Домой Блог Страница 74

Дұрыс визуал материал жасауға көмектесетін 8 кеңес

Назарларыңызға мәліметтерді визуалдаудағы сарапшылардың 8 кеңесін ұсынамыз. Олар сіздерге көптеген қателерге ұрынбай, бәрін дұрыс жасауға көмектеседі.

Визуал материал қандай да бір ақпаратты не деректерді көрсетудің ең танымал тәсілі болып келеді. Жақсы жасалған қызықты графиктер де, нашарлары да вирустық сипатқа ие болып, интернет кеңістігінде жылдам таралып кетеді. Туындыңыз екінші санаттағы жұмыстар қатарына қосылмасын, визуализацияны қалай жасамау керек екеніне мысал болмасын десеңіз — InfoNewt президенті және Cool Infographics блогері Рэнди Крамның (Randy Krum) кеңестеріне мән беріп көріңіз.

1-кеңес: Нақты деректер келтіріңіз

Графиктер деректерді нақты көрсетуі тиіс

Деректерді қате көрсетсеңіз, сіздің жұмысыңызға ешкім сенім білдірмейді. Осыған қарамастан, деректерді визуалдауда қате көп кездеседі. Мысалы, бір санат екіншісінен үш есе үлкен екенін көрсету үшін шеңбердің диаметрін емес, көлемін үш есе үлкейту керек.

Қате жасалған шеңбер диаграмма

Бір қызығы, шеңбер диаграммалар жасаудан көп адам қиналады. Көбі сандарды 100 болатындай етіп қосуды немесе толық шеңбер диаграмма суреттегідей 193% емес, 100% болуы тиіс екенін білмейтін сияқты.

Графиктегі деректердің қате ұсынылуы

Кейде, тіпті не істеп отырғанын білетіндер де мына мысалдағы Nielsen сияқты қателеседі. Тіпті статистикаға қатысы жоқ адамдар да «9% RIM Blackberry» деген жасыл бөлік көлемі жағынан «34% Apple» деген сары бөлікпен бірдей болмауы керек екенін біледі.

2-кеңес: Қажет ақпаратқа баса назар аударыңыз

Түрлі сусындар құрамындағы кофеин мөлшерін салыстыратын инфографика

Инфографикаңызда дәл өзіңіз жеткізгіңіз келетін ақпарат жақсы көрінгені маңызды. Жоғарыдағы мысалда визуализация жақсы жұмыс істеп тұр — постерде тек құрамындағы кофеин мөлшеріне қарай бөлінген сусындар ғана суреттелген. Сол сусынды өндіретін компания туралы ақпарат сияқты артық ештеңе жоқ.

3-кеңес: Сипаттамаларға жол жоқ

Компания атауының орнына логотиптері қойылған

Графиктердегі сипаттамалар — оларды түсінуге жетелейтін анықтамалықтар. Олар көп болған сайын графиктің оқылуы қиындап кетеді, сондықтан барынша азайтқан дұрыс. Келтірілген графикте дизайнер компаниялардың атауын олардың логотиптеріне алмастырыпты.

4-кеңес: Дерек көздерін көрсетіңіз

Визуал материалда дерек көздерін көрсетуді ұмытпаңыз

Адамдар деректер визуалданған графикті көргенде «осы мәліметтің бәрі қайдан алынған?» деп ойлайды. Обаманың әкімшілігі мына суреттегі инфографиканы дерек көздерін көрсетпегендігімен құртып алды. Негізгі талқылау инфографика тақырыбы бойынша емес, дерек көздері төңірегінде өрбіді.

5-кеңес: Айрықша болыңыз

Визуалдау әдістерінің периодтық кестесі

Шеңбер диаграммалар мен стандарт графиктер визуалдаудың жақсы әдісі, бірақ көпшіліктің ішін пысырып жібереді. Өзіңіздегі ақпаратты ұсынудың айрықша әдістерін ойлап тауып, аудитория назарын аударуыңызға болады. Жоғарыдағы суретте визуалдау әдістері интерактив периодтық кесте түрінде келтірілген.

6-кеңес: Мәтінді азайтыңыз

Визуал материалда мәтінді барынша аз қолданыңыз

Инфографика — үстеме мәтіндік түсініктемелерді қажет етпейтін визуалдау түрі. Егер онда мәтін көп болса, онда ол өзінің негізгі міндетін дұрыс орындай алмайтын нашар визуализация болғаны. Мына инфографика мәтінді аз қолдана отырып барынша көп ақпаратты визуалдауға жақсы мысал бола алады.

7-кеңес: Жан-жақты болыңыз

Визуалдаудың түрлі элементтерін қолданыңыз

Бір инфографика аясында визуалдаудың алуан түрлерін қолдануға тырысыңыз (тек, қолыңыздағы мәліметтерді көрсетудің ең жақсы тәсілін таңдағаныңызға сенімді болыңыз).

8-кеңес: Авторлық құқықтарыңызды көрсетіңіз

Сіз жасаған визуал материалды қандай лицензиямен жариялап таратуға болатынын көрсетіңіз

Жақсы жасалған қызықты визуал материалдар Интернетте жылдам таралып кетеді. Өзіңіз жасаған инфографика не сондай басқа материалда өз авторлық құқықтарыңызды және осы жұмысты қалай пайдаланып, таратуға болатынын көрсетіп қойыңыз.

Орталық Азия қазіргі заман журналистикасы жазғы мектебі

Бішкектегі ЕҚЫҰ академиясы және Боннадағы Неміс толқыны академиясы 2015 жылғы 22 маусым мен 25 тамыз аралығында Бішкекте өтетін «Орталық Азия қазіргі заман журналистикасы жазғы мектебіне» қатысуға байқау жариялайды.

10 апталық сертификаттау бағдарламасы Орталық Азия аудиториясына бағытталған, баспа БАҚ, радио, ТВ мен онлайнға арналған сапалы журналистік материалдар әзірлеу үшін қолданылатын негізгі құралдармен жұмыс істеу машықтарын дамытады.

Мақсаты – журналистерге Орталық Азия бұқаралық ақпарат құралдарында шығатын бағдарламалар мен жарияланымдардың сапасын жақсартуға көмектесу, Орталық Азия елдерінің ауылдық аймақтарындағы мәселелерге саясаткерлердің назарын аударту.

Жобаның аймақтық ұстанымы Орталық Азияның барлық елдерінің журналистері үшін жылдам ақпарат алмасуға, мүмкін келешекте жаңалықтар бағдарламаларымен алмасуға да мүмкіндік беретін желі құруға бағытталған. Журналистер аудиториясын кеңейтіп, жаңа ақпарат көздерін таба алады.

Бағдарлама орыс тілінде жүреді.

Тренерлер:
Елена Упорова, Мәскеу, Ресей
Григорий Михайлов, Бішкек, Қырғызстан
Матиас Бёлингер, Берлин, Германия
Дирк Тиле, Берлин, Германия
Мориц Зауер, Кёльн, Германия
Эрик Албрехт, Берлин, Германия
Андреас Маус, Кёльн, Германия

Бағдарламаға қатысамын деушілерге қойылатын талаптар:

Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарының соңғы курсында білім алып жүрген немесе жақында ғана оқу бітірген (өтінім беру сәтінде жасы отыздан аспаған) жас журналистері қатыса алады. Кандидаттың аз болса да бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеу тәжірибесі болуы тиіс. Жоғары білімі жоқ, бірақ практикалық жұмыс істеп жүрген журналистердің де өтінімдері қарастырылады.

