Видеода мультимедиа сторителлинг онлайн-мектебінің менторы, журналист Дархан Өмірбек сторителлинг тақырыбын анықтап алған соң, дайындықты неден бастау керегін, кейіпкерлермен сұхбаттасқанда қандай сұрақ қойып, рас-өтірігіне қалай көз жеткізуге боларын айтады.
Оқуға арналған материал
Сторителлинг курсында оқып жүріп зерттеген екінші тақырыбым — 1986 жылғы Алматы қаласындағы студенттердің демонстрациясы болған еді. Осы тақырыпты таңдап алып, Нью-Йорктен зерттеу жүргіздім. Бұл тарихи оқиға болғандықтан, бұрын-соңды жарық көрмеген материалдарды табу керек болды. Сол оқиғаның кейіпкерлерімен сұхбат құру қажет. Іздене келе осы тақырыпты Human Rights Watch ұйымы 1990 жылы өз өкілдерін Қазақстанға жіберіп, осы оқиға туралы үлкен зерттеу жүргізгенін білдім. Ол зерттеу нәтижесі баяндама ретінде 1990 жылы қазан айында жарық көрген. Бұл баяндама жарық көргенге дейінгі жазбалар менің зерттеу нысаныма айналды.
Баяндамаға 10 мың сөз кірсе, ол 10 мың сөзді жазу үшін осы ұйымның қызметкерлері жүздеген мың сөзден тұратын зерттеулер мен сұхбаттарды дайындаған еді. Менің мақсатым — осы баяндамаға енбеген детальдерге қол жеткізу болды. Бағыма орай бұл архивтер мен оқитын Колумбия университетінде сақталған екен. Бұл құжаттарда жариялауға арналмаған белгілері болды. Демек, мен құпия құжаттарды тауып мұратыма жеттім. Сонымен қоса АҚШ-та осы «Желтоқсан оқиғасына» қатысты бірнеше кітап шыққанын білдім.
Адамдар тарихи деректерді, бұрын болып кеткен оқиғаларды айтқанда кейбір есінде қалмаған детальдерді өз ойынан қоса салатынын білемін. Сондықтан тарихи деректер бойынша зерттеу жүргізгенде әр деректі бірнеше рет тексеруден өткізу қажет. Мен үшін желтоқсан оқиғасына қатысқан адамдардың 1987, 1990 жылдары берген деректері құндырақ болды. Себебі уақыт өткен сайын естеліктер көмескіленіп, қосымша ойдан құрастырылған деректермен толығып отырады. Мысалы, Алматы қаласында 1986 жылы алаңға шыққан датаның өзін көптеген адамдар «16 желтоқсан күні болды» дейді. Ал менің қолыма тиген барлық құжаттарда 17 желтоқсан деп жазылған. Оқиғаға жақын сұхбаттары шындыққа жақынырақ болады. Сіз тарихи деректермен жұмыс жасасаңыз, осы оқиға орын алған датаға жақын баспасөз материалдарына назар аударыңыз.
Сұхбатты қалай алу керек? Бізде тарихи дерекке, оқиғаға қатысты сұхбатта көбіне «Не болды? Не үшін?» деген сұрақтар қойылады. Бұл сұрақ бір емес, бірнеше рет қойылады. Оқиға куәгері бұл жауыр болған сауалға жаттанды жауабын беруі мүмкін. Бір сұраққа жауап бере берген соң кей деректерді ойынан қосып жібереді. Сондықтан сұрақты тосыннан, басқа қырынан қоюға тырысыңыз. Мәселен, «Қонаевтың қызметтен кеткенін қашан, қандай жағдайда естідіңіз, ол кезде қандай көңіл күйде болдыңыз?» деген сұрақтарды қойған жөн. Адам сол күні алаңға не үшін, қалай барғанын ойдан шығаруы мүмкін. Ал сол күні не кигенін, ауа-райының қандай болғанын, жаңалықты естігенде қайда болғанын ойдан құрай алмайды. Ол деректер шындыққа жақын болуы мүмкін. Сондықтан стандартты емес сұрақтар қойып, түбінде жатқан эмоция, детальдерді шығаруға тырысыңыз.
Деректер жинаған соң, жазуға отыру керек. Ол үшін алдымен жоспарды құру қажет. Ең тиімді жол ақ қағазға ой жүйесін схема түрінде салу. Оларды 1-оқиға, 2-оқиға деп білгілеңіз. Зерттеу детальдерінің барлығын ойда ұстау мүмкін емес, сондықтан барлық детальдерді қағазға жазып түсіріңіз. Енді тақтада немесе қағазда осы детальдерді құрастырыңыз.
Содан соң екінші жоспар жасайсыз, Екінші жоспарда негізгі оқиғаны қалай тарқататыныңызды, 1-оқиға, 2-оқиға, 3-оқиғаның байланыстырып, қайсы кульминацияға келетінін байқайсыз. Сторителлингте детальдерді осылай құрастырып алу қажет. Қағазда жоспар құрылған соң, әңгіме тізбегі құрылған соң жазуға кірісуге болады.
Ұсынылатын әдебиеттер:
|
Тақырып бойынша тапсырма: Алдағы уақытта зерттеу жүргізіп, сторителлинг жазғыңыз келетін тақырыпты таңдаңыз. Тақырып таңдау кезінде:
деген сауалдарға жауап беріңіз. |
АЛДЫҢҒЫ САБАҚ: 2-модуль. 1-сабақ. Тақырыпқа тереңдеу: «On the clock off the clock» әдісі
КЕЛЕСІ САБАҚ: 2-модуль. 3-сабақ. Сторителлингке материалдар жинау