ДомойМедиасынДәрігерлер ісі. 30 қыркүйек - 6 қазан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Дәрігерлер ісі. 30 қыркүйек — 6 қазан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Дәрігерлер ісі. 30 қыркүйек — 6 қазан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Қазақстандық дәрігерлер аптаның бас ньюсмейкерлеріне айналды. «Алматы дәрігерлерінің ісі» тынышталмай жатып, атыраулық дәрігерлерге қатысты шу шықты. Олар туралы барлық телеарна айтты. Екінші оқиғаны айта отырып, біріншісін де ұмыт қалдырмады. Әйтсе де әр телеарнаның тақырыпты қозғауында азды-көпті айырма болды.
Аптаның екінші бас жаңалығы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванға және Сочиге сапары. Бір телеарна мұны «қараңызшы, қандай селфи» мазмұнында хабарласа, қалғандары көлемді, бірақ, шынын айтқанда, кісі жалықтырар сюжеттер жасады.
Мониторингімізге дәстүрлі түрде «Хабар», КТК, «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламалары енді.

«Большие новости», КТК
Бағдарлама ҚР Денсаулық сақтау министрінің Атыраудағы тұтқындалған дәрігерлер оқиғасына қатысты пікірінен басталды. Бұл оқиғадан хабарсыз адам бағдарламаның бастапқы 1,5 минутында әңгіме не туралы екенін түсінбейді. Тек содан кейін жүргізуші Қазақстанның батысындағы перинаталды орталықта не болғанын баяндайды: сондағы дәрігерлер жаңа туған сәбиді мұздатқыш камераға қалдырып, өлтірді деген күдікке ілініпті.

Әрмен қарай тақырыпты «алматылық дәрігерлер ісіне» қатысты тергеу барысы туралы жаңалықпен жалғастырды. Журналистер бұл жолы да көрермендерді бар оқиғадан хабардар, деп ойласа керек-ті. Мәселен, дәрігерлердің қателігінен көз жұмды делінетін Нұрсұлтан Күдебаев әуел баста неліктен ауруханаға түскеніне жауап бермейді. «Жол апатынан кейін» деген түсіндірмеден көп нәрсе түсініксіз: қандай жол апаты, қандай жарақат алған? Неліктен ота жасату қажет болды? Бұл сұрақтарға жауап жоқ. Жігіттің туыстарының баспасөз-конференциясы неліктен ұялы телефон камерасына түсірілгені де түсініксіз. Баспасөз-конференциясында сөйлеген спикерлердің сөзі сапасыз жазылғандықтан айтқандарын субтитрмен бергені де назарды аудартады: әдетте мұндай баспасөз-конференцияларында тәуір камерамен түсіреді не дұрыс микрофонға дауысты жазып алады. Осы сәтте бірдеңе дұрыс болмағанға ұқсайды.

Қауіпті ұялы телефондар (Қазақстанда ұялы телефоннан ток соққан бойжеткен қайтыс болды) туралы сюжет үдемелі басталды. Шебер-сарапшылар қытайлық қуаттағыш құралдар, сапасыз қуат батареялары мен тағы басқасы қаншалықты қауіпті екенін айтып берді. Содан кейін кенеттен әдемі фото не видео түсіру үшін шатырға шығып, құлап кеткендер тақырыбына өтті. Сонда қалай болғаны: мұндай жағдайда ұялы телефон қауіпті ме?! Әрмен қарай журналист ешқандай да түсіндірмесіз, электомагнитті толқындардың адам ағзасына, әсіресе балаларға зияны туралы әңгімелеуге көшті. Тартымды материал болғанымен де «сорпаға компот құяйық, бәрібір асқазанда араласады ғой» деген түсінікпен жасалыпты.

Бағдарламаның бұл шығарылымында «Большой вопрос» атты жаңа айдардың тұсауы кесілді. Мұнда студияға қонақ шақырылады. Аталған айдардың бірінші эфирінде жүргізуші балабақшаның бала ұрып-соғатын тәрбиешілері туралы құқыққорғаушы Марианна Гуринамен сұхбаттасты.

«7 күн», «Хабар»
«Хабар» расымен де өзгеріп жатыр. Әзірге, «7 күн» бағдарламасы президентсіз сюжетпен басталмаса да аңдатпалары басқа жаңалықтардан басталады: бұл жолы бірінші аңдатпада жаңа туған сәбидің өліміне күдікті атыраулық дәрігерлер оқиғасын көрсетті. Сосын жүргізуші Александр Трухачев бағдарламаны неліктен Еревандағы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысынан бастағанын түсіндірді: «Өйткені, жаһандық қауіпсіздік мәселесі асүйде шешілмейді». Қисынды.

Сюжет әдепкі «Хабар мәнерінде» жасалғанымен де журналист оны кейбір деталдармен әрлеуге тырысыпты. Мысалы, президенттердің селфиін, қай президенттер қандай нөмірлі автокөліктермен келгенін, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда кімдерге барғанын көрсетіп өтті. Сосын тауарын Ресейге сата алмай жатқан бизнесменді көрсетті: яғни, сюжетте жоғары лауазым-дағы галстук таққандарды ғана емес, сонымен қатар нақты мәселеге тап келген адамдар да болды.

Ал Тоқаев пен «Валдай-2019» туралы сюжетте іліп аларлықтай ештеңе жоқ. Тілшінің сюжеті президент пен басқа да спикерлердің мәлімдемелерінен қиып алғынған синхрондардан ғана құралды.

Осы аптаға кәсіби мерекесі тұспа-тұс келген мұғалімдер тақырыбында соншалық қасаң, пафосқа толы сюжет жасалыпты. Жаттанды сөздерден құралған сюжетте мұғалімдердің мұң-зары мен мәселесі «барлығын шешеді, шешіп жатыр» деген сипатта атүсті айтылды.
Аңдатпада айтылған «Атыраулық дәрігерлер ісі» туралы сюжетке «алматылық дәрігерлер ісі» де еніпті. Қайтыс болған жігіттің туған-туыстары осы аптада баспасөз-конференциясын бергенімен «Хабар» телеарнасы бұл тақырыпты тек дәрігерлердің позициясынан баяндады.

Тележүргізушінің «несие рақымшылығы» туралы сюжетке алғысөзі тым ерсі көрінді. Ол бұл акцияны «қоғам назарынан тыс қалған» деп атады. Күллі жаңалықтарда айтылып, интернетте талқыланып, бірқатар телеарна бірнеше қорытынды бағдарламаларында қозғаған тақырыпты «қоғам назарынан тыс қалған» деп неліктен атағаны түсініксіз? Бәлкім «Хабар» телеарнасы бұл тақырыпқа жеткілікті көңіл аудармаған болар?!

Ал сюжетте баланс сақталмаған: сонда айтылғандай, несиені кешіру – шартсыз қайырымдылық, кім мұқтаж болса, солардың несиесін кешірді, ал кімнің несиесі кешірілмесе, демек олар қайырымдылық жасаушыға айналып отыр екен.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» да «алматылық дәрігерлер ісі» туралы айтты. КТК телеарнасындағы әріптестерімен салыстырғанда, «Еуразия бірінші арнасының» тілшілері оқиғаның бэкграундын берді: біз Күдебаевтың квадроциклден құлағанын, дәрі-герлерге сүйек сынығымен түскенін білдік. Сюжетте Нұрсұлтанның туған-туыстарының да позициясы да, ІІМ-нің ресми позициясы да бар. Бірақ, журналист содан кейін Қарағандыда кішкентай ұл баланың өліміне кінәлі деп танылып, сотталған анестизиологтың ісін әңгімелеуге көшеді. Алдын дәл осы анестизиологтың қатысуымен ота үстелінде 13 жасар қыздың көз жұмғанын айтады. Сосын қыздың әкесі дәрігер салған дәрінің оның қызына қарсы көрсетілімі болғанын, сол дәріні ұл балаға да салғанын мәлімдейді. Ол бұл ақпарды қайдан алған? Анестизиолог неліктен сол кезде сотталмаған? Судья істі негізсіз жапқан ба? Мұны дәлелдеуге бола ма? Журналист дәрігердің кінәлі екеніне неліктен сенімді? Екі дәрі де қауіпті болса, онда заңсыз ба? Бұл сұрақтарға жауап жоқ, бірақ журналист бір баланың өліміне кінәлі деп танылып, сотталған әйел дәрігерді тағы бір баланың өліміне кінәлі деп айыптайды.

Жүргізушінің осы сюжеттен кейін келесі сюжет туралы кіріспесі тіпті тосын естілді: жүргізушісі алғысөзінде интернетте тексерілмеген жалған ақпарат толы екенін айтып салады.

Арыстың қалпына келтірілгені туралы шағын әрі синхронсыз сюжет кішігірім үгіт-насихат сияқты көрінді: жөндейтінді жөндеп, сүрілгенді қайта тұрғызды, ал «еліміз бірліктің сынағын бірге тапсырды» деді.

БЖЗҚ туралы сюжет шым-шытырақ, олпы-солпы жасалыпты: материал авторы көп санды инфографикамен бергенімен де оны тез-тез оқығандықтан бірдеңе түсіну қиынға соқты. Тездетіп оқығанда сөйлемдері қарапайым болуы тиіс еді, бірақ журналист мұны да ескермепті. Нәтижесінде не айтқаны түсініксіз, зейнет жасына жеткенде аш қаламыз ба, қалмаймыз ба? Осы сауалға жауап жоқ. Ал егер аш қалсақ, онда неліктен аш қаламыз? Біздің қордағы ақшамызды дұрыс басқармаған ба, әлде БЖЗҚ дәретхана қағазы тым көп қолдана ма?

Әйелдер колониясынан жасалған арнайы репортаж эксклюзив болуы тиіс еді? Бірақ, сексистік мазмұндағы сюжет болыпты. «Әйелдер өзін қажет сезінуі міндетті»,-дейді түрме бастықтарының бірі. Ал еркектер ше? Тұтастай алғанда, материалда айтылғанға сенсек, қатаң режимдегі түрмеде әйелдерге қастерлейді, түсінеді, оқытады, аялап, әлпештейді, тіпті күйеуге береді. Түрмеде өндіріс бар. «Бізде бәрі жақсы. Біз бұған лайықпыз ба, білмеймін» дейді сотталғандардың бірі. Ал екіншісі «Бізде бәрі бар. Тек еркіндігіміз жоқ» дейді екіншісі. Түрме емес, санаторий сияқты.

Apta, QAZAQASTAN
Авторлар бағдарламаның алғашқы 15 минутын Қасым-Жомарт Тоқаевқа, дәлірегі оның осы аптаны қалай өткізгеніне арнапты. Тосын тұстары да аз болмады. Мәселен, Қазақстан президентінің Сочиде өткен «Валдай» дисскусия клубының отырысында «Азиядағы қақтығыстар тұщы суды бақылауға ойысуы мүмкін» деген мәлімдемесі сюжеттің алғысөзінде айтылғанымен де, сюжетте тұщы су туралы ләм-мим демеді. Бұл тақырып Орталық Азия үшін айтарлықтай маңызды. Осы туралы басқа елдердің көшбасшылары не дейтінін білу қызық-ақ.

Басқа да бағдарламалар сияқты «APTA» да Еревандағы президенттер селфиін айтты. Жүргізуші «цифрлық дәуірдің құдіреті сондай күшті, тіпті консерваторлар либералдармен бір кадрда жымияды» деп айтып салды. Қай көшбасшысыны консерваторға, қай көшбасшыны лбиералға жатқызғаны жұмбақ боп қалды.

Қазақстандағы ауыз су тапшылығы туралы сюжетте баланс сақталмады. Ауыл тұрғындарының синхрондары көп. Олар бұған ауылға су құбырын жүргізбеген мердігерлерді, бітпеген жұмысты қағаз жүзінде қабылдап алған шенеуніктерді кінәлайды. Әкімдіктегі шенеуніктердің пікірі де түсініксіз. Мәслихат депутаттары жемқорлық туралы айтқанымен де нақтылық жоқ.

Басқа бағдарламалар сияқты Apta да «атыраулық дәрігерлер ісіне» сюжет арнады. «Бәлкім бар мәселе system changes-те шығар» деді жүргізуші. Бірақ, мұның не екенін (ағылшын тілін білмейтіндерге), және жүйеге қандай өзгеріс қажет екенін түсіндірмеді (түсіндіретін сарапшыларды да шақырмады).

Қазақстан мұғалімдері туралы сюжетте де «Хабар» телеарнасының бағдарламасына тән кемшілік болды: тек қана алғыс айту. Бірақ, Apta авторлары қызық хикаялар тауыпты: мәселен, Лондонда оқыған, қазір ауыл мектебінде білім беретін педагогты көрсетті.

Айта кетсек, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың қорытынды апталық ТВ-бағдарламаларына мониторингін тұрақты түрде апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР