ДомойМедиасынАлматы, коронавирус вакцинасы және "су" бол. 15-21 наурыздағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Алматы, коронавирус вакцинасы және «су» бол. 15-21 наурыздағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Алматы, коронавирус вакцинасы және «су» бол. 15-21 наурыздағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалардың барлығы коронавирусқа қарсы вакциналаудың баяу жүргізіліп жатқанын атап өтті. Алайда “7 күн” тілшілері бұған Қазақстан жұртшылығын кінәлі етсе, “Басты бағдарлама” редакциясы керісінше вакцина жоғын дәлелдеді. Apta тілшілері тақырыпқа аз-кем тоқталды. Есесіне Көлсайдағы қонақүйді жарнамалап, сол маңдағы ауыл тұрғындарының пікірін елеусіз қалдырды.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

“Ал қазіргінің балалары Наурыз мерекесін асыға күте ме?”. Бағдарлама жүргізушісі Дархан Әбдіуахит бұрын Әз Наурыз қалай тойланғанын айта келе осындай сауал тастады. Содан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтау мәтінін экранға шығарып, оқып берді. Тұңғыш президент Н.Назарбаев, қазіргі президент Қ.Тоқаев Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзияевпен телефон арқылы сөйлесіп, бір-бірін Наурыз мейрамымен құттықтағанын да атап өтті.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит әр тақырыпқа өтпес бұрын кемі 1-2 сөйлем кіріспе сөйлейді.

“Қыстың қамытын шешуге қамданып, көктемнің осынау керемет сәтіне аяқ басқа тұста келер күннің жайын ойластырып, қолға алған істің берекесін бағамдау — қалыпты жағдай”. 

Астарлы сөйлемнің не айтары белгісіз. Кейін мәлім болғандай, бұл — “сәрсенбінің сәтінде президент Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді” деген хабар екен.

Жүргізуші кеңес тақырыптарын ұзағынан тізіп шығып, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналаудың баяу жүргізілуіне Қазақстан жұртшылығын кінәлай сөйледі.

“Төтеннен келген ауруды тұсаудың төте жолы — вакцина” деп айтылып-ақ жатыр. Ақпаннан бергі мәліметке қарасақ, қазақстандықтардың екпеге деген ықыласы ерек емес екенін аңғарамыз. Осы уақытқа дейін толық вакцина салдырған азаматтардың саны 19 мыңнан сәл ғана асады».

Сәйкесінше, президент сөзінен үзінді берілді. Алайда коронавирус вакцинасы жаппай вакциналауға жетпей жатқаны туралы ләм-мим демеді.

“Мегаполис мәселелері” атты сюжетке де кезек жетті. Сюжет Алматының дамуы туралы арнайы кеңесте президент айтқан мәселелерді тізіп шықты. Алматының видеосын көрсетіп, оны кадр сыртындағы мәтінмен жетелеп, әр 3-4 сөйлемнен кейін Тоқаевтың кеңесте сөйлеген сөзінен үзінділер қосты. Тілшінің кадр сыртындағы мәтіні де кеңесте айтылған сөзді қайталайды. Осылайша 10 минуттық сюжет КСМ-Тоқаев-…-Тоқаев-КСМ тізбегінен құралып, хаттама мәтінінен аспады.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит: “Алматыдағы жиын онлайн өйткенін байқаған шығарсыздар. Пандемия басталғалы онлайнды да оңай үйреніп алдық, бірақ бұл жұмысымыз оңай бола түсті” деген сөз емес” деп бастады.

Сөйлем астарында не жатқанын түсіну қиын. Кейін мәлім болғаны — бұл сөйлемдер 2021 жылғы 19 наурызда “Тұңғыш президент Н.Назарбаев өз еркімен президенттік өкілеттігін доғарғанына 2 жыл толуына” арналыпты.

“2 жылдық белес” деп аталатын сюжет президент Қ.Тоқаев осы екі жылда қандай жиындарға қатысқанын, қандай заңдарға қол қойғанын тізіп шықты. Екі жылдағы екі сайлауды да оң бағалап, коронавирусқа қарсы күрес тиімді жүргізіліп жатқанын айтады.

Президент Тоқаев қабылдаулары мен үкімет отырыстарына аз-кем тоқталған “Өңдеуде өрлеу бола ма?” деген сюжет Қазақстан экономикасын дамытуға өңдеу саласының оң ықпалын баяндайды.

“Болашақтың мамандығы” сюжеті жаңа мамандықтар мен сұраныс жойылатын мамандықтарға шолу жасап, Қазақстанда да цифрлық революцияның ауылы алыс емес деген қорытындыға келеді.

“Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл” тұрақты айдары отбасылық құндылықтарға арналды. Сюжет ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, феминизмді қамтыпты.

Алматыда қоғам қайраткері, жазушы, аудармашы, публицист Герольд Бельгерге ескерткіш орнатылды. Сюжет ескерткіштің ашылу салтанаты қалай өткенін көрсетті.

1 сағаттық бағдарламаны президент Тоқаев айтқан Наурыз тойлау мен қазіргі Наурызды салыстыратын сюжет түйіндеді.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Әсем Изатқызы мен Берік Дүйсенбай жүргізетін “Басты бағдарлама” бейіт бизнесінен басталды. Сюжет бейіт қоршауын бұзып, темір-терсегін сату мен үйсіз-күйсіздер бейітке түнеп, тұрағына айналдырғанын тақырып етті.

“Ұр, тоқпақ” айдары Түркістан қаласындағы футбол стадионы жаңбыр жауғанда суға толып, футболшылар су толы алаңда доп тепкеніне арналыпты. Уытты әзілімен түйреген видеоматериал екен.

Қазақстанда коронавирустың британдық штаммы тіркелгенін, симптомдары мен сақтық шараларын айтып, коронавирус вакцинациясы туралы сюжет шықты. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін 6 млн қазақстандыққа коронавирус вакцинасы салынуы керек. Алайда вакцина жеткілікті ме?

Тілші Нұр-Сұлтандағы емханаларға хабарласып, емханаларға барып, вакцина бар-жоғын сұрады. Ешбірінде коронавиурс вакцинасы жоқ екен. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі де дәл қазір коронавирус вакцинасы қолжетімсіз екенін мойындайды. Осылайша “Жеті күн” бағдарламасының вакцинация баяу жүргізіліп жатқанына жұртшылықты кінәлай сөйлегенін «Басты бағдарлама» тілшілері нақты дәлелмен теріске шығарды. Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналация неліктен нашар жүргізіліп жатқанын жан-жақты талдаған толымды сюжет.

Бағдарлама соңында тілшілер Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған, бірақ жұмысы тоқыраған зауыт-фабрикаларға шолу жасады.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама президент Тоқаевтың қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтауынан басталды. Жүргізуші Жайна Сламбек Ақорда сайтындағы құттықтау мәтінін оқып берді.

Мемлекет басшысы Алматының алдағы дамуы жөнінде кеңес өткізді. Сюжет кеңесте президент айтқан мәселелерге (көлік кептелісі, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналғна жағдай, мектептер балабақшалардағы орын тапшылығы, ана өлімінің өсуі, экология, жұмыссыздық және т.б.) арналыпты. Кейіпкерлер хикаясы да, президент синхрондары да бар.

Сосын президент сөзінен үзінді келтіріп, қазақстандықтарды вакцина салдыруға шақырды. Covid-19 және коронавирусты пневмония туралы ресми статистиканы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин шектеулері күшейтілгенін айтып өтті.

Apta редакциясы жұмысшылар наразылығы туралы сюжеттерін жалғастырды.Бұл жолы Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылыс алаңдарында жұмыс істейтін краншылар проблемасын көтерді. Краншылар ескі кран қауіпті екенін айтып, жалақыны көтеріп, зейнетке шығу жасын төмендетуді талап етіп отыр. Өзекті тақырып, алайда сюжетте құрылыс компаниясы өкілдерінің комментарийі жоқ.

“Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл” айдары 1995 жылғы басты оқиғаларды еске түсіреді. Жоғарғы кеңес, Парламентті тарату, президент құзіретін күшейту, экономикалық дағдарыстың криминалды жағдайдың өршуіне әсері, наркотик қолдану, Жеңістің 50 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 150 жылдығын қамтиды.

Наурыз туралы сюжет Бейісбековтер отбасына арналды. Бұл отбасының барлық мүшесі қолөнермен айналысады. Қолөнер орталығын ашқан. Сюжетте кадр сыртындағы мәтін жоқ. Бастан-аяқ отағасы сөйлейді. Тақырыбы жақсы, кадрлары әдемі сюжетте отбасының басқа мүшелеріне сөз берілмеді.

Көлсай маңында салынып жатқан қонақүй туралы сюжеттің де кадрлары әдемі, алайда жарнама матералға ұқсайды. Қонақүйді мақтап, ұсынатын қызметін тізіп шығатын сюжетте жарнама элементтері байқалды. Алайда жарнама екенін көрсетпеді. Қонақүйді мақтағаннан басқа ешбір пікір естілмеді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР