ДомойМедиасынҰлттық кеңес отырысы, иіс тию және «жабық тақырып». 22-28 ақпан апталық бағдарламаларға...

Ұлттық кеңес отырысы, иіс тию және «жабық тақырып». 22-28 ақпан апталық бағдарламаларға шолу

Ұлттық кеңес отырысы, иіс тию және «жабық тақырып». 22-28 ақпан апталық бағдарламаларға шолу

Ақпанның соңғы аптасын қорытындылаған екі бағдарламаның: “7 күн” мен “Басты бағдарлама”-ның бас тақырыбы — Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысы болса, Apta Түркістан қаласында бір отбасының төрт баласы мен анасы иіс тиіп, қайтыс болған оқиғадан басталды.

“Басты бағдарлама” авторлары экология мен жыныстық тәрбие проблемаларына жеке-жеке сюжет арнаса, “7 күн” тілшілері мал дәрігері неліктен тапшы екенін зерттепті. Apta редакциясы коммуналды тарифтер қымбатшылығы мен төлем түбіртегіндегі қате есептеулер проблемасын талдайды. QAZAQSTAN ұлттық арнасының Ұлыбританиядағы тілшісі Лондон кәсіпкерлері локдаунда қандай қиыншылықтарға ұшырағанын баяндайды.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Эфирін даналық сөзден бастауды әдетке айналдырған бағдарлама жүргізушісі Дархан Әбдіуахит 28 ақпан — Жамбыл Жабаевтың туған күніне ақынның бір шумақ өлеңін оқыды.
«…Заман ғаріп емес пе
Әділеттен аттаса.
Халық ғаріп емес пе
Айтқаны іске аспаса…»

Ақын өлеңінен үзінді оқып, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Ұлттық кеңестің V отырысына ойысты. Ұзақ алғысөзден кейінгі он минуттық сюжет сюжет отырыста айтылған мәселелер мен президент бастамаларын баяндады. Мемлекет басшысының сөзінен үзінді беріп, сарапшыларды сөйлетті.

Өткен аптада Мемлекет басшысының төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің төртінші отырысы өтті. Бұл туралы ақпарат қысқа қайырылды.

Президенттің апта ішіндегі қабылдауларына шолудан кейін коронавирусқа қарсы вакциналау тақырыбына ауысты. Елдегі вакцина өндірісін қысқаша баяндап, ҚР ДСМ министрі мен “СҚ Фармация” ЖШС басшысы сөзінен үзінді келтірді.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит Тәуелсіздіктің 30 жылында Үкіметтік емес ұйымдардың дамығаны, “үкіметтік емес ұйымдар алғашында шетелдік ұйымдардың гранты арқылы жұмыс істеп келгенін, мұндай жағдайда ұлттық мүддеден гөрі «шетелдік мүдде» алға шыққаны» туралы ой айтты. Автор сөзін нақты фактілермен дәлелдегенде орынды болар еді. Алайда дәлел келтірмеді. ҮЕҰ-дардың тәуелсіздік жылдарындағы дамуы туралы ұзақ алғысөз аяқталып, сюжетке кезек жетті. Тілші Сәкен Сейітханұлы бүгінде жұмыс істеп жатқан түрлі үкіметтік емес ұйымдардың қызметін баяндайды.

1 наурыз — Алғыс айту күнінің философиясы қандай? Тілші Ерболат Қайыржан осы сауал жауабын іздейді. Сюжет мерекенің тарихы мен ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың сөзінен басталды. Кадрлер 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін еске түсірді.

“7 күн” тұрғын үй бағасы тақырыбын эфирден эфирге жалғастырып келеді. Сюжет Ұлттық кеңес отырысында президенттің баспана бағасын реттеу ұсынысын талдайды. Тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалар мен баспанаға мұқтаж жандар жағдайын толымды әрі тиянақты баяндайды.

«Мал дәрігері неге тапшы?» деп аталған сюжет ШҚО-дағы маман тапшылығынан айта келе, жер-жерде құрылысы басталып, аяқталмай қалған мал дәрігерлік зертханалар проблемасын, зертхана жоғынан туындайтын қауіпті болжайды. Тараптарды қамтыған, өзекті мәселені қозғайтын маңызды сюжет.

Биыл — Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы. Бағдарламаны түйіндеген сюжет Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өткізген мемлекеттік комиссия отырысына арналады. Отырыста мерейтойды қалай атап өту жайы талқыланады.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама Ұлттық кеңестің V отырысында айтылған мәселелерді жинақтайтын сюжеттен басталды. Жер, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемасына жеке-жеке тоқталып, проблеманы да, шешімін де өте тиянақты жеткізді.

«Ұр тоқпақ» айдары жемқорлық дауына іліккен шенеуніктерге арналыпты. Шенеуніктерге тағылған айыптарды айтып, алайда жемқорлыққа қарсы күресетін құзырлы органдардан комментарий алмады. Дәлелді ақпараттан гөрі қауесетке көбірек ұқсады.

Әлеуметтік баспана туралы сюжет баспанаға мұқтаж жанның хикаясынан басталады. Министрлік бастамасын баяндап, сарапшы комментарийін қосыпты.

Қазақстан жолдарының проблемасыан арналған сюжет Қызылорда қаласындағы орталық көшелердің жағдайын, тұрғындар наразылығын көрсетеді. Жол сапасын бақылайтын мекеменің өкілін сөйлетіп, министрліктің жолдарды жөндеу жоспарын айтып өтті.

Өндірістік қалдықтар проблемасы туралы сюжетке Экология министрлігінің “Арселор Миттал Теміртау” компаниясына талабы түрткі болыпты. Эколог, министрлік өкілі мен Мәжіліс депутатынан комментарий алыпты. Алайда компания тарапынан ешкімді сөйлетпеді.

“Жабық тақырып жайлы” деп аталатын сюжетте гормондар жетіспеушілігінен туындайтын аурулар, жыныстық қатынас жиілігі мен тұрақтылығы сөз болады. Кейіпкерлер, гинеколог, психологтар сөйлейді. Мұндай тақырыпта жай кейіпкерлердің емес, сарапшы маман пікірі маңызды еді. Алайда кәсіби пікірден гөрі кейіпкерлердің интим өмірін әңгімелейтін ақпарат басым түсті. Мәселені кәсіби мамандар ғылыми тұрғыдан талдап, қаупін түсіндіріп, статистика қосқанда, әрі пайдалы әрі толымды сюжет болар еді.

Apta, QAZAQSTAN

Түркістан қаласында бір үйдің төрт баласы мен анасы иіс тиіп, көз жұмды. Қайғылы оқиға бойынша тергеу басталды. Apta эфирін ашқан тақырып тілші сюжетіне жалғасты. Оқиға болған үйге барып, көршілерінен комментарий алып (туған-туыстары ақпарат беруден бас тартыпты), облыстық әкімдік, ТЖД, полиция өкілдерін де сөйлетті. Толымды сюжет.

Жүргізуші Жайна Сламбек Ұлттық кеңес отырысы туралы баяндап, президент сөзінен үзінділер келтірді. Ал сюжет отырыста айтылған мәселелерге арналыпты. Әр проблема бойынша кейіпкер мен сарапшы комментарийі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі бар.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл коммуналды тарифтер 4%-ға қымбаттаған. Бұл дерек коммуналды қызметтер қымбатшылығы, қате есептеулер, артық төлем және монополистердің негізсіз айыппұл салатыны туралы сюжетке арқау болды. Кейіпкерлер хикаясы, экономистер мен министрлік өкілінің комментарийі бар. Бар жағдайды анық көрсеткен сюжет.

Ұлыбритания астанасы локдаунда қалай өмір сүріп жатыр? Apta тілшісі Лондоннан сюжет дайындапты. Ол кафе-мейрамхана бизнесіндегі кәсіпкерлердің қандай қиыншылыққа тап келгенін, үкімет шешімдері мен оппозицияның наразалығын әңгімеледі.

“Apta қонағы” айдарына Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков келді. Жүргізуші мен сарапшының әңгімесі Өзбекстанның инвестициялық мүмкіндіктері, Армениядағы наразылықтар, Беларусь Республикасының президенті А.Лукашенконың билікте қалу талпынысы жөнінде әңгімелесті. Мазмұнды, қызық ақпараты мол сюжет.

Apta редакциясы “ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы“ атты арнайы айдар ашқан. Кешегі сюжет “30 жыл. Тележылнама. 1992 жыл” деп аталады. 1992 жылғы ел экономикасы қандай болғанын баяндап, экономистер мен кәсіпкерлер сол жылдарды есіне түсіріп, жағдайға баға берді. Тілші Нұрлан Асқардың баяндау тәсілі Леонид Парфеновтың “Намедни” бағдарламасына ұқсады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР