Домой Блог Страница 20

Тоқаев сұхбаты, Қаңтар оқиғасын тергеу, криптовалюта: 14-20 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Qazaqstan ұлттық арнасына берген сұхбаты болды. Қаңтар оқиғасына қатысты жүргізіліп жатқан тергеу барысы да апта қорытындысының назарынан тыс қалмаған: кейіпкерлер оқиғасы, Прокуратура мен ІІМ мәлімдемесі бар. Сондай-ақ, «Жеті күн» қаңтардағы бүлік пен тонауға қатысқан жастардың әлеуметтік портретіне мән беріп, бұған не итермелегеніне жауап іздесе, «Айна» уақытша ұстау орындарында азапталған кейіпкерді сөзге тартқан. Ал Apta авторлары қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан бейбіт адамдар туралы үлкен сюжет дайындапты.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Qazaqstan ұлттық арнасына берген сұхбатын 10 минутқа созылған сюжетте ұзақ талдады. Сюжетте Президенттің сөзінен үзінділер берілді. Сарапшылар, саясаттанушылардан пікір алынған, тұрғындардың пікірі бар. 

Президент осы сұхбатында наурыз айының ортасында халыққа жолдау жасап, Қаңтар оқиғасына қатысты алдын-ала тергеу жұмысының қорытындысын жариялайтынын мәлімдеді. Тергеу-тексеру барысы, Ішкі істер органдары өкілдерінің мәлімдемелері, қаңтарда зардап шеккен жандардың қазіргі халі топтастырылған сюжет жасалыпты. Авторы – Рият Шони. Прокуратура тәртіпсіздік жасаған топтың әлеуметтік портретін жариялады. «Жеті күн» осы портретте суреттелген жастарды бүлікке, мародерлікке баруға кім итермеледі деген сауалға жауап іздеп, әлеуметтанушы, сарапшыларды сөзге тартыпты.  Ұзақ, ақпараты сол сюжет.

Елімізден шетелге заңсыз шығарылған қаражат қашан және қалай қайтарылады? Гүлжан Мархабаева арнайы зерттеу жасапты. Қазақстаннан 30 жыл ішінде қанша ақша, қандай мақсатта сыртқа шығарылды, елге қайтарудың жолы қандай? Қолма-қол ақшаны кеденнен алып өтуге бола ма? Осы және өзге де сауалдар талданған сюжетте тілші сарапшылардың көмегімен жемқорлықпен табылған ақшаны елге қайтарудың жолдарын іздейді. Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызы Гүлнара Каримованың шетелдегі қаржысы қалай елге қайтарылғаны айтылды. Қолма-қол ақшаны шекарадан алып өтудің жолдары да атап өтілді. 

Елдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы «Жеті күн» жүргізушісі Дархан Әбдіуахит ұзақ айтты. Ақбөпе Тәңірберген теміржол тасымалындағы делдал компаниялардың кесірінен тарифтің қымбаттағанынан бастап, өзге салалардағы «елшілер» туралы ақпарат берді. Экономиканың басқа салаларындағы «дәнеркеші» компаниялардың зияны туралы сарапшыларды сөйлетті. Оған Президенттің делдалдар жұмысын ретке келтіру туралы тапсырмасы себеп болыпты, үзінді келтірілді. Бейтарап болу үшін, біржақты даттай бермей делдал компания өкілдерінен де сұхбат алу керек еді. Олардың өз уәжі бар шығар?

Президенттің апта ішіндегі қабылдаулары мен кездесулері Ақорда таратқан ресми ақпаратқа сүйеніп, бір топтамада баяндалды. 

Елімізде биыл «Балалар жылы» деп жарияланды.Мақпал Мадиярова әзірлеген сюжет «Бала денсаулығы» деп аталып, онда елімізде сырқат және мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артқаны, еміне қымбат дәрі-дәрмекті қажет ететін бүлдіршіндер туралы айтылды. Сюжет кейіпкерлерінің еміне керек дәрі-дәрмекті елімізде ала алмауының себебін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі түсіндірді. Бұдан өзге, автор Атырау обылысында сәби өлімі көбейгенін айтып, оның себебін дәрігерлердің жетіспеуінен көреді. Денсаулық  сақтау министрлігі бала денсаулығына қатысты жол картасын әзірлеп жатқанын, «Қазақстан халқына қоры» орфанды аурулары бар 36 балаға көмек көрсететінін білдік. 

Криптовалюта өндіретін майнинг фермалары шамадан тыс электр энергиясын тұтынатындықтан, елімізде электр энергиясының тапшылығын тудырып отыр. Нұрболат Жаңаберген Үкіметте талқыланған осы мәселені талдап, оңтүстік өңірлерді аралап жүрген мәжіліс депутаты мен Блокчейн технологиялық қауымдастығының басқарма төрағасын сөзге тартып, саланы реттеуге қатысты екі тараптың да пікірін тыңдапты. 

Өткен аптада бір топ журналистер мен блогерлер, депуттаттар мен қоғам қайраткерлері  «Сарыарқаавтопром», «Агромашхолдинг», «Камлитkz» өндіріс орындарына пресс-тур жасады. Мағауия Қалиев жасаған сюжеттен еліміздегі автоөндіріс саласының кем-кетігі немесе әлі де жетілдіріле түсуі тиіс тұстары туралы ақпарат таппайсыз. Бұл сюжет утильалымға мүдделі топтың бірі ретінде аталған отандық автоөндірушілердің сойылын соққандай қабылданды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасы бұл жолы да «Қаңтар қасіретіне» ерекше мән беріпті. «Сол бір күн…» аталатын алғашқы сюжет қаңтар дүрбелеңінің құрбандары жайлы айтып, күәгерлерді сөзге тартады. ІІМ өкілінің мәлімдемесінен де үзінді берілді. «Үш тәулік бойы мұздай қаруланған адамдардың тұтқыны болған ақ халаттылар» деп Алматыдағы №7 аурухана дәрігерлерін сөзге тартты. 

Уақытша ұстау және тергеу изоляторларына қамалғандардың азапталуы жайлы ақпарат тарап жатқанын айтқан Ғалым Кәлмен «Кім жазықты?» атты сюжетке кезек берді. Онда тергеу орындарынан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шыққан жандарды сөзге тартады. 16 жасар кейіпкер қамау орнында өзін қалай азаптағанын, қандай кінәні мойындатпақ болғанын ашық айтып беріпті. Денесіндегі азаптау іздері де көрсетілген. Кәмелетке толмаған кейіпкердің жүзі ашық көрсетілмеді. Әкесі де баласының жағдайы туралы айтып берді. Сюжетте Прокуратура мен ІІМ мәлімдемесімен қатар, Президенттің Qazaqstan арнасына берген сұхбатындағы осы мәселеге қатысты айтқан сөзінен үзінді берілді.  

Президенттің қазақ тілінде берген сұхбатына бөлек сюжет арналды.  «Президент сұхбаты» аталатын материалда Мемлекет басшысының сөздерінен үзінді беріле отырып, елге ҰҚШҰ әскерін кіргізу, жердің тұтастығы, блогерлер туралы пікірі және т.б туралы тілші баяндады. «Айна» Президенттің қазақ тілінде берген сұхбатын елге танымал адамдардың пікірімен айшықтай түсуге бел буыпты. Нұрлан Оразалин, Талғат Теменов және адвокат Айман Омарованың пікірі бар.  

«Күміс жаста»  қолдау». Үкімет зейнет жасына жақындағанда жұмыссыз қалған жандарды қаржылай қолдау мақсатында арнайы бағдарлама қабылдады. Махамбет Бейбітшілік осы бағдарлама туралы түсіндірме сюжет әзірлепті. Ақпараты мол материал. 

«Айна» бағдарламасының «eGov куәгері» аталатын айдарында Гүлнәзия Жалғасқысы «Қазақстан халқына» қорынан тұрғындар қандай себеппен көмекақы алатыны туралы қордың атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаевадан сұрап, біліпті. 

«Алыс-жақын шетелдердің ынта-ықыласын біздің елге аударып тұрған тағы бір нәрсе бар. Ол – біздің киноиндустрия», – дейді Ғалым Кәлмен. Алайда, әңгіме еліміздегі киноиндустрияға жауапты бірден-бір мекеме – «Қазақфильм» түсірген фильмдер туралы емес, «5:32» веб-сериалы турасында екен. «Айна» сериалдағы кейіпкерлердің прототипі жайында сюжет ұсынды. Олжас Сайлаубекұлы сериалдағы кейіпкерлердің бірінің шын өмірдегі қылмыстары, қалай ұсталғаны, тіпті оған кесілген ату жазасының үкімі қайда орындалғаны жайлы қылмыскерді тергеуге атсалысқан құқық қорғау саласының ардагері Ғабдырахым Меңдешевтен сұхбаттасып, баяндайды. Сюжетте өзге кейіпкерлерді ойнаған актерлардың өз образы жайында пікірі де бар. 

«Айнаның» сериал туралы материалы мұнымен шектелмеді. Бағдарлама авторлары көптен қонақ келмеген студияға «5:32» фильміндегі тергеушіні және 8-бөлімде маньяктың рөлін сомдаған актерды шақырып, сұхбат алды. Сұхбат соңында Ғалым Кәлмен қонақтарға әйгілі маньяктардың суретін көрсетіп, шағын викторина жасады.  Жамандықты насихаттағандай көрінген бұл әрекет ойын да болса, этикаға қайшы емес пе?

«Айна» бағдарламаны жыл басындағы дүрбелең кезінде жолда қалған пойыздың жолаушыларына қолдау көрсетіп, ас-су әзірлеген Қызылорда облысындағы Сексеуіл мен Қазалы станциясының тұрғындары туралы баяндаумен аяқтады. «Жақсылық станциясы» аталатын материалды Артур Мағзомов әзірлепті. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta президент Қ.Тоқаевтың бағдарлама жүргізушісі Жайна Сламбекке берген сұхбатынан басталды. Сұхбаттан ұзақ үзінділер: қаңтар оқиғасы бойынша тергеу қалай жүріп жатқаны, таяуда халықты мазалаған барлық сұраққа жауап берілетіні, олигополия, Ресеймен қарым-қатынас, ресейлік саясаттанушылардың Қазақстан территориясына қатысты мәлімдемелері, әкімдерді сайлау мен саяси реформалар, адамдарды азаптау туралы айтқанын көрсетті. Мұның бәрі жеті минутқа созылды. 

Apta авторлары қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан бейбіт адамдар туралы үлкен сюжет дайындапты. Оқ тиіп, қаза тапқандардың арасында балалар да бар. Марқұмдардың туған-туысы сөйледі. Олар жақынын кім атқанын анықтауды сұрайды.

Ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияның талан-таражға түсіп, жоқ болатыны екінші сюжетке арқау болыпты. Сюжетте шаруалар мен облыс әкімдігі қызметкерлерінің комментарийі бар. Субсидиялау ісі қаншалық «былығып» кеткенін көрсететін сюжет.

Майнинг дегеніміз не? Apta авторлары осы тақырыпта көлемді сюжет көрсетті. Бұған энергетика министрінің елдегі электр қуаты тапшылығын майнингпен байланыстыруы себеп болған екен. Сюжетте криптовалюта, биткоин не екенін түсіндіріп, майнинг процессі, цифрлы ақша арқылы табыс табу, салық салу, электр қуаты тапшылығы жөнінде де айтты. Сарапшы ретінде майнерлер, криптоброкерлер, криптосарапшылар мен министрлік өкілдерін сөйлеткен толымды сюжет.

Тұрғын үй құрылысындағы қулық-сұмдық, жасырын схемалар баспана бағасының қымбаттауына әкеледі. Осы тақырыпты қаузаған келесі сюжетте Талдықорғандағы бір топ адамның оқиғасы бар. Олар көпқабатты үй құрылысына ақша салған, алайда үй құрылысы әлі аяқталмай жатыр. Материалда құрылыс компанияларының адамдарды үлескерлік құрылысқа тарту қулықтарын, келісімшарттың келеңсіз жақтарын түсіндірді. 

Содан кейін Украина мен Ресей қарым-қатынасына ойысты. РФ дедегациясы Мюнхен конференциясына бармағанынан бастап, Украина мен АҚШ президенттерінің мәлімдемелеріне дейін қамтып, Ресейдің әскери жаттығуы мен Будапешт меморандумы жөнінде де айтты. 

Қазақстан құрамасы Бейжіңде өткен Қысқы олимпиада ойындарынан медальсіз оралды. Бұл бағдарламаның соңғы сюжетіне түрткі болыпты. Материалда осынау сәтсіздіктің себептерін іздеп көрді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты. 

«Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры Privacy Week — 2022 талқылауына шақырады

Жеке өмірді қорғау мен қоғамдық мүдденің тең ортасы қандай? Төтенше жағдай кезінде мемлекеттің ұлттық қауіпсіздікті сақтау бойынша құзіреті қандай? Дербес деректерді қорғау туралы заң қалай өзгерді? Қазақстандықтардың дербес деректерін қорғау бойынша биыл қандай өзгеріс болмақ? Жеке өміріңіздің құпиясын қалай сақтауға және онлайн-алаяқтардан қалай қорғануға болады?
«Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры осы және тағы басқа сұрақтарды Privacy Week — 2022 алаңқайында талқылауға шақырады. Іс-шара 23-24 ақпанда (сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін) өтеді.
Ұлттық және шетелдік сарапшылар, мемлекеттік орган өкілдері, журналистер мен құқыққорғаушылар қатысады. Талқылау, сөз сөйлеу, презентация, шеберлік сабақтары, видеосабақтар, бағалы сыйлықтар ойнатылатын куиз болады.
Қазақ тіліне синхронды аударма жасалады.
Онлайн іс-шара тікелей эфир форматында «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ-ның YouTube-арнасы мен Facebook-парақшасынан көрсетіледі. Келіңіз, қатысыңыз!

Журналистердің қақтығыс кезінде қауіпсіз жұмыс істеуі және ақпарат таратуы бойынша вебинар өтеді

«Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі журналистердің қауіпсіздігіне арналған онлайн вебинарлар сериясын жалғастырады. Cарапшылардың пайдалы ақпаратын жинап, сіздерді еуропалық әріптестермен және олардың тәжірибесімен таныстырамыз. 

22 ақпан, сағат 17.00-де өтетін вебинарда екі сарапшы қонақ болады: 

  • Кристофер Бут (Christopher Booth) – мультимедиа өнімдерін жасау саласында 30 жылға жуық тәжірибесі бар маман. Он жыл бұрынғы КСРО аймағында қызмет еткен,  APTN, Sky, NBC және BBC-де жұмыс істеген. ВВС-дің Мәскеу бюросының жетекшісі болып, кейін Бағдатта дәл осы қызметті атқарған, сонымен бірге ВВС Дүниежүзілік қызметінің жаңалықтар бөлімінде жетекші қызметте болған.  

Ол 1993 жылғы Мәскеудегі конституцияға байланысты дағдарысты, Шешенстан, Косово, Ауғанстан мен Ирактағы соғысты, Украина мен Грузиядағы төңкерісті және Беслан апатын жариялаған. Содан кейін Крис Еуропа қайта құру және даму банкі директорының коммуникация жөніндегі көмекшісі болып, видео және фото түсірілімдерге жауап берген. Кейін БАҚ қызметкерлерін оқытумен және контент жасаумен айналысатын жеке компаниясын ашқан. 

Тақырып: Қиын жағдайға дайын болу: қаладағы кикілжің кезінде тиімді және қауіпсіз жұмыс істеу

  • Диана Окремова – көп жылдық тәжірибесі бар журналист («Наша газета», «Взгляд»). Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. «Құқықтық медиа орталық» – 2003 жылдан бері масс-медиа саласында жұмыс істеп келе жатқан, журналистерді оқытумен айналысатын қазақстандық үкіметтік емес ұйым. Осы уақыт ішінде ұйым құқықтық ортаны жақсарту және Қазақстан журналистерін қорғау бағытында жүзге жуық жоба, семинар, тренинг өткізген. 

Тақырып: «Жаппай тәртіпсіздік, митинг пен қақтығыс кезінде ақпарат таратудың этикалық нормалары»  

Іс-шара онлайн режимде ZOOM платформасында болады. 

Сізді 2022 жылғы 22 ақпан күні, Алматы уақытымен 17.00-де күтеміз.

Zoom конференцияға қосылу үшін сілтемеге өтіңіз

Конференция идентификаторы: 878 2047 4402

Кіру коды: 121783

Сұрағыңыз болса, 8-707-7000-439 нөміріне Ольга Настюковаға (жоба жетекшісі) хабарласуға болады.

***

Бұл вебинар Америка халқының көмегі арқасында Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. «Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID, Америка Құрама Штаттары үкіметі немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін. 

Қаралы митинг, президенттің Ресейге сапары, «технарь қазақ»: 7-13 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Президенттің Ресей мен Татарстанға жұмыс сапары туралы болды.  Сондай-ақ, «Жеті күннің» бұл саны толығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасаған мәлімдемелерін талдауға арналды: елдегі қымбатшылық, орташа жалақы, тұрғын үй құрылысындағы күмәнді статистика және тағы басқа. «Айна» бағдарламасы Президенттің  халық арасындағы беделіне ерекше назар аударыпты. «Президент шешімдері»,  «Халық айтса…» топтамасы осыған дәлел. Ал Apta Алматыдағы Республика алаңында қаңтар трагедиясында қаза тапқандарды еске алуға арналған қаралы митингтен кадрлер көрсетті. Сондай-ақ, Тоқаевтың «Хазірет Сұлтан» мешітіне барып, қаңтар трагедиясында қаза тапқандарға құран бағыштағанын көрсетті. Сонымен қатар, апталық бағдарламалар қаңтар оқиғасынан кейін абақтыда азапталғандардың жағдайы туралы да материал ұсынды. 

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы күткеніміздей Президенттің Ресейге сапарын егжей-тегжейлі баяндаудан басталды. Тілші Талғатбек Әбдіқожа сюжетін «…Кремльге Батыс жақтан саяси салқындық сезіледі, ал көршілес Ресей мен Қазақстан арасында жағымды достық қатынас бұрыннан қалыптасқан» деп бастады. Автор Ресейде техникалық  маман даярлау бойынша қол жеткен келісімге ерекше тоқталып, бұл қадамның маңызы туралы сарапшылар пікірін ұсынды.

Мемлекет басшысының Ресейге барғаны туралы екінші сюжет – Татарстан сапары жайлы материалды Қорған Қонысбайұлы әзірлепті. Іс-сапар барысынан кеңінен ақпарат берген. Материалда Татарстанмен бірлескен кәсіпорын ашу, маман даярлау бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы мол мәлімет қамтылған. 

Өткен аптаның басында Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Бұл жиын туралы Гүлжан Мархабаева сюжет әзірлеп, онда Мемлекет басшысының елдегі орташа жалақы туралы мәлімдемесіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке берген тапсырмаларынан синхрон берілді. Ал сарапшылар Президенттің мәлімдемесін қолдап, пікір білдірген. Сюжет авторы Президент бұл жиында «көзбояушылық» сөзін жиі қолданғанын айтып, «… халықтың сеніміне ие болып үлгермеген үкіметке ең алдымен Президенттің сенімін селдіретіп алмау үшін де күш жұмылдыру керек секілді» деп аяқтады. 

«Ауыздықпен алысқан инфляция жайбасар жалақыға жеткізбей барады». Дархан Әбдіуахит «Қалтаны қаққан қымбатшылық» сюжетінің алғысөзінде осылай деп, статистиканың көзбояушылық екеніне тағы бір ден қойды. Сюжет  Нұр-Сұлтан тұрғындарының жалақы туралы пікірін білуден басталды. Осы арқылы Ұлттық статистика бюросының елдегі орташа жалақыға қатысты есептеуіне мән берген тілші бюро мамандарынан бұл көрсеткіштің неге сүйеніп әзірленетінін сұрапты. Сюжетте автор сарапшылар пікірін ұсына отырып,  инфляция себебіне үңілуге тырысады. Ең төменгі күн көріс деңгейі, импортқа тәуелділік, азық-түлік бағасының қымбаттауы, халық табысының басым бөлігі азық-түлікке жұмсалатыны туралы бірқатар мәселеге тоқталды. Айтарлықтай жаңалық болмаса да, жалаң ұрансыз, сюжетте шынайы картинаны беруге талпыныс бар.

«Қаралы қаңтар». «Жеті күн» қаңтар оқиғаларына қатысты тың мәліметтер турасында осындай атаумен сюжет әзірледі. Ақбөпе Тәңірберген қаңтар оқиғаларының қалай басталғанына шолу жасап, қозғалған қылмыстық істерге байланысты Бас Прокуратура келтірген мәліметтерден үзінді берді. «Аманат»  комиссиясы өкілдерінің де мәлімдемесі бар. Алайда, қаңтар оқиғасынан басталған сюжет Мәжіліс депутаттары мен тұрғындарды сөйлету арқылы бірте-бірте Мемлекет басшысы қабылдаған шешімдердің дұрыс екенін айтуға ойысады. Тіпті, Президент жанындағы ҚСЗИ жүргізген Президент пен әскерге халықтың сенімі туралы сауалнама нәтижесі де көрсетілді. Автор қаңтар оқиғасы елдегі әлеуметтік проблемаларды ашып бергенін айта келе, сюжетін «…ел тұрғындары оң өзгерістерден үміт күтеді» деп аяқтады. 

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент елдегі тұрғын үй құрылысына қатысты келтірілген статистикаға да күмәнмен қарайтынын мәлімдеді. «Қарқын мен сапа» аталатын сюжетте Сәкен Сейітханұлы осы мәселені зерттеуге тырысқан. Құрылысшылар Одағының төрағасы статистиканың бұрмаланғанын растап отыр, дегенмен «неге бұрмаланды?» деген сауалға сюжет соңына дейін жауап алмадық. Статистикаға жауапты мамандар пікірі берілмеді. Ал, Президент салынған құрылыс нысандарына  коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатқанын айтты, бұған елордадағы жағдай дәлел болып отыр деп еді. Тілші Таразда салынған тұрғын үй кешеніндегі осыған ұқсас жағдайды баяндады. Нұр-Сұлтан қалалық Сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары басқармасының маманынан тұрғын үйлер жанынан әлеуметтік нысандардың салынбауына, яки сай болмауына қатысты пікір сұрапты. Бірақ, елдегі тұрғын үй нарығының қарқыны шын мәнінде қандай екені, сапа қай деңгейде тұрғаны жайлы тұщымды ақпарат алмадық.

«Технарь қазақ». Мақпал Мадиярова әзірлеген сюжет те Президенттің бастамасына орайластырылыпты. Елімізде техникалық сала мамандарының жетіспейтіні, Қазақстанда техникалық бағытта білім беретін 5 ресейлік ЖОО-ның филиалы ашылатыны туралы айтылды. Білім министрінен бастап, ректорлардың, өндірістік мекеме мамандарының пікірі бар.

Келесі сюжеттің алғысөзінде Дархан Әбдіуахит автоөндіріске қатысты көпшілік арасында кең тараған күдікті ойды тексеру қажеттігі туралы Президент пікірін айтты. «Отандық автоөндіріс» барысын шолып қайтқан тілші Мағауия Қалиев әлеуметтік желілердегі пікірлер жаңсақ екенін дәлелдеуге тырысады. Автокөлікті жинау барысы қалай өтетінін баяндады, автомобиль өндіруші компаниялардың өкілдерінен сұхбат алып, алдағы жоспарларын біліпті. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы» 

«Бейбіт митинг бұзақылыққа ұласты». «Айна» ұжымы қаңтар оқиғаларының қырық күндігіне баса мән беріпті. Онда қаңтардың алғашқы 10 күніндегі оқиғалардың хронологиясы баяндалды. 

Келесі сюжетте «Жеті күн» секілді «Айна» бағдарламасы да Мемлекет басшысының имиджін нығайтуға үлес қосыпты. «Айна» бұл сюжетін  «Президент шешімдері» деп атап, төтесінен тартыпты. Екі бағдарламаның сюжетінде ұқсастық бар – eкеуі де қаңтар оқиғасынан басталады. Тек «Айна» қаңтар айының басындағы тәртіпсіздіктер кезінде Президенттің ҰҚШҰ әскерін шақыруын қолдай, сарапшылар пікірін беріпті. Сондай-ақ, қаңтар оқиғасынан кейін Президент бастамасымен елімізде жасалып жатқан оң өзгерістер туралы баяндалды. 

Президентің ел алдындағы беделін көтеруді «Айна» ұжымы ерекше қолға алған сыңайлы. Бұл тақырыпқа тағы 5 минуттан артық уақыт арнап, тұрғындардың, елге танымал тұлғалардың Президент жайлы пікірін жинақтапты. «Халық айтса…» топтамасы осы мақсатқа арналғандай. 

«Қаңтар оқиғаларынан» кейін күдікке ілінгендердің құқын қорғау мақсатында құрылған «Аманат» комиссиясы 20 күндік жұмысын қорытындылады. «Тергеу тегеурінді жүруде» аталатын сюжетте әлеуметтік желілерде абақтыда зардап шеккен азаматтар жайлы ақпарат жиілегенін, алайда Прокуратура мәліметінше кездейсоқ ешкім қамалмағаны айтылды.  Абзал Құспан бастаған «Аманат» комиссиясының жұмыс нәтижесіне шолу жасалды. Уақытша қамау орындарындағы мұндай заңыздықтарға қатысты қылмыстық істер қозғағаны туралы Прокуратураның ақпараты берілді. Құзырлы сала мамандарының пікірі берілді. 

«Ең қызығы көлік жөндеп, темір тұлпар жуатын жандар дәл қаңтар оқиғасынан соң сәнді киіне бастаған».  «Кәсіпкерлерге көмек көрсетілуде» атты сюжеттің алғысөзінде жүргізушісі Ғалым Кәлмен қарапайым жұмысшылардың қымбат киіне бастағанын, мұндай киімді қайдан алғанын өздерінен сұрағанын айтты. Жүргізші республикалық арна эфирінен мұндай мәлімдеме жасауы – жұмсарта айтқанда, артық. Сюжетте бірнеше кәсіпкер Алматыдағы қаңтар оқиғасынан кейін бизнесінің зардап шеккені, шығынға батқаны туралы айтады. Дегенмен, сюжеттің алғысөзінде айтылған сәнді киінген жұмысшыларды сөзге тартқан тілшіні көрмедік. Әлеуметтік желіде тараған бір видео бар, онда олимпиада спортшыларына арнап тігілген күртеше киген жігіттен, «оны қайдан алдың?» деп сұралады. Алайда, сол форма сатылатын дүкен иесінің немесе қызметкерінің пікірі жоқ. 

«Тегін гранттар беріледі». «eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі жауапты маманнан елімізде кәсіп бастау үшін берілетін тегін гранттар туралы сұрап біліпті.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өзінің отставкасын талап еткен маңғыстаулық шаруаның үйіне барыпты. «Субсидия алу жеңілдейді» аталатын сюжет маңғыстаулық шаруа Әділбек Сағындық пен  министрдің диалогынан басталды. Көрерменді елең еткізуге таптырмас тәсіл.  Сюжетте тілші ауыл шаруашылығын субсидиялау бойынша құрылған «Қолдау» жүйесінің ақылы болғанын, қазір министрлік жаңа ақпараттық жүйе әзірлеп жатқанын айтып, Ауыл шаруашылығы министрін, сенатор Ақылбек Күрішбаевты, өзге де сала мамандарын сөзге тартыпты. Аталмыш саланы жемқорлық жайлағаны туралы Президенттің сөзін келтіріпті. 

«Ресеймен қай салаларда әріптестік арта түсетінін және одан біздің не ұтатынымызды Артур Мағзомов баяндайды» деп «Айна» Ғалым Кәлмен, «Екі ел арасындағы байланыс  нығаяды» атты сюжетке кезек берді. «Жеті күндік» әріптестеріне қарағанда, «Айна» авторлары Президенттің екі күндік сапарын бір сюжетке сыйдырған. Материалда екі Президенттің бірлескен мәлімдемесі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Татарстанға алғашқы сапары, өндіріс орындарын аралауы баяндалды. Сарапшылар пікір білдірмеді. 

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама басы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Хазірет Сұлтан» мешітіне барып, қаңтар трагедиясында қаза тапқандарды еске алып, құран бағыштағанына арналды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына үндеуінен үзінді көрсетті. 

Өткен аптада Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Экранда Бас прокуратураның қаңтар оқиғаларын тергеу ісінен дерек келтірді.

Тергеу орындарындағы азаптау оқиғалары жөнінде ресми статистика келтіріп, абақтыда азапталған, көз жұмған бірнеше адамның фотосын көрсетті. Адамдарды азаптау істері бойынша жұмыс істейтін қоғамдық қозғалыс жетекшілерінің бірін басқаратын адвокат Абзал Құспанның синхронын берді.

Жексенбі күні Алматыдағы Республика алаңында қаңтар трагедиясында қаза тапқандарды еске алуға арналған қаралы митинг өтті. Бұл туралы студиядан хабарлап, алаңға шыққандардың кейбір талаптарын айтты. Студиядағы экранға ақ қағазға қойылған алма перфомансынан кадрлер шықты (бұл перфоманстағы алма саны 2022 жылғы қаңтар трагедиясында көз жұмған 227 адам санына тең).

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты қазақстандықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қаншалықты қолдайтыны жөнінде сауалнама жүргізіпті. Қорытындысын эфирден көрсетті. 

Содан кейін Ресей жаңалықтарына ойысты. Франция президенті Э.Макронның Ресейге сапарын, Ресей президенті В.Путинмен кездескенін айтты. Ал қос сюжет президент Қ.Тоқаевтың Ресейге, дәлірегі Мәскеу мен Татарстан астанасы Қазанға жұмыс сапары қалай өткенін көрсетті. 

Келесі тақырып – Тоқаев төрағалымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысын сөз етті. Отырыс турасында президенттің синхрондарын берді. Ал шолу сюжет соңғы уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде жиілеген еңбек даулары, жұмысшылар ереуіліне арналды. Жұмысшылардың талабын айтып, әлеуметтанушыларды, жұмыс берушілер мен сарапшыларды сөйлетті. Үлкен толымды материалда мәселе де, талаптар да, мүмкін шешімдер мен қауіп-қатері де айтылды. 

Тоқаев үкімет отырысында АЭС салу жөнінде айтқан болатын. Apta авторлары бұл тақырыпқа үлкен сюжет әзірлеп, еліміздегі электр энергиясының тапшылығы, энергия көздері мен атом энергиясының артықшылықтарын тізіп шықты. 

Президент «Самұрық-Қазына» қорын реформалау мен «»Алтын орда» базары жөнінде айтқан болатын. Бұл елдегі сауда-саттық саласын талдаған тағы бір сюжетке арқау болды. Көп мағлұматы бар егжей-тегжейлі материал

Бағдарламада Түркіменстанда наурыз айында президент сайлауы өтетіні айтылды. Apta авторлары қаншама шетелдік жаңалықтың ішінен неліктен осы ақпаратты таңдады екен?

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Дүниежүзілік радио күні: Қазақстан мен Тәжікстанда радиохабарларды кім тыңдайды?

Пандемия салдарынан Қазақстанда радионың дамуы бәсеңдесе, Тәжікстанда медианың бұл форматы қайта жаңғырып жатыр. Мұндай тенденциялардың себебі неде, екі елдегі радиостанциялардың болашағын не күтіп тұр? 13 ақпан — Дүниежүзілік радио күнінде «Жаңа репортер» редакциясы осы екі сауалдың жауабын радио нарық мамандарынан сұрап көрді. 

Қазақстан

Александр Кобзарь

— Қазақстанда 16 желілік радиостанция жұмыс істеп жатыр. Бұған қоса ірі қалаларда бірнеше жергілікті радиостанция бар. Жиілік алу шарттарының жеңілдетілуіне байланысты соңғы 3-4 жылда нарыққа жаңа ойыншылар келді. 2018 жылы «Радио ДАЧА» мен «Бизнес FM», ал 2019 жылы «LUX FM» (украиналық франшиза) радиостанциялары эфирге шықты. Былтыр «Tengri FM» ірі желілік радиостанциясы төл музыкалық бағдарламаларынан бас тартып, «РетроFM» франшизасын сатып алды. Біздің медиахолдинг осы франшизадан аудиториясының сатып алу қабілеті төмен болуына байланысты бас тартып еді, — деп баға берді «Русское радио Азия» және «Монте-Карло» радиостанцияларының дамыту жөніндегі директоры Александр Кобзарь.

Радио бизнесте 25 жылдық тәжірибесі бар сарапшының сөзінше, 2018 жылдан бастап Қазақстанда радионың аудиториясы айтарлықтай азайған. Әсіресе, 2019-2020 жылдары күрт төмендепті. Мысалы, 2020-2021 жылдардағы радио аудиторияның саны 2018-2019 жылдардағы көрсеткіштен 30% аз. Бұл локдаундар мен «қашықтан жұмыс істеудің» салдары екен. Өйткені үйден тыс жерде радио тыңдайтындар үлесі әрдайым айтарлықтай жоғары болған. Әдетте радионы автокөлікте не жұмыста тыңдайды. 

— Радиостанциялардың ақпарат жаңалықтары контентіне келсек, негізінен жаңалық порталдарына шолудан (рерайтинг) тұрады. Бұған қоса радиостанциялардың барлығы бірдей толыққанды жаңалық беруге шамасы жетпейді, өйткені бұл үшін эфирде жұмыс істейтін қазақ тіліндегі және орыс тіліндегі журналистер штатын ұстау керек. Осы тұрғыдан алып қарасақ, «Бизнес FM» радиосының тәжірибесі қызық. Өйткені «Бизнес FM» радиосының контент өндірісі — күрделі әрі қымбатқа түсетін, шығыны көп форматтың бірі. Десе де әріптестеріміз жергілікті ақпараттық жаңалықтар контентімен эфирді толтырып отыр. Соңғы жылдардағы деректерді қарасақ, Қазақстандағы радиостанциялардың көбі табыс әкелмейтінін көреміз. Бұған пандемия, жарнаманың азаюы ғана емес, радиостанциялар санының артуы да себеп, — дейді Александр Кобзарь.

Оның айтуынша, радионарықта ойыншылар көбеюі контент сапасы нашарлауына, радиостанциялардың төл контенті қысқаруына, трансляцияны франшиза арқылы таратуға алып келді. Франшиза арзанға түседі. Жүргізушісі, дыбыс жазатын студиясы, жаңалықтар қызметі жоқ радионың жұмысы жеңіл. 

— Сондықтан да әуел баста жергілікті контент жасайтын радио ретінде жоспарланған радиостанциялар да кейін келе франшизаға айналды. Мәселен, «Тамаша» радиосы ресейлік «Радио Дача» радиосының форматына өтті, — деп нақты мысал келтірді сарапшы.

AACA (Орталық Азияның жарнама қауымдастығы) дерегінше, 2018 жылы радиоға берілген жарнаманың жалпы сомасы 4 млрд теңге (9,5 млн $ шамасында) болған. Алайда бұл — нарықтағы ойыншылардың бекіткен бағасына қарап, радиолардағы жарнамаға мониторинг жүргізу нәтижесінде есептелген дерек. Демек, қатаң бәсеке, тіпті тікелей демпинг жағдайында радиостанциялар қанша пайыз жеңілдік жасайтынын тек болжауға болады. Жарнама берушілердің көбі радиодағы эфир уақытына тиын-тебен төлейді. Бұл қаржы нарықтағы ойыншылардың барлығы бірдей толыққанды БАҚ ретінде сапалы жұмыс істеуіне мүлдем жетпейді.

Сарапшының пайымдауынша, радионың келешегі оны түрлендіру, яғни трансформациясына (диджитализация) қарай дамиды, алайда ең бастысы — мазмұн, яғни контент болып келді, бола береді. 

— Дайын контент аудиторияға, яғни тұтынушысына қай формада және қандай коммуникация каналдары арқылы жеткізілетіні — тез өзгеріп жатқан технологияларға тәуелді. «Радионың дәурені өтіп, БАҚ ретінде өліп жатыр» деген пікірге келіспеймін. Көлігіңізде отырғанда радиодан жүргізуші сөйлеп, сізбен қарым-қатынас жасағанда өзіңізді жалғыз сезінбейсіз. Ал бүгінгі заманда өзіңді жалғыз сезінбеу — өте маңызды. Мұны ешбір подкаст та, плейлист те айырбастауға қауқарсыз.

Қалдыбек Жайсаңбай

Қазақ тіліндегі радиостанциялардың ахуалын телерадио жүргізушісі, диктор, «Еуразия бірінші арнасының» брэнд-дауысы, аудармашы, музыка редакторы, «Люкс ФМ Қазақстан» радиостанциясының директоры Қалдыбек Жайсаңбай айтып берді.

— Қазақстанда қазақ тіліндегі радио сегменті жылдан жылға ұлғайып жатыр. 2000 жылдардың басында коммерциялық радиостанциялардағы қазақ тілінде хабар жүргізетін жүргізушілер тек түнде жұмыс істегені бәрінің есінде шығар. Ал қазір таңғы шоу-бағдарламалар қазақ тілінде шығады, тек қазақ тілінде хабар тарататын радиостанциялар бар. Қазақстанда 4 радиостанция бүкіл ел аумағына 100% қазақ тілінде хабар таратса, қалғаны 50/50 үлесімен хабар таратады. TNS Central Asia дерегінше, қазақ тіліндегі радиолар: атап айтқанда Qazaq radiosy, «Той Думан», «Жұлдыз FM» радиосының тыңдарманы көп, рейтингте көш бастап тұр, — дейді Қалдыбек Жайсаңбай.
— «YouTube телевизияны өлтіреді, интернет FM-радионы өлтіреді» деген пікір бар. Бірақ қаншама адам автокөлігінде CD, флэшка, смартфон, тіпті шағын теледидары болса да радио тыңдайды. Жаңа атаған құрылғыларды пайдалану үшін назар аударып, уақыт бөліп, қосып, баптау керек. Ал радио қосулы тұрады, тек тыңдайсыз! Радионың күші де осында. Түкпір-түкпірдің барлығына жетеді, енеді, шаруаңызбен айналысуға еш кедергісі жоқ. Фонда ойнап тұрады. Радио әлі де ең қолжетімді ақпарат көзі (үйде де, жұмыста да, автокөлікте де) болып отыр. Сондықтан радио тыңдау ешқашан жойылмайды, жоғалмайды. Қазақстанда да радио тыңдайды. Ал автокөліктер радио мен аудитория арасындағы негізгі коммуникация платформасының бірі боп қалады. Соңғы деректерге сүйенсек, тыңдармандардың 38%-ы жолда радио тыңдайды екен, — дейді Қалдыбек Жайсаңбай.

Тәжікстан

Тәжікстанда радио қарқынды дамып, кемеліне келіп жатыр: жыл сайын жаңа радиостанциялар ашылып, аудиториясы ұлғайып, жарнама берушілер радиоға жарнамасын шығаруды қалайды. Бұған не себеп? Астарына үңілсек, көңіл көншітер себеп емес: Тәжікстанда интернет тым қымбат, жылдамдығы төмен. Күз-қыс мезгілінде Тәжікстан өңірлерінде (халықтың 75%-ы тұрады) электр қуатын беру шектеледі. Бұл бұқараның радиоға сұранысын арттырды, өйткені интернет қолжетімсіз, жарық сөнсе, теледидар да өшеді. Ал аудитория радио тыңдаған соң жарнама берушілер де радиоға келді. 

Джамшед Исматиллоев

— Соңғы жылдары Тәжікстандағы радио сегментіне инвестиция салу өскенін байқаймыз. Десе де былтыр аздап төмендеді. Бұған жарнама берушілердің қымбат радиоларды емес, бюджетті радиостанцияларды таңдауы себеп болды. Жағдайды жалпылама алып қарасақ, жарнама берушілер не азаймады, не көбеймеді, — деп түсіндірді «Евромедиаком» компаниясының бас директоры Джамшед Исматиллоев. Оның компаниясы Тәжікстандағы медиатұтынуды зерттейді. 

Салыстырайық: Тәжікстандағы жарнама нарығының бір жылдық көлемі 10 млн АҚШ долларына тең. Бұл соманың басым бөлігі сыртқы жарнаманың үлесіне жатады. Джамшедтің сөзінше, тәуелсіз радиостанциялар мемлекеттік радиоларға қарағанда үш есе танымал. Өйткені олар алуан-алуан контент өндіреді, түрлі аудиторияға бейімделген хабар таратады. «Евромедиаком» зерттеуінше, Тәжікстан халқының 50%-ға жуығы күн сайын радио тыңдайды. 

Радиостанциялардың даму қарқыны тәп-тәуір екенін «Азия-Плюс» медиатобы да растайды. Олардың «Азия-Плюс» деген радиосы бар. 

Манижа Ахмедова

— Биыл «Азия-Плюс» радиосының мерейтойы, 20 жыл толды. Радиомыз медиатобымыздың локомотиві саналады. Жарнама берушілер пандемиядан кейін бюджетін қысқартса да газет пен телеарнадан гөрі радионы көбірек таңдайды. Тәжікстандағы еңбек нарығында кәсіби мамандар (әсіресе тәжік тіліндегі) аз болса да радио үздік мамандарды редакцияға тартып, жұмылдыра білді. Осылайша станциялардың қамту ауқымы ұлғайып келеді, — дейді «Азия-Плюс» радиостанциясының директоры Манижа Ахмедова. 
— Мысалы, былтырдан бері танымал жүргізуші Орзу Исоевпен бірге жұмыс істейміз. Ол келгелі прайм-тайм уақыты өзгерді: Орзу бағдарламаларын таңғы сағат 10:00-нан бастап күндізгі сағат 02:00-ге дейін жүргізеді. Осы уақыт аралығында тыңдармандар саны күрт өсті. Тағы бір жетістігіміз — бұрын біздің радионы тыңдамайтын өңірлердің жұртшылығы да енді біздің радионы тыңдайтын болды. Қазір радиожүргізушілер студияда микрофон жанында ғана отырмайды, подкаст жасап, видео түсіріп, мәтін жазуды біледі. Түрлі форматта контент жасайды. Олар — әмбебап мамандар, — дейді Манижа. 

«Азия-Плюс» радиосы соңғы жылдары ивент-индустрияға оралды. 2021 жылы «Tarona Music Award» деген үлкен концерт өткізіп, фестивальдер мен түрлі коммерциялық ивенттер ұйымдастырды. Контентіне келсек, Тәжікстандағы ойын-сауық бағытына бейімделген көптеген радиомен салыстырғанда «Азия-Плюс» журналистері ақпараттық хабар жасап, авторлық сұхбаттар, бағдарламалар дайындап, әлеуметтік тақырыптарды да қозғайды. 

— Студиямызға қонақ шақырып, қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылаймыз. Көптеген отандастарымыз үшін радио — ең негізгі ақпарат алу көзі екенін білеміз. Сондықтан да ойын-сауық ғана емес, көбірек танымдық контент беруге тырысамыз, — дейді Манижа.

Бұл материал АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалды.

Журналистерге киносауат не үшін қажет?

Кино — журналистер үшін де ең маңызды өнер түрлерінің біріне жатады, өйткені заманауи медианың барлық ерекшелігі кинодан табылады. Кинематографияға көңіл көтеру рөлін ғана таңып қою қаншалықты әділетсіз болса да кино технологиясы медиадан тамыр алатынын медианың өзі де байқай бермейді. 

Журналистер неліктен киносауатты болуы керек? III MediaCAMP Эдьютон — 2022 инновациялық семинарындағы ашық сессияда ресейлік киносарапшы Камилл Ахметов осы сауалға жауап берді. 

Заманауи кино тілінің рөлі қандай?

Орта ғасырларда бұқараның білім алуға мүмкіндігі болмады, өйткені билік тұтқасы да, сауат ашу тетігі де шіркеудің құзырында еді. О кезде кітаптарды қолмен жазып, көшіретін. XV ғасырда Иоганн Гутенберг баспа станогін жасап, әлемдегі алғашқы баспахананың негізін қалады. Бұл жаңалық әлем дамуын қалай өзгертті? Бұрын кітаптар бір-екі дана боп шығатын, бұқараға қолжетімсіз еді. Баспаханалар пайда болғаннан кейін миллиондаған тиражбен басылып, жаппай жұртқа таратуға мүмкіндік туды. Адамдар кітап оқып, баспа әдебиеттен білім алып, ой-өрісін кеңейтті.

Камилл Ахметов, kinopoisk.ru 

Баспа станогінің келуімен ортағасырлық қараңғылық сейіліп, Қайта өрлеу дәуірі басталды. Ақпарат жалпыға қолжетімді болды, кітаптан кейін газет шықты, газетке жарнама басылды, тұтас әлем өзгерді. 

XIX ғасырдың аяғында дәл осындай трансформация жүрді. Баспа станогінің орнына кино технологиясы, яғни бейнетізбек жасау пайда болды. Заманауи медиа дәуірі басталды.

Ақпаратты тираждау:

XV — Иоганн Гутенберг

XVII — газеттер

XIX аяғы— кинематограф

XX ғасыр басы — радио

XX ғасыр ортасы — телевизия

XX ғасыр аяғы— интернет

Кино дегеніміз не?

Барлық медиа өнер тілінде сөйлейді. Бірақ өнер тілін түсіну үшін контекстті, яғни мәнін білу керек. Мәселен, қазақстандықтар алма мүсінін көргенде бұл мүсін — Алматы символы екенін түсінеді, ал ресейліктер «жай ғана алма мүсіні» деп қабылдайды. 

Киноға дейін адам баласының өмірінде үш түрлі өнер: кескіндеме+фотография, әдебиет және театр болды. Кино — осы үш түрлі өнердің синтезі. Үш өнердің қай түрін жеке алып қарасақ: көп мүмкіндікке ие, бірақ шектеулері де бар. Ал кино сол шектеудің барлығын жойып, барлық мүмкіндікті бірге қосып пайдаланады. 

Кино тілі дегеніміз — киноның мән-мағынасын ашатын құралдар жүйесі

Кино тілінің аспектілері:

  • Баяндау, әңгімелеу (әдебиеттен берілген) — шығарманың композициясы, хикая айту, өміртарихты әңгімелеу, фабула мен сюжет, баяндаудағы қарама-қайшылық, кейіпкерлер мінезі.
  • Визуал (кескіндеме өнерінен берілген) — түс пен түстер үйлесімі, суреттегі көлеңке мен жарық, түстер символизмі, сызықтар, фактура мен текстураның бір-бірімен үйлесімі.
  • Уақыт (театрдан берілген) — уақыт бойынша созылуы, темп, ырғақ.

Киноның 128 жылдық эволюциясы

Кинетоскопты 1893 жылы ойлап тапты. Ағайынды Люмьерлердің 1895 жылы жасаған сеансы ең алғашқы әрекет емес еді. 1895 жылы бүкіл Еуропада кинетоскопты экранға арнап қайта жасау талпынғандар көп болды. Соның арасынан ағайынды Люмьерлердің технологиясы үздік шықты. Ең бастысы — олар көрерменге өмір бейнесін көрсете алды, пойыз жүріп бара жатқанын, адамдар қарда ойнағанын, өмірдің қарапайым сәттерін, яғни өмірдің өзін көрсетті. Өмір шынайылығынан алыс жатқан аттракцион ұсынбады. Мінеки, сондықтан да олардың фильмі жалпы жұртқа кеңінен танылды. Барлық оқулықта олардың есімі «кинематографияны жасаушылар» деп қана емес, киноның баяндау бөлігін жасаушылар ретінде де аталады.

Барлық кино екі бөліктен тұрады: баяндау және бейнелеу

Өйткені кинода баяндау және бейнелеу аспектілері бар. Міне, осы аспектілерді маман ретінде пайдалана бастасақ, медиа жасау жұмысымыз да өзгереді. Кинода оқиғаны кескін, сурет арқылы ғана емес, сондай-ақ жарықтың қойылуы, жарық пен көлеңкені ойнату, ракурс өзгерту арқылы да жеткізуге болатынын, яғни киноның нарратив және бейнелеу аспектілері бар екенін түсінуіміз керек. Киноның визуал аспектісі өте маңызды, өйткені кино сонысымен қызық. Егер сценарийді актерлер арқылы жай ғана қайталап айтып шықса, онда кино кім-кімге де тартымды болуы неғайбіл еді. Люмьерлер баяндаушы киноның негізін қалаушы ретінде тарихқа енсе, кинодағы визуалды бағыттың басында француз Жорж Мельес тұр. Ол арнайы эффектілерді ойлап тауып, Айға саяхаттау туралы фильм түсірген. 

Кейін кинорежиссерлер кескін мен баяндауды бір-бірімен үйлестіруді үйренді. Кеңес Одағында мұны жасаған алғашқы режиссер — Эйзенштейн болса, Жапонияда — Акира Куросава еді. Бұл дәстүрді Тарковский, Бергман жалғастырды. Кино тілінің тарихы ұзақ. Бұл да зерттеуді қажет етеді. Кино жай ойын-сауық құралы ғана боп қоймай, өнер де болғысы келеді, сөйте тұра аттракцион қызметінен да бас тарта алмайды, әйтпесе киноға ақша келмейді, кино ақша таппайды. 

Кино тарихына қарасақ, аттракционшыл науқан 10-15 жылға жалғасып, содан кейін реализм дәуірі келетінін көреміз. Бүгінде технологиялар көмегімен кинода аттракционшылдық тым көп жасалса да кино тарихы үйреткендей — адамдар реализмді аңсайды. Соңғы 10 жылдағы кино әлеміне қарасақ, шындыққа негізделген көптеген фильмдер шықты. Мәселен, режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі — шыншыл киноның жарқын мысалы.

Осылайша, кино өнерінің барлық жетістігі бүгінгі медиада кино тілінің қандай маңызды рөлге ие екенін, кино тілін медиада қалай ғана тиімді пайдалануға болатыны жөнінде ойлануға мәжбүрлейді. Кино тілі оқиғаны баяндаудан да үлкен күшке ие. Кино тілін түсінуге тырысыңыз, бұл кәсіби қызметіңізді дамытып, жетілдіруге себеп.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

«Журналистердің физикалық, цифрлық және психологиялық қауіпсіздігі. Эксперттер ұсынысы» вебинары өтеді

«Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі жаппай тәртіпсіздік кезінде ақпарат тарататын журналистердің қауіпсіздігі мәселесіне арналған онлайн вебинарлар сериясын жалғастырады. Сарапшылардың пайдалы ақпаратын жинап, сізді еуропалық әріптестердің тәжірибесімен таныстырамыз.

Алдағы сенбіде өтетін вебинар қонағы — Швеция журналистерді қолдау қорының өкілі Нина Йельмгрен.
Тақырыбы: Журналистердің физикалық, цифрлық және психологиялық қауіпсіздігі. Эксперттер ұсынысы.

Вебинар 2022 жылғы 12 ақпан, сағат 14.00-де басталады.

ZOOM платформасында өтеді. Қатысу үшін алдын ала тіркелу керек. Осы сілтемені ашып, анкетаны толтырыңыз. Вебинар басталардан бір күн бұрын эл.поштаңызға хат жібереміз. Бір сағат бұрын тағы бір рет ескертеміз.

Сұрағыңыз болса, 8-707-7000-439 нөміріне Ольга Настюковаға (жоба жетекшісі) хабарласуға болады.

Бұл вебинар Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. «Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID, Америка Құрама Штаттары үкіметі немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін.

Президенттің ҚХР-ға сапары, Қаңтар оқиғасы: ІІМ мәлімдемесі, Ресей-Украина шиеленісі: 31 қаңтар – 6 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Президенттің ҚХР-ға сапары, Си Цзиньпинмен кездесуі, екі ел арасындағы тауар айналымы, кедендегі заңсыздық мәселесі болды. Сондай-ақ, «Жеті күн» Мемлекет басшысы өткізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес туралы сюжет ұсынды. Ал «Айна» Ресей мен Украина арасындағы шиеленіскен жағдайға қатысты «Асқынған ахуал» аталатын көлемді сюжет дайындаған. Apta авторлары ауыл шаруашылығын субсидиялау саласын жайлаған жемқорлық жөнінде мәселе көтерген. «Apta қонағы» – Shopan ata ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевпен ауыл шаруашылығын субсидиялаудағы жемқорлық схемасын, қарапайым шаруалардың субсидияға қол жеткізе алмауын, Батыс Қазақстанда қуаңшылықтан жаппай мал қырылғанын, ауыл шаруашылығындағы лобби туралы егжей-тегжейлі талқылаған. 

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасын Дархан Әбдіуахит көрерменге жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың қазасын естіртумен бастады.

Қытайдағы қысқы Олимпиада ойындарының ашылуы, оған мемлекет басшысының қатысуы, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөз жүргізуі, екі ел арасындағы тауар айналымы, кедендегі заңсыздық – алғашқы сюжет осы тақырыптарды қозғады. Кедендегі заңсыздықтар туралы сарапшы пікірі бар. Терең талдаудан гөрі, оқиғаны баяндауға құрылған сюжет. 

«Қоғам дерті». Президент өткізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес туралы сюжет осылай аталыпты. Шынар Асанқызы сюжетін «Халық арасында «бара берме, пара бер» деген түсінік бар» деп халықты айыптағандай бастады. Тілші айтқан нақыл сөздің дұрысы: «Пара берме, бара бер». Автор сюжетте мақалдың дұрыс нұсқасын да келтірді.  Алайда сюжет басында оны бұрмалай келтіргенін ақтамайтын бір тұсы – көпшіліктің пікірі. Тұрғындар негізінен жемқорлыққа шенеуніктер итермелейтін айтқан. Сюжетке себеп болған жиынның өзінде де шенділердің жемқорлық әрекеттерін сөккен. Автор жиыннан бірнеше синхрон берді. 

«2019-2020 жылдар аралығында елдімекендерден қалаға 880 мың адам қоныс аударған». Дархан Әбдіуахит келесі сюжеттің алғысөзінде осындай дерек келтірді. Сюжет авторы Ақбөпе Тәңірберген  еліміздің әр өңіріндегі ауылдарға ортақ проблеманы тұрғындардың айтуымен тізбектеп берді. Ауылдар дамуына байланысты төрт топқа бөлінетінін жіктеген. Ауыл шаруашылығы мамандарын сөзге тартыпты. 

Қаңтар оқиғаларына байланысты Бас прокуратура мен ІІМ өкілдері мәлімдеме жасады. Онда оқиғаға қатысты жаңа деректер жарияланды. Шынар Асанқызы құқық қорғау органдары өкілдері берген мәліметтер негізінде сюжет жасапты. Сарапшылардан пікір алмаған.  

Апта ішіндегі ауыс-түйістерге тоқталған Дархан Әбдіуахит Мәжіліс  төрағасының ауысқанын да айтты. Жаңа төраға Ерлан Қошанов өткізген Мәжілістің кеңейтілген отырысы жайлы жеке сюжет жасалыпты. Әдетте «Жеті күн» Мәжіліс отырыстарына ерекше назар аудармайтын. Сәкен Сейітханұлы сюжетті Мәжіліс төрағасын сайлау процессі қалай өткенінен  бастап, Ерлан Қошановтың еңбек жолына қысқаша шолу жасады. Қошанов өткізген алғашқы отырыста жаңа спикердің жасаған ұсынысы мен осы жиында талқыланған мәселелер туралы да айтылды. 

«Жолы ауыр жоба» аталатын сюжет Нұр-Сұлтан қаласындағы LRT құрылысына арналды. Гүлжан Марқабаева жобаның болашағына қатысты отандық әрі шетелдік урбанист мамандардың, қарапайым тұрғындардың пікірін сұраған. Сарапшылардың басым көпшілігі жобаны жалғастыру керегін айтады. Алайда, сарапшылардың бірі атап өткендей, жобаға қатысты қаржылық операциялар, міндеттемелерге қатысты жұмбақ көп. Сюжет авторы жауапты мекеме өкілдерінен пікір сұрамапты. Қала әкімшілігі өкілдерінің де пікірі жоқ. 

Елімізде мамыр айынан бастап 70 мыңға жуық тұрғынның жалдамалы пәтер ақысының жартысын мемлекет субсидиялайды. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі осындай мәлімет таратқан еді. Сәкен Сейітханұлы әзірлеген сюжетте  бұл шара қалай жүзеге асатыны, көмекке мұқтаж адамдардың күнкөріс деңгейін анықтау үшін қандай көрсеткіштер есептелетіні туралы сарапшылар, Отбасы банк  өкілдері жан-жақты баяндады. Ақпараты мол сюжет. Тілші мұқтаж отбасылар жайында айтқанда негізінен тұрғын жайы қолайсыз көп балалы отбасылар көрсетілді. Сюжетте әлеуметтік жауапкершілік сақталмаған. Бүлдіршіндердің жүзін ашық көрсетуге болмайтынын сюжет авторлары ескермеген.

Дархан Әбдіуахит «Адамзат тағдырының жыршысы» деп атаған жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың дүниеден өтуіне орай жасалған сюжет «Әдебиет абызы» деп аталыпты. Материалда жазушының көзі тірі кезіндегі сұхбаттары, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуіндегі әңгімесі, жазушы шығармашылығы жайлы ғалымдардың, сондай-ақ, Мырзатай Жолдасбековтың пікірі топтастырылған. 

«Жеті күн» әзірлеген соңғы материал «Утилизация: алым мен салым» деп аталады. Сюжеттен утилалымды қабылдауды «Жасыл даму» мекемесі қайта жалғастырғанын, алым көлемі әлі талқыланып жатқанын білдік.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы» 

Өткен аптада бұқаралық ақпарат құралдары Алматыдағы балалар ауруханасының бірінде жатқан екі жасар баланы  төрт айдан бері ешкім іздеп келмегенін хабарлады. «Айна» авторлары осы туралы «Жетімекпін мен неге?» аталатын эксклюзив сюжет әзірлепті. Бүлдіршінді ауруханаға қандай жағдайда қалдырғаны, қазір қайда орналасқаны туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, сюжет авторы баланың әкесімен хабарласып, анасы жайлы, оның бұрынғы некесі туралы сұрақтарға жауап алған. Сонда бұл сюжеттің мақсаты бүлдіршіннің әкесі туралы ақпарат беру ме? Баланың тағдырын желеу етіп, әкесінің жеке өмірін қазбалаудың қажеті қанша?  

Жақында Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева атаулы әлеуметтік көмек көлемін әр балаға 36000 теңгеге көтеру керек деген ұсыныс жасады. Осыған қатысты «Айна» авторлары депутаттардан сұхбат алып, «бұл ұсыныс жүзеге асуы мүмкін бе?» деген сауал қойыпты. «eGovкуәгері»  айдарында «Миллионер мама», яғни «1 миллион теңге декреттік төлемақы  алуға бола ма?» деген сауал талқыланған. Айдардың жүргізушісі Гүлнәзия Жалғасқызы Instagram желісінде осы тақырыпта түрлі сабақтар жүріп жатқанын айтады. Әлеуметтік сақтандыру қорының департамент директоры Гүлбағила Болатбекова студияда бала күтіміне байланысты төленетін төлем тәртібін түсіндіріп, декреттік төлемге миллион алу мүмкіндігі бар-жоғын айтады. Құптарлық тақырып.  

«Айна» бағдарламасы да үкіметтің мұқтаж отбасылар жалдайтын пәтердің жарты құнын субсидиялау туралы бастамасын талдаған. Махамбет Бейбітшілік әзірлеген сюжет «Үй аламыз ба, ұяламыз ба?» деп аталады. Тілші тақырыптың ашылуына жауапты қарағанымен, әлеуметтік жауапкершілікті ұмытқан. Бүлдіршіндердің жүзін бұлдыратуы тиіс еді. Сюжетте «времянка» жалдап тұратын кейіпкердің мысалында «мұқтаж жандардың барлығы тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялай ала ма?» деген сауалға жан-жақты пікір алынған. Субсидиялау талаптары турасында ақпарат түсінікті жеткізіліпті.

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіскен жағдай «Асқынған ахуал» деп аталыпты. Сюжетті Берік Дүйсенбай әзірлеген. Украина, Ресей, Қазақстан сарапшыларын сөйлеткен сюжетте автор «екі ел арасында соғыс бола ма?» деген сауалға жауап іздейді. Сондай-ақ, сарапшылар Ресейдің көксегені не, Батыстың мүддесі қандай деген сауалды да талдапты. Ал екі елдің текетіресі экспорттың 40 пайызы Ресей арқылы өтетін Қазақстанға қалай ықпал етеді? Бұл турасында да сарапшылардың пайымы бар.

«Бақ шапса да, бап шапса» аталатын сюжетте апта ішіндегі ауыс-түйістерден бастап, Олимпиададағы Қазақстан үміт күтетін спортшыларға дейінгі оқиғаларға шолу жасалған.  

«Қош келдің, Қошанов». Мәжіліс төрағасының ауысуына назар аударған «Айна» да жаңа спикердің бастамаларына мән беріпті. Дегенмен, «Жеті күндік» әріптестеріне қарағанда, бұл сюжеттің автолары Нұрлан Нығматуллиннің жұмысын еске алып, сөздерінен үзінді келтірген. Қошановтың қызмет сатысына шолу жасап, бұрынғы қызметтерінде  сөйлеген сөздерінен үзінді берді.

Қаңтар оқиғасына бір ай толды.  «Бір айдан соң» аталатын сюжетте «Айна» авторлары да құқық қорғау органдары өкілдерінің мәлімдемелерін ұсынған.  Сюжетте айыпталушы ретінде күдікке ілінген тараптың, заңгерлердің, адвокаттардың пікірі бар. Қоғам үшін ауыр болған оқиға туралы сюжеттің басында және соңында Алматы туралы әндерден үзінді берілген. Автор бұл әндете көтеретін тақырып емес екенін ұмытқандай.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасының алғашқы тақырыбы – ҚР президентінің ҚХР-ға жұмыс сапары. Жүргізуші Жайна Сламбек алғысөзде Қ.Тоқаев Бейжіңде өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысып, Аспан асты елінің төрағасымен келіссөз өткізгенін хабарлады. Бұл оқиғаларға қысқа хаттама сюжет арналыпты. Президенттің жұмыс сапары қалай болғанын баяндайтын сюжетте видеодан гөрі келіссөзден түсірілген фотосуреттерді көбірек көрсетті. 

Эфирдің екінші тақырыбы да президентке, дәлірегі Тоқаевтың жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзіне арналды. Мемлекет басшысының сөзінен ұзақ синхрон берді.

Содан кейін жүргізуші Жайна Сламбек Orda.kz порталындағы материалға сүйеніп, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Әлия Назарбаеваға тиесілі компаниямен келісімшартты бұзғанын хабарлады. Бұл ақпаратты әлеуметтік желі қолданушысының темір жол билеті арзандағанына таң-тамаша болған жазбасының скриншоты толықтырды.

Ал сюжет соңғы кезде жиі айтылып жүрген «монополия», «олигополия», «картель» ұғымдарының мәнін ашуға талпынды. Материалда салалық департамент, қауымдастық өкілдері мен экономистер комментарийі бар. Олар аталған терминдердің мағынасын айтты. Жап-жақсы түсіндірмелі сюжет, алайда монополия, олигополия, картель әлемінің жарқын өкілдерінен ешкімнің есімі аталмады. 

Қ.Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте ауыл шаруашылығын субсидиялау саласын жайлаған жемқорлық жөнінде де айтқан. Бұл тақырып «Apta қонағы» айдарына арқау болыпты. Студия қонағы — Shopan ata ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев. Ол ауыл шаруашылығын субсидиялаудағы жемқорлық схемасы, қарапайым шаруалардың субсидияға қол жеткізе алмауы, қуаңшылықтан Батыс Қазақстанда жаппай мал қырылғаны, ауыл шаруашылығындағы лобби туралы егжей-тегжейлі айтты. 

Табысы күнкөріс деңгейінен төмен әрі үй кезегінде тұрған адамдардың пәтер жалдауға төлейтін ақысының тең жартысын мемлекет субсидиялайды. Бағдарламаның екінші сюжеті осы тақырыпты қозғап, қабылданғалы отырған әлеуметтік бағдарламаның мән-жайын түсіндірді. Кейіпкерлер хикаясы мен бұл бағдарламаның қандай теріс әсері болатынын айтқан экономист пікірі бар. 

Apta редакциясы Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың азапталғанын әр шығарылымда айтып келеді, бірақ бұл мәселеге әлі бір сюжет арнамады. Жайна Сламбек азапталғандар туралы айтып, «Аманат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспанның Facebook әлеуметтік желісіне жариялаған жазбасынан үзінді келтірді. Ол тергеу кезінде  арқасына ыстық үтік басылып азапталған Азамат Батырбаев туралы пост жазған екен. 

Алматыда рұқсат етілген митинг өтіпті. Жүргізуші митинг қатысушыларының қандай талап қойғанын қысқа қайырып, жеңілдетілген автонесие бағдарламасына ойысты. Алдағы көктемде қайта басталып қалатын 4%-дық автонесие туралы сюжет елдегі автонарық проблемалары мен бұл автонесиенің кемшіліктеріне тоқталды. 

Ахмет Байтұрсынов дүниеге келген Ахмет ауылына (Қостанай облысында) апаратын жолға асфальт төселмеген, интернет жылдамдығы әлсіз. Ауыл тұрғындары мәселелерді шешіп беруді сұрайды. Бағдарламаның төртінші сюжеті қаузаған мәселе осы. Соңынан «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалынан үзінді көрсетті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

DAT: демократияға үндеу және цензурасыз пікір экспрессиясы

Газет сататын орындардан бейсенбі сайын сол жақ қапталында нәзік қызғылт реңді тік бағаны бар жұқа басылымды көруге болады. Бұл – Қазақстанда қазақ және орыс тілдерінде шығатын жалғыз оппозициялық апталық. Біз «DAT | общественная позиция» республикалық қоғамдық-саяси газетінің ерекшеліктерін түсіну үшін мазмұнына шолу-сипаттама жасадық. 

Редакцияның мәліметінше, 2022 жылы жазылушылар саны 7-10 мыңға жетпесе, газет жабылып қалуы мүмкін. 2021 жылдың аяғында мерзімді басылымға жазылғандар саны редакция көздегеннен екі есе аз болған. Бір жылға жазылу бағасы азаматтардың тұрғылықты елдімекеніне қарай 4 460 – 4 666 теңге аралығында. Басылымның тиражы – 12 мың дана. 

2021 жылғы 25 қарашадан 2022 жылғы 27 қаңтарға дейінгі уақыт аралығында газеттің жеті саны шықты. Бұл 2 ай мерзім – Қаңтар оқиғасына дейінгі және одан кейінгі кезең. Әр нөмірінде қазақ-орыс тілдерінде шамамен 20-ға жуық материал (кейде 20-дан астам) жарияланады. Басқа ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден алынған хабарламалар редакция ұстанымына қарай интерпретацияланады. Ішкі саясат пен оппозицияға қатысты нақты бір тақырыпқа құрылатын тұрақты «Датворд» бірегей сөзжұмбағы бар. 

DAT газетінің «Датворд» бірегей сөзжұмбағы / фото автордан

Назарбаевсыздандыру – о бастан негізгі идея

Қаңтар көтерілісінен кейін Қазақстандағы медиада Нұрсұлтан Назарбаев құрған саяси жүйені өзгерту мәселесі жаппай айтыла бастады. DAT үшін қоғамдық-саяси реформалар мен азаматтық белсенділік – бұрыннан негізгі тақырып. Авторлардың тәуелсіздікті, адам құқығы мен сөз бостандығын қорғау, билікке ғана қолайлы заңдарға қарсы шығып, авторитар жүйені күйрету, халыққа мемлекеттік-әлеуметтік игілікті тең бөлу туралы материалдары – баспасөздегі бірегей контент. 

2021 жылы 1 желтоқсанда басылымда «Елбасыны» кетірмей, ештеңе өзгермейді!» деген мақала жарияланды. Бұл – қарашаның аяғында Алматыда өткен Халық құрылтайында қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы жасаған «Назарбаевтық жүйені күресінге лақтырайық!» деп аталған баяндаманың ықшам нұсқасы. Автор азаматтарды ел президенті мен биліктің басқа да өкілдеріне бірнеше талап қоюға үндейді. Олар – Конституцияны және демократия принциптеріне сай келмейтін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу туралы», «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – елбасы туралы» деп аталатын заңдарды өзгерту, үкіметті таратып, оның орнына халық сенім білдірген мемлекеттік қызметшілерді әкелу. Осының ішінде баяндамашы тұңғыш президентке айрықша саяси-құқықтық мәртебе беретін заңды, ондағы «Қазақстан халқының бірлігін, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен елбасы» деген анықтаманы қатаң сынайды. 

«Конституцияны қорғағаны сол ма – жеке басының, отбасының мүддесі, алжып кетсе де, мәнсаптан айырылмаудың қамы үшін оған қырық жамау салғызды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткені соншалықты – сөз бостандығы мәселесі жөнінде Қазақстан диктаторлық Солтүстік Корея, Қытай, Түрікмения сияқты елдердің қатарына қосылған. Ал саяси қарсыластарына қастандық жасатып, өмірлерін қиғаны, қудалау, соттау арқылы шетел асырғаны, бас бостандықтарынан айырғаны, жазықсыз жазалағаны – қорған болғандығының кейпі ме? Жаңаөзен мен Шетпедегі бейбіт адамдарды атқызып, 17 адамның қаза тапқаны (ресми дерек – ред.), жүздеген адамның жарақаттанып, мүгедек болғаны, лайықты жалақысын талап етушілерді осылайша жазалау да «адамның құқығын қорғағандық» бола ма?» – деп жазған автор («Елбасыны» кетірмей, ештеңе өзгермейді!», 1 желтоқсан, 2021 жыл)

Мақалада Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрын істеген қатесін түзеуіне және парламент пен үкіметті таратып, жаңа жүйе жасауына мүмкіндік беру керек пе, әлде жүйені президентімен қосып түгел құлату керек пе – қоғам соны шешіп алуы керек екені айтылған. 

Газет Халық құрылтайының түйінін: «Бірінші кезекте Конституцияны бастапқы қалпына келтіруді, заңдарды оңдауды талап етеміз. Көнбесе, обалдары өздеріне, жүздеген мың адамның бейбіт митингісі дегеніне жетеді!» – деп хабарлаған («Халық құрылтайының халыққа үндеуі», 1 желтоқсан, 2021 жыл)

DAT газеті / фото автордан

Назарбаев қалыптастырған режиммен ымырасыз күрес идеясының газет материалдарының қай-қайсына да я тікелей, я жанама қатысы бар. Ол түсінікті, басылым авторларының тұжырымынша, Қазақстан қоғамын алаңдататын негізгі проблемалардың төркіні өзгермей келе жатқан саяси биліктің демократияға қайшы ұстанымдарына, жемқорлыққа не экономикалық непотизмге тіреледі. 

Редакцияның «әдеттегі» мазмұнының фонында «Что означает атака на Назарбаева в канун юбилея независимости?» (9 желтоқсан, 2021 жыл) деген материалға бөлек тоқталуға болады. Бұл содан бірер күн бұрын Lenta.ru жариялаған «Эти люди знают, чего хотят». Какими богатствами владеет семья Нурсултана Назарбаева?» деген мақалаға қатысты. DAT материалында саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың пікірі берілген, ол Ресейдің ресми билік ырқындағы ақпарат құралдары бұрын-соңды Назарбаевтардың дәулеті мен бұл әулет төңірегіндегі жанжалдар туралы жазбағанын, мұндай мақала тегіннен тегін жарияланбайтынын айтқан. Бұған автор Ермұрат Бапи «Бұл – Путин идеологтарының сүйікті әрі үйреншікті тактикасы» деген ойын қосып, кезінде Ресей телеарналарының шабуылынан кейін өз халқынан сірә да қолдау таппайтын Беларусь президенті Мәскеумен одақтастық шартқа қол қоюға мәжбүр болғанын еске салады. Газеттегі тағы бір материалдың авторы бұл жөнінде «Lenta.ru Қазақстан билігі өкілдерінің қазынадан ұрлаған капиталына 20 жыл кешігіп көңіл бөлді» деп әжуалады («Секрет полишинеля или Проблема выбора», 9 желтоқсан, 2021 жыл)

Қаңтар оқиғасынан кейін шыққан нөмірлерде халықтың жаппай ашынуына себепкер болған Назарбаевты жауапқа тарту және Тоқаевтан бейбіт адамдардың қазасын әділ тергеуді талап ету туралы айтылған («Он должен дожить до суда!», 20 қаңтар, 2022 жыл, «Балташ Тұрсымбаев: Әділет орнау үшін Назарбаевтың байлығы халыққа қайтуы керек», 20 қаңтар, 2022 жыл, «Біз Тоқаевқа сенбейміз!», 20 қаңтар, 2022 жыл, «Сайлау Лепесов, желтоқсаншы: Алаңда атылған оқтан көз алдымда екі жігіт өлді…», 20 қаңтар, 2022 жыл, «Казбек Бейсебаев: Токаев выводит из-под удара назарбаевские кадры», 20 қаңтар, 2022 жыл)

Қытай мен Ресей стратегиясына қарсы риторика

Газетте Ресейдің Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу бастамасына және Қазақстан үкіметі мен «Сбербанк России» арасындағы мемлекеттік басқаруды цифрландыру туралы келісімге қарсы бірнеше мақала жарияланған. Авторлар үкіметтің бұл екі қадамын да «тәуелсіздіктен бас тарту және наразылық отымен ойнау», әсіресе, ядро энергетикасы нысанын салу қоршаған орта мен халық денсаулығын ойлаудың орнына «Ресейдің көңілінен шығуға тырысатын құлдық психология» деп есептейді («Власти переходят красную линию», 25 қараша, 2021 жыл, «Рысбек Сәрсенбайұлы: Шаршаған, шашыраған қоғам есін жимаса, етегіне шалынып құлайды», 25 қараша, 2021 жыл, «Ресей бізге дос емес!», 1 желтоқсан, 2021 жыл, «АЭС салу – ажалға бару!», 23 желтоқсан, 2021 жыл)

Жалпы, Ресеймен және Қытаймен арадағы қазіргі қарым-қатынасымыз – DAT-тағы екінші іргелі тақырып. Қаржыгер Нұртаза Қадырниязов Қазақстанға Қытай мен Ресейдің ықпалы, олардың экономикадағы экспансиясының салдары, ауыл шаруашылығы мен қаржы-банк саласының құлдырауы және демографиядағы тоқырау қауіп төндіріп отырғанын айтқан («Елге төнген 5 қатер – одан құтылу үшін не істеу керек?», 1 желтоқсан, 2021 жыл). Жазушы, публицист Марат Тоқашбаев Ресей президентінің саясаты Қазақстан қоғамының дамуына едәуір кері әсер етіп отырғанын жазды («Ресей экспансиясы – елеулі қатер», 1 желтоқсан, 2021 жыл). Саясаткер Уәлихан Қайсаров ел экономикасының негізгі секторларында Қытай компанияларының көбеюіне алаңдайды («Как нам быть с Китаем?», 1 желтоқсан, 2021 жыл). Тағы бір материалда Халық құрылтайында Қытаймен арада жасалған келісімшарттарды жариялау, оларды тәуелсіз сарапшылардың талдауынан өткізу, тиімсіз әрі қоршаған ортаға зияны бар шарттарды қайта қарау талап етілгені жазылған («Қытайдан қайтсек құтыламыз?», 1 желтоқсан, 2021 жыл).

Редакция Қытай мен Ресей саясаты және қазақ тілінің жайы туралы айтып жүрген Қазақстан азаматтарының бір тобы қудаланғанына наразылық білдірген материал да жариялаған («Тәуелсіздіктің жақтастары түрмеде отыр», 15 желтоқсан, 2021 жыл). Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесіне қарсы шыққаны үшін жауапқа тартылған белсенді Марғұлан Боранбай газет ұжымы өткізген сауалнама бойынша «Жыл тұтқыны» атанған. Қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуші блогер, қылмыстық қудалаудан қауіптеніп, елден кеткен Қуат Ахметов – «Жыл жанашыры», «Ресеймен шекаралас өңірлерге оңтүстік қазақтарын көшіруге атсалысқаны үшін» белсенді Бурахан Дақанов – «Жыл көшбасшысы», «Қытай озбырлығына ұшыраған қазақтар мәселесін көтерген» Серікжан Біләш «Жыл қайсары» деп танылған. DAT оқырманы «Жыл адамы» атағына Арман Шораев лайық деп есептеген, ол газет тілшісімен сұхбатында Ресеймен ортақ цифр платформасын жасау туралы мәмілеге келген сол кездегі премьер-министр Асқар Мамин мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді «Отанына опасыздық жасағандар» деп атады («Арман Шораев: Прежде всего я журналист, который имеет право излагать свои мысли», 23 желтоқсан, 2021 жыл)

Еркін сөз, өткір тіл және… өшпенділік

DAT журналистиканың негізгі принципі – сөз болып отырған көзқарасқа кереғар жауап іздеуден әлдеқашан әдейі бас тартқан. Басылымның бас редакторының айтуынша, соттан, басқа да қысымнан аман қалған жалғыз оппозициялық газеттің пікір жариялағанда биліктің себеп-уәжіне назар аудармауы орынды. Бұл – үкіметке наразы қоғам мүшелерінің еркін сөйлеуіне жағдай жасайтын баспасөз, ол мемлекет саясатын қолдамайтын, оны сынайтын кез келген материалға ашық. 

Сол себепті DAT оқырманы авторлардың президентке, парламентке, үкіметке не нақты бір шенеунікке бағытталған ұсыныс-талабы қаншалық рационал, қисынды екенін өзі ажырата алуы қажет болады. Айталық, мақала иелерінің бірі «Қазақстан Конституциясында ислам мемлекеттік дін ретінде көрсетілуі керек» екенін талап еткен («Дін туралы толыққанды заң қажет!», 25 қараша, 2021 жыл). Соңғы бетте жазылып тұратын «Авторлар пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді» деген ескерту бұл жолы жай ғана әмбебап дисклеймер емес екенін ұғу керек. Бұл материалдың қасында Софы Сматаевтың билік өкілдеріне бағыттап жазған ренішті хаты оқырманның ақпаратқа талғамына айтарлықтай кері әсер ете қоймайтын сияқты. Жазушы өзіне кезінде Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын, кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Отан» орденін уәде етіп алып, бермей қойғанын ашына жазған («Жылтырақты жыртықтарыңа жамаңдар!», 15 желтоқсан, 2021 жыл).  

Цензурасыз мінберден зиян жоқ, бірақ субъективизм басым болып, медиадағы этика белгілейтін нәзік шекараның жойылуы тағы бір проблеманы туғызған – өшпенділік тілі. DAT мазмұнында жеккөрінішті білдіретін, әлденеге жағымсыз сипаттама беретін, агрессияға жетелейтін тіл элементі көп. 

Жеккөрініш тілі Мысал алынған мақаланың атауы мен жарияланған уақыты
«Себебі – орысқұл билік қазақ халқының санын «өсірмей», оны тұқыртып ұстаудың барлық айла-шарғысын жасайтын сияқты». «Қазақтың саны неліктен азайып қалды?», 25 қараша, 2021 жыл
«Қазақтың бір-біріне мынадай кәпірлігін көрмей-ақ, одан да отаршылдар түрмесінде өліп кеткенім дұрыс еді…» «Хасен Қожа-Ахмет: Одан да отаршылдар түрмесінде өліп кеткенім дұрыс еді…», 9 желтоқсан, 2021 жыл
«Ана тілімізді мазақ еткендей, соңғы 20 жылда оның «тағдырын шешуді» бастауыш мектепті де бітірмеген «білімі бар» (Шәмші Қалдаяқовтың айтуынша, «человек с двухклассным образованием») «нахалға» тапсырды емес пе?!» «Хасен Қожа-Ахмет: Одан да отаршылдар түрмесінде өліп кеткенім дұрыс еді…», 9 желтоқсан, 2021 жыл
«Қазақтың ұлттық намысын қорғап, ресейлік шовинистер мен «мақтабас» мәңгүрттерге әлеуметтік желілер арқылы тойтарыс берген ұлтшыл-патриот Марғұлан Боранбайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, 11 айдан бері Алматы қаласының абақтысында отыр».  «Жыл тұтқыны – Марғұлан Боранбай», 23 желтоқсан, 2021 жыл
«Раушан Рау отвечает («Фейсбук») на сакральный для ватников вопрос: кто такие ватники «Кто вы – ватники?», 23 желтоқсан, 2021 жыл

Өшпенділік тілін «паш ету» жағынан ақын, публицист Светқали Нұржанның газеттің екі бетін алатын ой-толғамы дараланды. Пасквиль жанрына келетін материалда автор бастан-аяқ спецификасы бар лексиканы қолданады. Негізгі кейіпкер – Нұрсұлтан Назарбаевты «назарбаев», «НӘН», «ҢӨҢ», «бейбақ», «құзғын», «құл», «құбыжық», «күл-күмірә пенде», «вор-салтан» деген сөздермен және оның жеке басын, тегін, ұрпағын қорлайтын басқа да дисфемизмдермен атап, жиіркеніш туғызатын эпитеттермен сипаттайды. Публицист өзі ойлап тапқан атаудың «халыққа ұнағанын» қайта-қайта еске салып отырады. Кей сөзді түгел бас әріппен, бір топ саясаткердің фамилиясын кіші әріппен жазып шыққан. Мақалада бірінші президент төңірегінде болған адамдар да ғадауаттан құр қалмаған: «нәгүмән «нұротандықтар», «әйлеңкес «ассамблеяшылар», «жұтықы жемтіктестер», «сүтікі сыбайластар», «қазақтанбезген кісәпірлер», «ығайласқан-сыбайласқан құлғаналар», «ақырзамани алаяқтар», «мақұрым мақұлқаттар», «жең ұшынан жалғасқан жанбаққылар», «сайтансақалдар», «арамсідіктер», «дін атын жамылған жаһаннами қанішерлер», «сілімтік салафиттер», «тентіреген телімсектер», «қаңғыған келімсектер», «арамзадалар», «үкібай-сүкібайлар», «ворлар», «құл саналы ұл», «күл-шалалы қыз», тағы сол сияқты («Назарбаев болудағы мақсат не?», 27 қаңтар, 2022 жыл)

DAT газеті / фото автордан

Автор қоғам үшін жеккөрінішті тақырыпты қозғаймын, жамандықты келемеждеймін деп, өзі де адам құқығынан, этикадан, заңнан, қарапайым адамдықтан бір-ақ аттаған. Мұндай публицистиканың ізгілікті молайтпай, керісінше, агрессияны, жағымсыз эмоция мен уытты ойды одан әрі өршіткеннен басқа пайдасы жоғын ескермегені өкінішті. Мақаласында Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзін келтірсе де, кейіпкеріне «қазақ жерінде орын жоқ» екенін мәлімдейді.  

Жазғанымызды қорытсақ, 1998 жылдан бері шығып келе жатқан DAT газеті өзінің атауына сай дат құқығын пайдаланып отыр. Әкімшілік ресурс пен мемлекеттік тапсырыс сөз бостандығын тұсаулап тұрғанда, қоғамда әлеуметтік-экономикалық қыжыл көбейгенде, оппозицияның, билік ұстанымдарына келіспейтін азаматтардың наразылығына басқа кім құлақ асады?! Дегенмен еркін мінбер кейде оқырманға объективтігі әркелкі ақпарат ұсынады. Журналистика талабына сай екшелмегеннен мәтіндерде өшпенділік тілі де көбейіп кетеді. 

«Шағын грант — 2022» контент өндірісі байқауына өтініш қабылдау басталды

Internews Орталық Азияда «Шағын грант — 2022» контент әзірлеу бойынша идеялар байқауын жариялады. 

Бұл байқауға жеке автор не шағын ұжым болып қатысуға болады. Байқауға қатысушы санаулы айдың ішінде  шағын, бірақ қоғам үшін ерекше маңызы бар медиа жобаны жүзеге асыра алады. Қызықты, жаңашыл, ерекше идеялар күтеміз. 

Қандай жоба болуы мүмкін? Дәстүрлі форматтағы: лонгрид, мақалалар топтамасы, бір немесе бірнеше арнайы репортаж, соның ішінде бейнероликтер, анимациялар, карикатуралар және т. б. Бұдан бөлек, мұнда аталмаған басқа да форматта, мәселен, шығармашылық, арт, азаматтық белсенділікке бағытталған эксперименталды контент жобалар ұсына аласыз. Мұндай идеяларды тек онлайн кеңістікте ғана емес, офлайн-кеңістікте де (көрмелер, арт-кампаниялар және т. б.) жүзеге асыруға болады, алайда жоба аясында контент жасалуы керек.

Жоғарыда бірнеше мысал келтірдік. Алайда мұнымен шектелмей, кез-келген жанр, формат пен тақырыпты таңдай аласыз. Бастысы — маңызды және аудитория сұранысына ие болып көрінетін медиаконтент болуы тиіс.

Шабытыңызға ерік беріңіз, ойлап табыңыз, армандаңыз! Идеяңызды ұсыныңыз! 

Контент қай тілде болуы мүмкін? Қазақ, өзбек және/немесе орыс тілдерінде. 

Мұндай жоба қанша уақытқа созылады? 1 айдан 6 айға дейін.

Назар аударыңыз! «Шағын грант — 2022» байқауына деректі фильм идеялары бойынша өтініштер қабылданбайды. Егер деректі фильм түсіргіңіз келсе, онда Internews ұйымдастыруымен «DOC формат» байқауына өтініш қабылданып жатыр. 

«Шағын грант — 2022» байқауына кімдер қатыса алады? Мемлекеттік емес жергілікті медиа, онлайн басылымдар, газеттер мен журналдар, шағын телекомпаниялар, радиостанциялар, продакшен-студиялар, тәуелсіз авторлар, журналистер, блогерлер, суретшілер, белсенділер және Қазақстан, Тәжікстанның басқа да шығармашылық топтары қатыса алады. Жұмысын енді бастаған командалар да қатыса алады, бірақ пысықталған идеясы болуын, аудиториясы мен оның сұранысын түсінуі қажет.

Ескерту: Қазақстаннан өтініш берушілерде заңды тұлға нысаны (ЖШС, ЖК, қоғамдық қор немесе басқа) болуы керек. Өзбекстанда жай авторлар да өтініш бере алады.

«Шағын грант — 2022» аясында бір жоба мына сомаға дейін қаржылай қолдау ала алады:

  • Қазақстанда — 500 000 теңгеден 3 миллион теңгеге дейін.

Мәлімделген бюджет ақылға қонымды, нақты және негізделген болуы керек.

Тағы бір жақсы жаңалық, дәлірегі Қазақстанда өтініш берушілерге қосымша мүмкіндік!
Қазақстандағы «Шағын грант — 2022» аясында медианың аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған стратегия мен құралдарды қолданатын жобалар да қаржылай қолдау алады. Яғни медиа айналасынан қауымдастық құруға, қолданушылармен екі жақты тиімді коммуникация орнатуға бағытталған офлайн және онлайн іс-шаралар. 

Бұған ток-шоу, флешмоб, ашық сабақтар мен кездесулер, сауалнама, байқаулар, қайырымдылық жасау ісін ұйымдастыратын қоғамдық топтармен жұмыс, лекциялар, волонтерлік іс-шаралар өткізу және т. с. с. жатады. Медиа аудиториясымен бірге қандай жобалар жасайтыны жөнінде толығырақ мына мақаладан оқи аласыз. 

Медианың аудитория ауқымын ұлғайтуын қаржыландыру екі түрлі болмақ:

қосымша, яғни «Шағын грант — 2022» байқауының жеңімпазына контент әзірлеуі үшін берілетін сомаға қосып беру;
— ұсынылған жоба компонент критерийлеріне сәйкес келсе, жеке бюджет бөліп, қаржыландыру.

Өтініш берушінің аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған онлайн және офлайн іс-шаралар өткізу бойынша тәжірибесі болуы шарт.

Жобаны орындау мерзімі 4 айдан аспауы керек.

Мұндай жобаға қаржылай қолдау алатын медиаға Internews тәлімгер ұсынады. 

Медиа аудитория ауқымын ұлғайту стратегиясы мен құралдарын жақсы меңгеруі үшін Internews арнайы вебинарлар ұйымдастырып жатыр. 
10 ақпанда Алексей Сидоренконың («Теплица социальных технологий» жобасының жетекшісі, Мәскеу, Ресей) «Журналистер қоғамдық ұйымдармен қалай және не үшін бірігіп жұмыс істеуі керек?» деген вебинары өтеді. Қатысу үшін осы сілтемені ашып, тіркелу керек.
Егер аудитория ауқымын ұлғайту туралы көбірек білгіңіз келсе, онда мұны өтініште көрсетіңіз. Сізге осы тақырып бойынша қосымша материалдар жолдаймыз. 

«Шағын грант — 2022» грантын жеңу үшін не істеу керек?

Байқаудың төрт кезеңінен өту керек. 

1 тур — идеялар ұсыну

Аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобаңызға не контент жасауға қолдау алғыңыз келсе, онда онлайн-өтініш беру керек (Gmail пошта қажет)

Байқауға өтініш қабылдаудың соңғы күні — 2022 жылғы 1 наурыз (ел астанасы уақытымен сағат 23:59-ға дейін).

Бір команда бірнеше идея ұсына алады. Бірақ әр жобаға жеке өтініш толтырып, жіберу қажет.

2 тур — техникалық іріктеу

Internews командасы келіп түскен өтініштерді техникалық іріктеуден өткізеді. Әр жоба байқау критерийлеріне сай қаралады. Ең қызық әрі жақсы пысықталған идеялар келесі кезеңге өтеді. Техникалық іріктеуден өткендердің тізімі ақпанның ортасына қарай дайын болады. Әр жоба байқаудың критерийлеріне сай қаралады. Бұл кезеңде толық ойластырылмаған, аудиториясы немесе қажет қаражат нақты көрсетілмеген жобалар іріктеуден өтпейді. Ал ең қызықты, ерекше және соңына дейін нақты ойластырылған идея үшінші кезеңге өтеді. 

3 тур — идеяларды таныстыру

Іріктелген жоба авторлары арнайы онлайн питчинг-сессияға шақырылады (шамамен 2022 жылғы наурыздың аяғында болады). Идеясын кез келген формада таныстыруына 10-15 минут уақыт беріледі. Питчинг-сессияда медианың аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобалар да қаралады. 

Қазақ тіліндегі және орыс тіліндегі жобаларға, Өзбекстаннан қатысатын авторларға жеке-жеке сессия өтеді. 

Оларды тәуелсіз медиа-сарапшылар, белгілі журналистер, аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобалар бойынша маман және Internews қызметкерлерінен жасақталған арнайы байқау комиссиясы тыңдайды. Презентациядан кейін комиссия мүшелері нақтылау сұрақтарын қойып, жоба идеясын жақсартатын ұсыныстар айта алады. Қандай да бір шығындарды негізсіз деп тапса, бюджетін қайта қарауды ұсынуы мүмкін.

4 тур — құжаттарды пысықтау және ресімдеу

Комиссия контент-жобаларды қаржыландыру бойынша түпкілікті шешімді мына критерийлер негізінде қабылдайды:

  • идея мен формат бірегейлігі;
  • мақсатты аудиториясын түсінуі;
  • дайын өнім қандай болатынын көре білуі;
  • ақылға қонымды бюджет.

Медианың аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобалар бойынша қосымша критерийлер:

  • ұсынылған форматтың жоба мақсатына сәйкес болуы; 
  • тұрақты серіктес ұйым — қоғамдық ұйымның болуы;
  • жобада көрсетілген іс-шараларды жүзеге асырудың стратегиялық жоспары.

Байқау жеңімпаздарының тізімі 2022 жылғы сәуірде жарияланады.

Содан кейін жоба авторларына жобаны пысықтап, бюджетін жасап және қажет құжаттарын ресімдеуге екі апта уақыт береміз. Жобаны жүзеге асыру келісімшартқа қол қойылғаннан кейін басталады. 

Қандай идеялар нақты қолдау таппайды? Internews мемлекеттік және мемлекеттік ұйымдармен байланысы бар, ұсынып отырған жобасына ұқсас  контент үшін мемлекеттік тендерге қатысып отырған медиаға қолдау көрсетпейді, сондай—ақ сайт жасау және таныту, көркем фильмдер, сериалдар, әлеуметтік роликтер, музыкалық клиптер мен білім беру контенті өндірісін қолдамайды

Қандай да бір қосымша нақтылайтын сұрағыңыз болса, Central-Asia-Applications@internews.org эл.поштасына хат жазыңыз. Хат тақырыбына «»Шағын грант — 2022″ байқауы бойынша сұрақ» немесе «Аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жоба бойынша сұрақ» деп көрсетіңіз.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.