ДомойМедиасынТоқаев кездесулері, Қонаев ескерткіші және абақтыдағы азаптау. 26 қазан - 1 қараша...

Тоқаев кездесулері, Қонаев ескерткіші және абақтыдағы азаптау. 26 қазан — 1 қараша апталық бағдарламаларға шолу

Тоқаев кездесулері, Қонаев ескерткіші және абақтыдағы азаптау. 26 қазан — 1 қараша апталық бағдарламаларға шолу

Апталық қорытынды бағдарламалар эфирі коронавирус тақырыбынан басталуы қайта дәстүрге айналды. “7 күн” тілшілері Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина әзірленіп жатқанын, “Басты бағдарлама” мен Apta редакциялары пандемия ел экономикасына қалай әсер еткенін баяндады.

“7 күн” мен Apta редакциялары президент Тоқаевтың апта ішіндегі мәлімдемелеріне негізделген сюжеттер дайындаса, “Басты бағдарлама” авторлары Дінмұхамед Қонаевқа арналған ескерткіш дауы мен жер тапшылығына сюжет арнады. Аpta тілшілері “полиция бөлімшесінде көз жұмған жас жігіт оқиғасы туралы мықты сюжет жасапты. Марқұмның туыстары мен ауылдастары “жас жігітті полиция қызметкерлері азаптап өлтірді” деп есептейді.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Биылғы қазанның соңғы күні — 31 қазан — сенбіде эфирге шыққан бағдарламаны тұрақты жүргізуші Ринат Думанұлының орнына Дархан Әбдіуахит жүргізді.

Бағдарлама президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Twitter аккаунты арқылы үндеу тастағанынан басталды.

Президент Тоқаев Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяны қабылдапты. Тілші Мақпал Мадиярова осы кездесуде айтылған әңгімеге сюжет әзірлеген. Аталған институт базасында коронавирусқа қарсы вакцина әзірленіп жатыр. Елімізде иммундық препараттар шығаратын зауыт салынбақ екен. Вакцина жасау зауытының құрылысы қашан, қай жерде басталып, қашан аяқталатыны, кім қаржыландыратыны сияқты сұрақтар жауапсыз қалды. 10 минуттық сюжетте аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал нашарлағанын, пайдалануға берілген модульді ауруханалар мен отандық медициналық автокөліктерді айтты. Елімізде коронавирус жұқтырғандар күн сайын көбейіп бара жатқанын айтып, бірақ нақты статистикалық дерек келтірмеді.

Келесі сюжет мектептерде екінші тоқсан оқуы қалай жүретініне арналды. Кезекші сынып мұғалімі мектепте оқу артықшылықтарын әңгімелесе, үш балалы әйел балаларын ары-бері тасудың қиындығын әңгімелейді. Тілші мектебін сағынған балалардан да сұхбат алып, мұның барлығы адам амандығы үшін жасалып жатқанын айтып өтті.

“Пандемиядан кейінгі даму” деп аталатын сюжет Оңтүстік Кореяда өткен «Солтүстік экономикалық ынтымақтастық жөніндегі форумын» және сол форумға президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағылшын тілінде бейнеүндеу жолдағанын баяндайды.

Коронавирус тақырыбы бағдарламаның орта тұсына дейін созылып, келесі сюжетте коронавирус пандемиясының екінші толқынына қарсы әлем елдері қандай шектеу енгізіп жатқанын көрсетті.

Сосын жүргізуші Дархан Әбдіуахит ҚР тұңғыш президенті, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі Кеңес Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен кездескенін хабарлады.

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Сюжетте полиция қызметкерлеріне қандай қолдау көрсетілетінін, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылық жарияланатынын айтып, “халықтың 38 проценті полицияға сенім артады” деді. Кейбір қылмыс түрлері азайып, бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері көбейгені жөнінде дерек келтірді. Сюжет Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен құралды.

Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновты қабылдады. Бұл кездесу “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының VII съезі өтіп, соған Мемлекет басшысының қатысқаны туралы жеке сюжетке алғысөзде айтылды. Ал сюжет съезде президент айтқан мәселелерге арналды.

Мемлекет басшысы ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты да қабылдады. Кездесуде Қазақстан алты түрлі тауар бағыты бойынша импортқа тәуелді екені айтылған. Тілші Сәкен Сейітханұлы сол алты түрлі тауар бағыты (алма, қант, құс еті, ірімшік пен сүзбе, балық және шұжық өнімдері) туралы сюжет әзірлепті. Сарапшыларды сөйлетіп, проблемалар ашық айтылды.

Президент Тоқаев өткен аптада Қырғызстанның сыртқы істер министрі Руслан Қазақпаевты қабылдады. Басқа да қабылдаулар өткізді. Назарбаев та, Тоқаев та Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанға көңіл айту жеделхаттарын жолдады. “7 күн” редакциясы президенттер аптасына шолуын бағдарламаның басында не орта тұсында беретін. Кешегі шығарылымда эфирдің соңғы 5 минутын арнапты.

“7 күн” бағдарламасының қазан айының соңғы аптасындағы эфиріне Мемлекет басшысының апта ішінде атқарған істері арқау болды.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама “әлемді тағы бір жаман індет жайлауы мүмкін” деген хабардан басталды. Коронавирус өршіп бара жатқанын айта келе пандемияның ел экономикасына тигізген залалына арналған сюжет көрсетті. Елде 4 млн-ға жуық адам жұмысынан айырылып, қазынаға 1,1 трлн теңге салық түспей қалыпты. Сарапшылар экономикаға келетін шығын көлемі бұдан да зор болуы мүмкін екенін айтып, кәсіпкерлерге көмектесудің түрлі жолдарын ұсынады.

Айдана Үсенбай жүргізетін «Ұр тоқпақ» айдары әлеуметтік желілерде қызу талқыланған Дінмұхаммед Қонаев ескерткішіне арналды. Тілші «бұл Қонаевқа емес, елдегі тендерге қойылған ескерткіш» деп, 12 млн теңге жұмсалғанын айтты. Ескерткіш авторы Алтай Бейсеновтың да пікірін беріпті.

Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарында егістік және жайылым жер тапшылығы байқалады. Алпауыт агрофирмалар жерді меншікке алып, банкке кепілдікке қойып тастайды екен. Ауыл тұрғындары жер мәселесін айтып, Ауыл шаруашылығы министріне бейнеүндеу жолдапты. Ақмола облысының Оразақ ауылында да осыған ұқсас мәселе бар. Тілші Оразақ ауылына барып, тұрғындармен сұхбаттасыпты. Аудандық жер ресурстары бөлімінің қызметкері, ауыл тұрғындарының құқын қорғап отырған адвокат, министрлік өкілі және бейтарап сарапшының да комментарийін берген сюжетте проблеманың төркіні жан-жақты баяндалады. Бір әттеген-айы, Оразақ ауылы тұрғындарының жерін алып, оның басқа корпорацияның меншігіне айналуына ықпал еткен экс-әкімнің пікірі болмады.

«Ел еңсесі езіліп, ұлттың ұнжырғасы түсіп, қараша қайғыға батқанда, жығылғанға жұдырық болған жайттар жоқ емес». Әсем Изатқызы қазақтың ұлттық құндылықтары тапталып жатқанын көрсетер сюжетіне осындай алғысөз арнапты. Сюжетте Қазақстан туын таптаған Борат, бірнеше ай бұрын домбыраны шаққан жігіт, теңгемен мұрын сүрткен қыз сияқты мысалдар айтылады. Психолог бұл оқиғаларға баға береді. Сюжетте агрессия мазмұндағы “Ұлтымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді кемітетін қылықтарды арнайы жазалармен тоқтату керек”, “Қазақты мазақ қылатындардың барлығын Қазақстан азаматтығынан айыру керек”, “Алып империяларды құлатқан қару емес, идеология” деген пікірлер айтылады. Тілші Әсем Изатқызы “осының бәрі астыртын қасақана жасалған шабуыл емес пе” деп, “мұның түбі елдігімізден айыруы мүмкін” деген түйін жасайды. Сюжет авторының бірді-екілі әрекетті мысалға алып, соның негізінен қауіп іздеп, мұндай тоқтам жасауын түсіне алмадық. Журналистің дәл мұндай тұжырым жасауы қоғамды дүрліктіріп, жау жоқта мылтық алып, “аттандауға тең емес пе”?!

Apta, QAZAQSTAN

Коронавирус және коронавирусты пневмония статистикасынан басталған бағдарлама пандемияның Қазақстандағы орта және шағын бизнеске қалай зиян тигізгеніне жауап іздеген сюжетке жалғасты. Бұл сюжетті дайындауға президент Тоқаев “Атамекен” ҰКП VII съездіне қатысуы түрткі болыпты. Алғысөзі елең еткізген сюжет Тоқаевтың съезде айтылған сөзінен құралыпты.

Ішкі істер министрлігін реформалау. Мемлекет басшысы ҚР ІІМ-нің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізгені, мәжілісте айтқан сөздері тағы бір сюжетке негіз болды. Сюжетте заңгер, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар пікірі бар.

16 жылда ауылдарды дамытуға түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда әлі 2 мыңнан астам ауыл ауыз суға мұқтаж. Тілші Айнұр Ақбаева Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы ауыз суға зәру ауылдарға барыпты. Бұл ауылдарда 30 жылдан бері су жоқ. Ауыз суды алыстан тасып ішеді, сатып алады. Барлық тарапты сөйлеткен сюжет ауыл тұрғындарының қиын тұрмысын көрсетеді.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықовамен сұхбаттың екінші бөлімі (бірінші бөлімін өткен аптада көрсетті) Кіші Аралды дамыту, өңірдегі туу көрсеткіші, интернет қолжетімділігі, коронавирустың екінші толқынына дайындық туралы болды.

Абақтыдағы азаптау. Шығыс Қазақстан облысында отбасылы жас жігіт полиция бөлімшесінде көз жұмды. Оны бөлімшеге “мал ұрлады” деген күдікпен әкеліп, тергеген. Марқұмның туыстары мен ауылдастары жігітті полиция азаптап өлтіргенін айтады. Кінәлі полицейлерді қамауға алуды талап етеді. Сюжетте баласынан айырылған отбасының, полиция азаптауына ұшыраған адамдардың, ауыл тұрғындарының, адвокат пен полиция департаменті өкілдерінің комментарийі бар. Қазір бұл оқиға тергеліп, үш полицей қамауға алыныпты.

Интернет-алаяқтық Қазақстандағы алаяқтық қылмыстың ең көп таралған түріне айналыпты. Сюжет кейіпкері — ер адам автокөлік сатып алу үшін жиған-тергенін бір адамға аударып, сан соғып қалыпты. Тағы бір кейіпкер — әйел адам банк картасының мәліметін біреуге жіберіп, есепшотындағы бар ақшасынан айырылған. Интернет-алаяқтық қылмыстарын ашудың қиындығы, жаңа түрлері мен қалай сақтану керек екені туралы түсіндірмелі сюжет.

Apta тілшілері тек бірнеше қалада кинотеатрлар қайта ашылғанын айта келе, жалпы коронавирус пандемиясы кинотеатрлар мен ойын-сауық орталықтарының жұмысын қалай тұралатқанына сюжет әзірлепті.

UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов спорттағы карьерасын аяқтады. Бұл жаңалық Қазақстандағы ММА спортының дамуы туралы сюжетке негіз болды.

Елжан Біртановтың тұтқындалуы туралы ештеңе айтпады, көрсетпеді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР