Осы аптада мемлекеттік телеарналар қорытынды ақпараттық бағдарламаларында Тоқаев пен Назарбаевтың іссапарларына көбірек назар аударса, «Еуразия бірінші арнасы» мен КТК улану, көлік апаттары және төтенше жағдайлар туралы айтты. Апталық мониторингімізге дәстүрлі түрде КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарын қамтыдық.
«Большие новости», КТК
КТК телеарнасының қорытынды бағдарламасы Шымкенттегі оқыс оқиғадан басталды. Екі бала уланып қайтыс болды. Улануға не себеп болғаны анықталып жатыр. Осы оқиғаға арналған көлемді сюжетте ата-анасының, шенеуніктердің және сарапшыларлың пікірі бар. Сюжетте ата-анасы жедел жәрдемді бірнеше рет шақырғандарын, тек екінші шақыртудан кейін балаларды ауруханаға жатқызғанын айтады. Неліктен осылай болғанына ешкім жауап бермеді.
«Большие новости» бағдарламасы медицина тақырыбына екі рет оралды. Атыраудағы перинаталды орталықта болған жағдайда еске түсірді. Қазір орталықта сәби өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Тергеу ісінің мән-жайы айтылмады, бірақ журналистер эмоциялық бағасын беріп үлгерді: «атыраулық дәрігерлердің зұлымдығы жан түршіктіреді», «бәлкім, бұл бір жағдай емес, бір-біріне жалғасқан қылмыс шығар»,-деді тележүргізуші Анна Яломенко. Ол осылайша әлі сотқа өтпеген іске қатысты баға берді.
Бағдарламада ерекше қажеттілігі бар балаларға медициналық қызмет көрсету тақырыбы да айтылды. Бұл тақырыпты қозғауға Ақтау қаласындағы стоматолог-дәрігердің церебралды сал ауруымен ауыратын баланы күштеп орындыққа отырғызу оқиғасы түрткі болыпты. Журналистер бұған дейін дәрігерлер мен емделушілер арасында кикілжің туындаған оқиғаларды жинақтап, мұндай жағдайда өзіңді қалай ұстау жөнінде әңгімеледі. Сюжеттен кейін: дәрігерлердің ерекше балалармен жұмысы расымен де өзгеше ме, деген туындайды. Мұндай дәрігер қандай дағдыларды білуі міндетті? Ерекше балалармен жұмыс жүргізуг маманданған дәрігерлер бар ма? Емделушілер өзін дөрекі ұстайтын басқа қандай мысалдар бар? Сюжетте дәрігерлерге сөз бермеді.
Жалдамалы баспана тақырыбына да көлемді әрі егжей-тегжейлі сюжет арнапты. Жақында депутаттар пәтер беру шарттарына көңілі толмайтындарын айтып, оны жеңілдетуді талап етті. Материалда баспана алған және шарттарына сай келмей, баспана алудан қағылған кейіпкерлер бар. Жалдамалы пәтер беру шарттарында көрсетілген жас шектеуінен жас мөлшері сәл асқан және пәтер алуға қажет табыс көлеміне табысы мың теңгедей жетпеген кейіпкерлердің пікірі эмоцияға толы. Материалда тепе-теңдік сақталғанымен де бұл тосын көрінеді.
Бағдарламаның тағы бір тақырыбы – Қазақстанда ақылы жолдар ақысы уәде етілгеннен де қымбат. Материалда автосүйгіш қауымның, ҚазАвтоЖол өкілдерінің қанша теңге жиналғаны, оны қайда жұмсағаны туралы пікірі бар. Жағдайды тұтас көрсету үшін ақылы жолдардың ұзындығы туралы ақпар болмады. Көрермен сонда ғана жағдайдың қаншалықты ауқымды екенін елестете алар еді.
Бағдарлама студиядағы интервьюмен аяқталды. Анна Яломенко режиссер Рашид Сүлейменовпен сұхбаттастыы. Режиссердің «Зеркала» фильмі Қазақстан кинотеатрларында көрсетіліп жатыр. Фильмде мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен өлімімен параллель бар. «Большие новости» бағдарламасының студиясына қонақ сирек келеді, сұхбат шағын болса да бағдарламаның сәнін кіргізді.
«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» эфирі шетелдік жаңалықтан басталды. Тәжікстанда шекара бекетіне қарулы адамдар шабуыл жасады. РФ федералды қауіпсіздік қызметі жетекшісінің «қарулы құрылымдардың қатысушылары басқа мемлекеттерге таралып жатыр» деген сөзін келтірген журналистер олардың ықпалына түскен әйелдер мен балаларды «баяу жарылатын бомба» деп атайды. Сол сәтте видеода Сириядағы соғыс аймағынан қазақстандық әйелдер мен балаларды шығару сәті бейнеленген кадр көрсетіледі. «Аналитика» журналистері мұның алдын бұл операцияны бейбітшіліктің теңдессіз әрекеті деп бағалаған еді, ал қазір сарапшылардың бұдан қауіп-қатер көретіні жөніндегі пікірін берді. Мемлекет радикалдануды жою үшін ұрыс аймағынан қайтарылған адамдармен қалай жұмыс істеп жатқаны жөнінде ештеңе айтылмады.
«Аналитика» президент Тоқаевтың қылмыс жазасын қатаңдату тапсырмасы тақырыбын жалғастырды. Бұл бастама қазір парламентте қаралуда. Түрлі оқиғалардан, жолдағы көлік апаттарынан, браконьерлердің әрекеттерінен көрсетілген үзінділер көрсетіп және соған қарсы қолданылатын жаза – айыппұлды өсіру мен қылмыстық жауапкершілік туралы баяндады.
Жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарының негізі – қол астындағы қызметкерлері парамен ұсталған басшылардың міндетті түрде қызметінен кетуі. Президент Тоқаевтың осы мәлімдемесін жедел түсірім кадрларымен бейнеледі. Қазақстан телевизиясы үшін айтарлықтай батыл қадам. Бірнеше жыл бұрын президент сөзіне көрнекі видеоны қолдану ұсынылмайтын.
Келесі тақырып, яғни балабақшаларды лицензиялау да «Елде төтенше оқиға, не істейміз?» мамзұнында жалғасты. Бізге балабақшаларда болған оқиғалардан үзінді видеолар көрсетіп, оны қорқынышты музыкамен әрледі. Мұндай оқиғалар мемлекеттік те жекеменшік те балабақшаларда болып жатыр. Бұл материалдан да түсінікті, бірақ сюжет ортасына қарай тақырып күрт өзгеріп, журналист: «балабақшалардағы күш қолдану» туралы айтып, кенеттен: «Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – тек бизнес ғана емес, жеке мәселе де» деді. Мұндағы жеке мәселенің не екенін де түсіндірмей, лицензиялау тақырыбы сияқты жабық қалдырады. «Қандай да бір минималды стандарттар мен сауалнама қажет» деп аяқталуы 11 минуттық сюжет үшін таңғалдырар қорытынды болды.
Келесі екі материал қайырымдылық тақырыбынан тұрады. «Ерекше адамдар» сюжеті кәсіп ашып, іс бастап, жетістікке жетіп, сонымен қатар басқаларға да жәрдем етіп жүрген қазақстандық мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналады. Кейіпкерлердің хикаясы мен келтірген мысалдары – керемет, ал сюжет құрылымы мен кадр сыртындағы мәтіні тым қарабайыр, мотивациялық тренингтер мен кеңестік газеттердің «мақсат қою керек», «кез келген жағдайда адам болып қалу керек» деген ұрандарынан аспайды.
Бағдарламаның келесі материалында өрттен кейін бет әлпетінен айырылған өзбекстандық Бахтиерге қазақстандықтардың қалай көмектесіп жатқан хикаясын баяндады. Волонтерлердің сәбиге көмегін көргенімізбен, сол волонтерлер туралы ештеңе де біле алмаймыз.
«7 күн», «Хабар»
Мемлекеттік телеарнаның қорытынды бағдарламасы Қазақстан тұңғыш президентінің Түркістанға сапарына арналған көлемді сюжеттен басталды. Түркістандағы құрылысты Нұр-Сұлтанмен салыстыруды барлық өңірлердің қатысып жатқанымен ғана емес, сонымен қатар визуалды түрде де байланыстырады. Назарбаев макет жанында тұрып, құрылыс барысын қадағалайды. Астанадағы құрылыс сияқты мұнда да қанша қаржы жұмсалғаны, о қаржының қайтарымы бола ма, болса, қалай қайтады, деген сияқты сұрақтарға жауап жоқ.
Екінші президент «7 күн» бағдарламасында да екінші болды. Тоқаев Ресейдің Омбы қаласында өткен XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты. Материал тақырыбы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттықтың дамуына және ЕАЭО импортерлер мен экспортерлер мәселесін шешпейтініне арналды.
«7 күн» бағдарламасының екі сыни материалы ауылдарға қатысты екен. Үкімет фермерлерге қолдау көрсететінін айтқанымен өз міндеттемелерін орындамай отыр. Ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетуге тиіс ҚазАГРО шығынға батып жатыр, реформа қажет. Сюжет кейіпкерлері – фермерлер мен сарапшылар мәселені егжей-тегжейлі сипаттады, бірақ материалдан сол мәселелерді қалай шешетіні түсініксіз қалды.
Студиядағы жүргізуші басқа бір мемлекеттік бағдарлама бойынша ауылдарға жаңадан қаржы құйылып жатқанын хабарлады. О қаржыны инфрақұрылым жүргізуге де жұмсайды. Бұған да қатысты көптен бері мәселе бар. Ауылдарда су жоқ, бұған Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жағдай дәлел. Әйтсе де сюжетке сараптама жетіспеді. Қанша ауыл сусыз отыр, бұған дейін бөлінген қаржы қайда жұмсалған, енді бұл мәселені қалай шешеді?
«7 күн» де жалдамалы баспана тақырыбына назар аударыпты. Бұл материалды «Большие новости» бағдарламасының хикаялы сюжетімен салыстырсақ, онда «Хабар» эфирінде анықтамалық-позитивті сюжет шықты. Қандай бағдарлама екенін, кімдерге және қашан баспана берілетінін, 40 минутта құжат ресімделетінін айтты. Сюжет мазмұнына сенсек, мәселе туындаған күнде де о мәселе коммуналды қызметке қатысты болады.
Бағдарлама экстремизм туралы көлемді сюжетпен аяқталды. Сюжет өзегі Сириядан қайтарылған Аида Сарина есімді қыздың хикаясына арналыпты. Оны репатриантка деп атады. Ол өз мысалында, Сириядан қайтарылғандардан қауіп жоғын, оңалту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Кадрдағы балалардың беті көлегейленген. Кенеттен материалда Нұр-Сұлтан тұрғыны пайда болып, діни астармен агрессия жасау тақырыбын қозғайды. Оның мұны қайдан білетіні және бұл неден байқалатыны туралы сұраққа жауап жоқ. Дінтанушылар конгрессінің өкілдері діни экстремизмен күресте медиасауатты дамыту қажетін айтады. Алайда, Сириядан қайтарылған әйелдер және балалармен қазір қалай жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы сұраққа жауап болмады.
Apta, QAZAQSTAN
QAZAQSTAN телеарнасының апталық қорытынды бағдарламасы күтпеген тұстан, ҚР президентінің баспасөз-хатшысы Берік Уәлидің Facebook әлеуметтік желісіндегі постынан басталды. Ол постында БҰҰ Тоқаевтың Көкжайлау құрылысына тыйым салу шешімін қолдап, хат жолдағанын хабарлаған еді. Алайда бұл жаңалық қандай да бір бэкграундсыз шықты. Тыйым салу туралы шешім қабылданға дейін Көкжайлау құрылысына қарсы экобелсенділердің наразылықтары болғанын, оның неліктен маңызды екенін түсіндірмеді. Осылайша Тоқаев шешіміне не түрткі болғаны сол қалпы айтылмады.
Ал содан кейінгі тақырып – Тоқаевтың XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысуы. Бұл сюжеттің алғысөзіне жүргізуші Жайна Сламбек екі минут арнады. Сонау Ресей империясы тұсындағы қазақ-орыс байланыстарынан бастады. Форум туралы сюжет басқа телеарналармен салыстырғанда, тілшілердің Омбы дүкендеріне барып, қазақстандық тауарларды іздеуімен ерекшеленді. Омбы дүкендерінде қазақстандық тауарлар бар, бірақ өте аз.
Форумнан кейін Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен кездесуін хабарлап, сосын тұңғыш президент Назарбаевтың Түркістанға сапарына ойысты. Дроннан түсірілген кадрлары көп мен жергілікті тұрғындардың «таяуда рухани астанада барлығы да болады» деген шаттанған синхрондарына толы сюжет жасалыпты.
APTA авторлары мектеп мәселесіне үлкен сюжет арнады. Бұған Тоқаевтың астанадағы мектептердің біріне барғаны, үш ауысымды мектептер мәселесін көтеріп, мұны қалай шешетіні туралы айтқаны түрткі болыпты. Материалда оқушылардың, ата-аналар мен мектеп мұғалімдерінің де пікірі бар. Мемлекет енді білім саласындағы мәселелерді шешу үшін жеке кәсіпкерлерді тартпақ.
Тағы бір сюжет — Алға қаласынан жасалған репортаж. КСРО заманында бұл жер фосфорит өндірісінің орталығы болса, бүгінде елес-қалаға айналған. Сюжетте қаланың мүшкіл халі, зиянды қалдық туралы көп дерек бар, бірақ нақты түзілген тізбегінің және кейіпкерлер хикаясының жоқтығынан сюжет мақсаты түсініксіз.
Айта кетсек, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламаларына шолуын апта сайын жариялайды.