ДомойМедиасынМедиа тарихи-мәдени жараларды қалай емдейді?

Медиа тарихи-мәдени жараларды қалай емдейді?

Медиа тарихи-мәдени жараларды қалай емдейді?

Ұлттық мәдени жарамызға айналып кеткен тарихи оқиғаларға бүгінгі медиа не үшін ерекше назар аударуы тиіс? Медиасыншы Мерей Қосын бұл сұраққа «31-мамыр саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күні еліміздің ең басты телеарналары QAZAQSTAN және «Хабарда» көрсетілген бағдарламалардың мазмұнын талдай келе жауап берді. 

Эфирде: концерт, телехикая, айтыс…

Ұлттық тарихи жара — сол мемлекеттің өзін алаңдатуы керек мәселе. Осы тұрғыдан келгенде біз үшін мемлекеттің тікелей бақылауындағы телеарналар көп нәрседен хабар бере алады. Бұл тақырыпты біз Ницшенің «белсенді түрде ұмыту» (active forgetting) теориясы арқылы талдауды жөн көріп отырмыз. Әңгіме тарихи травма жайлы бола тұра неге психоанализ әдісіне емес, Ницшенің тұжырымдамасына сүйеніп отырғанымызды кейінірек түсіндіреміз.

Сонымен, басты арналардағы бағдарламалар тізіміне шолу жасасақ:
Жексенбі күнге тура келген 31-мамыр күні QAZAQSTAN ұлттық арнасы эфирін «Саяси қуғын –сүргін құрбандарын еске алу» атты арнайы жобадан (сағат 06:05) бастады. Таңғы сағат 08:00-де «Қармен жуылған қан» атты көркем фильмге жалғасты.

Сонымен бұл тақырып бітті. Ары қарай әдеттегі концерт, телехикая, айтыс…

Кешкі уақытта «Беймәлім Алаш» атты тарихи тұлғалар өміріне арналған тұрақты бағдарлама көрсетілді. Түнгі сағат 01:30-да «Қармен жуылған қан» фильмін қайталады. Осылай демалыс күні көрермен оянғанша және қайта ұйқыға кеткеннен кейін бұл тақырыпқа қатысты әбден сүзгіден өткен бірер фильм көрсетіп, бұл күн аяқталды.

Ал «Хабар» арнасының бағдарламалық кестесінде тіпті мұндай да талпыныс болған жоқ. «Алаштың ақырғы ақиығы. Әлімхан Ермеков», «Тайны. Судьбы. Имена» сияқты деректі фильмдер мен «Мұстафа Шоқай» көркем фильмін көрсетумен шектелді. «Ең сұлу қыз», «16 қыз», ән кештері… сол сияқты әдеттегі демалыс болды да өтті.

Халықтың мәдени жараларын емдеуі — даму баспалдағы

Арналарда бір ерекше байқалатыны- аштық тақырыбы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мәселесінің көлеңкесінде қалып қоятын сияқты көрінді.
Мамыр айының 1-інен бастап ортасына дейін жалғасатын бірлікті, тұтастықты, ұлы жеңісті ұлықтайтын телеарналар әдетте еуразияшыл идеяны барынша жеткізуге тырысатын. Әлі де батыс елдеріне кеңестік көзқараспен қарауға тәрбелейтін мұндай мерекелер туралы әңгіме – өз алдына үлкен мәселе.

Әрине, бұл тақырып саяси тұрғыдан өте нәзік, егер дұрыс интерпретацияланбаған жағдайда арты үлкен ұлтарлық қақтығысқа апарардай қауіпті күшке ие болғаны себепті де мемлекет бұл мәселеге қарым- қатынаста өте сезімтал, тым жабық.

Дегенмен бізге жаңа бір теориялар ойлап табудың қажеті жоқ. Әлемдік тарихи тәжірибеде холокост, фашизм, геноцид, ашаршылық, түрлі әділетсіз соғыстар да аз болмаған және солардың бүгінгі ұрпағы сол күндерден қалған мәдени жараларымен бетпе-бет келе отырып, бұл тақырыптарға бүгіннің мүдделері тұрғысынан қарау арқылы қазір мәдени жарадан құтылудың түрлі жолдарын қолданып жатыр. Әрине, ара-арасында әсіре ұлтшылдық пен кекшілдікке ұрынып, арты саяси жанжалға алып келген тәжірибелер де бар.

Яғни тарихи, ғылыми тұрғыдан бір халықтың өз мәдени жараларымен күресуі, емделуі толық дәлелденіп, тәжірибеден өткен әдіс. Ұлттың тарихи санасы жаңа сатыға көтеріліп, өркендеуі үшін бұл табиғи түрде қажет етілетін дамудың кезекті баспалдағы ғана. Бірақ, неге екенін, бұл жол бізге бір аса ауыр сияқты көрінеді.

Мәдени жаралар постсанада (тарихи оқиғаның тікелей емес куәгері) негізінен медианың интерпретациясы арқылы пайда болады және қазір көптеген ел тарихи жараларды емдеуде дәл осы медианың өзін құрал ретінде пайдаланып отыр.

Сондықтан бұл күндері «мәдени жара» ұғымы медиа теориясында өзіндік жеке концепция ретінде қарастырылады. Медиадағы осы концепцияны талдауда психоанализ тәсіліне емес, оған дейін пайда болып, Фрейдтің теориясына арқау болған Ницшенің «белсенді түрде ұмыту» тұжырымдамасын алуды жөн көріп отырмыз. Себебі психоанализ негізінен жеке тұлғаның бойындағы жараларға үңілсе, ал Ницшенің теориясы мәдени, коллективтік жараларға көңіл бөледі. Біздің талдауымыз осы екіншісіне келіп отыр.

Тарихи деректі пайдаланып тарихты бұрмалау — үлкен қылмыс

Талдауға көшпес бұрын біздің экранда көрсетілген фильмдерді еске түсіріп алсақ. Мысалы, QAZAQSTAN ұлттық арнасы ұсынған «Қармен жуылған қан» көркем фильмінің негізгі мазмұны бойынша саяси қуғынға ұшыраған орыс зиялысы әйелінің АЛЖИР лагерінде өткізген ауыр тағдыры және оның мейірімді қазақ солдатының арқасында аман қалғаны туралы баяндалады. «Қуғын-сүргін тек қазақ зиялыларының басына төнген жеке қауіп емес еді, мұндай қанды оқиғалар сол ұлттың өз ішінде де орын алған» деген идеяға жетелейді. Әрине, сөз жоқ, бұл лагерлерде басқа да ұлттардың, соның ішінде орыс ұлтының да қуғынға ұшыраған зиялыларының отбасы болды. Ашаршылық жылдары алашордашылармен бірге шырылдаған Сергей Швецов сияқты орыс оқығандары да ажалын айдаудан тапты. Мұның барлығы тарихи факт, ешкім жоққа шығара алмайды. Ал мұндай деректерді тарихи шындықты жасыруға немесе бұрмалауға, жеңілдетуге пайдалану —  өте үлкен қылмыс.

Әрине «Стивен Спилбергтың «Шиндлердің тізімі» (Schindler’s List) сияқты фильмдер көрсеткендей барлық немістер фашист емес еді, арасында еврей халқын сақтап қалуға тырысқандар да аз болмады» деген идеяларға бүгінгі ұрпақ мұқтаж және солай болғаны себепті де тарихтағы әділетсіз оқиғалар туралы жазылған барлық ұлы туындылардың негізінде үнемі осы идея жатады. Сол тарихты жасаушылардың барлығы ең алдымен адам болды ғой.

Дегенмен мұндай идеялар тарихи шындықтың мойындалуы, әділ бағасының берілуі кезеңінде бірге жүруі керек, ал өзінің әлі анық сипатын ала алмаған тарих үшін мұндай үрдістің басталып кетуі және оның кең етек алуы — тарихи шындықтың бұрмалануына әкелуі әбден мүмкін. Демек мемлекеттің ең маңызды телеарналарында осындай мағынадағы медиа өнімнің көрсетілетіні — осы тақырыпқа қатысты қазіргі бағытымыз қалай кетіп бара жатқанын байқатады.

«Белсенді түрде ұмыту» дегеніміз не?

Ал енді талдауымызға оралсақ, Фрейд пен Ницше тұжырымдамаларының түпкі мақсаты – тұлғаның немесе коллективтің белгілі бір қоғамдық билеуші көзқарастар мен түсініктер тарапынан жаншылып, ойлауға, еске алуға тыйым салынған естеліктерінің сана астына барып жинала беруінен, жадтың репрессияға ұшырауынан барып пайда болған ауыруларды емдеу еді.

Сонымен, «белсенді түрде ұмыту» дегеніміз не? Батыс медиасында тарихи жараларды емдеуде қандай тәжірибелер бар? Енді осы сұрақтарға тоқталсақ.

Ницшенің «белсенді түрде ұмытуының» негізгі мәнісі де дәл Фрейдтің психоанализі сияқты алдымен сананы бір сәт тыныштандыра отырып, бейсанадағы естеліктерді еске түсіру. Тарихи ауыр оқиғаны қайта еске түсіру, онымен бетпе-бет ұшырасып, келісімге келу арқылы ұмыту, содан біржолата құтылу.

Бұл емдеудің өзіндік үш сатысы бар: біріншісі – тану, мойындау (recognition). Ницшенің ойынша, тарихи озбырлықты жасаушы, оның құрбандары және әрине, халықаралық ұйымдар, ғалымдар бұл тарихи әрекетке әділ баға беруі, бұл оқиғаның тарихи тұрғыдан қайтадан реконструкциялануы қажет деп есептейді. Дәл осылай өзінің толықтай тарихи бағасын алған оқиға медиа арқылы жаппай халықтық деңгейде мойындалуы – ең алғашқы қадам. Егер біздегі медианың қазіргі бет алысына қарасақ, бұл алғашқы қадамның өзі әлі толықтай басталмаған сияқты.

Медианың екінші қадамы – символдық ритуалдардың (symbolic processing) орындалуы. Бұл жерде әрекетті әр мәдениет өзіндік ерекше жоралғысымен жасайды. Мысалы, қазақ үшін ол — жоқтау мен аза тұту, құран оқу сияқты ритуалдар арқылы жүзеге асырылады. Сол сияқты тағы біреулер үшін литургиялық әрекеттер. Бұл енді катарсистің бір түрі яғни адамның жан дүниесімен әсерленуі арқылы тазаруы.

Ал ең соңғы саты – sublimation деп аталады. Тарихи жара кесірінен қалған негативті эмоциялар мен инстинктерді позитивті әрекеттерге айналдыру немесе өнер арқылы емделу. Бұл жерде медиа өте көп мүмкіндікке ие. Бұл тарихи оқиғаға арнап жазылған әндерді, салынған суреттерді, түсірілген фильмдерді, жазылған кітаптарды мүмкіндігінше кеңірек көрсету, талдау. Медиа арқылы жеткен осыншама ақпарат арқылы қоғам өзінің бұл тарихи жарасын қайта еске түсіруі және оның маңыздылығын толықтай тануы арқылы оны өзінің мәдени болмысының бір бөлшегіне айналдырып алады. Бұл процесс қоғамның өз қайғысын саналы түрде тарихи тәжірибеге айналдыруына жол ашады.

Тарихи жарадан үрейлену де, кектену де қоғамға қауіпті

Бүгінгі жағдайымызда медианың тарихи жараларымызбен қарым-қатынасынан көріп тұрғанымыздай мемлекеттің ұстанымы бұл тақырыпқа келгенде өте бірбеткей. Осы мәселеге соншалықты үреймен қарайды. Кейде қоғам арасында бұл тақырыпқа келгенде өте ұлтшыл, кекшіл, агрессивті дауыстар естіліп жатады. Өз кезегінде бұл екеуі де қоғам үшін өте қауіпті.

Тарихтың қараңғы тұсымен бетпе-бет келіп, жарасымен ортақ келісімге келе алмау, мәселеге қайта қарамаудың ақыры қоғамның негізгі қазығы болып табылатын ресми емес институттар қызметінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Қоғамның мәдени болмысын сақтай отырып, адамдарға өмірлік ориентация беріп отыратын мұндай институттардың үйлесімді жұмысының бұзылуы қоғамдық берекетсіздікке, адасуға әкелуі мүмкін. Ал бірақ Ницшенің ойынша, мәдениеттің өзі динамикалық сипатқа ие. Қайта қалпына келе алуға, өзгеруге қабілетті. Сондықтан басқалардың тәжірибесіндегідей, медианы дұрыс пайдалану арқылы тарихи жараларды емдеуге және сол арқылы оны біздің қоғам тұтастығының бір бөлшегіне айналдырып алуға әбден мүмкіндігіміз бар.

Мерей Қосын
Мерей Қосын
«Өнертану» ғылымдарының магистрі, драматург, сценарист, журналист


ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР