Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауына аптадан аз уақыт қалды. Журналистер мен редакциялардың алдағы күндері сайлау барысынан және сайлау учаскелеріндегі дауыс санау процесінен хабар таратқанда неге мән беруі қажетін баяндаймыз. Сайлау барысынан хабар таратқанда не білу керегін бұған дейін мұнда және мұнда жазғанбыз.
Абайлаңыз: қоғамдық пікірге сауалнама
«Жаңа репортер» бұған дейін БАҚ редакцияларына қоғамдық пікірге сауалнама жүргізгенде абай болуға кеңес берген. Өкінішке қарай, қаупіміз расқа айналды. Бірнеше редакция сайттарында сауалнама жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін де БАҚ редакциялары қоғамдағы өзекті және саяси тақырыптарға қатысты апталық әдепкі онлайн-сауалнама жариялап келді. Басқа уақытта ешкімді де қызықтырмайтын сауалнамалар сайлау науқаны кезінде айыппұлға ілінді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу және соны жариялау талаптары қатаңдатылды. Өкінішке қарай, «қоғамдық пікірге сауалнама» термині сотта да, ҚР ОСК-ның да түсіндірмесінде кең мәнге ие екені соншалық, бұған арнайы әлеуметтік қызметтер де, кез келген жеке не заңды тұлғалар да телефонмен және онлайнда жүргізетін сауалнамалар енеді. Мұның қатарында БАҚ та бар. Сауалнама репрезентативті іріктеліп, белгілі бір әдістемеге сәйкес жүргізіле ме әлде бір медианың аудиториясына жасала ма – маңызды емес.
Дауыс беруге алты күн қалды (3 маусым, дүйсенбі)
- Ешқандай сауалнама жүргізбеңіз;
- Егер қоғамдық пікірге сауалнама негізіндегі материал жарияласыңыз, сол сауалнаманы кім жүргізгенін міндетті түрде тексеріңіз. ҚР Орталық сайлау комиссиясы хабарлағандай, өздерінің қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу қызметі жайында тек екі ұйым: «Қоғамдық пікір институты» ҚБ және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС хабардар етіпті.
- Материалды жариялар алдын міндетті түрде: сауалнама жүргізген заңды тұлғаны, сауалнамаға тапсырыс берушіні және ақысын төлеушіні, сауалнама жүргізу мерзімін, ақпаратты жинау әдісін, сұрақтың дәлме дәл тұжырымын, сұралғандар санын және сауалнама нәтижесінің дәлсіздік пайызын көрсетіңіз.
Дауыс беруге бес күн қалды (4 маусым, сейсенбі): Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні Интернет желісінде жариялауға жол берілмейдi.
«Тыныштық күні» (0 сағат, 8 маусым, сенбі): кандидаттардың үгіт-насихат материалдарын жариялауға болмайды. Сайлауалды үгіт-насихат аяқталды. «Тыныштық күнінде» алдын интернетте жарияланған үгіт-насихат материалдары ғана бұрынғы орнында сақталуы мүмкін. Бұрын жарияланған материалдарды интернет-ресурстардың бас бетіне шығаруға болмайды.
Дауыс беру күнінде (9 маусым, жексенбі):
- БАҚ өкілі-журналистері дауыс беру басталғаннан аяқталғанға дейін, сондай-ақ, дауыс санау кезінде сайлау учаскелерінде бола алады. Өзімен бірге жеке куәлігі және редакция тапсырмасы болуы қажет.
- Сайлау учаскелерінде дауыс беру барысын өз орнынан бақылауға, ғимарат ішінде фотовидеотүсірім жасауға болады. Дауыс беру кабиналарына кіруге және ішін фотовидеоға түсіруге болмайды.
- Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге болмайды. Шынтуайтына келгенде, сайлаушылардан кімге дауыс бергенін сұрауға болмайды.
- қоғамдық пікірге сауалнама нәтижелерін, сайлау нәтижелеріне болжамдарды, сайлауға қатысты басқа да зерттеулерді жариялауға, кандидаттарды қолдауға бағытталған онлай-дауыс беруді жүргізуге болмайды.
- Журналистер бюллетень толтыруға көмекті қажет ететін сайлаушыларға дауыс беру кезінде көмектесуіне болмайды.
- Журналистер де бақылаушылар сияқты дауыс беруге арналған үй-жайдан тыстағы дауыс беру туралы хабардар етілуі міндетті. Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыста дауыс беретін жағдай болса, бақылаушылар немесе кандидаттардың сенімді өкілдері сайлау учаскесіне келіп дауыс бере алмайтын сайлаушыларға дауыс беру урнасын алып барарда бірге жүруіне болады.
- Журналистер дауыс беру аяқталғаннан кейін дауыс санау барысына қатысуына және бақылауына болады. Дауыс санау сағат 20:00-де басталып, қорытындысы шыққанға дейін үзіліссіз жалғасады (бірақ 12 сағаттан аспайды). Дауыс беруге арналған үй-жайдағы дауыс санау өтетін үстелдер сондағы адамдардың бәріне де учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің іс-қимылдары көрінетіндей етіп қойылады. Дауыс санауға қатысатын сенімді өкілдер және бақылаушылар олардың іс-әрекетін бюллетендегі белгілер көрінетіндей қашықтан бақылайды.
Дауыс санау тәртібі
Әрбір кандидат бойынша дауыстарды жеке санайды. Комиссия төрағасы дауыс берудің аяқталғанын хабарлағаннан кейін сәйкес сайлау комиссиясының дауыс беру бюллетендері салынған урналарды ашады. Дауыс беру аяқталғанға дейін сайлау жәшігін ашуға тыйым салынады.
Ең алдымен учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушылардың тізіміне қарап, бюллетень алған сайлаушылардың санын есептейді, осылайша жалпы санын шығарады. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы не комиссияның оны алмастыратын мүшесі есептеу нәтижесін хабарлайды және дауыс беру нәтижесі жазылатын хаттамаға енгізеді.
Ең алдымен жылжымалы сайлау жәшіктері, сосын дауыс беруге арналған үй-жайда қойылған сайлау жәшігі ашылады. Сайлау бюллетендерін санағанда комиссия төрағасы немесе комиссия мүшесі қатысушыларға сайлау бюллетенін көрсетеді және сайлаушының таңдауын жариялайды. Осылайша бюллетендер сәйкес кандидаттың бумасына немесе жарамсыз бюллетендер бумасына қойылады.
Назар аударыңыз: Жылжымалы сайлау жәшігінен шыққан бюллетендер саны lауыс беруге арналған үй-жайдаy тыста дауыс беруді сұраған жазбаша өтініштердің санымен бірдей болуы міндетті. Егер жылжымалы сайлау жәшігіндегі бекітілген үлгідегі сайлау бюллетендерінің саны жазбаша өтініш санынан артық болса, онда бұл сайлау жәшігіндегі барлық сайлау бюллетендері жарамсыз танылуы міндетті.
Мұндай жағдайда жылжымалы сайлау жәшігінен алынған барлық сайлау бюллетендерін жарамсыз деп тану туралы акт толтырылады. Акт қағазында ғимараттан тыстағы дауыс беруді өткізген комиссия мүшелерінің аты-жөні толықтай көрсетіледі.
Дауыстарды санау аяқталғаннан кейін дауыс беру қорытындысының хаттамасы толтырылады. Хаттамаға комиссия мүшелері қол қояды. Сол хаттама сайлау учаскесіне ілінеді. Дауыс беру қорытындысы аумақтық сайлау комиссияларына жолданып, одан әрі ҚР ОСК-ына жіберіледі.
Сайлау қорытындылары туралы хабарды Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
Сайлаудан кейін
Сайлау қорытындыларын жариялағаннан кейін 10 күн ішінде ҚР Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың қорына түскен қаржының жалпы сомасын, қайнаркөздерін жариялайды.