Тележүргізуші Билл Косбиді жыныстық зорлық көрсетті деп айыптаған 35 әйел туралы New York Magazine журналының мұқабасына шыққан материалды көптеген себептермен озық деп санауға болады. Онда барлығы: әйелдердің бәрі орындықта отырған сурет қойылған мұқаба суреті де; мәтіннің сапасы мен тереңдігі де; авторлар зорлық құрбандарының әрқайсының дара тарихын баяндау үшін таңдап алған мәнері де, тіпті журнал басылымның баспа да, цифрлік те мүмкіндіктерін қалай пайдаланғаны да ерекше.
Материалды бұлай ұйымдастыру әлеуметтік медиамен, әсіресе Instagram желісімен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді. Осы жобада журнал алғаш рет «аудиограммаларды» қолданды. Әр аудиограмма — әйелдің бастан кешкен оқиғасын баяндайтын фотосуретке салынған аудиоклип. Онда зорлық құрбандығы басынан кешкенін өз аузымен баяндап береді.
Аудитория тарту жөніндегі редактор Лэйнна Фейдердің айтуынша, материал әзірлеудің зерттеу кезеңі аяқталып, оны жариялауға дейін бір ай мерзім қалған кезде, журнал қызметкерлері әлеуметтік желідегі жұмысты қалай ұйымдастыруды ойлана бастаған. Олар осы оқиғаны «тірілтетін» әлдене жасағысы келіп, журналдың ауқымды аудиториясы бар платформаларды қолдануды ұйғарады (журналдың Instagram аккаунтына 260 000 адам жазылған).
«Біз қысқа ғана – 15 секундтық – видео, не жай ғана фотосурет салуды ойлағанбыз», – дейді Фейдер.
Ақыр аяғында, қысқа видеоның орнына фотосуретке аудио салу идеясы барлығына ұнаған.
«Бұл мүлде өзгеше тәжірибе, – дейді Фейдер, Instagram желісіндегі жобаны журналдың өзге сайттарындағы кампаниялармен салыстыра отырып. – Біз мұны өзгеше өнім ретінде қарастырамыз».
Оның үстіне, осы материал жарияланғаннан кейін, New York Magazine сайтының жұмысы тоқтап қалған кезде, пайдаланушылар ол әйелдердің не туралы айтқанын осы Instagram-нан ғана тыңдай алды.
Ең танымал аудиограмма – Джойс Эммонс әңгімесінің жазбасы – 2135 «лайк» жинады. Фейдердің айтуынша, өзінен басқа, үш әлеуметтік желі редакторы, фотографтар мен дизайнерлерден тұратын командасының кем дегенде он мүшесі осы Instagram-дағы жобаны әзірлеуге қатысқан екен.
Косбиді айыптаған әйелдердің айтқандарын іріктеу біраз әуресі көп жұмыс болды, дейді Фейдер, өйткені, сұхбат материал жарияланардан бірнеше күн бұрын ғана алынған екен.
«Материалды жариялауға екі күн қалғанға дейін видео қарап, аудио тыңдап отырдық», – дейді Фейдер.
Ақыр аяғында, аудиограммалардың негізгі мәтіні журналдың баспа нұсқасында жарияланған материалдан, ал аудио — материалды әзірлеу кезінде жасалған видеосұхбаттардан алынған. Сондықтан, бұл контент арнайы Instagram үшін жасалған деуге болады, дейді Фейдер.
Осы жобадағы ең көп «лайк» жинаған аудиограмма.