ДомойМедиасынФлешмоб пен "тәтті" уәделер: қазақша медиадағы сайлау науқанының соңғы аптасы

Флешмоб пен «тәтті» уәделер: қазақша медиадағы сайлау науқанының соңғы аптасы

Флешмоб пен «тәтті» уәделер: қазақша медиадағы сайлау науқанының соңғы аптасы

Тыныштық күнінің басталуына санаулы сағаттар қалды. Саяси партия өкілдері сайлау науқанының соңғы апталарында сайлаушыларға салмақты ақпарат беруге тырысты. “Жаңа репортер” медиасыншысы Назира Дәрімбет сайлау науқаны қазақ тіліндегі медиада қалай көрініс тапқанына шолу жасады. Айта кетсек, бұған дейін сайлауалды үгіт-насихаттың алғашқы декадасы қалай өткеніне шолу жарияладық

Бұқаралық ақпарат құралдарында партиялардың «тәп-тәтті» уәделерінен бөлек, сайлауалды үгіт-насихаттың жалпы ландшафтын “бүлдірген » сыни материалдар да шықты. Тіпті Nur Otan партиясының толассыз жарияланымдары да мұндай “ыңғайсыз” сәттердің тігісін жатыстыра алмады.

Мәселен, Arasha.kz  порталы жариялаған “Көпбалалы ана Парламент дәлізіне түнемек” деген ақпарат депутаттарға ескерту болғандай. Тап осы оқиғаны қазіргі парламенттегі билік партиясының депутаттары пайдасына жарата алар еді, бірақ елеп-ескермеген сыңайлы.

Азаттық Радиосы сайлау қарсаңында белсенділерге экзитполдар мен сауалнамалар нәтижесін «заңсыз» ұйымдастырғаны және жариялағаны үшін айыппұл салынатынына назар аударды

Атыраулық «Ақ Жайық» порталы сауалнама видеосын жариялады. Сауалнамаға қатысушылардың бірі Қазақстанда қандай партиялар бар екенін білмейтінін, бірақ дауыс беруге баратынын айтады.

Болашақ депутаттар басты мақсаты – парламентке өту күресін жалғастырып жатыр. Олар “Соғыста барлық құралды пайдалану керек” ұстанымын ту етіп алғандай. Мәселен, бұрынғы коммунистер сайлауалды жұмыстарының алдын-ала нәтижесін қорытындылай келе, өте риза екенін атап өтті.

Ал «ҚазАқпарат» ресми агенттігі жариялаған ақпаратта Қазақстан Халық партиясы көшбасшыларының бірі Жамбыл Ахметбеков: «Экономика өсімді көрсетсе де, халық мұны сезбейді» деп мәлімдеді.

“Айтылған сөз – атылған оқ” мақалын нысанаға алған Adyrna.kz порталы партия көшбасшыларының сөйлеген сөзіне лингвистикалық талдау жүргізіпті

Мақалада: «Бауыржан Байбек ірі шенеунік сияқты сөйлесе, Азат Перуашев тәжірибесін көрсетті, Айқын Қоңыров – функционер, Әли Бектаев – агроном, ал Эльдар Жұмағазиев кабинет теоретигі екенін көрсетті» деп жазылған. 

Автор Қазақстандағы пікірталастарды АҚШ-тағы дебаттармен салыстырып,Американың президент сайлауларында пікірталаста озу президенттік бәйгеде жеңіске жеткізгені мен дұрыс таңдалмаған стратегияның жеңіліске ұшыратқаны туралы айтылып жатады” деп келтіреді. 

Бір айта кетерлігі, біздегі сайлауалды дебаттарға ADAl және Nur Otan партияларының көшбасшылары қатыспады.

Пікірталас жанрына сәйкес, биліктегі партия сын астында қалады, бірақ біздегі пікірталастарда сайлауға түсіп жатқан саяси партиялардың өкілдері бір-бірімен дауласпайды. Барлығы тек проблемаларды қайталап айтып, сонымен шектеледі.

Nur Otan партиясының «Есіктен есікке» жорықтары туралы хабарламалар «салмақты» хабарларға алмасыпты. 

Билік партиясы Түркістан облысының Төлеби ауданында  тау шаңғысы курортын салып, турист санын көбейтуге уәде етті. Алайда бұл уәдесін 2025 жылға қарай орындамақ. Сондай-ақ, Павлодар облысында 45 мыңға дейін жұмыс орнын ашпақ екен. Екі мақала да ірі басылым — Turkistan республикалық газетіне шығыпты. Біріншісі мақалада мұның сайлауалды үгіт-насихат аясындағы материал екені көрсетілсе, екіншісінде бұл белгіні “ұмыт қалдырыпты”.

Nur Otan партиясы республикалық БАҚ-пен қатар аудандық деңгейдегі басылымдарды үгіт-насихат материалдарына “толтырып жатыр”.

Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданының mezet.kz қоғамдық-саяси апталығы «Nur Otan менің жүрегімде» фоторепортажын жариялапты. Мәтінде партияның ауданда акциялар өткізгені айтылып, бірақ мұның не іс-шара екені түсініксіз боп қалды. Фотосуреттерде әлдебір ғимарат алдындағы партия туының аясына шоғырланған бейтаныс адамдар көрінеді. 

Басылымдар сайлау науқанына баға беретін мақалалар да жариялап жатыр. Мазмұнында да ерекшеліктер бар. 

Мысалы, “Жас Алаш” республикалық басылымы саясаттанушы Дос Көшімнің Бәсекелестік жоқ «қызық» сайлау” деп мақаласын жариялапты.

Саясаттанушы мақаласын: “Бәлкім, «билік» деген бір шинельдің ішінен шыққан «сан түрлі партиялардың» арасында нағыз бәсеке ешқашан болмайтын шығар” деп түйіндейді. 

Almaty aqshamy газеті қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижановтың пікірін беріпті. Ол алдағы сайлаудың бұрынғы сайлаудан өзгешелігін, партиялар мен халықтың «саяси белсенділігін» атап өтеді.

— Менің ойымша, сайлау демократиялық негізде өтеді және өз кандидатураларын ұсынған барлық саяси партияларға, олардың сайлау алдындағы өкілеттіктерін іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер беріледі, яғни олар халықпен кездесіп, БАҚ-та жер мәселелері, ел өмірі, елдің ішкі саяси өмірі бойынша өз ұсыныстарын ашық білдіре алды. Сайлау және басқа да процестер ұйымдасқан түрде, тиісті деңгейде өтуде, — дейді Ахан Бижанов.

ADAL партиясы КТК телеарнасындағы сюжетінде «қазақтарды ауылға қайтару» жайын қозғайды“Басты мақсат – урбанизация процесін тоқтату, Реурбанизация жүргізу. Қазақты ауылда алып қалу. Оны қалай алып қаламыз? Күшпен, зорлықпен ешкім алып қала алмайды. Осы ауылға тиімді жағдай жасау керек. Қазақтың қорасына малын қойып беріңіз” депті Adal партиясының мүшесі Алмасбек Садырбаев. Сосын бірден партия мүшелерінің Семейдегі Әлихан Бөкейханов ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне ұласады.

Astana TV телеарнасының сюжетінде «ауылдықтар» енді ауыл экологиясымен де айналысатынын насихаттайды. Сюжетте “Ауыл” партиясының мүшелері Ақмола облысындағы мал шаруашылығы кооператив мүшелерімен кездесіп, ауылдағы экология мәселелерін шешуге арналған жаңа жоба туралы айтады. Бұл жоба ауыл экологиясын қалай жақсартатынын түсіндірмейді. 

Qazaqstan Ұлттық телеарнасындағы Қазақстан халық партиясы туралы сюжет көрерменді шатастырады. Сюжет жүргізушінің «Ауыл өркендесе – ел көгереді. Бүгін саяси партиялар елді мекендерді түлету мәселесін көтерді. Тұрғындарға тұрақты жұмыс, жайлы тұрмыс жайындағы жоспарларымен таныстырды. Сондай-ақ әлеуметтік салаға енгізбек өзгерістерімен де бөлісті» деген сөзінен басталады. Әрі қарай «Алматыда Қазақстан халық партиясының ұйымдастыруымен флешмоб өтті» деп, сюжетте ҚХП мүшелерінің флешмобын көрсетеді. 

Сайлау науқанының соңғы күндеріндегі үгіт-насихат жұмыстары қисынсыз әрі бұлдыр-бұлыңғыр болып көрінді. Саяси партиялар үгіт-насихатын жүргізеді, ал БАҚ соны мүмкіндігінше жариялайды. Бұл “ойында” бәрінің де белгілі рөлі бар екенін барлығы да жақсы түсінген сыңайлы. Сондықтан да алдағы сайлау нәтижесі үгіт-насихат қалай жүргізілгеніне байланысты болмаса керек-ті.

Назира Даримбет
Назира Даримбет
Назира Даримбет работает в журналистике более 15 лет, в основном в независимых медиа. Была главным редактором газеты «Азат», редактором отдела политики и социума в медиапроекте «Республика», обозревателем Ratel.kz, редактором казахоязычной версии сайта. Специализируется на социально-политических темах. Пишет на русском и казахском языках. Сейчас пишет для Total.kz обзоры казахскоязычных СМИ. Обозреватель портала KZ.MEDIA.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР