ШЫҰ, Ассамблея отырысы және Таулы Қарабақ. 9-15 қараша апталық бағдарламаларға шолу

0
118

Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы кешегі апталық қорытынды бағдарламалардың ортақ тақырыбына айналды. “7 күн” редакциясы ҚХА-ның 25 жылдық тарихын баяндаса, Apta авторлары отырыс қалай өткенін, Назарбаев не айтқанын көрсетті. “Басты бағдарлама” тілшілері Оңтүстік Кореяда жол-көлік апатына ұшыраған қазақстандықтың денесін елге әкелуден бастап Ассамблея отырысындағы Назарбаевтың “Жастар Қазақстаннан неге кетеді” деген сауалына дейін жалғады.
Таулы Қарабақта соғыс аяқталғанына екі бағдарлама сюжет арнаса, “жеті күндіктер” елеусіз қалдырды.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарламаның басты тақырыбы – ҚХА кеңесінің отырысы. Сюжетте құрылғанына 25 жыл толған ұйым тарихы, даму жолын баяндап, осы саяси құрылымға әлемде теңдесі жоқ заң қабылданғаны да сөз болды. Түрлі ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлегенінен, отырыстағы Назарбаев сөздерінен үзінділер берді. Сюжет ұзақтығы 12 минут болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысты. Сюжетте осы ұйымының экономикалық әлеуеті туралы айтылып, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков мүше-мемлекет саны артқан сайын мүдделер қақтығысы да болатынын алға тартты. ҚР президенті Тоқаевтың ұсыныстары мен РФ президенті В.Путиннің сөздерінен үзінділер келтірді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішінде телефон арқылы кімдермен сөйлескенін жинақтаған топтамадан кейін елдегі коронавирусқа байланысты карантин шектеулеріне шолу жасады.

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес отырысына қатысты. Сюжет авторы Дархан Әбдіуахит: «Қордың стратегиялық даму жоспарының тиімділігінің арқасында қиындықтарға қарамастан бастапқы қарқын бәсеңдеген жоқ. Ең бастысы компаниялар әлеуметтік тұрақтылықты сақтап тұр» деп, бірақ осы бағалауын негіздейтін статистикалық мәлімет бермеді.

Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы сюжет жаңадан ұсынылған әліпби нұсқасының бұрынғы нұсқалардан айырмашылығын талдады. Тілші Ақбөпе Тәңірберген тіл мамандарын, мектеп мұғалімдері мен тіл жанашырларын сөйлетіп, латын графикасы негізінде әзірленген әліпбидің маңызы мен ерекшелігін сараптайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады. Бұл жаңалық тірі мал экспорты туралы сюжет әзірлеуге түрткі болыпты. Мал экспорты мен оның теріс салдары, елдегі ет өңдеу зауыттарының проблемасын талдаған сюжетте сарапшылар пікірі бар. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тірі мал экспортына жариялаған мораторий мерзімінің қысқалығын да сынға алды. Ақпараты мол, тартымды сюжет.

Сапасыз тұрғын үйлер мен үлескерлер мәселесін көтерген сюжет өңір-өңірдегі оқиғаларды жинақтаған. Айта кетсек, Apta тілшілері де өткен шығарылымында сапасыз салынған үйлерге сюжет арнаған.

Бағдарламаны түйіндейтін сюжетте “Бәйтерек” Ұлттық басқарушы холдингі мен еншілес ұйымдарындағы автоматтандырылған жүйенің артықшылығын баяндайды. Имидж қалыптастыратын ақылы материалға ұқсады.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама Шымкенттегі оқиғадан басталды. «Өз әкесінен бала туды» деп аталатын сюжетте тілші Нұрай Құрақпай Шыменттегі білім басқармасы мамандарының болжамына сүйеніп: “Бұл оқиға жөнінде нақты дерек аз, кім, қалай, қашан, болжам күйінде ғана” дей келе «азғындығы әшкере болған әке өз-өзіне қол салғанын” да айтады. Оқиғаға психолог, генетик, қоғам белсендісі баға береді. Алайда “9-сынып оқушысы әкесінен жүкті болып қалғанына дәлел бар ма, жоқ па” деген басты сауал жауапсыз қалды. Білім басқармасының қызметкері мен журналистің әлі ештеңе дәлелденбей жатып, болжамға негізделген ұйғарым жасауы заңға оғаш, этикаға қайшы. Тілші істің ақ-қарасын анықтау үшін зерттеу жүргізбепті.

Коронавирус індетінің жай-күйіне шолу жасаған сюжетте эпидемиолог екінші толқын әлі басталмағанын, ал экономист Мақсат Халық экономика бірден қалпына келмейтінін айтады. “7 күн” сюжетінде жер-жердегі шектеу шараларын шолып шықса, “Басты бағдарлама” авторлары жалпы жағдайға баға берді.

Оңтүстік Кореяда көз жұмған қазақстандық Бейбарыс Арынның денесін елге әкелу – шекара асып, шетелде жұмыс істеп жүрген жастар туралы сюжетке негіз болыпты. Тілші Айбек Қосан шетелде жұмыс істеп, оқып жүрген жастарға хабарласып, елден кету себебін сұрапты. Бұл сауалға сарапшылар да пікір айтады. Ассамблея кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев та жастардың шетелге кетуі туралы айтқан. Сюжетте тұңғыш президент сөзінен үзінді берді. Тілші сюжетін «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деп аяқтады.

Жүргізуші Әсем Изатқызы: “Қарабақ соңғы бірнеше ғасырда геосаяси мүдделердің ошағы болып келе жатыр» дей келе, Таулы Қарабақтағы 44 күндік соғыста Әзірбайжан жеңіске жетіп, Арменияда премьер-министр Никол Пашинянға наразы жұрт көшеге шығып, оның отставкаға кетуін талап етіп жатқанын баяндайды.

Apta, QAZAQSTAN

COVID-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталған бағдарламаның бірінші сюжеті ШЫҰ-ына мүше-мемлекеттер басшыларының кеңесіне арналды.

ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХА кеңесі отырысына қатысуы да жеке сюжетке негіз болыпты. Екі сюжет те әдепкі хаттамалық материал форматынан аспады.

Таулы Қарабақта соғыс аяқталғаны туралы сюжет «Армения vs. Әзірбайжан 1:1» деп аталады. Сюжетте мол ақпарат, жан-жақты пікір, саясаттанушылар комментарийі бар.

Қазақстанның Ресеймен шекаралас аймақтағы ауылдарының жай-күйі қалай? Ауыл тұрғындары басқа жаққа көшіп кетіп жатыр, өйткені ауылда қарапайым инфрақұрылым жоқ. Ауыл жолдарының қаншалық нашар, ұялы байланыс жоқ екенін шынайы көрсетер сюжетте тұрғындар мен әкімдік өкілдері сөйлейді.

Қаржы жетіспеушілігінен еліміздің ауыл шаруашылығы секторына инновациялық технологиялар енгізілмейді. Алматы облысында түсірілген сюжетте шопандардың тұрмысын, дәлірегі олардың қой шаруашылығына инновациялық технологияларды ендіру тәжірибесін көрсетеді.

Мәжілісте балалардың құқын қорғауға арналған бірқатар заңнамаларға өзгерістер енгізу талқыланып жатыр. Заң нормаларының кейбір тұстары қоғам қарсылығына тап болды. Кейбір нормалар балаға ұрсудың соңы ата-ана құқығынан айыруға әкелуі мүмкін екен. Сюжет жоғалған бала (ол мектептегі информатика кабинетінде ойын ойнап, қалып қойыпты) хикаясынан басталады. Оны полицейлер табады. Журналистер әлдебір уәкілетті орган баланы психикалық ауруханаға жібергенін айтады. Қандай орган баланы сот шешімінсіз сондай мекемеге жіберуге құқы бар? Осы жағы түсініксіз. Алайда баланың әжесі шу шығарып, шағымданған соң, немересін үйге қайтарыпты. Түсініксіз оқиғаны тілшілер де түсіндірмейді. Баланың әке-шешесі жоқ, әжесі тәрбиелеп отыр. Отбасында одан бөлек тағы үш бала бар. Сюжетте балалардың бет-жүзін жаппаған. Баланың есімін де титрға жазды. Барлық тарапты сөйлетпек болған екен, бірақ парламенттегілер журналистерден қашқақтап, әлі пікір бермепті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

LEAVE A REPLY

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
Пожалуйста, введите ваше имя здесь