Міндетті талаптар: компьютерді меңгеру және орыс тілін білу

Бағдарламаға қатысу үшін мыналарды қамтитын өтінім беру керек: 

  • Резюме
  • Неліктен осы бағдарлама бойынша оқығысы келетінін түсіндіретін шағын мотивациялық хат.
  • Соңғы екі жылда жасалған 3 бағдарламасы (сипаттамасы) немесе жазылған мақалалары.
  • Жазғы академия кезінде әзірлегіңіз келетін ауыл халқы тақырыбына арналған немесе Қырғызстанның ауылды жерлерінің тұрғындарына бағытталған екі журналистік материал ұсыныңыз. Материалдың тақырыбын, сюжетін немесе оқиғаны сипаттаңыз, қандай ақпарат көздерін пайдалануды жоспарлап отырғаныңызды жазыңыз. Сондай-ақ, неліктен осындай материал өзекті болмағын да негіздеп беріңіз.

Іріктеуден сәтті өткен кандидаттар 200 Еуро көлемінде стипендия алады. Өзге қалалардан келетіндерге қосымша 150 Еуро тұрғын жайға беріледі.

Өтінімді мына email бойынша s.dzardanova@osce-academy.net (Светлана Дзарданова, Бішкектегі ЕҚЫҰ академиясының зерттеулер мен тренингтер жөніндегі үйлестіруші) 2015 жылғы 15 сәуірден кешіктірмей жіберу керек.

Қосымша сұрақтармен (+996) 312 543 200 телефонына хабарласуға болады.

Онлайн видеотрансляцияға арналған 3 мобильдік қосымша: Periscope, Meerkat, Stre.am

2015 жылғы 26 наурызда Twitter Periscope.tv мобильдік қосымшасын іске қосты. Оның көмегімен пайдаланушылар онлайн видеотрансляция жасауына, болып жатқан оқиғаны твиттерде немесе тікелей periscope.tv өзінде қадағалап отыруына болады.

Қосымша тегін, қазірше тек iOS-тағы құрылғылар үшін бар, алайда жақын арада Android-нұсқасы шығады деп жоспарланып отыр.

Трансляция бастау үшін твиттердегі аккаунт арқылы тіркелу керек, содан кейін сервис танымал авторларға жазылып, өзіңіз твиттерде ілесетіндерді тізімге қосуды ұсынады.

Онлайн бағдарламаның атын қоямыз, видео жалпыға жария бола ма, әлде тек твиттердегі оқырмандарыңыз көре ала ма — соны белгілеп, геолокация функциясын реттейміз.

Тіпті твиттердегі жазылушыларыңыз арасында трансляция басталғаны жөнінде хабарлама алады-ау дегендер көп болмаса да, periscope.tv-да әр жаңа бағдарламаға көрермен табылады: біз 17 секунд ішінде 17 қаралым жинадық.

Трансляциядан кейін қанша пайдаланушы оны көріп, қаншасы баға беріп, пікір қалдырғанын статистикадан біле аласыз. Видеоны мобильдік құрылғыда да, қосымшаның өзінде де сақтап қоюға, браузер арқылы ашып көруге болады.

Periscope — твиттерде онлайн видеотрансляция жүргізуге арналған алғашқы қосымша емес. Бір ай бұрын Life on Air компаниясы осыған ұқсас, аз уақыт ішінде дүние жүзі бойынша танымал болып кеткен сервис — Meerkat-ты шығарған.

Мұнда да твиттердегі аккаунтыңыз арқылы тіркелесіз, трансляцияны бірден бастауға немесе белгілі бір уақытқа жоспарлап қоюға болады. Трансляция кезінде артқы камераны қосу функциясы, көрермендерге арналған чат мүмкіндіктері бар.

Қызықты пайдаланушылар табуға немесе ең танымал деген ағымдағы видео жасаушылар тізімін қарауға болады. Сіздің твиттердегі жазылушыларыңызға трансляция басталғаны жөнінде автоматты түрде хабарлама келеді, ал дайын видео сіздің мобильдік құрылғыңызда сақталады, сервисте видео сақтау қызметі көзделмеген.

Трансляциялардың барлығы жалпыға жария. Қосымша тек iOS пайдаланушылары үшін ғана бар, алайда трансляцияны браузер арқылы көруге де болады.

Stre.am алдыңғы сервистерден өзінің «әлеуметтілігімен» ерекшеленеді — тіркеліп, өз аккаунтыңызға пайдаланушылар назарын аудару үшін, сіз тек Твиттердегі ғана емес, Facebook-тағы да, Google+ аккаунтыңызды да пайдалануыңызға болады.

Қосымшаның басты кемшілігі — трансляцияны браузерде көру мүмкіндігі жоқ. Видеоны мобильдік құрылғыда сақтап қоюға болады, сервистің өзінде ол 24 сағат қана сақталып тұрады.

Stre.am қосымшасын Android та, iOS та пайдаланушылары қолдана алады.

Сіздің ілесушілеріңіздің бәріне арналған чат, шынайы уақыт режимінде трансляциялар тізімі бар.

Мобильдік құрылғылар көмегімен онлайн трансляция жасау күннен күнге танымал болып барады. Сондықтан, үш қосымшаның да кемшіліктері бар екеніне қарамастан, олардың көмегімен медиа қазір өз аудиториясын арттырып отыр. 

F8 конференциясында ұсынылған Facebook-тегі 6 өзгеріс

2015 жылғы 25-26 наурызда Сан-Францискода өткен Facebook F8 конференциясында дүние жүзінің ең ірі әлеуметтік желісі ең жаңа әзірленімдері мен жаңадан енгізілген өзгерістерін көрсетті.

Бұл іс-шара — әлемдегі ең күтілетін интернет-оқиға. Біз фейсбук қолданушылары алдағы уақытта танысатын алты ең қызықты өзгерістерді ұсынамыз.

1. 360° видеоролик. Енді фейсбукта сфералық видео салып, қарауға мүмкіндік болады.

2. Share Sheet функциясы – жазбаны алдын-ала қарау. Ол хабарламаларды недәуір қызықты, нақты пайдаланушыларға арналған, соларға әсер ете алатындай етіп жасауға мүмкіндік береді.

3. Қосымшаларды сараптауға арналған тегін құрал, оның көмегімен әзірлеушілер пайдаланушылардың іс-әрекеті туралы ақпаратты, сондай-ақ, демографиялық — жасы, жынысы, қайда тұратыны туралы мәліметтерді жинай алады.

4. Орнатылатын плеер. Енді қолданушылар фейсбуктағы видеоны өз сайтына не блогына орнатуға мүмкіндігі бар.

5. Пайдаланушылардың компаниялармен тікелей байланыс жасауына арналған «Бизнес Мессенджер» (Messenger Business) функциясы. Messenger Business арқылы клиенттер бизнес ұйымдарымен тікелей келіссөздер жүргізіп, іскерлік процестердің барысы жөнінде бәрін біліп отырады деп жоспарланып отыр.

6. Пайдаланушылар брендтердің парақшаларында қалдырған жазбалар мен FB арқылы авторизация жасауға болатын сыртқы сайттардағы пікірлерді синхрондап отыруға мүмкіндік беретін пікір қалдырудың жаңа жүйесі.

Tagboard – хештег бойынша онлайн-мониторинг

Tagboard.com — әлеуметтік желілердегі жазбалардан хештег негізінде бөлек топтама жасауға мүмкіндік беретін қарапайым сервис.

Құралды не үшін қолдануға болады?

  • Фейсбуктағы, твиттердегі, инстаграмдағы белгілі бір тақырыптағы жазбаларды бір мезгілде агрегация жасау үшін. «Таспа» шынайы уақыт режимінде кім, қай әлеуметтік желіде қандай хабарлама қалдырғанын қадағалап отыруға мүмкіндік береді.
  • Бұл – кез келген іс-шара мен оқиға барысында мониторинг жасауға жақсы тәсіл – журналист қосымша ақпаратты ол шыға салысымен алып отырады.
  • Трендтер, қосымша дерек көздерін, пікірлерді іздеу үшін.
  • Хештег бойынша іздеу нәтижелерін сараптап көріңіздер. Пайдаланушылар контенті материалға керемет үстеме болады. Мысалы, #наурыз деген хештег бойынша іздеу нәтижелерінің бір бөлігі ғана.
  • Өз «таспаңызды» жасау үшін.

Әлеуметтік желілердегі #digitalmediaca хештегімен жарияланған жазбалар.

Сервисті тіркелмей-ақ қолдана аласыздар, нәтижесін твиттер, фейсбукта сілтеме арқылы бөлісуге болады.

Ал аккаунт ашсаңыз — жекелеген блоктарды өз сайтыңызға орнатып қоюға, мониторинг жасау үшін әлеуметтік желілерді таңдауға, статистика алып отыруға мүмкіндік болады.

Құралдың базалық нұсқасы тегін, ал кеңейтілген мүмкіндіктер алу үшін Tagboard командасына жүгіну керек.

Фейсбук, твиттер немесе инстаграмдағы аккаунт арқылы тілкелуге болады.

Өтінімді өңдегеннен кейін сервис сізге релевант хештегтерді ұсынады және негатив, позитив немесе бейтарап деп жазбалардың жалпы эмоциялық бағытын көрсетеді.

«LongRead — интернетте ақпарат ұсынудың жаңа форматы» тақырыбында вебинар

2 сәуір күні Астана уақытымен сағат 20.00-да Ольга Каплина «LongRead жасау» тақырыбында вебинар өткізеді.

LongRead — иллюстрациялар, видео, интерактив карталар, фото, тағы басқа да элементтер көмегімен оқырманды сол шежіреге бойлай енгізетін көлемді мәтіндік материал ұсыну формасы.

Вебинарда LongRead материалдар әзірлеудің жоспарлау, контент дайындау, жеке блоктарын жасау, форматтарын анықтау сынды негізгі ережелері туралы айтылады. LongRead материалдар әзірлеу tilda.сс платформасын мысалға ала отырып түсіндіріледі.

Тренер – медиаэксперт, медиатренер, Internews Network-тың Орталық Азиядағы бизнес дамыту жөніндегі аймақтық кеңесшісі, e-event.kz мультимедиа агенттігінің директоры Ольга Каплина.

Вебинарға қатысу үшін сілтемемен өтіп тіркелу қажет.

Назар аударыңыз! Вебинарға тек Google Chrome, FireFox, Opera браузерлері арқылы қатысуға болады.

«LongRead — интернетте ақпарат ұсынудың жаңа форматы» тақырыбында вебинарды Internews Network ақпаратқа қол жеткізуді қолдау жобасы аясында, АҚШ халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) көмегімен ұйымдастырып отыр.

Қазақстандық БАҚ үшін цифрлік қосымша әзірлеу жөніндегі байқау

Сорос-Қазақстан қорының Медиа бағдарламасы қазақстандық баспа және электрон БАҚ арасында iOS немесе Android жүйелері үшін, планшеттерге арналған қосымша әзірлеу жөнінде гранттар алуға байқау жариялады.

Байқаудың басты шарты — жұмысқа кәсіби әзірлеуші компанияларды тарту. Грант тек цифрлік қосымша әзірлеуге ғана беріледі. Жобаның бюджеті 1 900 000 теңгеден аспауы тиіс.

Байқауға қоғамдық-саяси және іскерлік журналистика бағытындағы аймақтық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары қатыса алады.

Байқаудың мақсаты: 

  • Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына аудиториясын кеңейту үшін цифрлік қосымшалар әзірлеуге мүмкіндік беру;
  • Мультимедиалық жаңалық контентін ілгерілету мақсатымен баспа және электрон БАҚ арасында инновацияларды дамыту;
  • Цифрлік технологиялар нарығындағы бұқаралық ақпарат құралдары тұрақты дамуының жаңа үлгілерін енгізу.

Жобаны бағалау шарттары:

  • жобаның байқаудың мақсаттары мен басым жобаларына сәйкестігі;
  • бұқаралық ақпарат құралының тұрақты кең оқырман/тыңдарман/көрермен аудиториясы болуы;
  • идеяның инновациялығы: сапалы мультимедиалық контент әзірлеу және ілгерілету үшін цифрлік технологияларды қолдану;
  • цифрлік қосымшаны әзірлеу жөніндегі жоғары функционалдық, баға және орындалу сапасы бойынша талаптарға сай келетін техникалық тапсырма болуы;
  • өтінім берушінің жобаны жүзеге асыру үшін басқару әлеуеті және техникалық мүмкіндіктері болуы.

Өтінім беруші:
Өтінім үлгісін толтырып;
Техникалық тапсырма әзірлеуі тиіс.

Өтінім беру мерзімі:
2015 жылғы 30 сәуірге (Астана уақытымен 17:00) дейін. Осы мерзімнен кеш келіп түскен өтінімдер қарастырылмайды.

Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 6 ай

Жалпы грант қоры – 5 700 000 теңге

Байқауға өтінім беру реті:
Байқауға келіп түскен өтінімдердің бәрін Сорос-Қазақстан қоры Медиа бағдарламасының Сарапшылар комитеті қарастырады. Сарапшлыр комитеті өтінім берушіден қосымша ақпарат сұратуға құқылы.

Өтінімдерді «Цифрлік қосымша-2015» деген белгімен мына e-mail бойынша жолдау керек: application@soros.kz және sorosapplication@gmail.com. Өтінім тіркелгеннен кейін өтінім берушіге растау хат жолданады.

Өтінім берушілер назарына:
Өтінімдер рецензияланбайды және қайтарылмайды. Сороc-Қазақстан қоры қабылданбаған өтінімдер бойынша түсініктеме бермейді.

Қосымша ақпарат алу үшін Медиа бағдарламасының үйлестірушісі Дария Цыренжаповаға хабарласыңыздар: media@soros.kz немесе +7 (727) 250 38 11 (вн. 105).

Өтінім үлгісі

«Цифрлік ортадағы медиа: даму мүмкіндіктері» атты халықаралық конференция

Ұйымдастырушылар: Қазақстандағы Internews Network өкілдігі, Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау қоры.

Орталық Азиядағы АҚШ халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) қолдауымен.

Серіктестер: Интерньюс-Қазақстан, Актуальные технологии: ТВ, Сорос-Қазақстан қоры, Қазақстандағы ЕҚЫҰ орталығы, «Центр Алма-Ата» мейрамханасы, Nikon

Өтетін уақыты: 17-18 наурыз, 2015 ж.

Өтетін орны: Рахат Палас Отель, Алматы.

«Цифрлік ортадағы медиа: даму мүмкіндіктері» атты халықаралық конференция — Internews-тің Ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі жобасы аясында АҚШ халықаралық ынтымақтастық агенттігі (USAID) қолдауымен жүзеге асырылатын жоба.

Конференция Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау және дамыту қорымен бірлесе отырып ұйымдастырылған.

Бұл — Орталық Азияда Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін өткізіліп отырған алғашқы халықаралық конференция. Қатысушылар — аймақтағы тәуелсіз медиа басшылары, топ-менеджерлері мен техникалық директорлары.

Конференцияның міндеттері: аймақтық ынтымақтастықты қолдау және дамыту, аймақтағы іргелес елдерден келген қатысушылар арасында тәжірибе алмасу, цифрлену және экономикалық дағдарыс жағдайында медиакомпанияны басқару жөнінде басшыларға практикалық кеңестер ұсыну.

Конференция бағдарламасында өзекті тақырыптар талқыланады: «Медиакампания үшін бренд», «Дағдарыс кезеңінде медиа үшін тұрақтап қалу әдістері», «Цифрлік хабар таратуға көшу — мәселелер мен перспективалар», аймақтық медиа өкілдері үшін жаңа медиатехнологиялар мен табыс табу жолдары жөнінде шеберлік сабақтары.

Тәжірибелі эксперттер: журналист, Жоғары экономика мектебінің коммуникация, медиа және дизайн факультетінің профессоры Анна Качкаева (Мәскеу), «МедиаБренд» конференциясы және байқауының директоры, OneProudProduction бас продюсері Регина Юркина (Мәскеу) және журналист, радиожүргізуші, «Серебряный Дождь в Барнауле» радиостанциясының бас редакторы, «Ақпараттық сайттың жарнамалық мүмкіндіктері» курсы авторларының бірі Анастасия Снегирева білімдері мен тәжірибесін ортаға салады.

Конференция барысында техникалық қызметкерлерге арналған презентациялар мен шеберлік сабақтары ұсынылатын көрме жоспарланған. Онда қатысушылар «Актуальные технологии: ТВ» компаниясы ұсынатын телевизиялық жабдықтар саласындағы қазіргі заманғы технологиялармен таныса алады.

Конференция бағдарламасына мүдделі БАҚ өкілдері аймақтарда ілгерілету үшін өз контентін көрмеде ұсынуға мүмкіндік алатын сессия қосылған.

Халықаралық конференция туралы толығырақ ақпарат алу үшін мына телефондарға хабарласыңыздар: + 7 727 270 41 30, 315 50 31 (қосымша 1514).

«Тайм-лайн жасауға арналған сервистер» тақырыбындағы вебинар

Тайм-лайн – интерактив шежірелер құруға арналған мультимедиа құралдарының бірі.

2015 жылы 11 наурызда өтетін вебинарда тайм-лайн жасауға арналған қандай сервистер бар және олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай екенін айтамыз.

Нақты мысалдарды қарастырып, уақыт желісін пайдалану қандай жағдайда материалға аудитория назарын аударуы мүмкін екенін анықтаймыз.

Онлайн-мастер-класс тайм-лайн жасайтын құралдарды меңгермеген журналистерге, редакторларға, блогерлерге пайдалы болмақ. Тіпті, контент жеткізудің осы формасы сізге таныс болса да, жаңа сервистер мен қосымшалар туралы көп мәлімет аласыз.

Вебинарды Newsroom2.0 жобасының мультимедиа менеджері, newreporter.org сайтының редакторы Анна Сухачева жүргізеді.

Вебинарға қатысу үшін сілтемемен өтіп тіркеліңіз.

«Тайм-лайн жасауға арналған сервистер» тақырыбындағы вебинарды Internews Network өкілдігі АҚШ халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) қолдауымен ақпаратқа қол жеткізуді қолдау жобасы аясында өткізеді.

Журналистерге арналған стипендиялық бағдарлама: Финляндияға сапар

Жаңа бастап жүрген журналистер Финляндияда өтетін шетелдік тілшілерге арналған бағдарламаға қатысуға өтінім беруіне болады.

Финляндия сыртқы істер министрлігінің қолдауымен жасалған бағдарлама студенттерге шетелдік тілшілердің жұмысы жөнінде толығырақ біліп, Финляндиямен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Қатысушылар кәсіпқой журналистермен және саясаткерлермен кездеседі, демалыс күнін фин отбасымен бірге өткізіп, экскурсияларға қатысады.

Бағдарлама 10-18 тамыз аралығында өтеді.

Стипендия ұшақ билетін, студенттік жатақханада тұру құнын, тамақтану және шараларға қатысу ақысын өтейді. Ағылшын тілін еркін меңгерген, 1986-1995 жылдар аралығында дүниеге келген талапкерлер қатыса алады.

Бағдарламаға мына елдердің азаматтары қатыса алады: Қазақстан, Ресей, Украина, Бразилия, Қытай, Мысыр, Эфиопия, Франция, Германия, Үндістан, Индонезия, Мексика, Норвегия, Польша, Корей Республикасы, Сауд Арабиясы, Испания, Түркия, Құрама Корольдік және Америка Құрама Штаттары.

Өтінімдер 15 наурызға дейін қабылданады.

Толық ақпарат алу үшін сілтемемен өтіңіз.