ДомойМедиасынЗаңсыз алтын өндірісі, тұрмыстағы зорлық және құс тұмауы. 21-27 қыркүйек апталық бағдарламаларға...

Заңсыз алтын өндірісі, тұрмыстағы зорлық және құс тұмауы. 21-27 қыркүйек апталық бағдарламаларға шолу

Заңсыз алтын өндірісі, тұрмыстағы зорлық және құс тұмауы. 21-27 қыркүйек апталық бағдарламаларға шолу

Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінде үй құстарының қырылуы кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалардың ортақ тақырыбына айналды. “7 күн” мен «Басты бағдарлама» құс тұмауына сюжет арнаса, Apta авторлары студиядан хабарлама берді.

Әр бағдарламаның эксклюзив тақырыптары да баршылық. Мәселен, “7 күн”  тұрмыстағы зорлық-зомбылық жиілегенін айтса, «Басты бағдарлама» кәсіп ашуға гранттар мен адам саудасына сюжет арнапты. Apta редакциясы ШҚО-дағы заңсыз алтын өндірушілер мен фастфуд зиянын көрсетті.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Жүргізуші Ринат Думанұлы бір апталық үзілістен кейін эфирге оралды. Сенбі күні, яғни 26-қыркүйекте шыққан бағдарлама әдетінен танбай, екі президенттің апта ішінде атқарған шаруаларын баяндаудан басталды.

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзяевпен кездескеніне айта келе, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында сөйлеген сөзіне жеке сюжет арнады.

Осыдан кейін «Президент аптасы» деп аталатын сюжетте Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткізген қабылдауларын баяндап, мемлекет басшысының Алматы қаласына жұмыс сапарынан сюжет көрсетті.

Сосын жүргізуші Ринат Думанұлы көрермендерді дауыс беруге шақырды. «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауына ұлттық іріктеудің соңғы күні екен.

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында «Дипломды оңды-солды таратумен айналысатын ЖОО» мәселесін айтқан. Осылайша президенттер аптасы жолдау тақырыптарына жалғасып, сюжетте лицензиясы қайтарылған университет студенттерінің жағдайы не боларын бағамдады. Студенттер құқығы, әлеуметтік жағдайы, түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесін жан-жақты тарқатты. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов берген сұхбат проблемаға қатысты пікір айтудан гөрі университет жетістіктерін баяндау бағытында өрбіді.

Президенттер мен жолдау жайы эфир ортасына таман аяқталып, өткен апталардың ең күйіп тұрған тақырыбы — құс тұмауына да кезек жетті. Сюжет “Құс тұмауы адамға жұқпай ма” деген сауалға жауап іздейді. ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасы Тимұр Сұлтанғазивтің айтуынша, бұл індет адамдарға қауіпсіз екен. Дегенмен, тілші Сәкен Сейітханұлының сөзінше, «базардан өнім сатып алғанда аса мұқият болу артық етпейді». Осы тұста қалай сақтану керек екенін айтар мамандар нұсқаулығы берілсе құба-құп еді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлесеңіз, күрделі оталарды тегін жасатуға болады екен. Медсақтандыру қазақстандықтар өміріндегі ең өзекті проблеманың біріне айналып отыр. Сақтандырылмаған, ем ала алмай жүрген азаматтар жағдайы туралы тарқатып айтпады.

«Даладағы вирус ушыққанда, санадағы вирус та қоза түскен секілді». Жүргізуші Ринат Думанұлы тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы сюжетке кіріспе сөзді осылай бастады.
Тілші Ақбота Тәңірберген сюжетін бірнеше ай бұрын Батыс Қазақстан облысында болған оқиғадан, дәлірегі күйеуі әйелін қыздарымен бірге өртеп жібергенінен бастады. Сюжетте марқұм Жадыра Жұмалиеваның әкесінен сұхбат алыпты. Әкесі істі насырға шаптырмай, «тезірек ажыратып алу керек екен» деді. Сюжет отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін құзырлы органдар не істеп жатқанын баяндайды. Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың астарында не жатыр, заң шығару мен жазаны қатаңдату бұл мәселені шеше ме? Тілші мәселеге терең бойламай, тек сырттай сипай қамшылап өте шығыпты. Айтпақшы, тілші де, мәтін тексерген редактор да қазақ тілінде сөздер орыс тіліндегідей «родқа» бөлінбейтінін, сондықтан «азаматша» деген сөз жоғын ескермеген сияқты.

Бағдарлама авторлары Түркістан қаласында салынып жатқан құрылыстар мен Қызылорда қаласының мерейтойына да екі сюжет берді. Алматыда ауруханаға демеушілер бірнеше жасанды тыныс алу аппаратын жеткізгені тағы бір сюжетке арқау болды.

Эфир соңында жүргізуші «Junior Eurovision» баяқауына ұлттық іріктеу туры жүріп жатқанын тағы да қайталап, дауыс беруге шақырып, хабарды аяқтады.

«Басты бағдарлама», “Еуразия бірінші арнасы”

«Басты бағдарлама»-ның бірінші тақырыбы — құс тұмауы. Жүргізуші Берік Дүйсенбай: “Елдің 5 өңірінде 150 мыңдай тауық пен қаз күн қырылып қалды” деп бастады. Құс тұмауынан адамға алапат қауіп болмаса да жұғуы мүмкін екенін, белгілері қандай боларын қысқаша айтып өтті. “7 күн” редакциясының сюжетінен басты айырмасы да осы.

Тілші Нұржан Сәдірбаев сюжетте өтемақы төлеуден бастап адамға жұқтырмау үшін не жасау керек екеніне дейін айтты. Індет жайлаған өңірлер мен вакцинацияны графикамен көрсетті.

Жүргізуші: “билік партиясы қолға алып, өткізіп жатқан праймериз – өте жақсы бастама” деп, «Ұр тоқпақ» айдарына кезек берді.

Бұл айдарда ауылдағы көшелердің біріне әкесінің атын берен шенеунік пен «Ұлыбританияда 200 үй салам» деп басы дауға қалған Нұрлан Бизақов оқиғасын алыпты.

Шағын кәсіп ашуға алған грант қаржысын мақсатсыз жұмсайтындар кім? Тілші Әсем Изатқызы ізденіп, сюжетін мейлінше қызық етуге тырысыпты. «Бизнестің жол картасы — 2025», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында грант ұтқандар сол қаржыны қайда жұмсағанын айту үшін кейіпкерлерден сұхбат алған. Грант ұта алмағандардың құзырлы орган өкілдеріне шағымын да берген. Аталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын салмақтаған сюжет тартымды әрі толымды жасалыпты.

Халықаралық қауымдастық мәлімдеуінше, Қазақстан — құл иеленушілері бар мемлекет. «Басты бағдарлама» эфирінің соңғы тақырыбы — адам саудасы. Шетелге жұмыс іздеп барып, құлдыққа жегілген қазақстандық, елімізде құлдыққа салынған шетелдікті көрсетті. Екі кейіпкер де беттерін бүркей отырып сұхбат берді.

Сарапшылар “Адамдар құлдық қамытын қалай киеді” деген сауалға «жоқшылық» деп жауап беріпті. Нұр-Сұлтандағы “құл базары” деп аталып кеткен жерде жұмыс іздеген бірнеше адамнан сұхбат та алыпты. Сюжетте елдегі адам саудасы шындығын ашып көрсетуге жақсы талпыныс жасалыпты.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама әлем жаңалығынан, дәлірегі Таулы Қарабақ мәселесі мен Әзербайжан мен Армения арасындағы қарулы қақтығыстан басталды. Жүргізуші Жайна Сламбек жағдайды қысқа баяндап, ҚР СІМ-нің екі елді келіссөзге шақырған мәлімдемесін де айтты.

Жүргізуші елдегі коронавирус және коронавирусты пневмония статистикасын хабарлай келе, құс тұмауын ойысты. Бұл тақырыпқа сюжет болмады, тек құстары қырылып жатқан әйелдің аудиожазбасын тыңдатты. Бейнекамераға да жазбапты.

Есесіне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға жұмыс сапарын бастан-аяқ көрсетті. “Алматыға инспекция” деп аталатын сюжетте президент оңтүстік астанада қайда барғанын егжей-тегжейлі баяндайды.

Мұнайға сұраныс төмендесе, не болмақ? Қазақстандық мұнай-сервис компанияларының қалауы не? Осы тақырыптарда Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовпен сұхбаттасты. 6 минут сұхбат мән-мағыналы болды. Қазақстанның мұнай-сервис саласында 40 мыңнан астам жұмыссыз қалуы мүмкін екенін, шетелдіктер ашқан компаниялардың тендерлерге қатысуы мен мұнай-химия өндірісінің дамуы, бұл салада Өзбекстан алға озып шыққанын да әңгімеледі.

Шығыс Қазақстан облысындағы заңсыз алтын өндірушілер ісі сондағы ауыл тұрғындарының наразылығын көрсетер сюжетке негіз болыпты. Тілші ауыл әкімімен бірге маңайды аралап, алтын өндірілетін жерге барып, тұрғындардан, белсенділер, әкімдік өкілі мен полициядан комментарий алыпты. Толымды да қызық сюжет.

Пандемияда кезеңінде кеңсе қызметкерлері үйден жұмыс істеуге көшті. Мұның артықшылығы мен кемшіліктері қайсы, алдағы салдары қандай болмақ? Осы сауалдардың жауабын жинақтаған сюжетте кейіпкерлер хикаясы, экономист-сарапшылар, урбанистер пікірі бар.

Келесі сюжет “Қым-қуыт тірлік – канцероген ауқат” деп аталады. Авторлар “канцероген“ сөзінің жалпыға бірдей түсінікті емес екенін ескермеген сыңайлы. Тілші Ақерке Бектас денсаулыққа зиянды фастфуд тағамдар тақырыбына сюжет дайындапты. Фастфуд сатушыны да, тұтынушыны да, медицина сарапшылары мен мамандарын да сөйлетіп, сауалнама жасапты.

Фастфуд түрлерінің құрамы мен калориясы туралы инфографика жасап, фастфуд тағамнан бас тартқан отбасыны да көрсетті. Бұл отбасының отағасы кезінде фастфуд тағамдарды жиі ішіп-жеп, қатты ауырған екен.

Қазақстанда әншілер фонограммамен ән айтар болса, онда тыңдарманын алдын ала ескертуі міндетті. Жаңа заңнаманың талабы тағы бір сюжетке арқау болды. Сюжетте қарсылар да, қолдайтындар да, тіпті фонограммен ән айтуға тыйым салуды ұсынғандар да бар. Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі фонограммамен ән айтуға неліктен тыйым салынбағанын, тыйым салынса, мұның соңы үлкен резонансты оқиғаға ұласуы мүмкін екенін түсіндіреді.

Осы тұста тілші Саламат Омаш “Резонансты оқиға деген не? Оған қоғамға қандай зиян бар? Жанды дауыста айта алмайтын әнші көшеге митингіге шыға ма? Шықсын. Онда тұрған ештеңе жоқ. Керісінше саяси мәдениеттің артуына септеседі” деп өз сауалына өзі жауап беріп, пікір айтады. Мұндағы министрлік өкілі “резонансты оқиға” деп нені меңзегені де, тілші өз пікірін неліктен қосқаны да түсініксіз. Сюжеттегі ерекше бір сәт: тілші дауыс жазу студиясына барып, ән айтып, тірі дауыста және өңделген дауыста тыңдатып, фонограмманың тірі дауыстан айырмасын анық көрсетті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР