.

Қылмыс жайлы ақпарат бар, бірақ дәлел болмаса, не істеу керек? Мұндай кезде оқырмандар дәлел табуға көмектеседі — материалды жариялағаннан кейін редакцияның әлеуметтік желілердегі аккаунтына жеке хат жазып, ашық дерекөздегі ақпаратты (мәселен, посттар, стористер және т. б.) бөліседі

Telegram-дағы ProTenge арнасының скриншоты

Жәмила Нұр-Сұлтан қаласында 28 млрд теңгеге (64 млн долларға жуық) салынатын дипломаттар қалашығы туралы мақаланы мысалға алды. Мұндай қалашық салынатыны Forbes.kz сайтында жарияланған мақаладағы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен мәлім болды. Ал іздеуді республикалық бюджеттегі мына сөзден бастапты. 

Осылайша, Жәмила зерттеуші-журналистерге республиканың не өзіңіз тұратын қаланың бюджетін жиі-жиі қарап тұруға кеңес береді. Жалпылама сандар бар, енді не істейміз? Зерттеудің нобайын сызып, «сандардың артына не жасырынған», «қандай құрылыс салынбақ», «кім салып жатыр», «не үшін салып жатыр», «мұны білу үшін қайда, кімге хабарласу керек» деген сауалдарға жауап іздейміз. 

Осы және бұған ұқсас зерттеулердің бірінші кемшілігі — тығырыққа тірелу, зерттеуді жалғастырудан бас тарту қаупі. ProTenge. kz командасы да бұған тап келген. Мемлекеттік сатып алулар порталында осы сомадағы келісімшарт туралы ештеңе табылмапты. Мемлекеттік органға жолдаған сауалға толымсыз жауап келді. Мұндай кезде журналистер Гуглде дұрыс іздей білуі керек екен. 

Google-дағы кеңейтілген іздеу жүйесінің скриншоты

Жәмила «дұрыс гуглдетуді үйрену үшін Bellingcat командасына (зертетушілер мен азаматтық журналистердің тәуелсіз халықаралық командасы, олар зерттеу жүргізу үшін ашық дереккөздер мен әлеуметтік желілерді қолданады — ред.) барып, оқып қайтқан сияқтымын» деп әзілдейді.

Google Earth скриншоты

ProTenge осы кейсті зерттеу үшін Google Earth сияқты құралдарды, Жер кадастрі басқармасының ақпаратын қолданыпты.

Тоқаевтың Петербург форумындағы мәлімдемесі туралы БАҚ не жазды?

2022 жылдың 15-18 маусым аралығында Ресейде өткен XXV Петербург халықаралық экономикалық форумының басты тақырыбының бірі – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туралы болды. Оның аталмыш жиында айтқан мәлімдемелері көптеген отандық және шетелдік БАҚ-та жарияланды.

Санкт-Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Донецк және Луганск Халық Республикаларына қатысты және Украиндағы ресейлік арнайы операция туралы, сондай-ақ, кейбір ресейлік депутаттардың Қазақстан тарапына шабуылдары жайлы пікір білдірді.

«Жаңа репортёр» медиасыншысы Назира Дәрімбет Қазақстан президентінің мәлімдемелерін отандық медиа қалай жазғанын талдап көрді.

«Арқадан пышақ ұру» немесе «бетке түкіру»

Саяси сарапшы Айдар Амребаев Exlusive.kz мультимедиалық порталына берген сұхбатында Тоқаевтың пікір алмасуға шынайы қызығушылығы сезілгенін айтты: «Президент Тоқаев дипломатиялық ұстамдылықтың үлгісін көрсетті, қойылған сұрақтарға ашық, сабырлы және кәсіби жауап берді, бүгінде бұл «жоғары деңгейдегі саясаткерлерге» тән қасиет емес. Сондай-ақ, ол Ресейдің «арнайы әскери операциясын» «тікелей әскери басқыншылық» деп бағалаудан аулақ болды, Украинаның көптеген жақтасы осыны күткен еді. Жалпы, президенттің real politik-ке қатысуы арқылы еліміздің әлемдік саясаттың ең өзекті мәселелері бойынша халықаралық ұстанымын өте табысты, тұтас және терең негізді түрде көрсете алдық деуге болады», – деп есептейді сарапшы.

Exlusive.kz осы тақырыпты жалғастыра отырып, журналист Мирас Нұрмұханбетовтың пікірін ұсынады, ол өз мақаласында Тоқаевтың айтқандарын «арқадан пышақ ұру» немесе «бетке түкіру» деп атайды: «Бір қарағанда, әсіресе, эмоционалды тұрғыда шын мәнінде солай көрінеді, бірақ, мұндай шараларда әдетте сұрақтар (сәйкесінше, оның жауаптары) алдын ала келісіледі. Жоғарыда аталғанға қайшы келмейтін тағы бір жайт бар – Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен аздап «саудаласып», аталмыш «жағымсыздау» шараға қатысу үшін «Донецк және Луганск типіндегі квазимемлекеттер» туралы пікір айту шартын қойған мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз», – деп жазады әріптесіміз.

«Демарш» және «сатқындық»

Кейбір қазақстандық онлайн басылымдар президент Тоқаевтың Петербургтегі форумда айтқандары туралы қысқа ақпараттар берумен шектелді: мәселен, Orda.kz сайты немесе Vlast.kz интернет-журналы. «Республика» порталында да авторлық сараптама материалдары жариялаған жоқ, әйтсе де, «Блоги» айдарында саясаттанушылар Досым Сатпаев пен Виктор Ковтуновскийдің, сондай-ақ, публицист Сергей Дувановтың әлеуметтік желіде жарияланған пікірін берді. Публицист Қазақстан президентінің айтқандарын алдын ала сценарийі жазылған «қойылымға» балады: «Путин Қазақстанның екінші санкцияға түсіп қалу қаупін болдырмас үшін осы қадамға барды, өйткені ол мұнысын санкцияларды айналып өтудің жолы деп қарастырады. Сол үшін де осы спектакль қойылды. Енді әр тарап өзіне ұнағанын таңдайды».

Ал Виктор Ковтуновский «Тоқаевтың «сатқындығы» медиа кеңістікте ғана толқын көтермегеніне назар аудару керектігін» атап өтеді.

Тоқаевты «арандатпақ» болды

Malim.kz сайты президентіміздің айтқандарына ресейлік сарапшылардың реакциясы туралы шолу жасап, онда Петербургте Тоқаевты «арандатпақ болды» деп жазды. Басылым журналист және қоғам қайраткері Максим Шевченконың: «Владимир Путиннің Кеосаянның айтқандарын бақылап отырмайтыны түсінікті және Владимир Путин Кеосаянның Қазақстан басшылығына қандай қоқаң-лоқы көрсеткенін білмеуі де мүмкін. Алайда, мұны жоспарлағандар (ПХЭФ және Симоньянның қатысуы – ред.) бәрін білді және Қасым-Жомарт Тоқаевты (Ресей президенті аты-жөнін әлі күнге дейін дұрыс атауды үйрене алмаған) арандату үшін әдейі ұйымдастырды» деген сөзін келтірген.

Арандату әрекеті туралы нұсқаны саясаттанушы Аркадий Дубнов та қолдайды, бірақ қазақстандық әріптестеріне қарағанда ол Тоқаевтың айтқандары алдын ала ойластырылған сценарий болды деп санамайды. Шолуда оның: «Кейбір адамдардың Тоқаевтың жауаптары алдын ала Кремльмен келісілген деген пікірі қызық. Бұл жанды аздап елестетіп көріңіз, тек күлімсіреп елестете аласыз. Тоқаевқа биыл қаңтарда ҰҚШҰ бітімгерлерін елге енгізу туралы шешімінің нәтижесінде зардап шеккен өзінің реномасын түзету үшін Питердегі аса өткір риторика қажет болды деген сыңайдағы конспирологиялық пікірлер, әсіресе, Қазақстанда кең тарай бастады» деген пікірі келтірілген.

 «Ормандай орыстан ықпады»

Dalanews.kz қазақтілді сайты «Петербор форумы: Тоқаев ормандай орыстан ықпады. Жалтақтамады. Саспады»  деген  «айқайлаған» тақырыппен материал жариялады. «…Екі елдің арасына іріткі салып, қазақтың делебесін қоздыратын әлгі арандатушылар әрі ойнасын деді. Дипломатиялық тілмен. Әрине, өкпесі жарылып кетсе де қажет кезде қақ маңдайдан бір қоятын Америка не Қытай емеспіз, бірақ орағытып отырып құдайшылығын айтты» делінген материалда.

Бұл батырлық емес

Azattyq радиосы Тоқаевтың айтқандарына «тәнті» болған жоқ және Тоқаев арнайы операция туралы мәселені айналып өтіп, қазақстандық сарапшылардың пікірін дәлелдеп отырғанын тікелей жазады. Мысалы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев «Тоқаев ешқандай ерлік жасаған жоқ және тек елдің ресми ұстанымын білдірді» деп санайды.

Саясаттанушы Димаш Әлжановтың пікірінше, Тоқаевтың форумға қатысуының жалпы сценарийі «екі жақтан да жақсы жасалған». «Тоқаевты дербес әрі батыл саясаткер, мәселелерді батыл шешетін және сонымен бірге прагматикалық саясат жүргізетін дипломат ретінде көрсету міндеті болды», – деп есептейді ол.

Тек қол шапалақтау керек

Adyrna.kz сайты президенттің кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты жасалатын арандатушы мәлімдемелері туралы айтқанын келтіріп, «Тоқаев оларды орнына қойды» деп санайды.

UlusMedia.kz порталы шолушы Асылбек Бисенбаевтың «Казахстан аплодирует: почему после форума в Питере Токаева называют молодцом» атты материалын жариялады. Автор Санкт-Петербургтегі форумнан кейін қандай оқиғалар тарихта қалатынына талдау жасаған.

«Айта кету керек, оның (Тоқаевтың – ред.) форумға қатысуы мен сөйлеген сөздері форумның өзі үшін де, қазақстандықтар үшін де алғашқы сенсация болды. Шынында да, объективті шындықтан бастау керек. Сондықтан Тоқаев халықаралық құқық үшін ғана емес, Қазақстанның аумақтық тұтастығы үшін де осындай мәлімдемелер жасағанын атап өтейік. Еліміздің президентіне қол шапалақтау ғана керек», – дейді автор.

Әйтсе де, ол «Қрымды басып алғаны туралы да қоса айтуы керек еді» деп шағымданады, алайда сарапшы: «Асылып қалғанның үйінде арқан туралы айтпайды демекші, оның жауабынан Қырымға қатысты ұстаным туындайды. Оның үстіне, Қырымды да «квазимемлекеттік» құрылымдарға жатқызуға болады», – деген пікір айтады.

Аударған: Айдана Нұрмұхан

Тоқаевтың Катарға сапары, полиция күні, қант тапшылығы: 20-26 маусымдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Әдетте Президент тақырыбына бағдарламаның басым бөлігін арнайтын «Жеті күн» авторлары бұл аптада мейлінше елдегі проблемаларға басымдық беруді жөн санапты. Президенттің Иранға сапарында да әдеттегідей Мемлекет басшысына емес, екі ел арасындағы байланыстың әлеуетін талдауға көңіл бөлді. «Айна» бағдарламасы Қазақстан полициясының 30 жылдығы және Журналистер күніне орай материалдар әзірлепті. Аpta бағдарламасы aймақтарда қантқа талас ушығып бара жатқанын көрсетті, мәселенің мән-жайын байыппен түсіндірді. Сюжетте кейіпкерлер, сарапшылар мен билік өкілдерінің комментарийі бар.

«Жеті күн», «Хабар»

Өткен аптада Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің 2021 жылғы бюджеттің орындалуы туралы есебі тыңдалды. Үкіметтің қай құрылымы бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланатыны, қазынаға қайтарылған қаражат, лттық қордан алынған қаржы туралы Қаржы министрі, Есеп комитеті баяндады. Рият Шони әзірлеген «Жеті күннің» алғашқы сюжеті осы отырыстағы ақпарат негізінде жасалған. Депутаттардың пікірі, Қаржы министрінің сөзі, Есеп комитеті басшысының уәжі, Сауда министрінің түсініксіз түсініктемесі бар. Сюжетке сарапшы ретінде Мақсат Сералы пікір білдіріпті. Бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына, азық-түлік бағасының қымбаттауына Үкімет қандай шара жасап отыр деген сауал талданды.

«Адам саудасы алаңдатады» аталатын сюжетінде Ақбөпе Тәңірберген сәбиін сататын аналардың қылмыс схемасын әңгімелеуден бастап, ересек адамдарды да алдап түрлі сипаттағы құлдыққа сататын қылмыстық топтар бар екені туралы мәлімет береді. Бахрейнге сатыла жаздап, қылмыстық топтың құрығынан құтылған кейіпкер өз оқиғасын баяндайды. Дегенмен, бұл сюжетте журналистің зерттеуінен гөрі, адам саудасымен күресетін құзырлы органдардың есебі басым.

23 маусымда Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толды. Сюжетке кезек бермес бұрын Дархан Әбдіуахит «Қаңтар қырғыны» оқиғасы бойынша тергеу істері туралы баяндап, қанша полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жайлы айтып өтті. Кәрім Мәсімотың ісіне қатысты да ақпарат берді.

Полиция күніне орай өткен салтанатты жиыннан жасалған сюжет «Айтулы белес» деп аталыпты. Сюжетте Президенттің жиында сөйлеген сөзіне, сын-ескертпесі мен ұсыныстарына ғана басымдық берілген, әдеттегідей хаттама сюжет.

«Арселлор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты кеніштердің бірінде тағы да адам өлімі болды. «Неге өндірісте өлім көп?» аталатын сюжет осы кәсіпорындағы өлім-жітімнің ұлғаю себебіне үңіледі. Жәбірленуші тараптың, компания, Төтенше жағдайлар қызметі өкілдері секілді бірнеше тараптың пікірін қамтыған толымды сюжет. Материал соңында тілші стендап жазып, мұндай оқыс оқиғалардан Қазақстан азаматтары зардап шегіп, қазақстандық мамандар жазаланатыны, шетелдік алпауыт инвесторлар қауіпсіздікке қаржы құйғысы келмейтінін айтыпты. Сюжет дәл осы құбылыстың себебіне үңілуге бағытталғанда материал анағұрлым тартымды болар ма еді?

«Жеті күн» шомылу маусымындағы балалар қауіпсіздігіне де сюжет арнады. Құрылымы жағынан Ақбөпе Тәңірбергеннің адам саудасына қатысты сюжетіне ұқсас. Қайғылы оқиғаларды құтқарушылар баяндап, сарапшылар ескерту жасапты. Қауіпті ескерту мақсатында жасалған сюжет деп топшыладық.

Мемлекет басшысының Катар еліне сапары, Экономикалық форумға қатысуы, Bloomberg агенттігі тілшісіне сұхбат беруі бағдарламаның ортасында кадр сыртындағы мәтін+синхрон форматында айтылды.  Осыдан кейін Президенттің Иранға ресми сапары баяндалған сюжет берілді. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық және логистикалық мүмкіндіктер туралы ақпараты мол сюжетті ерекше атап өту керек. Иран арқылы, сондай-ақ осы елге жүк тасымалдаудың артықшылығы талданды, сарапшылар, құзырлы мекеме өкілдерінің пікірі бар.

Әлеуметтік осал топ өкілдері жалдаған үй ақысын субсидиялау бағдарламасы іске қосылды. Кейбір мұқтаж жандар осы көмекті ала алмай отыр, оның түрлі себебі бар. Бұл жайында әзірленген сюжетте бағдарламаның операторы «Отбасы банк» қызметкерлері талаптар жайын баяндады. Ақбөпе Тәңірберген нақты кейіпкерлерді сөйлетіп, олардың бағдарламаға өтпей қалуын баяндау арқылы жобаның олқылықтарын көрсетіпті. Бұл кемшіліктер жайлы сарапшылардың да пікірі бар. Құптарлық. Бір өкініштісі, банк өкілдері сюжетте оқиғасы баяндалған кейіпкерлердің проблемасын шешу жолын білмейді екен.

Бірқатар сарапшылар алдағы уақытта ұн бағасы тағы қымбаттайтынын мәлімдеген еді. «Жеті күн» әзірлеген сюжет еліміздегі астық бағасы турасында ғана емес, диқаншылар бетпе-бет кездесетін бірқатар қиындықтар туралы да жан-жақты баяндапты. Ақпараты мол, толымды сюжет.

Президенттің еліміздің шахматтан әйелдер командасын қабылдауы туралы кадр сыртындағы мәтін және синхрон берілді.

«Дәстүрлі садақ ату» федерациясы садақ ату үйірмелерін ашып, жұмыс жүргізіп жатыр екен. Дәстүрлі спорт түрі ғана емес, олимпиадалық ойын ретіндегі спортты дамыту жайындағы тартымды сюжет бағдарламаны аяқтады.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасы апта соңында Жамбыл және Алматы облыстарында нөсер жауыннан сел жүріп, Алматы көшелері суға толғаны туралы ақпаратты басты тақырып етіп алыпты. Соңғы уақытта мұндай табиғат құбылысының жиілеп кеткенін айтып, экологтан оның себебін сұраған. Одан өзге, Төтенше жағдайлар министрінің, сала мамандарының пікірі бар. Толымды сюжет.

«Айнаның» Шымкент, Ақтөбе және Алматы қаласындағы тілшілері  көкөніс, тамақ пен қанттың бағасын білу мақсатында базар мен супермаркеттерді аралап, көпшілікті сөзге тартыпты. Пікір білдірген тұрғындардың барлығы азық-түліктің қымбаттағанын айтса, сарыағаштық өндірушілер пайданың аз екеніне шағымданған. Ерекше тәсіл, тартымды материал.

«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы балабақшаға кезекке қою жүйесі өзгеретіні, «артспорт» жобасы бойынша бір бала тек бір үйірмеге қатыса алатыны туралы ақпарат беріп, Білім министрі өкілінің түсініктемесін ұсынды, Дәурен Абаевтың мәлімдемесінен үзінді берілді. Жалдамалы пәтер ақысын субсидиялауға қатысты көпшілікте шағым көп екенін айтып өтті. Индустрия және инфрақұрылым министрі ақша бәріне жетеді деген сыңайда пікір білдірген. Сондай-ақ, бұл бағдарламаға қатысу талабы жайлы «Отбасы банк» өкілінің түсініктемесі бар.

«Айна» Қазақстан полициясының 30 жылдығына екі сюжет арнады. Салтанатты жиыннан басталған сюжет жекелеген полицейлердің жұмысы мен ерен еңбегін баяндауға ойысты. Махамбет Бейбітшілік әдеттегідей тиянақты сюжет әзірлепті.

«Айна» бағдарламасы 28 маусым – Журналистер күніне де сюжет арнады. Жас журналист әзірлеген сюжет болғандықтан ба, әлде басқа себебі болды ма, сюжет ойнақы жеңіл. Дегенмен, БАҚ туралы заң жобасы жасалып жатқаны, журналистке әлеуметтік қолдаудың жоқ екені туралы пікір білдірген журналистер базына айтыпты.

«Айна» әдеттегідей  апта ішінде елді елең еткізген қызықты оқиғаларды «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарына топтастырыпты.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Тоқаевтың Катар экономикалық форумына қатысқанынан басталды. Президентіміз Bloomberg журналисінің сұрақтарына жауап берді. Жүргізуші Альбина Әшім қысқа алғысөз айтып, Мемлекет басшысының қазіргі БҰҰ жағдайы туралы сөзінен үзінді көрсетті.

Украинадағы жағдайды баяндайтын дәстүрлі шолу бағдарламаның соңынан басына жылжыды. Осы аптада Ресей әскері Киевті бомбалады. Көпқабатты тұрғын үйге снаряд түсіп, жоғарғы қабаттарын қиратты. Жарақат алғандар, қаза тапқандар бар.

Украинадағы жағдай ушыққан сайын әлемде азық-түлік мәселесі қиындап кетті. Тақырып Украинадағы жағдайдан әлемдегі ахуалға ойысты. БРИКС+ ұйымының онлайн-отырысына Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, «Қазақстан Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы «аралық нарық» ретінде пайдасын тигізе алады» деп айтты.

Тоқаев тақырыбы тағы жалғасты. Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев QAZAQSTAN телеарнасына сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Петербург форумындағы сөйлеген сөзін «мінсіз» деп бағалапты. Оның осы сөзінен үзінді берді. Асқар Ақаевтай үлкен саясаткер сұхбатта тағы басқа да маңызды әңгіме айтқан болар. Сөйте тұра Президентіміз қандай дана адам екенін Apta редакциясы тағы бір атап өтуіне не себеп болды екен?

Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толды. Президент полицейлермен кездесті. Салтанатты жиын өтті. Тоқаев қазақстандықтардың құқық қорғау жүйесіне сенімі төмен екенін айтты. Жүргізуші Альбина Әшім алғысөзде Қаңтар оқиғасынан кейін болған азаптау фактілерін еске алып, полицейлердің жалақысы төмен екен атап өтіп, «…алайда оған қойылатын талабы таудай сақшы кейде антынан бұрын тұрмысын ойлап кететін шығар» деді. «Ақтағым келмейді» деп, «тек әр нәрсенің екі жағы бар екенін» айтып тоқтады. Айлық бір жағы болса, екінші жағы – азаптау болғаны ма? Мұндай қисын ақылға қонбайды әрі өзін-өзі ақтамайды. Сюжет тәртіп сақшыларының ерлігіне арналды. Демек, адамды азаптамай, кәсбіи міндетін адал орындайтын полицейлер де болғаны ғой?

Мемлекеттік қызметшілер күніне сюжет арнамады, бірақ Тоқаевты тағы көрсетті. Ол Ұлттық құрылтай отырысында ел игілігі жолында мемлекеттік қызметшілер маңызды рөлге ие екенін атап өткен.

«Мемлекеттік қызметшілер күні => Мәсімов ісі => шенеунік болса, онда бай => байлар баий түсіп, кедейлер кедейленіп жатыр» деген логикалық тізбек жасап, тақырыпты халықтың несиеге белшесінен батып жатқанына әкелді. Депозит салымдары мысалында жылдан жылға байлар мен кедейлердің арасы қалай алшақтап бара жатқанын қызық әрі егжей-тегжейлі түсіндірді. Сюжетте несие шырмауында қалып қойған отбасыны көрсетіп, әлеуметтанушы мен Бірінші несие бюросының сарапшысының комментарийін берді. Маңызды мәселе, бірақ шешімі қалай болары түсініксіз. Жеке тұлға банкроттығы қалай болары да әзірге түсініксіз. Ата-анасы несие құрсауынан шыға алмай қалған балалардың бетін жауып, ашық көрсетпегенде тіпті жақсы сюжет болар еді.

Аймақтарда қантқа талас ушығып барады. Apta тілшілері бұған бір сюжет арнады. Толымды сюжетте кейіпкерлер, сарапшылар мен билік өкілдерінің комментарийі бар. Мәселенің мән-жайын байыппен түсіндірді. Сюжетті көріп болған соң бір сауал көкейде қалды: қазақстандық қант зауыттарының өнім қуатын неліктен арттыруға болмайды?

Моноқалаларды дамыту мәселесін Арқалық қаласын мысалға алып, баяндады. Қалада мәселе көп, бірақ даму да бар, жағдайды жақсарту үшін Үкімет қолдауы қажет екен.

Бағдарламаны Бурабайдағы туризм туралы сюжет жалғастырды. Бурабайдағы демалыс жерінде тегін автотұрақ жоқ, қоқыс жәшіктері тапшы, биотуалет жоқ, үй жалдау ақысы шарықтап тұр, тамақ та қымбат. Мәселе шаш-етектен, бұл тек бір парасы. Тілші Оңғар Алпысбайұлының стендаптары, демалушылар мен сарапшылардың комментарийі сюжеттін сәнін кіргізіпті. Еліміздің басқа да туристік аймақтарында жағдай қалай екен? Қазір демалыс маусымы қызып тұрғанын ескерсек, бұл да көпке қызық сауал.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында үздік журналистерге Мемлекет басшысының сыйлықтары мен гранттары табысталды. Марапатталғандар қатарында QAZAQSTAN телеарнасының да қызметкерлері бар. Құтты болсын, әріптестер!

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.