ДомойМедиасынВакцинация, аз айлық және «жын кіру». 5-11 сәуірдегі қорытынды бағдарламаларға шолу

Вакцинация, аз айлық және «жын кіру». 5-11 сәуірдегі қорытынды бағдарламаларға шолу

Вакцинация, аз айлық және «жын кіру». 5-11 сәуірдегі қорытынды бағдарламаларға шолу

«7 күн» және Apta бағдарламалары президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус вакцинасын салдыртқанын аптаның басты жаңалығына айналдырса, «Басты бағдарлама» авторлары журналистердің кәсіби қызметіне полицейлер қысымы туралы сюжет дайындапты. 5-11 сәуірді қорытындылаған бағдарламалар өзекті тақырыптарды қамтыды. Қазақстан ғылымының проблемаларын, интернет байланыс нашарлығын, балабақша қызметкерлерінің мардымсыз айлығы мен шекара асқан қазақстандық еңбек мигранттарының қиын жағдайын да ел назарына шығарды. 

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»
Бағдарлама ҚР президенті Қ.Тоқаевтың Спутник-V вакцинасын салдырғанынан басталды. Экранның оң жақ жоғарғы тұсына #екпеал хештегі қойылған. Жүргізуші Дархан Әбдіуахит екпе алудың маңыздылығын бірнеше рет қайталап, президенттің осы аптадағы сыртқы саяси қабылдауларына ойысты. «Ақордадағы кездесулер» деп аталатын сюжет Мемлекет басшысының кіммен кездескенін баяндай келе «кесел кетеді, ал келісім қалады» деп аяқталды.

ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания патшайымы II Елизаветаның күйеуі Филипп ханзаданың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхаттарын жолдапты.

Тұңғыш президент Н. Назарбаев «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы А. Сатқалиевті қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаевтың орыс тілінде айтқан сөзін қазақшаға аудармай берсе, жаңа төраға А. Сатқалиевтың орысша сөзін қазақшалады.

Тұңғыш президент пен қазіргі президент Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовтың дүние салуына орай көңіл айтып, жеделхаттар жолдапты. Мұны хабарлаған жүргізуші президенттің апта ішіндегі қабылдауларын, әкімдермен телефон арқылы сөйлескенін айтып шықты. Осылайша бағдарламаның бірінші бөлігі президенттің коронавирус вакцинасын салдырғанынан басталып, кімдермен сөйлескеніне дейін қамтыды.

Аптаның басты тақырыбы — коронавирусқа қарсы вакцинация. Президенттер жаңалығынан кейінгі сюжет «Covid-19 vs вакцина» деп аталып, «Індет» атты фильмнің мазмұнын баяндаудан басталды. Спутник-V, Pfizer, Moderna вакциналарының тиімділік көрсеткішін графикамен көрсетіп, дереккөзін айтпады. Елдегі коронавирус індетінің таралуы мен шектеу шараларын шолып, қазақстандық вакцина өндірісіне тоқталып, вакцинация туралы мәлімет берді. Сюжетте Бас санитар мен ғалымдар комментарийі бар.

Ал вакцина тарихын түгендеген сюжет алғашқы вакцинаның қалай пайда болғаны, түрлі вакциналар, қазақ даласына жайылған індеттер жайында баяндайды.

Жер туралы заң төңірегіндегі талқылауға да кезек жетті. Өткен аптада Мәжіліс Жер қатынастары туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сюжетте Мәжілістің осы отырысынан репортаж, депутаттар мен спикер сөздерінен үзінді бар. Бұдан әрі Жер реформасы жөніндегі комиссияның сенбілік отырысына ойысып, жиында айтылған мәселелерге тоқталады. Алайда комиссия отырысындағы даулы мәселелер қамтылмады, тараптар уәжі берілмеді. Қазір Жер комиссиясының мүшелері Қазақстан азаматтарының жерге жеке меншік құқы жөнінде өзара айтысып, бір тоқтамға келе алмай жатыр. Сюжетте бұл тақырып мүлдем айтылмады.

«7 күн» редакциясы өткен шығарылымдарда төтенше жағдай қызметінің көктемгі су тасқынына дайындығын көрсеткен. Бұл жолы өңірлердегі көктемгі еріген қар суының деңгейіне шолу жасады.

12 сәуір — ғылым саласы қызметкерлерінің күні. «7 күн» тілшілері соңғы 30 жылдағы Қазақстан ғылымының аяқ алысын бағамдады. «Ғылымның жаңа көкжиегі» деп аталатын сюжет Жамбыл облысындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми зерттеу институтының базасында дайындалып жатқан QazCovidIn вакцинасы туралы ақпараттан басталды. «Биотехнология, нанотехнология, IT салаларында Қазақстандық ғалымдардың бәсі ешкімнен кем түспейді. Тек, күні кешеге дейін қаржының жоқтығы қол байлау болды..» деген тілші сөзін NU оқытушысы Сұраған Дурвутханның пікірі де растайды. Соңғы жылдары ғылымға бөлінген қаржы көлемін де айтып, ғылымды қаржыландыруға байланысты проблемаларды қозғады.

Тілші Ақбөпе Тәңірберген еліміздегі ЖОО-ның жаңа үлгіде диплом беру тәртібін түсіндіретін сюжет дайындапты. Тілші: «Қазақстандағы беделді оқу орындарының бірі» дей келе, Нұр-Сұлтандағы оқу орындарының бірін атап, «өз дипломдарының ерекшеленгенін жөн көреді» деп жалғастырды. Аталған университет өкілі дипломның жаңа нұсқасы жөнінде айтады. Сюжет соңында тілші: «түлектер дұрыс оқу орнын таңдағаны жөн екенін» тағы бір қадап айтты. Биылғы оқу жылы аяқталуға жақындап, болашақ мектеп түлектері мамандығы мен жоғары оқу орнын таңдауға кіріскенін ескерсек, сюжет астарында жасырын жарнама жоқ па екен?

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

Бағдарлама журналистің кәсіби қызметін атқаруына түрлі қызмет органдары, әсіресе полицейлер тарапынан қысым көрсетілетіні туралы мәселеден басталды. Бұл тақырыпқа Шымкенттегі полицейлер мен журналистер арасындағы оқиға себеп.
2021 жылғы 4 сәуірде Шымкент қаласының Абай ауданына қарасты Алтынтөбе ауылының тұрғындары стихиялық митинг өткізіп, ондаған адам қамауға алынған. Оқиғадан хабар таратпақ болған ақпарат құралдарының жұмысына полицейлер кедергі келтірген. Ал наурыз басында қаладағы базарлардың бірінде үлкен өрт болды. Оқиға орнына жеткен тілшілер де полицейлерден зардап шеккен екен. Міне, содан кейін журналистер мән-жайды баяндап, Шымкент қаласы Полиция департаментінің алдына жиналды.
Сюжетте департамент өкілінің уәжі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми ресми өкілі Максим Рожиннің, «БАҚ және телерадио хабарлары тарату саласы қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық қорының төрағасының пікірі бар. Оқиға полиция тарапының журналистерден кешірім сұрауымен аяқталыпты.
«Әділ сөз» ұйымының сарапшысы Ғалия Әженова жалпы елімізде журналистерге болатын қысымды кешірім сұраумен бітістіру қате екенін айтып, 2019 жылдан бергі статистиканы келтіреді. Сюжет соңында Қазақстанның әлемдегі сөз бостандығы рейтингтегі орнын көрсетті. Мәселені жан-жақты талдаған сюжет.

Карантиндегі тойлар, депутаттың мониторинг тобы жұмысын сынауы, теңгенің құнсыздануы сияқты оқиғаларды қысқаша шолып өткен шолу-сюжет «Ұр тоқпақ айдары үлгісінде жасалыпты. Алайда дәстүрлі айдар бұл жолы эфирге шықпады.

Елдегі сапасыз интернет байланысы мәселесін талдаған сюжет алғысөзінде жүргізуші Берік Дүйсенбай үкіметтің бұл саладағы жұмысын «сөзі мен ісі сәйкес емес» деп бағалады. Үкімет басшысы Асқар Маминнің 2021 жылғы 5 ақпандағы: «ел халқын интернетпен қамту «99 пайызды құрайды» деген мәлімдемесін көрсетті. Сюжетте интернетке қол жеткізе алмай отырған тұрғын, ауыл әкімі және байланыс операторы өкілінің комментарийі бар. Қоғам белсендісі рөлінде сөйлеген Алмас Тоқаебаев хабардың тұрақты сарапшысына айналғандай. Әйткенмен, бұл тақырыпта қоғам белсендісінен гөрі саладан хабары бар сарапшы пікір айтып, кәсіби баға бергенде ұтымды болар еді.

«Basty bagdarlama» жүргізушілерінің айтуынша, Аяла деген қыз редакцияға «өтінішпен хабарласыпты». Алғысөзде жүргізуші Әсем Изатқызы «азаматшаға» деп сөйлеп, хикаясын баяндаса, екінші жүргізуші Берік Дүйсенбай кәсіби мамандар Аяланың жағдайына байланысты кеңес бергенін айтып, «ақиқат біреу, келіншекке емделу керек, көмек қажет» деген түйіндеп, сюжетке кезек берді.
«Жынмен жыныстық қатынас» деп аталатын сюжет басталғанда тілші Әсем Изатқызы «оларды (жын) бар дейді, ешбір дін жоққа шығармайды…» деді. Тілші сөзін имам да растайды. Кадр сыртындағы мәтінде тілші «Имамның сөзінің жаны бар…» деп, кейіпкер оқиғасы арқылы негіздемек болды. Тілшінің сөзінше егер «жын иектесе», онда «уақыт создырмай имамға барып дем салдырған» жөн екен. Психолог және психиатр да пікір білдіреді. Олар мұндай галлюцинацияның шығу себебін баяндап, уақыт оздырмай емделуді ұсынады. Сюжет кейіпкері Аяла камера алдында бет-жүзін жасырмай, ашық сұхбат беріпті.
Медицинада «галлюцинация» дегеніміз сырқат болуы да мүмкін. Редакцияның «жын иектегендер» туралы жария сюжетінде діни бояу басым. Сюжет мақсаты түсініксіз: көрермен қорқыту ма әлде көрермен тарту ма?

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы COVID-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталып, вакцинация деректеріне ұласып, президент Қ.Тоқаев Қарағандыда өндірілген «Спутник V» вакцинасын салдыртқаны туралы ақпаратқа жалғасты. Қазақстандық вакцинаның үшінші сынақ нәтижесі әлі аяқталмаса да қолданысқа енетінін хабарлап, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми зерттеу институтының мамандарын сөйлетті. Қазақстандық вакцинаны салуға әлі ерте емес пе, адам өміріне қауіпсіз ба, жоқ па, бұл туралы сырт ғалымдар пікірі жетіспеді. Жүргізуші Жайна Сламбек коронавирус вакцинасын салдыртқанын, қандай әсері болғанын айтып, тарихтағы полиомиелет ауруының қаупі мен соған қарсы вакцинаны мысалға келтіріп, вакцинаның пайдасын әңгімеледі.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелері, яғни балабақша қызметкерлерінің айлығы өте аз. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева осы мәселені қозғап, үкіметке сауал жолдапты. Осы депутаттық сауал үлкен сюжетке негіз болды. Сюжет кейіпкері балабақша қызметкері екен. Айлығы — 75 мың теңге. Кредиті мен оқу ақысын төлесе, жүріп тұрғанына, өмір сүруіне 5 мың теңге қалады. Кейіпкер сөзінен кейін Zertteu Researsh Institute орталығының жетекшісі Шолпан Әйтенованың зерттеуіне сүйеніп, статистикалық мәліметтер келтірді. Ең аз жалақы төленетін жұмыс түрлерін әйелдер істейтінін статистикамен көрсетті. Өзекті мәселені жан-жақты талдаған сапалы сюжетте экономистер, әлеуметтанушылар, балабақша қызметкерлері, ғалымдар комментарийі бар, бірақ шенеуніктер сөзі жоқ.

Оңтүстік Кореядағы жұмыс істейтін қазақстандықтардың проблемасын баяндаған сюжет кейіпкерлерінің оқиғасы ешкімді бей-жай қалдырмаса керек. Бұл сюжетті дайындауға Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың үкіметке жолдаған сауалы себеп. Депутаттар, ҚР СІМ, кәсіподақ өкілдері мен әлеуметтанушылар комментарийі бар. Толымды сюжет.

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» айдары 1997 жылға арналады. Сол жылы «Қазақстан-2030» стратегиясы қабылданып, Алматыдағы мемлекеттік қызметкерлер жаңа астана — Ақмолаға көшіп, Қарашығанақ мұнай кен орны халықаралық консорциум басқаруына беріліп және тағы басқа көптеген оқиға болыпты.

Президен Қ.Тоқаев Қазақстандағы сапасыз жолдар туралы айтқан еді. Сюжетте Алматы облысы мен Ақтөбедегі сапасыз жөнделген, сапасыз төселген асфальт жолдарды көрсетіп, «бұған не себеп, кім кінәлі» деген сауалға жауап іздейді. Мемлекеттік тапсырыс беруші тарап, яғни әкімдік қызметкерлері мердігерді кінәлайды. Алайда атқарылған жұмысты тапсырыс беруші қабылдап алады емес пе? Тілші мұны айта келе сыбайлас жемқорлық тақырыбын да көтереді.

ҚазТРК құрамындағы «Атырау» телеарнасының телеэкспедициясы Мысыр астанасы Каирге барып, мәмлүктер мен Бейбарыс сұлтан туралы репортаж дайындапты. Тәп-тәуір танымдық материал.

Бағдарлама Түркістан қаласында «Керуен сарай» кешені ашылғанын хабарлаған жаңалықпен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР