ДомойМедиасынКонституция күні, несие, педофилия және пирамидалар. 24-30 тамыз апталық бағдарламаларға шолу

Конституция күні, несие, педофилия және пирамидалар. 24-30 тамыз апталық бағдарламаларға шолу

Конституция күні, несие, педофилия және пирамидалар. 24-30 тамыз апталық бағдарламаларға шолу

Қазақстандық телеарналар апталық бағдарламасында биылғы жаздың соңғы жетісін әрқалай қорытындылады. Мәселен “7 күн” бағдарламасы коронавирус тақырыбын елеусіз қалдырса, Basty bagdarlama пандемия кезінде жасырын той өткізуді де, коронавирустан қалқан болар пирамидаларды да көрсетті.
Жазғы демалыс аяқталып, апталық қорытынды бағдарламаларға шолуымыз жаңа телемаусымда қайта оралды. Бүгінгі дәстүрлі мониторингімізде «Хабар» және “Еуразия бірінші арнасының» апталық бағдарламаларын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

“7 күн” бағдарламасы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтан басталды. Бағдарлама авторлары тұңғыш президент 1991 жылы 29 тамызда «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы” Жарлыққа қол қойғанын — «Адамзат үшін аса маңызды қадам жасаған…» деп атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев осы ісі үшін БҰҰ-нан «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесін алғанын айтты. Авторлар тап осы тұста БҰҰ мәлімдемесін ағылшын тілінен тәржімалағанда қателік бар екенін, мәлімдемеде “чемпион” мәртебесін беру туралы айтылмағанын ескерусіз қалдырған сыңайлы.

“7 күн” авторлары Назарбаевтың жаңа мәртебесін айта келе, тақырыптан ұзамай, Nur Otan партиясының саяси бюро отырысына ауысты. Бюро отырысының алдында Елбасы мен Қасымжомарт Тоқаевтың кездескенін де айтып өтті. Жүргізуші Ринат Кертаевтың сөзінше, «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырып жатқан «әлеуметтік лифт» праймеризге «көпшілік тарапынан зор қызығушылық бар екен». Осылайша бағдарлама авторлары отырысқа 5 минут арнайы сюжет арнап, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен үзінділер берді.

Бағдарлама жүргізушісі Ринат Кертаев келесі тақырыпты болжамнан: “Алдағы күз — еліміздің дамуында жаңа бір кезең болар” деп бастады. Осылайша 1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын жариялайтынын хабарлады. Ол Тоқаевтың алғашқы жолдауы да бір жыл бұрын, 2 қыркүйекте жарияланғанын айтып, тұңғыш жолдауына арнайы сюжет арнады. Тілші сондағы айтылған мәселелерге жеке-жеке тоқталып, “жолдау бойынша атқарылған шаруа көп, нәтиже жетерлік” деп баға берді.

30 тамыз — ҚР Конституциясы күні. “7 күн” авторлары елдің бас құжатына 25 жыл толғанын айтып, сюжетте биылғы Консутитуция күніне республикалық және халықаралық деңгейдегі онлайн конференциялар өткенін алға тартады.

29 тамыз — Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні. Даталы күнге арналған сюжеттің өтімді тұсы — ядролық сынақтан зардап шеккен Арқалық Ағыбаевтың Абыралы ауданынан халық көшірілгені туралы айтқаны болды. Бір ауыз сөз тұтас трагедияның бар ауыртпалығын сездірді. Сондай-ақ, «Полигон» сериалын түсіру үшін материал жинап жүрген Ахат Ибраевтың жарылыс неліктен елдімекендерге жақын жерде жасалу себебін түсіндірген пікірлері сюжет маңызын аша түсті.

“7 күн” авторлары эфирді ресми жаңалықтардан бастайды. Ал ең өтімді де өзекті тақырыптарын бағдарлама соңына ысырады. Бұл жолы да осы қалпынан ауытқымай, жаңа оқу жылының жаңалықтарына бағдарлама ортасында жетті. Сюжетте ауыл-ауылдарға қашан интернет желісі тартыларын, салалық министрлік пен жергілікті әкімдік не шаруа атқарып жатқанын тізіп шықты.

Білім тақырыбын айта келіп, кенеттен балық тақырыбына секіріп, елде балық тапшылығын жою мәселесін көтерді. Сюжет авторларының айтқанындай, мемлекет тарапынан бұл салаға жеткілікті қолдау көрсетілмей келеді екен.

Бағдарламаны Ақмола облысының нашар жол жағдайы түйіндеді. Республикалық телеарнаның облыстық жолдар проблемасына арнаған сюжеті есептік мәліметтен аспады.

Осылайша бағдарламада коронавирус тақырыбы елеусіз қалып, 31 тамыздан карантин шараларын жұмсартудың екінші кезеңі басталарын ғана айтып өтті.

“7 күн” сынды апталық-сараптамалық бағдарламаның коронавирус тақырыбын елеп-ескермегені тосын көрінді. Есесіне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы аптада қандай құзырлы орган басшыларын қабылдағанын ұмытпады.

Basty bagdarlama, “Еуразия бірінші арнасы”

Basty bagdarlama коронавирусқа байланысты енгізілген карантин талаптарын бұзудың басты көрінісі — астыртын өтіп жатқан тойлар туралы сюжеттен басталды. Жүргізуші әрі тілші Әсем Изатқызы Нұр-сұлтан қаласының орталығындағы аудан әкімдігінің жанында орналасқан мейрамханада той өткізіліп жатқанын айтып, бұған әкімдіктен жауап алуға тырысты

Сюжетте асабаның пікірі, мейрамхана әкімшісінің жасырын камераға жазылған сұхбаты да бар. Бір тойдың мысалға алып, карантинде де той өткізу тоқтамағанын жеткізген тілші бұған тыйым салуға әкімдік тарапынан еш шара жасалмағанын да көрсете алды.

Жасырын той өткізу тақырыбы тағы бір бұқаралық проблема — кредит төлеу мәселесіне жалғасты. “Халық кредитте отыр” деген жүргізуші бүгінге дейін бірнеше митинг өтіп, 100 мың адам қолы қойылған петиция Ақордағы тапсырылғанын да айтты. Пандемияда кірісі азайып, табысынан айырылған халықтың несиесін кешіру не кешірмеу жөнінде сарапшыларды сөйлетті. Әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселе тұрғысынан да сараптай білген сюжет түсінікті жасалған. Тілші тақырыпты аша білді.

Бағдарламаның “Ұр тоқпақ” айдары Қазығұрт тауының басына салынған төрт пирамидаға арналады. Бұл пирамидаларды жергілікті тұрғын “коронавирустың бетін қайтарады” деген сенім жетегінде тұрғызыпты. Сарказм тұнған сюжеттің мақсаты — қоғам мәселелерін астарлы әзілмен таразылау десек, бұл мақсаты орындалыпты.

Қазақстанда коронавируспен қатар айтылып, әлі басылмай, үдей түскен тақырыптың бірі — педофилия. Basty bagdarlama осы тақырыпқа жеке сюжет арнады. Жыныстық зорлыққа ұшыраған кейіпкер хикаясынан бастап педофилдерді жазалауға дейін тарқата айтты. Тақырып төңірегінде туындаған проблемаларды мейлінше қамтыды. Ел ішінде педофилияға қарсы қозғалыс күн санап күшейіп бара жатқанын баяндай келе, «педофилияға қарсы күрес қаншалықты тиімді жүріп жатыр», деген сауалға жауап іздеді. Әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытпай, кейіпкерлердің бет-жүзін жапты.

Basty bagdarlama да ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған мерекелік сюжетінде “Ата заңды қаншалықты қастерлей алып жүрміз” деген сауалды төтесінен қояды. Көпшілікке «30 тамыз — қандай мереке?» деген сұрақ қойып, бұл күннің мән-маңызын осы сұрақпен анықтауға тырысады.

Қабылданған 25 жыл ішінде 9 бөлім, 98 баптан тұратын Конституцияға бірнеше рет өзгерту енгізілгенін, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қалыптасқан ахуалға сай, Конституция мәтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіліп тұрады” деп мәлімдегенін де қосты. Халықтың құқықтық сауаты 40%-дан аспайтынын, соған байланысты ел ішінде өз құқын қорғай алмай, ұтылып жататын адамдардың жиі кездесетінін де айтып өтті. Бұл да Конституцияны күнінде орынды айтылған мәселе болды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қазақ тіліндегі қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды. Алдағы күндерде тағы басқа телеарналардың қорытынды бағдарламалары эфирге шығуына қарай, шолуымызда қамтылатын бағдарламалар қатары толығып, жаңарады.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР