ДомойМедиасынИнтеллектуалды майданның алдыңғы шебінде: «Парасат майданы»

Интеллектуалды майданның алдыңғы шебінде: «Парасат майданы»

Интеллектуалды майданның алдыңғы шебінде: «Парасат майданы»

Жұма күндері түн жарымда (сағат 00:40) сериалдар мен жаңалықтар көрермені тәтті ұйқыға кеткенде «Qazaqstan» арнасында Parasat maidany («Парасат майданы») интеллектуалды шоуы басталады. Бағдарламаның әрбір эфирі белгілі бір тақырыпқа  мәселен драматург Ибсен шығармашылығы, Галилей ұстанымдары, Amnesty International ұйымының тарихы және тағы басқасына арналады. Студияды соны талқылай отырып, бүгінгі Қазақстан туралы әңгіме өрбиді. Медиасыншымыз Назира Дәрімбет бағдарламаның бірнеше шығарылымына шолу жасады.

Әңгіме-дүкен жанрындағы «Парасат майданы» эфирге 2017 жылдың көктемінде шықты.

Бағдарлама басталғанда көне тарихи бейнесюжеттер көрсетіледі және әрбір тақырып бүгінгі жағдаймен тікелей байланыстырылған. Жүргізушісі Дархан Әбдік студияға келген қонақтармен елде болып жатқан жағдайды мәдениет, өнер және әдебиет арқылы талқылайды. Бағдарлама атауы — тележүргізушінің әкесі, жазушы Төлен Әбдіктің повестімен аттас екенін еске сала кетейік. Кезінде жазушы осы шығармасы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Студияның көмескі түстері көрермендерді үлкен ойға жетелейтіндей.

Кейде ұсынылған тақырып, мысалы Ибсен шығармашылығы Қазақстанға түк қатысы жоқ болып көрінеді. Алайда бұл театр сыншысы Назерке Жұмабай мен режиссер Әлімбек Оразбеков арасында «Қазақ драматургиясында неге жаңалық жоқ» деген әңгімеге түрткі болды. Студиядағы әңгіме қоғамның өзекті мәселесін адам тағдыры арқылы көрсеткен Ибсеннен басталып, биыл аталып өтіп жатқан Абайдың 175 жылдығына ұласады

Жүргізуші сөзін: Абай туралы барлық қойылымда оның жеке ішкі мұң, зарын көрсететін дүние жоқ, тек ұлы Абайды мадақтаумен шектеліп қалдық: әкесі аға сұлтан, өзі болыс, інілері мен ағалары болыс Абай неге қынжылды, деп бастайды.

Әрі қарай «Сахнада сол баяғы тарихтағы хандар мен батырларды көрсету, пафостан арыла алмаймыз. Сонымен қатар замандастарымыздың кейпін көрсететін қойылымдар да жоқ. Мысалы, несиеден қажыған халық, жемқорлар, тастанды бала, екі түрлі күн кешкен биліктегі көкелер мен әйелдерінің бақытты отбасын әлеуметтік желіде көрсететін жасандылығы», деп ойын жалғастырады.

Ал Абайды сахналаған режиссер: «Қазір талантты драматургтер жоқтың қасы. Қазіргі драматургиялық жазбалар — ашық, тікелей жазылған дүниелер. Мұндайды сахнаға шығару мүмкін емес, астарлай жеткізілген дүниелер керек»,-дейді.

Алайда жүргізуші драматургия әлемін бүгінмен қайта ұштастырады.
«Ибсен шығармашылықпен айналысу үшін адамның оған моральды қақысы болуы керек екенін айтады. Ал біздегі ақын, жазушылар әкімнен пәтер алады»,-дейді Дархан Әбдік.

Театр сыншысы Назерке Жұмабай  оның ойын жалғай түседі: «Дұрыс айтасыз, бізде билік туралы одалар жазып, сарай ақынына айналғандар өте көп. Депутаттардың, шенділердің шығармасын сахнада қойып жатқан театрлар бар. Бұл әсіресе, облыстарда жиі кездеседі. Былай қарасаң, шығармада қоғамдық мәселелер бар, діни экстремизм, нашақорлық, тастанды бала, жол тағы басқа. Жоғары жақтан хабарласып, қойдырады».

«Енді мұның бәрі Жолдауда да бар ғой» деп әзілдейді сөз арасында жүргізуші.

Тақырыпты түйіндей келе, Дархан Әбдік Қазақстан мен Норвегияны астарлай салыстырады.

«Театр ұлтты қалыптастырады» дейді. Бәлкім бір кездері Еуропадағы ең кедей мемлекет саналған Норвегияның қазіргідей көркеюіне, адами құндылықтарды қалыптастыруына, демократияны орнатып, коррупцияны жоюына Ибсен шығармашылығы әсер еткен болар».

Қазақстанда ғылымның дамуына арналған әңгіме Галилео тарихынан басталады. Студия қонақтары ғалым-химик Қуанышбек Мұсабеков және мемлекеттік басылымдарда көп көріне бермейтін танымал математик Асқар Жұмаділдаев.

Жүргізуші ақсақал химиктен: «Неге біздің елде химия өндірісі жоқ? Тәуелсіздік жылдар бойы қәсіпорындар неге салынбады?» деп сұрайды.

Ғалым бұл сұраққа: «Бізде химия өндірісі мүлде жоқ деуге болмас. Шығыста, Жамбыл облысында, оңтүстікте зауыттар бар ғой. Бірақ совет заманынан қалған зауыттар», деп барынша қарсылық білдіргендей болады.

Әңгіме нақты ғылымнан «Рухани жаңғыруға» дейін өрбиді.

«Мысалы, біз «Мәңгілік ел» дейміз, ал сол мәңгілік дегеніміз қанша уақыт? Бір жыл ма, он жыл ма, жүз жыл ма? «Мәңгі ел» болып қалатынымызға күмәнім бар, ол үшін өткенді сөз ете бермей, Шыңғысхан қазақ па деп, бос әңгіме айтпай, болашақты ойлау керек, ғылымды дамыту қажет, әйтпесе біз өзімізді әлемге мойындата алмаймыз»,-дейді математик мемлекеттік бас арна студиясында емес, бір ютуб арнасының эфирінде отырғандай.

Ал жүргізуші Галилейдің бір цитатасын келтіргенде шеберлік танытады:

«Адамдар өз пікірінен бас тартып, өзгенің пікіріне илануын талап ету ғылым мен өнерден мақұрым адамдардың білімді адамдарға төреші, басшы, әрі сот қылып тағайындау осының барлығы мемлекетті құрдымға жетелейтін төте жол»

Бұл сөзге екі қонақ: «Мұнысы рас, дұрыс», деп толықтай келіседі.

Тағы бір тарихи тақырып — Amnesty International құқық қорғау ұйымының құрылуы және дамуы Қазақстандағы адам құқықтарын талқылауға түрткі болды. Мұнда рұқсат етілмеген шерулер туралы әңгіме айтылып, бағдарлама басында Ресейдегі қарсылық акциялары туралы бейнежазбалар көрсетіледі.

Осы тұста Дархан Әбдік: «Ресейді талқылайық, бұл енді оңай ғой», деп тағы әзілдейді.
Десек те, кейінірек студияда өткен жылы жазда Ақорда маңында өткен көпбалалы аналар шеруі көрсетіледі.

Бұл жолы дәстүр бойынша келтірілген дәйексөз америкалық саяси ойшыл Томас Пейннің айтқаны болды: «Басқа мүмкіндіктердің бәрі аяқасты болған кезде, адамның бойында бәрібір күреске шығу қақы қалады».

Саяси деректер, көзқарасы бөлек студияға келген қонақтар, ұлылар сөзі және осы арқылы бүгінгі жағдайды сараптау — «Парасат майданы» ерекшелігі. Осыларды шебер пайдалана отырып, интеллектуал Дархан Әбдік мемлекеттік арнада өзекті тақырыптарды көтеріп отыр.

скринсуреттер Parasat maidany бағдарламасынан алынды

Назира Даримбет
Назира Даримбет
Назира Даримбет работает в журналистике более 15 лет, в основном в независимых медиа. Была главным редактором газеты «Азат», редактором отдела политики и социума в медиапроекте «Республика», обозревателем Ratel.kz, редактором казахоязычной версии сайта. Специализируется на социально-политических темах. Пишет на русском и казахском языках. Сейчас пишет для Total.kz обзоры казахскоязычных СМИ. Обозреватель портала KZ.MEDIA.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР