АҚШ-тағы сайлау, коронавирус және есек сүті. 2-8 қараша апталық бағдарламаларға шолу

0
163

Кешегі аптаның ақпараттық-сараптамалық бағдарламалары коронавирустан және АҚШ-тағы президент сайлауынан басталды. Сенбіде эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасы елде коронавирус індетін қайта жұқтыру жағдайы тіркелгенін айтса, “Басты бағдарлама” авторлары коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрі таралып жатқанына назар аударды. Ал Apta редакциясы АҚШ-тағы президент сайлауы қалай өткенін баяндады.

Бұдан бөлек, “жеті күндіктер“ азық-түлік бағасы неліктен қымбаттағанын сарапшылардан сұраса, “Басты бағдарлама” тілшілері “Есек сүті ем бола ма” деген сауалға жауап іздеді. Apta ұжымы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі сапасыз салынған үйлерге шолу жасап, қашықтан оқытудың балаға зиянын зерттеді.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

«Басты мәселеден бастайық». Жүргізуші Ринат Думанұлы алғысөзін осылай бастады. Ол Қазақстанда коронавирусты қайта жұқтыру дерегі тіркелгенін айтып, сақтық шараларын ұстануды ескертті. Шығыс Қазақстан облысында індет жұқтырғандар саны күрт өсіп, қызыл аймаққа енгенін хабарлап, сары және жасыл аймақ сипаттамасына тоқталды. Жүргізушінің 2 минуттық алғысөзінен кейін тілші Мақпал Мадиярованың сюжеті шықты.

Сюжет премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияда қабылданған шешімдерді баяндаудан басталып, карантинге жабылған және жағдай ушыға бастаған облыстардағы ахуалға шолудан аяқталды.

Жүргізуші әлемдегі коронавирус статистикасын хабарлап, «ауырған қырық тоғыз бүтін оннан екі миллион адам, қаза тапқан бір бүтін жүзден жиырма төрт миллион адам, жазылған отыз екі бүтін оннан төрт миллион адам» деді.

Деректерді графикамен безендіру ұтымды шықты. Алайда, жүргізуші телерадиода статистикалық деректі жуық мәнде баяндаса, қабылдауға оңай екенін  ұмытқан сияқты. Қазақ тілінде аурудан қайтқан адамға «қаза тапты» деп емес, «қайтыс болды» деп айтатынын да ескерген жөн. Жаһандағы статистиканы хабарлап болған соң әлем елдеріндегі коронавирусқа қарсы сақтық шараларына тағы бөлек сюжет арнады.

Коронавирус тақырыбы соңына жетіп, Аустрия мен Ауғанстандағы терактілерді айта келе, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған ел басшыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдағанын да хабарлады.

Президенттің апта ішіндегі қабылдауларын Ақорда таратқан ақпарат негізінде шолып шықты.

Ізінше АҚШ-тағы президент сайлауына ойысты. Тілші Ақбөпе Бәкір АҚШ-тағы сайлау жүйесі ерекшеліктерін, биылғы сайлаудың барысын жан-жақты баяндады.
“АҚШ-тағы сайлаудан кейін сол елдің ішкі-сыртқы саясатында бетбұрыс болуы мүмкін бе? Алып державаның Орта Азия аймағы, соның ішінде Қазақстанмен қатым-қатынасынан өзгеріс күтеміз бе?” деген сұрақ бойынша Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерлан Мәдиевтің пікірін білді.

АҚШ-тағы сайлаудан еліміздегі сайлауалды жаңалықтарға жалғасты. Жүргізуші Ринат Думанұлы алдағы парламент мәжілісі сайлауына қатысатын партиялар тізімі бекітілгеніне тоқталды. Сюжет «Ауыл» партиясы белсенділерінің ауылдарды аралап интернет сапасын тексеріп жүргенінен басталып, үміткерлерді ұсыну, карантин жағдайында өтетін сайлау, “Бірлік” партиясының атауы «Адал» деп өзгергеніне дейін айтты.

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қымбаттады. Себебі неде? Сюжетте экономист Мақсат Халық азық-түлік қымбаттауын локдаунмен байланыстырады. Сюжет барысында сұхбат берген өзге сарапшылар күнбағыс майының қымбаттауына экспорт себеп болғанын, шикізаттан гөрі дайын өнімді экспорттау ұтымды екенін айтады.

Елімізде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу саласының жай-күйін бағамдаған сюжет қоқыс өңдейтін зауыттар мен қоқыс полигондары, осы саланың проблемасына арналды.
2021 жылы мектеп бағдарламасына «Әліппе» оқулығы қайта енгізілетіні туралы сюжетте тілші Ақбөпе Тәңірберген бастауыш сынып мұғалімін, ата-ана мен БҒМ өкілін, депутатты сөйлетеді. Жаңа “Әліппе” оқулығы бұрнағыдан ерекше, заман талабына сай бейімделіп жасалады екен. Сюжеттен “Әліппе” оқулығын дайындауға қатысты түрлі тараптың қызу пікірталасын байқамадық.

“7 күн” бағдарламасын Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық жаңалықтары түйіндейтіні дәстүрге айналған. Бұл жолғы сюжетте облыстың “ағарту саласындағы тың жаңалықтарын” тізіп шықты.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама коронавирустың мутацияға ұшыраған түрлерінен басталып, АҚШ пен Еуропада осы мутацияланған вирус тарап жатқанын айтып, “Қазақстанға қауіп бар ма” деген сұраққа сарапшы пікірін берді.

«Ұр тоқпақ» айдарының жүргізушісі Айдана Үсенбай «Есектің сүті ем бола ма?» деген сауалды талдайды. Ол интернет-басылымдардың бірі Кеген мен Нарынқол тұрғындары есектің сүтін ішіп, коронавирустан емделуін жариялағанын айтты. Желіде тараған есекті сауу видеосын да көрсетті. “Есек сүтін сатамын” деген жарнама хабарландыруындағы телефонға хабарласты.

Сайттар трафик үшін негіздемесіз жалған ақпарат таратуы мүмкін екенін ескерсек, мақала мен видеодағы мәліметті тексеру керек еді. Фаткчекинг жасамай, тек дәрігердің “есек сүті коронавирустан емдейтініне еш ғылыми негіздеме жоқ” деген пікірін берді.

“Полицияның айлығы қанша?”. Осы сұрақты талдайтын сюжетте тілші Нұрай Құрақпай түрме бастығынан, полицейлерден жұмыс барысындағы қиындықтар туралы сұрады. Полицей жалақысы мен беделін қалай көтеруге болатынын да анықтауға тырысты. Алайда полиция беделінің төмен болуына не себеп екенін ешкімнен сұрамады, себебіне үңілмеді.

«Басты бағдарлама» редакциясы қоғамдағы әйел рөлі мен ықпалына ұдайы сюжет арнайды. Кешегі аптаның тақырыбы – отбасын құрмаған, жасы отызға таяған, не жасы отыздан асқан қыз-келіншектердің бала сүюі. Тілші сюжетінде “қыздардың “сәби сүйсем” деген қалауынан «жеті атасы жұмбақ, тегі түсініксіз, болашағы бұлыңғыр» балалар көбейеді” деп айтады. Тіпті «бала көтере алмай жүрген қыз-келіншектерге көмегін ұсынатын» ер адамға хабарласып, қызметі қанша тұратынын да анықтапты. Тілші дүдәмал болжамын жалғастырып, сюжетін: «Некесіз туған бала ұлтымызға қандай зауал алып келетінін әлі ешкім болжай алмайды. Қауіпті құбылыстың нобайы қазірдің өзінде қылаң беруде» деп түйіндейді.

Бағдарлама Франция мен Аустрияда болған лаңкестік әрекеттерді талдаған сюжетпен аяқталды.

АҚШ-тағы президент сайлауы айтылмады.

Apta, QAZAQSTAN

Ұлттық телеарнадағы апталық қорытынды бағдарламаның басты тақырыбы – АҚШ-тағы президент сайлауы. Жүргізуші Жайна Сламбек сайлауда үміткер Джо Байден жеңгенін хабарлады. Президенттеріміз құттықтағаны себепті шығар?!

Телеарна тілшісі, қазір Бостонда оқитын қазақстандық Әлия Әшім АҚШ-та сайлауалды жағдай, сайлаудың қалай өткені, сайлаудан кейінгі ахуал туралы егжей-тегжейлі баяндады. Халықтың саяси белсенділігі, сайлауға қызығуы, митингтер, расизм, демократтар мен консерваторлар жайында көп мағлұмат берді. Тілшінің баяндауы жанды, толымды да мазмұнды болды.

Сосын жүргізуші Байденнің жеңісі Қазақстанға қалай ықпал ететінін сарапшыдан сұрады. Сарапшының айтуынша, Байден Ресейге қарсы санкцияларды күшейтсе, мұның салқыны Қазақстанға да тиеді екен.

Келер сюжет – коронавирус тақырыбына арналды. Шығыс Қазақстан облысында індет өршіді, ал адамдар ПТР-сынама тапсыру үшін ұзынсонар кезекке тұрады. ПТР-сынама қорытындысы облыс аумағынан шығу үшін керек. Сюжет елдің шығысындағы жағдайды баяндайды. Зертхана тапшылығынан ПТР-сынама тапсыра алмай жүрген адамдар, әкімдік комментарийі бар. Шығыс Қазақстан облысында карантин шектеулері қаншалық нашар сақталып жатқанын көрсеткен сюжет болды.

Бағдарлама Қазақстан коммунистік халық партиясының мәлімдемесіне ұласты. Партия өкілдері елдің орталығы мен солтүстігінде үйлерді табиғи газға қосу қымбат, сондықтан субсидиялау қажет екенін мәлімдеді.

Ал сюжетте Түркістан облысының Келес ауданындағы табиғи газға қосылмаған ауылдар, электр қуатының болмауы, нашар жолдар мен жер тапшылығын көрсетті.

Көптеген қазақстандықтың бір уайымы – нашар салынған, сапасыз үйлер. Алматы, Қарағанда, ШҚО, Тараз, Нұр-Сұлтандағы нашар соғылған үйлерге жасалған шолуда тұрғындар комментарийі бар, бірақ мемлекеттік органнан не үйлерді соққан компаниялардан пікір жоқ. “Кім кінәлі” деген сауал сол күйі жауапсыз қалды. Жүргізуші де, тілші де барлығына құрылыс саласындағы жемқорлықты кінәлады.

Ата-аналар қашықтан оқытудың салдарына алаңдаулы. Айтуларынша, балалардың оқу дағдысы нашарлап барады. Бұған қоса баяу интернет, компьютер тапшылығы, үй тапсырмасының шешімін интернеттен көшіріп алу да бар. Мұның барлығы баланың оқуына зиянын тигізеді. Мейлінше толымды әрі мәселе көтерген материал.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

LEAVE A REPLY

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
Пожалуйста, введите ваше имя здесь