ДомойМедиасынБатуттар және дебаттар: апталық қорытынды телебағдарламаларға шолу. 27 мамыр – 2 маусым

Батуттар және дебаттар: апталық қорытынды телебағдарламаларға шолу. 27 мамыр – 2 маусым

Батуттар және дебаттар: апталық қорытынды телебағдарламаларға шолу. 27 мамыр – 2 маусым

Қарағандыда үрмелі батутта болған қайғылы оқиға, президентке үміткерлердің 14 жылдан бергі алғашқы дебаты. Өткен аптаның ең танымал тақырыптары осы болды. Алайда «эксклюзив» жасаған бағдарламалар барын атап өткен жөн. Өткен аптаның «эксклюзивтері» әралуан. Қайыршы-балалардан басталып марихуанаға жалғасып, гипнозшыларға ұласып, тәтті-тәпсекке дейін барды. Осылайша, өткен аптының қорытынды бағдарламалары «әрі пайдалы әрі дәмді» боп шықты. «Жаңа репортердің» 27 мамыр-2 маусым аралығындағы апталық қорытынды бағдарламаларға шолуына «Хабар», КТК, «Бірінші арна Еуразия» және ASTANA TV телеарналары енді.

«Большие новости», КТК

«Большие новости» эфирді соңғы күндердің ең төтенше оқиғасымен бастады. Кіріспесіне тың жаңалық – Қостанайда жел батутты ұшырып әкетті. Абырай болғанда, жапа шеккендер жоқ. Ғажаптан аман қалыпты. Бұл соңғы күндері батутқа қатысты үрейлі оқиғалардың үшіншісі. Солардың арасындағы ең қайғылысы – Қарағандыдағы оқиға. Қарағандыда үрмелі батутта екі бала жарақаттанып, бір бала көз жұмды. Батут проблемасы: Қазақстанда бұл аттракциондарды ешкім қадағаламайды. Ал батут бизнесі әрі табысты әрі тез қайтарымы бар бизнес екен.

Автор парктердегі үрмелі батуттардың орнына балама ретінде қымбат та қауіпсіз, яғни ойын-сауық орталықтарындағы батут кешендерін пайдалануды ұсынады.

Екінші елеулі оқиға — «Большие новости» эфирінде екінші қатарға шықты. 14 жылдан бері Қазақстанда президентке кандидаттардың сайлауалды дебаты өтпеген еді. Міне, өтті. Бірақ, бұған Қасым-Жомарт Тоқаев келмеді. Жүргізуші 2006 жылғы дебатқа Назарбаевтың да келмегенін айтып өтті. Бұл дебат журналистердің көп сұрағын тудырды. Мәселен, дебат неліктен «Дебатыжәне дискуссии» деп аталды. Мұндай тавтологияның не қажеті бар? Бірақ, дебат тақырыбына көп тоқталмады. Эфир уақытын аяса керек. Өйткені, заңға сәйкес, барлық кандидатты бірдей көрсету қажет. Ал бұған көп эфир уақыты жұмсалады.

Бұл аптада Қазақстанда «Жусан» операциясының үшінші – қорытынды кезеңі аяқталды. Сирия жерінен жүздеген қазақстандық баланы қайтарған операция. Соны айтып өткен жүргізуші жаз келіп, балалардың демалысқа шыққанын айтты. Келесі сюжеттің тақырыбы – балалар тек тынығып қана қоймай, жұмыс істейді. Ата-анасына жәрдем етеді. Бірақ, балалар омбудсменіне бұл ұнамайды. Жылдың қай мезгілінде де қала көшелерінде қайыршы-балалар көп жүреді. Не істеу қажет? Бағдарлама жүргізушілерінің бірі Анна Яломенко сюжетінде осы сауалға жауап іздейді.Бір айта кетерлігі, сюжеттің көп бөлігінде балалардың беті бұлыңғыр етілмеген. Тек кейбіреуінің бетін жабады. Автордың бетті бұлыңғыр етуді қандай ретпен қолданғанын түсіну қиын. Бұл этикаға жат әрі заңсыз әрекет саналады.

Бағдарламаның тағы басқа тақырыптарының қатарында: «Экономикалық шолу» тұрақты айдары бар. Аталған айдардың осы аптадағы тақырыптарына Қазақстанда пальма майына тыйым салудың қаралып жатқаны еніпті. Кондитерлердің айтуынша, онда тәтті-тәпсектің бағасы қымбаттайды. Қазақстанда марихуананы кім заңдастырғысы келеді? Бұған не себеп? Түрмеге түспес үшін қандай көлемді қолданған жөн? Алматылық жасөспірімдер театры балаларға қайырымдылық акциясын өткізді.

«Аналитика», «Бірінші арна Еуразия»

Бірінші арна Еуразия телеарнасының «Аналитика» бағдарламасының қазығы — бей-жай қарамаушылық туралы материал болды. Ақпараттық түрткі – Қарағандыда баланың батутта көз жұмуы. Журналистер оқиға  және биліктің кінәлілердің қалай іздегені туралы егжей-тегжейлі айтты. Сосын кенеттен батут тақырыбынан Алматыда сүңгі құлап, көз жұмған әйел, Қостанайда кірпіш түсіп, әрең аман қалған әйел туралы тақырыпқа ойысты.

«Аналитика» аптаның саяси оқиғаларын тез тізіп шықты. Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Тусктың Қазақстанға сапары, Нұр-Сұлтанда Еуразиялық экономикалық одақ саммиті, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде гүл шоқтарын қою. «Жазға туфли емес, бес жылға президент таңдаймыз» деген жүргізуші президентке кандидаттар туралы да олардың сайлауалды бағдарламалары туралы да айтпады.

«Аналитика» бағдарламасының үлкен материалының бірі сұлулық клиникаларының жұмысындағы жөнсіздікке арналыпты. Көптеген дәрігерлер қызмет алушыларды сертификатсыз қабылдаған және лицензиясы жоқ дәрілерді қолданған. Сюжетте бірнеше клиниканың атауы аталғанымен ешбірінен екінші тараптың пікірін бермеген.

Бағдарлама апта жаңалықтарының үзіктерімен аяқталады. «Мелочей не бывает» айдарына ажырасулардың артқаны, бұған қазақстандықтардың атаулы әлеуметтік көмек алуға ұмтылысы әсер еткені еніпті. Тағы бір жаңалықтар үзігі Youtube стилінде жасалыпты. «Аналитика» Маңғыстау облысындағы басшылардың мүмкін төбелесін визуализациялаған.

«7 кун», «Хабар»

Тұңғыш президентке 40 минут, Нұр-Сұлтандағы ЕАЭО саммиті туралы 4 материал, екінші президенттің қызметіне аз минут және президентке үміткерлердің дебаты. «Хабар» телеарнасындағы «7 күн» бағдарламасының бар көрсеткені осы болды.

Алғашқы 15 минут ЕАЭО саммитіне арналды. Назарбаевтың стратегиялық ойлауы, келешекті көре білетін дарыны, ЕАЭО жоғары кеңесінің құрметті төрағасы атануын көрсетті. Әрмен қарай Назарбаевтың бес бастамасын айта келе, оның ЕАЭО елдері басшыларымен кездесуіне ауысты. Нұрсұлтан Назарбаевтың Нұрсұлтан Назарбаев орденімен Ресей, Беларусь және Қырғызстан президенттерін марапаттағанын да көрсетті. Армения мен Тәжікстан басшылары бұл марапаттан құр қалды.

Назарбаев университеті студенттерінің мерейтойлық университет бітіруі туралы сюжетінің де басты кейіпкері Нұрсұлтан Назарбаев болды.
Бағдарлама екінші президент Тоқаевтың қызметі және дебат туралы сюжетпен жалғасты. Репортажға барлық кандидаттың сөйлегені қысқа-қысқа еніпті.

«Басты бағдарлама», «Бірінші арна Еуразия»

«Бірінші арна Еуразия» телеарнасының қазақ тіліндегі сараптама бағдарламасы қысқа шықты. Небәрі, 27 минут. Бағдарлама президентке үміткерлердің дебатынан басталды. Жүргізушілер дебат туралы сюжет кіріспесін «Басты үміткердің өзі келмеген сөз сайысы – демократияның көрсеткіші ме, әлде көлеңкесі ме?» деп бастағаны таңғалдырды.

Сюжетке кіріспенің басты ойы – дебатқа қатысушылардың ана тіліне деген құрметіне төңірегінде өрбіді. Бағдарлама авторлары дебат тақырыбына КТК-дағы әріптестері секілді емес, эфир уақытын аямай-ақ беріпті. Барлық кандидатты көрсетіп те, сөйлетіп, сұрақтарын қойдырып та үлгерді. Тіпті біздің дебатты Киевтегі Зеленский мен Порошенко дебатымен де салыстырды.

Содан кейін жарнама арқылы саясаткерлер тақырыбынан гипноз сюжетіне өтті. Ақпараттық түрткі – интернетте гипноз көмегімен қыздарды алдап-арбап түсіруге үйрететін хабарландырулардың пайда болуы. Мұны тексеруге еркек-тілшіні емес, әйел-тілшіні жібергені қызық. Ол кәсіби гипнозшылардың пікірін алып, заңгермен сөйлесіп, гипнотерапевтпен әңгімелесіп, тіпті «гипнозға үйрететіндердің» бірімен аудиохабар алмасты.

Келесі матриал – қазақстандық жұлдыздардың челленджі – аналарының аяғын жуып беретін видеосын таратуына арналған. Журналист Мәди Манатбек бұл флешмобты сынайтын пост жазып, тіпті телеарнаға сұқбат та беріпті. Ол постында да, сөзінде де жұлдыздар осылайша өздерін жарнамалап жүргенін айтады. Авторлар сонымен қоса осы челленджге қатысқан әнші Төреғали Төреәлінің ел сахналарының бірінде кәрі кісіні залдан шығарып жібермек болғанын, бір баланың аузына түкіргенін де еске түсіреді. Ал Димаш болса баланың аузына түкірмей, қолына алып, бетінен сүйеді екен. Тілшілер мұны да кірістіріп өтеді.

Бағдарлама Қазақстанда отбасылардың атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ажырасып жатқаны туралы материалмен аяқталды. Ал Тоқаев болса мұнымен күресуді тапсырады. Сондай-ақ, мемлекеттен көмек күтпей-ақ, жаңа кәсіп игеріп, бизнес ашқан отбасыларды да көрсетті.

«Біздің уақыт», ASTANA TV

ASTANA TV телеарнасының қазақша қорытынды бағдарламасының эфирі батуттан да, дебаттан да емес, Нұр-Сұлтандағы орталық мешітте өткен Қадір түнінен бастады. Бұл аз ғана, жарты минуттық видео болды. Содан кейін 3 минут бойына елордада өткен ЕАЭС саммитін көрсетті. Литвадағы президент сайлауынан айта келе, жеңіске жеткен Гитана Науседаның «өз елін батыс пен шығыс арасындағы көпір емес, батыс екенін» айтқан сөзін берді.

Қазақстан медицинасының мәселелеріне үлкен сюжет арналыпты. Мұнда кадр жетіспеушілігі, жалақының аздығы, дәрі-дәрмектің қымбаттығы да енген. Дәрігерлердің біліксіздігінен зардап шеккен қазақстандықтар да бар. Мәселен, Шымкенттегі төрт ай бойына соқырішек диагнозы қойылмай, әбден азаптанған Александра Песецкая хикаясы.

Басқа тақырыптардың қатарында, президенттің қарапайым заттар экономикасын дамытуға 600 млрд теңге бөлгені, бірақ бұл қаржының кәсіпкерлерге жетпей жатқаны, оңтүстік өңірлердің тұрғындарын солтүстік облыстарға қоныстандыру бағдарламасы, қоныс аударғандардың тұрмысы, Өскемендегі көпір құрылысы да бөлек-бөлек тақырыпқа айналды.

Театр және жастар: неліктен жастар театрға бармайды? Міне, осы сауалдың жауабын іздеген сюжет бағдарламаның ең үлкен материалына айналды. 10 минуттан көп уақыт арнапты. Авторлар осы сауалдың жауабын аудиторияға жеткізу үшін 10 минутты сарп етеді. Жауабы қарапайым: бәріне кінәлі смартфон мен интернет екен.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне видеоэтюд көрсетумен бағдарлама аяқталды.

Бағдарламада дебат туралы ләм-мим деп жақ ашпағандары қызық көрінді. Мүлдем дебат болмағандай, өтпегендей әсер қалдырды. Президентке үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары туралы қысқа шолу жасады.

Айта өтелік, біз отандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламаларына апта сайын шолу жасаймыз. Келесі шолуымыз қызық болғалы тұр: сайлауалды науқанынның соңғы күндері, әрмен қарай сайлау аяқталады. Асыға күтеміз!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР