Домой Блог Страница 68

Meerkat көмегімен сайтта тікелей трансляция жүргізу

Meerkat  тегін мобильдік қосымшасының көмегімен енді тек твиттерде не Meerkat-тың өзінде ғана емес, сайтыңыз бен блогыңызда да тікелей онлайн-трансляция жүргізе аласыз.

Сервис өте қарапайым,  iOS  және Android құрылғыларында пайдалануға болады.

Қосымшаны көшіріп алғаннан кейін твиттер-аккаунт арқылы тіркелу қажет болады.

Трансляцияны бірден жүргізе бастауға немесе жоспарлап қоюға болады.

Прямая трансляция на сайте с помощью Meerkat

Видео түсірілім сіздің онлайн-ресурста трансляциялануы үшін, meerkatapp.co  сайтына кіріп, Emded тармағын таңдау керек.

Прямая трансляция на сайте с помощью Meerkat

Ник атымызды көрсетіп, плейердің өлшемін түзетеміз. Төмен жағында кодты көресіз, соны сайтыңызға көшіріп қою керек болады.

Прямая трансляция на сайте с помощью Meerkat

Орнатылатын плейер автоматты түрде трансляцияны іске қосады. Дәл қазір ешқандай хабар жоқ болса, терезеде алда болатын трансляцияның анонсы немесе алдыңығы көрсетілімнің қаралым статистикасы көрініп тұрады.

Репортажды «өлтіру»

Алеся Лонская, медиатренер,

«Репортаж жазып, жариялау»курсының авторы

Оқырманыңызды соңына дейін оқымай, қашып кетуге мәжбүрлеңіз! Оның мәтініңізге деген қызығушылығы бірінші абзацтан-ақ жоғалсын!

1. Мақала тақырыбы әдемі нақыл сөзден не қанатты тіркестен тұрсын. «Еш шекіспей бекіспес!», «Ер қанаты — ат», «Наша — өлтіреді», т.б. Бұл тақырып атауларының бәрі оқырманды сіздің мәтінді оқуға емес, мүлде басқа жаққа қаратып жіберетіні ештеңе етпейді. Есесіне, редактор сіздің ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамайтыныңызды түсінеді. Одан да абзалы — тақырып атау қалыпты шаблон болсын. «Өрт қауіпсіздігі жөніндегі кезекті рейд болып өтті». Керемет! Бұдан арғысын ешкім оқымайды. Есесіне, аудандық ТЖК басшылығы лайықты баға береді.

2. Лид та бәрі білетін ақпараттан басталсын. «Соңғы кездері спортпен айналысатындар саны артып келеді: біреулер коньки, енді біреулер шаңғы тебеді, енді біреулер тіпті скейтпен жүреді. Бос уақытты өткізудің осы бір түрлері бәрімізге кешке тынығып, балаларымызбен бірге болуға мүмкіндік береді». Ары қарай репортаж жаңа скейт-парктің ашылуы туралы болатыны маңызды емес, тіпті ол сөз арасында айтыла салуы да мүмкін, бастысы — оқырманды тақырыпқа жайлап, алыстан айналдырып ертіп келу.

3. Репортажды үйден шығып, оқиға орнына бара жатқаныңыз туралы жазудан бастаған жөн. Тіпті, көлікке қалай отырғаныңыз, терезеден қандай көріністі көргеніңізді де жаза кету керек.

4. Оқиға орнына келдіңіз бе? Тоқтаңыз! Оқырман ол орынның тарихын білмейді ғой! Оқиғаның немесе ол болып жатқан орынның тарихы туралы үш-төрт абзац жаза кету керек.

5. Оқиға туралы жазуға кіріспес бұрын, алдымен не көргеніңізді сипаттай кетіңіз. Мысық көрдіңіз бе — мысық туралы жазыңыз. Оның түрін, түсін, қылықтарын егжей-тегжейлі сипаттаңыз. Және, әрине, сол кезде сол жерде ауа райы қандай болғаны да аса маңызды.

6. Содан кейін бәрін ретімен жазыңыз. Сөз сөйлейтіндердің бәрін атағына қарай тізіп шығыңыз. Ешкімді ұмытып кетпеңіз! Олардың айтқан сөздерінің бәрін бір әрпін қалдырмай цитата қылыңыз, әйтпесе ренжіп қалар.

7. Детальдар, диалогтар мен әрекетті сипаттаудың орнына клишемен жазыңыз: бәрінің көңіл-күйі керемет, (оның неден көрінетіні маңызды емес, бастысы — жұрт сізге сеніп қалады!), бәрі риза болды, сұрақтардың бәріне жауап алынды, мейрам өз мәресіне жетті, ұйымдастырушылар жарады, сыйлық алғандар рахмет айтты, ду қол шапалақтар толастамады. Бәрін мақтаңыз, тек айналаңызда болып жатқанның бәрі көрер көз үшін ғана жасалып жатқанына мән бермесеңіз болғаны.

8. Комментарий керек болса — алдымен бастықтан бастаңыз және міндетті түрде «Осы шарадан қандай әсердесіз?» деп сұраңыз. Оқырманға мүлде басқа сұрақ, мысалы, мерекені ұйымдастырушылар неліктен ауладағы тұрғындардың бәрінің көліктерін шығарып тастағаны қызық екені маңызды емес. Оны мүлде айтпай-ақ қойған абзал, жұрт мерекені тойлап жатыр емес пе.

9. Сөйлемдер ұзын-ұзын болуы тиіс. Екі сабақтас, үш салалас. Редактор сіз қандай шұрайлы тілмен жаза алатыныңызды, метафораңыздың байлығын көруі тиіс қой.

10. Репортажды «шаршасақ та, риза көңілмен біз…» деп басталатын абзацпен аяқтаңыз. Соңында тағы бір ақыл-нақыл қосып қойыңыз: тарихты естен шығармау керек, қоқысты қоқыс жәшігіне тастаңыздар, ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді сезінейік, мүгедектер де адам, жетім бала — үйге құт әкеледі.

 

Көп қырлы журналист меңгеруі тиіс 11 машық

Технологиялық эволюция электронды құрылғыларға қол жеткізе алатын адамдардың медиақажеттіліктерін өзгертіп қана қоймай, сол медианы жасайтын адамдардың да барлығына нарық тарапынан қойылатын талаптарды да күшейтті. Қазіргі заманғы журналист және келешектің журналисі көп қырлы болмасқа амалы жоқ, яғни, ол көптеген салаларда өзін судағы балықтай сезініп, бірнеше дағды мен машықты қатар меңгеруі тиіс. 

Ұялы телефондарда алғашқы фотокамералар мен MP3−плеерлер пайда болған кезде, осыдан 10-ақ жыл бұрын, шолулардың бәрінде мұның бәрі маркетинг қитұрқылары, ал шын мәнінде ол функцияның әрқайсын  — қоңырау шалу, музыка тыңдау, фото түсіру — толыққанда атқаруға жеке-жеке құрылғы керек делінген.

Ал қазір не көріп отырмыз? Әмбебап болмаған телефон қалмады, ал қалғандарының бағасы басқа. Сол сияқты, сіз де, қолыңыздан мәтін жазудан басқа ештеңе келмесе және нарық талаптарының жалақыңызға әсерін әлі сезінбесеңіз, жақын арада сезінесіз.

Журналистика деген шығармашылық па, кәсіп пе деп шексіз дауласуға болады, алайда журналист мамандығында екеуінің де сипаттары бар екенін мойындау керек. Сондай-ақ, шығармашылық айнымас сипат болса, «кәсіптік» қасиеттер тізімі біршама өсті. Сол қандай қасиеттер екен?

1. Интернетке лайықталған мәтін жазу. Интернетке арналған мәтін қағаздағыдан басқаша көрінеді де, басқаша оқылады. Ол құпия емес. Ондай мәтіндер жазу — тұтас өнер. Мақала атауы мен алғашқы сөйлемдердің іздеу жүйелерінде индексацияға ілігетіндей негізгі сөздерге қанық болуын үнемі қадағалап отыруыңыз керек. Тақырыпқа сай келетін алдыңғы материалдардың сілтемесін қойып отыруға тиіссіз. Іші пыса бастаған оқырман мақаланың басында, ортасында және аяғында көңілі бөліну үшін сурет араластыруды білуіңіз қажет. Оңай қабылдануы үшін үлкен мәтінді кішкентай бөліктерге ыдырата білуіңіз (шайнап беру десе де болады) керек.

2. Фактілерді тексеру әдістері немесе фактчекинг. Бұқаралық ақпарат құралдарының блогтар мен азаматтық журналистикадан бір айырмашылығы — жариялайтын фактілер үшін жауапкершілік. Блогер ешкім ештеңе сұрамайды, ал жұрт сыйлайтын БАҚ өтірік жариялап жіберсе — кем дегенде артынан сол өтіріктің өтірік екенін мойындап жазуы керек. Әйтпесе — абыройынан да, аудиториясынан да айрылады.  Ақпарат айдынында күнделікті мыңдаған жалған ақпарат айналып жүрген қазіргі заманда БАҚ осы қызметі бұрынғыдан да маңызды болып отыр және сіз де, журналист ретінде түтін Бағдаттың орталығындағы үйден шығып жатыр ма, әлде арам оймен жасалған жалған сурет пе — соны оңай да жылдам анықтай алуыңыз керек.

3. Тікелей мәтін және видеотрансляция жүргізу. Бес-он жыл бұрын ғана оқырмандар кеше өткен оқиғалар туралы оқығанына риза болатын еді. Екі-үш жыл бұрын жаңа ғана аяқталған шаралар туралы біліп жататын. Ал қазір олар дәл осы сәтте не болып жатқанын біліп отырғысы келеді. Біліп, жанашырлық танытып, қадағалап, ретвит жасап отырғысы келеді. Ал журналист ақпаратты аз-аздан, бірақ шапшаң әрі қызықты етіп жеткізе білуі тиіс. Айтпақшы, бұл тек сайтқа ғана емес, әлеуметтік желілерге де қатысты. Жылдамдық сізге қосымша трафик береді, шынайы ақпарат — абыройыңызды асырады.

4. Видео түсіру, кадрда жұмыс істеу, дыбыстау, монтаж. Қалтаңызда смартфон бар, оның камерасы бар, ал сіз жұрт тек оқып қана қоймай, көргісі де келетін іс-шараның ортасында жүрсіз. Ал қасыңызда серігіңіз бар болса — тіпті жақсы, кадрда өзіңіз де жұмыс істеп, толыққанды сюжет жасауға болады. Содан кейін редакцияға келіп, түсірілген материалды монтажерге лақтыра салмай, өзіңіз отырып видеоны кесіп, кадр сыртындағы дыбысты жазып, дайын ролик жариялай саласыз. Видео дайын болғанға дейін мәтінін де жазып қоясыз. Оңай болады деп кім айтты?

7026619371_ee9ca9bafd_z

5. Фото түсіру, панорамалық және 360 градустық түсірілім. Фотографияның стандарт талаптарынан бөлек, қазіргі заманғы журналист панорамалық, сондай-ақ 360 градустық түсірілімді де меңгеріп алғаны артық болмас еді, оның үстіне, ол үшін көптеген тегін немесе арзан қосымша бағдарламалар бар. Митинг немесе концерттен тінтуірмен айналдырып отырып көруге болатын үлкен сурет түсіріп әкелсеңіз, оқырмандарыңыз сол қызықтырақ болатынына келісетін шығарсыз. .

6. Интерактив контент жасау. Қайталап айтамын: қазіргі кездегі аудитория оқиғаға тілеулестік білдіріп, контент жасауда сізге серік болғысы келеді. Сондықтан, интерактив инфографика, тестілер мен ойындар сайттар үшін сапалы БАҚ жасау жолындағы стандартқа айналғалы қашан. Әрине, интерактив жауһарларын бірнеше адамнан тұратын команда жасайды және ол бірнеше сағатта жасала салмайды, алайда қандай да бір қарапайым нәрселерді — мысалы, dipity.com сервисінде интерактив хронология немесе thinglink.com арқылы интерактив сурет жасау өзіңіздің де қолыңыздан келеді. Және оған аса көп уақыт кетпейді.

7. Ашық деректер базаларымен жұмыс істеу әдістері мен құралдары. Бір күні танысым маған ашық деректер негізінде жазылып, жанжал туғызған газет мақаласы туралы айтып берді. Ол кітапханаға барып, Мәскеу метросындағы эскалаторларды техникалық тексеру журналының мұрағаттарын көтеріп, бекеттердің біріндегі эскалаторларды техникалық тексеру жөніндегі белгі соңғы рет 15 жыл бұрын соғылғанын байқайды. Ал тексеру ең көп дегенде он жыл сайын өткізілуі тиіс. Айналып келгенде, экслатор бүгін-ертең бұзылып, адамдардың өміріне қауіп төндіруі немесе көліктердің тоқтап қалуына себепкер болуы мүмкін еді. Міне, ашық деректер негізіндегі жанжал деген осы. Ал бүгінде ашық деректерге онлайн қол жеткізуге болады — кітапханаға барудың да керегі жоқ. Алайда, олармен дұрыс және жылдам жұмыс істеу, сол сандардың арасынан керегін дәл табу — қазіргі журналистерге жетпей жүрген машықтар.

8. Әлеуметтік желілерде жұмыс істеу. Бір қарағанда, одан оңай не бар дерсің — күлкілі суретпен қосып сайтыңның сілтемесін жариялай саласың да, «лайк» жинай бересің. Аладай, кез келген істегі сияқты, әлеуметтік желілермен жұмыс істеуде де стратегия болуы тиіс — әлеуметтің желілердегі белсенділіктен не күтетіңізді жоспарлап, қатаң ереже жасап, солар бойынша жұмыс істеуіңіз керек. Ал жағымсыз оқиғалардың алдын алу мақсатында оқырмандарымен қарым-қатынас жасау үшін қазіргі журналистерге психология мен қарым-қатынас теориясы жөнінен қысқа курс өтіп алу да артық болмас еді.

9. Бағдарламалау және HTML негіздері. Шошымаңыз. Толыққанды бағдарлама жазып, каскад стильдер кестесін құрастыруды сізден әлі ешкім талап етіп отырған жоқ (бірақ, талап ете бастауы мүмкін). Ал бағдарламалаушы мен беттеушіге тапсырманы түсінікті етіп айтып бере алуды тура қазір үйренуіңіз керек. Яғни, тым болмаса интернеттің қалай жұмыс істейтінінің негізгі принциптері мен юзабилити түсініп, iOS пен Android арасындағы айырмашылықты білуіңіз керек. Бұл тақырыпты неғұрлым жақсырақ білсеңіз, өзіңізге не керек екенін орындаушыларға соғұрлым ұғынықты етіп түсіндіріп бере аласыз, ал олар сізге керек нәрсені жасап береді.

10. Дизайн негіздері. Ал бұл жолы, алдыңғы пункттегідей емес, өзіңізге не керек екенін дизайнерге түсіндіріп беру жеткіліксіз. Дизайн дегенді ауқымды мағынасында алатын болсақ, сіз өнімнің жалпы қалай қабылданатыны жөніндегі жауапкершілікті өз мойныңызға алуыңыз керек. Журналистикадағы ірі дизайнерлік қателердің бірі — үстел басында қол қусырып отырған шенеуніктің суретімен қатар берілген «Қол қусырып қарап отырмаймыз» деген мақала тақырыбы. Немесе, «Огонек» деген журналдың мұқаба бетіндегі алапат өрттің суреті.

11. Маркетинг негіздері. Алдыңғы айтылған машықтардың бәрі сізге өз контентіңіздің аудиторияға «сатуды» үйретсе, маркетинг саласындағы білімдер оны жарнама берушілерге сатуға мүмкіндік береді. Ал жарнама беруші оқырман сияқты назарын ғана емес, ақшасын береді.

Қазіргі бәсекелестікке толы ақпарат заманында ендігі жерде монетизация тек сату бөлімінің ғана емес, әрбір жеке қызметкердің міндеті екенін түсінге, сөйтіп жарнама берушіге ұсыныс пен контент әзірлеуде редакциялық тәсілдер мен әдістерді қолдана білген БАҚ табысқа жете бастады.  Америкалық BuzzFeed порталында редакция бірден демеушіге оның жарнамасын фотосуретпен қоса қызықты мәтін түрінде берудің бірнеше нұсқасын ұсынады, содан кейін олар бірлесіп отырып лайығын таңдап, жетілдіреді.   

Көп қырлылықты меңгергісі келетін журналистер үшін табысқа жету құпиясы қарапайым: сіз бәрін аз-аздан, ал біреуін бәрінен жақсы білуіңіз керек. Әрине, бір жерде «алтын қауырсын» сияқты жазып, Эйзенштейн сияқты видео түсіріп, оған қоса бағдарламалауды да білетін керемет мамандар жүрген шығар, алайда оларды табу қар адамын табудан оңай емес. Ал таба қалсаңыз, олар қызметінің ақысын үш есе артық сұрайтынына сенімді болыңыз, ол ақшаға сол жұмысты үш адамға істеткен оңайырақ. Сондықтан, мамандану да керек шығар. Жай ғана, жұмыс істеуге деген қабілетіңізді жоғалтпай, журналистиканың түрлі салаларын үйрене беріңіз.

Әрине, жақын арада журналистердің бәрі әмбебап маманға айналып кетеді деп күтудің қажеті жоқ. Медиа менеджерлері әлі де түрлі сала мамандарынан құралған командаға арқа сүйеуі керек. Сөйте тұра, көп қырлы журналистердің санын да көбейте берген абзал. Одан жаман болмайды.

Авторы В.Пуля

Материал алғаш рет  «Журналист» журналының №10/2013 санында жарияланған.

Фотоконтентті тексеруге арналған 13 онлайн-құрал

Бүінде журналистерге өсек-аяң, фейк жаңалықтар мен жалған фотосуреттермен көп істес болуға тура келіп жатады – кәсіби медиа құралдары кейде тіпті оларды таратуға өздері де қатысып, оқырманды әдейілеп адастырады. Ондайдан кейін бұқаралық ақпарат құралына деген оқырман сенімі азайып кетуі мүмкін, әсіресе, елде төтенше жағдай орнағанда немесе апат кезінде жалған материал таратудан сақ болған жөн.  

Бір жағынан, интернет жалған ақпарат көлемін арттырып отырғанымен (ең алдымен, әлеуметтік желілерден алынған деректер туралы айтып отырмыз), екінші жағынан – сол ақпаратты тексеруге арналған көптеген цифрлік құралдарды да ұсынады.

Бірнеше онлайн-құралдың көмегімен фотосуреттің рас-өтірігін тексеруге, олардан неғұрлым көп мәлімет «шығарып», адам туралы көбірек ақпарат алуға болады:

Findexif.com — бұл тегін сервиске фотосуретті жүктеп немесе оған сілтеме беріп, суреттің EXIF-деректерін (фото қашан, қандай құрылғыға түсірілді, суреттің параметрлері қандай, тіпті кей фотосуреттер үшін түсірілім орнын да анықтауға болады) көруге болады.

Foto Forensics — error level analysis (ELA) жасай алатын, яғни сурет бетіндегі «қоса салынған» немесе өңдеу кезінде қосылған аумақтарды табуға мүмкіндік беретін сайт. Өңдеуден кейін бағдарлама өңделген фрагменттер өзгелердің қасында бөлектеніп көрініп тұратын фотосуретті шығарып береді. Сонымен қатар, бағдарлама фотосуреттің EXIF- деректерін де береді.

01_(1)

Picture Manipulation Inspector (PMI) – ресейлік SMTDP Tech компаниясының шешімі, кез келген сападағы цифрлік кескіндердегі ең азғантай өзгерістерді табуға мүмкіндік береді. EXIF деректері қайта сақталғанын таниды, цифрлік фотоаппараттың матрицасынан немесе объективтің кемшіліктерінен туындайтын ақауларды да байқайды. Көптеген сервистерден бір айырмашылығы – өнеркәсіптік ауқымда жұмыс істейді, айына 100 мыңға дейін суретті сараптайды. Бұл көптеген онлайн-баспалар мен редакциялар үшін өте маңызды.

PMI шектелген нұсқасын жобаның сайтында тегін байқап көруге болады, алайда бағдарлама тек EXIF деректерді және күніне бар болғаны екі фотосуретті сараптай алады.

yVsf-LXg6Kk

Google Search by Image — суреттерді кері іздеу, мұнда суретті жүктеп, оның түпнұсқа шыққан жерін және ол тағы қайда жарияланғанын көруге болады.

TinEye — кері іздеуге арналған тағы бір құрал.

JPEGSnoop — компьютерге орнатылатын бағдарлама (тек Windows-пен жұмыс істейді), сонымен қатар тек суреттің ғана емес, AVI, DNG, PDF, THM форматтарының да метадеректерін көруге мүмкіндік береді. Бағдарламаны көптеген мақсаттарға пайдалануға болады, мысалы, ол сурет өңделген-өңделмегенін көруге, зақымдалған файлдағы қателерді анықтауға, т.б. мүмкіндік береді.

Суретті тексеру алгоритмі

1. Фотосуреттің авторын немесе алғашқы шыққан көзін анықтау керек. Мұны істеудің недәуір айқын және әдетте неғұрлым оңай жолы — фотосуретті жүктеген немесе редакцияға жолдаған адамды тауып, сол фотоны өзі түсірген-түсірмегенін сұрау. Сондай-ақ, міндетті түрде фотосуретті кері іздеу жүйесі арқылы іздеп көру керек.  Google осыған ұқсас суреттерді де көрсетеді, ол фотоның өңделген-өңделмегенін түсінуге мүмкіндік береді. Ең үлкен көлемді фотоның сілтемесі әдетте алғашқы дерек көзі болып саналады.

2. Осы ақпаратты таратып отырған тұлғаның өзін тексеріп көру керек. Ол жөнінде көбірек ақпарат жинау үшін бірнеше ресурс бар. Олардың көбі АҚШ тұрғындарына арнап жасалғанымен, түрлі елдер үшін пайдалы болатындары да бар. Мысалы, Pipl.com — пайдаланушының «интернет — ізін» табуға арналған, оны сәйкестендіріп, фотосуреттерін табуға көмектеседі.  Бағдарлама адамды барлық америкалық әлеуметтік желілерде  (Facebook, LinkedIn, MySpace) іздейді — ол үшін адамның аты-жөнін латын әріптерімен жазу керек. Бағдарламаның басты ерекшелігі — кәдімгі іздеу жүйелері назардан тыс қалдыратын, ал пайдаланушылар қол жеткізе алмайтын «терең интернетте» (deepWeb) іздеу жүргізетіндігінде.

Тағы бір қосымша пайдалы ресурс WebMii — адамның аты-жөні бар сілтемелерді іздейді, фейк-аккаунттарды анықтауға мүмкіндік беретін «веб — көріну» рейтингін жасайды. Құралдың арқасында әр адам өз аты-жөнінің шетелдік ресурста аталуын таба алады.

Рунетте іздеу жүргізу үшін people.yandex.ru сервисін қолдануға болады.

3. Фотосуретті тексерудегі келесі қадам — фото түсірілген орынды, күнді және шамалап болса да уақытын нақтылау болуы тиіс. Ең оңайы — автормен хабарласу мүмкін болса, оның өзінен сұрау немесе сол орынның басқа суреттерін жасауды өтіну. Содан кейін жоғарыда аталған бағдарламалар көмегімен бастапқы деректерді салыстыру. Цифрлік фотографияны жақсы білетін журналистер үшін осы бағдарлама ұсынатын көптеген параметрлер түсінікті болады. Басқалар үшін ең керек ақпарат —  фото қай кезде, қай жерде және қандай фотоаппаратқа түсірілді. Метадеректерге қол жеткізу мүмкін болмаса, суретті егжей-тегжейлі зерттеңіз: көлік номерлері, ауа райы жағдайы, ландшафт, киім стилі, жарнама хабарландырулары, ғимараттар, дүкендер — осы детальдардың барлығы мекен-жайды анықтауға, ал кей кездері жасанды суретті тануға мүмкіндік береді.

Фотографияны тексерудегі айқын көрінетін нәрсе — фотосуретте шынымен сонда айтылған оқиға түсірілгенін растау. Өйткені, ол шынайы фото болуы, ал сипаттамасы шындыққа сәйкес келмеуі мүмкін. Мысалы, Сэнди дауылы кезінде Твиттерде мынадай фотосурет таратылды:

02_

Онда дауыл кезінде үш жауынгер белгісіз солдаттың мемориалы жанында күзетте тұрғаны суреттелген. Шын мәнінде, бұл фото бір ай бұрын түсірілген екен — ол суретті кері іздеу жүйесі арқылы анықтады.

Фотодағы мекен жайды анықтауға Google Maps немесе Wikimapia (GoogleMaps краудсорс нұсқасы көмектеседі. Panoramio сайты да пайдалы — мұнда географиялық координаталарын белгілеп қойып фотосуреттер орналастыруға болады (сайт Google карталарымен кіріктірілген).

Geofeedia — «әлеуметтік желілер кураторы» құралы. Ол нәтижелерді негізгі сөздер мен хештегтер бойынша емес, сіз көрсететін  мекен жай бойынша агрегациялайды. Сервис Twitter, Flickr, Youtube, Instagram және Picasa арқылы GPS қолдана отырып жіберілген хабарларды өңдеп, соңынан оларды коллаж түрінде көрсетеді. Сервис ақылы, тек демо-нұсқасы ғана тегін.

03_

Фотоны тексерудің тағы бір тәсілі — нақты сол күні сол мекенде ауа райы қанда болғанын қарау. Мұндайда  Wolfram Alpha жүйесі пайдалы болмақ. Бұл құрал жөнінде толығырақ айтып өту керек — бұл тіпті іздеу жүйесі де емес, бұл ғылыми бейіндегі білімдер базасы. Кез келген сұрақтарға жауап бере алатын зерделі робот. Бірақ, ол ағымдағы оқиғаларға емес, нақты, энциклопедиялық ақпаратқа ғана қатысты тақырыптарды біледі. Өзге сайттарға сілтеме ұсынбайды, дайын жауап нұсқасын көрсетеді. Wolfram Alpha сайтымен ағылшын тілінде жұмыс істеу керек.

Снимок45454545

 

«Вольфрам Альфа» тек ауа райын тексеру үшін ғана емес, журналистің күнделікті жұмысында да пайдалы болуы мүмкін.

Тексерілмеген дерек көздерінен келіп түскен ақпаратты жан-жақты зерттеуге тырысыңыз. Иә, деректер жасанды болып шығып, сенсациялық жаңалықты жариялай алмай қалуыңыз мүмкін. Есесіне, әлдекімдердің өтірігін ашатын мақала жазуға болады.

 

Авторы: Марина Дорош

MediaSapiens

Журналиске нұсқаулық: фотосуреттің растығын қалай тексеруге болады

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы маңызды жаңалықтар кей адамдарға жұртшылықты өтірік суреттермен алдауға деген ой салады. Сондықтан да, әр журналист фотосурет пен видеоның шынайы екенін тқалай тексеруді білуі тиіс.

Huffington Post-қа арналған әлеуметтік жаңалықтар редакторы Дженкинс пен OpenFile.ca редакциясының директоры және Regret the Error кітабының авторы Сильверманның суретті тексеру жөніндегі кеңестерін назарларыңызға ұсынамыз:

  1. Алдымен, exif (exchangeable image file format) файлында суретке қандай ақпарат қоса берілетінін біліп алыңыз, мысалы  мұндағы сияқты.
  2. Фотосуреттің өңделген-өңделмегенін тексеріңіз. Суреттің түпнұсқа екенін анықтау үшін  Image Error Level Analyzer сайтын қолдаңыз. Ол фотосуреттің сапасын негізге ала отырып, ол өңделген-өңделмегенін анықтайды — jpeg форматында сақталған фотолар қайта сақталған сайын сапасы кемиді; әлдекім фотосуреттерді бір бөліктің үстіне басқа бөлік салса, суреттердің сапа деңгейі әр түрлі болады.
  3. Фотосурет жасалды деген жерді сол ауданның картасымен және басқа да қолда бар суреттерімен салыстырыңыз. Суретте кескінделген жағдайлар көрсетілген уақытпен және датамен сәйкес келетініне көз жеткізу үшін метеоқызмет деректері мен көлеңкелерді зерттеп шығыңыз.
  4. Сурет сонда айтылған оқиғаға сәйкес келетініне көз жеткізу үшін адамдардың киімдерін, ғимараттарды, жазулардың тілін, көліктердің номерлерін, фото мен видеодағы басқа да элементтерді тексеріп шығыңыз.
  5. Сурет авторының тарихын және оның орналасқан онын көріңіз. Бұл оның қолында сенімді контент бар-жоғын тексеруге мүмкіндік береді — мүмкін ол оны өзгелерден алып жүрген шығар.
  6. Бұл фотографтың сіз тексеріп отырған фотоға дейін және одан кейін түсірген, салыстырып қарауға болатын суреттері бар ма?
  7. Фотографпен телефон немесе Skype арқылы хабарласып, сурет тұралы сұраңыз. Адам сізбен тікелей сөйлесіп отырған кезде өтіріп айту ықтималдығы төмен.
  8. Ұрымтал тұстан түсірілген сәтті суреттен абай болыңыз. Ол шын болу үшін тым жақсы болса, шынымен солай болуы мүмкін.
  9.  TinEye кері іздеу жүйесін қолданыңыз, ол сурет қайдан шыққанын, осыған дейін қалай қолданылғанын, суреттің түрленген нұсқалары бар-жоғын анықтап береді.

Social Media Playbook: әлеуметтік медианы қолдану жөніндегі нұсқаулық

Ашық үкімет саласындағы жетекші бастамалардың бірі GDS (Government Digital Service) ұйымдар өз аудиториясымен байланыс орнату үшін қандай әлеуметтік медианы және қалай қолдануына болатыны туралы «Social Media Playbook» атты нұсқаулық жариялады.

Сол нұсқаулықтың негізгі ережелерінің аудармасын назарларыңызға ұсынамыз.

Әлеуметтік медианы қолдануды қалай бастау керек

Мақсаттарыңызды анықтап алыңыз

Ең алдымен, мақсаттарыңызды анықтап алу керек. Әлеуметтік медиа сізге не үшін керек? Ұйымыңыздың әлеуметтік стратегиясы соған байланысты болмақ. 

Әлеуметтік медиа сіздің ұйым үшін қандай роль ойнайтынын анықтаудан бастаңыз.

Ақпарат тарату, жұртшылықты әлеуметтік кампанияларға тарту, зерттеу жүргізу немесе қауымдастық құру  осының бәрі және басқа да қызметтер әлеуметтік медианы қолданудың мақсаты бола алады. 

Содан кейін осы мақсаттарға жету үшін қай әлеуметтік медианы қолданған дұрыс болатынын шешіп алу керек. Және, ол сіздің аудитория қолданатын әлеуметтік медиа болғаны абзал. 

Әлеуметтік медиаға мониторинг жүргізіңіз

Әлеуметтік медиаға мониторинг жүргізу әлеуметтік стратегияны жоспарлаудағы маңызды қадам. Мониторинг жүргізуге көмектесетін  көптеген құралдар  бар.

Олардың арасынан өзіңізге ыңғайлысын таңдап алуыңызға болады, мысалы, GDS өз жұмысында Brandwatch құралын қолданады.

Осы құралдың көмегімен ай сайын түрлі әлеуметтік медиа, блогтар мен форумдарда GOV.UK және GDSС 15000 реттен астам аталуына мониторинг жүргізіледі. Бұл:

  • Әлеуметтік медиада жұмыс істеу стратегиясына түзетулер енгізуге. «Бәрін дұрыс жасап жүрміз бе?» деген сұраққа жауап табуға
  • Не болып жатқанын түсініп, шұғыл әрекет етуге
  • Өткізіліп жатқан кампаниялардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Аудитория

Мониторинг құралдарының көмегімен сондай-ақ аудиторияңыз жөніндегі демографиялық ақпаратты да біле аласыз  осы арқылы сіздің контентті тұтынушылар кім екенін білесіз. 

Мысалы, GDS  аккаунттарының бірі @gdsteam жазылушыларының көбі 18-35 жасар ер адамдар, техникалық қауымдастық өкілдері екен. Оларды ашық үкімет тақырыбымен қызықтыру қиын болмады. GDS өздері әйелдерге де жиірек жүгінуі керек екенін түсініп, контент-стратегиясына «әйелдер және технология» деген тақырып енгізді.

Қандай әлеуметтік желілерді қолдану керек

GDS-дің бес түрлі Twitter-аккаунты, YouTube, Instagram, Flickr және LinkedIn аккаунттары бар. Оларға осынша көп әлеуметтік медиа керек пе? Керек. 

Әр медиа арнасы өз бағдарламасын қолдайды, өз ролін атқарады және белгілі бір аудиторияға бағытталған. Сондай-ақ, қандай контент жасайтыныңызды да ойланыңыз, медиа түрін (мысалы, YouTube немесе Flickr) таңдау көп ретте соған байланысты.

Алайда, жаңа аккаунтты дұрыс жұмыс істетуге ресурсыңыз жетпейтін болса, тек аудиторияңыз сол жерде отыратындығы үшін ғана тағы бір әлеуметтік медиа түрінде аккаунт тіркеу дұрыс шешім бола қоймас. 

Бес аккаунтты жүргізуге уақыт таппай, ақсатып алғаннан гөрі, бір аккаунтты тұрақты түрде, тиянақты жүргізген дұрыс.

Контент-стратегия

Аудиторияңыз кім екенін анықтап, қай әлеуметтік медианы қолданатыныңызды таңдағаннан кейін, контент-стратегия жасау керек. Ол кезде мына факторларды ескерген жөн: 

  • Аудиторияңыз сіз туралы не білгісі келеді? Оған қалай көмектесе аласыз?
  • Ұйымыңыздың басымдықтары қандай? Не туралы айтып бергіңіз келеді?
  • Алдыңғы жазбалар мен кампаниялар туралы мәліметтер (сондай жарияланымдарды тағы жасау керек пе?).

Бір мезгілде аудитория қалауын да, ұйым мүддесін де ескеру қиын болуы мүмкін, алайда контент-стратегияның маңызды бөлімі де осы. 

Қауымдастықты меңгеру

Жауапкершілік

GDS жауапкершілікке сенеді. Өз аудиторияңызбан қарым-қатынас орнату және және ұйымыңыз үшін маңызды ақпаратты тарату үшін әлеуметтік медиа жүргізе бастасаңыз, өзара серіктестік үшін жауапкершілік жүктейсіз.  

Бұл сіз талқылауларға араласып, әлдекім сізге сұрақ қойса, соған жауап беруіңіз керек дегенді білдіреді.

Егер жазылушыларыңыздың сауалдарына жауап беруге мүмкіндігіңіз болмаса, демек осы аккаунтты жүргізуге де мүмкіндігіңіз жоқ деген сөз. 

Қастық ойлайтындар

Өкінішке орай, әлеуметтік медиада сіздің істеп жүрген жұмыстарыңызды жақтырмайтындар қай кезде де табылады. 

Әлдекім Сіздің аккаунт туралы еш себепсіз жаман айтып, жазып, немесе қорлайтын, тіл тигізетін пікірлер жазған жағдайда не істеу керек? 

Сіздің пайдаланушылар үшін не нәрсе дұрыс емес екенінің ережесін жазып қойыңыз  (мысалы, қорлау, тіл тигізу, авторлық құқықтарды бұзу, жасырын жарнама, т.б.). Сондай-ақ, осы ережелерді бұзудың салдары қандай болатынын (мысалы, бірінші рет бұзғанда ескерту, келесі жолы бан) көрсетіңіз және осы шараларды ереже бұзушыларға қатысты қолданып отырыңыз. 

Контент

Контент жасау

Изображение: gdsengagement.blog.gov.uk

Әлеуметтік медиаға аудитория тарту үшін жақсы, сапалы контент өте маңызды. Қарапайым да әдемі суреттермен безендірілген өзекті тақырыптар бойынша жарияланымдар мыңдаған репост жинап, сіздің ресурсқа жақсы трафик әкелуі мүмкін. 

Контент жасауға көмектесетін кеңестер:

  1. Егер дизайнермен бірлесіп жұмыс істесеңіз, оған тапсырманы егжей-тегжейлі түсіндіріп, оны контент әзірлеудің түрлі кезеңдеріне араластырыңыз  сонда ол не істеуі керек екенін жақсы түсінеді, ал сіз оның да пікірін біліп отырасыз.
  2. Контентіңіз түрлі платформаларда қалай көрінетіні туралы ойланыңыз. Мысалы, мақаладағы суретте ақпарат көбірек болуы мүмкін, өйткені пайдаланушылардың оны оқуға уақыты бар, ал Facebook немесе Twitter-дегі сурет бірден көзге түсіп, назар аудартуы тиіс, әйтпесе пайдаланушылар оны өткізіп жібереді.  
  3. Қарапайымдылы жөнінде ұмытпаңыз  сурет өздігінен түсініксіз болса, ол жұмыс істемейді. 

Жарияланымдар тізбесі

Жарияланымдарыңызды күнтізбе бойынша жоспарлап қойыңыз соның көмегімен аңдатпа беру керек маңызды оқиғаларды ұмытып кетпейсіз.  

Жалпы ережелер

Дұрыс безендірілмеген, сипаттамасы мен бірінші жарияланымы жоқ аккаунтты әлеуметтік медиаға жібермеңіз. Құр логотип суретімен ғана тұрған бос парақты ешкім көргісі келмейді. 

Сондай-ақ, аккаунттарыңыз үнемі жаңарып тұруын және жаңа келушілер үшін «өлі» болып көрінбеуін қадағалап отырыңыз.

«Social Media Playbook» нұсқаулығын GOV.UK блогынан оқи аласыздар.

Google келешектің бұқаралық ақпарат құралдарының виртуал редакциясын іске қосты

177034.640xp

Google кәсіби журналистерге, әуесқойларға және БАҚ жасағысы келетіндердің бәріне арналған News Lab арнайы ресурсын іске қосты.  Корпорация жекелеген журналистерге де, тұтас редакцияларға да көмектесуі тиіс функционалы бар бірқатар құралдарды ұсынады. 

Жаңа сервистің құралдары авторларға материал үшін тақырыпты жылдам іздеп, олар бойынша фактілерді жинап, тақырыптар бойынша іздеу сұранымдарын сараптап, пайдаланушылардың қызығушылық деңгейін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Жаңа материал жарық көргеннен кейін авторлар оған деген аудитория көзқарасын Google Analytics және YouTube көмегімен сараптай алады.

News Lab бір алаңда Google іздеу құралдарының және соңғы кезде азаматтық журналистика саласында пайда болған бастамалардың функционалын біріктіреді.  Жобаның мақсаты — технологиялар мен медиа тоғысында журналистермен бірлесе отырып жаңа медиа индустриясын қалыптастыруға мүмкіндік беретін алаң құру.

Сервис алдыңғы қатарлы әлемдік басылымдардың үздік тәжірибесін көрсететін қысқа жазбаша және видеосабақтарға, сондай-ақ тақырыптық зерттеулерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Әзірге тек ағылшын тілінде, алайда жақын арада басқа тілдер де қосылады.

News Lab негізгі үш бөліктен тұрады: тақырып іздеуге және фактілі ақпарат жинауға арналған негізгі құралдарды қамтитын Tools, іздеу сұранымдарын және қандай да бір тақырыпқа қатысты қызығушылық деңгейін сараптайтын Google Trends және Programs — бүкіл дүние жүзі бойынша жаңалықтар ресурстары сілтемелерінің каталогы.

Google Trends сервисі жаңартылып, қазір іздеу сұранымдарындағы трендтер өзгерісін бұрынғыдай соңғы бір тәулік бойынша ғана емес, шынайы уақыт режимінде көрсетеді. Бүгінде сервис 28 елде жұмыс істейді, ал корпорация алдағы бірнеше айда оның географиясын кеңейтуге уәде беріп отыр.

Tools бөлігінде ақпаратты жинау және әзірлеу кезеңінде қажет болатын құралдар жинақталған. Сонымен қатар, мұнда жарияланған материалға аудиторияның көзқарасын Google Analytics көмегімен сараптауға мүмкіндік беретін Optimize бөлімі жәнеYouTube ұсынатын сараптау құралдары бар.

Сондай-ақ, жақында  YouTube видеохостингінде әуесқой журналистер түсіретін видеоны жинақтайтын арна — Newswire жобасы іске қосылды. Ондағы контентті YouTube командасы тексеріп отырады, содан кейін барып кәсіби журналистер ол видеороликтерді өз мақсатына пайдалана алады.

Түпнұсқа мәтін

«15 минут ішінде интерактив инфографика жасау» тақырыбында практикалық вебинар

 

Сейсенбі, 23 маусымда сағат 14.00-де «15 минут ішінде интерактив инфографика жасау» тақырыбында практикалық вебинар өтеді. Вебинарды Вадим Шмыгов (Беларусь) өткізеді.  

Вадим баспа және электрон БАҚ-да инфографика әзірлеумен 2006 жылдан бері айналысып келеді.  2007-2012 жылдары БелаПАН ақпараттық компаниясымен жұмыс істеген.  2013 жылдан бері TUT.BY белорус интернет-порталында қызмет атқарып келеді. 

Вебинар барысында қатысушылар ақпараттық визуал ұсыну деректерін пайдаланып, өз бетімен инфографика жасауды үйренеді. 

Вебинарға қатысу үшін:

1)  Tableau Public жүктеп орнату (жүктеу үшін e-mail енгізесіз) 
2) Жұмыс істеу үшін пайдаланушы профилін  жасау керек (e-mail және құпия сөзіңізді ұмытпаңыз)  

Тегін вебинарға тіркелу.

«15 минут ішінде интерактив инфографика жасау» тақырыбындағы вебинарды Internews Network өкілдігі ақпаратқа қол жеткізуді қолдау жобасы аясында, АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) қолдауымен өткізіп отыр. 

 

AllTheFreeStock – тегін фото және видео көзі

AllTheFreeStock – тегін фото, белгішелер мен видео жинақталған сайттар агрегаторы. Олардың бәрін өз жобаларыңызға пайдалануға болалы, оның үстіне, сол сайттардың өзіне өтудің қажеті жоқ, бәрі бір терезеде көрінеді.

Фрагмент сайта AllTheFreeStock

AllTheFreeStock тізіміндегі сайттардың көбі фото мен видеоға Creative Commons Zero лицензиясымен қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады, бұл суреттерді тіпті коммерциялық мақсатта пайдалануға құқық береді.  Басқа жағдайларда сурет немесе видео қандай лицензия бойынша таратылып отырғанын тексеру қажет.

Фрагмент сайта AllTheFreeStock

Контентті пайдаланудың мүмкін нұсқаларының көп бөлігі сурет немесе видеоның авторын және қай жерден алынғанын көрсетіп отыруды талап етеді.

Фрагмент сайта AllTheFreeStock

AllTheFreeStock авторы — Envato компаниясынан Saijo George деген кісі, онымен  twitter-аккаунты арқылы хабарласып, еркін таратылатын суреттер мен видео табуға болатын сайттар тізімін ұсынуға болады.

Google News Lab медиа құралдарына ақпаратты іздеу мен тексеруде көмектесетін 3 жоба шығарды

2015 жылғы 18 маусымда YouTube ресми блогында сервистің бүкіл дүние жүзі бойынша редакцияларды қолдауға бағытталған үш жаңа жобасы жарыққа шыққаны жөнінде  ақпарат жарияланды .

«Соңғы онжылдықтарда әлемдегі ең ірі әрі ең маңызды оқиғалар YouTube арқылы өрбіп жатқанына куә болдық», — делінеді Google News стратегия және амалдар бөлімінің жетекшісі Оливия Ма (Olivia Ма) атынан жазылған хабарламада.

«… Жасыл революция, араб көктемі – пайдаланушылар айналасында болып жатқанның бәрінің бірегей видеосын желіде жариялайды. Жаңалықтарды қосқан сайын қандай да бір оқиға туралы әр сюжетте дерлік біреулердің YouTube-қа салған видеосын көреміз».

Бүгінде сервисте күн сайын бес миллион сағат видео көріледі.  Біз кез келген адам кез келген оқиғаның куәгері бола алатын және сол туралы видео түсіріп, оны ғаламдық аудиториямен бөлісе алатын заманда өмір сүріп отырмыз.

YouTube бірінші жақтан видеокуәлік жариялайтын негізгі алаңға айналып отыр. Сондықтан да сервис «куәгерлер видеосын» іздеу және олардың шынайылығын тексеруге арналған жаңа үш жоба жасап шығарды.

The YouTube Newswire: жоба Storyful-мен серіктестікте жасалған. Бұл — бүкіл дүние жүзі бойынша аймақтық және халықаралық арналар контентінен құралған жаңалықтар таспасы.

25-1024x495

Мұнда күнделікті The YouTube Newswire командасы тексерген ең маңызды деген оқиғалардың видеожазбалары жарияланып отырады.  «Newswire арқылы журналистерді баға жетпес ресурспен қамтамасыз етеміз деп үміттенеміз», — дейді Оливия Ма.

Сервистің жаңартуларына ілесіп отыру үшін, The YouTube Newswire твитер-аккаунтына немесе аптасына бір рет келетін  таратылымға жазылып қойса болады, сонда соңғы актуал видеолар тікелей поштаңызға келіп отырады.

The First Draft Coalition. Журналист үшін пайдаланушы контентін тексеру маңызды. Алайда, неден бастау керек екенін әркім біле бермейді.

41-1024x509

The First Draft Coalition жобасы әлеуметтік медиа журналистикасының “жетекшілері мен көшбасшыларын” контенттің растығын тексеру және пайдаланушылар ақпаратымен жұмыс істеу кезіндегі этика тұрғысына қатысты мәселелерге арналатын оқыту ресурстары, құралдар мен зерттеулер жасау мақсатында біріктіреді.

Сайт биыл күзде іске қосылады, алайда жобадағы жаңалықтарды  Medium.com және твиттер арқылы қадағалап отыруға болады.

The WITNESS Media Lab – азаматтық видеоға сараптама жасау негізінде адам құқықтары саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған бастама.

33-1024x511

The WITNESS Media Lab технология, құқық қорғау және журналистика саласындағы мамандармен бірлесе отырып «адам құқықтарын қорғауға бағытталған» жан-жақты, терең жобалар топтамасын жасайды. Жобадағы жаңалықтарды твиттер немесе сайт арқылы қадағалап отыруға болады.