Кешегі аптада коронавируc не ЖРВИ жұқтырып, өкпесі қабынып ауырғандар саны күрт өсті. Ауруханалар науқасқа толып, өкпе қабынуынан көз жұмғандар көбейді. Дәріханаларда ұзын-сонар кезек пайда болды.
Ел басына түскен қиын жағдай журналистер қауымының кәсіби мерекесі — 28 маусым — БАҚ қызметкерлері күніне тұспа-тұс келді.
Жыл ортасынан бастап қазақ тіліндегі апталық ақпараттық-сараптамалық телебағдарламаларға бөлек шолу жасаймыз. Бұл шолуымызда Apta және “7 күн” қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.
Apta бағдарламасы ДДСҰ мәліметі мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың твитінен, ал “7 күн” эфирі коронавирус жұқтырған тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығына қатысты ақпараттан басталды.
Apta, QAZAQSTAN
Apta авторлары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанды індет тез таралып жатқан мемлекеттер қатарына қосқанын айтып, президент Тоқаевтың твитін көрсетті. Мемлекет басшысы коронавирус жағдайын тұрақтандыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырғанын хабарлайды.
Коронавирус тақырыбына жеке сюжет болмады. Тележүргізуші Жайна Сламбек жағдайды студиядан баяндап, аурудан айыққан адамдар мен дәрігерлер синхронын қосты. Интернетте таралып жатқан видеолардан үзінді көрсетіп, ауруханада орын тапшы екенін, адамдар өз бетінше үйде емделіп жатқанын да айтып, тақырыпқа 7 минут арнады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысты. Жүргізушінің сөзінше, жұртшылық Тоқаевтың георгий лентасын тақпағанын, Қазақстан жауынгерлері алаңда сап түзеп жүріп өткенде орнынан тұрып құрмет көрсеткенін талқылапты. Жұртшылық парадта президенттер бетперде тақпай, ара қашықтық сақтамай отырғанын да талқылаған, бірақ эфирде бұл айтылмады.
Жайна Сламбек парад туралы:
«Мәскеудің бұл парадты өткізуде мақсатын тарқатып жатқымыз жоқ. Оның саяси астарлары түсінікті»
деді.
Осы тұста жұмбақтамай, қандай саяси астарлары бар екенін тарқатып айтқанда не сарапшылардан сұрағанда болар еді. Тележүргізушіге түсінікті саяси астарды бәрі бірдей білмейтіні де, түсінбейтіні де анық.
Қазақстандықтардың коммуналды қызмет қарызы 13 млрд теңгеден асыпты. Бағдарламаның бірінші сюжеті пандемия кезінде табысынын айырылып, коммуналды қызмет ақысын төлей алмай, берешегі көбейген тұрғындар мәселесіне арналды. Сюжетте бірнеше отбасының хикаясы, әлеуметтанушы мен экономист комментарийі бар.
Толымды әрі жан-жақты әзірленген сюжеттің айтары көп. Тілші қазір қалың бұқара қалай қиналып өмір сүріп жатқанын көрсете алды.
Бір ғана кемшілік: Әлеуметтанушы коммуналды қызмет жүйесін “әлсіз” деп бағалап, бұл сала бақыланбайтынын айтты. Сарапшының салмақты сынына салалық министрлік не комитет тарапынан жауап болмады.
БҰҰ мәліметінше, пандемия кезеңінде жұмыссыздар саны өсіп, экономиканың түрлі саласы дағдарысқа ұшырап жатыр. Мұның соңы еңбек құлдығының көбеюіне әкеп соғады.
Еңбек құлдығына арналған сюжет жақсы жасалған. Өзекті тақырыпты көтерген салмақты сюжетте ондаған жыл ақысыз еңбек етіп, жұмысқа жегіліп, әупірімдеп құлдықтан босаған адамдар хикаясы, оларға көмектесетін қор өкілдерінің комментарийі бар.
Полицейлер не сарапшылар сөзі аз. Еңбек құлдығына ұшырағандар туралы айтқан соң, құлдыққа түсуден сақтану, мұның алдын алу бойынша ақпарат қосып, көмек беретін ұйымдардың байланыс мәліметін көрсетсе, сюжеттің пайдалы мазмұны артар еді.
Ел ішін індет жайлап, үрей билеген тұста көпшілік жақсы жаңалыққа зәру. Apta тілшілері сондай бір позитив жаңалыққа сюжет арнады.
Алматыда нағашы ағасы жиен қарындасына (бауыр церрозымен ауырады) донор болып, өз бауырын беріп, өмір сыйлады. Жиен қарындасы екінші сәбиін босаныпты.
Сюжетте донор нағашысы да, жиен қарындасы да сөйлейді. Аман алып қалған дәрігерлерге алғыс айтады. Көрерменін қуантар хикаяны баяндайтын жағымды да жұғымды позитив сюжет.
ANA TILI республикалық газетінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты жарияланды. Apta жүргізушісі сұхбаттан ұзақ үзінділер оқыды. Жазушы, ақын, депутаттар сұхбат туралы пікір айтты. Тіпті сұхбат алған журналисті де сөйлетті.
Тоқаев БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Жүргізуші құттықтау мәтінін оқып, QAZAQSTAN ұлттық телеарнасының екі тілшісі марапатталып, жүлде алғанын хабарлады.
Мерекелік түйін АҚШ жаңалықтарына жалғасты. Қарашада АҚШ президентін сайлау өтеді. Қазір АҚШ-та сайлауалды кампания басталыпты.
Журналистерді құттықтап, соңынан АҚШ саяси жаңалықтарына ұласқан бағдарлама телеарнаның эфир сыртындағы қарбалас жұмысын көрсетер видеомен аяқталды.
«7 күн», «Хабар»
Әлқиссасын «Үйден сөйлеп отырмыз» деп бастаған жүргізуші Ринат Думанұлы бірінші тақырыпты Елбасы денсаулығына арнады. Тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Елбасының денсаулығы бірқалыпты екенін хабарлаған.
«Қазақстанда 100 мың азаматқа шаққанда ауырғандардың саны 80-нен сәл ғана асады. Бұл әлемдік статистикаға сәйкес, орташа көрсеткіш саналады». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «BIZ BIRGEMIZ» онлайн форумында осылай айтты. «7 күн» жүргізушісінің сөзінше, «Мұның артында уақытында қабылданған мемлекеттік шаралардан бөлек, алдыңғы шептегі мамандардың жанкешті еңбегі тұр». Алты минуттық сюжет онлайн-форумда марапатталғандар хикаясын баяндады.
Күніне мыңдаған адам коронавирус жұқтырып, аурухана науқасқа толып, ел іші абыр-сабыр болған тұста «7 күн»авторлары онлайн-форумда марапатталғандар туралы сюжет жасады.
Денсаулық сақтау министрі ауысып, Ұлттық банк төрағасының жаңа орынбасары тағайындалғанын оларға «қандай жауапкершілік артылып отырғаны айтпай-ақ мәлім» деп, бір ауыз сөзбен түйіндеген жүргізуші АҚШ Президенті Дональд Трамптың Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатына да тоқталды.
Содан кейін Президент Тоқаев үкімет пен әкімдер есебін тыңдап, оларға қандай пәрмен бергенін тізіп шықты. Мемлекет басшысының төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы шетелдік сапары – Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысуынан басталғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық сарбаздар жүріп өткенде орнынан тұрып, құрмет көрсеткенін тележүргізуші де, журналист те баса айтты. Тілшінің сөзінше, бұл парадқа қатысу қазақстандық сарбаздар үшін «ең алдымен ерлікке тағзым». Осылайша Тоқаевтың бұл сапарына ерекше леп бергісі келгені байқалды.
ANA TILI газетінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты шықты. Сұхбат туралы сюжетте тілші сұхбатты «сөйлетіп», президент жауабынан қысқа үзінділер келтірді.
Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал нашарлауына байланысты кейбір өңірлерде карантин күшейтілді. Тележүргізуші алғысөзінде: “мұндай шектеулер «халықтың температурасына қалай әсер ететінін» тілші тарқатып айтады” деді.
Алайда сюжетте карантин қарапайым халыққа, тұрмыс-тіршілігіне, денсаулығына қалай әсер етіп жатқаны туралы нақты ақпарат айтылмады. Тілші Шығыс Қазақстандағы карантин талаптарын баяндап, Жамбылда үй ауласында беташар өткізген жігіттің ісі сотқа жіберілгенін айтты. Осылайша «7 күн» авторлары аптаның басты тақырыбын бағдарламаның ортасына ысырды.
Журналистердің кәсіби мерекесіне арналған сюжет президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистерді құттықтаған, бірқатар журналиске президенттің арнайы гранты берілген ақпараттан басталды. Жүлде иегерлерін тізіп шықты. Олардың арасында «7 күн» журналистері де бар.
Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығын басқа арнаның тілшілерімен қатар “Хабар” агенттігінің журналисі де алыпты. Осы “Жігер” сыйлығын алған тілшінің байқауға қандай материал ұсынғаны, о материалда қандай мәселе көтерілгенін де айтса, құба-құп еді. Айтылмады.
Жүргізуші эфирді «жағымды жаңалықтардың жаршысы болуға жазсын» деп аяқтайды. Расында да «7 күн» бағдарламасын ақпараттық-сараптамалық емес, президент апталығы ретінде тануға болады.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қазақ тіліндегі қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты