ДомойМедиасынСуицид, ажырасу және медицина. 17-23 ақпан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Суицид, ажырасу және медицина. 17-23 ақпан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Суицид, ажырасу және медицина. 17-23 ақпан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Осы аптада қорытынды бағдарламалардың алғашқы тақырыбы бірін бірі қайталамады. Бағдарлама авторларының анық таңдауы болмағаны байқалды. Бірі ломбард айналасындағы дау-дамайды басты тақырып етсе, тағы бірі Nur Otan партиясы саяси кеңесі бюросының таяуда өтетін кеңейтілген отырысына дайындықты көрсетті. Енді бірі қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өлімінен бастады. Тақырыптар әралуан болды. «Хабар» телеарнасы медицина мәселелеріне ден қойса, КТК ажырасуды айтты, сондай-ақ жасөспірімдер суицидіне QAZAQSTAN да, КТК да сюжет жасапты. «Аналитика» бағдарламасы әлеуметтік баспана мен жұмыссыздықты көрсетті.

Мониторингімізге КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының қорытынды бағдарламалары енді.

«Большие новости», КТК

Бағдарлама авторлары «Гарант 24» ломбардының айналасындағы шуды аптаның басты тақырыбына балапты. «Сенгіш аңғал» азаматтардың тез-тез байып кетуді көздеп, жиған-тергенін алаяқтарға беріп қойғанын қысқа ғана айтып өтті.

Бағдарламының екінші тақырыбы – митингтер туралы заңға түзетулер. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осы өзгерістерді заңгерлер және қоғам белсенділерімін талқылау үшін Алматыға ұшып келді. Салалық министрлік ұсынған түзетулер қоғам белсенділеріне ұнамады. Митинг өткізу жөнінде 15 күн бұрын билікке ескерту керек, онда да жиынға тыйым салуы мүмкін. Сондай-ақ, түзетулер бейбіт жиынға қатысатындардың санына шектеу қояды. Бірақ, қатысушылардың санын қалай бақылайтыны түсініксіз. Құжатта мұндай «түсініксіз» тұстар көп. Беделді тұлғалардың, атап айтқанда құқыққорғаушы Евгений Жовтистің, Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі Марат Шибутовтың, журналист Сергей Пономарёвтің синхрондары бар.  Өте ұғынықты материал дайындапты. Министр Абаевқа да сөз берген. Ол көптеген ескертуді ескеруге уәде берді.

Айтпақшы, сенбі күні Алматыда бірнеше адам рұқсат етілмеген наразылық акциясын ұйымдастырмақшы болды. «Большие новости» сенбі күні кешкісін шыққанымен де бұл туралы айтпады.

Бағдарламаның алғашқы үлкен материалы өткен жылдың соңында Алматы маңына құлаған Bek Air ұшағы апатын тергеу ісі қалай жүріп жатқанына және осы қайғылы оқиға кімнің өмірін қалай өзгерткеніне арналды. Компания ұжымы екі айдан бері жұмыссыз отыр. Табыс көзі болмағандықтан жағдай мүшкіл. Олар президентке көмек сұрап хат жазды, бірақ Ақорда әлі жауап бермеді. Тергеу аяқталмаған. Материалдағы кейіпкерлер – механиктер, олардың кейбірі қазір автокөлік жөндейді, енді бірі такси қызметінде жүр. Сюжетте компания қызметкерлерін көрсеткенімен басшылығынан комментарий болмады. Олардың журналистермен әңгімелесуге уақыты да жоқ сыңайлы: ұшақ соқтығысқан үйдің иесімен соттасып жатыр екен. Бұл туралы алғысөзде хабарлап қойды.

Қазақстанда түрлі жәндіктер мен тышқандарды улайтын дәрілерді сатуға ресми түрде тыйым салынды. Келесі сюжеттің тақырыбы осы. Журналистер базарларды аралапты. Онда кенеге қарсы тек дуст ұнтағы ғана сатылады. Қаласаңыз, тағы басқасын алуға болады. Күмәнді ұнтақтарды қолданғаннан көбіне ересектер де, балалар да уланып қалып жатады. Дезинспекторлар: енді гі ахуал тіпті нашарлайтынын, тауарлар қара нарыққа кетіп, дәрілердің бағасы өсіп, ниеті дұрыс мамандар зардап шегетінін айтады. Жақсы сюжет, толымды жасалған, барлық тараптың пікірі мен көп пайдалы ақпарат бар.

«Больше деталей» айдарының тақырыбы – жасөспірімдер суициді. Өткен жылы Қазақстанда 180 бала өзіне-өзі қол жұмсаған. Бұл тым көп. Жыл өткен сайын жағдай нашарлап барады. Балалар 150 телефон нөміріне звондап, психолог көмегін алуына болады. Мамандар бұған баласын қатаң бақылауды ұстайтын және баласына қарамайтын ата-аналарды да қатар кінәлайды. Түйін біреу: жағдайды психологтардан бұрын тек ата-ана өзгерте алады.

Осы тақырыптың әлеуметтік жауапкершілікке сай келуі тұрғысынан сұрақтар туындады. Медиа мамандары өзіне-өзі қол жұмсау тақырыбында материал дайындағанда суицид әрекетін бейнелейтін фотовидео пайдаланбауды ұсынады. Ал КТК материалында мұның барлығы бар. Бұдан бөлек, алты жыл бұрын өзіне-өзі қол жұмсамақ болған қыздың хикаясы өте әсерлі шықты. Алайда мұндайды мүлдем көрсетпеген жөн: өйткені, сезімтал жасөспірімдер «менің де жағдайым осындай ғой» деп қабылдауы және осылайша «суицидті тығырықтар шығатын жол» деп қарастыруы әбден мүмкін.

Суицид тақырыбынан ажырасуға ойысқан авторлар Қазақстанда некелесу көрсеткіші төмендеп, ажырасу көбейгенін айтты. Тақырып өзекті. Кейіпкерлер де, спикерлер де ұтымды таңдалған. Журналистерге айтарымыз: егер кейіпкеріңіздің тісіне ерін далабы жұғып қалса, онда мұны кейіпкерге айтыңыз.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

«Аналитика» бағдарламасы қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істерше шыққан сот үкімдері туралы ақпараттан басталды.

Келесі сюжетте тілші көне Мысыр заманын еске түсіретін студиядан стендап жасады. Пирамида бейнелеген фондағы журналист қазақстандық теңгеге айналып кетті. Автор қаржы пирамидалары туралы материалды осылай бастады. Сюжетте көп адам зиян шеккен МММ қаржы пирамидасын еске түсірді. XXI ғасырдың қаржы пирамидалары мессенджерлерді қалай пайдаланатынын түсіндіріп, «Ломбард. Гарант 24» және Gold ұйымдарына ақша салып, барынан айырылғандарды көрсетті. Материалда құқық қорғау органдары өкілдері мен сарапшылар, заңгерлер және психологтардың пікірі бар. Олар қаржы пирамидаларының жұмыс принципін түсіндірді.

Әлеуметтік баспана беру туралы материал қызық стендаптан басталды. Журналист жаяу жүргіншілер жолында ерсілі-қарсылы ағылған адамдардың фонында тұрды. Адамдар жылдам қозғалады. Мұндай эффект автордың сөзін ұтымды ете алмады.

Сюжетте мемлекеттен жеңілдікпен берілетін баспана алған кейіпкерлер көп. Пәтер алуға қатысу конкурсында кімдер жеңетінін айтты, шенеуніктер түсіндірді. Кадр сыртындағы мәтінде бірнеше лексикалық қате бар. «Переступают порог всерьёз и надолго» және «стабильное жильё» тіркестері мәтінді көркемдейтін-ақ шығар, бірақ бұл қате.

Коронавирус таралуы туралы егжей-тегжейлі сюжетте ДДСҰ мен қазақстандық вирусологтардың комментарийлері, Уханнан эвакуацияланған қазақстандық студенттердің сұхбаты бар. Оларға карантин уақыты аяқталыпты. Қытайда коронавирус жұқтырған науқастарды Зайсанға әкеліп жатқаны туралы жалған ақпардан шошыған жергілікті тұрғындарды көрсететін әуесқой видеоны да пайдаланды.

Бағдарламаның шеф-редакторы Олег Журкевич Қазақстандағы жұмыссыздық және «жұмыс күші көп өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін облыстарға қоныс аудару» бағдарламасы туралы материал дайындапты. Бұған ел астанасында аймақтардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтуі себеп болған. «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне көп адам келіп, абыр-сабыр бола қоймады, не дегенмен «ет сату жәрмеңкесі» емес ғой» деді тілші. Сюжетте өңірлерге барғысы келетіндер де, астанада қалатындары да бар.

«7 күн», «Хабар»

Бағдарлама жүргізушісі Александр Трухачев алғысөзін бүгінгі эфирде медицина тақырыбы көп екенінен бастады. Осылайша бағдарламаның бағытын негіздеп, «Эксклюзивное интервью» айдарында ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен сұхбат болатынын хабарлап өтті.

Хабар» телеарнасы «7 күн» бағдарламасында президенттерден гөрі коронавирус туралы айтса, керемет бағдарламаға айналады екен.

Әйткенмен, президенттерсіз болмайтыны анық. Міне, сондықтан да медицина тақырыптарынан бұрын Елбасының Nur Otan партиясы саяси кеңесі бюросының отырысын шақыру қаулысына қол қойғанын хабарлады.

Содан кейін уәде еткендей коронавирус тақырыбына ойысты. Қазақстанда ресми тіркелген науқас болмаса да қаңқу сөз тарап жатыр. «Вирус үрейі» («Страх вируса» — тұпнұсқа) сюжеті Петпопавловскте тұтас отбасыны ауруханаға жатқызудан басталды. Диагноз расталмады. Уханнан эвакуацияланғандар да жұқтырмаған, оларды карантиннен шығарды. Жалпы алғанда, материалға тақырыпқа қатысты барлық жаңалықты жинапты. Толымды, қызық әрі жақсы сюжет.

Тоқаев Орталық Азия аймағында көш бастайтын ұлттық кардиоорталыққа барды.
Осы тұстан бастап отандық медицинаның артықшылығынан кемшіліктеріне ауысты. «Әйтеуір тірі қалу» («Выжить любой ценой» — түпнұсқа атауы) сюжетінде шалғай аудан-ауылдардағы медицинаның жағдайын көрсетті. Байланыс нашар, қайта хабарласып, мекенжайды нақтылау мүмкін емес, жедел жәрдем көлігі бұрыс мекенжайға келеді. Ем алушылар қызмет сапасын, мерзімін, кезек көптігін, дәрігерлер  жетіспейтіні, құлағалы тұрған емханалардың жайын айтып, шағымданады. Дәрігерлер жүктеменің көп екенін, тіпті қағзадан бас көтертпейтінін, бұған қоса тұрғындарды аралап шығу керегін айтып, шағым етеді.

Электронды қосымша мәселенің шешіміне айналар-ақ еді, бірақ ауылдарда интернет нашар. Бәрін қағазға түсіруге тура келеді. Проблеманы мейлінше ашып көрсеткен, дәрігерлер мен ем алушылардың комментарийі, тіпті шенеуніктердің пікірі бар толымды сюжет. Мәселені шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды да айтып өтті.

Біртановпен сұхбат қызық та өзекті, шынайы шықты. 10 минут сюжетті бір деммен қарайсыз.

«Хабар» да Bek Air ұшағы апатын тергеу қалай жүріп жатқанына эфир арнады. Мұнда ұшақ соғылған үй мен компания қожайындарының арасындағы сотқа маңыз берді. КТК телеарнасы тек үй иесінен пікір алса, «7 күн» авторлары компания қожайындарын да сөйлетті. Қызық ақпар көп.

Қаржы пирамидалары туралы сюжет қызық видеоанекдоттан басталып, материалдың сәнін кіргізді. Кейіпкерлер, шенеуніктер, сарапшылар сөйлейді. Алаяқтардың кәдімгі айла-тәсілдері мен ломбард төңірегіндегі дау-дамайды да көрсетті. Танымдық мәні, пайдалы ақпары көп сюжет.

Қаржы пирамидалары сюжетінің авторы Марат Тұқатов интернет-сауда туралы да материал жасапты. 2019 жылы қазақстандықтар 18 млн тауар сатып алуға 700 млрд теңге жұмсапты. Сарапшылар мен интернет-дүкен иелерінің пікірін бөлек, сатып алушыларды да сөйлету керек еді. Алайда, сөйлетпеді.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы авторларының нұсқасында, аптаның басты тақырыбы – қорықшы Ерлан Нұрғалиевтың өлімі бойынша қозғалған іске үкім шығуы болды. Үш сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кессе, тағы төрт сотталушы алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Бағдарлама авторлары сот залынан кадр көрсетіп, Нұрғалиевтың қазасына бір жыл толуына арналған сюжет жасады. Эмоционалды, жан тебірентер сюжет болыпты. Тілші басты мәселені: браконьерлерде жабдығы түгел, жақсы көлігі де, қаруы да бар екені, ал қорықшыларды дым жоғын айтты. Бұл жағдайды өзгерту үшін не жұмыс істеліп жатқанын айтатын шенеунікті сөйлеткенде болар еді.

Ерлан Нұрғалиев кісі қолынан қаза тапқан оқиғада қорықшы Петр Ницык та болған. Ол да зардап шеккен еді. Әйткенмен, оны тек алғысөзде айтып, бірақ сюжетте көрсетпеді.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті тұрғындармен кездесіп, есеп берді. Қордайдағы ахуалды баяндады. Біз мониторингте қамтыған төрт қорытынды бағдарламалардың арасынан тек Apta ғана Қордай оқиғасына эфир арнады.

Қызылағаш су қоймасының жарылып, 45 адамның өмірін жалмағанына 10 жыл толды. Осы онжылдықта не өзгергенін баяндайтын сюжетте сол түнгі жан түршігер апаттан аман қалған адамдардың хикаясы бар. Осы апатқа кімдер кінәлі болып, оларды қалай жазалағанын да айтқанда болар еді. Көрерменнің бәрі бірдей біле бермейді. Ұмытып та қалды. Бірақ, мұны айтпады.

Есесіне, алаңдатар деректер айтылды: мәселен, Алматы облысы аумағында су тасу қаупі бар 40 орын белгіленіпті. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі мәлімдеді. Сол қауіптің алдын алу үшін не жасалып жатқанын да баяндады.

Көпқабатты үй тұрғындары үй ішінен хостел ашылғанына наразы. Олар хостел қоныстанушыларынан қорқады. Қоныстанушылар төбелеседі, алкоголь ішімдік ішеді. Лифт жиі бұзылады. Заңдарымыз бұл саланы реттемейді. Толымды, баланс сақталған материалда барлық тарапқа сөз берген. Тіпті АҚШ-та тұратын қазақстандықтан Америкадағы хостелдер жұмысы туралы сұрады.

Apta бағдарламасы да жасөспірімдер суициді тақырыбында сюжет жасады. Алғысөзде этикаға жат сәттер бар. Алдын жазғанымыздай, суицид тақырыбындағы материалдарда өзіне-өзі қол жұмсау әрекетін білдіретін сөздерді қолдануға болмайды. Алайда бағдарлама жүргізушісі: «Асылып қапты, көп дәрі ішіпті, секіріп кетіпті, деген хабарды естімейтін күн туа ма?» деп айтты. Сюжеттегі инфографикаға да айтар сын осы.

Түркістан облысындағы жағдайды сипаттайтын статистикада авторлар тұзақ арқан мен ұстараның жүзін бейнелейтін иллюстрация пайдаланды.

Сюжетте психологтар, шенеуніктердің комментарийі бар. Түркістан облыстық адами капиталды дамыту басқармасының басшысы жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау себептерін санамалаған комментарийі атап өтуге лайық.

«Жаңа репортер» редакциясы Қазақстан телеарналарының апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізеді және апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР