ДомойМедиасынПолицейлер жол апаты, бейбіт жиналыстар, карантиннен шығу. 25-31 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Полицейлер жол апаты, бейбіт жиналыстар, карантиннен шығу. 25-31 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Полицейлер жол апаты, бейбіт жиналыстар, карантиннен шығу. 25-31 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Телеарналардың айтқанына ғана емес, айтпаған тақырыптарына да қарау керек. Мәселен, кешегі аптада мониторингімізде қамтылған екі қорытынды бағдарлама, атап айтқанда «Большие новости» мен «Аналитика» бағдарламалары Алматы қаласында бір мас полицей блокбекеттегі полиция көлігін соғып, көлік ішіндегі екі полицей көз жұмып, тағы біреуі жараланған оқиға туралы егжей-тегжейлі көрсетті. Ал «7 күн» және Apta бағдарламалары бұл оқиғаны елеусіз қалдырып, ләм-мим демеді.

Есесіне «Хабар» телеарнасы бейбіт жиналыстар туралы заңға енгізілетін өзгерістерге алты минут арнады. Сонда да көрерменді шатастырып, жауапсыз сұрақтар туындатты.

Аптаның басқа тақырыптары қатарында карантин режимін жұмсарту, Павлодар интернатындағы кішкентай тәрбиеленушілердің азап өмірі, парламенттегі әйелдер мен жастар, Каспийдегі итбалықтар және темекі өнімдеріне қарсы жаңа ережелер бар.

Мониторингімізде КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК

Бағдарлама Шығыс Қазақстан облысында АН-2 ұшағының апатқа ұшырағаны туралы қысқа хабарламадан басталды.

Алғашқы үлкен тақырып – Алматыда жол-көлік оқиғасына арналды. Бір полицей (бұрынғы полицей болуы да мүмкін) мас күйінде көлік жүргізіп, басқа полицейлер отырған автокөлікті барып соғады. Тілшілер өтірік пен үнсіздік өрмегінің арасынан шындықты анықтауға ұмтылыпты. Әуел баста апатқа кінәлі адам полицияға қатысы жоғы айтылса, кейін оның бұрынғы полицей екенін хабарлады. Ал қайтыс болған полицейдің көршілері мен әкесі оның бұрынғы полицей емесін айтады. Президент қайтыс болған полицейлерді «Айбын» орденімен марапаттады.

Тележүргізуші болса, «әдепкі жол-көлік оқиғасы» ісін тергеу жұмыстары ауыр бап бойынша жүргізіледі, деді. Бұл «әдепкі жол-көлік оқиғасы ма, емес пе», мұны журналист шешпейді.

Материалда баланс сақталмаған: полиция тарапынан баспасөз-хатшысы Салтанат Әзірбек болған оқиғаға қатысты құрғақ пікір білдірді (оның «бұл — біздің БҰРЫНҒЫ қызметкер» деп айтқаны). Есесіне сюжетте тәртіп сақшыларына қарсы айыптаулар қарша борады, ешбіріне жауап болмады. Бәлкім, жауап бергісі келмеген шығар, бірақ мұны сюжетте айтпады. Ақыр соңында күдіктінің қандай полицей екені, яғни бұрынғы ма, қазіргі ме екені түсініксіз боп қалды. Егер бұрынғы полицей болса, онда бастықтарын неліктен жазалады?

Келесі сюжет қалаға кіреберістегі блокбекеттерде болатын көлік кептелісіне арналды. Тілші Алматы шекарасындағы блокбекеттерде көлік кептелісі таңғы сағат 5-те басталатыны рас-өтірігін білмек болыпты. Тілші анықтағандай, кептеліс таңғы сағат 7-лерде басталады екен. Ирина Криштоп кептелістен шығып, қалаға кіру үшін қанша уақыт керек екенін де анықтапты. 1 сағат 22 минут керек екен. Автокөлігіңізге КТК телеарнасының логотипі жапсырылса, қанеки.

«Сайлау туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, партия тізіміндегі әйелдер мен жастар үлесі 30 пайыздан кем болмайды. Сюжет жеңіл жасалып, баланс сақталған. Риторика, әлдекімді жынысына қарай кемсіту жоқ. Алайда аздаған эйджизм бар (эйджизм дегеніміз – адамды жасына қарай кемсіту – автор түсіндірмесі). Сюжетте 80 жастан асқан депутат Косаревтің Мәжіліс отырысында ұйықтап кеткен сыңайдағы сәтін көрсетті.

Бағдарлама ақтаулық тілші Станислав Хапинаның сюжетімен аяқталды. Сюжетте Каспий теңізінде итбалықтар мен балықтарды браконьерлерден қалай құтқарғаны көрсетіледі. Материалда шенеуніктер көп сөйлейді. Мұндай сюжетте жаттанды ресми тілде сөйлейтін адамдарды емес, итбалықтар мен балықтарды көбірек көрсеткенде жөн болар еді. Кеңседен шықпай, құтқарылған жануарлар туралы есеп жасайтындарды емес, шын майданда табиғат қаскөйлеріне қарсы күресетін адамдарды сөйлетіп, соларды сөйлетіп, көрсету керек.

«7 күн», «Хабар»

«Хабар» телеарнасының «7 күн» бағдарламасы «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күнінен басталды.

Бұл күнді тұңғыш президент бекіткенін, биыл екінші президент үндеу жасағанын айтып өтті.

Осы тақырыпқа бөлек сюжет арнапты. Бэкграунды бар сюжетте жарлықты көрсетіп, сарапшыларды сөйлетіп, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының құрамында болған адамдардан сұхбат алып, тақырыпты аша білді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың шаруа қожалықтарына сапарын көрсетер сюжетте шаруалар президентке есеп береді: мемлекеттен берілетін субсидиялар үлкен қолдау болып, бәрі дамып, өсіп-өніп жатыр екен. Ғалымдарымыз шығарған жоғары сұрыпты тұқымдар қолданылады. Жалпылама алғанда, шаруа қожалықтарымыздың жағдайы жақсы екенін тағы да айтты.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысы өтті. Сюжеттен білгеніміз, отырыста білім мәселелерін талқылады: мамандық мәртебесін көтеру керек, айлық көбейту керек, білікті мұғалімдер дайындау керек және тағы басқа. Ешқандай нақтылық жоқ.

«Либералді және озық». Бағдарламаның «Бейбіт жиналыстар» туралы жаңа заңға арналған сюжеті осылай  басталды. Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптама институтының директоры Марат Башимов концепцияны әзірлеуге қатысыпты. Институт директоры жаңа заңды «теңдессіз заң» деп есептейді. Оның айтуынша, көптеген елде митингілерді өткізу үшін алдын ала хабардар етеді, тек Қазақстанда ғана бес күн бұрын хабардар етсе жеткілікті екен (басқа елдерде 10, 12, 15 және тағы қаншама күн бұрын хабардар ету керек).

Алайда интернетте тездетіп іздеу нәтижелері көрсеткендей, журналистер бұл спикердің өтірік сөйлейтініне мән бермей, әшкерелемеді: мысалы, Зимбабведе 4 күн, Италия мен Францияда 3 күн, Германияда 2 күн, Тайландта тәулік бұрын хабардар етеді. Бірақ спикер Марат Башимов Ресей, Өзбекстан, АҚШ (АҚШ-та әр штат өзі бекіткен мерзімі бар) және Қырғызстанмен («сарапшы» айтқандай, Қырғызстанда 12 күн бұрын емес, шын мәнінде 2 күн бұрын хабардар етеді) салыстырады. Осылайша, спикер сөзі өтірік болып шығады. Оның сөзін тіпті журналистер де тексермепті (Иә, ол сөзінде біз мысалға алған мемлекеттер туралы айтпады, алайда «теңдессіз» сөзінің мағынасын бәрі білсе керек). 5 күн бұрын хабардар ету талабы теңдессіз боп саналмайды. Ал осы «теңдессіз» сөзін спикер емес, тілшінің айтуы – спикер емес, редакцияның манипуляция жасауы болып отыр.

Сюжетте баланс сақталмаған: жаңа заңды мақтап-мадақтаудан басқа ештеңе жоқ. Жалғыз «сарапшы» бар. Сол сарапшының да кім екеніне қатысты сұрақ туындады: Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптама институтының сайтына кірсеңіз, қандай институт екені, қайдан қаржыландырылатыны, қайдан пайда болғаны жөнінде ақпарат жоқ, еш түсініксіз. «Компания туралы» бөлімінде «институт мақсаты мен міндеті» және сол Марат Башимовтың регалиясы ғана бар. Мекенжайы – Нұр-Сұлтандағы тұрғын үй. Бұл мекеменің меншік нысаны да жоқ, әлеуметтік желілерде де жоқ. Сөйте тұра мұндай институттың басшысы – мемлекеттік телеарнадағы тұтас бір сюжеттің басты спикеріне айналып отыр! Айта кетерлігі, бұл спикер осы телеарна жиі шақыратын қонақтардың бірі.

Келесі сюжетте тілші әлеуметтік төлемдер жайына үңіледі: бағдарлама редакциясына көрермендерден көп арыз-шағым түсіпті. Материалда карантин кезінде жұмыссыз қалып, табысынан айырылған адамдар хикаясы бар. Олар 42 500 теңге алуға үміттеніпті, бірақ мемлекет бермеген. Жұмысшыларды да сөйлетті. Заң тұрғысынан қарағанда оларда еш кінә жоқ, өйткені қызметкерлері ақысыз еңбек демалысына кету туралы өтініш жазған. Салалық министрлік те үн қатады: егер мемлекет әлеуметтік төлем бермесе, онда жұмыс беруші көмектесуі керек екен. Мемлекет те, жұмыс беруші де ештеңе төлемейтін жағдай неліктен туындайтынын да айтты.

Бағдарламаның соңғы сюжеті алдыңғы сюжетке ұқсас: «Даму» қорының кәсіпкерлерге арналған қолдауына арналыпты. Төтенше жағдай кезінде тоқырамай, керісінше айналымын молайтқан кәсіпкерлер хикаясы. Жалпы айтқанда, шаруалар жағдайымен шамалас: біразының жағдайы өте жақсы екен.

Бағдарлама жанып тұрған балауыз шам фонында бір минут үнсіздікпен аяқталды.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

Эфир бағдарламаның шеф-редакторы Олег Журкевичтің «Не до шуток» авторлық айдарынан басталды. Екі полицей қаза тапқан жол-көлік оқиғасына арналған материалда қайғылы оқиғаның мән-жайынан бөлек, апатқа кінәлі адам туралы өтірік мәлімдемелер жасалғанын айтты. Оның бетін бұлыңғырлап, жапты, бірақ аты-жөнін атады. Автор оқиға қалай өрбігенін егжей-тегжейлі айта отырып, кім қашан не дегенін, кінәлінің полицияда қызмет ететін не етпейтінін баяндады, ІІМ хабарламаларын талдады. Материал басталғаннан камера автордың бетіне баяу жақындайды, автор қара фонда тұрып, абырой-бедел жинау әсте-әсте, ал абыройдан айырылу әп сәтте екенін айтты.

Бағдарламаның 10 минуттан астам уақыты саяси партиялар туралы, сайлау туралы, бейбіт жиналыстар туралы заңдарға енгізілген түзетулерге арналды. Журналист Светлана Пенькова мейлінше бейресми материал жасауға тырысқаны байқалады. Бірнеше кейіпкер: жас депутаттар, саяси партия жетекшісі, партия құрғысы келетін саясаттанушыны сөйлетті. Мәтінінде «Миллиондаған жазылушысы бар блоггерлер бірнеше партия құра алады» деп те ескертеді. Алайда спикерлер өз сөзіне өзі қарсы ой айтатын сұхбаттар жиынтығынан түзетулердің негізгі мәнін түсіну қиын.

Бейбіт журналистер туралы бөлімі ұғынықты болды. «Еуразия бірінші арнасы» жергілікті әкімдіктерге сауал жолдапты. Заң осы аптада күшіне енсе де кейбір әкімдіктер митинг өтер орынды әлі анықтап, бекітпепті.

Дайджест режимінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн-отырысы және президенттің білім мен денсаулық сақтау саласына реформалауға қатысты тапсырмаларын, мектептерде соңғы қоңырау қалай өткенін айтты. Биыл соңғы қоңырау да онлайн өтті.

Коронавирус тақырыбы бағдарламаның соңына қарай ауыпты. Әлемдегі және елдегі жағдайды айтып, Қазақстан дағдарыстан қалай шығарын талдады.

Бағдарлама Денсаулық кодексінде қаралған темекі өнімдеріне қарсы жаңа ережелерді баяндайтын материалмен аяқталды. Қазақстанда шылым шегуге тыйым ауқымы ұлғаяды, бұл электронды темекілерге де, барлардағы кальянға қатысты болады. Автор темекі лоббиінің бар екенін айтты, бірақ темекі өндірушілердің ешбіріне сөз бермеді.

Apta, QAZAQSTAN

Apta да «7 күн» бағдарламасы сияқты «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күнінен және Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы даталы күнге арналған үндеуінен басталды. Тарихшылар, қоғам қайраткерлері тақырып аясында сөйледі, бұл мәселеге назар аударған қандай жақсы президент екенін айтып, мақтады.

27 мамырда ҰҚСК отырысы өтті. Тоқаев қатысты. Тоқаевтың осы отырыста айтқан сөздерін тілші баяндап, президент сөзінен үзінділер келтірді.

Сосын тележүргізуші Жайна Сламбек ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен сұхбаттасты. Екеуара сұхбат небәрі алты минутқа созылды, есесіне мағыналы болды. Жүргізуші сұхбаттың екінші бөлімі келесі аптадағы қорытынды бағдарламада көрсетілетінін хабарлады.

Ары қарай Павлодар облыстық балалар психоневрологиялық арнайы медициналық қызмет көрсету орталығындағы сұмдық жағдайды баяндайтын сюжет көрсетті. Орталық қызметкерлеріне қатысты 18 қылмыстық іс қозғалды. Күдікке іліккен мекеме қызметкерлері мүгедектігі бар балаларды түні бойы кереуетке байлап қоятын болған және күш те қолданған. Мұның барлығы бейнекамераға түскен. Бейнебақылау камерасының видеоларын эфирде көрсетті, бірақ балалардың бетін жаппады.

Apta авторлары блокбекеттерді алу, карантин шараларын жеңілдету, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында карантин тәртібін бұзғандар туралы көлемді сюжет дайындапты. Полицейлер жұмысын мақтады (Алматыда полицейлер көз жұмған жол-көлік оқиғасы туралы ләм-мим демеді).

Шекаралар жабық, тауар әкелу қиын, киім тапшы. Әсіресе, арзан киім жоқтың қасы. Сатушылар да, сатып алушылар да зардап шегіп жатыр. Ал отандық жеңіл өнеркәсіп дамымаған. Сатушыны да, сатып алушыны да, сарапшыны да, сыртқы сауда департаментінің өкілін де сөйлеткен сюжет жақсы шыққан. Әлі күнге дейін отандық жеңіл өнеркәсіптің халі неліктен мүшкіл екенін салалық министрліктен сұрамады.

Ресейлік ғалымдар жасанды ет шығарып жатыр. Мәскеуде түсірілген сюжет қызық стендап-тәжірибеден басталды: Тілші екі ыдыс ұстаған, бірінші ыдысқа табиғи сиыр еті, екіншісіне «жасанды ет» салынған. Журналист көшедегі адамдардан қай ыдыста қандай ет бар екенін анықтауды өтінді. Бәрі бірдей анықтай алмады.

Біз мұны жарнама деп ойладық, алайда сюжетте ешқандай бренд атауы жоқ. Ресей ғалымдарының жетістіктерін көрсетер танымдық материал болса керек.

Іле Балқаш резерватына жолбарыстар әкеліп, санып молайтпақ. Мұнда XX ғасырдың ортасына дейін Тұран жолбарысы мекендеген, бірақ адамдар оларды қырып-жойған. Қазір резерватта жыртқыштың азықтық қорын көбейту жұмыстары жүріп жатыр: бұқар бұғысы мен доңыз мекендейді. 2024 жылы мұнда Амур жолбарысын әкелу жоспарланған. Амур жолбарысы генетикалық тұрғыдан Тұран жолбарысына жақын екен. Әдемі кадрларға толы сюжетте жергілікті қарт кісілердің қызық естеліктері де бар.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізеді, апта сайын шолу жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР