ДомойМедиасынТоқаев, Алматы және әлеумет. 28 қазан – 3 қараша қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Тоқаев, Алматы және әлеумет. 28 қазан – 3 қараша қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Тоқаев, Алматы және әлеумет. 28 қазан – 3 қараша қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Бұл аптада телеарналардың барлығы дерлік апталық қорытынды бағдарламаларының жарты бөлігін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнады. Ол Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, қалаға қатысты ондаған мәселені күн тәртібіне шығарды. Кешегі сенбі-жексенбіде қазақстандық телеарналар да апталық бағдарламасын сол Тоқаев айтқан мәселелерден бастады. Телеарналардың эфиріне қарасақ, бұл аптаны «саясаттан ада апта» деп атауға да болатындай. Тек КТК телеарнасы ғана президент алматылықтардың өмірін жақсартатын мұндай мәлімдемелерді неліктен жасады, деген сауал қойыпты. Ал қалғаны, тіпті «Хабар» да тек әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Мониторингімізге дәстүрлі түрде КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды ақпараттық бағдарламалары енді.

«Большие новости», КТК
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапарында Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, Көкжайлау шатқалында тау шаңғы курортының құрылысына тыйым салды. «Большие новости» бағдарламасы да осы тақырыптан басталды. Студия жүргізушілері Тоқаев кеңесін ұзынсонар сюжетпен емес, видео және президенттің ең маңызды сөздерінен тұратын синхрондармен қысқа да нұсқа баяндады. Тоқаевтың тапсырмасы және оның айтқандарына қатысты саясаттанушылар Досым Сатпаев пен Максим Казначеев пікір білдіріп отырды.

Президент тапсырмаларының бірі – масаң күйде автокөлік жүргізгендерге жазаны қатаңдату. Бұл туралы жеке сюжет көрсетті. Тілші мәселені барлық жағынан қамтып, тіпті сараптама кабинетіне де кіріп шықты. Бір стақан квас ішкен адамның көрсеткіші 0,8 промилле болады екен. Қазір 0,5 промиллеге рұқсат етілсе, алдағы уақытта тіпті «нөлдік промиллені» енгізгелі жатыр. Сюжетте масаң күйде көлік басқарудың үрейлі салдарын баяндайтын кадрларды көрсетіп, сарапшылардың 0 промиллені неліктен енгізуге болмайтыны және масаң күйде көлік жүргізгендерге қатаң жазаның қалай асыра пайдаланылуы мүмкін екені туралы пікірлерін берді. Айтпақшы, бір стақан квас ішкен соң 20 минуттан кейін өлшеуіш құралдағы көрсеткіш қайта 0 промиллеге түседі.

Бұл аптада қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Тергеу дерегінше, браконьерді атып өлтірген. Материал толымды жасалып, баланс сақталыпты. Толымды шыққаны соншалық, тіпті тілші сюжетінде браконьерлік қаншалықты табысты екенін де айтып, дәлел ретінде түрлі цифрларды келтірді. Ал қорықшылардың автокөлігі ескі екенін, оларға заң бұзушыларды атуына тыйым салынғанын да атап өтті. Браконьерлікке жарнама сюжет десе де болатындай-ақ. Бірақ, шынтуайтына келгенде, жан түршігерлік деректерге толы сюжет. Ахуалды түзету үшін ұсталған браконьерлерге салынатын айыппұлдың үштен бірін қорықшыларға беру жайы талқыланып талқыланып жатқанын айтуды ұмытпады.

Қазақстан ауылдарындағы нашар интернет туралы сюжетті әзірлеуге шенеуніктердің «бәрін де интернетке қосып жатырмыз, көп жерде интернет байланысы бар» деп, есеп беруі түрткі болған. Шынтуайтына келгенде, ауыл-ауылдардағы интернет сөз жүзінде бар екен. Мысалы, астанадан 60 шақырым қашықтағы Сары-Оба ауылында интернет болғанымен, жергілікті поштадағылар интернет байланысы үнемі үзіліп қала беретінін айтты. Осы тұста шенеуніктердің өзінен қандай да бір пікір алғанда болар еді. Бірақ, шенеуніктердің пікірі жоқ. Тек Мәжілістің мінберіндегі есеп қана бар.

Есесіне, IT-мамандар бар мәселе неден туындап отырғанын түсіндірді. Сондай-ақ, сюжетте қызық деректер мен жақсы хикаялар жетерлік. Мысалы, Петропавловсктен 10 шақырымда тұратын ауыл адамдарының өмірі. Олар интернет тұрмақ, жай ғана ұялы байланысқа шығу үшін үйлерінің шатырына шығады екен. Ал Ақкөл қаласында интернетке қосылудан бөлек, әрбір бағананың жанына барып, ұялы телефонды қуаттап алуға болады.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» бағдарламасы президент Тоқаевтың Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесіне арналған көлемді сюжеттен басталды. Бізге Тоқаевтың алматылық екенін үш рет: жүргізуші кіріспесінде, президенттің өз сөзінде және журналист кадр сыртынан айтты. Осылайша, жерлестерінің ескертуі мемлекет басшысының назарынан тыс қалмайтынын жеткізді. Материалда алматылықтардың азаматтық белсенділігі де бірнеше рет қайталанды. Бірақ, пікір берушілер ретінде тек эколог Мэлс Елеусізов пен  тұрғындар ғана таңдалыпты.

Қазақстанда тұрғын үй реформасы таяп келеді. Журналист пәтер иелері кооперативінің мүлік иелерінің бірлестігінен қандай айырмасы барын түсіндірді. Біріншісінен екіншісіне өтуге 3 жыл уақыт берілген. Заң жобасы әлі қаралып жатыр, сондықтан да туындаған сауал көп. Кооперативтен бірлестікке өткен жағдайда аз төлейміз бе, көп төлейміз бе? Міне, осы негізгі сұраққа әлі жауап жоқ. Материалда реформаны бастаушыларды сөйлеткенімен, үй тұрғындарына да, кооператив қызметкерлеріне де де сөз бермепті. Есесіне, сюжетке «Большой Лебовски» фильміндегі басын унитазға батырып жатып, ақшасын талап ететін үзіндіні қосқан. «Шын өмірде сот арқылы жауапкершілікке тартады» деген журналист осылайша «Аналитика» бағдарламасына алынатын фильм үзінділерінің көпке түсініксіз принциппен таңдалатынын тағы да бір дәлелдеді.

«Аналитика» бағдарламасы да КТК сияқты ауылдарды цифрландыру тақырыбын көтерді. Журналист ауылдардағы цифрландыруды бағамдау үшін астанадан 60 шақырым емес, 200 шақырым қашықттағы ауылдарға барып, сонда қандай интернет барын көрсетті. Ондағы мектепте интернетке қосылған бірнеше компьютер бар екен. Мектеп мұғалімдері электронды күнделікті толтыру үшін сол компьютерлерге кезекке тұрады. Бұрын сол үшін аудан орталығына қатынаған екен. Ата-аналар балаларының оқу үлгерімін онлайн бақыламайды, стационар телефонға хабарласады. Сюжет ауыл тұрғындарының ұялы телефондарын қалаға барғанда ғана қосатыны, ал селфидің не екенін теледидардан естіп-білгенін айтатын синхрондарымен қызық шыққан. Ал шенеуніктер электронды күнделіктің міндетті емесін айтады. Сюжеттен интернетсіз де өмір сүруге болады-ау, деген ой байқалады. Тек, цифрландыру есептерінде цифрлар мен шын мәнісіндегі жағдай ғана бір-бірімен еш үйлеспейді. Бірақ, «Еуразия бірінші арнасы» да күмәнді есеп тапсырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен пікір алмапты.

Бағдарлама бір жыл бұрын облыс орталығы атанып, бүгінде қарқынды құрылыс алаңына айналған Түркістан қаласы туралы сюжетпен аяқталды. «Аналитика» бағдарламасының шеф-редакторы құрылыс алаңына барып, әуеде қалықтаған шәйнек фонтанының жанынан стендап жазып, қала әкімі Рашид Аюповтан сұхбат алыпты. Қала әкімінің Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне алғаш келген оқиғасы журналистерді шабыттандырғаны соншалық, олар тіпті кішкентай баланың үлкен қақпаға жақындаған сәтін видеоға түсіріп, өткен оқиғаның қойылымын жасады. Сюжетте дронмен түсірілген әдемі кадрлар өте көп, тіпті солған шөптердің жасыл көкке айналған сәттері да бар. Мұндай суретті осыдан 19 жыл бұрын, Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойында да көрсеткен еді. Әйткенмен, журналист сюжетінде кадр сыртынан түркістандықтардың нені қалайтынын, нені күтетінін бірнеше рет айтқанымен, қалалықтардың үні еш естілмеді.

«7 күн», «Хабар»
Күткеніміздей «Хабар» да эфирін Тоқаевтың Алматыға сапарынан бастады. Мұнысын, «… өйткені, Алматы – еліміздің айнасы, Қазақстанның барлық басқа қалаларына тән мәселелер осында көрініс табады» деп түсіндіріп өтті.

Сюжетте Тоқаев айтқан проблеманың барлығы еніпті: индустриалды аймақты дамыту, таудағы қоқысты шығару, Көктөбедегі ағаш көшеттерін қараусыз қалуы, алма бақтарының жойылуы, шетелдіктерді міндетті тіркеу, мектептер мен балабақшалардың шектен тыс толуы, ауруханалар мен емханалардың жетіспеуі, мердігерлердің жұмысын қадағалау, трамвайлар парктерін жаңарту, көлік тығындары, сусыз отырған 23 шағынаудан, жатақханаларда орын жетіспеуі, жұмыссыздық, қылмыстың өршуі, Алматы метросының болашағы.
Тілші жер асты жолында костюм киген әлдебір азаматтан пікір алып, одан метроның дамуы туралы сұрады. О азаматтың аты-жөнін титрда көрсетпеген соң, кім екенін, метро туралы қайдан ғана көп білетінін со күйі біле алмадық.

Президент церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығына барғанын көрсеткенде сондағы балалардың бетін көлегейлеп, жаппады. Ата-аналары рұқсат еткен күнде де бұл даулы жайт, өйткені, о балалар есейгеннен кейін өздерін сол кезде камераға түсіруге рұқсат еткенін құптай ма, жоқ па, о жағын әзірге білмейміз.

Содан кейін бағдарлама авторлары Алматының мәселесінен аймақтардың мәселесіне ойысты. Шын мәнісінде, барлығын түсініксіз қойыртпаққа айналдырды. Үйлердің құрылысынан бастап (жеті жыл бұрын Қарағандыда құлаған үйдің оқиғасын еске алды) кенеттен жолдардың мәселесіне өтті. Бұл бөлігі азды-кем ұғынықты болғанымен де, екі тақырыпты неліктен бір материалға біріктіргені түсініксіз күйінде қалды.

Егер бір кемшілігі болмағанда, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы сюжет егжей-тегжейлі әрі толымды шығар ма еді?! Тілші Қаржы министрлігінің бұл мүмкіндікті айлық кірісі 670 мың теңгеден асатындар, яғни қазақстандықтардың тек 0,9 пайызы ғана пайдаланатынын айтқан ұсынысын сынға алды. Заңгерлер де, қаржыгерлер де, шенеуніктер де пікір берді. БЖЗҚ қаржысының басқарылуы адамдарға неліктен ұнамайтынын да айтты. Бірақ, сол адамдарға, яғни болашақ зейнеткерлерге сөз бермеді.

«Хабар» да бұл аптада Түркістан туралы сюжет көрсетіп, онда «зиярат туризміне» және аймақтағы жалпы туризм дамуына мән беріпті. Материал Travel to Turkestan жарнама ролигіне ұқсапты. Есесіне, қарапайым адамды сөйлеткен. Қаланың қарт тұрғыны осы қалада туғанын да, осында өмір сүргенін де мақтан тұтатынын айтады. Сюжет те адамдарға арналған: тіпті экскурсоводтан Түркістанға келетін туристерді не қызықтыратынын да сұрапты.

Apta, QAZAQSTAN
Соңғы кездері эфир басын президентке арнайтын Apta бағдарламасы бұ жолы Тоқаевтан басталмаса, біртүрлі көрінер-ақ еді. Міне, тосын жаңалық. Осы аптаның Apta-сы тікелей Тоқаевтан емес, Алматыдағы трамвай тарихынан (президент Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте көліктің осы түрі жойылуын сынға алғанын білеміз) басталды. Осылайша, ең алдымен трамвайдың тарихын, Еуропадағы трамвайға қалай көңіл бөлетінін айта келіп, сосын барып президентке өтті.

Бұл блоктың басты кемшілігі – Көкжайлау таңғы шаңғы курортына салынған тыйымды хабарлағанда бэкграундтың болмауы. Бұған мемлекеттік телеарналар экобелсенділердің Көкжайлау құрылысына қатысты наразылығын алдын да елеп-ескере қоймағанын қосыңыз. Нәтижесінде, тақырыптан бейхабар көрерменнің Көкжайлауда кім қандай құрылыс салмақ болғанын, оған неліктен тыйым салынғанын түсінуі қиынға соғады, тіпті тақырыпты ұға алмайды.

Алматы мен қала маңындағы елдімекендерді байланыстыратын электропойыз жүргізу жоспарына арналған сюжетте тұрғындардың жақсы-жақсы пікірлері бар. Бұл материал да президент тапсырмаларының бірін қамтиды. Сюжетте адамдардың да, әкімдіктегілердің де пікірі қамтылған. Бірақ, нақтылық аз. Электропойыз қатынайтын болса, нақты қашан іске қосылатынын тілші сауал күйінде стендапында айтады. Жалпы тілші стендапында көп сауал қояды, о сауалдарды көрерменге бағыттамай, сюжетінде жауап бергені ұтымды болар-ақ еді.

Медбикелерді, санитарлар мен әлеуметтік қызметкерлердің аз жалақысы туралы сюжетте тартымды хикаялар, қызық деректер бар. Құрылымы да жақсы. Бірақ, мәселесін баяндаған сол қызметкерлерге жауап беретін салалық министрліктің пікірі жоқ.
Келесі бір сюжет Орал қаласы маңындағы саяжай тұрғындарының мәселесін күйттейді. О адамдар не суы, не газы, не жарығы, не жолы жоқ жағдайда өмір сүріп жатыр. Бірақ, кадрдегі сол отбасы балаларының бет-жүзі жабылмаған.

Айта кетсек, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламаларына мониторингін тұрақты түрде апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР