Апта соңында Жамбыл облысының Қордай ауданында болған қақтығыс оқиғасын барлық қорытынды бағдарламада көрсетті. Барлығы да басты жаңалық етті. Қызық жағдай: осы тақырып туралы мемлекеттік БАҚ «батылырақ» хабар таратты. Олар жергілікті тұрғындардан және сарапшылардан комментарий алды. Ал КТК телеарнасы билік жариялаған деректерді ғана көрсетті.
Дәстүрлі шолуымызда КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.
«Большие новости», КТК
Журналистер бағдарлама аңдатпасында мүгедектігі бар адамдарды (балаларды) «мүгедектер» деп екі рет атады. Бағдарлама авторлары «мұндай сыпайы түзетуден» қаншама рет сырт айналса да этика мен әлеуметтік жауапкершілікті терістей алмайды: мүгедектігі бар адамдар өздерін «мүгедектер» деп атамауын ашық және табанды түрде өтінсе, демек олардың өтінішіне құлақ асу керек?!
Бағдарлама Жамбыл облысының Қордай ауданындағы қақтығыс оқиғасынан басталды. Осы тақырыпқа арналған қысқа сюжет құрғақ ақпараттан құралыпты: барлық дерек полицияның мәліметтерінен тұрады, спикер ретінде президент, ІІМ басшысы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі сөйледі. Бас прокурор орынбасарының да синхрон үзіндісі бар. Ол қазақстандықтарды жалған ақпарат пен өсек-аяң таратпауға шақырып, ұлтаралық араздық және өшпенділік бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды ескертті. Тұтас блок 8 минутқа жетер-жетпес уақытқа созылды.
Түркістан облысында бала зорлығы бойынша жаңа іс қаралып жатыр. 2018 жылы ауыл мектебінің жоғары сынып оқушылары 13 жастағы жасөспірімге зорлық жасаған ұқсайды: осы тұста жүргізуші сол жасөспірімді «көзі нашар көретін мүгедек» («является инвалидом по зрению» — түпнұсқасы) деді. Ал сюжет авторы Ирина Криштоп журналистика этикасын білсе керек, жасөспірімді «мүгедектігі бар бала» деп атады. Материал толымды жасалған, баланс сақталыпты: автор барлық тарапқа сөз берген. Екі іс бойынша да (сюжетте зорлықшылдардан жәбір көрген тағы бір жасөспірім туралы айтты) полицейлер, мектеп директоры, анасы, омбудсмен, қорғаушы, балалардың бірі және психолог сөйледі. Барлық баланың, тіпті көрнекі кадрлардағы балалардың да бет-жүзі мұқият көлегейленіп, жабылған.
Коронавирусты инфекциядан көз жұмғандар саны артып жатыр: сенбі күнгі жағдай бойынша коронавирустан 724 адам көз жұмған, 35 000 адам жұқтырған, 2000-нан астамы емделген. Бағдарлама авторлары осы тақырып бойынша соңғы ақпараттарды баяндады: Қазақстан-Қытай шекарасының жабылуынан қытайлық техникалар қымбаттаған, қолда бары да таусылуға жақын. Денсаулық сақтау министрінің жалған ақпаратын әшкереледі: ол үкіметтің шетелге медициналық бетперде сатуға тыйым салғанын (өзімізге жетпей жатыр) мәлімдесе, өнім шығарушылар ешқандай тыйым жоқ екенін, тіпті болмағанын да айтады. «БН» авторлары Денсаулық сақтау министрлігіне және министріне тағы да шүйлікті. Шынында, бетперде туралы министр емес, министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп айтқан болатын. Десе де топтама жақсы дайындалған, пайдалы ақпарға толы.
Қазақстанда бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы беруді ұзартуы мүмкін: алайда кейбір қазақстандықтарға берілетін төлем түрлерін ұлғайту үшін басқалардың төлейтін салығын өсіруге тура келеді. «Больше деталей» айдары осы тақырыпқа арналды. Әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан да ұқыпты жасалған материалда кейіпкерлерді «мүгедектігі бар адамдар», «ерекше күтімді талап ететін адамдар» деп атады. Дұрыс атау. Ұсынылған ақпараттарға да сын жоқ: барлығын жіліктеп, түсінікті жеткізіп, бейнелеп көрсетті.
Алматылықтарға ғана емес, барлық қазақстандыққа өзекті тақырып — тұмша («смог» сөзінің қазақшасы – ред.). Осы аптада Оңтүстік астананың ауасы бәрін шошытты. Атмосферадағы зиянды заттар мөлшері қалыпты межеден 10 есе асып кеткен. Жақсы сюжет, көптеген қорқынышты деректер бар, барлық тарап қамтылған. Бір ескерту: «қала экологиясын жақсартуға» болмайды («улучшить экологию города» — түпнұсқасы). Экология дегеніміз – ғылым. Ол жаман не жақсы болмайды. Жаңалық тілінде «экологиялық ахуалын» деп айтқан дұрыс.
Мәдениет және спорт министрлігі блогерлердің өз бетінше лотерея ойнатуына тыйым салғысы келетіні туралы сюжет толымды жасалып, баланс сақталған. Сюжеттің басталған кезінде түсініксіз тұстары бар: барлық блогер бірдей лотереяға қатысу үшін ақша төлеуді сұрамайды, кейбір ұтыс ойындарына қатысуға лайк басып, аккаунтқа жазылу да жетеді. Сюжет соңында «ақша жинаудың қай-қай түрін де қолданатындармен күреседі», деп нақтылады.
«7 күн», «Хабар»
«Баршаға қайырлы кеш. Бәріне қайырлы. Тек бүгінге емес, алдағы кештерге де. Тек кештерге ғана емес, күндер мен түндерге де. Барлық уақытта елімізде тыныштық пен бейбітшілік болғай. Дәл қазір барлық отандасыма тілерім осы» («Всем доброго вечера. Именно доброго, и именно всем. И не только этого вечера, но и всех последующих. И не только вечеров, но и дней, и ночей. Да и в целом, чтобы всё и всегда в нашей стране было мирно и спокойно. Вот чего мне хочется пожелать всем своим соотечественникам прямо сейчас» — түпнұсқасы) – деген Александр Трухачев кезекті бағдарламасын осылай бастады. Алғысөз Қордайдағы қақтығысқа арналыпты.
Бірінші материал президент туралы болмаса да президенттің сөзінен басталды: Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, кінәлілерді жазалауға және зардап шеккендерге жәрдем етуге уәде берді. «Президент жалпыға ортақ басты байлығымызға ешкімнің де қауіп төндіріп, шырқын бұзуына жол бермейтінін айтты» («Президент сказал о том, что никто и никому не позволит нанести урон нашему главному, общему богатству. Богатству неосязаемому, накопленному многими веками, прошедшему тяжёлые испытания и в них укрепившемуся и оттого ставшему ещё более ценным, чем могут подумать некоторые» — түпнұсқасы),-деді Трухачев.
Сюжет «Мазасыз аймақ» («Тревожная зона» — түпнұсқасы) деп аталады. Ең алдымен не болғанын баяндады, Тоқаев пен министрлердің синхронын берді. Комиссия жұмысын басқаратын Бердібек Сапарбаевтың жұмысы туралы айтты: ол ақсақалдармен кездесті, зардап шеккендермен әңгімелесті, полицияның жұмысын тексерді, елдімекендерге барды. КТК-мен салыстырғанда толымды материал болды: мұнда ресми тұлғалардың айтқан ақпаратынан бөлек, басқа да комментарийлер бар.
Мысалы, Масаншы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдар Двумаров мұның барлығы алдын ала жоспарланғанын, арандату екенін айтады. Қарапайым ауыл тұрғындарының комментарийлері материалға енбепті.
Сарапшылардың осы қақтығыс туралы комментарийлерін бөлек блокқа шығарған: актер Асанәлі Әшімов, балуан Ақжүрек Таңатаров, депутаттар Геннадий Шиповских, Сауытбек Әбдірахманов және Дархан Мыңбай пікір білдірді. Олардың бәрі де мұның арандатушылық екенін айтты. «Хабар» телеарнасының Масаншы туралы топтамасы КТК-ның топтамасынан екі есе ұзақ, яғни 16 минут болды.
«7 күн» көз алдымызда өзгеріп жатқандай. Екінші блокта президенттер туралы емес, коронавирус жайында айтты. Қытайдан неше қазақстандықты эвакуациялады, олар қазір қайда (спойлер: карантинде), жағдайы қалай? Дәрігерлермен сөйлесті. Әлемдегі ахуалды баяндады: емделгендердің саны артқан, сонымен қатар фейк-ақпараттар да көбейіп жатыр. Ал Уханда жаңа туған екі сәбиден коронавирус анықталды, бұл ауру жатырда жұқпайды. Қытай дәрігерлері осы жайында сұхбат берді. Қырғызстан президенті Жээнбеков 18 қырғыз студентін эвакуациялағаны үшін Тоқаевқа алғыс айтты.
Авторлар коронавирустың әлем экономикасына қалай әсер еткені туралы бөлек сюжет жасапты. Қытай құнды қағаздарының бағасы төмендеп, бұл әлемдік нарыққа әсер етіп жатыр. Қытай қаржыгерлері мен шенеуніктер, тұрғындары комментарий берді. Зауыттар тоқтап, Қытай экономикасына айтарлықтай соққы болыпты. «Хабар»-дың хабарлағанындай, Қазақстанға тауар келіп жатыр. Қазақстандық экономист-қаржыгерлер болжам жасады: жағдай қиындайды, Қытай аз өнім шығарады, әлемдік сұраныс сол қалпында қалады, тапшылық болады. Тағы басқа да маңызды әрі пайдалы ақпараттар берді.
«7 күн» бағдарламасы тек 30-минутынан бастап Елбасының осы аптадағы шаруаларын баяндады. Ол Nur Otan партиясының кеңейтілген отырысына дайындалып жатыр.
Сосын дамдарға маңызды тағы бір тақырыпқа ойысты. Шетелдік нөмірмен жүрген автокөліктерді қайта тіркеу туралы көрсетті: тіркеуден өткен алғашқы автосүйгіштер де белгілі. Олар тіркетудің «рахаты» неше теңге болатынын айтты: алымдардың бір бөлігін төлепті, қалғанын бір жыл ішінде бөліп-бөліп өтейді. Ол қазір мемлекетке 900 мың теңгеден астам сома қарыз екен.
Мұнда Мамандандырылған ХҚКО қызметкерінің комментарийі керемет: «Автокөлігін қайта тіркетушілердің неліктен аз екенін білмейміз. Әйткенмен біз жедел қызмет көрсетуге дайынбыз» («Мы не знаем, почему желающих (перерегистрировать автомобиль — авт.) мало, но мы готовы оперативно предоставить свои услуги» — түпнұсқасы) деп айтты. Тағы бір жүргізуші 1,5 млн теңгеге сатып алған көлігін тіркету үшін 2,6 млн теңге төлеуі керек екен. Автор мұндай соманың неден құралатынын егжей-тегжейлі түсіндірді. Тамаша сюжет, тіпті әжуасы да бар.
Жалпы алғанда, президенттер аз, көпшіліктің проблемасын көп қозғаған бағдарлама жақсы шықты. Әйткенмен, әлеуметтік жауапкершілікті сақтамады. Дәлірегі, жүргізуші президенттің әлеуметтік кәсіпкерлермен кездесуіне арналған сюжеттің алғысөзінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды «мүгедек» деп атады.
«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
Қордай ауданындағы оқиға да «Аналитика» бағдарламасының басты тақырыбына айналды. Материал Қасым-Жомарт Тоқаевтың арандатушылық туралы твитінен басталды. Арнайы сюжет болмады, үш минутқа созылған кадр сыртындағы мәтіні мен синхрондары бар материал берді. Сарапшылар да, жергілікті тұрғындар да жоқ.
Коронавирус туралы ұзақ айтты. Мазмұны басқа телеарналардың ақпаратымен шамалас. Титрде аты-жөні жазылмаған белгісіз адам эвакуацияланған студенттердің ауруханадағы жай-күйі туралы тайтып берді. Фейк-ақпараттар көбейіп кеткенін айта келіп, 1406 нөміріне хабарласуға кеңес берді. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің сенім телефоны. Мұнда коронавирус туралы кеңес алуға болады.
«Аналитика» хабарының бірінші толымды сюжеті атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тақырыбына арналды. Тоқаевтың қыркүйектегі жолдауын еске түсірді (ол қаңтардан бастап көмек берілетінін айтқан), Сапарбаевтың қаңтардағы мәлімдемесін көрсетті (ол әр тоқсанда, яғни әр үш айда көмек берілетінін айтты). Әйтсе де қазір — ақпан айы, ал уәде орындалмады. Материалда теориялық тұрғыдан жүзінде АӘК алуы керек, бірақ шын мәнісінде АӘК берілмегенін айтқан адамдардың хикаясы бар. Қызық тәжірибе – супермаркетте шенеуніктер әзірлеген тізімге сай азық-түлік себетін жасады. Отбасылар азық-түлік себетінде жеміс пен ет жоқ екенін айтады, ал жарманы балалар сирек жейді. Қызық сюжет, баланс сақталған. Әттеген-айы, мектепте тамақтандырмайтынын айтқан балалардың бет-жүзін көлегейлемепті.
Алимент төлейтіндер туралы қызық та пайдалы сюжет. Авторлардың алимент төлемейтін еркектерден бөлек, алимент төлемейтін әйелдер барын да айтқаны атап өтерлік. Расымен де ақшасы жоқтары болады. Ал кейбіреулері алимент төлемеудің амалын іздестіреді. Мұндай амалдар туралы заңгер айтып берді. Журналистер алимент төлемейтіндерге арналған санкцияларды тізіп шығып, бұлардың неліктен тиімсіз екенін айтты. Қанша төлеу керек екені, қалай аталатыны, төлеуден қалай жалтаратыны туралы да көптеген ресми ақпарат бар.
Басқа тараптың да пікірін естігіміз келген еді: алимент төлемейтіндерді табу оңай болғанымен де, сұхбат беруге келісуі қиын-ақ, дегенмен жүзін жасырып, артқы жағынан видеоға түсіруге болар ма еді, келіспеген күнде де бір байқап көргенде болғандай-ақ. Пайдалы сюжет, бірақ баланс сақталмады. Тіпті сот орындаушылардың да комментарийі болмады: олар не істейді? Нақты не істей алады, аты-жөнін, мекенжайын қашан біледі?
Бағдарламаның соңғы 10 минуты Трамптың импичменттен қалай ақталғанына арналды. Осы тұста Қордай ауданындағы қақтығыс оқиғасына 3 минут қана арнағанын еске салайық.
Apta, QAZAQSTAN
Қордай ауданындағы қақтығыс Apta бағдарламасының да бас тақырыбына айналып, президент Тоқаевтың «мемлекеттік орган қызметкерлерінің салғырттығы салдарынан арандатушылар қантөгіс жасағаны» туралы твитінен басталды. Жүргізуші оқиғаның мән-жайын баяндағаннан кейін саясаттанушы Ерлан Саировтың Фейсбуктегі постынан үзінді келтірді. Ол постында «Мемлекетіміздің қандай да болсын нүктесінде құқықтық анклав болмауы керек» деп жазады. Саясаттанушы «анклав» деп нені айтып отыр? «Анклав» дегеніміз не? Неліктен оның бұл постынан үзінді келтірді? Бұдан да басқа түсінікті комментарийлер болған шығар?! Бағдарламада сарапшылардың комментарийін қолданған екен, демек сарапшы постынан скрин алмай, бейнекамераға пікірін жазып алғанда болатын-ақ еді.
Есесіне Apta бағдарламасы Қордай ауданындағы тұрғындардан пікір алып, көрсеткен жалғыз бағдарлама. Қақтығыс туралы нақты комментарий болмаса да, «билік бәрін бақылауында ұстап отыр» деген мазмұндағы пікір болды. Сондай-ақ, бағдарламада қаза тапқандарды жерлеу рәсімін де көрсетті.
Президенттің Жамбыл облысындағы ахуалға байланысты отырысы туралы жеке материал әзірлепті. Бірінші сюжетте айтылған кейбір ақпарат екінші сюжетте қайталанды. Бұл сюжеттен осы тақырып төңірегінде тараған интернет-фейктер туралы білдік.
Қордай оқиғасына арналған топтама Қордай ауданындағы тілшінің студияға тікелей байланысқа шығуымен аяқталды Ол қақтығыс аумағындағы қазіргі жағдай қалай екенін баяндады: бәрі тыныш екен.
Бағдарлама авторлары Қордай ауданындағы оқиғаны өте мұқият әрі асқан жауапкершілікпен көрсеткенін атап өту керек.
Бағдарламаның келесі тақырыбы Тоқаевтың әлеуметтік бизнес өкілдерімен кездесуіне арналды. Сюжетте көптеген қызық кейіпкер-әлеуметтік кәсіпкерлер бар. Олар қазақстандық бизнесмендердің ерекше адамдарды жұмысқа алудан қорқатынын айтады. Бизнесмендердің бірі болмаса бірі неліктен қорқатындарын айтқанда болар еді. Тым болмаса сарапшы түсіндіргенде болғандай-ақ екен. Есесіне, материалдан жақсы жаңалық естідік: енді ерекше күтімді талап ететін адамдар үйде отырып-ақ, онлайн тапсырыс алады. Бұл үшін арнайы бағдарлама іске қосылғалы жатыр.
Бағдарлама авторлары коронавирустың әлемдік экономикаға және Қазақстан экономикасына әсері туралы сюжетті қызық жасаған. Тілшілер «барахолка» базарына барып, сатушылармен сөйлескен: сатушылардың айтуынша, баға өспеді, бәрі жақсы (дәл осы тұсын КТК-ның ұқсас тақырыптағы сюжетімен салыстырып көріңізші). Жалпы сарапшы-экономист айтқандай, Қытаймен арада шекараның жабылуы бір жағынан отандық өндіріске пайдалы екен. Ал үкіметтегілер коронавирустың экономикамызға мүлдем ықпалы жоғын айтты.
Қызылорда облысындағы ахуал: мұндағы ауылдарда жол жоқ, айнала балшық-батпақ. Жақсы, әсерлі кадрларға толы сюжетте тілшінің бірнеше стендапы бар. Қызық стендаптар, бірақ айтары өте ұқсас: журналист резеңке бәтеңке киіп, «мұндағы тұрғындар күнде осылай жүреді» дейді. Тұрғындардың да комментарийлері бірін-бірі қайталайды: жол жаман, балаларға қиын. Мұның барлығы кадрлерден-ақ көрініп тұр. Шенеуніктердің комментарийі бар: олар бұл мәселенің биыл шешілмейтінін айтады, қашан шешілетіні белгісіз.
Алматыдағы тұмша туралы материалда тек бір тарап сөйлеген: алматылықтар тыныс алу қиынға айналғанын, қаланың ауасы нашар екенін айтады.
«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың қорытынды ТВ-бағдарламаларына апта сайын мониторинг жүргізеді, апта сайын жариялайды.