үйМедиа үніНағыз полковник. Журналист Қазис Тоғызбаев туралы естеліктер 

Нағыз полковник. Журналист Қазис Тоғызбаев туралы естеліктер 

Соңғы уақытта журналист әріптестеріміз жайлы естірту хабар жиіледі. Кеше, 28 ақпанда белгілі журналист Қазис Тоғызбаев өмірден озды. 

«Қазис Тоғызбаев 72 жасында Алматыдағы коронавирус ауруханасында қайтыс болды. Одан коронавирус 25 қаңтарда анықталып, ауруханаға жатқызылған. Журналисті 22 ақпанда клиникадан шығарғанымен, кейін халі ауырлап қайта ауруханаға жеткізілген. Ал жексенбіде жақындары оның жүрегі тоқтағанын хабарлады», — деп жазды Азаттық радиосы.

Марқұм Қазис Тоғызбаев 2008 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Азаттық радиосының тілшісі болды. 

«Жаңа репортёр» редакциясы Қазис Қабдышұлының әріптестері жариялаған естеліктерді жинақтады. 

Қасым Аманжол,  Азаттық радиосының тв-продюсері:

«Қазекең де өтті бұ дүниеден… Азаттықтың, жалпы Қазақстан журналистикасының бетке ұстар, талантты өкілі, жайсаң азамат, жақсы әріптес, қайсар адам еді.
О кісі соңғы жылдары үйден жұмыс істейтін, бірақ жұмысқа ерекше жауапты адам болатын. Тапсырма алса ешқашан созбайтын, тастамайтын. Кетер кеткенше қолынан қаламын тастаған жоқ.
Сосын логикасы мықты, әзілі тапқыр, принципі берік еді… Журналист үшін, өзі сондай сүйген мамандығы — журналистика үшін бұл да бір үлгі. Сөзде тұрудың нағыз үлгісі еді.
Өмірді жайсаң сүріп, жан-жағын күлкіге бөлеп кетті.
Топырағы торқа болсын, жақындарына көңіл айтамын…»

Юрий Мизинов, Zona.kz сайтының бас редакторы:

«20 жылдан астам уақыт досым болған Қазис Тоғызбаев көз жұмды… Жиі кездесіп, жиі әңгімелесіп, түрлі тақырыпқа дауласып, талай дәмдес болдық…
Қазис өмірді ерекше жақсы көрді. Дәл қазір оның бейнесі көз алдыма келіп, дауысы құлағыма анық естіліп тұрғандай. Дауысы ерекше еді. Аздап ішкен соң, опера арияларын шырқайтын. Өмірге деген құштарлығына қарап, мәңгілік жасайтындай көрінетін. Алайда, бұлай болмай шықты.
Тұңғыш мақалалары «Зона.кз» (ол кезде әлі «Навигатор» болатын) сайтында жарық көрді. Алғашқы материалдарының бірі 2000 жылғы тамызда жарияланған «Жылқы туралы ода» деген мақаласы болатын.
Бір күні әлдебір отырыстан кейін редакцияға келді. Сол кезде «бас жазу теориясы» туралы айта бастағанымда, жылқы етінен пісірілген еттің пайдасы туралы ұзағынан толғанды. Тыңдап болып, «осы туралы жазшы» дедім. Ол әдеттегідей қызық мақала жазып берді.
Кейінірек жолымыз әр жаққа кетті. Бірақ оның дауысы, бейнесі әркез жанымда екенін сезінетінмін. Ерекше дауысы қазір де құлағыма естіліп тұрғандай… Қош бол, досым. Бақұл бол, Қазис».

Жұлдыз Әбділда, редактор-журналист:

«Шаңырақ оқиғасының шындығы» деген кітапқа фото беретін болып, соны алып кетуге үйіне бардым. Қазис Тоғызбаевтың үйін, ол кісі тұратын үйдің ауласын сонда көрдім. Керемет екен. Үлкен-кіші бас қосып, шахматтан турнир өткізіп, теннис ойнайды екен. Соның бәріне ұйытқы болып, ұйымдастыратын Қазис ағамыз екенін де сонда білдім.
Өмірге сергек қарайтын жан еді, демі үзіліпті. Жаратқан иман байлығын берсін. Жақсы ісі жалғасын таба берсін!»

Татьяна Панченко, Forbes.kz журналисі:

«Қазис Тоғызбаевты жақын танымаппын, көбіне баспасөз жиындарында жолығып қалатын едік. Сондай жиынға келе қалса, көп ішінде көзге алғаш түсіп, жарқырап жүретін. Қашан көрсең, көңілді. Фотолары ерекше шығуы үшін әлдебір биік жерге көтеріліп, кейде жата қалып, суретке түсіруші еді. Расымен де, оның түсірген фотолары керемет шығатын.
Бір жыл бұрын мынау коронавирусты күлкі етіп, әзілдеп едік. «Сол кезде қытай түшкіріп жіберіпті…» деген анекдотты айтып, бетперде тағуды келемеждедік. Шын мәнінде,
бұл — өте қорқынышты жағдай екенін таныстарымыз мен жақындарымыздан айырылғанда түсіндік. Өте өкінішті жағдай…»

Мирас Нұрмұханбетов, журналист:

«Бұл қалай болғаны, Қазеке?.. Саған хабарласқым келген. Алайда Фейсбуктегі жазбаларыңды оқып, «сенде бәрі жақсы, қарғыс атқыр ковидті жеңдің» деп сеніп едім…
Сен сан қырлы едің. Кейде танымал оппозиционер болсын, беймәлім жемқор шенеунік болсын, ештеңеге қарамай, оларға тосыннан түйрейтін сұрақтар қоятын едің. Сен қатыспаған, сен жазбаған әлдебір сот процестерін еске түсіру мүмкін емес шығар. Тіпті, басқа әріптестерің кіре алмаған жерге сен ғана жолын тауып кіріп, ақпарат алып шығатын едің.
Қош бол, Қазеке! Қош бол және ағат кеткен тұсым болса, кешір…»

Дархан Өмірбек, Азаттық радиосының редакторы:

«
Азаттық үшін қазалы күн. Тілшіміз Қазис Тоғызбаевтан айырылып отырмыз.
Запастағы полковник Қазис Тоғызбаев әскери қызметінен соң журналистикаға, фотографияға бет бұрды. Оппозициялық «Сөз» және «Азат» газеттерінде қызмет етті. kub.info сайтында блог жүргізіп, Алматы маңындағы Шаңырақ ауданынан жұртты күштеп көшіру жайлы фоторепортаждар жариялады.

Оны әріптестері кәсібилігі мен жасын сыйлап «Қазис аға» дейтін. Әскери тәртіп, тік мінез, шыншылдық, сенімділік әріптесіміздің рухты адам екенін айқындап тұратын…»

Вячеслав Половинко, «НГ» журналисі, Мәскеу: 

«Мен жұмыс істеген 2016-17  жылдары «Азаттықтың» ең танымал, жарық жұлдызы әрине, Қазис Тоғызбаев болатын.
Келбеті ерекше, бірден көзге түсетін. Әріптестерін түрлі әзілімен түйреп өтудің шебері, соған қарамастан ақкөңіл жан еді. Әскери әзілдер айтудан алдына жан салмайтын. Оның сырт келбетіне, өмірге деген құштарлығына  қарап, егде жастағы адам деп ешкім ойламайтын. Айналасы оны Қазеке дейтін. Ненің жақсы, ненің жаман екенін және айналадағы адамдар мен оқиғағаларға байланысты нақты баға бере алатын.
Сондай-ақ, өзінің және жақындарының денсаулығы үшін ауласында арнайы спорт клубын құрды. Үйінің ауласында бадминтон, пинг-понг ойындарын ұйымдастырып, кейде түрлі басқосулар өткізетін. Палауды керемет пісіретін. Оның өмір сүру салты зымырап жүріп жатқандай, осылай тоқтаусыз жалғаса берердей көрінетін. Қазис коронавируспен ауруханаға түскенде де жұртшылық: «бұл енді Қазистің емес, ковидтің проблемасы, ковидтің еш «шансы» жоқ» деп қарады. Расымен де, Қазис жазылып, ауруханадан шықты, яғни ковидті жеңді. Алайда Қазистің жүрегі шыдамады… Бүгін түнде Қазис келмеске кетті. Өзекті өртейтін өкініш…»

Қазис Қабдышұлы туралы менің де айтарым бар. 

«Ол Шаңырақтағы қайғылы оқиға орнына таңғы сағат 5-те алғашқылардың бірі болып барғаны жұрт есінде… Сол оқиғада түсірген фотосуреттері барлық отандық, тіпті кейбір шетелдік БАҚ-да жарияланды. Ол Жаңаөзен қаласына алғашқылардың бірі болып барып, тіпті мәйітханадан фотосуреттер түсіріп алып келген…

Көптеген жас әріптесіне қарағанда ұтқыр әрі жылдам еді. Редакцияда «кім қайда не үшін барады» деген мәселе талқыланып жатқанда, ол такси ұстап, оқиға орнына өзі-ақ кетіп қалатын. Қазеке жұмыста болған күні редакциямыз әрдайым көңілді, шат-шадыман еді. Ерекше дауысы мен жарқылдаған күлкісі үнемі естіліп тұратын. Қабақ шытып, ренжігенін ешқашан көрмеппін.  Әрқашан көңілді жүретін, сол көңіл-күйін айналасына да «жұқтырушы» еді.  

Міне, біздің нағыз полковник — Қазекеміз осындай жан еді. 

Мұндай адамдар әрдайым жанымда жүретіндей көрінетін: жас, көңілді, әдемі… Алайда  өмір заңы басқаша екен…

Қош, бол Қазеке, әйтсе де енді жанымызда жоқ екеніңізге сене алмаспын…..»

«Жаңа  репортёр» редакциясы белгілі журналист Қазис Тоғызбаевтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыс, дос-жараны мен Азаттық радиосы ұжымының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Назира Даримбет
Назира Даримбет работает в журналистике более 15 лет, в основном в независимых медиа. Была главным редактором газеты «Азат», редактором отдела политики и социума в медиапроекте «Республика», обозревателем Ratel.kz, редактором казахоязычной версии сайта. Специализируется на социально-политических темах. Пишет на русском и казахском языках. Сейчас пишет для Total.kz обзоры казахскоязычных СМИ. Обозреватель портала KZ.MEDIA.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Cоңғы жазбалар

Журналистік зерттеуді неден бастаймыз? Олег Хоменоктің кеңесі

Қазақстандағы Internews өкілдігі 26 маусым — 1 шілде күндері Алматыда Зерттеу журналистикасы бойынша офлайн-тренинг өткізді. Зерттеу журналистикасы мектебіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 21 журналист пен блогер...

Қазақстан медиасы вакцинаға қарсылыққа қалай ықпал етіп жатыр?

Медиа жариялаған материалдың тақырыбы аудиторияға тікелей әсер етеді. Өйткені қазіргі оқырман мәтінді түгел оқымай, тақырыптағы ақпаратты ғана талқылауы мүмкін. Тақырып мазмұнға кереғар болса, оқырманды...

Медианың өзін-өзі реттеу қоғамдық комитеті мүшелерін іріктеуге дауыс беру басталды

Құрметті журналистер! Қазақстандағы алғашқы Медианың өзін-өзі реттеу қоғамдық комитетін құруға үміткерлерден өтінім жинау аяқталды. Редакциялар, қоғамдық ұйымдар, жоғары оқу орындары кандидаттарын ұсынды. Өзін-өзі ұсынған...

«Ақмола» атауын қайтару, ауыл әкімдерін сайлау және жұт: апталық телебағдарламаларға шолу

0
«Еуразия бірінші арнасындағы» Basty bagdarlama жабылар алдында қазіргі конъюнктура үшін батыл видеоматериал көрсетті. QAZAQSTAN-ның қорытынды бағдарламасы үш өңірдегі қуаңшылықтың ауыр салдары неге күні бұрын болжанбағанына...

Телеарна тілшілері стендапты қалай жасап жүр?

«Жаңа репортер» авторы Болатбек Мұхтаров Қазақстан тележурналистері стендапта не айтатынын тыңдады. Медиасыншы QAZAQSTAN, «Хабар», «Хабар 24», «КТК», «31-арна», «Еуразия бірінші арнасы», Astana TV ақпарат...