ДомойМедиасауатЖалған ақпаратпен күрес: дәстүрлі фактчекингтен басқа қандай тәсілдер бар?

Жалған ақпаратпен күрес: дәстүрлі фактчекингтен басқа қандай тәсілдер бар?

Жалған ақпаратпен күрес: дәстүрлі фактчекингтен басқа қандай тәсілдер бар?

Дәстүрлі фактчекинг – өте ауқымды жұмыс, алайда түпкі нәтижесі ойлағанымыздай бола бермейді. Нақты фактілер жалған ақпаратқа қарсы тұра алмай жатады. Фейк жаңалықтар сол фейк жаңалықты теріске шығаратын ақпараттан мыңдаған есе тез таралады. Жұртшылық фактчекерлердің көлемді зерттеу-тексеруінен гөрі қастандық теориясы, жақындарының өміріне қауіп төніп тұрғанын хабарлайтын эмоционалды хабарламаларды жиі бөліседі. Демек, дәстүрлі форматтағы фактчекинг жалпыға жете бермейді. Сондықтан да фактчекерлер контентін жұртшылық фейк жаңалықтармен салыстырғанда жиі бөлісетіндей етіп жасауы қажет-ақ.

«Жаңа репортер» жыл сайын өтетін ISOJ2020 конференциясында айтылған дәстүрлі фактчекингті алмастырар форматтар туралы ой-пікірді жинақтады. Сессия басталмас бұрын БАҚ-пен жұмыс істеу орталығының директоры әрі дискуссия модераторы Талия Страуд фактчекерлерге кеңес айтты:

  1. Жалған ақпаратқа сенетін адамдардың кім екенін, олар қайда жүретінін анықтаңыз. Фейкке сенгендерге фактчек нәтижесін көрсету үшін бұл да өте маңызды.
  2. Форматтарды түрлендіріп, аудитория назарын аударуды үйреніңіз. Аудиторияңызды мейлінше қызықтыруға тырысыңыз.
  3. Жалған ақпараттың таралуын бөліп қарастырыңыз. Мәселен, қанша адам жалған ақпаратты Twitter арқылы алады, қаншасы e-mail хаттан оқиды. Қанша адам мәтінді оңай қабылдаса, қаншасы суретегі ақпаратты жеңіл қабылдайды?
  4. Тәжірибе жасаңыз. Дәстүрлі фактчек – қиын да күрделі жұмыс, бірақ сіз басқалармен бірігіп, тексерілген ақпараттың таралуын оңайлатар стратегия ойластырыңыз.

Крейг Сильверман, медиаредактор, BuzzFeed

Небәрі алты жыл ішінде әлемдегі фактчекинг редакцияларының саны жеті есе өсті. 2014 жылы 44 фактчекинг редакция болса, 2020 жылы олардың саны 290-ға жетті. Көптеген елде журналистер, редакциялар фактчекингпен айналысады. Бұл – жақсы жаңалық.

Facebook әлеуметтік желісіне арналған фактчекингпен айналысатын серіктестер картасы.

Мына картада Facebook үшін фактчекингпен айналысатын серіктестер көрсетілген. Серіктестердің міндеті – алгоритм таңдайтын виралді контенттерді тексеру. Егер ақпарат расталмаса, онда қолданушы тексерілмеген ақпаратты бөліскені туралы хабарлама алады. Алайда жалғыз демеушісі бар жүйенің кемшін тұстары бар. Мәселен, Facebook саясаттанушыларды тексеруді сұрамайды. Бұл — назар аударарлық нәрсе, өйткені фактчек нақты бір тараптың ғана мүддесіне қызмет етпеуі керек.

— Біз дереккөзі кім, мұндай жалған ақпаратты тарату кімге тиімді, фейктер таратудың экожүйесі қандай, олар қай технологияны қолданды, деген сияқты сұрақтың жауабын ойланып, тереңінен талдауымыз қажет. Егер жалған ақпараттың түп-тамырын тереңінен қазбаламасақ, онда мәселенің түбіне жетпейміз,-дейді Крейг Сильверман.

Ақпаратты жай тексеріп қоя салуға болмайды. жалған ақпарат туралы шындықты да айту керек.

Мұны қалай түсінеміз?

  • Күмәнді белсенділікті тексеру. Трамптың саяси кеңесшісі Роджер Стоунға айып тағылған соң, Facebook әкімшілігі кеңесшіге қатысы бар көптеген аккаунтты бұғаттағанын мәлімдеді. Мұндай күмәнді белсенділік ақпарат кеңістігін былғады.
  • Нашар актерлерді әшкерелеңіз. Тексерілмеген, жалған ақпарат таратудың арғы жағында кім тұрғанын, не үшін таратып жатқанын анықтауға тырысыңыз.
  • Адамдар қолданатын жаңа жүйелер мен әдіс-тәсілді анықтаңыз. Маркетинг те жетіліп, мың құбылып жатыр. Соның бір мысалы – өмірде бар шын адамдардың аккаунттарын сатып алу не жалға алу. Бұл аккаунттар түрлі мақсатта қолданылуы мүмкін: жарнама арқылы пайда табу, жалған ақпараттық шу жасау. Журналистер мұндай эмоционалды қақпандарға түсіп қалмауы керек.

Дон Хейдер, Markkula қолданбалы этика орталығының атқарушы директоры

Жалған ақпаратпен күрес майданындағы журналистерге айтарымыз:

  1. Шым-шытырық оқиғалар туралы ақпарат таратқанда қарапайым амал-тәсіл таңдауды доғарыңыз. Қазір онлайн-басылымдар жаңалықты мейлінше тез таратуды ойлайды, қысқа жаңалық қазіргі жұмыстың жаңа принципіне айналды. Алайда мұндай тәсіл оқиғаны тым қарабайыр етеді. Тағы бір жайт, журналистер өзі әбден үйреніп қалған форматтарда жұмыс істейді: бірінші және екінші тарапты сөйлетеді, мәселені айтады, бірнеше шешімін көрсетеді. Мұны аудитория талқылайды, медиамамандар мұндай материалды қалай дайындауды жақсы меңгерген. Алайда бұл оқиғаны әрдайым әділетті қырынан көрсете бермейді. Ақпарат таратушылар да осы тәсілді қолданады, сондықтан көптеген оқиға әлдеқайда күрделі екенін, дәстүрлі шеңберге сыймайтынын түсіну маңызды.

Шындық сэндвичі: Егер жалған хабарлама көрсеңіз, оны қайталауға не мұның фейк екенін айтуға асықпаңыз. бірінші шын деректен бастаңыз, өйткені алғаш айтылған ақпарат басымдыққа ие. содан кейін фейк туралы айтыңыз, тым кәсіби сөздер қолданбаңыз. Сосын шын деректі тағы қайталаңыз. өтірікті емес, ақиқатты көбірек айтыңыз.

  1. Адамдардың бастан өткізген оқиғасын, өмірінде көргенін қалай баяндауға боларын ойланыңыз. Журналистер оқиғаға эмоция қосу үшін адамдардан нақты оқиға қалай әсер еткенін сұрайды. Өткен тәжірибе деректерді тексеру тәсілі бола алады. Сарапшылар айтатын мәселелерді түсіндіру үшін адамдармен әңгімелесіңіз. Бұл туралы не ойлайтынын, нені қалайтынын, қалай көмектесуге боларын сұрау – ынтымақтаса әрекет етудің бір формасы.

Журналистикадағы ынтымақтаса әрекет ету – журналист кейіпкерінің жан жарасын ғана көрсетіп қоймай, оның ой-пікірін, неге мұқтаж екенін сұрап, неліктен бұлай болғанын талқылайды. Мысалы, үй-күйсіздер туралы материалда екінші тарап жоқ, сондықтан дәстүрлі форматтарға келмейді. Мұнда сарапшыларға жүгінеміз, алайда сол кейіпкердің өзі де сарапшы ретінде пікірін айта алады.

  1. Журналист жалған ақпаратты анықтауы үшін сауаттылықтың бірнеше түрін меңгеруі қажет:
  • Әлеуметтік медиасауат. Жалған ақпарат таратушылар толық ақпаратты алуға тырыспайды, олар оңай әсер етер эмоцияны айтады. Бұл ойланып шешім қабылдаудан бас тартқызар қару.
  • Ғылыми сауат. Егер ғылыми мақаладан дәйексөз келтірмек болсаңыз, онда бұл препринт, яғни баспаға дейінгі мақала емесіне көз жеткізіңіз. Препринт – ғылымның және ғылыми мәлімдеменің бастапқы сатысы. Мұндай мақаладағы тезистер тексеруден өтпеген. Егер жарияланым тексерілсе де осы тақырыпта басқа да зерттеулер болған/болмағанын анықтаңыз, сіз айтқалы отырған нәтижелер расталған не расталмағанын біліңіз.
  • Интеллектуалды сауат. Бұл қандай да бір контентті тұтынғанымызда санамыздың манипуляциядан сақтануы, алаяқ қақпанына түсіп қалуға қарсылығы.

Кристина ТардагилаPoynter ақпаратты тексеру халықаралық желісі директорының орынбасары

Кристина Тардагила сөзін «Панелді дискуссияның басты сұрағы: фактчекингтен басқа не істей аламыз?» болып отыр. Жауабым – фактчекингті көбейту керек» деп бастады.

Пандемия басталғанда Пойнтер базасында әлемнің барлық фактчекинг редакцияларын біріктірген #CoronaVirusFacts Alliance бірлестігі пайда болды. Бұл 24 қаңтарда Тайвань редакциясындағы әріптестердің бірі хабарласып, басқа елдерде де коронавирус туралы фейктер көп таралып жатқанын не жатпағаны жөнінде сұрау салуды өтінгенінен кейін құрылыпты. Шақыртуға 30-ға жуық редакция үн қатқан.

Мұндай мысалдар бұған дейін де болған. Түрлі елдердің фактчекерлері бірігіп, сайлауға, саяси отырыстарға және тағы басқа маңызды оқиғаларға байланысты қауесеттерді терістеу үшін күш біріктірген. Бұл жолы жағдай қиын болды, өйткені бұрын фактчекерлер мұның уақытша екенін түсінетін, сайлау өтеді, жиын аяқталады. Қауесет те тоқтайды. Ал мына пандемия қашан аяқталарын ешкім білмейді.

Қазір альянста 99 ұйым бар, олар 40 тілде 8000 фактчек жасады. Демек, тағы да фактчекерлер керек. Олар мейлінше тезірек күш біріктіруі қажет, өйткені көп фактчек жасауға аз адамның шамасы келе бермейді. Қазір фактчекерлер қатарына зерттеушілерді қосу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.

— CongoCheck редакциясын мысалға алайық. Фактчекерлер көше-көшені аралап, тұрғындардың телефон нөмірін жинақтайды және оларға зерттеулерін SMS арқылы жібереді. Конгода интернет өте қымбат, тұрғындардың көбі интернетке қосылмаған. Адамдар өліп жатқанда біз жаңа амал-тәсілдер іздеп, күш біріктіріп, тез әрекет етуіміз керек,-дейді Кристина Тардагила.

Фактчекинг тәсілдерін өзгерту мәселелері талқыланған сессия ISOJ2020 конференциясы шеңберінде өтті. Сессияның ағылшын тіліндегі жазбасын мына видеодан көре аласыз.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР