ДомойМедиасынҚазақстан медиасындағы Covid-19. Бейне, дыбыс, таңбалар

Қазақстан медиасындағы Covid-19. Бейне, дыбыс, таңбалар

Қазақстан медиасындағы Covid-19. Бейне, дыбыс, таңбалар

«Коронавирус кезеңі» деп аталатын осы бір түсініксіз уақыт адамдардың гиперкеңістіктегі белсенділігін ерекше арттырғанын байқаймыз. Әлемнің бар назары бір нүктеге ауған шақта еліміздегі медиакеңістік өз рөлін қалай атқарып жатыр? Ақпарат ағымында таралатын бейнелер, дыбыстар, таңбалар тұтынушылардың бойында қандай із қалдырады? Медиамыз жеке институт ретінде қайда бағыт алды? Бізде медиа институт қалыптасты ма? Осы сауалдарға медиа теорияға сүйене отырып жауап береміз.

Бейне, дыбыс, таңба

Ең алдымен коронавирус тақырыбы басталғалы медиамызда ең көп таралған бейнелер, дыбыстар мен таңбаларды анықтап алайық.

Символ бейнелер:
1. Дәрігерлер, аурухана
2. Шар тәрізді вирус бейнесі
3. Қаңырап бос қалған қалалар
4. Төртбұрышты тар кеңістік: үй немесе аурухана бөлмелері

медиа о коронавирусе

Оқиғалардың медиадағы тікелей көрінісі (көшірмесі) нәтижесінде қалыптасқан ортақ образ: ол — дәрігер мен вирус бейнесі. Бұл екі бейне де оқырман бойындағы қорқынышты тіпті күшейтеді. Үй, аурухана бөлмелері сияқты тар кеңістік бейнесі стресс пен депрессияны тереңдете түседі. Қаңырап бос қалған қалалар адам бойында экзистенциалды сұрақтар туындатуы мүмкін. Мұндай бейне көп көріне берсе, адам бойындағы құлазу, психологиялық күйзелісті тереңдетеді.

Міне, осындай жағдайда дербес медиа институттар аудиториясына балама шындық, балама бейне ұсынып, сол оқиғалардың адам бойына жағымсыз әсерін, жағымсыз қырларын мейлінше азайтуға тырысады.

Мәселен, The Steppe сайтында жарияланған мына мақаланың визуал көрінісіне қараңыз. Дертімен арпалысқан науқас пен дәрігерді аурухананың тар бөлмесінен көрмейсіз. Науқас пен дәрігердің артқы фоны символикалық мәнге еніп, оқиғаның жағымсыз әсерін әлсіреткен.

скринсурет The Steppe сайтынан алынған
скринсурет The Steppe сайтынан алынған

Бізде, яғни Қазақстан медиасында оқиға көрінісін осылай ұсынған санаулы ғана сайт бар.

Дыбыстар:
1. Басқарушы билік өкілдерінің дауысы
2. Вирус туралы әндер

Символ бейнелерден дыбыстарға келейік. Символикалық дыбыс ретінде билік дауысын алуға болады. Билік өкілдері төтенше жағдайға байланысты ақпарат құралдары арқылы өте жиі мәлімдеме жасайды.

Мұндай мәлімдемелер тікелей азаматтардың өміріне қатысты. Сондықтан да жаппай тыңдайды, көреді.

Тап осындай жағдайда халық өзі тыңдағысы келмейтін топтың дауысын тағы да жиі естіп, ішкі қарсылығына қарамастан оны тыңдауға мәжбүр екенін түсінеді. Шынтуайтына келгенде, бұл қоғамдағы қорқыныш пен күйзелісті одан әрі тереңдете берді.

Билік өкілдерінің дауысынан бөлек, қоғамда ең көп таралған дыбыстың бірі — вирус туралы әндер болды. Әрине, бұл адамдардың өзін-өзі жұбатуынан туған табиғи дүние деуге болады.

Осы тұста бір мысал келтірейік, кейбір батыс басылымдарында «Терезеңізден құстар дауысын естіңіз, құстар дауысына құлақ түріңіз» челленджі туралы айтылып жатыр. Демек, медиа сізді табиғат дауысын естуге шақырып отыр. Мұндай бастамалар адам назарын болып жатқан немесе болайын деп тұрған мәселелерден басқа нәрсеге аудара алады. Ал мұндай қызметті тәуелсіз медиа институт қана көрсете алады.

Таңбалар:
1. «Үйде бол», «Біз үшін үйде болыңыз»
2. «Біз біргеміз»

Коронавирус кезеңінде жиі көзге түскен әріп таңбаларына келсек, ең алдымен әлемдік сипат алған #үйдебол хэштегі болды. Осы уақытта қатар тараған #бізбіргеміз, #bizbirgemiz хештегі бүкіл медианы басып алды. Алайда бұл тіркеске көпшілік реакциясы тек ирониялық сипат алды, өйткені бұл таңба әуел баста айдан анық саяси мәнге ие болып туған еді.

Медиа институттың алғышарты — басқа институттың құралына айналмау

«Медиа институт толық модернизацияға өткен қоғамда ғана қалыптаса алады» деген ойларға қарамастан, медиамыздың бүгінгі бет алысын біліп, бағдарлауымыз аса маңызды.

Медиа институттардың бірден бір алғышарты — саясат, отбасы, дін сияқты басқа институттардың құралына айналмай, керісінше таза ақпарат кеңістігі арқылы осы аталған институттарға ықпал ете алу. Ең қызығы — медиа дербес институтқа айнала бастағанда болып жатқан оқиғаларды тек көшірумен айналыспай, сонымен қатар мәселелерді шешу үшін аудиториясына балама жол ұсынады. Адамның осы ситуацияға қатысты әрекетін де басқара алады.

Медианың осындай қызметін белгілі медиа зерттеуші, философ Жан Бодрийярдың медиатизация (медианың мәдениетке, саясатқа және т.б институттарға ықпалы, дәл осы ұғым дербес медиа институтымен тікелей байланысты) теориясына келтірген тұжырымдамасы арқылы түсініп көрелік. Жоғарыдағы таңбаларды еске түсіріңіз.
Жан Бодрийярдың ойынша, қазіргі масс-медиа белгілі бір символдар мен таңбалардан тұрады: бейнелер, дыбыстар, жарнамалар және т.б.

Осы белгілер өз негізін өмірден ала отырып, симулякр (түпнұсқасы жоқ көшірме) жасайды. Бұл симулякрдың медиа арқылы әкелген шындығы физикалық және әлеуметтік шынайылықтан да асып түсіп, өзінше бір ақиқат жасап шығуы мүмкін. Бұл бір әлемнің картасы сияқты, біз осы картаны жасаушылар арқылы ғана геонүктемізді соншалықты анық, түсінікті етіп қабылдап алғанбыз. Бізге мұндайда жаңағы жер бетінің табиғи бөлінуі, орналасуы тіпті қызық емес.

Жан Бодрийяр семиотикаға (таңбалар мен таңбалар жүйені зерттейтін ғылым) негізделген бұл идеяларын былай түйіндейді: «медиатизацияға, яғни медианың ықпалына ұшыраған өнім дегеніміз — күнделікті масс-медиа арқылы жететін құрғақ ақпарат емес, бұл — белгілі бір формадағы таңбалар мен модельдерге түсіп, белгілі бір кодтар арқылы шифрланған реинтерпретациялар (бұрын зерттелген материалды қайта (екінші рет) талқылау, түсіндіру)».

Оның теориясына сәйкес, симулякр медиа кеңістіктегі шынайылықты (оқиғаны дәлме-дәл көшірген жаңалықтарды) алмастыра отырып, тұтынушының оқиғаға байланысты әрекет етуіне тікелей әсер ете алады, деген қорытынды жасаймыз.
Бұл теорияны қазіргі жағдайымызға икемдеп түсіну үшін жоғарыда талданған таңбаларды еске түсірсек жеткілікті.

Осы тұжырымдамаға сүйенуіміздің себебі — біз басында атап өткен тәуелсіз медиа институттың қалай жұмыс істейтіні туралы болып отыр. «Қазіргі медиамыз өз алдына дербес институт ретінде жұмыс істеп отыр» деп айтуға келмейтін сияқты.

Оқырманды шешім табуға үндейтін контент

Қазірде жаппай бір ізді жүріп жатқан ақпарат кеңістігінде тек санаулы ғана сайт (атап айтқанда: The Steppe, Buro 24/7, Baribar.kz) болып жатқан оқиғаларға қатысты құрғақ деректермен шектелмей, тікелей емес бірақ балама, оқырманды үрейге емес, шешім табуға, ойлануға бағыттайтын контент ұсынып отыр.

Мысалы, отбасылық қарым-қатынастан бастап, психологиялық әртүрлі кеңестер, өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі тануға арналған материалдар, әлеуметтік оқшаулану және дәл қазіргі ауыр жағдайда адамдарға қажет, пайдасы тиер ақпарат жариялап жатыр. Мұның көрінісі ретінде мына екі материалдың мазмұнына назар салайық:

скринсурет Baribar.kz сайтынан алынған

скринсурет The Steppe сайтынан алынған

Бір қарағанда бұл тақырыптардың қазіргі жағдайға ешқандайда қатысы жоқ көрінуі мүмкін, бірақ Жан Бодрийярдың теориясына сәйкес, бұл сайттар өмірдің өзінен тікелей көшірме жасаған мәтіндер таратпай, керісінше болып жатқан оқиғалардың салдарымен жұмыс істеуге көбірек көңіл бөліп отыр. Мәселен, «карантин кезінде экологияда оң өзгерістер байқалып жатыр», «отбасылық зорлық-зомбылық көбейіп отыр» деген сияқты болжамдарды көптеген ақпарат құралы тек атүсті шолып өтті.

Дербес медиа институт қалыптаспауына үш себеп

Салыстыра қарасақ, қазір біздің медиа дербес институт ретінде толық қалыптасып үлгермеді. Бұған бірнеше себеп келтіруге болады:

Біріншіден, қазіргі ақпараттық медиа орталықтардың басым бөлігі саясиланып, медиа тек белгілі бір институттардың ықпалында ғана жұмыс істейді;
Екіншіден, медиа мамандар кәсібилігінің жетіспеуі;
Үшіншіден, тарихи жаралардан, саяси және тұрмыс-салт табуларына әбден күрмелген қоғам да бұған мүмкіндік бермей отыр.

Мерей Қосын
Мерей Қосын
«Өнертану» ғылымдарының магистрі, драматург, сценарист, журналист


ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР