ДомойМедиа үніРепортажды "өлтіру"

Репортажды «өлтіру»

Репортажды «өлтіру»

Алеся Лонская, медиатренер,

«Репортаж жазып, жариялау»курсының авторы

Оқырманыңызды соңына дейін оқымай, қашып кетуге мәжбүрлеңіз! Оның мәтініңізге деген қызығушылығы бірінші абзацтан-ақ жоғалсын!

1. Мақала тақырыбы әдемі нақыл сөзден не қанатты тіркестен тұрсын. «Еш шекіспей бекіспес!», «Ер қанаты — ат», «Наша — өлтіреді», т.б. Бұл тақырып атауларының бәрі оқырманды сіздің мәтінді оқуға емес, мүлде басқа жаққа қаратып жіберетіні ештеңе етпейді. Есесіне, редактор сіздің ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамайтыныңызды түсінеді. Одан да абзалы — тақырып атау қалыпты шаблон болсын. «Өрт қауіпсіздігі жөніндегі кезекті рейд болып өтті». Керемет! Бұдан арғысын ешкім оқымайды. Есесіне, аудандық ТЖК басшылығы лайықты баға береді.

2. Лид та бәрі білетін ақпараттан басталсын. «Соңғы кездері спортпен айналысатындар саны артып келеді: біреулер коньки, енді біреулер шаңғы тебеді, енді біреулер тіпті скейтпен жүреді. Бос уақытты өткізудің осы бір түрлері бәрімізге кешке тынығып, балаларымызбен бірге болуға мүмкіндік береді». Ары қарай репортаж жаңа скейт-парктің ашылуы туралы болатыны маңызды емес, тіпті ол сөз арасында айтыла салуы да мүмкін, бастысы — оқырманды тақырыпқа жайлап, алыстан айналдырып ертіп келу.

3. Репортажды үйден шығып, оқиға орнына бара жатқаныңыз туралы жазудан бастаған жөн. Тіпті, көлікке қалай отырғаныңыз, терезеден қандай көріністі көргеніңізді де жаза кету керек.

4. Оқиға орнына келдіңіз бе? Тоқтаңыз! Оқырман ол орынның тарихын білмейді ғой! Оқиғаның немесе ол болып жатқан орынның тарихы туралы үш-төрт абзац жаза кету керек.

5. Оқиға туралы жазуға кіріспес бұрын, алдымен не көргеніңізді сипаттай кетіңіз. Мысық көрдіңіз бе — мысық туралы жазыңыз. Оның түрін, түсін, қылықтарын егжей-тегжейлі сипаттаңыз. Және, әрине, сол кезде сол жерде ауа райы қандай болғаны да аса маңызды.

6. Содан кейін бәрін ретімен жазыңыз. Сөз сөйлейтіндердің бәрін атағына қарай тізіп шығыңыз. Ешкімді ұмытып кетпеңіз! Олардың айтқан сөздерінің бәрін бір әрпін қалдырмай цитата қылыңыз, әйтпесе ренжіп қалар.

7. Детальдар, диалогтар мен әрекетті сипаттаудың орнына клишемен жазыңыз: бәрінің көңіл-күйі керемет, (оның неден көрінетіні маңызды емес, бастысы — жұрт сізге сеніп қалады!), бәрі риза болды, сұрақтардың бәріне жауап алынды, мейрам өз мәресіне жетті, ұйымдастырушылар жарады, сыйлық алғандар рахмет айтты, ду қол шапалақтар толастамады. Бәрін мақтаңыз, тек айналаңызда болып жатқанның бәрі көрер көз үшін ғана жасалып жатқанына мән бермесеңіз болғаны.

8. Комментарий керек болса — алдымен бастықтан бастаңыз және міндетті түрде «Осы шарадан қандай әсердесіз?» деп сұраңыз. Оқырманға мүлде басқа сұрақ, мысалы, мерекені ұйымдастырушылар неліктен ауладағы тұрғындардың бәрінің көліктерін шығарып тастағаны қызық екені маңызды емес. Оны мүлде айтпай-ақ қойған абзал, жұрт мерекені тойлап жатыр емес пе.

9. Сөйлемдер ұзын-ұзын болуы тиіс. Екі сабақтас, үш салалас. Редактор сіз қандай шұрайлы тілмен жаза алатыныңызды, метафораңыздың байлығын көруі тиіс қой.

10. Репортажды «шаршасақ та, риза көңілмен біз…» деп басталатын абзацпен аяқтаңыз. Соңында тағы бір ақыл-нақыл қосып қойыңыз: тарихты естен шығармау керек, қоқысты қоқыс жәшігіне тастаңыздар, ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді сезінейік, мүгедектер де адам, жетім бала — үйге құт әкеледі.

 

Назгүл Қожабекова
Назгүл Қожабекова
Медиатренер, аудармашы, редактор,медиатренер. Сторителлинг мектебі жобасының авторы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР