ДомойМедиасын«Жұлдызды жекпе-жек», Якубович. 7 айдағы ТОП-телебағдарламалар қайсы?

«Жұлдызды жекпе-жек», Якубович. 7 айдағы ТОП-телебағдарламалар қайсы?

«Жұлдызды жекпе-жек», Якубович. 7 айдағы ТОП-телебағдарламалар қайсы?

Жаңа телевизия маусымы басталар алдын барлық телеарна өз көрермендерін әсерлі премьераларымен таң-тамаша етуге дайындалып-ақ жатыр. Мәселен, «Хабар» телеарнасы Орталық Азияның түкпір-түкпірінен таланттарды іздейтін үлкен шоу-бағдарлама түсіретінін көктемнен бері хабарлап келеді. Осы орайда, қазақстандықтар отандық телевизияның қай бағдарламасын таңдайтынын, қаңтар-шілде аралығында қай бағдарламаларды жиі қарағанын талдадық*. Нәтижесі көңіл көншітпейді: күнделікті жаңалық шығаратын бес телеарна өзекті оқиғаларды саралау тұрғысынан көрермендерге мүлдем қызықсыз болып шықты. Тек бір телеарнаның ойын-сауық форматындағы өзі түсіретін бағдарламасы көрермен арасында кеңінен танылыпты.

«Бірінші арна Еуразия»

Телеарнаның жаңалықтар редакциясына басты бәсекелес «Поле чудес» бағдарламасының 74 жастағы жүргізушісі Леонид Якубович болып отыр. Оның капитал-шоуы алты апта телеарнаның барлық телеөнімдері арасынан көш бастапты. Ал жұмыс күндері сағат 20:00-де эфирге шығатын «Басты жаңалықтар» бағдарламасы қалған алты аптаның үздігі атанған. Осы жұптың ізін «Братаны» сериалы басып келеді. Экс-десанттардың тап келген оқиғаларын баяндайтын ресейлік сериал алты апта бойына телеарнаның ең танымал бағдарламасына айналды. Сараптама жүргізілген айлар ішінде рейтингі** шарықтаған тағы бір көпсериялы шытырман оқиғалы драма бар. Дәлірегі, «Невский. Чужой среди чужих» атты детективтің үшінші маусымы абсолютті көшбасшы атанды.

КТК

Телеарнаның кешкі жаңалықтары – абсолютті хит. 2019 жылдың 7 айында 21 рет аптаның ең көп көрілген бағдарламасы болыпты (Сараптамаға барлығы 31 апта қамтылды). 16 қаңтар күнгі эфир ең-ең рейтингті шығарылым болыпты. Сол күнгі эфирде Ксения Поляницаның мәнерлеп сырғанаудан олимпиада жүлдегері Денис Теннің өлімі бойынша соттағы жарыссөз туралы репортаж басты сюжетіне шығыпты. Бұдан бөлек, КТК телеарнасы да көрермендерін үздік ресейлік сериалдарымен қуантқан. Қаңтардан шілдеге дейінгі аралықта «Лесник» сериалы төрт рет аптаның үздігі атаныпты.

«Хабар»

Мемлекеттік телеарна басқаларымен салыстырғанда, төл ойын-сауық бағдарламасымен көрермендердің ең көп назарын аудартқан жалғыз телеарна боп отыр. Телеарна аудиториясы наурыздан мамырға дейінгі аралықта «Жұлдызды жекпе-жек» ән байқауын алты рет бірінші қатарға шығарыпты. Шоудың бірінші маусымында қазақстандық танымал орындаушылар өзара сайысқа түссе, екінші маусымында өте талантты бірақ есімі көпке кеңінен танылмаған әншілер қатысты. Үшінші маусымында есімі жалпыға беймәлім вокалистер көрермендердің алдында өнер көрсетті. Сериалдарға келсек, «Тракторшының махаббаты» отандық сабынды операсы төрт апта бойына үздікке ілінді.

Qazaqstan

Ұлттық телеарнаны көрермендер қызық сериалдары үшін жақсы көреді. «Гүлпері» түрік сериалы жеті апта рейтинг көшін бастады. Сериалдың бас кейіпкері небір қиындық көріп, талайы азаптарға душар болады. Саяси тапсырыспен күйеуін өлтіріп кетеді, балаларын тартып алады, өзін түрмеге жабады. «Оралу» отандық көпсериялы драмасы төрт апта ТОП-қа шығыпты. Бұл сериалда Батыр есімді жігіттің абайсызда кісі өлтіріп алуынан кейінгі өмірінің быт-шыты шыққаны көрсетіледі. Ұлттық телеарнаның ақпараттық-сараптамалық бағдарламалары жеті айда бір де бір рет аптаның үздігі бола алмапты.

«31 арна»

Телеарна аудиториясы Informburo жаңалықтарын жоғары бағалайды. Бұған Informburo бағдарламасының 12 апта ТОП-рейтингке ілінуі дәлел. Ақпарат редакциясы 6 ақпан — Алматы, Астана мен Шымкент әкімдіктерінің алдына көпбалалы аналар наразылық акциясын ұйымдастырған күні мол көрермен жиналыпты. Мұнымен қатар Ситерлер отбасының қайғылы оқиғасына қатысты егжей-тегжейлі мәліметтер көрсетіліпті. Сонымен қоса, бұл телеарна «отбасылық телеарна» репутациясын сақтауды сапалы түрде қолдайды. Міне, сондықтан да ең жоғары рейтингті жаңалықтар емес, «Такси» комедиясының екінші бөлімі мен Дисней студиясының «Батыл жүрек» анимациясы жинапты.

Astana TV

Соңғы жеті айдың статистикасы бұл телеарнаның өз ақпараттық бағдарламалары бола тұра «сериал көрсететін» телеарнаға айналғанын дәлелдейді. «Абысындар» үнді сабынды операсы 29 апта ең жоғары рейтинг жинаған. Сериал сюжеті талай-талай қиындыққа тап келетін әпкелі-сіңлілі екеудің айналасында өрбиді. Әзірге сериалдың 2063 эпизоды шықты. Сериал өзегінде отбасына дәстүрлі көзқарас, осыбір кішігірім қоғамдағы рөлдердің бөлінуі жатыр. Сериал мазмұны қазақстандықтарға етене таныс болғаны себепті, не басқалай себеп пе, әйтеуір «Абысындар» сериалы Astana TV жеті айға жуық рейтингтегі биігінен еш түспеді. Тақырыбы ел билігінің баян еткен қоғамдық сананы жаңғырту мәлімдемесіне сай келмегенімен де сюжеті тартымды шығып жатқанға ұқсайды.

Atameken Business

Бұл телеарнаның рейтингі салыстырға қарағанда аз (0,4%-тен аспайды), алайда көрермендерінің таңдауы жақсы әртараптандырылыпты. Жеті айға жасаған талдау нәтижесінен байқағанымыз, телеарнаның қазақ тілінде шығатын таңғы жаңалықтары басқа бағдарламалардан аз да болса алда екен. Таңғы жаңалықтар аптаның үздіктері рейтингінде бес рет бірінші болған. Орыс тіліндегі жаңалықтар ең көп қаралған бағдарламалар рейтингінде үш апта алға шығыпты. 9 сәуір күнгі жаңалықтар шығарылымы көрермендер арасында ең танымал шығарылымға айналыпты. Сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы қай күні өтетінін хабарлады.

«Жетінші арна»

Аталған телеарна 2016 жылдан бері ойын-сауық бағытына ойысып, телеарна басшылығы мәлімдегендей, жастар мен отбасына арналған төл телеөнімдерін шығаруға кіріскен. Әйткенмен, жыл басынан бері телеарнаның тек санаулы төл телеөнімі аптаның үздігі қатарына ілініпті. Ал қалған апталарда ресейлік сериалдар мен шоулар көш басын бермеген. Мысалы, «Ресей» телеарнасының «Смеяться разрешается» жобасы төрт апта бірінші орнын сақтапты. Айта кетсек, бұл жобаның жанкүйер көрермендері жастар санатынан әлдеқашан өтіп кеткен. Федор Бондарчуктің «9 рота» драмасы ең жоғары рейтинг жинапты.

СТВ

Телеарнаның жаңалықтары көрермендерді қызықтыра қоймайды. Жеті ай ішіндегі іліп аларлық контент біреу, ол – актер Максим Аверин басты рөлде ойнайтын «Глухарь» ресейлік сериалы. Ресейлік НТВ телеарнасының осы сериалы СТВ эфирінде тұтастай алғанда сегіз апта рейтинг көшін бастапты. Ал қалған кездері ресейлік әртістердің қатысуымен түсірілген әзіл-қалжың концерттер, Ресейде кең таралған алаяқ істер туралы әңгімелер мен өмірден өткен кеңес актерлері жайында деректі фильмдер рейтинг алдында жүр (Айта кетерлігі, барлық телеөнімдерді «ТВ Центр» ресейлік телекомпаниясы түсірген)

НТК

Телеарнаның ТОП-ына апта сайын не голливудтық көркем фильмдер не мультфильмдер енеді. Телеарна кейбір фильмдерді қайта көрсеткенде болмаса, әдетте телекөрермендердің таңдауы ешқашан қайталанбайды. Мысалы, «Каратэ пацан» және «Тарзан. Легенда» фильмдері апталық ТОП-ты екі рет бастаған. ТНТ-ның «Однажды в России» әзіл-қалжың шоуының да рейтингтегі жағдайы осындай. Телеарнаның өзі түсіретін бірнеше бағдарламасының ешқайсысы әзірге үздік тізімге ілінбеді.

Almaty TV

Алматы билігінің күн тәртібін танытатын телеарна өзінің ақпараттық және талдамалы бағдарламаларына көрермендерін еш тарта алмай келеді. Мұның орнына, «Ленинград 46» ресейлік сериалы жеті айдың үш аптасында рейтинг басында тұр. Бұл сериалда соғыстан кейінгі жылдардағы қылмыстың етек жаюы баяндалады. Демалыс күндері көрсетілетін «Үздік әзілдер» де үш рет үздік атанған. Таңдандырғаны, Самуил Маршактың «Кошкин дом» ертегі-пьесасы жыл басынан бері рейтинг басында көп көрінген. Өкінішке қарай, аудиторияның мұндай ала-құлалығы жергілікті телеөнімдердің сапасы туралы ләм-мим деуге мұрсат етпейді.

«Мир 24»

Статистика көрсеткендей, аймақтық телеарна жаңалықтан әрдайым хабардар болғысы келетін қазақстандықтардың сенімін ие екен. Түрлі уақытта шығатын жаңалықтары жыл басынан бері 12 рет ТОП басынан көрініпті. «Евразия. Регионы» (22 маусымдағы шығарылым) бағдарламасы жыл басынан бері қазақстандықтар ең көп қараған бағдарлама атанды. Демек, азаматтарымызды «Кубанның құпиясы» мен «Сахалиннің даңқы» қызықтырады екен, өйткені «Регион» авторлары әзірге Қазақстан туралы бір де бір хабар дайындамаған. Телеарнаның эфир статистикасы мәлім еткендей, көрермендеріміздің түрлі мазмұндағы аймақтық мәселелер мен оқиғаларға деген қызығушылығы тұрақты.

*Талдау TNS агенттігінің «Телеарнаның апта ішіндегі ТОП бағдарламасы» дерегі негізінде жасалған.

**Рейтинг – бағдарламаның потенциалды аудиториясы, мұнда ел аумағындағы теледидары бар тұрғындардың жалпы санына қатысты үлесі есептеледі. Жарнама берушілер үшін аса маңызға ие.

Мәтінде пайдаланылған суреттердің барлығы бағдарламаның скриншоты түрінде телеарнаның ресми сайтынан және YouTube-тан алынған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР