Домой Блог Страница 16

Коммуникация түріндегі өшпенділік тілі. Ақпарат кеңістігіндегі жағдайға байланысты үндеу 

Құрметті әріптес журналистер! «Қазақстандық медиа желі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі мен Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеуі жөніндегі қоғамдық комитет Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі жағдайға байланысты сіздерге үндеу жолдайды.  

Украинадағы әскери әрекеттердің соңы ақпараттық соғысқа әкеліп, оған бізді де қатты тартып жатыр. Мысалы, Тигран Кеосаянның Қазақстанға және басқа елдерге қатысты соңғы кездегі риторикасында ашықтан-ашық ксенофобия бар. Кемсітетін мәнде айтылған сөздер, «біз» және «олар» қарама-қарсы позициясы, агрессив мәлімдемелерге арандату –  жеккөруді тудыратын «өшпенділік тілі». Біз коммуникацияның бұл түріне жол беруге болмайды деп санаймыз және ол журналистік этика ұстанымдарына, адамдық ар-намысты құрметтеу принциптеріне сәйкес келмейді деп есептейміз. 

Сөз бостандығын сақтай отырып, өшпенділік тілін шектеу мәселесі бүгінде әлемдегі барлық мемлекеттің ақпараттық кеңістігі үшін өзекті. Әр тарап пікір білдіру еркіндігін өзінің қол сұғылмас құқығы деп біліп, екінші бір тараптың шамына тиетін кикілжіңдерді тек заңнамамен реттеуге болады деп ойлау қауіпті. Біз мұны БАҚ пен әлеуметтік желілердің өзін-өзі реттеуі арқылы шешуге болады деп есептейміз. Атап айтқанда, проблеманы талқылау, оның шешімін іздеу, кемсітетін және ксенофобиялық мәлімдемелерге қарсы ағарту жұмыстары және оларға наразылық білдіру арқылы шешуге болады деп санаймыз.

Біз журналистерді өшпенділік тіліне тап болғанда үнсіз қалмауға шақырамыз. Эмоцияға берілмеңіз, медиа дау тудыратын және дұшпандықты қоздыратын орын емес, диалогқа арналған пікірталас алаңы болуы керек екенін есте сақтаңыз, бұл әсіресе конфликтіге сезімтал тақырыптар тұсында маңызды. 

Тағы бір назар аударғымыз келетін мәселе, Қазақстанға әлі күнге дейін Ресей ақпараттық кеңістігі зор ықпал етіп отыр. Қазақстандық кабельдік телеарналар ресейлік арналармен тең емес бәсеке жағдайында тұр. Одан бөлек, «көлеңкелі» спутниктік антенналардың нарықта белгілі бір үлесі бар. Біз нарықтағы барлық қатысушыны тең бәсеке жағдайына қоя отырып, өз контентімізді дамыту қажет деп есептейміз. 

«Мен бұл туралы министрлікке де айтып отырмын. Ақпараттық қауіпсіздік деген ұғым бар. Неліктен Қазақстан Республикасындағы шетелдік телеарналардың хабар тарату құқығы қазақстандықтарға қарағанда көбірек? Олар кабельдік желілерді ресейлік теледидарды көрсетпеуге мәжбүрлей алмаймыз дейді. Жарайды, олай болса, біздің телеарналарға тең құқық берсін! Менің ойымды түсінуіңіз үшін айтайын – ресейлік телеарналар Қазақстан нарығында ақша табады. Кеосаян өз позициясын ресейлік телеарнада көрсетіп, ал бұл телеарна әлі күнге дейін қазақ көрерменінен ақша тауып жүргені ғой? Өзіңді қорлағаны үшін ақша төлеу – мазохизмнің жоғары деңгейі!» – дейді Медианың өзін-өзі реттеуі жөніндегі қоғамдық комитет мүшесі, «Новое Телевидение» телеарнасының директоры Руслан Никонович. 

Қоғамдық комитет төрағасы
Жұлдыз Әбділда

Тоқаевтың Түркияға сапары, «Ауыл аманаты», автонесие, бала қауіпсіздігі: 9-15 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға мемлекеттік сапары туралы болды. Ол Анкарада Түркия басшысымен кездесіп, ел үшін маңызды келіссөздер жүргізді, сондағы ірі компаниялардың басшыларымен жүздесті. Өткен аптада Нұр-Сұлтанда Сәбит пен Сағи есімді екі азамат тұрғын үйдің 8-қабатында терезеде ілініп тұрған баланы құтқарып қалды. Аптаны қорытындылайтын бағдарламалар осы оқиға туралы арнайы сюжет ұсынды. «Жеті күн» бағдарламасы екі жігіттің ерлігі туралы баяндап, «Қауіптің көзі» аталатын сюжетте балалардың қауіпсіздігі туралы мәселе көтерді. «Айна» авторлары құтқарылған баланың анасымен сұхбаттасқан. Ал Apta ұсынған материалда психологтар, депутаттар мен ата-аналар бұл жағдайды талдауға тырысады. Үй салғанда бала қауіпсіздігін сақтауға байланысты ұсыныстар айтылды.

 «Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы Президенттің Түркияға мемлекеттік сапарына ерекше мән берді. Бағдарламаның басым бөлігін президент тақырыбына арнайтын мемлекеттік арна үшін бұл қалыпты нәрсе. Алдымен бағдарлама жүргізушісі Дархан Әбдіуахит сапар туралы студияда тұрып әңгімеледі, екі жақты кездесу барысындағы сөйлеген сөздерден үзінді берілді. Содан кейін арнайы сюжетке кезек берілді. Сюжетте сапар барысына, жасалған келісім-шарттардың маңызына терең сараптау аз. Қазақстанның Түркиядағы елшісін, еліміздің Сауда және интеграция министрін, түркиялық кәсіпкер мен жазушыны сөйлеткен.

Дархан Әбдіуахит студияда саясаттанушы Аян Сакошовпен бірге осы сапар барысын талдады.

Өткен аптада Сәбит пен Сағи есімді екі жігіттің ерлігі қоғамда қызу талқыланды. Олар Нұр-Сұлтандағы көпқабатты үйлердің бірінде 8-қабатта терезеден құлағалы тұрған бүлдіршінді құтқарған еді. Бұл туралы Дархан Әбдіуахит студияда тұрып баяндап, Сәбиттің, оның ата-анасының пікірін берді. Бұл тақырып «Қауіптің көзі» аталатын сюжетте жалғасты. Көп қабатты үйдің терезесі бүлдіршіндерге қауіпті баяндаған сюжетте 4-қабаттан құлап, аман қалған баланың әкесін сөйлетті, Төтенше жағдайлар мекемесінің өкілі, психолог мамандар, «Әкелер одағы» ұйымының мүшесін сөйлетті. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы терезені қауіпсіз ашу мақсатында ойлап тапқан өнер табысын көрсетті. Мәселені шешудің  жолы ұсынылды. Тиянақты сюжет.

«Жеті күн» несие тақырыбын жиі сөз ететін болды. Бұл жолғы сюжетке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың мәжілістегі баяндамасы арқау болған. Проблемалық несиелер, микроқаржы ұйымдары мен онлайн берілетін несие мәселесін айта келе, «Жеке тұлғаның банкроттығы туралы» заң талқыланып жатқанын баяндаған сюжет.

«Ауыл аманаты» – Жамбыл облысында шаруалардың табысын көтеру мақсатында жүзеге асып жатқан жоба. Осы бағдарлама беретін мүмкіндіктер, оның мақсат-міндеті туралы сюжет ұсынылды. Сюжетте сарапшылар, жауапты мамандар, кейіпкерлер бұл жобаның тиімді тұсын, қарапайым шаруаларға зор көмек болғанын айтты. Сарапшылар бұл бағдарламаның басқа өңірлерде де жалғасын табуы керектігін, Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бұл бастаманы қолдап, қаржы бөлуі керек екенін айтқан. Алайда, министрлік өкілдерінің түсініктемесі берілмеді.

Конституцияның 6-бабы, 3-тармағына енгізілетін өзгерістерге талдау жасалған сюжет әзірленген. Сарапшылар аталмыш тармақтың ескі және жаңа редакциясын салыстыра отырып, «Жер мен оның байлығы халыққа тиесілі» деген жаңа редакцияның маңызын түсіндірді. Осылайша референдум тақырыбын да қозғап өтті.

Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында Нұр-Сұлтан қаласының сәулетіне қатысты ережелер талқыға шығарылды. Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжет жаңа ережелерді негізге ала отырып жасалған. Бұл материалға елорда тұрғындарының жақын салынып жатқан құрылысқа қарсы болып, пикет ұйымдастыруы себеп болған. Әдетте апталық сараптамалық бағдарламаларда Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында талқыға шығарылатын қаулылар мен жобалар туралы сюжет әзірлене бермейді. Сондықтан «Жеті күннің» бұл талпынысы қуантты. Алдағы уақытта авторлар аталған порталда талқыға түсетін жобаларды халыққа жиі таныстырып, бұл жолғыдан да терең талдау жасайды деген үміттеміз. Жалпы «Жеті күн» бағдарламасының бұл санында авторлардың ізденісі, пікір алуандығын сақтауға, тақырыпты ашуға талпынысы байқалды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

Махамбет Бейбітшілік әзірлеген сюжет Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери, экономикалық саладағы ынтымақтастық туралы болды. Президент бастаған қазақстандық делегацияның мемлекеттік сапарына терең тоқталмағанымен, екі ел арасындағы негізгі келісімдерді атап өтті. Соның бірі – әскери саладағы ынтымақтастық. Атап айтқанда, «Анка» ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасау туралы келісім. Осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге ниеттеніп отырған қазақстандық компания басшысын сөйлетіпті.

«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы әдеттегідей мемлекеттен берілетін жәрдемақы түрі – атаулы әлеуметтік көмек туралы сөз етті. Студияға Еңбек министрлігінен жауапты маман шақырып, халықтың атаулы әлеуметтік көмек алуға қатысты сауалдарына жауап берді. Тікелей эфирге көрермендер хабарласып, сұрақ қойды. Тұрғындарға берілген азық-түлік арасынан құрт шыққаны туралы фото-дәлел келтірді, алайда министрлік өкілінің жауабы аса тұщымды болмады. Жүргізуші де сұрақты терең қазбаламады. Былтыр да мерзімі өткен азық-түлік берген дүкенге қандай шара қолданылды деген сұрақтың басы ашық қалды.

«Айна» бағдарламасы Нұр-Сұлтандағы ретсіз құрылыс мәселесін көтерді. Махамбет Бейбітшілік қала әкімшілігінің қаулысымен тұрғын үй кешендерінің жанына салынуы тиіс әлеуметтік нысандарға тиесілі жердің мақсатын өзгерте салатынын сынға алып, бірнеше мысал келтірді. Құзырлы орган өкілдері, тұрғындар мен жауапты мекеме өкілдерін сөйлетті.  Тиянақты зерттеу жасалған сюжет. Дегенмен, құрылыс компанияларының өкілдерін де сөзге тарту артық болмас еді.

Тұрғын үй мәселесі туралы тағы бір сюжет – «Доллар құр сылтау ма?» деп аталды. Онда баспана бағасының қымбаттау себебіне үңіледі, құрылыс компания өкілдері, экономист сарапшылар тұрғын үй нарығындағы бағаның қалыптасуына қатысты уәжін айтты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өткен аптада тұрғын үй нарығындағы бағаның көтерілуіне ықпал етіп отырған жағдайларға қатысты мәлімдеме жасады. Сюжетте министрлік өкілдерінің түсіндірмесі бар.

Нұр-сұлтандағы және Түркістан облысы Леңгір қаласындағы тұрғын үй құрылысының сапасына қатысты Берік Дүйсенбай көлемді сюжет әзірлепті.  Қабырғасы сөгіле бастаған үй кәріз желісіне қосылмаған. Бір-біріне жапсарласа тығыз салынған ғимараттар. Тілші осы мәселелерді топтастырып, тұрғындардан, құрылыс компания өкілдерінен, жауапты мекемелерден сұхбат алған.

11 мамырда Нұр-Сұлтандағы көппәтерлі үйлердің бірінің 8-қабатында ілініп тұрған бала құтқарылды. «Айна» бағдарламасы бұл оқиға туралы сюжет әзірлеп, баланың анасымен сұхбаттасыпты. Этика тұрғысынан кейіпкердің жүзі жасырылып, дауысы өзгертілген.

«Айна» бағдарламасында референдум тақырыбы да көтерілді. Айгерім Достанбай Мәжіліс депутаттарының өңірлерді аралап, түсіндіру жұмысын жүргізіп жатқанына назар салған. Сюжетте тек Дархан Мыңбайдың жұртпен кездескені айтылды. Материалда Конституцияға енгізілетін өзгерістерді талқылауға емес, Дархан Мыңбайдың жеке басына басымдық берілгендей.

«Хайпқа бұйырмаңыз» әдеттегідей желіде қызу талқыланған тақырыптарға арналды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға мемлекеттік сапарынан басталды. Ол Анкарада Түркия басшысымен кездесіп, ел үшін маңызды келіссөздер жүргізіп, сондағы ірі компаниялардың басшыларымен жүздесті. Тоғыз минуттық сюжетті ерекше детальдар әрлей түсті: екі елдің басшылары пинг-понг ойнады; Тоқаев зүмірет түстес галстук тағыпты («өзіне сенімді, келіссөзге дайын әрі ашық, достық пен дәстүрді дәріптейтін» деген ишара екен); Қазақстан президентін Анкараға жеткізген ұшақты да айтты (Airbus A330 ұшағымен бұған дейін Елбасы ұшып жүрді). Мемлекеттік сапарды түйіндейтін сюжетте министрлер, инвесторлар мен президенттер сөйледі.

Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығы тақырыбы тағы бір сюжетте жалғасты:  гееосаяси, геостратегиялық ахуал ушығып тұрғанда екі елдің серіктестігі нығайып жатыр. Мысалы, әуе тасымылы екі артып, бұрын аптасына ұшақтар 61 рет ұшса, енді 124 рейс жасалады. Сюжетте екі елдің қарым-қатынасына саясаттанушылар, халықаралық сарапшылар мен шығыстанушы баға берді. Қарым-қатынас нығайып, серіктестік артып жатыр екен. Сюжет тілшінің «… бірақ түбі кіммен одақтассақ та біздің мүдде екінші қатарға ысырылып қалмаса болар, бұрынғыдай» деген сөзімен аяқталды. Тілші стендапында “Бұрынғыдай” деп нені меңзеді екен? Түсініксіз.

Apta тәуелсіздік жылдарында Конституция қалай өзгергенін еске алды. Жүргізушінің 4 минуттық монологының түйіні 2022 жылы 5 маусымда өтетін референдумға арналды. Ұсынылатын өзгерістерді өткен аптада да айтқан еді. Тарихқа үңілу неліктен қажет болғаны тағы да түсініксіз.

Алдағы реформалардан былтырғы реформаларға ауысты. Соның бірі – ауыл әкімін сайлау. Ақмола облысы, Кеңбидайық ауылының тұрғындары ауыл әкімін таңдаған екен. Сюжет тұрғындардың шат-шадыман күйінен хабардар етіп, реформа жұмыс істеп жатқанын әйгілейді.

4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беру басталмақ. Бұл бағдарлама бірнеше рет кейінге шегерілді. Apta сюжеті осы жаңалықты арқау етіп, автосалондардағы көлік тапшылығы, бағаның өсуі, қазақстандықтардың несиесі көп екеніне назар аударды. Сюжет кейіпкерлері материалды қызықты ете түседі, бірақ мәселеленің себебіне үңіле бермеді. Өйткені, автокөлік құрастыру зауыттары мен дилерлік орталық өкілдерін сөйлетпеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабиге ұшып барып, Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бин Зайд Әл-Нахаянның қайтыс болуына қатысты көңіл айтты. Жүргізуші Абу-Дабиге басқа да әлем лидерлері арнайы келіп жатқанып тізіп шығып, содан кейін марқұмның қандай жақсы адам болғанына тоқталып, Қазақстан мен БАӘ қарым-қатынасын дамытуға қосқан үлесін баяндады. Шын мәнінде, керісінше болғаны жөн-ақ: әуелі жақсылығын айтып, сосын қонақтарды атап шығу  керек еді.

Халықаралық топтама Украина мен әлемдегі жалпы жағдайды баяндады. Украина жеріндегі соғыс жаңалықтарын, Ресей БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінен шығарылып, оның орнын Чехия басқанын,  Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылу жоспарын айтып шықты.

Биыл Қасым ханның туғанына – 576 жыл. Осы аптада Қасым ханның өмірін баяндайтын «Ұлы дала таңы» деп аталатын фильмнің премьерасы өтіпті.

Осы шолуды дайындап жатқан кезде Қытаймен шекаралас аймақтағы ауылдардың мәселесіне арналған сюжет телеарнаның ресми сайтынан да, YouTube-тегі арнасынан да өшіріліпті. Сюжетте тұрғындар аудан орталығына жету мұңға айналғанына шағымданады. Бұрын Шығыс Қазақстандағы үш ауданды біріктірген екен. Содан аудан ішіндегі қарым-қатынас қиындаған. Шекара маңындағы ауыл тұрғындары басқа жаққа көшіп жатыр, жастар ауылда қалмайды, интернет байланысы да нашар. Ауылда қалған тұрғындар шекаралас аймақтың қауіпсіздігіне алаңдайды. Мұны өздері айтып отыр. Тақырыпты сарапшылар, ғалымдар, әкімдік пен департамент өкілдерінің комментарийі толықтырды. Толымды әрі сәтті сюжетті бағдарламаның толық нұсқасынан көруге болады.

Сегізінші қабаттан құлағалы тұрған сәбиді құтқару оқиғасы бағдарламаны түйіндеді. Баланы құтқарған жігіттерге астанадан үй берді. Осы оқиғаны арқау еткен сюжет бала қауіпсіздігіне арналды. Психологтар, депутаттар мен ата-аналар жағдайды талдауға тырысады. Әйткенмен бәрінің айтары бірнеше тезисті қайталайды: баланы қараусыз қалдыруға болмайды, мемлекет ата-аналарға материалды жағынан көмектесуі керек, адамдар бала бағудың орнына жұмыс істеуге мәжбүр. Сюжеттегі пайдалы бір мәлімет – үй салғанда бала қауіпсіздігін сақтауға байланысты ұсыныстар болса керек.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Нарыққа семиотикалық талдау. 2022 жылғы MediaCAMP Эдьютонның ашық лекциясы

Тарту университетінің жарнама зерттеушісі Александра Милякинамен бірге жарнама семиотикасын зерттеуді жалғастырамыз. 8-12 ақпан күндері өткен III MediaCAMP Эдьютон — 2022 медиа және ақпарат сауаты инновациялық семинарында Александра осы тақырып бойынша үш ашық сессия өткізді. «Жарнама тілі: семиотикалық талдау негіздері» деген бірінші сессияда жарнама семиотикасын түсіндірсе, екінші сессияда жарнаманың визуал грамматикасы туралы айтып берді. Үшінші қорытынды сессияда нарыққа семиотикалық талдау жасады. Александра Милякина қазақстандық және өзбекстандық жарнама кампанияларын зерттепті.

Жарнама деңгейлері

Жарнаманың төрт деңгейі бар: бренд, категория, нарық және мәдениет. Бұған дейінгі екі сессияда жарнаманың бренд деңгейін айттық. Ал қорытынды сессиямыз қалған үш деңгей туралы айтамыз. Мысалы, қандай да бір тренд пайда болса, Instagram-да жаппай Reels түсіре бастайды не бір шрифт аса танымал боп жатады. 

Мұнда «Кәдімгі кір жуатын ұнтақ пен жарнамаланған кір жуатын ұнтақ» деген тәсілді қолданған. Егер нағыз «Буратино» ішсеңіз, онда өміріңіз сәнді.

Кейбір елдерде бәсекелестердің брендін жарнамада қолдануға тыйым салынған. Әйтсе де компаниялар көзге түсудің басқа да амалын ойлап табады. 

Oson төлем қосымшасының жарнамасы (Өзбекстан). Бұл жарнама мәдениет проблемаларына назар аударады. Қандай да бір өнімді сатып алуға шақырып ғана қоймай, манифестке айналып, маңызды мәдени хабар жолдайды. Мобайл қосымшаны жарнамалаудан да ауқымды мәнге иә.

Семиосфера түсінігі

Юрий Михайлович Лотман — кеңес әдебиеттанушысы, мәдениеттанушы, семиотик, Тарту-Мәскеу семиотика мектебінің негізін салушы, «Орыс мәдениеті туралы әңгіме» бағдарламалар сериясының авторы, Пушкиннің «Евгений Онегиніне» жазған пікірімен белгілі адам. Тіл түрлі мәдениетке жатады, вербальды және вербальды емес болады. Тілді зерттесек, айналамыздағы адамдар жайында көп нәрсе білеміз.

Юрий Лотман семиосфера түсінігін енгізді. Семиосфера — коммуникацияның барлық қатысушысын, олардың жасаған таңбаларын, таңбалар жүйесі мен мәтіндерін қамтитын семиотика кеңістігі. Мәдениет — семиосфераның бір мысалы. Бұл түсінік Владимир Иванович Вернадскийдің идеясын дамытады. Ол ноосфераны (Адамзаттың барлық білімі мен ойынан жинақталған ақыл-ой сферасы) ойлап тапты.

Семиосфераның қасиеті — шекара (бір мәдениет аяқталып, басқасы басталады), ядро (классикалық әдеби шығарма мен кино), периферия (маргинал құбылыс, мысалы субмәдениет) және изоморфизм

Шекара дегеніміз — өзінікі және өзгенікі деген бөлініс, диалог пен кіріктіру мүмкіндігі, аударма жасау. Мысалы — «Техномарт» дүкенінің кондиционер жарнамасы. Шаттануды білдіретін «ооо» одағайы мен негатив эмоцияны сездіретін «эээ» одағайы — Өзбекстан мәдениетінің ерекшелігі.

 

Ядро мен периферия: мәдениет иерархиядан тұрады; жоғары және бұқаралық мәдениет (мейнстрим және маргинал мәдениет); ядро мен периферия арасындағы диалог. Ядро мен периферияны қолданудың бір мысалы — Asl Baraka шұжығының жарнамасы. Бұл шұжықты қарапайым адамдарға арналған «жай шұжық» ретінде көрсетеді.

Изоморфизм — табиғат пен мәдениеттің көптеген құбылысы бір-біріне ұқсас құрылымға ие. Бөлшек бір бүтін сияқты. Мәтін адам жадына ұқсаса, жад — тұтас мәдениет.

Семиотика шаршысы

«Семиотика шаршысын» француз және литва лингвисі, фольклоршы, әдебиеттанушы Альгидрас Жюльен Греймас ұсынды.

Греймастың семиотика шаршысы — бинар позицияларды қолданатын кез келген категорияның логикалық өрнегі. 

Бұл диаграммадан семиотика шаршысына орналастырылған парфюм жарнамасын көре аласыз. Мәндес жарнамаларды бір шаршыдан көру де қызық.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті медиадағы жарияланымдарды өшіру бойынша мәлімдеме жасады

Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитетінің №3 мәлімдемесі шықты. Мәлімдеме тексерілмеген хабар тарату және медиадағы жарияланымды өшіру кейстеріне қатысты болып отыр. «Жаңа репортер» мәлімдеме мәтінін көшіріп жариялады.

Комитет төрағасы Жұлдыз Әбділда, Комитет мүшелері Диана Окремова, Мейрамхан Жәпек, Руслан Никонович, Баглан Макулбеков, Ербол Азанбек және Оразай Қыдырбаев қатысқан Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитетінің онлайн отырысында Malim.kz порталының расталмаған хабар таратуы және “Хабар 24” арнасының веб-сайттағы жарияланымды өшіруіне қатысты кейстері талқыланды.

Мәлімдеме талқыланып жатқан тұста әнші Мақпал Жүнісованың жанұясындағы жағдай да БАҚ пен қоғамда резонанс тудырды. Ол отбасының жеке құпиясын ашып, қызының асыранды екенін айтты.

Қоғамдық комитет:

1. Редакцияларға медианың негізгі принциптерін ұстанып, ақпаратты қолда бар барлық әдіспен тексеруге, дереккөзі белгілі және маңызды мәліметті ескеретін ақпаратты ғана пайдалануға шақырады. Malim.kz сайты 2022 жылғы 25 сәуір күні жариялаған хабар медианың негізгі ұстанымдарына сай келмейді. Біріншіден, редакция Есеп комитетіне, Жемқорлықпен күрес агенттігіне, Р.Кертаевтың өзіне және жақындарына, басқа да дерек көздеріне хабарласып, қолжетімді әдіс арқылы ақпаратты растауы немесе теріске шығаруы қажет еді. Алайда материал авторы ақпаратты тексермеген. Екіншіден, автор сілтеме жасаған «Чиновник » Telegram арнасының әкімшісі кім екенін анықтау мүмкін емес, сондықтан ол аноним дереккөз болып саналады. Сонымен қатар, «Чиновник »  арнасы жариялаған ақпараттың дереккөзі белгісіз. Үшіншіден, материалдағы Ринат Кертаевтың руы жөніндегі мәлімет тақырыпқа және тергеу ісіне тікелей қатысты емес. Мұндай орынсыз ақпарат оқырманды жаңсақ тұжырым жасауға итермелеуі мүмкін.

2. Malim.kz порталына жарияланған жоғарыдағы жаңалықты басқа да басылымдар: Жамбыл-Тараз газетінің веб-сайты, Kaz.orda.kz, т.б. сайттардың көшіріп басқаны белгілі болып отыр. Қоғамдық комитет медиа қауымдастықты алыпқашпа әңгімелерден аулақ болуға, дереккөзді мұқият тексеруге және жаңалық материалында түрлі тараптың тақырыпқа қатысты ой-пікірін тең ұсынуға шақырады.

3. Редакция қоғам мүддесі үшін әрекет ете отырып, осы қоғамға есеп беретінін, яғни өз жұмысы үшін жауап беретінін, өзінің шешімдері мен себептері туралы ашық айтуы қажет екенін, аудиторияға редакцияның бейтараптығы мен тәуелсіздігі дәрежесін анықтауға мүмкіндік беретін кез келген ақпаратты беруге тиіс екенін еске салады. Мәтін өшірілген жағдайда немесе мәтінге түзету мен толықтырулар енгізілгенде, оны оқырманға хабарлау – әлемдегі көптеген жетекші редакцияның тәжірибесінде бар нәрсе. Мұндай әрекет ақпараттың өндіріс процесін барынша ашық етеді, оқырманның редакцияға сенімін ұлғайтады және хабарды қате түсініп қалмауына себеп болады. «Хабар 24» мемлекеттік арнасының митинг туралы жаңалықты веб-сайттан өшіріп тастауы және неліктен өшіргені туралы оқырманға еш түсініктеме бермеуі редакцияның оқырманды құрметтемейтінін көрсетуі мүмкін, сондай-ақ мұндай жағдай арнаның бейтараптығы мен тәуелсіздігіне күмәнді ұлғайтады. Ал бейтарап әрі барынша тәуелсіз болуға тырыспаған басылым – сенімсіз басылым. Осыған байланысты комитет медиа қауымдастықты өзгертілген немесе жойылған жарияланымдар туралы оқырманды ақпараттандыруға шақырады.

Хабар 24 арнасының веб-сайтынан өшірілген жарияланым скриншоты

4. Сонымен бірге, әнші Мақпал Жүнісованың отбасылық мәселесін жарыса жазған ақпарат құралдарын да этика талаптарын сақтауға шақырамыз. Бұқаралық ақпарат құралдарынан осы тақырыпты жариялауда барынша әдепті әрі нәзік болуын, болған оқиғаға қатысты өз нұсқасын жарияламауын және шындыққа сәйкес келмейтін деректерді таратпауын сұраймыз.

Бұл шешім консенсуспен қабылданды.

Қоғамдық комитет төрағасы
Жұлдыз Әбділда

Сондай-ақ, Комитет Facebook-тегі постында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Тигран Кеосаянға байланысты сұраныстың қаралып жатқаны жөнінде бірнеше SMS жолдағанын хабарлады. Қоғамдық комитет кез келген адам толтырып, жүгінуіне болатын онлайн-өтініш бар екенін еске салады. 

Edutainment дегеніміз не? Модельдерін түсіндіреміз

III MediaCAMP Эдьютон — 2022 инновациялық семинарында ғылым кандидаты, медиаконсультант, «Журналистерге арналған медиасауат» оқу құралының авторы Дильфуза Мирзахмедова (Өзбекстан) «Edutainment — аудиторияны оқыту және тарту үшін ойын технологияларын қолданып, ақпарат беру» деген тақырып бойынша ашық сессия өткізді. Ол эдьютейнменттің не түсіндіріп, артықшылығын, ұрпақтар теориясы мен коммуникация прогрессінің модельдері туралы айтты. Оның баяндамасынан негізгі тезистерді ұсынамыз.

Edutainment дегеніміз не?

Education + entertainment — ойын-сауық технологиялары арқылы оқыту, ақпарат беру.

Walt Disney (1954) миссияларының бірі бұл бағытты медиа саласында ерекше танымал етті. Онда ойын-сауық арқылы оқыту керек, деп жазылған. Компания медиаөнімдерінің барлығы осы миссияға негізделіп, жасалады.

Edutainment артықшылығы неде?

Мұның кәдімгі білім беру контентінен қандай айырмасы бар?

  • Аудитория тартуды жақсартады
  • Ойынға негізделген
  • Визуализацияны күшейтеді
  • Әмбебап
  • Икемді
  • Көптеген ақпаратты онлайн алу
  • Үйрену оңай, soft skills-ке мейлінше бейім
  • Құрылымы көрнекі болған соң гипотетикалық элементтер қолдануға болады
  • Кез келген уақытта, кез келген жерде оқуға болады

Edutainment — коммуникация процессі. Мына үш компоненттен тұрады:

  1. БАҚ — Аудитория
  2. БАҚ — Журналистер
  3. Аудитория — БАҚ

БАҚ — Аудитория моделі. Бұл модель 2020 жылы басталды. Негізгі мақсаты — жұрттың назарын аударту және медиа тартымдылығын арттыру.

Аудитория — БАҚ моделі. Бұл — медиаресурс, БАҚ айналасынан қауымдастық құру, оның бренд, продукт ретінде дамуы. Мұның бәрі жобаның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Қазір БАҚ үшін медиақауымдастықтар өте маңызды әрі танымал болып жатыр.

БАҚ — Журналистер моделі. БАҚ өз әлеуетін дамытуға ұмтылады, журналистер өзін–өзі жетілдіреді, редакция ашық ресурстарды мейлінше пайдаланады. 

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Жеңіс күні, референдум, «Халық қаһармандары»: 2-8 мамырдағы апталық бағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – 5 маусымда өтетін республикалық референдум туралы болды. Конституцияға енетін өзгерістер, ондағы Елбасы мәртебесі, Конституциялық сот пен оның ерекшелігін талдады, референдумды өткізу тәртібі туралы сарапшылар пікір білдірді. Сондай-ақ, аптаны қорытындылайтын бағдарламалар Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне орай арнайы сюжет ұсынды. Президенттің Ақордада мемлекеттік наградалар табыстағанын, соғыста ерлікпен қаза тапқан үш майдангер – Ыбырайым Сүлейменов, Александр Несмиянов пен Төлеуғали Әбдібековке «Халық қаһарманы» атағы берілгенін көрсетті. «Айна» бағдарламасы әуе-қорғаныс күштерінің №44318 әскери бөліміне барып, сарбаздардың бір күндік тіршілігін көрсетті. Ал Apta «Халық қаһарманы» атағы берілген үш жауынгердің ерлігін егжей-тегжейлі айтып, туысын сөйлетті. «Apta қонағы» айдарында депутат Берік Әбдіғали майдангерлерге атақ беру, 9 мамырды тойлау-тойламау туралы айтып, биыл әскери парад неліктен өтпегенін түсіндірді.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» 5 маусымда референдум өтетініне, онда халық не үшін дауыс беретініне баса назар аударды. Конституцияға енетін өзгерістер, ондағы Елбасы мәртебесі туралы кадрдан тыс мәтін+синхрон форматында спикерлер сөйледі. Тақырыпқа орай әзірленген сюжетте Конституцияға енгізілетін өзгерістер нәтижесінде құрылатын Конституциялық сот пен оның ерекшелігін талдады.

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Президент Ақордада мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты шарадан ұзақ хаттамалық сюжет әзірленген. Онда Мемлекет басшысы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан үш қазақстандық жауынгерге «Халық Қаһарманы» атағын бергені айтылды.

Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысын өткізіп, онда елдегі су ресурсына қатысты жүргізіліп жатқан саясатты сынға алды. «Жеті күн» аталған жиыннан жеке сюжет ұсынбады, Президент сөзінен үзінді беріп,  мәжіліс депутаты Елдос Абақановты сөйлетті. Жүргізуші депутаттардың осы мәселеге орай парламенттік тыңдау өткізуге дайындалып жатқанын айтты. Дегенмен, трансшекаралық өзендер проблемасына жеке сюжет арналғаны дұрыс болар еді.

Жанар-жағар май нарығында бағаның қымбаттауына мұнай өндіруші мен өңдеушінің арасында шикі мұнай сататын делдалдар кінәлі. Гүлжан Мархабаева әзірлеген сюжетте сарапшылар осылай дейді. Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігінің басшысы Серік Жұманғарин саладағы түйткілдерді жою мақсатында шаралар қабылданып жатқанын айтты. Энергетика министрлігінің өкілі кейбір делдал компаниялардың жұмысы орынды екенін жеткізді. Үкіметте де мұнай-газ саласына қатысты жиын өткен. Осы ақпараттарды топтастыра баяндаған тілші сюжетін: «Үлкен өзгерістер мұнай саласын да айналып өтпейтін секілді» деп аяқтады.

Елімізде заңсыз сақталған атыс қаруларын мемлекетке тапсыру шарасы жүргізілуде. Осы мәселеге арналған сюжеттің алғысөзінде Дархан Әбдіуахит:  «Тығулы тұрған тапаншаны тауып, табыс табуға болады»  деп ескертті. Сюжетте аталмыш шараның мақсаты туралы айтылды. Ішкі істер министрлігі мұндай 11 шара ұйымдастырыпты. Бүгінге дейін қанша қару мен оқ-дәрі өткізіліп, қанша қаражат төленгені туралы дерек келтірілді. Тапсырылған қару-жарақтардың ішінде тарихи жәдігерлер табылып жататыны сөз болып, аңшылық қаруды алудың ережелері айтылды.

Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың аты берілді. Сондай-ақ, қала Алматы облысының орталығы болады. Жандос Айтбайұлы әзірлеген сюжетте тұрғындар қаладағы проблемаларға, оның ішінде ойынханаларға қатысты пікір білдірді, қала әкімін де сөйлеткен. Қаланың қазіргі жағдайы туралы сюжетте жалаң ұран мен жасандылық жоқ, шынайы.

«Электросамокат қауіпті ме?» Ақбөпе Тәңірберген электросамокаттарға арналған арнайы жол ережесі жоқ екенін, сағатына 80 шақырымға дейін жүре алатын бұл құрылғылардың көлік, жаяу жүргінші мен велосипед жолында да кедергі келтіретінін айтып, мәселе көтерді. Сенатор Нұртөре Жүсіп сұхбат беріп, үкіметке сауал жолдағанын айтты. Электросамокатты жалға беретін компания өкілі жол қозғалысы ережесіне мобильдік құрылғы туралы бап енгізілуі керек екенін айтты.

Tengrinews.kz cайты «Жеңімпаздар. Батырларға тағзым» атты жоба бастапты. «Жеті күн» 9 мамырға орайластырса керек, осы жобаға қатысып, порталға өз туысы туралы ақпарат орналастыруды жоспарлап жүрген жандарды сөйлетіп, сюжет әзірлепті. «Майдан жолы» іздестіру жасағының командирін сөзге тартқан.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасын бұл жолы Асаубек Айымбетов жүргізді. Отан қорғаушылар күні эфирге шыққан санында мереке құрметіне ерекше сюжет арнады. Махамбет Бейбітшілік әскердегі бір күн туралы әңгімелейді. Ол әуе-қорғаныс күштерінің №44318 әскери бөліміне барыпты. Бұл әскери бөлімшенің ерекшелігі, жауынгерлер не үйренетіні, тіпті қалай тамақтанатыны туралы ақпаратты қамтыған тартымды сюжет. Осыдан кейін бағдарлама жүргізушісі Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерекеге орай арнайы жиынға қатысып, Отан қорғаушыларды құттықтағанын айтты, Президент сөзінен үзінді берілді.

«Айна» бағдарламасының 9 мамыр күніне арналған сюжетін де ерекше атап өтуге болады. Өйткені ол мемлекеттік арналардағы хаттама материалдан ерекшеленді. «Айна» тілшілері ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында болған, алайда тарихта елене бермейтін маңызды оқиға туралы айтады. Берік Дүйсенбай 1942 жылдың қыркүйегінде Сталинград шайқасы кезінде, майданның маңызды тылы болған Батыс Қазақстан облысында да төтенше жағдай енгізіліп, майдан шебіне жатқызылғаны туралы тарихи деректерге сүйене отырып баяндайды. Сарапшы бұл тарихи шындықтың әлі күнге ашық айтылмай келе жатқанына мән берген. Сюжетте сондай-ақ, оқиға куәгерлерінің де естелігі бар.

Ақордада салтанатты жиын өтіп, өз заманында ерлігі еленбеген батырларға «Халық Қаһарманы» атағы берілгенін айтып өткеннен кейін, ІІ Дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан аттанып, із-түссіз кеткен майдангерлердің дерегін іздеу барысы жайлы сюжет берілді. Сюжетте Қазақстанның Норвегиядағы елшілігі, «Майдан жолы» іздестіру жасағы мен «Атамның аманаты» ұйымының осы мақсатта атқарып жатқан ісі туралы баяндалып, олардың көмегімен туыстарының сүйегі жатқан жерін тапқан кейіпкерлер пікір берді.

«Айнаның» 9 мамыр күніне орай әзірлеген үшінші сюжеті көзі тірі ардагерлер туралы болды. Бағдарлама жүргізушісі Ғалым Кәлмен эфирге шықпай, майдангерлерді құттықтап қайтыпты. Елорда әкімдігінің ұйымдастырған шарасы туралы материал болғанымен, «Айна» авторлары сюжеттің хаттама мазмұнын барынша шектеуге назар салған, құптарлық дүние.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қандай қызмет алуға болады? «eGov куәгері» Гүлнәзия Жалғасқызы әзірлеген көлемді материал осы турасында болды. Кімдер тегін көмек алады? МӘМС-ке жарна төлемейтін жандарға қандай медициналық көмек тегін көрсетіледі? Жұмыс істемейтін жүкті әйелдерге қандай көмек бар? Осы және өзге де көптеген сұраққа Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілі жауап берді. «Айна» редакцияға көрерменнен түскен шағым-арыздарды тұрғылықты жері бойынша атқарушы билік өкілдеріне жолдап, мүмкін болса тікелей байланысқа шығып, мәселені шешуге талпынып жүретін. Кейінгі айларда бұл дәстүр үзіліп қалғандай көрінген еді. Бағдарлама авторлары осы бастаманы қайта қолға алғаны қуантты. Былтыр күзде бағдарламаға Екібастұз қаласы Қонаев 72 мекен-жайында тұратын азаматтар хабарласып, ауланы абаттандыруға қатысты проблема барын айтқан. Ол кезде қала әкімдігі тұрғындар шағымы бойынша шара қолдануға уәде бергенімен, әкім ауысып, іс аяқсыз қалыпты. «Айна» бағдарламасына аталған мекен-жай тұрғындары қайта хабарласқан екен, бұл жолы Екібастұздың жаңа әкімі бейнебайланысқа шығып, жүргізуші сұрақтарына жауап берді.

«Айна» референдум туралы сюжетке Қ.Тоқаев мәлімдемесінен үзінді қосыпты. Орталық сайлау комиссиясы референдумды өткізуге қатысты арнайы баспасөз мәслихатын шақырған болатын. Тілші Орталық сайлау комиссиясы өкілдерінің осы жиындағы сөзінен үзінді бере отырып, референдумды өткізу тәртібі мен Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы баяндайды. Саясаттанушы, депутат секілді сарапшылар референдум туралы оң пікір білдіріпті.

Бағдарламаны әдеттегідей желіде қызу талқыға түскен оқиғалар туралы «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама 5 маусымда республикалық референдум өтетіні туралы жаңалықтан басталды. Референдум өткізу тәртібін де, Елбасы мәртебесі төңірегіндегі сапырылыс жайында да айтты.

Сюжет Конституциялық сот пен Конституциялық кеңестің айырмашылығын түсіндіруге арналды. Заңгерлер мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сөйледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан үш майдангер – Ыбырайым Сүлейменов, Александр Несмиянов пен Төлеуғали Әбдібековке «Халық қаһарманы» атағын берді. Сюжетте үш қаһарманның ерлігін егжей-тегжейлі айтып, туысын сөйлетті (Apta редакциясы мұны «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атады, «Ұлы Отан соғысы» деп айтпады).

Тақырып «Apta қонағы» айдарында жалғасып, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали сұхбат берді. Ол депутат емес, тарихшы және «Ұмытылған қаһармандар» кітабының авторы ретінде келіпті. Майдангерлерге атақ беру, 9 мамырды тойлау-тойламау туралы әңгімелесті.

Содан кейін биыл әскери парад неліктен өтпегенін түсіндірді. Соғыс ардагерлеріне берілетін бір реттік жәрдемақының көлемін есептеп, мұны басқа елдердегі төлем мөлшерімен салыстырды. Ресейден бастап Тәжікстанға дейін қамтыды.

Әскери борышын өтеуге аттанып, армияда көз жұмған сарбаз Әлібек Қалбай оқиғасы туралы қысқаша жаңалыққа ойысты. Жүргізуші Альбина Әшім «Маңғыстау облысындағы әскери госпитальде қайтыс болған Әлібек Қалбайдың өліміне қатысы бар деген күдікпен сарбаз қамауға алынды» деді. Мұнда бір қате дерек: Әлібек Қалбай – Маңғыстау облысының тумасы, бірақ ол Маңғыстаудағы әскери госпитальде емес, Жамбыл облысының  Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде көз жұмды. Тақырыпты Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың ІІМ-ге жолдаған сұранысымен толықтырды. Депутат армияның проблемаларына назар аударуды сұрайды. Apta редакциясы қамауға алынған күдіктінің анасы Тоқаевқа видео үндеу жолдап, ұлының Әлібек Қалбай өліміне қатысы жоғын айтқанын елеусіз қалдырды.

Apta тілшілері еліміздің Қарулы күштері, әскери дайындығы мен армияны жаңғырту жайында арнайы репортаж дайындапты. Әскери оқу-жаттығудың жақсы кадрлерінен тұратын, офицерлер мен әскери институт оқытушысының комментарийі бар үлкен сюжет. Алайда сарапшы пікірі жетіспеді.

Қазақстанда заң бойынша айрықша және арнайы құқық берілген 42 монополиялық оператор бар. Мәселен, РОП операторы, Кәсіпкерлер тауарларды таңбалаумен айналысатын оператор – «Қазақтелеком» компаниясы, ақылы автотұрақ алымын жинайтын оператор және т.б. Міне, осы операторлардың қалай жұмыс істейтінін түсіндірген сюжетте сарапшылар, мемлекеттік департамент өкілдері мен операторлардың комментарийі бар.

Жыл басынан бері елімізде қант 36 пайызға қымбаттаған. Бізде орташа есеппен бір қазақстандық жылына 30 келі қант тұтынады екен (Ал алманы үш есе аз жейді). Сюжет қанттың денсаулыққа зияны, отандық қант өндірісінің мүмкіндігі мен импортқа тәуелділіктен арылуға арналды. Танымды әрі толымды сюжет. Қызық деректер, сандар мен комментарийлер (мәселен, эндокринолог елдегі қант тапшылығына қуанып отыр) бар.

Apta авторлары Украинада соғыс басталғалы бұл тақырыпты әрбір шығарылымында айтып келеді. Бұл жолы да үлкен шолу жасады. Ресейліктер Белогоровка елдіьмекеніндегі мектепті бомбалағанын, «Азовсталь» металлургиялық зауытынан қарттар, балалар мен әйелдер көшірілгенін, Ресей армиясы Украинаның оңтүстігі мен шығысын алуға әрекеттеніп жатқанын, Украина әскерінің қарымта шабуылға кіріскенін, «Үлкен жетілік» елдерінің лидерлері бүгін президент Владимир Зеленскиймен виртуалдық форматта келіссөз жүргізгенін, Ұлыбритания мен Германияның әскери-қаржылай көмегі жөнінде айтып өтті.

Бағдарлама Бауыржан Момышұлының кітабынан шовинизм, өмір үшін күрес туралы үзінді келтіре отырып, Мемлекеттік әнұранға ҚР Қарулы күштерінің кадрларын қойылған видеоны көрсетіп, соғыс болмасын деген тілекпен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Сөз бостандығын құрметтеуге шақырамыз! Медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитетінің мәлімдемесі

Әлем елдері 3 мамырда Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күнін атап өтті. Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі Қоғамдық комитеті осы айтулы күнге орай еліміздегі және әлемдегі сөз бостандығының жай-күйіне назар аудартқысы келетін мәлімдеме жасады.

«Жаңа репортер» сайтында осы мәлімдеменің толық мәтінін жарияладық.

Біз бұл саланы медиа қауымдастық өзі реттеуге тиіс деп санаймыз. Комитеттің осы уақытқа дейінгі жұмысы мен мәлімдемелері негізінен медиа қауымдастық өкілдеріне бағытталып келді. Бірақ баспасөз еркін болуы үшін медиа қызметкерлерінің талпынысы жеткіліксіз. Пікір еркіндігі – қызығын тек журналистер көретін игілік емес. Еркін баспасөз қоғамның жұмыла атсалысуымен қалыптасады және ол қоғамның ортақ игілігі. Сондықтан бұл мәлімдеме қоғамның барлық өкіліне арналады. 

Сөз бостандығы, ой-пікір еркіндігі, ақпарат алу және оны тарату құқығы – адам құқығының ішіндегі ең негізгісі. Бейтарап журналистика мен еркін баспасөз болмай, бұл құқықтардың жүзеге асуы еш мүмкін емес. 

«Демократия сақшысы» рөлінатқаратын журналистердің қудалануы, тәуелсіз редакциялардың популист саясаткерлер шабуылына ұшырауы кейінгі жылдары әлемде жиі байқалады. Бүгінде сөз бостандығына қауіп төніп тұр. Varieties of Democracy ұйымының мәліметінше, қазір әлем демократиясының орташа даму көрсеткіші 1989 жылғы көрсеткішпен бір деңгейде тұр. Әлем халқының жетпіс пайыздан астамы сөз бостандығы шектелетін демократиясы жоқ елде өмір сүріп жатыр. Бұл деректер демократия мен сөз бостандығы жолындағы ортақ талпынысымыз отыз жыл бойы бір деңгейден аса алмағанын, тоқырауға ұшырағанын көрсетеді. Сонымен қатар сөз бостандығы үшін аянбай еңбек етуіміз керек екенін көрсетеді.

Баспасөз бостандығына популист саясаткерлер – сөзбен, атқарушы билік – құқықтық шектеумен шабуыл жасаса, биыл бұларға соғыс жағдайы мен әскери шабуылдар қосылып отыр. Кейінгі екі айда Украинадағы соғыста кәсіби міндетін атқарып жүрген жеті журналист қаза тапты.

Елімізде де сөз бостандығының жағдайы мәз емес. «Шекарасыз репортерлер» (Reporters Without Borders) ұйымының соңғы дерегіне қарасақ, Қазақстан баспасөз еркіндігі бойынша 180 мемлекеттің ішінде соңғы отыздыққа еніп, 155-орынға табан тіреген. Қасіретті Қаңтар кезінде интернет бұғатталды, журналистердің ақпарат алу және тарату құқығы шектелді, көптеген онлайн басылым қызмет ету мүмкіндігінен айырылды. Наразылықтар кезінде кәсіби міндетін атқарған кейбір журналист жарақат алды, ал кейбірі күшпен полиция бөлімшесіне жеткізілді. Өз міндетін атқару барысында оқ  тиіп жараланған медиа қызметкерлері де бар. Бұл Қазақстан үшін сөз бостандығы бұрынғыдан да өзекті екенін дәлелдейді. 

Біз,  Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі Қоғамдық комитеті, Қазақстан қоғамына үндеу жасай отырып, сөз бостандығына құрметпен қарауға, тәуелсіз журналистикаға қолдау білдіруге және медиа қызметкерлерінің қауіпсіздігін  қамтамасыз етуге шақырамыз.

Референдум, сарбаз өлімі, Қазығұрттағы сел, «газ соғысы»: 25 сәуір – 1 мамыр аралығындағы аптаның қорытынды бағдарламалары

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Amanat партиясының кезектен тыс съезі болды. Құрамына Adal партиясының қосылуы, Ерлан Қошановтың төраға болуы, партияның жаңа міндеттері, елдегі партиялық жүйедегі өзгерістер туралы айтылды. Сарапшылар, депутаттар пікір білдірді. Сондай-ақ, аптаны қорытындылайтын бағдарламалар Президент жолдауындағы Конституциялық реформаға қатысты, Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отырысы туралы арнайы сюжеттер ұсынды. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруін, «Еңбек» бағдарламасының тиімсіз тұстарын талдады. Қазығұрт ауданында нөсер жаңбыр салдарынан сел жүріп, жұрт үйсіз-күйсіз қалды. Апталық бағдарламалар осы жағдайды көрсетті. Тұрғындардың, әкімдік өкілдерінің айтары бар. Сондай-ақ, маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың қазасы да назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», «Хабар»

Бағдарлама Amanat партиясының кезекті сьезіндегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» туралы тезистерінен басталды. Президент халықтың мемлекет мекемелерге деген сенімсіздігі туралы айтты. Жүргізуші Дархан Әбдіуахит осы мәселеге ерекше назар аударды. Тақырыпқа орай, билік өкілдерінің қызметіне шағымданған бірнеше кейіпкерді сөйлетті. 

«Amanat» партиясының кезекті съезі Гүлжан Мархабаева әзірлеген жеке сюжетке де арқау болды. Оған Adal партиясының қосылуы, Ерлан Қошановтың төраға болуы, партияның жаңа міндеттері, елдегі партиялық жүйедегі өзгерістер туралы сюжетте жаңа төраға, саяси сарапшылар пікір білдіріп, талдау жасады. 

«Жеті күн» Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы сюжет ұсынды. Президент жолдауындағы Конституциялық реформаға қатысты заңгерлердің пікірінен құрылған материал. Сарапшылар негізінен ұсыныстардың орынды екенін айтқан. Тілші Конституцияға қандай өзгерістер енгізілетінін өзі баяндады. Осы орайда, графикамен әрлей отырып, Конституцияның ескі және жаңа баптарын салыстыра, заңгердің түсіндіруімен талдау жасалса артық болмас еді. 

Өткен аптада Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отырысы өтті. Осы жиын туралы және онда сөз сөйлеген Мемлекет басшысының тезистері топтастырылған хаттама сюжет берілді. Осылайша бағдарламаның алғашқы жарты сағатқа жуық бөлімі негізінен Президент тақырыбына арналды. 

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 14 пайызға көтеруі туралы Ақбөпе Тәңірберген сюжет әзірлеп, Ұлттық банк басшысының түсіндірмесін қосыпты. Бес несиесі бар кейіпкерді сөзге тартқан. Кейіпкер енді алатын несиенің пайыздық мөлшерлемесіне алаңдайды екен. Автор сюжет кейіпкерін дұрыс таңдамаған сыңайлы. Бес несиесі бар адам жақын арада тағы несие рәсімдеуі екіталай емес пе? Экономистер базалық мөлшерлемеге қатысты пікір білдірген. Алдыңғы аптада Премьер-министрдің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев базалық мөлшерлемені төмендету ел экономикасы үшін оң шешім болатынын айтқан еді. Соған қарамастан Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді. Сюжетте Үкімет пен Бас банктің екі түрлі ұстанымын негізге ала отырып талдау жасағаны дұрыс болар ма еді? Өйткені, елімізде биылдың өзінде мөлшерлеме екінші рет көтерілді. Ал инфляцияның төмендейтін түрі жоқ. Журналистік зерттеуді қажет ететін тақырып деп санаймыз. 

«Әскери борыш» аталатын сюжетте қазіргі жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыз екені сөз болды. Оған себеп те жоқ емес. Қарулы күштердің №30212 бөлімінде әскери борышын өтеп жатқанына бір апта болмаған Әлібек Қалбай есімді азамат көз жұмды. Марқұмның туыстары оны әскерге мәжбүрлеп алып кеткені туралы айтты. Осы жайында баяндай келе: «…Кей жағдайда әскерилер мәжбүрлі амалға барады. Бірақ, олар жұмыссыз жүрген жастарды (әскерге) күштеп әкету бұрыннан бар әдіс екенін айтады…» деді тілші. Кадрда жеңіл көлікке біреуді мәжбүрлеп отырғызып жатқаны көрсетілді. Видео түнде түсірілген, адамның жүзін анық көру мүмкін емес. Қараңғыда түсірілген көрініс болса да, мәжбүрлеуді насихаттайтын мұндай кадрды көрсету этикаға сай ма? Видео режиссура ұсынған қойылым (постановка) емес, шынайы оқиға екені бірден байқалады. 

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында «Еңбек» бағдарламасы аясында елдің оңтүстік өңірлерінен солтүстікке қоныс аударған тұрғындарға арнап салынған үйлердің сапасы, бағдарламаның жүзеге асу барысы жайлы сюжет дайындалыпты. Тұрғындарға несиеге берілген үй сапасының нашарлығы, бағдарлама аясында уәде етілген жұмыс орындарының ашылмауы, субсидия берудегі қиындықтар жайлы проблема көтерген материал. Әкімдік өкілін, тұрғындарды, Мәжіліс депутатын сөйлетіпті. 

«Жеті күннің» соңғы сюжеті ұлттық киімдерді дәріптеуге бағытталды. Қазір трендке айналған тақияны, жалпы ұлттық киім тігетін дизайнерлер туралы ұзақ баяндалды. Сюжеттің алғысөзінде айтылған киімге тігілетін оюға қатысты жауапкершілік туралы терең талдау жасалмады. Тілші этнографтан пікір алған. Алайда, қай оюды қандай киімге салғаны орынды болатыны туралы «нұсқаулық» жетіспеді. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Аманатқа адал». Берік Дүйсенбай өткен аптаның басты жаңалығы – Amanat партиясының кезектен тыс съезі туралы сюжетті осылай атады. Материалда партияның жаңа мүшелері – Adal өкілдері не істей алады деген сұраққа баса мән берілді, оның мүшесі Мақсат Толықбай пікір білдірді. Президенттің сөзіне басымдық берілмеген. Сюжет жаңа құрам, жаңа төрағасы бар партия ендігі қызметі қандай болады деген сауалға жауап іздеген.  

Өткен аптада Президент қатысқан тағы бір жиын – Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысы да «Айна» назарынан тыс қалмады. Президенттің жиында айтқан тезистерінен жасалған хаттама сюжет. 

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруіне орай әзірленген сюжет «Кредит неге қымбат?» деп аталған. «Айна» авторлары Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың базалық ставканы төмендету туралы ұсынысына мән беріп, Ұлттық банктің әрекетіне қатысты сарапшы пікірін ұсынды. Сонымен қатар, банктерде жылдық тиімді мөлшерлеме арқылы несиеде жасырын пайыздар болуы мүмкін екеніне де мән берген. Ақпараты мол сюжет. 

«Айна» қаржы нарығына қатысты қор биржасындағы сауда – трейдинг туралы тағы бір сюжет ұсынды. Автор сөзге тартқан трейдерлер мен экономист сарапшы бұл саланың елімізде кенжелеп отырғанын, оның болашағы зор екенін айтып, трейдингке оң баға берді. Дегенмен, биржада ақша табуға қатысты ұсыныс аз, материал жарнамалық сюжетке көбірек ұқсайды.

Өткен жексенбіде Қазығұрт ауданында нөсер жаңбыр салдарынан сел жүріп, үйлерді алып кетті, мал қырылды. «Айна» осы жағдайға қатысты сюжет ұсынды. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылдық округіне қарасты Заңғар ауылының тұрғыны селден кейінгі баспанасының күйін көрсетті. Тұрғындардың ауылды балшықтан тазарту ісіне көңілі толмайды екен. Әкімдік өкілі сұхбат беріпті. 

Мемлекеттен берілетін тегін дәрі-дәрмекті кімдер алады?. «E-Gov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы осы туралы баяндай отырып, емханада бар, тегін дәріні ала алмай жүрген кейіпкерлерді сөйлетіпті. Құптарлығы, кейіпкер туралы әңгімелегенде балалардың жүзін ашық көрсетпей түсіруге бас мән берілген. Министрдің, жауапты мамандардың түсініктемесі бар.  

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Жанашырлық жан талғамайды» аталатын сюжет әзірленіпті. Сюжет жүрек донорын күтіп жүрген орыс жігітінің оқиғасын әңгімелеуден басталады. Одан әрі ұлты қазақ кейуана осыдан 8 жыл бұрын қайтыс болған ұлының жүрегін орыс жігітіне салуға рұқсат бергені айтылды. Ал, сюжеттің соңғы бөлімінде Қарағандыда тұратын шешен ұлтының өкілдерін сөйлетіпті. 

«Хайпқа бұйырмаңыз» айдары апта бойы желіде қызу талқыланған, «белсенді» болған әкімдер жайында болды. 

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама «Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді» деген жаңалықтан басталды. Авторлар бұған дейін болған референдумдарды еске түсірді. Бірінші сюжет Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына (Тоқаев референдум өткізу ұсынысын айтқан) арналып, қалай өткенін толыққанды баяндады.

Конституциялық реформа тақырыбы екінші сюжетте де жалғасты. Реформаға сәйкес, парламент, мәслихат пен үкімет жұмысы қалай өзгеретінін түсіндіріп, Қасым-Жомарт Тоқаев «суперпрезиденттік» басқару жүйесінен бас тартып, қолындағы билікті бөліп беретінін және тағы басқасын тізіп шықты. Сюжетте саясаттанушы Самат Нұртаза, Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеушісі Аян Сакошев (титрда қате бар, алдыңғы спикердің аты-жөні, қызметі қайталанған) және мәслихат депутаты Қырмызы Жаңбыршина сөйледі. Қай-қайсысының да айтары көпке мәлім, еш ерекшелігі жоқ пікір боп шықты. Парламентімізге Ресейде Жироновский жасағандай хайп қажеті жоғын, монополия жақсылыққа апармайтынын, депутаттар халық үнін естіп, мәслихат жұрт пікірін қорғай білуі керек екенін айтты. Жөн сөз, бірақ әліппе әңгіме.

Қоғам Конституциядағы 91-баптың 2 бөлімін қызу талқылап жатыр. Эфир жүргізушісі Альбина Әшім «Жұмыс тобы бұған дейінгі «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі» деген тұсын алып тастап отыр. Тек «Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы» деген тіркесті қалдырғысы келеді» деп, көшеде сауалнама жүргізген екен. Жауап бергендер референдум өткізуді қолдайды. Алайда балама пікірге сөз бермеді.

Референдум «Apta қонағы» айдарының да тақырыбына айналды. Студия қонағы – Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. Ол Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен референдумның пайдалы жақтарын шабыттана айтты. Ол сөзін: «Референдум еліміздегі 30 жылдың ішіндегі ең сүбелі саяси оқиға деп айтуға негіз бар. Бұл халыққа өзінің билігін қайтарып беру деген сөз» деп түйіндеді.

Апта басында Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың қаза болуына байланысты оның жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Бас прокуратураға, Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жан-жақты тексеру жүргізуді, шынайы себебін анықтауды тапсырды. Сарбаз өлімі 23 сәуірде, яғни арғы аптада болған. Бірақ өткен жексенбідегі Apta эфиріне енбей, елеусіз қалған еді. Apta авторлары ел боп талқылаған оқиға жөнінде ләм-мим демеді. Енді міне мемлекет басшысы назар аударып, тапсырма бергеннен кейін ғана осы оқиға жөнінде қысқа ғана көрсеткендей болды. Марқұм сарбаздың туысы мен Қорғаныс министрлігінің өкілін сөйлетті. Сюжет те арнамады.

Халықаралық жаңалықтар бөлімі Еуропадағы «газ соғысына» арналды. Ресейдің газ ақысын рубльмен төлеуді талап етуінен бастап Еуроодақ елдеріндегі газ тапшылығына дейін айтты.

Қазақстанда да газ мәселесі өзекті. Өйткені «Елімізді газдандыру жайы 20 жылдан бері әлі толық шешілмей келеді». Сюжетте ауыл іргесіне жетіп тұрған газға қосыла алмай отырған елдімекендерді, газ құбырын жүргізу ақысын төлеп, бірақ әлі газсыз отырған ауыл тұрғындарын сөйлетті. Депутаттар мен министр комментарийі бар.

Сарапшылардың сөзінше, Ресейге салынған санкциялардың салқынын күзге таман сеземіз. Қазақстанның импортқа тәуелділігі ел экономикасының осал тұсы болып отыр. Сюжет отандық өндірісті дамыту, импортқа тәуелділік, Қазақстанның экономикалық тұрғыдан Ресейге тым тәуелді екеніне арналды. Бірнеше сарапшыны сөйлетті.

Маңғыстау мен Түркістан облыстары еліміздегі ең кедей өңірлерге жатады. Түркістан облысы тұрғындарының 10 пайызы 30 мың теңгеге де жетпейтін ақшаға өмір сүруге мәжбүр. Келесі сюжеттің алғысөзі осылай басталды. Қисыннан ауытқымасақ, кедейшілік туралы сюжет көретініміз аян. Бірақ тақырып басқа арнаға бұрылды. Осы аптада Түркістан облысының 2 ауданы, ондағы он шақты елдімекен жаңбыр суының астында қалды. Төрт түлігі қырылып, үйі мен қорасынан айырылғандары да бар. Су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың жай-күйін жеткізетін репортажда ақпарат мол, кейіпкер де көп.

Apta «Украинадағы ахуалды» назардан тыс қалдырмай, әр эфирінде шолу жасайтын жалғыз апталық қорытынды бағдарлама боп отыр. Шолуда Батыс елдері Киевке қару-жарақ жеткізуді күшейткенін, Ресей Украинаның қалаларын қалай бомбалап жатқанын да айтты. Зеленский мен Путинді де сөйлетті.

Бағдарлама Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтағаны және журналист Александра Мыскина бастаған «Қазақстан менің жерұйығым» деген челленджімен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Қазақстандағы сөз бостандығы: билік ауысты, жағдай өзгерді ме?

«Жаңа репортер» подкастының жаңа эпизоды 3 мамыр — Халықаралық баспасөз еркіндігі күніне арналды. Медиасыншы Назира Дәрімбет жүргізген подкаст қонақтары: «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Әженова және танымал блогер Руслан Түсіпбеков.

Сөз бостандығы тақырыбын қозғағанда, Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарып тұрған кездегі сөз еркіндігі мен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұсындағы ахуалды салыстыру — заңдылық. Назарбаев кезінде сөз бостандығына қысым күшейіп, журналистерді қудалау оқиғалары көп болды. Ал мемлекет билігінің басына Тоқаев келгелі жағдай өзгерді ме?

Президент биылғы Жолдауында БАҚ туралы заңды қайта қарау керек екенін айтты. Жаңа заң қандай болуы керек? Бұрын елімізде шындықты жеткізген журналист пен блогерге қысым жасау, оларды қамау фактілері жиі болатын. Ал қазір ше? Қысым азайып, оң өзгеріс боп жатыр ма? Мінеки, жаңа эпизодта сарапшы Ғалия Әженова мен блогер Руслан Түсіпбеков осы сауалдарды және еліміздегі жалпы сөз бостандығының ахуалын талқылады.

Подкаст-платформалардан да тыңдаңыз:
iTunes
Google Подкастар
Яндекс.Music

Ғалия Әженованың айтары:

  • Журналистер мен блогерлерге пайдалы еш өзгеріс болмады. Қаңтар қырғынынан кейін сөз бостандығына қысым біршама азаяды деп үміттендім. Бірақ үміт ақталмады.
  • БАҚ туралы заңды өзгерту қажет екенін 1999 жылдан бері айтып келеміз. Бізде БАҚ-ты монополизациялауға жол берілмеуі керек еді. Қоғамдық бұқаралық ақпарат құралы жоқ. Біздегі БАҚ – қояншық бала сияқты. Сол баланың көзін байлап, басын матап, аузын жауып, реттеу көп.
  • Журналист дегеніміз кім екенін, ал әлеуметтік желіде отырған адам кім екенін анықтап алуымыз керек.
  • Осы салада жүріп, түрлі сот процесстеріне қатыстық. Түрлі жағдайға куә болдық. Қиналған адамға көмектесу үшін ақша алатын журналистерді де, шындықты журналистерді де көрдік. Мен Вадим Борейконың жазбаларын сүйсініп оқимын.

Руслан Түсіпбековтің айтқаны:

  • Президент Қ.Тоқаев шын биліктің тізгінін қолына алғалы үш айдай ғана уақыт болды. Әрине, әлдебір өзгерістер туралы айтуға ерте, өте аз уақыт өтті. Бұл тақырыпты кемі 5-6 айдан кейін талқыласақ болады. Бірақ меніңше, бірқатар өзгеріс бар сияқты. Блогерлерге деген қарым-қатынас өзгерді.
  • Бұрын маған «жоғарыдан» жиі хабарласып, жазбаларымды алып тастауды өтінетін. Соңғы үш айда мұндай мұлдем болмады.
  • Назарбаевпен салыстырғанда Тоқаев «Тәшкен көрген адам» ғой, айырмашылық байқалады.
  • Ресей-Украина арасындағы соғыс біздегі сөз бостандығына оң әсерін тигізіп жатқан сияқты.
  • Әлеуметтік желіде қазақ тіліндегі контенттің сапасы жақсарды. Қазақ тіліндегі сегмент жақсы дамып келеді.
Ғалия Әженова, Назира Дәрімбет, Руслан Түсіпбеков

«Жаңа репортердің» подкастының бұған дейінгі эпизодтарын да тыңдаңыз:
iTunes
Google Подкастар
Яндекс.Music

KazMediaNetwork ұйымы Қостанайда медиаэтика тренингін өткізеді

«Қазақстандық медиа желі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі Қостанай қаласында медиаэтика тренингін өткізеді. 

Құрметті журналистер, журналистика факультетінің студенттері, Қостанай қаласында баспасөз қызметінде жұмыс істейтін мамандар!

«Қазақстандық медиа желі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі сіздерді 13 мамыр, жұма күні 9.00-де өтетін офлайн-тренингке шақырады.

Тақырып: «Медиаэтика: негіздері, журналистің қауіпсіздігі және конфликт-сезімтал тақырыптар. Редакция саясаты».

Медиатренерлер:

  1. Бақтыгүл Бурбаева, KazMediaNetwork (Қазақстан) қоғамдық ұйымының атқарушы директор
  2. Вячеслав Половинко, «Новая газета» бас продюсері және сайт редакторы (Ресей)

Тренинг бағдарламасында:

  • Журналистиканың халықаралық этикалық стандарттары;
  • Медиаэтика негіздері және медиа ортаның өзін-өзі реттеуі. Қазақстан медиасы жұмысының негізгі принциптері;
  • Қазақстандағы және шетелдегі этикалық кейстерге талдау;
  • Редакциялық саясат және медиаэтика;
  • Сезімтал тақырыптармен жұмыс: зорлық-зомбылық құрбандары, қақтығыстар, төтенше жағдайлар, құлдық, адам саудасы, терактілер, экстремал жағдайлар. Топтық жұмыс, практикалық кейстерді талдау;
  • БАҚ-та суицид туралы қалай жазу керек?
  • Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеуі жөніндегі қоғамдық Комитет қалай жұмыс істейді?

және басқа да тақырыптар бар. 

Тренинг сағат 16.00-ге дейін жалғасады. Барлық қатысушыға сертификат беріледі. Тренинг қазақ және орыс тілдерінде өтеді.

Мекенжайы: А.Байтұрсынов атындағы университеттің мәжіліс залы, А.Байтұрсынов көш., 47

Тренингке мына телефон нөмірлеріне хабарласып, жазыла аласыз:

8-777-213-13-67 Бақтыгүл Бурбаева, медиатренер 
8-707-7000-439 Ольга Настюкова, жоба жетекшісі

***

Бұл вебинар Америка халқының көмегі арқасында Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. «Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID, Америка Құрама Штаттары үкіметі немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін.