Covid-19 салдары, Тоқаев жиындары және Бозжыра. 16-22 қараша апталық бағдарламаларға шолу

0
124

2020 жылғы 17 қараша. Коронавирустың жаңа түрін жұқтырған науқас алғаш тіркелгеніне 1 жыл толды. Apta және “Басты бағдарлама” авторлары кешегі аптаның қорытынды эфирін “Covid-19 туған күнінен”, ал “7 күн” редакциясы президент Тоқаев пен шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысынан бастады.
“Хабар” мен QAZAQSTAN телеарналарының апталық ақпараттық-сараптамалық бағдарламалары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналды.

Ал “Еуразия бірінші арнасы” тілшілері Қазақстанда автокөлік қымбаттап, жаңа көлік сатып алуға жұртшылық шамасы жетпейтініне және қазақстандықтардың оқу сауаты нашар екеніне сюжеттер әзірлепті.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарлама жүргізушісі Ринат Думанұлы алғысөзін “Ақпараттың қай көзіне қарап ой түйесіз: ғаламтордағы ма әлде баспасөздегі ме? Жауабын өзіңізге айтқаныңыз – өзіңізге пайдалы болар…» деп бастады. Өз сұрағына өзі екіұшты жауап бергені екіұдай ойда қалдырды. Не айтқысы келді екен?!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысты. Видеоконференция форматында өткен жиында мемлекет басшысы инвесторларға тартымды бірқатар ұсыныс айтыпты. Тілші Шынар Асанқызы инвестициясының ел экономикасына маңыздылығын санамалай келіп, «Форбс тізімінен түспейтін алпауыттар Қазақстанға көмек көрсетуге бейіл» деп айтып өтті. Алайда шетелдік инвестиция, Азия Даму Банкі сияқты қаржы құрылымдарының беретін қаржысы қарыз екеніне, «алмақтың да салмағы» барына үңілмеді. Сюжетте сарапшылар бағасы да жетіспеді. Әдепкі ресми хаттама-сюжеттен аспады.

Сосын ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың апта ішінде кімдерді қабылдап, кіммен кездескенін ресми ақпаратқа сүйеніп баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде” кеңес өткізді. Сюжет Жамбыл облысының екінші толқынға дайын емес екенінен басталып, өңір-өңірдегі ахуалға жалғасып, президент елдегі жағдайды қатаң бақылауында ұстап отырғанына ұласты.

Коронавирус тақырыбы екі бірдей сюжетке арқау болды. Екінші сюжет әр өңірде індеттің таралуын, кей өңірде медициналық құрал-жабдық, дәрі-дәрмек жетіспейтінін, жалпы статистиканы шолып шықты.

Кешегі аптада Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Президент Тоқаев төрағалық етті. Сегіз минуттық сюжет те осы мәжілісте не айтылғанын, президент әскерилерге қандай тапсырмалар бергенін толыққанды баяндады.

Сосын президент апта ішінде тағы кімдермен кездесіп, кімдерді қабылдағанын шолып, барлық ақпарат Ақорданың ресми сайтынан алынғанын да ескертті.

Жүргізуші Ринат Думанұлының айтуынша, “Сайлау науқанының атмосферасын» көрермен өзі де сезіп отырған болуы мүмкін”. Алғысөзі осылай басталған сюжет елдегі саяси партиялардың сайлауалды әрекетіне арналады. Саясаттанушы Ерлан Сайыров басқа партиялардың белсенділігі Nur Otan партиясынан төмен екенін айтса, ҚСЗИ сарапшысы Жанна Кәрімова сайлау қарсаңында ребрендинг жасаған партиялар әрекетіне баға беріпті. Бір сарапшы: «Ең негізгі тартыс, екінші, үшінші және бәлкім төртінші орындар үшін болуы мүмкін» деп көсіледі. Басқа партиялардың төмен белсенділігінің себебін талдамады.

Пандемия кезеңінде табысынан айырылып, несиесін уақытылы төлей алмай отырғандар көбейді. Төленбеген несиелер банкке де ауыр. Экономист Мақсат Халық пікірін негіз етіп жасалған сюжет несие пайызы қалай өсетінін түсіндіріп, жұмысы тұралаған кәсіпорындар мен үкіметтің бизнеске қолдауы туралы баяндайды. Сюжетті көріп, “Осынау қолдау бизнеске қаншалықты пайдалы болды” деген сұрақ туындады. Алайда сюжетте бұл сауалға салмақты жауап болмады.

«Адасқандар» деп аталатын сюжет “өзін Қазақстанда терроризмге жол ашқан алғашқы жанның бірі” деп санайтын, сол ісіне өкінетін кейіпкер сөзінен басталды. Кейіпкердің аты-жөні мен бет-жүзін ашық көрсетіп, ал Сириядан «Жусан» операциясы арқылы елге оралған балалар мен әйелдердің бет-жүзін бұлыңғыр етіп, жасырыпты. Сюжет теріс діни ағам жетегіне еріп, адасқандарды қоғамға қайта бейімдеу жұмыстарының жай-жапсарын баяндайды. Тілші Мақпал Мадиярова сюжетін: “Қазақстандықтардың шектен шықпай дін ұстануына ешкім де кедергі емес. Ал қазақтың салт-дәстүрінде дінге қайшы ештеңе жоқ” деп аяқтады. Журналистің кәсіби стандарттарына томпақ келетін баға беруді кәсіби сарапшы не кәнігі маман айтқанда нанымды естілер еді.

“7 күн” бағдарламасының кешегі аптадағы шығарылымын Қостанай облысының коронавирустың екінші толқынына дайындығы туралы сюжет түйіндеді.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарламаның бірінші тақырыбы – коронавирус індетінің таралғанына 1 жыл толуы. “Бір жылда не өзгерді” деген сауалға жауап іздеген сюжет Қытайдың Ухань қаласында вирус жұқтырған адам тіркелгенінен бастап, әлемге таралып, Қазақстанға жеткенін қамтиды. Карантин әлегі, 42 500 теңге жыры, дәрі тапшылығы, дәріхана алдындағы кезек, қоймаларда сақталып, таратылмаған дәрілер, жылу жинаған жұртшылық туралы рет-ретімен баяндады.

“Ұр тоқпақ” айдары Алматы облысындағы Талғар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің халықпен кездесуінен түсірілген видеоны алыпты. Бас дәрігер Көлсейітовтен мекемеге бөлінген 7 млрд теңгенің қайда жұмсалғанын сұраған екен. Дәрігер үстелді тоқпақтай, кездесуді тастай қашыпты. Әдетті бір тақырыпты қаузайтын «Ұр тоқпақ» айдары бұл жолы спортшы қыздың «Қазақстанда бәрі сатылады» деген мәлімдемесін, оған Илья Ильиннің пікірін де қосыпты.

«Отандық көліктердің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға қымбаттапты. Орташа құны – 7,5 млн теңге». Автокөлік нарығындағы ахуалды зерттеген сюжеттің алғысөзі осы.

Баға өсуінің себебінен бастап салдарына дейін қамтыған сюжетте сарапшылар да, қарапайым адамдар пікірі де бар. Жұртшылық көкейіндегі мәселені дөп басқан өзекті сюжет.

Қазақстандықтардың оқу сауаты әлем елдерінің көшінен қалып отыр. Ата-ана мен мұғалім-сарапшыны да сөйлеткен, көрерменге ой салатын тартымды сюжет.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама әдетінен жаңылмай, Covid-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталды. Ал сюжет әлемде коронавирус індеті алғаш ресми тіркелгеніне 1 жыл толғанын айта келе мемлекет басшысы өткізген коронавирусқа қарсы кеңеске жалғасты. Тоқаев сөзінен көп үзінді келтіріп, медицина мамандарын да сөйлеткен хаттама-сюжет.

Коронавирус жұқтырған медициналық қызметкерлерге үстемақы төленбеу мәселесіне арналған сюжет те кеңесте президент айтқан әңгімені жалғай түседі. Кейіпкерлер арасында үстемақы алу былай тұрсын, жалақысын әлі толық алмағандары да бар екен. ҚР ДСМ өкілі жалпы жағдайға қатысты комментарий беріпті (үстемақы алатындар қатары кеңейеді), бірақ сюжеттегі нақты кейіпкерлердің мәселесіне қатысты жауап жоқ.

Apta да “7 күн” бағдарламасының сүрлеуіне түсіп, президент тақырыбына, дәлірегі Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне оралады. Сюжет Донбас, Ауғанстан, Эфиопия, Буркина-Фасо, Ливия, Сирия, Йемен және Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығыстарды тізіп шығудан басталды. О жақтағы жағдай қиын. Ал мемлекет басшысы Тоқаев ішкі толқулар, төңкерістер елдің тұтастығына сөзсіз әсер ететінін, сондықтан қорғаныс саласына ерекше көңіл бөлу – басты бағыты екенін айтады.

Тоқаев туралы тақырыптар жалғасып, бұл жолы президент пен шетелдік инвесторлар кеңесіне кезек жетті. Осылайша бағдарламаның алғашқы 25 минуты қазіргі президентке арналып, содан кейін тұңғыш президент немен айналысқанын шолып шықты.

Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау қарсаңында саяси партиялар өткізіп жатқан съезд сюжетсіз шықты. Дәлірегі саясаттанушылар Андрей Чеботарев, Эдуард Полетаев және Марат Шибутовтың Facebook әлеуметтік желісіне жазған посттарынан үзінділер берді.

Қызылорда мен Түркістан облыстарының бірқатар елдімекендерін су басуы мүмкін. Алдын алу үшін Шардара су қоймасын жөндеп, қашыртқы салу қажет. Су қоймасын жөндеп жатыр. Ал қашыртқы салуға әлі қаржы бөлінбепті. Маңызды әрі өзекті тақырып қозғаған сюжетте шенеуніктер мен су қоймасының қызметкерлері сөйлейді. Сарапшылар пікірі мен тұрғындар комментарийі жетіспеді.

Президент Тоқаев араласқаннан кейін Бозжыра шатқалындағы қонақүй құрылысы тоқтатылды. Соңғы аптаның ең жиі талқыланған тақырыбы бағдарламаны түйіндейді. Сюжетте Бозжыра шатқалының таң-тамаша етер панорамалы кадрлары бар. Экологтар мен қоғам белсенділерін де сөйлетіпті. Министрлік пен әкімдік өкілдері де комментарий берген.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

LEAVE A REPLY

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
Пожалуйста, введите ваше имя здесь