Қорытынды бағдарламалардың коронавирус майданынан жеткізген хабары азды-көп ұқсас шықты. Бәрі де дәрігерлердің ауыр жағдайын, Алматыда медицина қызметкерлері жаппай коронавирус жұқтырғанын баяндайтын материалдар дайындапты. Бірі дәйек пен дәлелге назар аударса, енді бірі эмоцияға ден қойды.
Кешегі аптаның ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларының барлығында эксклюзив тақырыптар бар. Мәселен, КТК телеарнасы кейбір қазақстандықтар неліктен коронавируске сенбейтініне жауап іздесе, «7 күн» жүргізушісі көрермендерге үйдегі итін таныстырды. «Аналитика» бағдарламасы әлем елдеріндегі қазақстандықтар пандемия жағдайында қалай өмір сүріп жатқанын көрсетсе, Apta авторлары алкогольды ішімдік ішетіндер көбейгені жайында сюжет жасапты.
Дәстүрлі шолуымызда КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.
«Большие новости», КТК
Бағдарламаны тағы да Алексей Рыблов жалғыз жүргізді. Ең алдымен қанша адам коронавирус жұқтырғанын, неше адам жазылғанын, қайтыс болғанын хабарлады. Сосын дәрігерлер ісі туралы бірінші сюжетке жалғасты. №12 қалалық ауруханада 200 дәрігер коронавирус жұқтырыпты. Сюжет мейлінше толымды жасалған, барлық тарапты сөйлеткен. Әйтсе де сюжетті көріп болғаннан кейін көңілде бірнеше сұрақ туады: коронавирус жұқтырған дәрігерлер неліктен көп, оларға қалай жұққан? Қорғаныш құралдары бар екенін, соны қолданатынын айтады. Гинекологтар атап өткендей, науқасты қауіпсіз қашықтан емдеуге де болмайды екен. Бар себебі сол ма? Алайда бұл сұраққа әзірге ешкім де анық жауап бере алмаса керек. Жауап берер кез бола ма екен?
«Аймақтан хабар» сюжеті де «Большие новости» бағдарламасының дәстүрлі тақырыбына айналыпты. Өткен аптада да шыққан. Бұл жолы көрсеткендей, ШҚО карантинге жабылған. Мұнда жалған рұқсатнамалармен және рұқсатнамасын жеке жұмысына қолданатын кәсіпкерлермен күресіп жатыр. Жамбыл облысында да қатаң карантин енгізілген, бірақ Тараз көшелерінде ерсілі-қарсылы ағылып жатқан адам әлі көп. Тараз тұрғындары карантин тәртібін ең көп бұзады екен. Ақтауда азық-түлік алу үшін дүкенге баратын адамдарға қарсы күрес жалғасып жатыр.
Коронавирусты анықтайтын талдауды қалай жасайды? Сюжет алғысөзінен талдаудың екі тәсілі: ауыз қуысынан алынатын талдау нәтижелері, яғнги «кәсіби талдау» және саусақ ұшынан қан алатын «экспресс-тесттер» (егер екі жолақ шықса, онда сізді коронавирус болғаны). Сюжетте журналистер барлық тес түрін өзіне жасап көрді. Тілші сөзінде «Таяуда ПЦП-диагностика жасау мүмкіндігі пайда болады» деді. Мұны естіген көрермен «ПЦР» дегеніміз не, деп ойланса керек. Кейін жалпы сюжет мағынасынан «ПЦР» дегеніміз ауыз бен мұрыннан алынатын талдау нәтижелері екенін айтты. Десе де қысқарған сөздің мағынасын ешкім түсіндірмеді.
Эфир соңына таяп коронавирус бар екеніне сенбейтін немесе тек өзіне мәлім себептерге байланысты карантин ережесін сақтамайтындар туралы сюжет те көрсетті.
«7 күн», «Хабар»
Қорытынды бағдарламаларға мониторинг жасағалы бері «Жаңа репортер» редакциясына тікелей эфирде алғаш рет сәлем жолданды. Тележүргізуші Александр Трухачев өзін медиасыншылар «еліміздің әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғары тележүргізушісі» деп атағанын айтып өтті. «7 күн» бір айдан бері үйден эфирге шығып жатыр. Жүргізушісінің айтуынша, студияны қатты сағыныпты.
Алғашқы сюжет – коронавируспен күрес және Nur Otan партиясы сол күреске қандай үлес қосып жатқанына арналыпты. 152 мың отбасы жаңа құрылған қордан көмек алыпты. Адамдарға қорғаныш бетперделерін таратыпты. Сюжетте қорға қаржы аударған инвесторларға алғыс айтып, аударған қаржы көлемі мен аты-жөнін түгелайтып шықты. Халық өз қаһармандарын білуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО жұмысы бойынша видеоконференция форматында кездесу өткізді. Тележүргізуші видеоконференция форматының не екенін – бір мезгілді бірнеше тілшімен қатар сөйлесу деп түсіндірді.
Карантин кезіндегі бағдарлама эфирі сериал көріп отырғандай әсер қалдырады. Оқшауланған үйде тұрып жатқан журналист эфирге шықты. «Көңілі тоқ кескініме қарап, қапас өмір аяқталғанын түсінуге болады. Екі күн бұрын үйімізді карантинге жабу мерзімі аяқталды. Мінеки, қалаға шықтым» деген журналист сюжет түсіру үшін сыртқа шыққан екен. Өміріне разы журналист қаланы аралап, адамдармен әңгімелесіп, қай нысандар жұмыс істейтінін, қайсысы жабық екенін көрсетті. Мешітке, базарға барды, қала шетіне шықты, балалар алаңқайын бақылады. Сырттағы өмірге теледидар экранынан қарау да рахатқа бөлейді екен.
Осы тұста журналист бағдарламаның әлеуметтік жауапкершілігін тағы да арттырды: ол адамдар бетпердені дұрыс тақпайтынын айтып, көшедегі адамдардан «неліктен үйде отырмағанын, неліктен серуен құрып жүргенін» сұрады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аутист-балалардың ата-анасына баласын сыртқа алып шығуына ресми рұқсат бергенін, өйткені «аутистік спектр ауытқуы бар адамдарға» төрт қабырғада қамалып, өмір сүру ауыр тиетінін де ескертті.
#birgemiz сюжетінде коронавирустан жазылған дәрігерлер, жалпы ауруханадағы жағдайды және тағы басқасын баяндады. Дәрігерлерге 300 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін үстемақы берілетінін тағы да айтып өтті. Дәрігердің айтуынша, мәселе – ақшада емес, ең бастысы ешкім ауырмаса екен. Үстемақы санитарлар, диспетчерлер мен жедел жәрдем қызметіндегілерге берілмеуінен туындаған мәселелерді де шет қалдырмады. Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы билігі Денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күтпей, дәрігерлерге қалалық бюджеттен қолдау көрсетіпті. Ал Павлодар облысының жанашыр тұрғындары дәрігерлерге қолдау көрсетсе, басқа да кәсіпкерлер мұқтаж жандарға азық-түлік таратып жатыр. Қызық та жақсы хикаяларды жинаған сюжет.
Бағдарлама соңында тележүргізуші Александр Трухачев көрерменге Марс лақап аты бар итін таныстырды. Ол эфир аяқталуын күтеді. Сосын серуенге шықпақшы. Сүйкімді сәт. «7 күн» эфирі апта өткен сайын қызықты шығып жатыр.
«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
Бағдарлама жүргізушілердің дәрігерлер туралы жан тебірентер сөзінен басталды. Олардың қай-қайсысы да қаһарман, әрбір айыққан науқас – тағы бір жеңіс. Дәрігерлер бізді құтқаруы үшін оларды қолдауымыз керек.
Осылайша эфир дәрігерлердің қарбалас күнін көрсететін сюжетке жалғасты. Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың әрбір төртіншісі – дәрігерлер. ҚР Бас санитар-дәрігері Айжан Есмағамбетованың айтуынша, ауру белгілерінің байқалмауы – өте қауіпті, өйткені аурудың тез таралуына жол ашады. «Аналитика» тілшісі дәрігерлер қалай вирус жұқтырып алғанын анықтауға тырысыпты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен хат-хабар жеткенін, кейбіреуі жазаланғанын да айтты. Қандай хат-хабар, не үшін жазаланған? Мұның себебін кейінірек түсіндірді: қорғаныш заттары жетіспейді екен.
Жылаудың шақ алдында тұрған дәрігер балаларын көрмегелі бір айдан асқанын, өзі де коронавирус жұқтырып алудан қорқатынын айтып, мұның барлығы тезірек аяқталуын тілейді. Өте әсерлі сюжет.
«Жабулы шымылдық» («Железный занавес» — түпнұсқа атауы) сюжетінде тілші шет елдегі қазақстандықтармен байланысқа шықты. Қала ішінен әуесқой түсірілімдер, сол елдегі адамдардың комментарийі. Мәселен, Канадада несие мен ипотеканы кейінге шегеруден бөлек, жалдамалы пәтер иелеріне тұрғындарды шығарып жіберуге тыйым салыпты. Біріккен Араб әмірліктерінде үй жануарларын серуендетуге тыйым салынған. Енді иттер балконда серуендейді. Ал Гоада тұратын қыз осында өмір сүріп жатқанына разы екенін, мұнда тек алты адамнан коронавирус табылғанын айтады. Эмоцияға толы сюжетте түрлі хикая бар. Бір кейіпкер басқа елде қалған балаларын уайымдаса, тағы бірі таныстарының жаппай коронавирус жұқтырып жатқанына алаңдайды.
«Аналитика» бағдарламасы коронавирустан тыс тақырыптарды ұмыт қалдырмады: Қордай ісі бойынша тағы 24 адам тұтқындалыпты. Bek Air әуе компаниясының ұшу лицензиясын тоқтатты. Пандемиядан тыс тақырыптарға арналған тағы бір сюжетке Қарағанды облысында әскери ұшақ құлауын, астанадағы әуежайдың бас бухгалтері ақша жымқыру бабымен айыпталып жатқаны, Атырау облысындағы ауыл мектебінің бас бухгалтері өзіне сыйақы жаздырғаны, ал Павлодар облысында такси жүргізушісі жолақы төлеуден бас тартқан жолаушы әйелді ұрып-соққаны еніпті.
COVID-19 ауруына қарсы төрт дәрі және үш вакцина сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл – әлемдегі коронавирус пандемиясы туралы сюжеттің алғысөзі. Канн кинофестивалі белгісіз уақытқа шегерілді, Францияда дрондар дезинфекциялық заттар шашады, Жапонияда коронавирустан қайтыс болғандар саны көбейе ме, деп қауіптенеді, Оңтүстік Кореяда жағдай тыныш – жаңадан коронавирус анықталғандар саны 30 адамға да жетпейді. Ұлыбританияда 99 жастағы ардагер Том Мур үйін 100 рет айналып шығып, денсаулық сақтау саласын қолдауға 13 млн фунт стерлингтен астам қаржы жинады.
Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасы фейк жаңалық хабарлады. Брюссель, Анкара және Мәскеудегі тілшілер сондағы коронавирус жағдайын баяндады. Мәскеулік тілші стендапында: «Новокузнецк қаласының тұрғындары болса, дүниеге келген сәбиіне Ковид деген есім берді. Енді қыз бала болса, оның ныспысы Хантавируссия болады» деп айтты. Алайда бұл — фейк. Мұндай жаңалық ең алдымен «Кузпресс» сайтында шықты. Авторлары мәтін соңында мұның 1-сәуірге әзіл екенін жазып көрсеткен болатын.
Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары QAZAQSTAN телеарнасы фейк-жаңалық хабарлағанын жазған соң, Мәскеудегі журналист комментарий жазып, қатесі үшін кешірім сұрады. Оның дерегінше, Мәскеуде баласына коронавирусқа қатысты есім берген ата-аналар бар екен. Бірақ, сюжетте Новокузнецк туралы айтылып еді.
Осы оқиғадан кейін Apta бағдарламасының 19.04.2020 күнгі шығарылымы QAZAQSTAN телеарнасының YouTube арнасынан жоқ боп кетті. Жекелеген сюжеттер сақталып қалды. Соларды көріп шықтық.
Бағдарлама басында Қазақстандағы коронавирус ахуалы туралы соңғы жаңалықтарды айта келе, 42500 теңге төңірегіндегі дауға ұласты. Сосын коронавирус пандемиясының әлем экономикасына кері әсерін айтып, саясаттанушы Айдос Сарыммен скайп-сұхбат жасады. Ол коронавирус Қазақстанның қандай мәселелерін жалаңаштағанын санамалап шықты. Биліктің стратегиялық шешімдерін дұрыс, деп бағалап, биліктің тапсырмасын жүзеге асыратын кейбін құрылымдардың шешімді орындауға дайын болмай шыққанын көрсетті, атап өтті.
Алматының бас санитар-дәрігері Айзат Молдағасымова қызметінен кетті. Алматылық дәрігерлер оның үстінен арыз жазған еді. Осы жаңалық соңында әкесімен бірге ауруханаға келіп, сондағы анасын туған күнімен құттықтамақшы болған баланы көрсетті. Анасы ауруханада дәрігер боп қызмет етеді, сондықтан үйіне қайта алмайды. Баласы торт әкелді. Әкесі екеуі анасымен терезенің екі жағында тұрып сөйлесті. Қазір дәрігерлердің өмірі қаншалықты ауыр екенін көрсететін әсерлі видео.
Apta бағдарламасының эксклюзив сюжеті – карантин кезінде алкоголді ішімдіктер сатылымы 70%-ға көбейген. Астанадағы екі супермаркет жетекшілерінің келтірген дерегі осы. Сюжеттегі Қайрат есімді кейіпкер карантин кезінде алкоголді ішімдікті жиі-жиі ішетін болған. Сатушы, психолог, нарколог, полицей мен дәрігердің комментарийі де бар. Сюжет соңына қарай Еуропа елдерінде де алкоголді ішімдік тұтынатындар көбейгенін ДДСҰ дерегі негізінде айтып, кейбір елдерде алкоголь сатуға тыйым салынғанын да атап өтті.
Бағдарламаның тағы бір қызық сюжеті – киберспорт тақырыбына арналды. Пандемия кезінде спорт жарыстары тоқтатылып, киберспорт қарқынды дамып жатыр. Қазір бәс тігушілер киберспортқа бәс тігуді жиілетіпті. Толымды әрі ұғынықты сюжетте мықты геймер-кейіпкер, Киберспорт федерациясының өкілі (киберспорт түрлерін айтты), экономист (киберспорттың экономикаға оң ықпалы), бәс тігетін адамдар (табысы айтарлықтай көп емес, десе де уақыт өткізуге бір себеп екен), психолог (денсаулықта да ойлап, режим сақтау керек) комментарийі бар.
Бірақ, сюжеттегі цифрлар көңілге күмән ұялатады. Сюжет авторы «Киберспорттағы ақша айналымы былтыр 1 млрдтан асып түскен. Ал әлемде күнделікті өтіп жатқан турнирлерде шамамен 540 мың АҚШ доллары ойнатылады. Электронды ойын-сауық зерттеушілерінің дерегінше, осы спорттың төңірегіндегі индустрия 180 млрд доллар табыс түсіреді» деді. Сонда екі жыл ішінде киберспорттағы ақша айналымы 180 есе рет арта ма? Бұған қоса бұл цифрлар қайдан алынғанын да айтпады.
Apta авторлары АҚШ-та жүрген қазақстандық Медет Кенжебаевпен онлайн-сұхбат жасапты. Ол бұған дейін «жалқау қазақ жігіттерін» сынаған видео жариялаған екен (эфирде сол видеоны көрсетпеді).
Медет Кенжебаев сұхбатында үкіметтен көмек сұрайтындарды жалқау, деп атап, АҚШ-та көпбалалы аналар көтеріліске шықпайтынын айтты. Әрмен қарай «Америкада қыздар құрылыста жұмыс істеп жүргенде, Қазақстанда тепсе темір үзетін жігіттер площадқа барып, өз-өзіне бензин құйып, өртеп, жағып жіберіп жатқаны ұят емес пе?» деді. Қазақстанда алаңға барып, үстіне бензин құйып, өртеп жіберу оқиғасы қашан және қайда болған еді? Ештеңе түсініксіз. Жалпы айтпағы түсінікті: АҚШ-тағы өмір Қазақстаннан жақсы екен.
Алайда содан кейін тілші Қазақстанда 100 мың теңге айлық алатын отбасылар бар екенін, оларға бұл айлық жетпейтінін, ал АҚШ-та жағдай қалай екенін сұрады. Медеттің айтуынша, Қазақстанда 100 мың теңге алатындардың ай соңында қалтасында 10-15 мың теңгесі қалады (мұны қайдан біліпті), ал АҚШ-та сен 5 мың доллар алсаң да ай соңында тиын-тебен ғана қалады. Демек, Қазақстандағы өмір АҚШ-тан артық болғаны ғой.
Ең бастысы бұл емес. Apta авторлары экономикалық дамуы әрқалай екі елдің экономикасын салыстырып, сол туралы әңгімелескені, және мұндай әңгімені сала сарапшысымен емес, антенна қоюшымен талқылағаны тосын көрінді.
«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламасына тұрақты мониторинг жасайды және апта сайын жариялайды.