Коронавирус тақырыбынан журналистер де шаршаса керек. Уақыт өткен сайын пандемия туралы материалдар бір сыдырғы бола бастады. Бұл тіпті КТК телеарнасында да байқалады. Әйтсе де қорытынды бағдарламалар тың нәрсені іздеп, көрсетуге тырысады.
«Большие новости» бағдарламасынан әсемдік салоны қожайындары мен шашы өскен клиенттерінің жағдайын көрдік. «Аналитика» бағдарламасы қашықтан жұмыс істей алмайтындар туралы айтса, «7 күн» бағдарламасы президенттер мен олардың індетке қарсы күресін, су тасқынын көрсетті. Apta бағдарламасы карантин кезінде барар жері, пәтер ақысын төлер ақшасы жоқ қазақстандықтар проблемасына үңілді.
Дәстүрлі шолуымызда КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.
«Большие новости», КТК
Студияға әдеттегідей жалғыз жүргізуші шықты. Маңғыстау облысында бірнеше полицей коронавирус жұқтырған. Нұр-Сұлтанда 93 жастағы әже індеттен айықты. Бағдарламаның бірінші және басты сюжеті «Қазақстанда эпидемиологтарды неліктен дайындамайды?» деген сауалға жауап іздеді.Сюжетті түсіруге бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыровтың коронавирус жұқтыруы, күнде жұмысына баруы, әріптестерімен қарым-қатынас жасауы түрткі болыпты. Министрмен де қарым-қатынаста болған.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің мәлімдеуінше, қазақстандық жоғары оқу орындарында соңғы 15 жылда эпидемиолог мамандарын дайындамайды екен. Сюжетте ақпарат та, цифр да тым көп, бірақ кейіпкер жоқ. Міне, сондықтан да алғашқы материал қабылдауға қиын, тым ғылыми болып шықты. КТК телеарнасы тақырыпты аша түсуге шамасы жетер еді.
Сюжеттер аралығындағы қызық ақпараттың бірі, жүргізуші «Яндекстің оқшаулау индексі» деген не екенін түсіндіруі болды. Бес болса, онда бәрі жақсы. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында үштен сәл асады. Ал Қарағанды тұрғындары басқа қазақстандықтармен салыстырғанда тәртіпке бағынуы үлгілі болып шықты. Индексі төртке тең.
Карантиннің әсемдік салондары мен клиенттеріне зияны туралы сюжет кейіпкерлер хикаясынан құралған. Шашы өскен жігіт, маникюр салондары мен шаштараз қожайындары, тырнағына гелді лак жағуды үйренген қыз, тырнағына маникюр жасай алмай қиналған қыз және тағы басқа хикаялар бар. Шенеунік, яғни билік өкілінің әсемдік салондарын неліктен ашуға болмайтынын түсіндірген комментарийі де бар. Сюжет соңында тілші шашын бояп, креатив стендап жасайды.
Бағдарламада «коронавирустан тыс» топтамалар да бар. Бұл топтамаға «Бүгінгі жаңалықтар лентасында не шығып жатыр» тұрақты айдарын қоспағанда, Tengri bank пен салымшыларының проблемасына арналған шағын сюжет еніпті.
Осы жазда саяхатқа аттанып, шетелде демалу мүмкін бе, пандемиядан кейін туризм саласы қалай өзгереді? Сюжет авторлары осы сауалға жауап іздейді. Туроператорлармен, төтенше жағдай енгізілуіне байланысты демалыс жоспары бұзылған адамдармен сөйлесіпті. Туроператорлар биыл жазда адамдарды шетелге демалысқа жібере алатындарын айтады. Ал клиенттері болса, демалысын кейінге шегеріп жатыр (операторлары ақшасын қайтара алмайды, өйткені ақша жоқ). Алайда карантиннен кейін баға бәрібір өседі. Туристер нөпірі азаяды. Есесіне, ішкі туризмге сұраныс артуы мүмкін.
«7 күн», «Хабар»
Бағдарлама аптаның ең басты тақырыбы – коронадағдарыстан басталды. Әлемдік сарапшы қауымы енгізген жаңа терминге бөлек сюжет арнады. Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің онлайн-отырысын өткізді. Тұңғыш президент «алаңдатарлық фактілер келтіреді»: көптеген елде жан басына шаққандағы табыс көлемі қысқарған, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауыр экономикалық құлдырау болады, пандемия дағдарысы қаржы дағдарысымен тұспа-тұс келеді. Сюжетте проблемаларды тізіп шыққанымен, көрерменде «біз соған дайынбыз» деген әсер қалады. Мемлекет басшылары жаңа әлемде лайық орын алуды талқылайды. «Хабар» телеарнасының дағдарысқа дейінгі сюжетіндей әдепкі сюжетінде Нұрсұлтан Әбішұлының ұзақ синхрондары, тілші комментарийлері бар. Бұқарадан кейіпкер жоқ (шын мәнінде, дағдарыс ең алдымен сол бұқараға әсер етеді).
Қысқа уақытта тұрғызылған аурухана туралы сюжет. Құрылысшылар аурухананың кемі 50 жылға, тіпті 100 жылға шыдас беретініне уәде етеді. Дәрігер Анна Цепке президент Тоқаевқа бұл ауруханың ең маңызды тұсы – желдету жүйесінің ерекшелігінде екенін айтады. Палатадағы ауа дәлізге өтпейді. Бұл ауру жұқтырудан да сақтайды. Тағы бір инфекционист-дәрігер пандемиядан кейін де инфекционистерге үстемақы төлеуді сақтап қалу мүмкіндігін қарастыруды өтінеді. Тоқаев дағдарыс, қаржылық жағдай қиын екенін айтады. Десе де өтінішті қараусыз қалдырмайтынына уәде етеді.
Жалпы сюжетте тақырыптан тақырыпқа: аурухана, індет жұқтырған дәрігерлер, үстемақы, тағы да аурухана, елімізде аурухана салу жоспарларына секіреді. Негатив мазмұнды мейлінше азайтады.
Президенттің пандемия кезінде қолдау шараларына арналған тағы бір сюжетте 42 500 теңге алудың дұрыс-бұрысын тексермейді, ақшаны алып қоймайды, ешкімді жазаламайды. Сюжет ресми брифингтердегі синхрондардан құралған. Кейіпкер де бар. Ол – Талдықорған тұрғыны. Пандемияда бизнесі тұралап, әлеуметтік төлем алған. Ол мемлекетке көмектескені үшін алғыс айтады. Дәрігерлерге үстемақы және еріктілер жұмысы туралы тақырыпты мұнда да қосыпты. Ал көмекке мұқтаж, бірақ көмек алмағандардың тақырыбын елеусіз қалдырыпты. Көмек алмаса, қайда шағымдану керегін де айтпады.
Коронавирустан тыс тақырып – су тасқыны. Екі апта карантинде отырған Әмір Сәментаев сюжет түсіруге шығып, ақпан айында көрсеткен кейіпкерлерінің үйіне барды. Олар су тасқынынан қауіптенетін еді. Кейбірін су тасқыны айналып өтсе, енді біріне су жеткен, тағы бірі күтіп отыр. Өзендегі су деңгейінің төмен екенін, тіпті арнасы құрғап, кеуіп қалуы мүмкін екенін айтқандары да бар. Адамдардың апатпен күресіне арналған сюжет өте шынайы. Өкініштісі, бағдарламадағы жалғыз іліп аларлық сюжет болды.
Бағдарлама түйіні дәстүрге айналыпты. Бұл аптада жүргізуші Александр Трухачевтің велосипед мініп, Марс итімен бірге серуендегенін көрсетті. Тірі пенде жоқ көшеде неліктен бетперде кигені, таза ауамен тыныстамағаны түсініксіз. Бәлкім бұл қазіргі жағдайдың символы болар.
«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» бағдарламасы коронавирустан басталды. Бірінші материалда астанадағы жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын (бағасын айтты, бірақ мұның аз не көп екенін нақтыламады), дәрігерлерді қолдау шараларын көрсетті. Басты спикер – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екінші материалды азаматтарды да, бизнесті де қолдау шараларына арнады. Басты спикер – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев. Ол дағдарысқа қарсы іс-шаралар туралы тапсырмалар берді.
«Аналитика» бағдарламасы карантин кезінде де жұмыс істейтін адамдарға: троллейбус, такси жүргізушілері, тамақ жеткізушілер, полицейлер және сатушыларға сюжет арнады. Адамдар жұмыс орнын қалай залалсыздандыраты туралы егжей-тегжейлі айтты. Жеке хикаялар жетіспеді. «Мен де біреудің анасымын» деген троллейбус жүргізушісі кімнің анасы екенін біле алмадық.
Коронавирустан тыс тақырыптар дайджестіне қылмыс оқиғалары, өрт, әлемнің түкпір-түкпірінде суға кеткен үйлер, мемлекеттің жаңа жұмыс орындарын ашуы және «Том мен Джерри» мультфильмі аниматорының қайтыс болуы енген. Барлық тақырып жеке-жеке материалға сұранып тұр. Алайда 13 минуттық дайджестте араласып кеткен.
Бағдарлама әлем елдері коронавируспен қалай күресіп жатқаны туралы дайджестпен аяқталды. Вирустың зертханада жасалғаны туралы түсінікті де теріске шығарды.
Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасы коронавирус жағдайына қатысты соңғы жаңалықтардан басталып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың модулді ауруханаға барғанына жалғасты. Президенттің денсаулық сақтау саласын реформалау туралы айтқандарынан үзінді келтірді.
Бірінші сюжет – төтенше жағдай кезінде азаматтарға әлеуметтік көмек тақырыбына арналыпты. Кім не алғанын санамалап шықты. Несие төлемін шегеру, дәрігерлерге үстемақы, коммуналды қызмет ақысын төлеуге 15 000 теңге, құқық қорғау органы қызметкерлеріне сыйақыны айтты. Жалпы «есеп беру материалы» жасалған. Алайда көмек алуға өтініш тапсырған, бірақ алмаған, алайда көмекке мұқтаж жандар туралы ештеңе айтпады. Олар енді не істемек? Қалай шағым жібереді?
200-ден астам алматылық дәрігер коронавирус жұқтырған. Неліктен? Алматының бас санитары Жандарбек Бекшинмен сұхбатқа арналған алғысөзде осы сауалды ортаға тастады. Бас санитар аурудың ауыр формалары мен Оңтүстік астанада індетті анықтаудың қандай тәсілдері бар екенін айтты.
Содан кейін бағдарлама коронавирустан тыс бірнеше тақырыпқа жалғасты. Бірінші тақырып – дихандар проблемасы (дизель отын қымбат, дайын өнімді сату қиын, ұсақ шаруа қожалықтарына субсудия алу машақат, блокбекеттерден өту де күрделі боп тұр). Хикаялар, егіс алқабының кадрлері бар, алайда салалық министрліктен комментарий жоқ. Проблемалы сюжетте баланс сақталмапты.
Шығыс Қазақстан облысындағы орман өрттері туралы ақпараттық сюжет. Айта кетерлігі, басқа бағдарламалар бұл тақырып туралы ләм-мим демеді.
Мұнай бағасының төмендеуі Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Сюжет толымды шыққан. Сарапшылар пікірі мен қызық ақпарат көп. Сюжет Атырау облысындағы мұнай кені орындарының біріндегі жұмысшылардан коронавирус табылғанынан басталды. Әрмен қарай мұнай фьючерстері, минусқа кеткен баға, мұнай сақтау қоймаларының толып қалуына жалғасты. Қызық мәліметтер де бар. Мәселен, үш литр мұнай жерге төгілсе, сол аумақты тазалауға 1,8 млн теңге керек екен.
Карантин кезінде жалдамалы пәтер нарығында ғы ахуал қандай? Сюжет кіріск көзінен айырылып, пәтерақысын төлей алмай отырған адамдар хикаясынан басталды. Ал пәтер иелері оларға түсіністік танытар емес. Кейіпкерлер әңгімесі эмоцияға толы, барар жері жоқ, істейтін жұмыс та жоқ. Алайда пәтер жалдаушылардың қарызын кешіріп, оларға жеңілдік жасаған пәтер иелері де бар. Жылжымайтын мүлік агенттік өкілдері мен түрлі сарапшылардан комментарий алған. Сюжет адамдарды Рамазан айында қайырымды болуға да шақырады. Дегенмен сюжет басындағы кейіпкерлерді сюжет соңында ұмытып кетеді.
«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын жариялайды.