ДомойМедиасынЖаңатастағы қайғылы оқиға, кәсіпкерлерге қысым және қант диабеті. 15-21 ақпан апталық бағдарламаларға...

Жаңатастағы қайғылы оқиға, кәсіпкерлерге қысым және қант диабеті. 15-21 ақпан апталық бағдарламаларға шолу

Жаңатастағы қайғылы оқиға, кәсіпкерлерге қысым және қант диабеті. 15-21 ақпан апталық бағдарламаларға шолу

15-21 ақпанды қорытындылаған апталық бағдарламаларға ортақ тақырып — Жамбыл облысының Жаңатас қаласындағы оқиға. Мұнда пәтерден өрт шығып, бір отбасының бес баласы көз жұмды. Apta және  “Басты бағдарлама” авторлары эфирді осы оқиғадан бастаса, “7 күн” редакциясы бағдарлама соңына ысырыпты. Президент Тоқаев Бас прокуратура басшылығымен кездескені үш бағдарламаның да бірнеше сюжетіне арқау болыпты. 

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Дархан Әбдіуахит бағдарламаны 20 ақпан — Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні екенін еске салудан бастады. Әл-Фарабидің қайырымдылық туралы трактатынан үзінді оқыды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген кездесуге кезек жетті. Мемлекет басшысы Бас прокуратура басшылығымен кездесі. Жүргізуші жиында айтылған мәселелерге кеңірек тоқталды. Тақырып тілші сюжетіне жалғасты. «Заң және қоғам» деп аталатын сюжетте Президент пен прокурорлар кездесуінде көтерілген мәселелердің себебіне үңілуге тырысыпты. Әр мәселені нақты кейіпкермен ұштастырады. 

Тілші Ерболат Қайыржан киберқылмыстан бастап қаржы пирамидасына дейін алданғандар туралы сюжет дайындапты. «Интернетте сауда жасаймын» деп алданған кейіпкердің оқиғасынан басталған бұл сюжетте IT маман, Ішкі істер саласының мамандары, психолог секілді сарапшылар пікір білдіріп, адамдарды алдануға не итермелейді, алданбаудың жолы қандай деген сұрақтарға жауап іздейді. Сюжет ұзақ, бірақ жан-жақты талдайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішіндегі кездесуіне шолу да шықты. 

Тоқаевқа шолудан кейінгі сюжет телевизия ардагері Нұртілеу Иманғалиұлына арналыпты. Марқұмның әріптестері мен достары Нұртілеу Иманғалиұлы туралы естеліктер айтып, сюжетті әсерлі етті. 

“7 күн” бағдарламасы үшінші апта қатарынан зейнетақы жинағының бір бөлігі алу ісіне сюжет дайындапты. Сюжет алған қаражатты емделуге және жеке  компаниялардың басқаруына беру талаптарына  арналыпты. 

Коронавирусқа қарсы вакцинация тақырыбы да “жеті күндіктердің” тұрақты тақырыбына айналғандай. Сюжетте Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілген «Спутник V» вакцинасы туралы да айтады. 

Жаңатастағы қайғылы оқиғаға 1 сағаттық бағдарламаның 43-минутында кезек келді. Оқиғаны қысқа қайырды. Мемлекет басшысы қайтыс болған бүлдіршіндердің ата-анасына көңіл айтып, жеделхат жолдапты. 

Ел ішінде “КСК” атанып кеткен жүйенің орнына мүлік иелері бірлестігін құру туралы заң қабылданды. Жоба қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз. 

“7 күн” редакциясы Жаңатастағы оқиғаны бағдарламаның соңына ысырғаны түсініксіз. Әдетте ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар апта ішінде елді елеңдеткен оқиғаны басты жаңалық санамай, хабар соңына қарай көрсетті. 

Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесін сөз еткен сюжетте ақпарат мол. Арнайы орталықтарда жұмыс істейтін мүміндігі шектеулі жандар туралы әлеуметтік маңызы бар сюжет. Сюжет авторы «мүгедектігі бар» деген сөзді жиі қайталады. Мұны «мүмкіндігі шектеулі» немесе «ерекше жандар» деген сөздермен ауыстырса құба-құп. 

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

«Тыңдар құлақ, көрер көз болса, біз бастайық» деп сәлемдесетін «Басты бағдарламаның» басты тақырыбы — Жаңатастағы қайғылы оқиға. Тілші өрт шыққан пәтер көршілерін сөзге тартып, «от неден шыққан» деген сауалға жауап іздейді. 

https://www.youtube.com/watch?v=FPDcT_c7ehM

Ал «Ұр тоқпақ» айдары моншада суретке түскен Ішкі істер органы қызметкерлерінің жұмыстан шығарылғаны мен сөгіс алғаны жайлы айтып, әлеуметтік желі қолданушыларының пікірлері берілген. 

“Басты бағдарлама” қаржы пирамидасы мәселесіне де тоқталады. Алаяқтардың құрығына түспеу үшін не істеу керек екенін түсіндіреді. 

Карантин шектеулері кезінде мониторингтік топтар негізсіз тексеру жүргізгені туралы тақырыпты “Басты бағдарлама” да қозғады. Бизнесіне миллион теңгеден аса айыппұл салынған кейіпкерді “7 күн” де, “Басты бағдарлама” да көрсетті. 

https://www.youtube.com/watch?v=M1gAlRRNq8w

Бағдарлама соңғы сюжетін “Еуразия бірінші арнасы” эфирінен көрсетілетін «Х-Factor» жобасының кезекті маусымы аяқталуына арнапты.  

Apta, QAZAQSTAN

Балалар туралы жаңалықтан, Жаңатастағы өрт оқиғасында бес бала қаза тапқанынан бастады. Байқоңырда екі бала жоғалып кетіп, біреуінің денесі Сырдария өзенінен табылғанын айтты. Қызылорда облысында да өрттен бір сәби көз жұмыпты. 

Ары қарай ресми жаңалық: Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бас прокуратура басшылығымен кездесу өткізді. Бұл кездесу мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлерге қысым көрсету, бизнесмендер құқығын қорғау тақырыбындағы сюжетке негіз болды. Президентті де, кәсіпкерлерді де сөйлетті. 

Кәсіподақтар қалай жұмыс істейді, жұмысшылар құқығын кім қорғайды? Ендігі сюжеттің талдаған сұрағы осы. Мұнайшылар ереуілін көрсетіп, олардың наразылығына не себеп болғанын талдады. Сюжет жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қордаланған көп мәселені баяндайды. Министрлік өкілдерінің, кәсіподақ төрағаларының комментарийі де бар. 

NASA Марс бетіне Perseverance  марсоходын сәтті қондырды. Осы жаңалықты айта келе ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен сұхбаттың екінші бөліміне кезек берді. Қазақстанның аэроғарыш әлеуеті, Байқоңыр ғарыш айлағының болашағы туралы әңгімелесті. Министр қазақстандық жер серіктерінің қай мақсатты қолданылатынын түсіндірді. 

QAZAQSTAN тілшілері Қарабаққа барып, репортаж түсіріпті. Былтыр күздегі соғыстан кейін жергілікті халық қалай өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Эксклюзивті, қызық әрі шынайы сюжет. 

COVID-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан кейін қант диабетімен ауыратындардың проблемасына өтті. Соңғы уақытта түпнұсқа инсулинді биосимилярға ауыстырып беру жағдайы жиі ұшырасады. Ауруды анықтау да қиынға айналған. Сюжетте барлық тараптың пікірі бар. Толымды, ақпараты мол сюжет. 

Желілік маркетинг дегеніміз не? Apta тілшілері мұның не екенін түсіндіретін сюжет әзірлепті. Желілік маркетингпен айналысып, тұрмысы оңалған және тақырға отырған кейіпкерлерді де сөйлетті. 

Бағдарлама өткен аптада өмірден өзген журналист әрі тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлы туралы естелікпен аяқталды. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР