ДомойМедиасынЖаппай вакцинация, саммит және «жезөкшелер». 29 наурыз - 4 сәуірдегі қорытынды бағдарламаларға...

Жаппай вакцинация, саммит және «жезөкшелер». 29 наурыз — 4 сәуірдегі қорытынды бағдарламаларға шолу

Жаппай вакцинация, саммит және «жезөкшелер». 29 наурыз — 4 сәуірдегі қорытынды бағдарламаларға шолу

29 наурыз — 4 сәуір аптасын түйіндеген қорытынды бағдарламаларға ортақ тақырып — президент Қ.Тоқаев үкіметтің вакцинацияны баяу жүргізуін сынағаны болды. «7 күн» бағдарламасы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінен басталды. «Басты бағдарлама» авторлары «жезөкшелікпен айналысатын адамдарды» кінәлай сөйлейтін сюжет әзірлепті. Ал Қазақстан қоғамында қызу талқыланған студент Аяжан Еділованың өлімін Apta тілшілері ғана айтып, қалған екі бағдарлама елеусіз қалдырды.

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит алғысөзін «Қазіргі Түркістан тұтас түркі жұртының рухани астанасы ғана емес, экономикасы өрге басып келе жатқан өркенді өңір» деп, екпіндете бастады. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті онлайн форматта өткенін ұзақ айтып, сюжетте ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Тұңғыш Президенті, Түркі Кеңесінің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саммиттегі баяндамасынан үзінділер берді.

Бейресми саммит тақырыбы сюжеттен кейін де жалғасып, ғалымдар мен оқу-ағарту мекемелерінің басшыларынан комментарий алыпты.

Мемлекет басшысы өткен аптада «Халықаралық қарыз архитектурасы және өтімділік» атты жиынға қатысып, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер атынан баяндама жасады. «7 күн» редакциясы президенттің сол жиындағы баяндамасынан үзінділер келтіріп, сарапшыларды сөйлетті.

Бағдарламаның 20-шы минутында президенттер тақырыбы аяқталғандай көрінді, өйткені Дархан Әбдіуахит Израилдің коронавируспен күрес тәсілін баяндауға ойысты. Алайда бұл президент өткізген коронавирус ахуалына қарсы күрес жөніндегі кеңестің алғысөзі екен.
Тілші Шынар Асанқызы сюжетін «Жаппай вакциналау үкіметтің қағаз бетіндегі кезек құрғақ уәдесі болып шықты» деп бастады. Жиында президент үкіметтің халықты жаппай вакциналау жұмысын қатаң сынға алды. Сюжетте Қ.Тоқаевтың сөзінен үзінділер бар. Вакцинаның неліктен жетпей жатқанын, вакцинацияның баяу жүргізілу себебін талдамады.

«Бұл аптада коронавирус біраз жаңалыққа арқау болды». Тілші Мақпал Мадиярова сюжетіне осы жаңалықтарды жинақтапты. Әйтсе де коронавирустың көп жаңалыққа арқау болуы былтыр басталған. Сондықтан жүргізушінің алғысөзіндегі мұндай сөйлем артық көрінді.

Президенттің апта ішіндегі қабылдауларын Ақорда таратқан ресми ақпарат негізінде шолып өтіп, ел ішіндегі жаңалықтарға ойысты.

Тілші Қорған Қонысбайұлы Қазақстанда жиһаз өндірісі құлдырап, импорт тауар басым екенін сараптайды. Жиһаз жасаушылардың азаюын мемлекеттік органдарға қымбат жиһаз сатып алуға тыйым салынуымен байланыстырады. Тілші Қазақстанға дайын жиһаз сататын шетел мемлекеттерін санамалай келе, «мұны елімізге жасауда не кедергі» деген сұрақ қояды. Бұл сұрақ сюжет басталғанда сөйлеген жиһаз өндірушілердің пікірін жоққа шығарғандай әсер қалдырды. Елімізде ЛДСП өндіру жобасы сәтсіздікке ұшырағанын айтып, бірақ себебіне үңілмеді. Мәселені қозғап, соны терең талдамаған сюжет.

Тілші Рауан Мыңбаев электр энергиясының қымбаттауын «теңізде толқынға тап келген кемеге» теңейді. «Қай жақтың күші басым, сол жақ жеңіп шығады. Теңіздің толқыны электр энергиясын өндіруші компаниялар десек, ал кемеміз қарапайым халық. Дауыл болса — ешбір ырыққа көнбейтін нарық» дей келе, энергетика министрлігі мен электр энергиясын өндіретін кәсіпорын өкілдерін сөйлетеді. Монополияға қарсы агенттіктен пікір сұрамады. Сюжет «Әзірге басымдық толқын жақта болып тұр. Ол енді кемеге, яғни тұтынушыға қалай әсер етеді. Оны уақыт көрсетеді» деп екіұдай аяқталады.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның 3 сәуірдегі отырысын кадр сыртындағы мәтін және комиссия төрағасы Ералы Тоғжанов пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзінен үзінді беру арқылы жеткізді.

Соңғы сюжет Қостанай облысындағы диқандардың егіс жұмыстарына дайындығын баяндайды.

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

Бағдарлама президенттің үкіметке коронавирус ахуалына қатысты ескертуінен басталды. «Эпидахуал күрделеніп барады» деген сюжет Денсаулық сақтау министрлігінің вирустың таралуы бойынша болжамы, аймақтарда таралу деңгейі, Алматы қаласы әкімінің президент өткізген жиында келтірген мәліметтерін айтады.

«Қазақ еліне + 1 зейнеткер». Ахметжан Есімовтың «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры басшылығына кеткенін осылай жеткізеді.

Ал «Ұр-тоқпақ» айдарында сенатор Бақытжан Жұмағұловтың әлеуметтік желілерге қатысты заң қабылдау ұсынысын талдайды. Сенатордың ұсынысын «сөз бостандығын шектеу» деп санайтын әлеуметтік желі қолданушыларының пікірін келтіріпті. Жүргізуші Айдана Үсенбай Өзбекстанда қабылданған жаңа заңды да айтып өтті. Қызық талдау.

«Адвокаттар айқасы». Тілші Артур Мағзомов адвокаттар Абзал Құспанов пен Тілеужан Кішкенебаевтың арасындағы дауға сюжет арнапты. Автор екі адвокатты да сөзге тартып, оқиғаның мән-жайын баяндауға тырысқан. Адвокаттар тартысына себеп болған лотерея мен әншілердің жарнамасына алданған халық емес пе? Бұл тақырыпта алданып, зардап шеккен тұрғындардан, түптеп келгенде «осы іске қатысы бар» деп аталған әншілерден пікір алу керек еді. Сюжет екі адвокаттың бір-біріне кінә артып, кемшіліктерін қаузаудан аспады.

«Ұлы дала жезөкшелері» деп аталатын сюжет «жезөкшелікпен айналысатын қыздарға» жаза қарастырылмағанын айтып, «Өзін жазасыз сезінген соң, оңай олжа іздеп бикештер қаладан қалаға көшіп, қонақ үй жалдап, сауна жағалап тіршілігін жалғай береді де…» деп, кінәлай сөйледі. Тілшінің осы сөзінен кейін, дәл осылай жезөкшелікпен ерікті түрде айналысып жүрген қыздар туралы нақты мәлімет айтылмады. Есесіне блогер Жан Ахмедиевтің жезөкшелерді қамшымен сабап, жазалау туралы үш жыл бұрынғы пікірін берді. Осылайша телеарна адамға күш қолдануды үндейтін ақпарат таратты. Сюжетте «Абай атындағы университет жүргізген әлеуметтік сауалнамада сұралған қыз-келіншектердің 40 пайызы өмірінде бір рет болсын тән саудасына барғанын мойындапты…» деген дерек айтылды. Бұл ғылыми зерттеу негізінде жүргізілген сауалнама болса, қандай ғалым немесе ғылыми институт мұрындық болды? Сауалнама нәтижесі қайда жарияланды? Мұны айтпады. Тілші кадр сыртындағы мәтінде «Жезөкшеліктің түп-тамыры әлеуметтік және тұрмыстық ахуал, отбасылық тәрбиеден бастау алады деп топшылауға болатын шығар…» деді. Оның мұндай болжам жасауына не себеп? Сюжет соңы тіпті кереғар оймен аяқталды. «Демократиялық қоғамның басты реттеуші құралы заң емес пе? Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді деген халық нақылы осындайда ойға оралады». Тілші сюжетінде заңгер мен басқа да сарапшыларды сөйлетпеді, ақылы секс қызметін ұсынатын адамдардың пікірін сұрамады.

Apta, QAZAQSTAN

Apta Covid-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталып, вакцинация тақырыбы мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке сын-ескертпесіне жалғасты.

Президент синхрондарынан құралған сюжет рейд барысында түсірілген видеолармен толықтырылып, депутаттың Денсаулық сақтау министрлігіне сынағанын да қосыпты.

Тоқаев «Халықаралық қарыз архитектурасы және өтімділік» атты жиынға қатысқынан айтып, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінен сюжет берді. Хаттама қалыптағы зеріктірер сюжет.

Аяжан Еділованың өлімі мәселенің тұп себебін іздеген сюжетке арқау болыпты. Жүргізуші Жайна Сламбек: «Біз қалаға оқуға, жұмыс істеуге келген жігіттер мен қыздардың кейбірінің тіршілік түйткілдеріне орай бағдарын жоғалтатына байланысты мамандардың пікірлерін білдік. Екінші жағынан айналада еліктірер дүние көп. Ішкі тін берік болмаса, қиын» деп, сюжетте әлеуметтанушы, психолог, невропатолог, жазушыдан пікір сұрайды. Аяжанның өліміне күдіктіні негізге алып, сондай адамдар қайдан пайда болатынын анықтауға тырысады. Сарапшылар жұмыссыздық, жеңіл жолмен ақша табу, жауапкершілік жоғы, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, материалды және рухани кедейшілік туралы айтады. Осылайша бағдарлама авторлары қылмыстық оқиғаны баяндау орнына соның себебін іздеп, салмақты проблеманы көтереді. Жайна Сламбек сөз басында «Түрлі алып-қашпа әрі лас комментарийлерде шаруамыз жоқ. Әдепті және заңды аттауға қақымыз да жоқ» деп, журналистік этиканы бұзбайтындарын да ескертті.

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» айдары 1996 жылғы Қазақстанды еске түсірді. Алғашқы отандық әуе компаниясының құрылуы, жұмыссыздық пен туберкулездің өршуі, айлық кешігу, фильмге ұқсас жарнама роликтері, Тәуелсіз Қазақстанның Жазғы олимпиадаға алғаш қатысуы, Тәуелсіздік монументінің ашылуы, астана құрылысы сияқты оқиғаларды жинақтапты.

Бағдарлама сенаторлардың мемлекеттік тіл — қазақ тілі мәселесін талдағаны туралы қызықсыз сюжетімен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР