ДомойМедиасынҚазақстандық телебағдарламаларда ең жиі айтылатын тақырыптар

Қазақстандық телебағдарламаларда ең жиі айтылатын тақырыптар

Қазақстандық телебағдарламаларда ең жиі айтылатын тақырыптар

Бүгінде қазақ қоғамында болып жатқан өзгерістердің экрандағы репрезентациялану үрдісінде телевидение халыққа қандай месседж ұсынып отыр? Осыны анықтау үшін қазақстандық телеарналардағы ең танымал ток-шоуларды алып, қай тақырыптарды қалай талқылап жатқанын зерттедік.
Зерттеуде «Ашық алаң» (Qazaqstan), «Мәселе» (Qazaqstan), «Айтарым бар» (Astana TV), «Бір сұрақ» (Еуразия бірінші арнасы), «Өз ойым» (7 арна), «Қарекет» (Qazaqstan), «Online», «Астарлы ақиқат» (КТК), «Саяси ринг» (Astana TV), «Біздің назарда» («ХАБАР»), «Давайте говорить» («ХАБАР»), «Басты тақырып» (Qazaqstan), «Ниет» (Qazaqstan), «Ой талқы» телебағдарламалары қамтылды.

Әлеуметтік желі
Қазіргі ток-шоуларда ең көп талқыланатын тақырыптардың алдыңғы қатарында интернет пен әлеуметтік желі тұр. Ең алдымен «неліктен бұл тақырып маңызды болып отыр» деген сұраққа жауап берелік.
«International Telecommunication Union» орталығының 2017 жылғы жариялаған статистикасына сүйенсек, Қазақстан халқының 77%-і (14,023 856) интернет пайдаланады. Бұл көрсеткіш 2007 жылы небәрі 4%-ті құраған. Еліміз интернет жылдамдығы жөнінен әлемде 57 орында. Интернет қолданудың мұншалық жылдам өсуіне қарамастан, Қазақстан баспасөз еркіндігі рейтингінде әлемдегі 196 мемлекеттің арасында 182-орында, ал посткеңестік аймақтағы 29 елдің ішінде тек 26-орында тұр.
Соңғы жылдары әлеуметтік желінің қоғамдағы саяси өмірге ықпалын ескерсек, бұл тақырып билік үшін өткір мәселеге айналып отырғанын байқауға болады. Сонымен, әлеуметтік желі тақырыбы телеарналарда қалай талқыланады?
Экранда айтылған ойлардан үзінділер: «Қазір бәрі бетімен кетті, медиаға шектеу қоятын, шынайы ақпаратты іріктейтін үлкен орталық жұмыс жасауы керек», «Блоггерлер белгілі мүдделерге жұмыс жасайды», «Хайп қуғандар шынайы ақпарат бермейді», «Вайнерлер үшін ақша бірінші орында, ал көрсеткен дүниесінің мән-мағынасы мен тәрбиелік құны жоқ», «Вайнерлерді мемлекеттік идеологияның құралы ретінде пайдалану керек», «Интернетке тәуелділік — ауру», «Интернет баланы бұзып жатыр», «Интернет қоғамды бұзып жатыр», «Интернет дерті», «Біз үшін интернет өте қауіпті, қорқынышты әлем болуы тиіс».
Бір де бір бағдарламада интернеттің алдағы жылдарда әлемдік саяси тартыста маңызды рөл ойнайтыны, сондықтан да халықтың киберкеңістіктегі ақпараттық сауатын арттыру мәселесі және ақпарат қауіпсіздігі сияқты жаңа салаларға жастарды тартудың қажеттілігі сынды балама ойлар айтылмайды. Әлеуметтік желілердің бюрократиялық елдерде азаматтық қоғам құруда, демократиялық құндылықтарды орнатуда басты қозғаушы күшке айналып отырғанын тіпті жасыратын сияқты. Неліктен екен, әйтеуір телешоулар көрерменге «интернет – бүгіннің тажалы» деген идеяны жеткізуге тырысып жатыр. Бұл соңғы уақытта елде болып жатқан оқиғаларға интернеттің тікелей ықпалының болғанына байланысты ма екен? О жағы түсініксіз.

Әйел зорлау
Ең көп талқыланатын келесі тақырып – әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырауы. Барлық бағдарламада студияға зорлық көрген жәбірленушіні арнайы шақыртып, сол оқиғаны заңгер, психологтармен бірлесе отырып, талқылайды.
Соңғы уақытта бұл тақырып экранда неліктен көбейіп кетті?

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2018 жылы «зорлау», «сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» баптарына қатысты 1450 оқиға тіркелген (оның ішінде 1132 әйелдерге қатысты, 231-і балаларға қатысты). ТМД мемлекеттерінің арасында осы қылмыстық әрекеттер бойынша Қазақстан алғашқы орындарда (қылмыс коэффициенті Қазақстан – 7,88, Молдова – 7,5, Қырғызстан – 3,68, Ресей Федерацияясы – 2,3, Беларусь – 1,6 , Өзбекстан – 0,67, Украина – 0,48, Тәжікстан – 0,46, Армения – 0,8, Әзірбайжан – 0,2) тұр.
Сонымен бұл тақырып ток-шоуларда қалай талқыланып жатыр?
Жоғарыда аталған бағдарламалардан алынған сөйлемдер: «Қамқорлықты тұтынушы әйел құқы әлсіреді». «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді», «Ер азамат қадағалап отыратын болса, әйел кісі жамандыққа ұшырамайды», «Қатынға жолама, қарасы жұғады, балаға жолама, бәлесі жұғады», «Еркектің қызды зорлауына сол қыздың өзі кінәлі», «Соны біліп тұрып, неге түнде сол пәтерге барады», «Ашық-шашық киінген әйел кез келген адамның назарын аударады», «Мұның барлығы отбасындағы тәрбиенің әлсіреуінен», «Әркім өз қызына ие болу керек».
Бұл ойлар аталған бағдарламалар арқылы осы тақырыпқа қоғамның берген бағасы. Осы тұста ерекше атап өтетін бір нәрсе бар. Дәл осы телешоулардың ешқайсысында өткен жылдың қаңтар айында Алматы қаласындағы Smart.Point орталығында өткен «Киімді кінәлама» атты көрмесі туралы ақпарат берілмеді. Көрмеде зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің зорлық оқиғасына ұшыраған сәтте киген киімдері қойылған. Бұл — «қыздардың ашық киінуі зорлықтың туындауына басты себеп» деген таптаурын көзқарасқа қарсы жауап болатын. Көрмені Инесса Ишакву, Фариза Оспан, Алтынай Мұсалимова сияқты белсенділерден құралған шығармашылық топ ұйымдастырды. Әйел зорлығы тақырыбын, яғни осындай өткір тақырыпты қозғаған ток-шоулар әселеге тек бір жақты баға беріп, үстіртін ғана талқылайтыны таңғалдырады.

Көпбалалы отбасы
Соңғы уақытта көпбалалы аналардың наразылықтары жиіледі. Сондықтан да болса керек, бұл тақырып та экранда мүмкіндігінше көп талқыланып жатыр. Бағдарламаларда ең жиі айтылатын ойларды тізіп шығалық: «Бәрін айқаймен шешуге тырысады», «Халық табысын жасырып, өтірік ажырасып, жәрдемақыға жаппай жабысып жатыр», «Халық жұмыс істемесе, банкрот боламыз», «Депутаттардың кінәсі жоқ, заңды орындау керек», «Арада арандатушы топ жұмыс жасап отыр», «Жәрдемақы талап етіп алаңға шыққандарды үш топқа бөлуге болады: шынайы мұқтаждар, алаяқтар және арандатушылар», «Осы жәрдемақыны алу үшін елімізде 70 мың отбасы алаяқтық жасаған», «Масылдық пен мұқтаждықтықты ажыратып алу керек», «Жатыпішерлер көбейді».
Студияға кейіпкер ретінде шақырылған мұқтаж аналарға қарсы образ ретінде көбіне көп жеке кәсіпкер аналарды шығарып қояды. Дәл сол кісілердің аузымен «аналарымыз бос айқайдан гөрі, «мен қоғамға не бере аламын» деп ойланғаны дұрыс болар» деген жоғарғы жақта жиі айтылатын цитатаны келтіреді. Бұл тақырыптағы эфирлердің барлығына ортақ тасталатын идея осы. Сол қызғыштай қорғалған идеяның артында мемлекеттік мүдде тұрғаны анық байқалады. Алайда, неге екенін, студияда бір де бір сарапшы «Халық азып бара жатыр» деген сыңаржақ пікір ауқымынан шығып, тұтас оқиғаға әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қарауға талпынбайды. Наразылықтың шығуына халық өзінің азаматтық құқы мен өзіне тиесілі қақысын қорғай алмауынан туындаған ішкі күйініші мен ашу-ызасы басты себеп болып отырғаны тіпті айтылмайды. Мұның барлығы да уақыт жасап отырған табиғи рефлексия екенін түсіну әрі соны қабылдау қажет екені сияқты ойлар қозғалудың орнына, тақырыпқа тек белгілі бір мүдделер тарапынан ғана баға беріледі.

Ойрандалған отбасы
Жетім-жесірдің, үй-күйсіздің жайы, бірін-бірі жоғалтқандар мен бір-бірінен безінгендердің дауы, әкесінен қорлық көрген бала, баласынан жапа шеккен әке, шарасыз ана, жылаған бала, мүмкіндігі шектеулі жандар… Тізім осылай жалғаса береді.
Нақты бір мысал: «13 жастағы қыз бала өз ағасынан жүкті» («Астарлы ақиқат» бағдарламасы) деген тақырыпқа арнайы бір эфир арналады. Эфирде көтерілген мәселе: әкесі әділдік іздейді. Содан студияда жай отбасылық әңгіме, ұрыс-керіс, айқай-шу басталады. Бағдарлама авторларына да керегі осы қойылым. Әйтсе де «қызға шын мәнінде кім зорлық жасағанын анықтағысы келсе, мұны халық алдына шығып талқыламай-ақ, медициналық сараптаманың қорытындысын алып, сотқа барса, бар мәселе шешілмес пе еді?» деген заңды сұрақ туындайды. Дәл осылай бет жыртысқан отбасылық тартыстарды экранға шығарып, сол арқылы рейтинг жинап отырған танымал бағдарламалар қатарында: «Астарлы ақиқат», «Қарекет» бағдарламалары бар. Мұндай бағдарламалардың көбеюінің астарында не жатыр?
Жергілікті соттардан, қорғаушы ұйымдардан әбден көңілі қалған халық өз дауын жұрт алдына шығып талқылап, елден әділдік сұрауға жетіп отыр ма? Бұдан да маңыздысы, бізде қандай отбасылық құндылықтар өзгерісі жүріп жатыр? Ойрандалған отбасы хикаяларын экраннан жиі көрсетудің қажеті неде, мұның қоғамға қаншалықты кері әсері болуы мүмкін? Осынау әлеуметтік-философиялық сұрақтар жоғарыда айтылған бағдарламалардың ешбірінде қозғалмады.

Жұмыссыздық
Бүгінде телеарналарда ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі – жұмыссыздық мәселесі. Себебі де анық: ҚР ҰЭМ Статистика комитеті жариялаған ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда 2019 жылы 440,9 мың адам тіркелген. Елдегі жұмыс күшінің 4,8%-ін құрайды. Жұмыссыздық тақырыбы телебағдарламаларда талқылағанда,осы мәселене шешу үшін мемлекет тарапынан жасалынып жатқан іс-шаралар, әртүрлі бағдарламалар мен жобалар туралы айтуға көп назар бөліп, соған екпін қояды. Әйткенмен, сол мемлекет тарапынан істеліп жатқан жұмыстардың қалай орындалатыны және нендей нәтиже беретінін көрсетер нақты кейіпкерлер бейнесі жоқ.

Оқу сапасы
Қазақстанның білім жүйесіне түбегейлі өзгерістер қажет екені пікірталас алаңдарында жиі талқыланып келеді. Себебі айқын: оқу орындарындағы білім сапасының төмен болуы, мұның елдегі экономиканың сан саласына тікерей жағымсыз әсері бар. Осы тақырыпты көтерген ток-шоулар эфир барысында негізгі назарды білім саласында қабылданып, жасалынып жатқан жаңа жобалар мен бағдарламаларға аударады.
Мәселен, оқулықтарды шығаруда тендерді қай жақ анықтайды не оқу жүйесінде дайындалып жатқан келесі бір ірі эксперимент жобалар туралы үлкен әңгімелер айтылады. Әйткенмен, адами капитал мәселесі мүлде қарастырылмайды. Соның ішінде қазіргі жаңа буында қандай құндылықтар өзгеріске ұшырап жатыр, өркениет адамын қалыптастыру үшін мемлекет білім жүйесі арқылы қандай приоритеттерді алға шығаруы қажет, деген сияқты сұрақтар талқыланбайды. Мектеп оқушылары арасында суицид, зорлық-зомбылық, оқытушы беделінің түсуі, оқушы құқығының бұзылуы, партадан басталған пара. Мұндай жағдайлар сапалы білім беруге бағытталған жобалардың аясынан тыс қарастырылуы керек пе? Біз айтқан шулы бағдарламаларда осы тақырыптар төңірегінде терең талқылаулар жүрмейді.

Баспана
Ресми деректерге сүйенсек, халқының 14%-і, яғни 2,5 млны баспанасыз жүрген Қазақстанда баспана мәселесі аса өзекті. Барлық бағдарламаға тән ортақ бір кейіпкер – ұзақ жылдар бойына мемлекеттен тегін үй берілетініне сеніп келе жатқандар. Сондықтан да бұл тақырыпқа қатысты эфирлерде негізінен баспана мәселесіне қатысты мемлекеттік бағдарламалар көбірек талқыланады. Ешкімге алақан жаймай, ешкімнен көмек күтпей қара жерде қара шаңырақ тұрғызған кейіпкерлер бейнесі көрсетілмейді.

превьюдағы сурет

«Астарлы ақиқат» бағдарламасынан алынған

Мерей Қосын
Мерей Қосын
«Өнертану» ғылымдарының магистрі, драматург, сценарист, журналист


ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР