ДомойМедиасынҚырғыз президенті, қымбатшылық және әкімдер. 1-7 наурыз апталық бағдарламаларға шолу

Қырғыз президенті, қымбатшылық және әкімдер. 1-7 наурыз апталық бағдарламаларға шолу

Қырғыз президенті, қымбатшылық және әкімдер. 1-7 наурыз апталық бағдарламаларға шолу

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға мемлекеттік сапары “7 күн” және Apta бағдарламаларының басты тақырыбына айналса, “Басты бағдарлама” редакциясы эфирдің соңғы тақырыбы етіпті. Мемлекеттік телеарналардың апталық бағдарламасы азық-түлік бағасы өсуінің себебіне үңілсе, “Еуразия бірінші арнасы” тілшілері үш мегаполис әкімдерін халық тани ма, деген сауалға жауап іздейді.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Сенбі, 6 наурызда эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасын Дархан Әбдіуахит жүргізді. Ол алғысөзінде Қазақстан мен Қырғызстанның сауда қарым-қатынасы туралы цифларды тізіп шықты. Ал сюжет Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев пен Қырғыз басшысы Садыр Жапаровтың сөздерінен үзінді келтіріп, жалпы кездесу қалай өтіп, қандай келісімдер жасалғанын толық баяндады.

Тұңғыш президент Н.Назарбаев қырғыз басшысын қабылдағаны да айтылып, сөздерінен үзінді берді. Ары қарай Тоқаевтың апта ішіндегі қабылдауларын шолып шықты.

Гүлжан Мархабаеваның “Инвестордан игілік” деген сюжеті “Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелді, сіз бен біз ес білгелі естіп келе жатқан сөзіміз осы” деп басталады. Бұл сюжетке Тоқаевтың шетелдік инвесторлар кеңесіне мүше мұнай-газ компаниялары басшыларының жұмыс кездесуіне қатысуы түрткі болыпты. Шағын сюжет президентті сөйлетіп, шетелдік инвесторлар үні естілмеді.

Мемлекет басшысының Экономикалық Ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысқаны тағы бір тақырыпқа арқау болып, жиында айтылған мәселелерді тізбектеді. Қ.Тоқаевты сөйлетіп, президент айтқан ұсыныстарға назар аударды. Бұл сюжетке Қазақстанның сыртқы сауда-экономикалық саясаты жөнінде сарапшы пікірі жетіспеді.

Назарбаев пен Тоқаевтың 1 наурыз — Алғыс айту күніне құттықтауынан да үзінді беріп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сюжет көрсетті. Дәстүрлі айдар  биыл Қазақстанда бала туу көрсеткіші бойынша рекорд жаңарғанын баяндайды. Ана мен бала тақырыбындағы проблемаларды елеусіз қалдырған, тек позитивтен құралған сюжет.

Қаржы алаяқтығы туралы сюжет өз атына белгісіз біреу несие ресімдегенін білмеген кейіпкер хикаясынан басталады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы, заңгер және ломбард өкілдерін сөйлетіп, микроқаржы ұйымы мен ломбардтан несие аларда ескеретін мәліметтер берді. Қаржылай сауатты болуға үндейтін пайдалы сюжет.

Азық-түлік тауарларының, соның ішінде күнделікті жиі қолданылатын тағамдар бағасының өсу себебіне қатысты да «7 күн» сюжет әзірлепті. Сатушы мен тұтынушы пікірін сұрайды. Бәрі де баға өскенін айтады. Кәсіпкерлерді де, құзырлы орган өкілдерін де, экономистерді де сөйлетті.

Оқушыларды онлайн оқытудың артықшылығы мен кемшілігі, офлайн оқудың қайта басталғаны жөніндегі сюжетте сөз алған спикерлер онлайн білім беру жүйесін енгізген кездегі, содан кейінгі кадрлар дайындығы мен интернет сапасының нашарлығын айтады.

«Бақуатты әйелдер көбейді». Кәсіпкер әйелдерге туралы статистика келтірмес бұрын, Дархан Әбдуахит сөзін осылай бастады. Мерекелік сюжет ерекше мамандық меңгерген әйелдерді көрсетеді. Сюжет “Ақылына көркі сай әйелдің қашанда отбасы мен қызметін бірге алып жүріп, әлемнің бесігін тербетуге құдіреті жетеді” деп аяқталады. Бұл түйін артық-ақ, өйткені сюжеттегі кейіпкерлер — әйелдің қоғамдағы рөліне айқын дәлел еді. Тілшінің сөзі қашан да әйелге жазылмаған заңдай жүктелетін ауыр міндет барын айғақтап тұрғандай естілді.

“Басты бағдарлама”, ”Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама жыл басынан бері елімізде өрт оқиғалары жиілеп кеткенін айтып, себептеріне үңілуден басталды. Әсем Изатқызы өрт көбейгеніне және себептеріне қатысты куәгерлерді сөзге тартып, статистикалық дерек келтіреді. Депутаттар ТЖ министрлігінің ақпарат таратуын сынға алса, заңгер сарапшы Қазақстанда оқиғаның себебімен емес салдарымен күресетенін айтады.

«Ұр тоқпақ» айдары “Қазақстанның халық партиясы” депутаттарының “Ана капиталын” енгізу туралы ұсынысына арналыпты.

“Миллионер әкімдердің есебі” деп аталатын сюжет Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы әкімдерінің өткен аптада халық алдында жасаған есебін баяндайды. “Тұрғындар әкімді тани ма” деп, үш қала тұрғындарынан әкімі туралы не білетінін сұрайды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі “Басты бағдарлама” тілшілерінің де назарына ілініпті. Ерекше жандарға жағдай жасалмағанынан бастап әлеуметтік қызметкердің жұмыс уақытын қысқартуға наразылықты айта келе, тараптарды сөйлетті.

Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың елімізге мемлекеттік сапары «Аптаның айтулы оқиғасы» деп аталса да эфирдің соңына түсіп қалды. Сюжет екі ел басшыларының кездесуін, қол қойған келісімдерін толық баяндап шықты.

Apta, QAZAQSTAN

Apta да Қазақстан және Қырғызстан президенттерінен басталды. Әуелі Садыр Жапаровтың “Қазинформ” АА басшысы Асқар Омаровқа сұхбатынан үзінді келтіріп, сосын сарапшы пікірімен толықтырылған көлемді әрі толымды сюжет көрсетті.

Коронавирус статистикасын хабарлаған соң, «Азық-түлік бағасының өсуіне не себеп» деген сауалға жауап іздеді. Бұқараны, шенеуніктерді, экономистерді сөйлетті. Толымды әрі егжей-тегжейлі сюжет.

Apta бағдарламасы шекаралас аймақтардағы ауылдар проблемасын жария етуді жалғастырып келеді. Сюжет ШҚО-ның Тарбағатай ауданы тұрғындарына сөз берді. Бұл аудандағы ауылдар ҚХР-ымен шекаралас орналасқан. Ауылдардың жағдайы келіспеген соң адамдар ата қонысын тастап, көшуге мәжбүр. Ауруханалар жабылып жатыр. Барлық тарапты сөйлеткен, эмоцияға толы, кадрлері әсерлі сюжет.

“Apta қонағы” — ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова. Мемлекеттік қызметкерлердің айлығынан бастап, жастар кадрлық резерві, еститін мемлекет, әйел ерік-жігері туралы әңгімелесті.

“Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы” айдарының бұл жолғы сюжеті 1993 жылды еске алады Мемлекеттік символдар, рэкеттер, саудагерлер, мәдениет саласының проблемасы, мұнай инвесторларын көрсетер сюжет ностальгияға толы.

Қазақстан ауылдарында балабақша жетіспейді. Сюжет балабақшалар мәселесін барлық жағынан (тәрбиешілердің балаларды ұрып-соғуы, олардың біліктілігі, ауылдағы балабақшаларда қарапайым жағдай жоғы және т.б.) қамтуға тырысыпты. Өте ұзақ сюжетте спикерлер көп қайталанды.

Биыл режиссер Абдолла Қарсақбаевтың 95 жылдығы. “Менің атым Қожа” фильмін түсірген режиссер туралы сюжет бағдарламаны түйіндейді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР