ДомойМедиасынҚос кеңес, сайлау және иттің майы. 19-25 қазан апталық бағдарламаларға шолу

Қос кеңес, сайлау және иттің майы. 19-25 қазан апталық бағдарламаларға шолу

Қос кеңес, сайлау және иттің майы. 19-25 қазан апталық бағдарламаларға шолу

Өткен аптаны түйіндеген ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырып ауқымы — коронавирус індеті мен ҚР президенті Қ.Тоқаев қатысқан түрлі отырыстар. 2021 жылдың 10 қаңтарында ҚР Парламенті мәжілісі депутаттарын сайлау өтетініне “7 күн” авторлары көлемді сюжет арнаса, Apta редакциясы сайлаудағы өзгерістерді қысқаша баяндаудан аспады. Ал “Басты бағдарлама” аптаның басты саяси жаңалығын елеусіз қалдырды.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

«7 күн» президент Қ. Тоқаевтың ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы және соған байланысты үндеу жариялағанынан басталды. Сюжетте президент үндеуінен үзінділер келтіріп, сайлауды өткізу ерекшеліктері мен тәртібін баяндады. ҚР Президенті жанындағы ҚЗСИ-дің бөлім басшысы Мәдина Нұрғалиева Қазақстанда ресми тіркелген саяси ұйымдар туралы айта келе, қай партиялар Парламентке кірген не кірмегенін айтып өтті.

Жүргізуші Ринат Думанұлы “берекелі бейсенбіде” Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы өткенін хабарлады. Ұлттық кеңестің онлайн-отырысына арналған сюжетте кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен бастамаларын баяндап, президент сөзінен үзінділер берді. Сюжетте сарапшы сөйлетпеді. Тілші Гүлжан Мархабаева сюжетін “Кеңестің төртінші отырысы да тұщымды оймен тәмамдалды. Мұндай кеңес бізге керек!” деп түйіндеді.

Кешегі аптада Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші басқосуы да өтті. Мемлекет басшысы төрағалық еткен басқосу тағы бір сюжетке арқау болды. Басқосуға президент кеңесшісі Сума Чакрабарти қатысыпты. Ол кеңес төрағасының орынбасары екен. Сюжетте Тоқаев пен Чакрабартидің сөйлеген сөзінен үзінді берді. Алайда басқосуда талқыланған тақырыптар, “жалпы мұндай тағы бір кеңестің қажеті бар ма” деген көкейдегі сұрақты сарапшылардан сұрамады. Апта оқиғаларын бағамдап, сараптап, саралайтын бағдарламаның оқиғаны құр баяндаудан аспауы байқалды.

“7 күн” редакциясы президент кеңесшісі Сума Чакрабартиден эксклюзив сұхбат алыпты. Сұхбатта Сума Чакрабарти Жоғары кеңестің бірінші отырысында президент айтқан басталамаларды талдады.

Өткен аптада ҚР судьяларының VIII съезі өтті. Онлайн-съезге мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қатысты. “Жеті күндіктер” бөлек сюжет әзірлепті. Сюжет Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың есебі мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерінен құралды. Съезге шетелдік мамандар да қатысқан екен. Алайда оларды сөйлетпеді.

Президент Тоқаевтың өткен апта ішіндегі қабылдауларын тізіп шыққаннан кейін Парламент Сенаты талқылаған тақырыптарға кезек жетті. Сенатта ауылдар проблемасы талқыға түсіпті. Сюжет Сенат отырысында кім не айтқанын баяндаудан аспады.

Қазақстанда заңсыз сауда айналымынан 10 млн бума дәрі-дәрмек алыныпты. Дәріханалардан тыс жерде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатуға қатысты 300 оқиға анықталған. Осыны айтқан жүргізуші Ринат Думанұлы: «міне, бұдан біз кейбір сценарийдің қолдан сызылатынын көреміз» деп түйін жасады. Алайда жүргізуші тұспалдаған сценарийдің жай-жапсары ашық айтылмады.

Келесі сюжет елдегі коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалға арналды. Сюжетте тілші Ақбөпе Тәңірберген Екібастұз қаласындағы №4 емхананың жедел жәрдем қызметкері Жанар Аумәлікова пандемия кезінде халыққа қызмет ете жүріп ауырып қалғанын, алайда өтемақы ала алмағанын айтады. Содан кейін сөйлеген Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева мен денсаулық министрі Алексей Цой кейбір дәрігерлердің коронавирусты қайдан жұқтыруы мүмкін екенін дәлелдеу қиынға соғатынын мәлімдесе, тілші дәрігерлерге өтемақы беру тоқтатылатынын жариялады. Сюжетте тиянақсыз екіұштылық байқалады. Тілші дәрігерге өтемақы берілмегенін ақтап тұр ма әлде берілмегені «дұрыс» екені растап тұр ма? Егер өтемақыға қатысты екіұштылық бар болса, онда нақты кейіпкердің жағдайын сюжетке қосудың қажеті бар ма? Міне, осы жағы түсініксіз.

Кешегі эфирде жүргізуші: “Ақмола облысындағы ауылдар соңғы жылдары дамудың даңғыл жолына түскен” деп, елорда маңындағы ауылдарға ауыз су тартылғаны туралы сюжет көрсетті. Аудан мен ауыл әкімдерінің атқарған шаруаларын баяндап, «Қаражар» ауылында тіпті 4G интернет бар екенін, “балалар онлайн сабақты алаңсыз оқып жүргенін” айта келе, ауыл тұрғынының риза пікірін де көрсетті. Сюжет авторы Сәкен Сейітханұлының сөзіне сенсек, алдағы екі-үш жылда “елорда маңындағы ауылдар жаңаша сипат алады”. “7 күн” редакциясы Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үнемі сюжет арнайды.

“Хабар” агенттігіне — 25 жыл. Жүргізушінің сөзінше, агенттіктің осы жылдар ішіндегі ең басты жетістігі — «мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға қосып жатқан үлесі» екен. Тілші Мақпал Мадиярова мерекелік сюжетті 25 жыл бұрын Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаладан бастады. Сосын көрермен есінде қалған «Жетпіс жеті күн», «Ұят болмасын» сияқты бағларламалар болғанын айтып, түрлі қызық сәттерден үзінділер көрсетті. Телеарнаның бұрынғы қызметкерлерін де сөйлетті. Айтпақшы, «7 күн» бағдарламасы “Хабар” телеарнасында 25 жылдан бері эфирге шығатынын да айтып өтті.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

“Басты бағдарлама” авторлары коронавирус тақырыбын басқа қырынан ашуға тырысыпты. Жүргізуші Берік Дүйсенбай интернеттегі “коронавирустан емдейді” делінетін дақпырт ақпараттардан мысал келтіріп, иттің майы, қара бұрыш және тағы басқа ем-дом түрлеріне арналған сюжетке кезек берді. Тілші Нұрай Құнақпай халық емшісінен, дәрігерден, иммунолог пен қарапайым тұрғыннан сұхбат алып, “иттің майы, қара бұрыш сияқты заттар коронавирусты емдей ме” деген сұрақ қояды. Ит майын сататын кісімен де байланысады. Сюжетті салмақты мәселе жоқ. Десе де жалған ақпаратқа сенетін көрерменге ой салады.

«Ұр тоқпақ» айдары Қазақстандағы әкімдердің айлығын есептейді. Жұртшылықтан “Әкімдерге қанша айлық төленуі керек” деп сұрайды.

«Кредит кешірілмейді». Премьер-министр Асқар Мамин Мәжіліс депутаттарының пандемия кезінде жұмыссыз қалған азаматтар кредитін кешіру туралы сауалына жауап беріпті. «Басты бағдарлама» редакциясы кредитті кешіру-кешірмеу мәселесіне арнайы сюжет әзірлепті. “Кредиттің кешірілмеу себебі неде” деген сұраққа сарапшылар мұның экономикалық және әлеуметтік себептері бар екенін айтады. Несие алып, өтей алмай жүрген кейіпкерлер де бар.

«Тепсе темір үзетін жігіттеріміз күзетші болып жүр». Бағдарлама жүргізушілері «Жұмыс бар, ниет жоқ» деген тақырыптағы сюжеттің алғысөзін осылай бастайды. Жүргізушілердің сөзінше, “өзбек пен тәжік үш мыңға жасайтын жұмыс үшін қазақтар үш есе көп ақы сұрайды”. Сөйте тұра “жұмыс жоқ, кредитім бар еді деп отыра береді”. Алғысөзде айыптауға пара-пар біржақты пікір айтылуына не себеп? «Жұмыс бар, ниет жоқ» тақырып астарында да айыптау байқалады.

Сюжетте жұмысшылар аз ақшаға жұмыс істегісі келмейтінін, ал жұмыс берушілер жұмыс күшінің қымбаттауы өнім бағасының өсуіне алып соғатынын айтады. Сарапшылар да жұмыс іздеушілердің басты талабы — жалақы екенін алға тартады. Тілші Айғаным Достанбай сюжетін «сайып келгенде, бар айып — қымбатшылықта» деп аяқтайды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Қазақстан мен әлемдегі Covid-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталып, Тараз қаласындағы карантин шектеулерін бұзу оқиғаларына жалғасты. Таразда түнгі клубтар күндіз той өткізіп жатыр екен.

Ұлттық кеңестің төртінші отырысы онлайн өтті. “Ұлттың үнін жеткізетін ашық алаң” деп аталатын сюжет кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен бастамаларын тізіп шықты. Кеңес төрағасы Тоқаевтың ұсыныстарына да көбірек тоқталып, сарапшылар президент айтқан негізгі тезистерді түсіндіріп берді.

2021 жылдың 10 қаңтарында ҚР Парламенті мәжіліс депутаттарын сайлау өтеді. Жүргізуші Жайна Сламбек алдағы сайлаудың өзгерістерін айтты. Аптаның басты саяси жаңалығына бөлек сюжет арнамады.

Ақордада Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші басқосуы өтті. Президент мәлімдемелерінен үзінді келтіріп, реформа бағыттары бойынша қандай жұмыс тобы құрылатынын хабарлады.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова Apta бағдарламасына сұхбат беріпті. Жүргізуші Жайна Сламбек әкіммен облыс экономикасы, мұнай көлемінің азаюы, экономиканы әртараптандыру, азық-түлік мен су тапшылығы туралы сөйлесті. Бұл сұхбаттың бірінші бөлімі екен. Ақпараттық мазмұны мол сұхбат.

Ұлттық кеңес отырысында адвокат Айман Омарова судьялар тарапынан адвокаттарға жасалатын қысым туралы айтқан. Жүргізуші алғысөзінде Айман Омарованың сол мәлімдемесінен үзінді келтірді. Ал сюжет ҚР судьяларының VIII съезіне арналды. Сот жүйесіндегі жемқорлық, судьялар тәуелсіздігі, судьяларға сенім мен олардың абыройы туралы айтты. Судьяларға арналған сюжетте екінші тарап — яғни судьялар жұмысынаб баға берер сапшыларды сөйлетпеді.

Әлеуметтік желілерде ағайындылардың түрмеде туған күн тойлап, есірткі қабылдап жатқан видеосы таралды. Осыдан кейін түзету мекемесінің бастығы қызметінен кетті. Сюжет Алматы облысындағы Заречное ауылында орналасқан түзету мекемелерінің жұмысына арналыпты. Сюжет кейіпкері — абайсызда адам өлтіріп, 10 жылға сотталған стоматолог. Түрмеге түскенінен кейін де осында стоматолог қызметін жалғастырып жатыр. Сюжетте жазасын өтеушілерді тінту барысында табылатын түрлі тыйым салынған заттар, сырттан кіргізілетін заттар мен сотталушылардың заңға қайшы әрекеттері туралы көп айтылады. Заречное ауылындағы түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер мен олардың туыстары түрмеде азаптау оқиғалары туралы жиі хабарлайды. Алайда тілші сюжетте бұл туралы ләм-мим демеді. Құқыққорғаушылардың да комментарийі болмады.

Қазақстандағы жол-көлік апаттарының себебі неде? Бірінші себеп — масаң күйде көлік жүргізу екен. Қалған себептері қандай? Осы сауалға жауап іздеген сюжеттің алғысөзінде Алматыда блокбекетті көлігімен соғып, екі полицейдің өліміне кінәлі деп танылған Азат Азаматовтың 10 жылға сотталғаны айтылды. Азат Азаматов да Алматы қаласы полиция департаментінің бұрынғы қызметкері екен. Сюжет Алматыдағы тағы басқа, бірақ ұқсас оқиға: мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатын жасап, салдарынан екі полицей көз жұмған оқиғадан басталды. Сарапшылар пікірінен құралған толымды сюжет болды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР