ДомойМедиасауат«XX және XXI ғасырлар — кино дәуірі». Гүлнар Әбікеева киносауат дегеніміз не...

«XX және XXI ғасырлар — кино дәуірі». Гүлнар Әбікеева киносауат дегеніміз не және неліктен қажет екенін айтып берді

«XX және XXI ғасырлар — кино дәуірі». Гүлнар Әбікеева киносауат дегеніміз не және неліктен қажет екенін айтып берді

«Жаңа репортер» порталының «Медиасауат» бөлімінде киносауат тақырыбына арналған екі жаңа оқу модулі жарық көрді. Оқу модулінің авторы — кинотанушы, киносыншы, өнертану докторы, Қазақстан киносыншылары қауымдастығының президенті Гүлнар Әбікеева. Ол бірінші модульде Қазақстан киноиндустриясы, киноиндустрияның кезеңдері мен кино кәсібі туралы айтса, екінші модульде — кино тілі дегеніміз не екенін, фильмді қалай дұрыс көру керек екенін түсіндіреді.

Қазіргі әлемде киносауат неліктен маңызды боп отыр? Кино адамдарға расында да қатты әсер ете ме? Осы сұрақтардың жауабын Гүлнар Әбікеевадан сұрадық.

— Бәріміз де бала кезімізден кино көреміз әрі киноны түсінетін сияқты сезінеміз. Десе де әлі күнге дейін киноға ойын-сауық құралы, яғни барып, көріп, уақыт өткізіп, көңіл көтеріп, күліп, рахаттанып, қайтатын зат ретінде қарайды. Егер киноны солай қарасаңыз, онда киносауаттың қажеті де жоқ, – дейді Гүлнар.

— Бірақ бүгінде өнердің барлық түрі ішінде кино басымдыққа ие. Бұрын бейнелеу өнері ең маңызды өнер түрі саналса, 19 ғасырда әдебиет алға шықты. Кейін келе, мәселен Еуропада опера және т.б. көш бастады. 

XX және XI ғасырлар – кино дәуірі. Бұл киноның басқа өнер түрінен артық болғаны емес, уақыты келгені себеп. 

Өйткені, әдебиет те, бейнелеу өнері де, философия да, актерлік өнер де, бәрі-бәрі бір жерде тоғысып, кино арқылы жақсы жетеді. 

Әбікеева: «Киноның адамдарға әсер ету күшінің басты себебі — оның алапат бұқаралық сипатында жатыр» деп түсіндірді.

— Иран режиссері Мохсен Махмальбафтың: «Мен мәселен кітап шығардым делік, тараламы 10 мың, бәлкім 30 мың дана. Егер фильм түсірсем, оны миллиондаған адам көреді. Демек, бүгінде кино адамға әсер ету күші жағынан бірінші орында тұр. Ойтолғам жағынан да, жосық жағынан да, адамгершілік құндылықтарды өмірде басты бағдар етіп алу жағынан да алда тұр. Алайда киноның да түр-түрі бар. Кісі өлтірушілер, алаяқтар туралы да кино да бар.

Гүлнар Әбікеева кинотанушы ретінде кино көруді ғана емес, киноны қалай көруді де біледі. Оның сөзінше, бұл әрбір адамға қажет машық екен. 

— Киносауат дегеніміз не? Бұл – кино тарихын білу, жақсы фильм мен нашар фильмді ажырата алу. Киноның қаншалықты мағыналы, интеллектуалды, сізді дамытатынын не керісінше, еш пайдасыз, топас фильм екенін түсіну, – дейді ол. 

АДАМНЫҢ АҚЫЛ-ОЙЫ ТОЛЫСҚАН САЙЫН, ОЛ КИНОСАУАТТЫ БОЛА ТҮСІП, ОЗЫҚ ӨНЕРДІҢ ТҮРЛІ ҚЫРЫН ЖАҚСЫ ҚАБЫЛДАЙДЫ. АЛ КИНЕМАТОГРАФ ДЕГЕНІМІЗ – ЕҢ ӘУЕЛІ ӨНЕР. МІНЕ, СОНДЫҚТАН ДА КИНОСАУАТ КЕРЕК. 

Бұл – медиасауаттың маңызды бөлігі. Екеуі де тәрбие. Иә, біз әуел баста ата-ананың тәрбиесін аламыз, содан кейін тәрбиешілерге, мұғалімдер мен оқытушыларға, мектепте, университетте және т.с.с түрлі ортаға қарап, бой түзейміз. Ал қазір балаларға гаджеттер өте қатты әсер етеді, өйткені гаджеттен кино көріп, ойын ойнайды. Балалар көбіне не көреді? Мультфильм көреді. Мультфильмдер өте позитив болады. Жасөспірім кезінде фильм көре бастайды. Фильмнің сан түрі бар, кісі өлтіру оқиғасы толы фильмдер көп. Көптеген экшндағы өмірді шынайы өмірмен теңестіріп жіберген. Бұл – қауіпті әрі қорқынышты. Меніңше, мектептегі атыс та киноның ықпалы сияқты. Мұның барлығы енді қалыптасып келе жатқан жасөспірім психикасына теріс әсер етеді. Киносауат әлеуетті көрерменді тәрбиелеп, дұрыс адамгершілік құндылықтарға бет бұрып, соны назарға алуын үйретуі керек. 

Киносауатты болуға Гүлнар Әбікееваның модульдері көмектеседі. Мұнда киноны қалай көруді ғана айтып қоймай, киноны кім қалай қайда жасайтынын да түсіндіреді.

— Менің модулім фильмді актерлер ғана түсірмейтінін түсінуге көмектеседі деп сенемін. Әрине, жанрларды, архетиптерді және тағы басқасын назарға алуға болар еді. Бірақ, мұны алдағы уақытта жасауға болады. Әзірге, кино өнерін жасауға түрлі кәсіп өкілдері атсалысатынын жұртшылыққа жеткізгім келді. Бұған қоса тек қазақстандық фильмдерді мысалға алып, модульде соған ден қойдым. Өйткені көптеген халықаралық кинофестивальдерде жүлде алып жүрген өте мықты жас қазақстандықтар киносы, зиялы кино бар. Әдетте мұндай ақпаратты шетелдік киноны мысалға ала отырып қарастыруға үйренген. Алайда біздің мамандарымыздан да үйренетін нәрсе өте көп. Мінеки, осы маңызды жайтты алға шығарып, атап өткім келді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР