«Біз, яғни Орталық Азия мемлекеттері, бірінші кезекте, ақпарат алаңымыздың қандай екенін түсінуіміз қажет. Кімбіз, деңгейіміз қандай, шама-шарқымыз қандай, шегіміз қайда? «Орталық Азия елдері медиасының келбетін танытатын MediaCAMP Award байқауы осындай сауалдарыма жауап береді»» деп үміттенемін».
Бұл – Internews Қазақстан ұйымының жергілікті медиаконсультанты Асхат Еркімбайдың сөзі. Медиа-тренер әрі журналист Асхат Еркімбай – Орталық Азия аумағында алғаш рет ұйымдастырылған MediaCAMP Award журналистика байқауын үйлестірушілердің бірі. Ол Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда қатар басталған байқаудың мақсаты, номинациялары, аймақ елдеріндегі медианың өзара ерекшеліктері мен Қазақстандағы журналистиканың жай-күйі туралы әңгімеледі.
– Асхат, MediaCAMP Award аймақтық журналистика байқауын өткізу неліктен қажет болды?
– Жасыратыны жоқ, Орталық Азия елдерінің ішінде ақпараттық вакуумның пайда болғанына бірнеше жыл болды. Орталық Азия елдері шетелдік, яғни ағылшын тіліндегі ақпарат көздерінен бірін-бірі танып келді, не Ресей медиасы арқылы бір-біріне қарап отыр. Орталық Азия елдерін бір-бірімен байланыстыратын өз аймақтық медиа ойыншылары болмады. «Бұл байқау да сол олқылықтың орнын толтырудың көрінісі» деп білемін. «Қазіргі MediaCAMP Award байқауының қолға алынуы – бірінші кезекте, өзіміздің ақпарат алаңымызды түсіну» деп есептеймін. Орталық Азия – жасыратыны жоқ, әлемдік деңгейде, саясатта, экономикада алатын орны өте үлкен аймақ. Табиғи ресурстар тұрғысынан да, халық саны тұрғысынан да үлкен аймақ. Сондықтан да «біздің ақпарат алаңымыз қандай, деңгейіміз қандай, біз – кімбіз» сынды сауалдарымызға жауап табу, соны түсіну – ең алдымен өзіміз үшін қажет. Алғаш рет Орталық Азиядағы ең үздік, ең жақсы журналист материалдарына байқау жарияланып, «соның нәтижесінде осы сауалдарыма жауап табармын» деп отырмын. MediaCAMP Award байқауына қатысатын материалдарға қандай да форма таңылмаған, себебі, формадан бұрын мазмұн маңыздырақ болып тұр. Әрі экономикалық, әрі саяси факторларға байланысты ақпарат құралдарына қатысты ұстанымдарда айырмашылықтар бар. Сол себептен де бұл байқауда форматына, жанрына емес, контент мазмұнына баса назар аударылып отыр. «Байқау арқылы Орталық Азиядағы журналистиканың майталмандары өзара бір-бірін тану процесіне алғашқы қадам бастайды» деген үлкен үміт бар. Осындай үлкен процестен қалыс қалғысы келмейтін журналистер үшін жақсы мүмкіндік. Әрбір журналист, әрбір медиаұйым осы байқауға өз материалын ұсынса болады. Қазақстанға келсек, біздің медиада да қоғамға оң ықпал етіп жатқан, не жекелеген адамдардың өміріне оң өзгеріс әкелуге септескен, телевизия болсын, газет, радио болсын, онлайн болсын, қай форматта да қазақша материалдар баршылық. Журналистерге айтарым: қорықпай, тайсалмай, мүмкіндігінше, осындай байқауға қатысқаны дұрыс. Журналистік орта ұлғайып кеңейген сайын іштей даму мен кәсіби өсу жағы да жақсара түспек.
– Байқау екі кезеңнен: ұлттық және аймақтық кезеңдерден тұрады. Бес түрлі номинация бар. Бірінші кезеңі – ұлттық, яғни әр қатысушы елдің өз ішінде өтетін кезең. Мұнда бес номинацияның әрқайсысынан үш финалист анықталып, аймақтық кезеңге жолдама алады. Солай ма?
– Иә, байқау болған соң, арнайы бір іріктеу принциптері болады. Қанша дегенмен Орталық Азия медиасының ең үздіктерін анықтағалы отырмыз. Бірінші — жергілікті кезең, яғни ұлттық кезеңде байқауға келіп түскен жұмыстарды сол елдің журналистикасын жақсы білетін сарапшылар іріктейді. Әр номинация бойынша үш финалист жұмысы аймақтық кезеңге жіберіледі. Финалистер жүлде алса да, алмаса да, осы күзде Тәжікстанда өтетін, алғаш рет ұйымдастырылғалы отырған медиафестивалге шақырылады. Медиафестиваль бірнеше күнге созылады. Түрлі фильмдер көрсетіледі, кәсіби шеберлік сабақтары, тренингтер, кездесулер болады. Халықаралық әділқазылар финалистердің арасынан аймақтың үздік материалдарын анықтайды, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ең бастысы – сол медиафестиваль Орталық Азия журналистерінің, яғни аймақ журналистердің бас қосатын жақсы бір алаңына айналады.
– Байқау жарияланғанынан кейін ең көп қойылған сұрақ – байқау номинацияларына қатысты болып отыр. Бес түрлі номинация, яғни «Үкімет және қоғам», «Жәрдемдесер уақыт», «Ерлер ел ішінде», «Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты» және «Объектив» атты номинациялар бар. Қатысушылар, көбіне көп, ұсынатын материалы қай номинацияға сай келетінін түсінбейді.
– Біріншісінен бастасақ, «Үкімет және қоғам» номинациясында азаматтық қоғам немесе жеке адам мен билік арасындағы қарым-қатынасты сипаттаған түрлі форматтағы материалдар, сараптамалар ұсынылады. Басты мақсаты – қоғамдағы жағдайды, мұң-мұқтажын, мәселесін үкіметке жеткізетін немесе сол екі ортада диалог орнатуға, алаңға айналуға тырысатын, соған септесетін мақалалар. «Жәрдемдесер уақыт» номинациясына қоғамда үні шықпай жатқан топтар немесе қоғамдағы әртүрлі топтардың өкілдеріне жанашырлық таныту, жәрдемдесуге, инклюзивке, көзқарастарды өзгертуге бағытталған материалдарды ұсынады. «Ерлер ел ішінде» номинациясына кішкентай ғана ісімен оң өзгеріс жасаған немесе бизнесте, әлеуметтік мәселелерде танылып, соңынан көпті ерте білгендер жайлы материал қабылданады. Егер бір адамның жақсылығы көпке үлгі болса, сол кейіпкер де журналист те марапатталады. «Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты» номинациясына келсек, жасыратыны жоқ, Орталық Азия – демографиялық тұрғыдан өте жас мемлекет. Сондықтан материалының кейіпкері 24 жасқа дейінгі жастар болса, сондай материалды осы номинацияға ұсына аласыз. Көпшілікке айтары мен көрсетері бар балалар, жасөспірімдер және жастар туралы материалдарды осы номинациядан көргіміз келеді. Ал «Объектив» — бұл визуал номинация, яғни фотосуретке беріледі. Мұнда соңғы бір жылдағы бір оқиғаны, тарихи сәтті қас-қағымда таспалаған фотосуреттер қатысады. Сондықтан фотографтар өз жұмыстарын осы номинацияға ұсына алады. Ол номинацияның үздігі онлайн дауыс беру арқылы анықталып, кейін жүлде алған жұмыстардан фестиваль барысында көрме ұйымдастырылады.
– Қазақ медиасында көбіне-көп қай номинацияға сай келетін сапалы материалдар бар?
– Байқауға соңғы бір жыл көлемінде жарияланған материалдар қатысады. Елдегі соңғы жағдайларға қатысты қарасам, белгілі бір деңгейде билік пен халық арасында байланыс орнатуға талпынған дүниелер бар. Олар пост түрінде, не газетте, не сюжет, деректі фильм ретінде де шыққан болар. Десе де биліктің істеп жатқанын халыққа, не халықта болған дүниені билікке көрсетуге талпыныстар байқалды. Сондай материалдар бар. Қазақ журналистикасында жәрдемдесуге, жанашырлық танытуға байланысты, көңілге, эмоцияға сүйенген форматтағы дүниелер өте көп. Мысалы, бірнеше жыл бұрын студентім көшеде құжатсыз жүрген бір кісі туралы жазып, сол құжатын қалпына келтіруге септесті. «Жәрдемдесер уақыт» форматында материалдар жетерлік. Жалпы бізде барлық номинацияға сай келетін мақалалар бар. «Бірі көп, екіншісі аз» деп айтпас едім. Белгілі бір деңгейде, жақсылы-жаманды, әр форматқа келетін материалдар жарияланып жатыр. Сонымен қатар бізде балалар мен жасөспірімдерге бағытталған да арнайы басылымдар мен телебағдарламалар барын ұмытпайық.
– Қазақстан журналистикасында, яғни медиасында қазақша және орысша тілдік бөлініс байқалады. Тәжікстан мен Қырғызстанда мұндай тілдік бөлініс бар ма, әлде о жақта бізбен салыстырғанда біртілді журналистика ма?
– Бұл бөлініс Орталық Азия елдерінің барлығына дерлік тән. Түркіменстанда ғана орыс тілінің ықпалы аз болуы мүмкін. Қырғызстанда да бөлініс жағдайы байқалады. «Қырғыз тіліндегі басылым және орыстілді қырғыз басылымдары» деп айтылады. Өзбекстанда орысша басылымдардың үні құмығып шыққанымен жекелеген орыстілді журналистер бар. Тәжікстанда да тәжік тіліндегі басылымдар мен орыс тіліндегі тәжік басылымдарының арасындағы айырмашылық үлкен. Сапа тұрғысынан, сан тұрғысынан келгенде де айырмасы бар. Бұл — біздегі жағдайға тән дүние, бірақ әр елде жағдай әртүрлі формада өзгеріп барады. Бұл – біріншіден демографияға, екіншіден, әр елдегі медианы дамыту саясатына байланысты. Мәселен, Қазақстанда қазақ тіліндегі медианың дені мемлекеттің қолдауына мұқтаж болса, Қырғызстанда барынша еркін, яғни белгілі бір деңгейде нарық қалыптасып келе жатыр. Қырғыз тіліндегі ақпарат нарығы сұраныс тудырып тұрса, демек қырғыз тіліндегі журналистика о жақта кеңінен дами бастайды.
– Байқауға блоггерлер қатыса алады екен. Олар әлеуметтік желілердегі посттарымен қатыса ма, әлде материалы тіркелген БАҚ-та жариялануы міндетті ме?
– Тіркелсе, жақсы, өйткені дәлелдеуге оңай болады. Маңыздысы: «оның материалын журналистика стандартына лайықты контент деп қарастыра аламыз ба» деген сауал. Себебі қанша дегенмен бұл журналистердің байқауы ғой. Ең алдымен іріктеу кезеңінде соған көбірек назар аударады. Бізде журналист бола алмай жүрген, белгілі бір медиада қызмет етпейтін блоггерлер бар. Сондықтан да амал жоқ, жақсы, тұщымды дүниесін блоггер тұрғысынан жазып жатады. Блоггерлердің де қатысуына рұқсат ету — сондай адамдардың да қатысуына мүмкіндік беру үшін ойластырылды.
Сонымен қатар, байқауға ютуб-жобалар да қатыса алады. Егер ютуб-каналындағы видеолары журналистика талаптарына сәйкес әзірленіп жатса, онда неге қатыспасқа?! Мұндағы мәселе – жанрда емес, мәселе – контентінде, мазмұнында. Журналистік ізденістер осы интернеттегі контентте көбірек кездесетін тәрізді.
– Бізде журналистикаға қатысты ірі байқаулардың барлығы да мемлекеттің қолдауымен, мемлекет қаржысымен өткізіледі. Ал MediaCAMP Award мүлдем басқа. Сұрағым келгені – бізде, яғни Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптастыруда қай тілдегі журналистика, қазақша ма, орысша ма, қайсысы жақсырақ жұмыс істеп жатыр?
– Сөзсіз, бізде бизнес тілі – орыс тілі, азаматтық қоғамның да белгілі бір деңгейде айтары орысша. Қазақша бар болғанымен де орыстілділердің үнін көп естиміз. Бірақ, менің ойымша, мұнда бастысы — контент. «Орысшасы болсын, қазақшасы болсын, кім туралы айтып жатыр, контенті не туралы болып жатыр» деген нәрсеге қатысты келу керек сияқты. Мысалы, заңдағы өзгерістерге танытуда кім көбірек үлес қосып жатыр, не әлеуметтік мәселені шешуде қай медианың үні көбірек естіледі? Себебі «орыстілді медиа қазақ қоғамында болып жатқан мәселені үнемі көтеріп жатыр» деп айта алмас едім. Мәселен, көпбалалы аналар мәселесінде қазақтілді медианың үні көбірек естілді. Қытайдағы қандастарымыздың жағдайы туралы да қазақтілді медианың дүниесін көп естідік. Жер митингілері болған кезде қазақ тілді медианың үні көп таралды. Мемлекеттік емес болса да жалпы әлеуметтік желіде көп жазылды. Сол тұрғыдан алғанда белгілі бір тақырыптарды бөліп алған сияқты. Мәселен зейнетақы туралы, «зейнетақы қордағы ақша қайда кетті», деген тақырыптар орыс тіліндегі медиада көбірек жазылса, жер, Қытайдағы қандастарымыз тақырыбын қазақ тіліндегі медиа көп көтерді. Бір қызығы, ұят, ар туралы қазақша көп айтылып, көп жазылады да, ал зорлық жасаған қылмыскерді жазалау туралы айтқанда көбіне орысшаға көшеміз. Соған қарағанда тақырып, контент тұрғысында айырмашылық байқалатын сияқты.
– Неліктен байқауға шетелден қаржыландырылатын, не шетелдік БАҚ-та жариялаған материалдар қатыса алмайды?
– «Шетелден қаржыландырылатын медианың өз қызметкерлерін өсіруге, дамытуға мүмкіндігі көбірек» деп ойлаймын. Ал аудан орталығындағы бір басылымда немесе телевизияда қызмет ететін дарынды журналисттің ондай мүмкіндігі болмауы мүмкін. Дегенмен әзірлеп жүрген материалының салмағы ауыр болар. Сондықтан «бізді елемейді, ескермейді» деп жүрген әріптестерімізді елеп, ескерсек дейміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Айта кетсек, Internews ұйымының бастамасымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы шеңберінде аймақ журналистерінің арасында алғаш рет өтетін MediaCAMP Award байқауына өтініш қабылданып жатыр. Байқауға 2018 жылдың 1 тамызынан 2019 жылдың 31 шілдесі аралығында Қазақстан медиасында жарияланған кез-келген формат пен жанрдағы (онлайн, принт, радио, ТВ) материалдар қабылданады.
Байқауға аймақта тіркелген медиакомпанияларда штатты немесе штатсыз түрде жұмыс істейтін кез-келген журналист, тәуелсіз контент жасаушылар, шығармашылық топтар қатыса алады. Байқауға өтінішті материал авторы немесе байқауға қатысушы медиамекеме береді. Материалдар қазақ, орыс және басқа тілдерде қабылданады. Байқауға қатысу үшін өтінішті толтырып, келісім хатты (Редакция жетекшісінің келісім хат үлгісі, жеке автор хатының үлгісі) тіркеу қажет.
Өтініш қабылдаудың соңғы күні – 10 тамыз, 2019 жыл. Номинациялар және байқаудың өту тәртібі туралы толығырақ ережеде жазылған.
Іріктеу комитеті Қазақстанды қосқанда әр қатысушы елдегі ең үздік жұмыстарды анықтайды. Барлық финалистер марапаттау рәсіміне шақырылады. Бұл шара Душанбеде болатын Орталық Азияның медиафестивалі аясында (2019 жылдың 19-21 қырқүйегі аралығында) өтеді. Сонда байқау жеңімпаздарын марапаттайды. Жеңімпаздарды арнайы құрылған халықаралық қазылар алқасы анықтайды.
Қосымша сұрақтар туындаса, Қазақстанда: жергілікті бизнес-медиаконсультант Зарина Ахматоваға – Zakhmatova@internews.org және жергілікті медиаконсультант Асхат Еркімбайға – ayerkimbay@internews.org хабарласуға болады.
Жоба АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі Агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады. Бағдарлама туралы мына бөлімде, ал Қазақстандағы Internews өкілдігі туралы мұнда жазылған.